Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ислам Қосжан: Менің Музам

16.03.2016 312

Ислам Қосжан: Менің Музам


 

тслам қосжан.jpg

Өртеніп...

Күн  батты,

Ғасырдан  ұзағы-ай.

Ол  келіп  үн  қатты,

О, менің  Музам-ай.

 

Гүл  салған  құмыра,

Сәуледен  тұнып  тұр.

Жұтайын  сіміре,

Құмардан  шығып  бір.

 

Жоқ  айқай,

Жоқ  дыбыс,

Қонып  бір, бір  ұштық.

Болмайды  соқтығыс,

Торып  тұр, тыныштық.

 

Көзі  от  тұман  бар,

Тосын  күш  тербейді.

Негіз  жоқ  алаңдар,

Адамдар  білмейді.

 

Көрінген  тосыннан,

Құбылыс  осында.

Жарқ  етіп  қосылған,

Сымдардың  ұшында.

 

Түнде  ол  ұғады,

Адами  қалыпта,

Көрініп  тұрады,

Жанбайтын  жарықта.

 

Созылған  түн  емес,

Күтуі - пенденің.

Кезеді  бір  елес,

Ішінде  бөлменің.

 

Ол  үнсіз  жылатты...

Білдірмей  келгенін.

Алыстан  үн  қатты,

Музам  ғой –

Бұл  менің!

 


Мен  емеспін



Өткен  күнді  қайткенде  бөгемекпін! 
Неге  келдің  балалық, 
Неге  кеттің? 
Мына  біреу  ұқсайды  көлеңкеме, 
Мен  дейді  ғой, 
Мен – деген, 
Мен  емеспін.

Бәрі ж асыл  болатын  төңіректің, 
Оралмасқа  кеткені  ебелек  күн. 
Күмбезі  бар  мешіттей, 
Төсінде  Ай, 
Қараша  үйде, 
Мен  деген  мекен  еттім.


Қараша  үй.

Балалық. 

Керемет  күн, 
Мен  өзіңе  келеді  ере  кеткім! 
Анам  бар-ды... тербетіп  бесігімді,
Маған  енді  айтпайды  өлең  ешкім.


Қасиетін,

Қадірін... елемеппін,

Жүрегіме  ақтығын  өнеге  еттім.

Өткенімді  қараймын  кітаптардан,

Тарауынан  іздеймін  көне  беттің.

 

Жүргендеймін  ішінде,

Көп  егестің,

Рас  болса, келгенім,

Неге  кеттім?!

Біреулерге  ұқсастау  болғаныммен,

Періште де  емеспін,

Пері  емеспін!

Қалғандаймын  түсімде, 

Бір елеспін,
Хабар сұрап жатпайды, 

Менен  ешкім. 
Мына  жүрген  иілген с ұрау  белгі, 
Мен  дейді  ғой, 
Ол  деген - 
Мен  емеспін!

 

 

 

Жауабы  жоқ  сұрақпын

 

 

Мәңкүр періште жақсыңды жазып отырады,

Нәңкүр текқана айып-кінәні тізеді.

                                                   «Тафсир сүресі»

 

 

 

Жауабы  жоқ  сұрақпын,

Таппағасын  жаным  жай.

Өмір тәтті,

Бірақ  тым –

Қысқа, қамшы  сабындай.

 

Жазсаң  оның  арты  дау,

Шыным  осы.

Жазбас ем!

Жоғарыдан  бақылау,

Жердегіні  аз  десең.

 

Қыздырады  шекеңді,

Тұман  ойлар  бүркейді.

Әттеген-ай...

Қатеңді,

Нәңкүр  жинап, тіркейді.

 

Жазады  екен  күнде  не,

Сұрауға да  болмайды, ә?

Айтқың  келсе бірдеңе...

Мәңкүр бірақ, тыңдай ма?!

 

Ысылғанбыз көндігіп,

Басқаға да...

Шыдармыз.

Қалтырама  шерлі  үміт,

Жол  болмайды  бұраңсыз!

 

Өлгеннен  соң  сотталса,

Пенде  істер  білгенін...

Аңдушысы  көп  болса,

Осы  шығар  өлгенің.

 

Іштей  тынып  алһаммен,

Жақсылыққа  шөлдедім.

Бір  Алласы  болғанмен,

Құдайы көп... пендемін.

 

 

Іздеу

                                                        М. Болатқа

 

Жүргенде,

Тұман... қамап  ой,

Жалғыздық  құмар  санаға.

Інісін  іздер  аға  ғой,

Інісіз  аға  бола ма?!

 

Кездесті  жолда  сан  адам,

Ағадай  көңіл  тола ма?!

Кетсем  деп  едім  қаладан,

Ауылда  жүрген  ағаға.

 

Торсықта... тұнып,

Мұң  қалған,

Қолтықта*... тұрып,

Мың  арман.

Не  қалған  десе  бұлардан?

Жортып  та  өткен  бір  арлан!

 

Домбыра,

Өрген  қос  ішек,

Сыңғыры  қыздың  шашпауы.

Жылдардың  басы,

Осы  деп,

Жырлардың  осы,

Бастауы.

 

Болғанмен  басы  бір  тармақ,

Бөлінген  екі  жолдаймыз.

Сұлулық  жайлы  жыр  толғап,

Қызарға  оны  арнаймыз.

 

Кемедей  жалғыз  айлақта,

Шыға  алмай  қалған  кептеліп.

Жүрсек те  қайда,

Қай  жақта?

Өлеңнен  бірақ  кетпедік.

 

Жүрмесе  қайтем  шалқайтып,

Әр  үйдің  болып  қонағы.

Болмашы,

Бізді  қартайтып,

Моласы  жоқтай  болады...

 

Ақынын  сыйлар  халықпыз,

Ғасырлар  бойда  тасиды.

Оқылмай  қалған,

Жазықсыз,

Жырларға  жаным  ашиды.

 

...Сол  тұрыс,

Жүріс  бұрынғы,

Сіз  кеткен  жүрмін  қалада.

Бәрінде  қойшы,

Жырымды...

Оқыса  болды,

Сол  Аға!

 

Қолтық* - Теңіздің ішке сұғынған тұсы.

 

 

Каспийдің  толқындары-ай

 

 

Кеудесін  желге  тосып,

Маңайын  сәнді  етеді.

Тұрғандай  перне  басып,

Толқындар  әндетеді.

 

Сөйлеген  жыр  тілінде,

Жағасы  шаттық  айым.

Сұлудың  кірпігінде,

Толқының – аққу  мойын.

 

Бар  бақыт  бір  өзінің,

Басына  қонып  алған.

Ай  сұлу  білезігін,

Суыңа  шомылдырған.

 

Жағаңда  тасың  қалған,

Сұлудың   моншақтары,

Сәулесін  шашып  алған,

Созғанда  саусақтарын.

 

Таулары болған тіреу,

Суатқа шақырғасын.

Түсіріп  алған  біреу,

Шуаққа  сақинасын.

 

Ашылған  Күн  нұрынан,

Шашылған  алтын  арай.

Ән  ескен  сылдырынан,

Каспийдің  толқындары-ай!

 

 

Теңіздегі  сұлулық

 

1

Тер  кепсе де,

Шөл  кетпей,

Ай  сәулесі  Теңіздегі  өрнектей.

Тербеледі  суға  түскен  көлеңкең,

Жаға  қуып, 

Жеткен  құты  шөлмектей.

 

Бір  құбылыс,

Сағыныш  ән,

Аңсатқан,

Мың  бұрылыс, 

Толқындарға  қарсы  аққан.

Қиқулайды  аппақ  құстың  базары,

Жартастарға  ән  жаққан.

 

Үш  бұрыш  хат,

Екі  түзу -

Қосқанда,

Құс  тізбегі  ақ  сәулелер  аспанда!

Қанаттары  ұқсайды  екен  дәптерге, 

Ән  төгілген,

Әрбір  бетін  ашқанда.

 

Сұлулық  та  тұрады  екен  ағыстан,

Ондай  кезде,

Бір-бірімен  жарысқан.

Сыймай  көзге, 

Бұлдырайды  алыстан,

Осы  шығар,

Тас-төбеңде  ән  ұшқан.

 

Бұрынғыдай,

Тер кепсе де,

Шөл кетпей,

Сұлулық-ай!

Сен  жеткенге мен  жетпей.

Теңіздегі,

Ақ  сәуленің  кескіні,

Киіздегі,

Қиып  салған  өрнектей.

 

О, Теңізім,

Шын  сұлулық  сен  деп ем,

Толқындарың  дүниені  тербеген.

Менің шөлім  –

Пендеден,

Әлем  жатыр  сұлулыққа  шөлдеген!

 

2

Сылдырындай  шолпының,

Сұлулықпен  табысып ем.

Толқының  қайда?

Толқының,

Аққудың  әні  сіңген.

 

Толқыма  жатты  көк  теңіз,

Қалдың ба  бір  сәт  ойланып?!

Төңірек  біткен  теп-тегіс,

Тыныштық  күйге  айналып!

 

Сабырлы  қарттай  қарайсың,

Маңайды  түгел  шолып  кең.

Кеудеңде  қалсам  абайсыз,

Кемпірқосақ  болып  мен.

 

Арынды  толқын  қайда  деп,

Жағаңа  келдім  іздеп  шын.

Төңкерілген  Айды  әкеп,

Төсіңде  сенің  жүзбекпін.

 

Сезімді  келдің  үрлеумен,

Жаттығың  жоқ  қой, 

Біргемін.

Өзіңдей  дауыл  жыр  кеудем,

Тоғыз  балл  аңсап  тұр  менің.

 

Дәл  тауып  перне  басқанда,

Сұлулық  жатыр  ән  салып,

Ән  тамып,

Қара  тастан  да,

Мен  тұрмын  соған  тамсанып.

 

Жұмақ  па?

Ах-һау  дегізген,

Жүректің  көркем  абаты.

Жылы  леп  соққан  теңізден,

Желпіген  аққу  қанаты.

 

Нұрланып  сырмақ  самал  кеш,

Зерленген  әнмен  өңірім.

Ақ тамақ  мінсіз,

Қайық  төс,

Шағала – аппақ  көңілім.

 

Арманда  көрген,

Көрмеген,

Толқындап  кеткен  тасып  ой.

Теңізде  тұрып  шөлдеген,

Сұлулық  деген  осы  ғой.

 

Егіліп  жеткен  өмір ме?

Төгіліп кеткен  бұл  маңға.

Сыйсын  ол  қалай  көңілге,

Әлемге  сыймай  тұрғанда!

 

Теңіз ғой осы,

Құдірет,

Жапырақ  жайып  көктеген.

Аумағы  үлкен  сүгірет,

Бояуы  әлі  кеппеген.



-- 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар