Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Оңайгүл Тұржан. Доспамбет жыраудың соңғы сөзі...

09.10.2015 11904

Оңайгүл Тұржан. Доспамбет жыраудың соңғы сөзі

Оңайгүл Тұржан. Доспамбет жыраудың соңғы сөзі - adebiportal.kz

 

«Озушылар, озмаңыз!»


 


 

 

12034320_721937897939867_2315509600368584565_o.jpg

Небір сөздер болады!


 

Өз өртіне өзі өртеніп кете жаздап тұратын да сөздер болады.


 

Доспамбет жыраудың соңғы демі жарық дүниенің ең соңғы бір сабақ жібіндей болып үзілгелі жатқан сәтте, бұ дүния мен о дүния ақын көкірегінде түйісіп қалған сәтте, ақынды ала қашуға келген ажалдың алдынан жасын жырлар от шашқан сәтте ажал да адамға тәуелді болып қалған сияқты. Отты жырлар ақынның оққағарларындай ажалды аластап, оны көпке дейін өз иесіне маңайлатпағандай әсер береді.


 

Ақынның қысқа ғана өмірбаянында оның соңғы сөздері делінетін өлеңдері ажал алдындағы адамның асыққан сөздеріндей емес, ғұмыр философиясының теориялары болып тереңнен, дәуірдің деректерін екшегендей баппен, жүз жасаған адамның сөзіндей байсалдылықпен айтылады.


 

Бұл сөздер – өз иесінің өмірін ұзарта түсуге қызмет еткен киелі сөздер.


 

Жарық дүниеден озарында соңғы сөзін айтып қалуға мүмкіндігі болған адам Жаратушы иеміздің аса зор рахымшылығы түскен адам шығар. Егер солай болса, мұндай рахымшылыққа бөленген жанның бірі – Доспамбет жырау. Ол 1523 жылы қазіргі Астрахань маңында ұрыс үстінде опат болған көрінеді. Доспамбет жырау сонда отызға да жеткен жоқ екен.


 

- Озушылар, озмаңыз, -


 

деп басталатын жолдар жыраудың отызға да тола алмай, бар мен жоқтың арасында жатқан сол сәтінің куәгерлері. Бұл ақынның қайғылы қазаны естірткелі оза шауып бара жатқандарға қарата айтқаны еді. Осы бір жолдар көкіректен асыға шығып, «хабаршыларды» тоқтатпаққа олардың артынан «аһ!» ұра ұша жөнелгендей. Бірақ бабалар салтында қазаның хабарын тоқтатуға болмайтын еді. «Озушылар» қайдан тоқтасын. Бұл сөздер де өз иесінің енді бұ дүниянікі емес екендігін сезіп барып, ауырлай кері қайтып, әр сөздің жаны қиналып, қара жерге сіңіп кетердей болып тұрған жоқ па?!


 

- Озушылар, озмаңыз!

Озсаңыз, бізім бетке бармаңыз.


 

Ол өзінің «шаһит кешкендігі» туралы хабардың елге жеткенін қаламады. Еліне барып, қақ төрге шығып отырып алар қаралы хабардың жолын кесудің амалын іздеп жыраудың алас ұрғанын көреміз. Бір ғажабы – бар мен жоқтың арасында жатқан ақынның сөзінде орда бұзар жасында қиылып бара жатқанына қиналғандай бір ишара сөз жоқ. Тек «озушыларды» тоқтатпаққа ұмтылады. Бірақ енді олардың да тоқтамасын түсінген соң, озсаң оз, тек «бізім бетке бармаңыз!» деп өтініп жатыр. Барса, олармен бірге өзінің «Доспамбет батыр! Доспамбет жырау!» болып емес, «Доспамбетке уақыт болды!» деген қаралы хабарға айналып жететінін көріп, қиналды. Көмекей мен көңілді қара жамылған сөздердің иеленбегенін қалады. Өйткені қара жамылған сөз де өзіндік қаралы энергия. Бұл – бізге көне дәуірден Доспамбеттің сөзімен жеткен, бәлкім, Доспамбет ашқан психологиялық-философиялық жаңалық десек болады. Бірақ оның қаралы энергия екендігін Доспамбеттің түсіндіріп жатуға уақыты болмай жатты және ғұлама адам әр сөзін тәптіштеп түсіндіре беруге құлықты да болмайды ғой. Өйткені оны өзі көріп тұрған шексіз ауқымда немесе қалпында түсіндіріп беру мүмкін де емес. Сол сөздердің ішкі кеңістігі, яғни, сол сөз тіркестерінің қанатын жайғандағы құлашы тым алыстарды орағытып барып келіп тұрады.


 

Жаһұт тасты көріп пе едіңіз?


 

Көрдіңіз. Соған дәл қазір ойша қарасаңыз, не көрер едіңіз? Сіздің көріп тұрғаныңызды бір ғана сөзбен «құбылып тұр» дейміз. «Құбылып тұруы» – сол тастың күллі ғұмырында бойына жинақтаған байлығы, турасын айтқанда – ақпараты. Ол ақпарат миллион жаққа қарай таралып, миллион бағытты көрсетіп тұр. Ол су мен ауаның және түрлі тіршілік иелері қалдықтарының ең құнарлы атомдары мен молекулаларының өз заңдылықтары бойынша аса көркемдікпен және белгілі бір тартылу тәртіптері арқылы дәлдікпен үйлесуі. Дәл сол сияқты ақынның айтатын сөзі де – ой-шексіздігінің шыңырауларынан алып шыққан табиғи түрде үйлескен жаһұты. Ол оны қалай деп, қай қырынан түсіндірсін?! Ол түсіндірілмейді. Түсіндірілмейтіндіктен де ақынның көмейінен дәл сол дайын қалпында, өзгертуге келмейтін қалпында құйлып шығып тұр:

- Озушылар, озмаңыз!

Озсаңыз, бізім бетке бармаңыз.

Бізім бетке барсаңыз,

Есақай, Қосай – екі ұл,

Алдыңызға жыр құшақлай, жылай шықса, не айтарсыз?

Доспамбеттің осы жырының өн бойына сәуле таратып тұрған «оз» түбірі әр контексте әр қырынан көріну арқылы жаңа мазмұнға ие болып та үлгіріп, бізге жетті.


 

Сөз түбірі – ақыл-ой картасының шағын ғана орталығы іспетті, одан жан-жаққа әр түрлі реңк пен мағына тарайды. Бұл таралып жатқан тармақтар түбірдің өзіндік микроғаламын түзеді. «Озмаңыз» бен «озушылар» бір түбірден таралған екі ой әлемі. «Озушылар» – бұ дүнияның атрибуты. «Озмаңыз» – о дүниялық адамның бұ дүнияға қарата айтқан сөзі. Бір түбірден басталғанымен, екеуі бір жолдың бойында екі түрлі сапар шегіп барады. Тіпті бұл екеуі бір-бірімен аңдыса қалған о дүния мен бұ дүниянының өрттей ортасынан қылдай ғана жол тауып жарыққа шығып үлгірген жеңімпаздай.


 

Доспамбет балаларын қалай жұбату керектігін де өзі түсіндіріп тұр. «Жыр құшақлай шығу», яғни, жоқтау – қаза болған адаммен қоштасудың өзіндік ежелгі теориясы. Адамның жарық дүниедегі сапарының аяқталуын баяндау салты.


 

Оларға айтарыңыз сол болсын:

Жәмішіден қос айтып,

Жараға мамық тосатып,

Келе жата дегейсіз.

«Жарасын мамықпен бастырып, келе жатыр» деп айт деп, үмітті соза тұрудың амалын тапқандай болады. Бірақ үміттің де кейде созыла беруге күші жетпей қалады.

Ол айтқанға тимемсе,

Бұрынғылар түскен жүрі жол,

Бұрылып соған түсті дегейсіз.

Сөз дегеніміз – ілгешек, оған жалғау мен жұрнақ жалғап немесе түрлі контекске қою арқылы небір идеяны, небір образды ілуге болады. Үлкен романдағы образ да, өлеңнің бір-екі жолында ғана тұрған образ да бір ауыз сөз-ілгешек арқылы айқындалуы мүмкін. Сол сөз-ілгешек арқылы Доспамбеттің «Бұрынғылар түскен жүрі жол» категориясының психологиялық-танымдық табиғатына жақындай аламыз. Осы бір ғана жолдан Доспамбеттің ойлау тәсілінің траекториясын да көре аламыз. Траектория тереңдікті де, биіктікті де, қашықтықты да көрсете алатын сызық. Бұл жолда тұрған «бұрынғылардың» образы «жүрі жол» арқылы айқындалады.«Жүрі жол» – сүрлеу жол, ұзақ жол. Бірақ осы контексте ол – жұрттың бәрі бірдей жүре алатын сүрлеу жол емес, тек бұрынғылар ғана жүрген сүрлеу.


 

Біздің ұлттық ұғымымызда «бұрынғылар» – ерекше адамдар. «Бұрынғылар» – ақыл-ойдың сандығы. Өйткені бүгінгі ойдың түп-қазығын «бұрынғылар» айтып кеткен. Міне, сол «бұрынғыларды» қастерлейтін ұлттық салт олардың қай-қайсысының да кеткен жағын айтқанда қаралы-қасіретті жолға сілтеме жасамайды. Яғни, олардың кеткен жағының қандай екендігін тірілер білмейді, бірақ ол аса бір жұмбақ та қасиетті жол екендігіне меңзеу бар. Оны ақын «өлім» деп шошындыра атамайды. Бұрынғылардың жолы деп қастерлей атайды.


 

Жүк тиелген арбаны сүйреп келе жатқан үш адамға «не істеп жүрсіңдер?» деп сұрағанда, біріншісі «жүк тиелген арба сүйреп келе жатырмыз» десе, екіншісі «өзімізді және бала-шағамызды асырап жүрміз» депті, ал үшіншісі «үлкен мешіт салып жатырмыз» деп, өзінің жүк тиелген арбаны сүйреп келе жатқанының арғы мәнінен қоғамға қажетті үлкен бір істі көрсете айтыпты. Сол сияқты Доспамбет те өзінің дәл сол сәттегі күйін ажал аузында жатқандығына сілтеме жасай емес, адам баласының мәңгілік мекеніне кетер жолы ретінде әспеттеуінің өзі – өмірге келу мен кетудің ғаламдық қажеттілік және заңдылық екендігін баяндауы болып табылады. Бұл – таусылған ғұмырды ақынның ұлттық-теориялық сипаттай түсіндіруі. Өзінің кетіп бара жатқан жағын үрей шақыратындай етіп айтуға болмайтындығын ғұламалықпен жеткізуі. Әрине, ақын өзі үшін емес, бұ дүниялықтарға үрейлі болмауы үшін оны айтудың өзіндік психологиялық тәсілін қолданады. Сол қолданыстың бәрін ақын қас-қағым сәтте ойлап, өлеңнің қысқа жолдарына асқан шеберлікпен сыйғызып та үлгірді. \


 

Бұрылып соған түсті дегейсіз, -

деп сол жолға түсуін субъектілік кеңістік ішіндегі ерекше бір іс-қимыл ретінде баяндауында мән бар.


 

Бұрылу – былай қарағанда жәй ғана етістік. Бірақ дәл осы контексте ол ерекше энергия бөліп тұрғандай. Өйткені бұл жәй бұрылу емес, ауқымды философиялық-ғұмырлық құбылыстың сипаты. Тіпті осы өлең жолының кеңістігінде тұрған ақын өзінің аяқ асты опат болғандығын мойындай алмайды. Ол, өзінің түсіндіруі бойынша айтсақ, әлдеқандай бір ғарыштық себептермен, ғарыштық қажеттіліктерге байланысты келе жатқан бағытын өзгертуге мәжбүр болды немесе міндетті болды да, «бұрылып» кетті және «бұрынғылар түскен жүрі жолға» қарай «бұрылды». Бұл Доспамбет-ойшылдың өмір туралы және өлім туралы философиялық ой-тұжырым-теориясы.


 

Ойдың адамдық қажеттілік екені рас, бірақ оның ғаламдық қажеттілік екені анығырақ. Жаратушы иеміз ғаламдық ойды қайда орналастыруды қарастырғанда адамның миын таңдап алып, оған шексіздікті берген ғой. Сол шексіздіктен болар, біз Доспамбет дәуірінің сөз байлықтары мен сөз қолданыстарын сол күйінше қабылдай аламыз және сол дәуір адамдарының өздерінен де тереңірек түсіне алатын сияқтымыз. Мысалы, қазіргі қолданыста «озушылар» деген сөз жоқ. Бұл қолданыс қазіргілер үшін – экзотика. Экзотика болғандықтан да біз қанша асығыс болсақ та, ол сөздің тұсынан жеделдетіп өте шыға алмаймыз. Біз оны міндетті түрде қолымызға ұстап, оған зер салып, тіпті таңданып қараймыз. Өзіміздің арғы бабаларымыздың асыл затын қолға ұстап тұрғандай сүйсінеміз. Бұл тіпті бізге сөз қолданыстың жағымды мағынадағы «төтенше оқиғасы» сияқты әсер етеді. Тілдің жаңа коммуникациясында бізге ол ескі қолданыс сияқты емес, керісінше, контекстің немесе сөздің 21 ғасырға бабалар ғарышынан келіп қалған жаңа құбылысындай әсерлі. Оған себеп болып тұрған – Доспамбет жырларының ішкі-сыртқы стихиясы және рухтық пәрмені. Жыраудың сөз-мұражайының мұндай көне сөз-экспонаттары ой-санамызды жаңартып, саф ауамен тыныстағандай әсер беретіні ғажап.


 

Адамзат – шексіз процесс, яғни, оның аяқталу нүктесінің жоқ екендігін, дамуында мәре сызығының болмайтындығын білетін сияқтымыз. Доспамбеттің сөзімен айтсақ, адамзат дегеніміз – «озушылар». Бірінен бірі озып, бір-біріне қарайлауға шамасы келмей уақыттың жалында үдере көшіп келе жатқан сол адамзаттың Доспамбеттен озып кеткеніне де 585 жыл уақыт өтіпті.


 

Философ Ж.П.Сартр: «Ұзақ ғасыр өмір сүрген шығарма – құпиясын тас қып құшақтап жатқан шығарма» деп жазыпты. (Ж.П.Сартр. «Что такое литература», «Поппури», Минск, 1999. С.180-181). Демек, ұзақ ғасыр ғұмыр сүрудің кілті – өзіндік құпиясының болуында ғой. Ал Ю.М.Лотман айтады: «Ақынның тiлiн бөтен тiлдi зерттегендей зерттеу керек, ...өйткені поэзияның құрылымы ғылымға әлі күнге дейін түсініксіз» дейді. Біз ақынның тілін немесе ой-тұжырымдарын саралағанда, шынында да оның иірімдерінде жатқан құпияларды көргіміз келеді. Оны ашып көруге және тануға міндеттіміз де.


 

Танудағы мақсат не дейтін болсақ, ол сан қырлы. Биік үй саларда жертанушылар сол үйді салатын жердің топырағының тығыздығын, қаттылығын зерттеп, неше қабатты үй тұрғызуға болатындығын анықтайды емес пе?! Дәл сол сияқты, қандай да бір рухани мұраны танудағы мақсат – жекелеген осындай дара тұлғаларымыз арқылы ұлтымыздың тарихи ой тереңдігін анықтау.


 

Анықтаудағы мақсат – біздің ұлтымыздың болашақта қандай рухтық биіктіктерге, интеллектуалдық дамудың қандай сатыларына көтерілуге мүмкіндігі бар екендігін пайымдау. Тастабанымыздың қаншалықты терең екендігін, қаншалықты берік екендігіннақтылау.


 

Нақтылаудағы мақсат – қазақтың бүгінгі ойлы жастарының, бүгінгі ғалымдарының бойында қандай мүмкіндіктері бар екендіктеріне сілтеме жасау. Өйткені бүгінгі адам, қалай болғанда да, өткен шақтың жемісі ғой. «Сенің осындай мүмкіндігің бар» десе, сол мүмкіндікті жүзеге асыруға ұмтылатындар табылады емес пе?! Ал егер «сенің өткен шағыңда философ болған жоқ, математик болған жоқ, саясаткер не ақын болған емес» дей берсең, адам өзін интеллектуалдық жағынан жалаңаш сезінбей ме? Тастабанының осалдығы есінен кетпей, ілгері басудан қаймығып, құлап кетуге дайын тұрмай ма? Сөйтіп, сәл қиындықтың алдынан атының басын кері бұрып кетпей ме?! Ал арғы жағың мықты десе, бәйгеге қосылып көруге «тәуекел етіп, тас жұтпай» ма?!


 


 

 

 

«Өкінбеу» философиясы


 


 

Әдебиет дегеніміз психологиялық және тарихи материал ғана емес, ол сонымен қатар өзіндік интеллектуалдық қуат. Оны ғасырдан ғасырға аман-есен жеткізетін де сол қуат. Ал оның бұл қасиеті өзіндік тілдік және үйлесімділік математикасы арқылы мүмкін болады. Сөздердің шумақ ішінде бірін-бірі теңдестіруі шебер математикалық жолмен қиюласқанда оқырман өлеңнен сөздік ұйқас іздемейді де. Өйткені бұл жерде сөздің ұйқасы емес, ырғақтық ұйқас белсенділік алады. Ал ырғақтық ұйқасты мүмкін ететін математикалық ұйқас. Математика дегеніміз, ең қарапайым тілмен айтқанда, шым-шытырық ішкі жолдар арқылы үйлесу емес пе?


 

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен.

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен.


 

Доспамбеттің біз мысалға алып отырған осы өлеңінің жолдарында математикалық белсенділік арқылы дыбыстық-мазмұндық теңдеу құрылып, «өкінбен» сөзі теңдеудің шешімінің қызметінде тұр. Егер де өлеңнен «өкінбенді» алып тастап оқысақ, былай болып шығады:

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым,

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым.


 

Яғни, ешқандай сөздік ұйқас жоқ және «тоғай қонғандығының», «топ бастағандығының» бір нәтижеге алып келгендігі туралы ой-тұжырым, шешім жоқ. Олар «өкінбенге» жеткенге дейін математикалық төрт амалдың не бәрін, не ішінарасын бастан кешіру арқылы мәтіннің ішкі мазмұндық және рухтық ұйқастығын үйлестірді. Дыбыс, түр, мазмұн, логика – бәрі «өкінбенде» түйісу үшін ақынның көкірегінде екшеліп, лабиринттік жолдармен жүріп өтті. Әрине, мұның бәрі ақынның санасында қазіргі есептегіш машиналардың жылдамдығындай асқан жылдамдықпен жүзеге асырылды. Сөйтіп оның нәтижесін мөп-мөлдір етіп, төгілтіп-төгілтіп жеткізгендігіне тамсанбай қалмайсың.


 

Тоғынды сарты нар жегіп,

Көз түзедім, өкінбен.

Туған айдай нұрланып,

Дулыға кидім, өкінбен.


 

Судың мұзға немесе буға ауыса алатындығы сияқты, сөз де бір күйден екінші күйге ауыса алатындығы белгілі. Судың басқа күйге ауысуына ауа температурасы ықпал ететіндігі сияқты, сөздің бір күйден екінші күйге ауысуына да контекстің ішкі «ауа-райы» әсер етеді. Сарты дегендегі «ы» зат есімнен сын есім тудырып тұрған жұрнақ, мысалы, қазақ+ы. Бұл да, жоғарыда айтылған «озушылар»сияқты, қазіргі қолданыстан шығып қалған сөз-экзотика. Сөздің осындай сыр-сипаттармен естілуі мен көрілуі және естілмейтін де көрілмейтін ішкі диалогтағы күйі үнемі өзгермелі. Сөз де ойланады. Ойды қалай жеткізуді ойлайды. Жоғарыда айтқанымыздай, тек түбір ғана қозғалыссыз тұрады да, оның айналасында зат алмасу процесі сияқты үдерістер тасқыны еш тоқтаусыз жүріп жатады. Ал осындай процестер негізінде туындап жататын сөз-экзотикалар арқылы берілетін Доспамбет жыраудың негізгі идеясының экзотикалығы одан да асып түседі. Ол - өкінбеу идеясы.


 

Зерлі орындық үстінде,

Ал шымылдық ішінде,

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім, өкінбен.


 

Донның төменгі ағысындағы Азау маңын мекендеген Кіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан ұлы жырау молшылықта өмір сүрген болар:

Арғымақ мінген өкінбес,

Кілең бұздай кілшейтіп,

Көбелер киген өкінбес,

Жұпарын қардай боратып..,

Құрама шапшақ көп қымыз,

Құйып ішкен өкінбес, -

дегені соның айғағы іспетті. Бірақ оның өкінбейтіндігінің себебі тек бұл ғана емес. Жыраудың «өкінбеу» философиясының тереңінде жатқан факторларға көз салсақ, оның ел мен жердің тағдырын шешетін ұлы мақсат жолында жүргендігін, небір аласапыран айқастардың ортасында оттай лаулап, хас батырлармен бірге қол бастаған тұлға болғандығын да:

Бүгін, соңы өкінбен

Өкінбестей болғанмын.

Ер Мамайдың алдында,

Шаһит кештім, өкінбен, -

деген жолдарынан көреміз. Ер Мамайдың алдында шаһит кешкенін айтуы, жырау Доспамбеттің сондай батырлардың алдында бас иетін, ел қорғаған ерлерді тәңіріндей қастерлейтін қасиетті адам болғандығын да танытады.


 

Осындай кесек-кесек себп-салдарлық факторлардан келіп шығатын өкінбеу идеясы – ақынның аса қуатты концепциясы. Тіпті, қайткенде де ұзағырақ ғұмыр кешкісі келетін адам баласы үшін, түсініксіз концепция. Бірақ оны жырау түсініксіз концепциядай емес, өзінен өзі ұғынықты мәселедей толғайды.


 

Біз бұл жерден өкінбейтіндіктің түрлі мазмұнын көріп тұрмыз. Екінші жағынан, өкінішсіз өткізу үшін тіршілікте қандай нәрселерді жүзеге асырып үлгіруің керектігінің бағдарламасы да осы жолдарда тұр. Бұл – тіршіліктегі адамның Доспамбет сызған іс-қимыл формуласы.

Екі арыстап жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында,

Соғысып өлген өкінбес.

Өткен өмір жолының кезең-кезеңдерін айтқанда жырау жүз жылдық ғұмыр кешкен адамдай сөйлейтіні осы тұста тағы бір көрініс береді. Бұл ақынның ғұмыр жасы мөлшерінің адам үшін қандай да бір мәнінің болмайтындығына жасаған сілтемесі тәрізді. Мәселе, жасыңда емес, сол жасыңның ішінде не тындырғандығыңда деп тұрғандай.


 

Адамзат өзіне ыңғайлы болу үшін уақытты сағаттап өлшеп, бір тәулікті 24 сағатқа бөліп қойған. Бірақ тағы бір «уақыт» бар, ол – әр адамның өзінің табиғи жылдамдығы. Ол сағатпен өлшенбейді. Соның бірі – «ақыл-ой» жылдамдығы. Жаратушы иеміздің уақыты адамзат кесіп қойған уақытпен өлшенбейтіні түсінікті. Оны былай пайымдауға болады: жәй адамдар неше жыл ғұмыр кешсе, сонша жылды ғана жүріп өтеді. Ал аса дарынды адамдардың ой жүйесі шапшаң қимылдайды да, олар орта жастан асқан адамдардың ақыл-ой деңгейіне тым жас кезде-ақ жетіп барады. Мұндай адамдардың бір ғұмырына бірнеше ғасыр сыйып тұрғандай әсер береді. Солай бола тұрса да, Доспамбеттің өзіне өлшеніп берілген отызға да жетпеген жасын азсынбағаны, яғни, жас кетіп бара жатқанына өкінбегендігі жай адамдардың түсінігіне қиындау.


 

Бүгін, соңы өкінбен,

Өкінбестей болғанмын, -

деп өз тұжырымын қайтадан тұжырымдайды. «Өкінбестей болғандығының» себебі – уақыттың қашықтыққа «жүгіру» жылдамдығының әр адам үшін әр түрлі мөлшерде болатындығына ақынның көз жеткізгендігінде болар. Доспамбет өзінің қысқа ғұмырында бір адамның толық ғұмырында атқаруға тиістіні атқарғандығына, бұ дүниядағы өз миссиясының аяқталғандығына сілтеме жасайтындай. Ал, бізге, пенде болған соң ба, әйтеуір адамның ең болмаса 70-ке жетіп, 80-нен де, мүмкін болса, 90-нан да асуы міндет сияқты көрінеді де тұрады. Сіздің басыңыздан не өткені маңызды емес, маңыздысы – сол жағдайға жауап ретінде сіздің өзіңізді қалай ұстағандығыңызда. Доспамбет осындай тұжырым жасап кетті.


 

Неміс ойшылы А.Камюдың дәлелдеуі бойынша «табиғилық – түсінікке қиын категория» (А.Камю. «Миф о Сизифе»). Ұлылық – табиғи құбылыс. Демек, ол түсінікке қиын. Доспамбеттің өкінбейтіндігін өлеңдерін саралап түсінуге тырысқанымызбен, біз оның байыбына бәрібір жете алмаймыз. Өлеңнің әр нәрсені түсіндіріп айтып беруі міндет те емес, әрине. Бәлкім, жыраудың құпия ұстап қалғаны – бұ дүниядаға адамзатқа айтуға болмайтын шындық шығар. Бәлкім, өкінбеу – пенденің Жаратушыға ризашылығын білдіруі шығар. Бәлкім, бұл қанағатшылдық идеясы болар.


 

Қалаға қабылан жаулар кіргей ме?

Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме?

Ел шетін қорыған Доспамбеттің алаң көңілінің сұрағы сұрақтан гөрі жауап сияқты естіледі. Бұл, әрине, елдің дүрбелең кезеңінің суреті:

Қатарланып, қарланып,

Қайран ер қарт күреңге мінгей ме?

Дәл сондай кезеңде, ең ауыр кезеңде, жыраудың артына алаңдай, қарайлай кетіп бара жатқаны сезіледі.

Қабырғадан қараған,

Достым менен дұспаным,

«Апырым, ер Доспамбет!» дегей ме?

Дос түгіл дұшпаны да оның үзіліп бара жатқанына сенер-сенбесін білмей қалғандай, қан-қасап ұрыс та тына қалып, заулаған оқтар да тоқтай қалып, ала шаң да басыла қалып, бәрі де кеше ғана «дулыға киген» Доспамбетке, «туған айдай нұрланған» Доспамбетке, «топ бастаған» Доспамбетке, «тоғай қонған» Доспамбетке, «ару сүйген» Доспамбетке аңтарыла қарап «Апырым, ер Доспамбет!» деп тұрып қалғандай. Бұл шумақта жыраудың өзі де өз ғұмырының дәл осылай, дәл сол күні, дәл сол жерде аяқталғанына аң-таң қалғаны ап-айқын көрініп тұр. Бірақ, өкініш емес екені де ап-анық.


 

 

Біздің қазақта қазіргілердің де таңдайын қақтырар осындай да тұлға өткен! Апырым, ер Доспамбет!


 


 

Оңайгүл Тұржан

филология ғылымдарының кандидаты, доцент


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар