Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мөңкеұлының мәңгілік мұрасы...

16.09.2014 5800

Мөңкеұлының мәңгілік мұрасы

Мөңкеұлының мәңгілік мұрасы - adebiportal.kz
102510f2b4c3c779edddda14c41dde61.jpg
Қазақ әдебиетінде шығармалары қайшылыққа толы «зар заман ақындары» саналған үш айтулы тұлға бар: Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы. 
Бұл тұлғалардың өмір сүрген кезең орыс патшасының отаршылдық саясатының ең асқынған, дәуірлеген тұсы; қазақ жерінің бөлшектеніп, талауға түскен шағы. Сондықтан да аталған үш ақын халықтың басына төнген қайғы-қасіретті торығу сарынымен жырлаған. Олардың кеңестік заманда аттары аталынғаны болмаса, шығармаларының орта мектепте оқытылмай келгені де сондықтан. 
Осы кезеңнің белді өкілдерінің бірі Мұрат Мөңкеұлының шығармалары (өлең­­дер, жырлар, толғаулар мен термелер, айтыстар, зерттеулер) «Ана тілі» баспасы­нан жаңадан қомақты кітап болып жарық көрді. Құрастырған және алғы сөзін жазған – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров. 
«Бұл жинаққа қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, арқалы ақын, жыр дүлдүлі Мұрат Мөңкеұлының осы уақытқа дейін жарияланған және кейіннен қолға тиген шығармалары топтастырылды. Ақынның өмірбаяны, әдеби мұрасы, өлең-толғауларының шығу, жиналу және жариялану тарихы жөнінде ғылыми түсініктемелер ұсынылды» делінген кітаптың алғысөзінде. 
Халқына қиналғанда қорған, сүрінгенде сүйеу болған күрескер ақын Мұрат Мөң­кеұлы 1843 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. 1906 жылы қазіргі Индер ауданының Өрлік ауылында 63 жасында қайтыс болған. Бейіті сол Индер ауданында. Ақын шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәрі­мовтердің баспаханасында төте жазумен басылған. («Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталатын, небәрі 24 беттен тұратын бұл кітаптың факсимеле-көшірмесімен жаңа жинақта таныса аласыз). Бұдан соң 1924 жылы профессор Халел Досмұхамедұлы ақынның шығармаларын топтап, «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен Ташкентте кітап етіп бастырып шығарады (бұл кітапқа жазған Халелдің алғы сөзін де жаңа жинақтан көре аласыз). 
Мұрат тек қана ақиық ақын емес, халқымыздың ардақты ұлы Махамбет Өтеміс­ұлының өлеңдерін жұртына шашау шығармай жеткізуші, мұратанушы, шешен тілді шежіреші де болған. Өкінішке қарай, бізге жеткен ақын мұрасы оның таңды таңға ұластырып айтқан ағыл-тегіл жырларының бір бөлігі ғана. «Қырымның қырық батырын» қырық күн талмай жыр­лайтын атақты Мұрын жырау – осы Мұрат Мөңкеұлының алдын көрген, тікелей жыр үйренген төл шәкірті. 
Академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасынан 1993 жылы – кандидаттық, 2001 жылы докторлық диссертация қорғаған, сонымен қатар әр жылдарда жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектерінде ақынның өлең-жырларын нақты нысана­сына айналдырған Бауыржан Омаровтың Мұрат ақын мұрасын барынша толымды етіп құрастырғаны аңғарылады. Атырау мен Маңғыстау аймағын талай рет шарлаған сапарында біршама тың деректерге кезіккен ол әдебиеттанушы-ғалым Аман­тай Шәріп екеуі АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінің кітапханасынан қазақ поэзиясының озық үлгілері талданған, соның ішінде Мұрат мұрасына да орын берілген кітапты тауып, көшірмесін алып келген. Қолжазбалар қоры мен мұрағаттарды қайта сүзіп, бірқатар қосымша мәліметтерді айналымға қосқан. Со­ның нәтижесінде, бізге жеткен Мұрат мұрасы оқырман қолына тұщымды еңбек болып қайыра тиіп отыр. Аталмыш жи­нақта, сондай-ақ Мұрат ақынның бірнеше өлеңінің орысша аудармасы да берілген. Қысқасы, жаңа жинақтан қазақ әдебиетінде айрықша орны бар, ғұмыры күрес пен қайшылыққа толы тұлғаның күрделі тағдыры мен мәңгілік мұрасы турасында толық қаныға аласыз.

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар