Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақытжан Алдияр, ақын: Әдебиетте адасып жүргендердің атын атасам...

30.03.2016 338

Бақытжан Алдияр, ақын: Әдебиетте адасып жүргендердің атын атасам...


photo_58244.jpg

– Бақытжан аға, бір кездері «артыңызға қарауға» қорқатын едіңіз. Бүгінде әдебиетте соңыңыздан ерген жастардың қарасы көбейді. Бір жас ақын «Мархабат Байғұт еленбегенде жастарға не жорық? Жастар қолдауды түстерінде көреді» деп еді. Сіз де жүріп өткен жолдар ғой, аға буын ретінде артыңыздан ергендерге қаншалықты алаңдайсыз?


– Келе жатқан толқынның келешегіне алаңдамайтын аға болмас. Мен де алаңдаулымын. Осыдан оншақты жыл бұрын «артыма қарауға қорыққаным» да содан болса керек. Сол кезде әдебиетте соңымыздан ілескен қара көре алмаған соң қатты қамықтым. Қазір, шүкір дейін, ізімді басып келе жатқан Абайым, Дәуренім, Серігім, Батырханым, Мұқағалиым, Әлімжаным, Бақберім, Нұркенім, Лаурам, Мақпалым, тағы да сол секілді бір топ қарам бар. Онда енді неге алаңдайсыз дейсің ғой? Қазіргі жастар еріншектеу. Кітап оқығаннан гөрі смартфон сығалап, ноутбук ноқталап, компьютер көлегейленгенге құмар. Әлемдік, Алаштық әдебиеттер тұрмақ тіпті қазақ әдебиетін қаузамайтындардың қарасы көп. Оны қойшы, тіпті бірін-бірі оқығысы келмейтіндерді де көріп жүрміз. Дееееп кейде бір көсіліңкіреп ұрсып аламыз-ау... Әйткенмен соншалықты таусылып, түгесіліп, түңіле бермейікші. Бұл да уақытша құбылыс қой. Бірдеңеге қуанайық, әлемнің отыздан астам ұлтында бірде бір ақын жоқ. Ал енді жастарды қолдау мәселесіне келсек, бүгінгі жағдай көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр ғой. Бірақ Мархабат ағамыздың бұрын еңбегі еленбей қалған кездер болса болған шығар. Алайда, өз басымыз мына жұрттың мамырда туылған марғасқа Мархабатына махаббатпен қарап, мақамды әуезіне елтігенінің талай куәсі-дүрміз. Меніңше, нағыз талантқа одан асқан марапаттың қажеті шамалы шығар...


– Кезінде өзіңіз айтысқа да қатыстыңыз. Қазіргі жазба ақындардың арасында да айтыстың аламанынан төбе көрсетіп жүргендер жетерлік. Өйткені жазба ақыннан гөрі айтыстан алары бары айтпасақ та түсінікті. Осының өзі қашан көрсеңіз халіміз мүшкіл деп жататын айтыскерлердің өзінің ахуалы жазба ақындардан артық болып тұрғанының дәлелі сияқты...


– Әрине, артық! Мысалы, республикалық кейбір айтыстарға жүлде алмай-ақ, жай қатысқаны үшін деп жүздеген мың ақша береді. Ал жазба поэзияда өлең жазыпсың деп қаламақы да бермейді. Қайшылық па? Қайшылық! Кейде соны көріп тұрып қынжыласың. Дегенмен, өз басым осы екі өнерді ешқашан бөле-жарған емеспін. Екеуінің атасы бір ғой. Бір уақыттар келеді. Ол кезде милары мимырттамаған, саналары салқынданбаған ұрпақ шынайы әдебиетті іздей бастайды. Мен осыған сенгім келеді...


– Осыдан бірер жыл бұрын Мырзан Кенжебай Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Мақпал Жұмабай сынды бірқатар ақындарды сынады. Осының арты дауға ұласты. Бір кездері Әбілда Аймақ ағамыз да бір ақын жайлы шындықты айтам деп соттан бір-ақ шығып еді. Осындай бірнеше дау-дамайдан байқағанымыз, бүгінгі мен бұрынғының ұғыса қоюы қиын сынды. Қалай ойлайсыз, қазіргі жастарды сынамауларыңыздың себебі жастардың сынды дұрыс қабылдай алмайтындығында ғана ма?


– «Сын шын болсын» дегенді айтқан мен емес. Бірақ, сын шынайы, өткір және әділетті болса оны көтерген абзал. Сынды көтере алмайтын жастар да баршылық екені белгілі. Марқұм Әбілда Аймақ ағамыз аңқылдаған бала секілді адам еді ғой. Кіммен соттасқанын да білем. Бәріне жалғыз Алла төреші. Кеткен адамның сыртынан жақсы сөз айтқан қазақпыз. Тірісінде Әбекеңмен соттасқан кісінің сол оқиға туралы ой-пікірі қалай боп жүргенін өзінен сұраған жөн шығар... Сосын Мырзан Кенжебай кезінде мені де сынаған. Сыртынан естігенім болмаса көрген адамым емес. Мен оның өзін де, сөзін де, сынамаққа сырғытқан пиғылын да елеген жан емеспін. Бұдан кейін де елемейтін шығармын. Сол Ақберен, Бауыржан, Мақпалдар бүгінде қалың жұртқа танылып үлгерген ақындар. Жалпы, Құдай әркімнің пиғылын әртүрлі етіп қояды ғой. Ал пиғыл дегеніңіз ауруға шалдықтырады.



«Мен әйелден ақын шықпайды деген пікірімде қаламын!»



– Сол Әбілда Аймақ ағамыз: «Жазғаның кітап болып шығып кеткеннен кейін ол өлең сенікі емес, халықтікі» деп еді. Жуырда Оңтүстіктен жас ақын Батырхан Сәрсенханның кітабы шықты. Бірақ кітап Қалқаман Сариннің қаражатымен, ешкімнің өңдеуінсіз басылды. Жоғарыда өзіңіз біраз иек артқан жас ақындардың атын атадыңыз. Алайда облыстан олардың жинақтарын шығаруға жәрдем жоғы бесенеден белгілі. Ақын-жазушысы көп Алматы мен Астанадан оларға кезек келе қоюы да екіталай. Өзіңіз Жазушылар одағының облыстық филиалына басшылыққа тағайындалғанда билік пен ақын-жазушылардың арасына байланыс орнатуды мақсат еткеніңізді айтып қалып едіңіз...


– Басқа мәселені қайдам, өз басым сол кеш беруден, кездесулерден лажы болса аулақтау жүрем. Кеш беру деген елден жылу жинап, мәшине немесе құрығанда ат міну секілді болады да тұрады. Өз басым осы жасқа дейін екі-ақ рет кеш өткізіппін. Онда мәшине мен ат түгілі ине-жіп те алғам жоқ. Ұяламын. Намыстанамын... Шынында да, кітап мәселесі дегеніңіз де қиындап кетті ғой. Мемтапсырыс дегеніңіз өзіңіз айтқан Алматы мен Астанадан артылмайтыны да рас. Ақша деген бір қуыршақ құдай бар емес пе?! Бәрі соған байланды да қалды. Ал билікпен байланысқа келсек... Жуырда облыс әкімі халыққа есеп берді. Сонда ол кісінің бірқатар әдебиетке байланысты бастамалар көтергенін жұрт естіді. Атап айтсақ, биылдан бастап «Оңтүстік кітапханасы» атты сериямен облыс ақын-жазушыларының 100 томдығын шығару қолға алынады. Оның ішінде Қорқыт атамыз бен Ясауи бабамыздан бастап қазіргі ақын-жазушыларымыз да қамтылатын болады. Бұдан бөлек, алдағы жылдан бастап облыс орталығында «Әдебиет әлемі» атты орталық ашылмақ. Онда «Ақын-жазушылар аллеясы» жасалатын болды. Ақын-жазушыларымыз, келген қонақтарымыз сол жерге аялдайды. Сондай-ақ, филиал жанынан «Қазығұрт.кз» журналы шыға бастады. Ол да облыс әкімі көтерген бастама. Мәселен, Тараздан «Жамбыл», Қарағандыдан «Қасым», Батыс өңірінен «Ақжайық», Алматыдан «Мұқағали» секілді бізден басқа әр облыстың өздерінің әдеби журналдары жарық көреді ғой деген оймен біз де осыны қолға алдық. Жуырда, өздеріңіз білесіздер, облыс қаламгерлерінің әдеби жыл қорытындысын өткіздік. Оны өткізуге, кеш қонақтарын күтуге, Алматыдан келген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай мен тағы бір орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжанды күтіп алып, шығарып салуға тікелей қала әкімі күш салды. Ал енді, сонда бұл билік пен ақын-жазушылар арасындағы байланыс емес пе?


– Қазір ғаламтордың, яғни әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр. Мұны пайдаланып жас тұрмақ, белгілі ақындарымыз өзін жарнамалауға кірісіп кетті. Айтыңызшы, жастардың өз-өзін жарнамалауы қаншалықты дұрыс?


– Қазір түрлі технологиялардың дамыған заманы ғой. Рас, ара-арасында мен де біраз әлеуметтік желіні «аралайтыным» бар. Не үшін дейсіз ғой? Мен мынау замананың көшкін қардай көшінен, алуан-алуан ағымынан, жай ілеспес жаңалықтарынан қалып қойғым келмейді. Ол жаман әдет емес шығар... Дегенмен, дұрыс айттыңыз. Әлеуметтік желілерде нешебір «өлеңшілердің» өлермендігін де көремін. Жастар да, аға буын да бар. Ондай-ондайларды кезінде орыстың мықтысы Евгений Евтушенко «Я встретил «поэта» – из недр интернета» деп бір-ақ ауыз сөзбен сипаттап бере салған. Бір жаманы, сол «өлеңге ұқсас» бірдемелерді қарапайым жұрт «о, өлең деген осындай болады екен ғой» деп қалуы ықтимал. Сол жағы қорқынышты...


– Бір сөзіңізде «Мен де әйелдердің ақындығы жөнінде Есенғали Раушановтың жағындамын» депсіз. Жуырда өңіріміздегі бір мүшәйрада қыздар көбірек марапатталды. Бұл олардан да жақсы ақын шығуы мүмкін екендігінің дәлелі емес пе?


– Есенғали ағамыз «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса» деген болатын. Мен сол әйелден ақын шықпайды деген пікірімде қаламын. Тағы да неге дейсіз ғой?! Ақын әйелдердің тұрмысын, тағдырын, талайын көп көрдім. Жаным ашығаннан айтамын ғой, айналайындарым-ау сол...

«Жастарды сынасаң шырт сынады, мақтасаң шалқақтайды»


– Сізге Қадыр Мырза Әлі ағамыз: «Оңтүстікте мен білетін сұрапыл бір сары бала бар»,- деп өзінің оң бағасын берді. Бұл қатарда Мархабат Байғұт, Ерлан Жүніс сынды аға буын мен қатарластарыңыз да бар. Дәл қазір сіз Оңтүстіктен қай жас ақынға осылай баға бере алар едіңіз?


– Мен бұл сұраққа жоғарыда жауап беріп қойғам. Дегенмен, бір сұранатыным, келе жатқан жас буын сәл мақтағанға шалқақтап, аспандап кетпесе екен. Мен олардың өздерін, қаламдарын «былғап» алуынан қорқам...


– Соңғы кездері «жалданатын» ақындар көбейіп кетті. Амалсыз ақыға таныстыру, арнау, жоқтау шығарып, тапсырыспен ән жазып жүр. Күнкөрістің, яғни қарақан бастың қамы үшін жалдану жас ақындарды дұрыс жолдан тайдырмай ма?


– О, тайдырғанда қалай?! Әрине, тайдырады. Бірақ Абай атамыздың «есектің артын жуу» туралы сөзінен кейін мен оларға не дей алайын?!


– Жас ақын Батырхан Сәрсенхан: «Әбілда Аймақ ағамыз кеткелі жетімсіреп қалғандаймыз. Өлеңдерімізге шынайы баға беріп, оны талдайтын адам жоқ»,- деп еді. Оның тырнақалды туындысын оқыған шығарсыз... Бұл жас қаламгерлердің шынайы пікірге мұқтаждығының көрінісі емес пе?


– Оны Батырхан деген ботам балалау кезінде айтқан шығар?! Шындап келгенде бұрын-соңды өмірі Оңтүстік алмаған «Шабыттың» бас жүлдесін соған әперген жоқпыз ба?! Жастарды сынасаң шырт сынады, мақтасаң шалқақтайды. Сонда қалай ету керектігін жұрт маған айтса екен. Бірақ мен алдыма келген жастарға өз хал-қадерімше ақылымды айтып жүрген адаммын.

«Алматы мен Астанадан, ес білгелі, керемет тату әдеби орта көргем жоқ»


– Әдебиетке «адасып» келіп қалған ақын-жазушылар туралы айтыңызшы... Олардың көбеюі әдебиеттің тұнығын лайламай ма осы?


– Ондай «адасып» жүрген ақын-жазушылар бізге дейін де болған. Бізде де көп. Бізден кейін де болады. Әдебиетте «адасып жүргендердің» аттарын атасам Әбілда құсап соттан бір-ақ шығатын шығармын. Бізде де соңғы кезде көбейіп барады. Жастардың арасында емес-ау, аға буынның арасында. Қолы бос, үйінде зейнетақысын алыеееп жататын әнеееебір аға-апаларымыздан қалдық қой қалғанда да. Әулетіне бір кітап, зейнетіне бір кітап, бейнетіне бір кітап арнап, жарыққа шығарып алады да, сосын ал кеп «Менің пәлен кітабым шықты. Одаққа мүшелікке неге қабылдамайсың?!» деп қиғылық салады ғой баяғы. Одаққа мүшелікке өтсе өкімет өлтірмейді деп ойлай ма екен?! Әрине, аға буында жазып жүргендердің арасында мықтылары да бар. Бірақ, екінші жағы басымдау болып тұр. Оларды шеттерінен көңілшектік жасап, одаққа тоғыта берсек күллі Қазақстаны-мыздың тең жартысынан көбісі мүшелікке өтуге дайын екеніне мен кепілдік берейін...


– Алматы мен Астанада ақындар жиі бас қосып жатады. Ал бізде ондай іс-шаралар жоқтың қасы. Бұл әлі де болса Оңтүстікте әдеби ортаның қалыптаспағаны ма әлде қаламгерлердің ауызбіршілігінің жоқтығы ма?!


– Айыпқа бұйырма, әдеби іс-шаралар жоқтың қасы дегенге еш қосыла алмайды екем. Көргісі, қатысқысы келетін жанға өтіп-ақ жатыр. Ал енді... Сол Сіз айтқан Алматы мен Астанадан ес білгелі керемет тату әдеби орта көргем жоқ. Онда үш-төрт, бес-алты адамнан тұратын «әдеби орташықтар» ғана бар. Ал өзімізге келсек, мұнда ақын-жазушы атаулының бастары қатты бірігіп, ауыз жаласып бара жатқанын байқамадым. Ақын-жазушы дегеніңіздің әрбірі әрқилы мінезді, әртүрлі тағдырлы ғой. Мәселен, мен секілді «тентексүрей, жындышалыс, тарпаңталайға» кез келген қаламгеріңіз жолай бермейтінін жасырмаймын...


– Енді өз шығармашылығыңызға ойыссақ. Не жазып жүрсіз?


– Соңғы кезде шығыстың шырайын жырмен кіргізген мәулана Атайдың толығымен, Мұхаммед Хайдар Дулатидың өлеңмен өрілген «Жаһаннама» атты шығармасын толық, аты мәлім Бабыр шаһтың жеке ғазалдарын түгелдей тұңғыш рет қазақшаға көркемдеп аударып біттім. Бірақ, өзім өлең жазбай жүрмін. Шығыстық жазу стилі адамның ішкі энергиясын суырып алып, өз жазу қолтаңбаңнан біраз тайдырады екен. Бір алыыыыыыс жаққа «лағып» кеткім кеп жүр. Жасырмаймын. Оның үстіне, сырласатын, сұхбаттасатын, сынасатын адам да азайып барады. «Адам іздеп жүрмін» деп әсірелемей-ақ қояйын...


– Сұхбатыңызға рахмет, аға!


Сұхбаттасқан  Мақпал ТӨРЕБЕК


www.korr.kz 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар