Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өмірзақ Қожамұратовпен сұхбат

31.03.2016 465

Өмірзақ Қожамұратовпен сұхбат


Сұхбат алдындағы сыр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Төлеген Айбергенов, Бекен Әбдіразақов, Шәміл Мұхамеджанов, Марат Отаралиевпен қазақ поэзиясына қатар келген Өмірзақ Қожамұратовтың да орны бөлек. Оған Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев сияқты алыптар санатындағы ағалары батасын беріп, ақ жол тілеген еді. Ақын Өзбекстанның Науаи облысы Тамды ауданында дүниеге келіп, сол жерде 47 жасында жарық дүниемен қоштасты. Биыл Өмірзақ ақынның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынмен «сырттай сұхбаттасып», сауалдарымызға жырларынан жауап іздедік. Оқып көріңіз, ақынның отты жырына, басқаға ұқсамас болмысына тағы бір мәрте үңіліңіз.


– Қазақ үшін кіндік кескен жердің жөні бөлек, орны дара. Өмірзақ шайыр туған жері туралы қалай толғанады?


Маған Мекке-Мәдине,

Венеция,

Париж не?

Туған жердің шөліндей ыстық емес, әрине?

Жан анамдай қадірлі менің туған байтағым,

Жердің жәннат-жұмағы Қызылқұм деп айтамын.


– Қызылқұмның баурайында дүниеге келген перзент атажұртқа деген сағыныш туралы не айтар екен?


– Жұмақтың сілтейтіндей төте тұсын,

Жүргінші соқпай тұрмас бекетісің.

Бар жұрттың басын қосқан Қарашаңырақтың,

Қарағым, қасиетін жете түсін!


– Ақындардың ақыны – Абай туралы шайыр­дан сұрамасақ айып болар. Сіздің ұғымы­ңыздағы Абай туралы білсек деп едік…


– Асыл мұрат жақсы ғой, таласыңдар,

Талап қылсаң тау шыңын аласыңдар.

Абай деген – дала ғой таусылмайтын,

Ал оған кім болсаңдар да баласыңдар.


– Қатар жүрген Төлеген Айбергенов хақында да сұраудың реті келіп тұрғаны…


– Теңселіп кетті-ау Жер мен Көк!

Жанардан мынау қараған кезде жас парлап,

Әңгіме болса – армандап жүрер аспан жақ,

Батылдық жетсе – бастар ол түпсіз тереңге,

Ай менен Күнге асылып қалған Баспалдақ!

Сылаңдап алдан ақ жұпар әлем, қыз-бақыт,

Ақиық еді-ау қарайтын күн мен құзға тік.

Сарғайып көрген сағынышы – сая бақтар да

Өртеніп бара жатқан соң,

Аунатып жырын ақ қарға.

Әз жанын жазған жұлып ап

Лақтырған – Болашақтарға!


– Айбергеновті аспан әлеміне шарықтата жырладыңыз. Ал өзіңіздің өлең өлкесіндегі ұстанымыңыз қандай?


Жарық боп жарытпайсың сәулелі елге,

Басыңа бақ қондырмас дәурен өңге.

Бүгін сен айта алмасаң айтарыңды,

Дәметіп болашақтан әуреленбе?!


– Өте батыл ұстаным екен. Әйтсе де, өлең-жырды өмірінің тұмарына айналдырған жандардың тағдыры соқтықпалы-соқпақты келетіні бар емес пе?


– … Жетеді соры ақынның,

Айдайды отты тасқынға.

Өлең дегенің қарағым,

Жетіқат жердің астында,

Айдаһар азуларында,

Мен соған кетіп барамын.


Сұхбатаралық сарын. «Өмірзақ мықты ақын. Солай бола тұрса да осы пақыр әзірге пойызға билетсіз мінген жолаушы тәрізді…


Ақын да адам. Оның шығармашылық тағдырына да бірауық көңіл аударған жөн дейміз. «Ақындарды аялау керек!» деген Маркс сөзі бар. Өмірзақ та аялауды қажет етеді…. Ол Бұқардан қалған сынық қой…» деп Өмірзақ жайында 1972 жылы Мұқағали Мақатаев Қазақстан Жазу­шылар одағының жылдық әдеби жиынында айтқан екен. Мұқағалидың ойын қазақтың қабырғалы қаламгері Дулат Исабековтің пікірі де қуаттай түседі. Ол Өмірзаққа жазған хатында: «Өлеңдеріңді оқыдым. Жақсы екен. Бекенге, Мұқағалиға, Ғаббасқа оқып бердім. Мұқағали сен жөнінде жақсы пікірде. Өлеңдерің оған қатты ұнады», деп жазады. Қиырдағы Қызылқұм баурайындағы Өмірзақ ақынның поэзиядағы өзіндік қолтаңбасы «ақындардың бесік қаласы» Алматы төрінде осылайша бағаланған-ды.


– Ақыннан махаббат туралы жыр сұрамау күнә-дағы?..


– Махаббат деген – періште,

Аққудың әсем, пәктігі.

Жұбайын ерткен жүректің

Жұбаныш тапқан шаттығы.

Махаббат – майса белдердің

Майысып өскен нарт гүлі,

Сертінде туған ерлердің

Селт етпейтұғын мәрттігі.


– Ай-хай, ақын әлемі романтикадан жаралған емес пе. Шайыр атаулы жастықтың жанартауы іспетті ғой!


– Он сегіздер алқынып өз деміне,

Өлең ойнап барады көздерінде.

Жаутаңдаймын жауқазын жастығыма,

Қимас ғұмыр бәрібір өзгеруде.


– Қайран жастық, көкірекке шуақ болып құйылып, ақын біткенге ерекше шабыт беретін…


– Көктем күні көкірекке құйсын нұр,

Жас махаббат бүршіктерін түйсін бір.

Ару қыздар, ақша бұлттай үлпілдеп,

Көз біткенді көбелектей сүйсіндір.


– Ақын сүйген арудың қандай екенін де білгіміз келіп тұрғаны?


– Оятатын бал сезімді

Гүлге біткен нәзіктік.

Әзіліңді, әр сөзіңді

Жүрмін бойға азық қып.

Сенің аппақ жүрегіңде

Арман-аққу айтады ән.

Сендей сұлу бұл өмірде

Туар ма екен қайтадан?!


– Оқырмандардың көкірегіне сұлулықтың сырын ұғындыратын жыр жолдары ғой. Тағы да тыңдағымыз келіп тұрғаны…


– Ықылас, ынта, тілегің,

Көзіңде, ботам, маздап тұр.

Ашылар болса гүл – ерін,

Бал тамып кете жаздап тұр.

Қиылып үнсіз қарадым,

Қиылған қыпша беліңе.

Оңыма көшіп талабым,

Жарылқа, Құдай, мені де.


– Ақын өлеңінің өміршеңдігі ата-баба дәстүрін қаншалықты қадірлейтінімен де өлшенеді емес пе?


Емес маған ат қайғы, киім қайғы,

Ас қайырмай дастарқан жиылмайды.

Атажұрттың алмасақ ақ батасын,

Еш бақыт ешқашан да бұйырмайды!


– Атажұрттың батасынан ақын да қуат алады білем…


– Білмейсің ғой ақынның іс-амалын,

Қуаныштан көз жасын іше аламын.

Құдай да емес, құдайдан былай да емес,

Қара ормандай халқымнан күш аламын.


– Ойға көбірек берілетін сияқтысыз. Бір кітабыңыз, тіпті, «Ой кешу» деп те аталады. Оқырманға кәдімгідей ой саласыз…


Ойлан, ойлан! Найзағайдай жарқылда,

Ойдан өзге не қалады артыңда?!

От – ойыңа бара жатсаң өртеніп,

Кет өртеніп! Жоғалам деп тартынба!


– Өмірдегі пендеге тән ахуалдың барлығы ақынға да тиесілі ғой. Мынау жалған дүниеде құлазитын кездеріңіз бола ма?


– Шарқ ұрған қыран едім кең даланы,

Алтын жоқ, ақшам да жоқ, немді алады.

Өлтірмей қоймассыңдар ақыр мені,

Не пайда, бір ұшқан құс кем болады.


– Мына өмірден көрген-түйгеніңізді қорытып, оқырманға айтар қандай кеңесіңіз бар?


– Аллаға падишаң мен сығырың бір,

Тартқызар қияметтің зәбірін бір.

Ей, пендем, аз ба, көп пе ғұмырыңда

Тасынбай әр күніңнің қадірін біл!


– Алла демекші, діни сеніміңіз нешік?


– Аллам менің – жарық Күнім,

Тәңірім!

Алдында бас ием де,

Күтіп тұрам

Соның жалғыз әмірін!


– Енді сұхбат соңында Өмірзақ ақыннан бір тілек қалсын.


– Ей, ағайын,

Кітапшамды қолдан-қолға жеткеріп,

Тұрасыңдар шабыт беріп, от беріп.

Өз қаныңды тулатпаса,

Шулатпаса өлеңім,

Өртеп жібер,

Кетсін мүлде жоқ болып.


Сұхбаттан соңғы түйін. Өлеңнің қадір-қасиетін түсінетін жандар барда Өмірзақ сияқты отты жүрек ақынның ұмытылуы әсте мүмкін емес. Дегенмен, отты жырдың қызуын ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болады. Кезінде сыншы Зейнолла Серікқалиевақын Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығы хақында: «Тума талант туындыларынан бұрыннан хабары барлар, әрине, жоғалтқан асылымен қайта табысады, ал жеткіншек буын өздерімен етене туыстасар тыңнан тұмса тағы бір жыр әлемін ашады», деп жазған еді. Ендеше, жеткіншектердің «тыңнан тұмса тағы бір жыр әлемін ашуы» үшін Өмірзақ ақын туралы әңгімені жиі қозғасақ керек-ті. Сонда ғана келер ұрпақ ақынның қуатты жырынан нәр алып, рухты болып өсері кәміл.


Ақынның жыр жолдары арқылы сұхбатты әзірлеген Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар