Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Алашқа аты мәлім – Қызай ана» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары

05.04.2016 670

«Алашқа аты мәлім – Қызай ана» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары


1366266018.jpg





Жуырда  Алматы қаласында «Қызай ана» қорының ұйымдастыруымен Тоққазы әулеті демеушілік жасап «Алашқа аты мәлім – Қызай ана» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның шарты бойынша 1 өлең Қызай ана рухына, 2 өлең еркін тақырыпта болуы керек болатын. Арнайы қазылар алқасының шешімімен жүлдегер атанған жас ақындар қаржылай сыйлықпен марапатталды.










І орын


Ықылас Шалғынбай


Еркіндік


(Қызай ана рухына)


Көк түріктің көкжалы көктен келген ел едім.

Көк найзаның ұшымен көк тіреген көп ерім.

Сол ерлерді өсірген, қайран, Қызай анам-ау,

Бұ дүниенің түсінген салдары мен себебін...


Қоңыраулатқан жаныңның қобыз зарын шулатып,

Қоңыр-қоңыр белдерге қоңсы қонбай, түн қатып,

Қараңғылық ішінде жарық шашып нұр кейпің,

Ұрпағыңа іздедің қорған болар бір бақыт.


Қара көздің төрінен суат болып төккенің,

Алакөлдің өрінен орда тігіп кеш-керім,

Мейіріңмен бүрлетіп төрт ұлыңның арманын

Мынау қысқа ғұмырда ұзақ сапар шеккенің...


Аруақты анам-ау, айтқан дұғаң ем болған,

Сол төрт ұлдан бұл күнде тарау-тарау ел қалған.

Жұртым қонған Іленің бойы қазір көк тұман,

Көк тұманның ішінде тарылды ғой кең жалған.


Өткен күннің дерегін қайсы қырдан сұрайын?

Қарт Ілені ойласам өтпей қояр күн, айым.

Ана десем, есіме сен түсесің алдымен,

Менің ғазиз анама пана болшы, Құдайым.



Құсқа айналған


Ел жоқ менде.

Жұрты қалған өзі жоқ сол көктемде,

Сәуір жатыр арқасын күнге қақтап,

Көздің жасын көктетіп шерлеп көмген.


Ел қайда, қайда деймін, қайда кеткен?

Сақылдап күледі жел сайдан ескен.

Ақ қайың жасыл шашқа маржан тағып,

Қасыма кеп отырар жайлап еппен.


Кеудемді шер қамалап,

Сүйемін ақ қайыңды елге балап.

Көзінің жасын сүртіп жапырақпен,

Кетеді меңді қайың көл жағалап.


Көк аспанға телміріп өткен көлге,

Қоңыр қаздар қонады көктен келген.

Қара көлді бауыздап қанатымен,

Азалы ән айтады көктемге өлген.


Ақық тәнді ақ қайың жел жыр еткен,

Тіл қатады мендегі кем жүрекке:

«Мына ел – құсқа айналған сенің елің,

кетті ұшып. Не қалды енді? Өлді көктем».



ІІ орын


Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ


ҚЫЗАЙ АНА РУХЫНА


(Элегия)


Өлмеген асыл ұрпақ анам бар-ды,

Дұғамыз әруағына тие берсін!


«Қызай ана» жырынан



Түйемойнақ*...

Күлгін алап...

Мимырт маң...

Мимырт маңнан бебеулеген күйді ұққам.

Зар аңсаған диуанадай селкілдеп,

Жынды жел жүр...

Шемен жұтып ширыққан...


Қиял – кемтар...

Ойым – ойран...

Сөзім – сал...

Керегетас* – сәждедегі қожыр шал.

Тасасынан толқын-толқын таулардың,

Дөдегелі ақ ордаға көзің сал!


Таулар... Таулар...

Түрер таңның түндігін,

Шөккен түйе секілді ме, құрғырың...

Қызыр қонып, құт дарытқан Құдайы,

Қызай деген ауыл осы, құлдығым!


Көрге кірсе –

Кебін қылып кимегі – Ар,

Бұл ауылда батыр да бар, би де бар.

Көкжиекке көлеңкелер қонақтап,

Келген жанды керемет бір күйге алар.


Дырау да бар – боз даланы барлатқан,

Жырау да бар – күн ұзартып, зар қаққан.

Батыр да бар – езге көздеп башағын*,

Адырнадан сарнаманы* сарнатқан.


...Орғыл құмдар...

Бақсы құмдар...

Сал құмдар...

Өткеніңнен өсиет боп қол бұлғар.

Мәртебеге ие болған бұл маңда,

Әр төбеде тарам-тарам тағдыр бар.


Тағдыры бар боз жусанды бөктердің,

(Тамырыңды талақ ету неткен мұң?!)

«Мынау елдің түп анасы – Қызай» деп,

Құлағыма сыңсиды кеп өткен күн...


Иә, өткен күн!

Сарнап өткен ұлар күн,

Тәңір берген тартуларды құп алдым.

Тектілікті тұмар еткен, бейне бір,

Қызай ана – жалғастығы Тұмардың.


Шын далиып дала жатыр кемсеңдеп,

Соны көріп түскендей ме еңсем көп.

Қайманаға мәлім болған сендегі,

Қайран Ана, даналықта өлшем жоқ.


Милау көріп мысы басқан мыстанды,

Дандан балдақ сан болатта сұс қалды.

Атқа қондың жан ұйықты қорғауға,

Бұйым көрмей дүмбілездеу дұшпанды.


Қасіреттің егізіндей жан мұңың,

Өсиеттің теңізіндей тағдырың.

Таң асырдым

Түн түгесіп тілекті,

Сол асылдың аман ет деп қалдығын.


Шегір көзді уақыт бәрін сүзген бе?!

(Қан менен тер сіңген екен іздерге)

Сан салалы шежіресі Қызайдың,

Тек тарих боп жеткен дейді біздерге...


Жылымына жұтылғанмен жылдар қай,

Сартап тарих!

Сенде бүккен сыр бардай.

Түйемойнақ асуынан қарт Ана,

Ұрпағына ұлылық бір сезіммен,

Қас қақпастан қарсы қарап тұрғандай...


----------------------------------

Түйемойнақ, Керегетас – жер аттары

Башақ – жебенің ұшы

Сарнама – жебенің бір түрі



ІІІ орын


Абзал СҮЛЕЙМЕНОВ


Мәңгілік өмір – пейіште


(Қызай анаға)


Ана көңiлдiң жаны – жыр, құса,

Сағынды ұл да даласын!

Сахаралар да ашады құшақ,

Айқындап Қызай бағасын!


Төрт ұлдан сөз шықпас мұңдымын деген,

Бақыттың тауыпты жыр емiн.

Себебi, жатырда кiндiгiменен,

Сүйе алған сәруәр жүрегiн.


О, Қызай, басында мұң-қайғы кем бе едi?!

Еліңмен байланса бар түсiң.

Топырақ езіліп, аспан дүр жыласа,

Ол сенiң жаныңның жартысы.


Кездік те бұрышын байтақ даланың,

Төрт ұлың бастаған жолды біз.

Әкем жоқ деп қалай айта алады?

Әке де өзiңiз болдыңыз.


Жеріңмен сыңармын! Еліңмен егiзбiн!

Көктiң көк мөрiмен басылған.

Аспанда сiз құшып жүретiн теңiздiң,

Бақыты басқадан басымдау.


Бүгілмей келеді тiзем тектiге,

Отырғам арқаңда, қиыр шың!

Жаттап алайын жүз он төрт сүре,

Жұмақта алтын тәж киiлсiн.


Дұғаңды қабыл ғып, пәк түндер атады,

Киеңмен аспан көк келiскен.

Адамды мәңгiлiк емес деп жатады,

Мәңгілік өмір – пейіште!


О, Қызай, далада ақым көп, Судың,

Жерден де таба алмай келемін.

Мен де бір анадан ақын боп тудым,

Ең қымбат сыйлығым - өлеңiм!



Күзгі өлең


О,менiң сағынышым күздегi!

О,менiң қилы-қилы пешенем!

Нешiншi жыл өтiп жатқан сiздегi?!

Нешiншi күз сурет салды көшеде?!

Қай уақытта суып кеткен қыркүйек?

Қашан көше суық түске боялған?

Жанымды кеп қулатпады жыр сүйеп,

Тәнiмдi тек тiтiркенттi ой-арман.

Күз - сағыныш! Қаяу берді көңілге,

О,егіз Күз,қалауын тап сыңардың!

Мұң мен ойдың ортасы тең өңiрде,

Бәлкiм осы күзде өлетiн шығармын.

Қыркүйекке нали берем несiне?

Жаттатамын әлi күзге атымды.

Кiм бiледi,сақтап қалар есiне,

Көше кезiп жүрген мына ақынды.





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар