Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Құндыз Жұбаева: "Жар жыласа – жалғыздығы Әлемнiң.....

14.07.2015 3528

Құндыз Жұбаева: "Жар жыласа – жалғыздығы Әлемнiң..."

Құндыз Жұбаева: "Жар жыласа – жалғыздығы Әлемнiң..." - adebiportal.kz

 


 

10363116_685089991586176_120424083662670312_n.jpg



***


Бауырын жазбас бұлттардың,

Нөсер боп төгiлгенi үшiн;

Мұңы-зiл, сұлу шықтардың,

Мөлдіреп көрiнгенi үшiн;

Ұятын кеткен талақ қып,

Бiреудiң сатқан арына;

Үзiлген ерте сабақ гүл,

Сабақ гүл тапталғанына;

Әлдиiн келте қайырған,

Қанбасақ бесіктегi үнге;

Шарабы – соры шайырдың,

Көктемi кешiккенiне;

Кеудесi күншіл ғаламның,

Таңы атып, күнi сөнгенiне;

Көңiлi орта Ананың

көз жасы, күрсiнгенiне-

Бәрiне кiнәлiмiз...

 



***



"Мезгілден...

Жаңбырдан, ақ қардан,

Бақтардан, таңдардан, шықтардан,

Ай, Күннен, Жұлдыздан сұқтанған,

Мұңымнан көңiлiме құт болған...

Жалғаннан...

Асқақтау арманнан,

Биiктен, биiктеу таулардан,

Сезімнен, Сiзде де бар болған,

Базары тарқамас баулардан...

Мұхиттан, қаны ыстық құрлықпен,

Батыстан, шығыстан...

Тiрлiктен,

Сағымнан сылаңдап гүл- көктем,

Көрсем...деп келемін.

Мен Сiздi... (көп нүкте....)

 

 


Ұмыту



Мені ұмытып кеттiңiз бе?

Қайттiңiз?!

Шулы әлемнен таптыңыз ба жай тыныш?!

Кiнә қояр жан емеспін...

алайда,

Қашан?

Қалай?

Ұмытылдым... айтыңыз?!

Жөн сұраспай, таныс жаннан, білгеннен,

Бәлкім, мені ұмыттыңыз бір демде.

Дәл осылай ұмытады сiрә, адам,

Сағынышты сын көргенде өр кеуде.

Кеше жазған жырыңыздың қызуы,

Тарқағанша, Сiз-тәкаппар;

Сіз – Ұлы;

Әлде, менен артық сүйген өлеңдi,

Қарлығаш-қыз жырыңызға қызығып,

Тамсанғанда...

Сағыныштың ескiрген,

Соңғы шегі кеткен шығар үзiлiп.

Бір болмаса бағытымыз сыңар құс,

Қанатты құр сабалаумен тынармыз.

Ұмытыңыз!

Ұмытпастай не қалды?

(Ұмыт болған жерде нала, мұң-арсыз.)

Ең алғашқы күнәмдi Сiз демейін ,

Ең ақырғы қайғым да емес шығарсыз...

 

 

***



Неткен төзім, неткен төзім шынар түп,

Бiр үміттi күткен болып күн арты,

Сiздi қимай,

Тағы алданам Өзiме,

"...Ол да Мұңнан қашық емес шығар..." – деп.

Мен сүйiнген Сөздi бiреу ұғар деп,

Жанарыңыз бiреудi өртеп тынар деп,

Мұң үрлеген қырық құрақ көңілге,

Қызғаныштан қырық атан жүк артып,

Сiздi ақтаймын...

Тағы алданып Өзiме ,

"Сағыныштан қашық емес шығар деп..."

Жер де орнында,

Сiз барда Аспан, мынау- Көк...

Тас басында таудай сезім мұнартып,

Тебiренсе...

"...қырық құрақ көңілден,

Қауызына көбелектің қанатын,

Қондырмастан солып кеткен гүл артық"

– дей алмаған,

Осы хұсни жүрекпен,

Сiздi ақтаймын,

"Сүйсе... сүйген шығар" деп...

 

 


***



...жоғалғым келген Сәттердің,

Сатқыны екем –

Кім десең?!

Сен қайдан бірақ, біліп ең?!

Жалғыз да қалдым,

Сенімнен ада...

Күн кешіп,

Қайрансыздығыма күліп Ел.

Е, мейлі...дедім,

Кім қалай танып,

біледі...

Өзімше өмір сүремін.

Айдың жарығы секілді-ау адам жүрегі,

Жылусыз - жарық;

Нұры-Өлі.

Кетуі – Ғайып пендеше,

Келуі- Жаңа.

Тек қара түнге сіңбес ем.

Шүберектердің шеруі ғана –

Бұл Өмір –

бұл Көше!"

 


***



Наурыздың кеші...

Асығып кетіп барады жалғыздар көші,

Жалғыздықтың да жолымен сабылдым неше?!

Жалқы үміт тасқа айналып шағылдым кеше.

Тілегі дертті болса да сары қыздың осы,

"ұмыттым...

бірақ(?)

Қалқашым, сағындым" деші.

Көктемнің басы,

Мейірім саған сыйламас өткеннің жасы.

Сағындым деші...жай ғана,

Сағынбасаң да,

Сәруәр сөз солған көңілді көктеуге жазсын.

Қамыға берем...

Қара басымның мұңы ғой,

бәріне көнем.

Көкке тігілген көздерім шарасыз еді,

Құс екеш құстың әуеде сағынған легі.

Сол бір сезімнің кеудеңе тамшысын құймай,

Бұл көктем бастап барады тағы да нені?!

Көшеде баяу келеді Жалғыздар көші,

Жолыңа жаңбыр жасымды тамыздым,

Кешір...

Сағындым деші...бәріне нүкте қояйын,

Наурыздың бесі...

 


***



"Өзге жан деп сақтапсыз телефонга...

Нөмiрiм..есiмiмдi.

Бiр бармаймыз киноға, қойылымға,

Сiз қағып есiгiмдi...

Құлазытар жалғанның жалғыздықпен...

Жаңбырлы кешi кiмдi?!

Ойланбастан

тартар ем Сiзге сыйға...

осы күй...осы Мұңды.

(Мұңым ғана кеудемде жүрек барын,

Түсiрер есiме ылғи.)

Сiз жай ғана бiлгейсiз –

Сезiмiмнiң...

Болса егер шешiмi үлгi:

сағыныштан  – сүюдi үйренiңiз;

Күтуден – кешiрiмдi..."

 



***



...көктемде жауған ашылмай сары қыздың күнi,

Жаңбырлап өттi... жаз да өттi...

Жалғыздың мұңы.

"Жалғыздың үнi шықпайды", төгедi жасын,

Жапырақ дiр-дiр етеді Тамыздың түнi.

Тамыздың түнi – төзiмнiң үзiлер шегі,

Түсiре берді тағы да бүгiн еңсенi.

Тарқата алмай базарын тұнжырау ойдың,

Күнiмен сені ойлаймын...

Түнiмен сені...

Таңы атып...түбi түседi ауылдың кешi,

Жаңылған есте тағы бар Тамыздың өшi.

Жаныма қанат байлар ем жапырақтардан,

Жүзiңдi көмiп әкеттi сағымның көшi.

Алматы...

жалғыз көтерме Жалғыздың мұңын,

Жалғыздан ести алмайсың жар-құздың үнiн.

Жаныңа жалау болуға жетермiн мен де,

Жүрегiмдегi ұзатып Тамыздың түнiн...

Тамыздың түнiн...

 


***



"Сені сүйiп, сағынышпен доспын" деу,

Сол да сөз бе?

Ескен жел...

Басқаны алда,

Мен болмасам қайтедi?!

Ерте туып, кеш бiлген...

Сағыныштың түр-түсiн.

Тiптi керек десеңіз,

Айыра алам ғашық жанның күлкiсiн...

Мұң түбiнен естiлген.

Сағынышпен Өлең егiз, Мен егiз.

Бiр мұңайып, бiр жұбанып келеміз.

Шатастырып аласыз-ау кейде оны...

Ғашық жанның аялауы, сүйгенi.

Сағыныш па?!

Жоқ!

Жолы-ұзақ, терең iз.

Керуенге қосыла алмай келедi...

Көп сағына алмастар...

..."құшқым келді" десеңіз де, сөз басқа,

Тек "Сағындым" демеңіз!

Шын сағыныш сыйлағанмен түндей мұң,

Бұл мыңыншы қайталау ма?!

білмеймін...

Сағынышпен кешкен сәттiң бәрi асыл.

Ескерiңiз, мені сүйген, жанашыр.

Қоса көрме, біз секілді екі Әлем,

Құштарлық пен Сағыныштың арасы.

 

 

***



Беу, Ерке Жем,

сағынышым ең ыстық,

Өз кеудемді өзім қалай жеңейін?!

Топырағыңнан,толқыныңнан уыстап,

Көкiрегiме себейін.

Сөнер ме екен, бұл сағыныш сонда бір,

Сенде алаңсыз тасып ал.

Көңілімнен көшпей жүрген жорға-мұң,

Шайқалар да басылар.

Салмағыңды сездірмесең қайтеді?

Әй, Сағыныш, қашықтамас Жем менен.

Толқынымен жарысқан ем….

әйтеуір,

Озам шауып өрге мен,

Мен өтемін кермеден.

Сен де Ұлысың менің туған анамдай,

Сен де адалсың, сағынышым-сары мұң.

Сен арқылы сонау құйттай даламды,

Шексіз сүйдім…

Сағындым.

Беу, Ерке Жем жетер ме екем бағаңа?

Сағыныш па?

Басылар…

Сылдырыңа мендік жүрек садаға,

Сағынта түс, тасып ал.

Мен шыдармын….

 

 

***



Жапырағындай жабырқау, жаралы күздiң...

Тоңазып сала бергені-ай арамыз бiздiң.

Күн жаумап еді...

Келмеді және күз әлi...

Көк тұман түстi көркiн ап,

Қаланың iзгi...

Мезгілсіз еді барлығы...

мен де үнсiз едім,

Аяусыз тырнап түстiм бе жараны сiздiң:

 – мүсiрке, мейлі... аярлық танытар құшақ,

Жасымен сұлу көредi жанарын қыздың...

Ал, содан...

Жапырағындай қалтырап құсалы күздiң...

Шықпаған шала жаны қап тұсаулы сөздiң.

Сағыныш дейтін-

бiр құрбым;

Көңiлi- жесір...

Сүюге мәжбүр еткен-дi ұзаған iздi...

Тамыз түспей-ақ... тоңазып қалғанда жаным,

Сағынып кеткен сәтiм бұл құшағыңызды...

Аяулы құшағыңызды...

 

 

***



қай көшелерiн жарық қып жүрсiң қаланың,

Күн-қызым?"-дейтін мейiрiмi ерек адамым,

– Хәлiңiз қалай?

Ал, менің жаным жаралы...

Жоқтығыңызға...

Жә, қойшы...

Бiр ем табармыз...

– Сiз қайда жүрсiз?

Сағынған жанның жетті ғой,

Соқпағына да салар iз...

Әлде, Сiз...

Жанға батар сөзi бар деп және елдiң,

Жақсы келген ақылыңмен жөнелдiң...

Жөн...

Ендеше;

Жайыңызды ұғармыз...

Ал, сiз қайырылмаңыз!

менің жылағанымды өзге бiлер кiм?

Қыз жыласа- қулығы не қылығы;

Жар жыласа- жалғыздығы Әлемнiң.

 

 

***



Мамырдың аспанында...

Көше алмаған түйдек бұлт түс ауғалы.

Күн көзiн тұсаулады.

Сол кеште жаңбыр жауды...

Жауды ұзақ...

Ұзақ жауды.

Сезiмiңiздi сөндiре алмаған сол жауын-

Менің де шаттығымды бұза алмады.

Мамырдың аспанынан...

Тамшы жұтып,

Тия алмай күлкiмдi, беу!

Күлдiм...күлдiм...

(болса да бұл түн жүдеу.)

Бiз қосыла ән салдық;

Қуаныштан!

Қуаныштың күлкiсi сүйкiмдiлеу –

Тырсылынан жаңбырдың.

Тырсылынан жаңбырдың...

Сiздi күтiп...

Түн жылады...

Тағы да мүмкін бiреу.

Мамырдың жаңбырынан...

Сәнi басқа саз еніп күйiмiзге,

Мен-Жаңбырды... Сiз-мені...

сүйемiз деп,

Толқып тұрып қоштастық...

Жаңбырлы түн –

Жанымызға қайтемiз күйiк iздеп.

Мені үмiттiң жолына шығарып сап,

Сiз кеттiңiз...

Кеттiңiз Үйiңiзге...

 


***



"Қызғанам" дейсiң?!

жыласам ба екен,

Күлсем бе?!

Кiм сенген?!

Қызғанбасыңа...

Сағынышыңа тұншығып қалып жүрсiң бе?!

Опа жоқ бiзге арбасудан.

Ортаймас дейсiң бе?

Шарадағы мұң...

(Қалар-ау бұл күн...)

Жалғыз-ақ... Сен күрсiнбе!

Менде күлсем бе?!

Бақыты орамалдының,

Оралмасыңды бiлсем де...

" ...алмастырып қойдың  – деушi ең ғой ,

қара Жер, алып Көктi."

Үнсiздiк жеңдi...

бiздi енді.

Сен бiр сәт

налып кеттің.

Артық та болар сөз басы...

Ол басы – тағы дерттің.

Кешiккен жылдарымның көз жасы,

Кеудеңе тамып кетті.

 

 

***



Мен жалғай алмай әлекпiн Күндер мен Түн арасын.

Сен Көктен қалап әлексiң Сағыныш мұнарасын.

Мұнара басын мұң шалды...

Қалайын кiммен кiнәласып?!

Моншақтай мөлтек бағымды,

Қол жайып өзге сұрағасын.

Салтанат құрған сезiмнiң-

құшқанда барып күлi көк.

Өмiрдiң өлең емесiн ұққандай болдым;

Құдiрет?!

Өмiрдiң өлең емесiн ұққандай болдым;

Бiр рет...

Қызғаныш қалды кеудемде;

Тамыры бар да, Гүлi жоқ.

Мен содан санамадым...

Күндер мен Түн арасын.

Тек қана мекен еттім Сағыныш мұнарасын.

Мұнара басын мұң шалды...

Базары тарқаған бақ-бақ гүл,

басында жылағасын.

Сол гүлдiң көз жасыменен,

Сен өзге бақты суарасың...


***


Мұңың да тәттi... дегенмен,

Сен ұсынған.

Тек оны ешкім сұрамасын...

 

 

 

***


Көңiлiмдегi көктемдi күткем...

күткем...

Келмеді.

Қуанып қызыл көйлегiн кидi қыз бiткен-

Жердегі.

Гүл өспей жатып семгенi ,

Сағына алмаса-ешкімiң.

Кеш, күнiм.

Көктем келді деп қуанды құрбым-

Көрмедiм,

Естiдiм.

Кiнәлi мен бе?

Көктем бе?

Көктем ғой... (ел сенер...)

Шын жазықтының кiнәсi  – Өзгеде екен ғой,

Өкпелегiсi келсе егер.

Көп гүлдер өспес орнына өртең- қатенiң.

Қате ұғым,

көктеммен сезім келмейді!

Өткен еридi!

Кешірiм –  жалғыз аты Оның.

 

 

***

 

Мен-өтiрiк жылаймын;

Мен-өтiрiк күлемiн.

Жылағаным кiмге ерекше ұнайды?!

Кiмге күлкiм?!

...Бiлемiн!

Сен де жалған мұңаясын?

О,тоба...

Шаттығыңды сезiнбесем...

бiлмес ем...

Пенде есiмi –

осы шығар сiрә да,

Көңiлдерге қарайласып күн кешер.

Барлығының

қуанады-Қайғысы,

Қуанышы- көз ашпайтын күйреуден.

Пенде есiмi осы шығар, сiра да,

Жерде емес ол  – Сүйгеннен.

Тiрлiгi тек үйренген...

Мен – өтiрiк жылаймын;

Мен – өтiрiк күлемiн...

Жылағаным- көңiлi үшiн Құдайдың,

Қуанышым – бiреудiң...

 


adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар