Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ә.Нұрпейісов романдары туралы пікірлер...

22.10.2015 36209

Ә.Нұрпейісов романдары туралы пікірлер


photo_9041.jpg

Әбдіжәміл Нұрпейісов есімі халықаралық аренада алпысыншы жылдар басында әлемнің әдеби өрісіне жол тартқан “Абай жолын” жалғастыра жаңғыртқан “Қан мен тер” болып еске түседі. “Қан мен тердің” арқасында қазақ әдебиеті өзінің әлем оқырмандары алдында Әуезовпен алған биігін сақтап қала білді. Әбдіжәміл Нұрпейісов есімімен бірге тағы да Арал апаты еске түседі. Жазушы шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнапты. Қаламын найзадай білеп, Аралға араша түсу – жазушы ғұмырының “Соңғы парызына” айналыпты. Бұл екі шы­ғарманың екеуі де әлем оқырмандары алдында қазақ әдебиетінің айбынын ас­қақтатты. Беделін көтерді. Оған дәлел – төменде келтірілген отандық және шетелдік қаламгерлердің Нұрпейісов романдары туралы әр жылдарда айтқан пікірлері. Берген бағалары. Соның бір тобын жазушы мерейтойына орай оқырман назарына ұсынып отырмыз.



“Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман (“Қан мен тер”) қазіргі таңдағы әлемнің ірі туын­дыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол аме­рикалық, мейлі ол француздық болсын...”


Луи АРАГОН (Франция)


“Меніңше, ол – қазақ топырағына көші­­рілген орыс классикалық роман дәс­түрін жалғастырушы. Белгілі бір дәре­жеде мен Нұрпейісовті Лев Толс­тоймен салыстырар едім”.


Лили ДЕНИ (Франция)


“Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қар­сылық білдірген қаламгер қарапайым тіл­мен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияз­дығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, зама­­нымыздың ең терең жазушы­лары­ның бірі дәрежесіне көтерілген”.


Жан МОНТАЛЬБЕТТИ (Франция)


“Таланты тарихы романда жарқырап көрінген ол қазақ әдебиетінің ұлы өкілдерінің біріне айналды”.


Альбер ФИШЛЕР (Франция)


“Трилогия классикалық орыс проза­сының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіп­керлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз “Тынық Донды” еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады”.


Аугуст ВИДАЛ (Испания)


“Қан мен тер” туралы. “Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абайынан” кейін тарихи романға құлаш сермеу тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін тірлік. “Абай” қазақ әдебиетіндегі эта­лон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыстырады”.


Юрий КАЗАКОВ (Ресей)


“Соңғы парыз” – бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы. Роман финалы таң қаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заман­ақыр­лық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ”.


Анатолий КИМ (Ресей)


“Терең мұңды дүние екен, “Соңғы парыз”. Оқығаныма әлденеше күн өтсе де өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін”.


Мұстай КӘРІМ (Башқортстан)


“Ымырт”, “Сергелдең”, “Күйреу” ат­ты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Бір нәрсе анық; қазақ әдебиетіне көр­­кемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала пси­хо­логия­сының энциклопедиясы. “Қан мен тер” – ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы.


Лев АННИНСКИЙ (Ресей)


“Осынау ұлан-ғайыр әдеби арманның жүзеге асуы нені көрсетті дейсіз ғой, алдымен М.Әуезовтің эпикалық дәстүрін бізге жақын заманның тарихи мате­риалында жалғастырған және дамытқан жазушы шыққанын көрсетті. ....Тұрмыс тауқыметтерінің сурет­теріне толы осынау реалистік эпос қаһар­­мандық эпос деңгейіне көтерілген”.


Феликс КУЗНЕЦОВ (Ресей)


“Теңіз тартылып жатыр. Кезінде балық тулаған тордың мыңсан көзінде бүгінде қысыр жел ойнайды. Кезінде ел сыңсыған жағалау құба белдер бүгінде құлазып жатыр. Әбдіжәміл дилогиясы тірілткен өмір сиқы осындай. Қаны сорғалаған сор­маңдай тақырып. Жаралы жан азабы. Осынау алақандай балықшы ауыл тағ­дырының сыртында бұлаңдап әлем қасіреті бой көрсеткендей. Әлемдік эко­ло­­гиялық апат бой көрсеткендей. ...Нұрпейісов одан әрмен сілтейді. Ол ро­ма­нын тұтас лирикалық ой-өрімге құра­ды. Мұн­дайды мен әдебиетте кез­дестірмеген сияқтымын. “Қан мен тер” шыққаннан кейін Нұрпейісовті қазақ Шолоховы деп жатты. Теңеу негізсіз емес сияқты. “Тынық Дон” да эпос, “Қан мен тер” де эпос. Шы­­­­­нымды айтсам, бұл теңеу маған сол кез­дің өзінде онша оғаш көрінген жоқ бо­ла­тын. Ал енді, міне, “Соңғы парызды” оқы­ғаннан кейін сол алғашқы көз­қара­сымның растығына деген се­німім беки түсті. Әдебиетте ылғи да біреуді біреуге теліп жа­татынымыз бар. Бұл өзі табиғи нәрсе. Онсыз болмайды. Ендеше телу керек екен, мен оны Уильям Фолкнерге телір едім. “Соңғы парыз” – әдебиетте маңызы “Қан мен терден” кем емес оқиға. Тіптен жазушы барған нартәуекел қатерін тара­зылар болсақ, маңызы одан да асып түсуі мүмкін...”.


Николай АНАСТАСЬЕВ (Ресей)


“Меніңше роман (“Соңғы парыз”) – алда келе жатқан алапат Апат тынысы сезілген дәуірдің айқын құжаты, куәлігі. Сіздің романыңыз сондай құжат. Сіз жақын болашақта Жер тағдыры қалай болатыны жәйлі бүгін-ақ куәлік бердіңіз”.


Болот ШӘМШИЕВ (Қырғызстан)


“Сенің романыңа арқау болған (“Соңғы парыз”) проблемалар –әлемдік маңызы бар проблемалар”.


Леонгард КОШУТ (Германия)


“Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбді­жәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре ала­мыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұр­пейісовті атап өткім келеді. Иә, Қа­зақ­стан мақтана беруіне болады. Револ­ю­ция ша­пағымен бірге азаттық пен әділет­тік жо­лында өз халқының қасіреті мен ұлы­лығын паш еткен нағыз жауһар – шедевр­лер бере білген жазу­шыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұр­пақ жазушыларының маңдайына жазылыпты”.


Жорж БУЙОН (Бельгия)


“Аса құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы!

Б.Панкин Сіз “Соңғы парызды” біздің баспаға ұсыну туралы түбегейлі шешім қабылдағаныңыз туралы хабарлады. Сол үшін рахмет Сізге! Мен романды аса мұқият оқып шық­тым. Сондықтан да өз сөзіме өзім толық жауап бе­ре­мін; романда ешқандай да ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Бізге сенім артқа­ныңыз үшін Сізге тағы да алғыс білдіре­мін. Басып шығару жұмыстарын қолға ала отырып, біз бір нәрсені түсінеміз, біз заманауи әдебиет классигімен жұмыс істеп отырғанымызды түсінеміз. Соған сенімді болыңыз!”


Владимир МИЛЮКОВ (Ресей)


“Соңғы парыз” – сөзсіз қазақ проза­сының ең елеулі табысы. Осы бір жазушы бойына біткен табиғи талант тұтастығына таң қа­ламын. Егер де, “Қан мен тер” қазақ тағ­дыры мен тұрмысындағы Қазан төң­керісіне дейінгі кезеңді қамтыса, “Соңғы парыз” сол халықтың кеңестік дәуірдегі тағдыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы”.


Зейнолла ҚАБДОЛОВ


“Ғасыр бойы күн құрғатпай мақтаған өркениетіміздің де көлеңке тұсы жетеді екен. Соны ой өзегінен өткізген Нұр­пейі­сов романы екі са­рында – пуб­лицис­тика­лық және психологиялық са­рында өріл­ген. Аралдың ажалы, шын­туайтқа кел­ген­де, Жер бетіндегі жалпы тірлік атау­лы­ның ақырының бастамасы болып жүрмесін... “Соңғы парыз” – дәстүрлі эпикалық әң­гімелеу құрсауына сыймай орда бұзған шығарма. Қаламгер көтерген проблема жал­ғыз ғана ұлттық емес, жалпы адам­заттық маңызға ие болған. Бір нәр­се анық: қазақ жазушысының жаңа шы­ғар­масы жалпы ғаламшарды мекен еткен жұмыр бас­тылардың жанын тітіркететін шығарма екені анық.


Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ


“Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушы­лары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – “Қан мен тер” трило­гия­сы мен “Соңғы парыз” дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебие­тіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды”.



Герольд БЕЛЬГЕР


“Сондай бір күн болған”, “Сондай бір түн болған” дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, кон­цеп­циялық өзекті ойы жағынан да ұлттық про­замыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған “зая ғұмыр әдебиеті” деп ат қойсақ жара­сатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеу­меттік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айнал­дырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрме­гін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді”.


Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ


“Тауратша терең әрі дүлей үскірік осы бір кітапты жүгіртіп емес, жайлап оқу керек, әсіресе біздің мына қағынған қан­ды заманда. Оқу керек, қайта оқу керек. Әрине, толық ояна қоюңыз қиын болар, бірақ қас-қағымға болса да мына өзін-өзі ұйыққа, ажалға қақпақылдап бара жатқан әлем жайлы ең болмағанда қас-қағымға ес жию үшін сөйту керек. “Соңғы парыздың” ғасырлар мен мың­жыл­дықтар тоғысында, Қазақстан тәуелсіздігіне ие бо­лып жатқан жаңа дәуір елең-алаңында өмірге келуі, онда да қазақ әдебиеті ақсақалының жазу үс­­телінде өмірге келуі тегін емес. Қайда барамыз? Бізді, кешегі кеңестік империя құрлығынан бөлінген мына бізді тіршілік сеңі қайда алып бара жатыр? Құрғаған теңіз... күйген дала... осы ма сіз бен біз мақтаған ғылыми-техникалық прогресс... Тәніңді ғана емес, жаныңды іріткен ондай прогрестен жазушы ат-то­нын ала қашады, түңіледі... Кітап финалынан дәстүрлі “хеппи енд”, немесе “бақытты сөз соңын” іздеп әуре болма­ңыз. Жамандықты түбінде жақсылық жеңетін еді ғой деген әлжуаз үмітіңіз де ақталмайды. Осылай бола бермек. Адам өзінің біліп немесе білмей істеген, со­ның салдарынан өзін де, өзгені де өлімге итерген іс-әрекет амал­дарынан, ниет­тері­нен, бағыттарынан бас тартып, тәу­беге келмейінше осылай бола бермек”.


Владимир БАДИКОВ


“Мен арғы-бергі дүнияуи әдебиеттерді оқи отырып, дәл осындай сом да күрделі шығарманы соңғы үш-төрт жыл ішінде кездестірген жоқпын. Шығарма хас шебердің қаламынан ғана тууға тиісті, бүгінгі атышулы әлемдік шығармалардың қатарынан емін-еркін орын алатын, ұлттық мақтанышымыз болар деңгейде екен. Аузымыздан тастамай жүрген “Шал мен теңіз” (Хемингуэй) тереңдік жағынан бұл романның жетегінде кетеді екен. Әзім, Бәкизат, Жәдігер! 170 беттік ро­манда үшеуі де қалай ашылған десеңізші! Міне, Адам! Міне, Адам табиғаты! Міне, Адам деген қандай жұмбақ! Олардың жан-дүниесі, болмысы, бәрі-бәрі алақан­дағы­дай ашылып сала беріпті. Әсіресе, аққан мұз үстіндегі Жәдігер мен Бәкизаттың қо­парыла ашылуы, ең жек көріп келген адамның ең қымбатты адамға айналуы, мына ит тірлікте арпалысып жүріп, жақсы мен жаманды да анық тани алмай өтетін пенде байғұстың дәрменсіздігі мен беймаралдығын көркем әдебиетте дәл осылай суреттеп бере алған шығармалар көп емес.

“Барсакелмес” аңызы бүкіл шығар­маға лейтмотив болғалы-ақ тұр. Қандай әсерлі. Қандай қайғылы. Ел аңыздарын кең пайдаланатын замандас жазушы­ларымыз дәл сіз секілді тереңдей алмап­ты. Осы роман бұрынғы әсерлерімді ығыстырып шығарды”.


Дулат ИСАБЕКОВ


“Белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы бүгін­гі күнгі оқушы талабынан шығып, тал­ғамын тұшынтқан, жалпы совет әде­бие­тіндегі идеялық һәм көркемдік дең­гейі жоғары күрделі шығармалардың бірі.

...Тәңірберген трилогиядағы ең бір тамаша сомдалған типтік образ. Ол астар­лы да, терең де, ойлы, қауіпті де зымиян характер.

...Ақбала Анна Каренина мен Катери­на­лардың типіндегі әйел”.


Сағат ӘШІМБАЕВ


“Қан мен тер” әлем оқырмандарынан өз бағасын алған шығарма, өз бағасы бол­ғанда да ең жоғары бағасын алған шығарма. Абырой болғанда қазақ қара сөзінің беделін ұлы Әуезовтен кейін сол биікте ұстап тұра білген шығарма. Эпопея –бір ауылдың ғана емес, исі қазақтың Қазан төңкерісі ал­дын­дағы қатал тағды­ры­ның алуан бояулы полотносы дерлік. Су­дыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Ела­ман, Ақбала, Қара­қатын ұлттық рухани жады­­мыздың ажырамас бөлшегіне айнал­ды.

ХХ ғасыр аяғында жазылған “Соңғы парыз” айдай әлем алдында “мен” “мен” деп көкірек соққан Кеңес Одағы құрған қоғамның жалған бетпердесін жыртқан роман. Партияның “жарқын болашақ”, “дамыған коммунизм” деп аталатын дәуі­рі­не оңдырмай өлтіре соққы берген ро­ман. Аралынан айрылып, қаһарға мінген қаламгердің соңғы парызы Қазақстанды экспериментке айналдырған комму­нис­терге қарсы айдай әлем алдында майдан ашу болғанға ұқсайды. Жазушы сол мақ­сатына жете білген. Романнан біз Арал­ға жасалған кеңестік эксперименттің мұн­­дағы жергілікті халық үшін қан­ша­лық­ты алапат заманақыр болғанын көре­міз. Ғарасат майданын көреміз. ХХ ғасырда Қазақстанда қызыл империя орнатқан “коммунизмнің” бетпердесіз шын кесірін көреміз. Романды оқыған кез келген жан “мынау, сұмдық қой! Мынау, нағыз ақырзаман ғой!!” деп жаға ұстары анық. Өйткені роман ауыр. Заман туралы, қалтасында партбилеті бар, иманы жоқ адам туралы ең ауыр да ащы шындық. Романда отызыншы жылдары Құдайға, Құранға қол көтеріп, мешіт-шіркеулерді талқандаған ұрпақтың енді Құдай жаратқан табиғатты қалай талқандап жатқанын көресіз. Ол деген сөз шынын айтсақ – адамдардың өз көрін өзі қазуы ғой. Шындығында да солай еді. Ком­мунистер орнатқан құдайсыз қоғам Құдай қаһарына ұшырап тынды. Көп ұзамай шаңырағы шатырлап ортасына түсті. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Сонымен “Соңғы парыз” – советтік режімге айтылған қап-қара қарғыс, оппозициялық роман дер едік.

Сол режім алайда Әбдіжәміл Нұр­пейісов талантын лажсыз мойындады, жазушыға ең жоғары әдеби сыйлық берді. Талай рет Жоғарғы Кеңесіне депутат етті. Бірақ, күрескер жазушы ондай шен-шекпенге сатылмапты. Алданбапты. Айдың-күннің аманында, бір жағында атом апаты, бір жағында Арал апаты, ортасында ғарыш айлағында азон апатына киліккен сор маңдай Даланың шырыл­даған қызғыш құсы бола біліпті. “Соңғы парыз” – сол режім, сол экс­пе­ри­мент­терге қарсы атылған оқтай ең қаһарлы үкімсөз бола біліпті...

Бұл не?

Бұл сөз жоқ суреткерлік ерлік еді”.


Смағұл ЕЛУБАЙ


“Әдебиетіміздің соңғы жүз жылдық даму даңғылына назар жіберер болсақ, оның кейбір шоқтықты шыңдарын көрмеу мүмкін емес. Қазақ қара сөзінің сол тау тізбегі қатарында “Қан мен тер”, “Соңғы парыз” аталатын шыңдар көзге түседі. Небары бес кітаптан тұратын осынау екі романға сыйып тұрған шығар­машылық күш-қуат қандай! Драматизм, трагизм, махаббат, сәулелі сахналар, панорамалық оқиғалар, зұлымдық пен махаббат, кісілік пен кесапат шарпысқан оқиғалар желісі. Халықтың ғасырлық қасіреті алуан қырлы адам тағдырымен өріліп, кең тынысты қалпымен Әбді­жәміл Нұрпейісовтің осынау бес кітабы­на сыйып кеткен. Нағыз эпос! Осы бес кітап бойында домбыраның нәзік қылын­дай дыңылдап ұзына тартылып автордың өз кейіпкерлері арқылы туған жұртым деп сыздаған жүрегі, сырқыраған жан азабы сезіледі. Эпоста мынау жарық дүниеде жұмыр басты жан бастан кешуі мүмкін құ­қай­ларды түгел кездестіргендей бола­сың. Еламанның Ақбалаға деген махаббат жыры, түркімен жігітін қасқырдың та­лауына тірідей тастап кететін Қалау қаты­­гездігі, берекесіз қырқылжың қырт Судыр Ахмет, барымташыдан батырға айналған Қален! Ұлттық бояуы қанық бейне бір түз гранитінен қашалғандай сом тұлғалар емес пе?”.


Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ.


http://egemen.kz/



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар