Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ежелгі Мысыр поэзиясы...

09.11.2015 4932

Ежелгі Мысыр поэзиясы

Ежелгі Мысыр поэзиясы - adebiportal.kz

Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауында ақын Кенжебай Ахметов поэзия аталымы бойынша 1-орын иеленді.  Оның Ежелгі Мысыр поэзиясынан аударған сөз маржандары кез келген оқырманды сол дәуірге жетелеп, ерекше сезім-күйге бөлейді.

 

 

Adebiportal.kz

 

   
 


 

 ЕЖЕЛГІ МЫСЫР ПОЭЗИЯСЫ

 (Б.д.д. ІІІ мыңжылдықтан басталатын жырлар, авторлары белгісіз)

 

 МАХАББАТ  КҮШІ

 

1

 

Сендік сезім баурап тән мен қанымды,

Сіңді оларға – суды шарап жеңгендей.

Тәтті дәмі ащы ырқына көнгендей,

Уыз сүтке бал хош иіс бергендей.

 

Жетсең етті қарындасқа,

Бәйге атындай – жұрттың қанын тасытқан;

Аш бұқадай –

Ақырына ашкөздене асыққан.

 

Көк сыйындай махаббатың –

От өртеген сабанды;

Қыран бүркіт, көктен бүрген тағы аңды.

 

2

 

Тұнық судың құдіретіне арбалдым.

Лотос – ерін, тұншықтырды жар демін.

Апельсин – төс, аңсарындай жалғанның,

Құшақ жазу... жетпейді ғой дәрменің.

 

Кипаристен өрген тұзақ секілді

Құтқармайды, ай маңдайы нұрлана.

Тұзағына түстім бұйра кекілдің,

Дала қазы алданғандай шырғаға.

 

3

 

Махаббаттан жалтаруға күш табылмас бойымнан,

Сезімімді алдауға да бой ұрман!

 

Мейлің, саба! Сүйіктімнен безе алман!

Мейлі, ұстаңдар күні бойы батпақта!

Қамшы астында Сирияға қу, мейлің,

Нубия асыр, ырық беріп тоқпаққа,

Мейлің, қақта аңызақ шөл өтіне,

Мейлің, таста Нілдің қиян шетіне.

 

Азғырынды ақылыңа илікпен,

Махаббатта айырылғанмын биліктен.

 

4

 

Нілді құлдай жүзіп кеттім, қамыс қайық салдым да.

Ырғағыңнан жаңылма, ескек, іркілме!

Мемфиске[1] апар, жалынайын Пта[2] құдай алдында –

Сүйіктімді берсін маған бұл түнде!

 

Өзен – шарап!

Пта құдай – қамысы, су бұлаңы,

Су тербеген жапырағы – Сехмет,

Қауыз – Иарит[3], Нефертум[4] – гүл сылаңы.

 

Жердің жүзі арайланып, таң атқан.

Қалқиды Алтын5 сұқтанып өз сәніне.

Құдай қолы мейірлене жаратқан

Мемфис алыс әлі де...

 

5

 

Ауру батқан сыңайлы,

Төсек тартам мен де шын.

Көршім көңіл сұрайды,

Сәулем неге келмесін?!

Тамыршы тап баспаған

Дертін өзі емдесін.

 

6

 

Қала сырты. Қарындасым тұратын үй – мынау үй,

Қос жақтаулы есігі шалқасынан қайрылған,

Ысырмасы бос қалыпты, шегелері майрылған.

Сүйіктім жүр – ашу билеп, шыдамынан айрылған.

 

Қақпашы етіп мені алса ғой, шіркін-ай!

Сүйіктімнің ашулы үнін есту үшін ұнатып –

Жүрер едім күнде есікті құлатып,

Тұрар едім жас баладай, қойған біреу жылатып.

 

7

 

Билеушінің Өзенінен[6] ағыс бойлай өттім де,

Кілт бұрылдым, Ра есімді басқа тұсқа бет түзіп.

Тасығанда Мертиудің өзені[7]

Шатырларды екі жаққа айырар,

Уақытты алмау үшін өткізіп.

 

Жүзіп келем, мерекеге кешікпесем жарады! –

Жүрегіммен Раға алас ұрамын.

Септессе екен көруіме Ағаны,

Бетке алғанда ол Билеушінің храмын.

 

Алдымыздан килікті өзен екпінді.

Гелиопольде, сенде қалды жүрегім,

Құдіретті Билеушінің тоғайына бет бұрдым,

Өзіңе еріп, бал-бұл жана іреңім.

 

Күн құдайы ағашынан бұтақтар

Үзіп алып, тұрмын сәнмен желпініп,

Жамалымды жасырсам да, алаңмын,

Жанарымды храм жаққа мен тігіп.

 

Бұйра шашты сылап қою бальзаммен,

Қолдарына қасиетті гүл алып,

Мысыр тәжін киген жандай сезінем –

Құшағыңа кіргенімде бұралып.

 

 

ҚАРЫНДАСТЫҢ

КӨК ШАЛҒЫННАН ҚАЙТҚАН КЕЗДЕГІ

ҒАЖАЙЫП ТА ҚУАНЫШТЫ ЖЫРЛАРЫНЫҢ

БАСТАУЫ

 

1

 

О, Ағатай! Білемін мен

Сырын сендік күйіктің.

Жалғыз алаң жүрегімде:

“Келер ме екен сүйіктім?!”


 

Жатсын деп жұрт жаңылысып,

Кездік, тұзақ алдым да,

Шықтым таңнан алып-ұшып,

Құс аулауға шалғынға.


 

Қаққан қанат ырғағымен

Ән еткендер Мысырды.

Шыр айналып... тырнағымен

Шырға – дәнді ысырды...


 

Жұпар шашты қауырсыннан

Пунт миррасы[8]. Ерідім...

Құсым – ғайып... ауырсынбан,

Сен келіпсің, серігім!


 

Тұзағымды жиып қойдым,

Құсқа алданып не етеміз?!

Жетегінде сүйікті ойдың

Қалдық енді жеке біз...


 

Күнде осылай от салғын

Жүрегіме, көк шалғын!

 

2

 

Дала қазы бұлқынбай ма,

Қалса торға шырмалып?

Асау, азат ырқым қайда?

Неге келдім ұрланып?..

 

Ау салғанда ұзақ күн мен,

Құс жоқ па еді далада?

Олжам қайда тұзаққа ілген, –

Не демекпін анама?

 

Тор құруға жетпей қалды ұзақ күн:

Күнді ләззат тұзағында ұзаттым.

 

3

 

Құс базары жаулап алды су бетін,

Дала қазы жағада тұр жұтынып.

Мен қайтейін су бетінің суретін,

Жатқанымда қасіретке жұтылып?

 

Мен – жалғызбын, сезімдерім үкілі

Сүйіктіммен кете алмады жарасып!

Бірақ... сенде – жүрегімнің лүпілі,

Сұлулығым жүрсе-дағы таласып.

 

4

 

Сені ойға алдым, сүйіктім, –

Кілт тоқтады жүрегім.

Оны қалай ұйыттың?!

 

Бәрі кенет аңдалды:

Бәрі – кермек... Өкінем.

Шарабың да бал дәмді –

Ащы екен құс өтінен.

 

Жалғыз соның ернінде –

Тіршілік тұр дір қағып...

Тілекті, Амон[9], бердің бе!.. –

Жүрек кетті-ау нұрланып!

 

5

 

Асылым-ау, менің жалғыз тілегім –

Жарың болсам, болсам саған сая бақ,

Білегіңде жатса менің білегім,

Махаббатым жүрсе сені аялап.

 

Кеудеңдегі жүрегімнен тілендім:

“Сүйіктімді жібер маған қонаға!

Онсыз түнім – түнегіндей түленнің,

Онсыз төсек айналады молаға”.

 

Күні-түні тек өзіңді аңсаған

Жүрек үшін сен аман бол, қорғаным!

Бір сен үшін Алтын нұрын қарсы алам,

Бақыт – сенің өмірде бар болғаның!

 

6

 

Қарлығаштар шыр-шыр етті күйіне:

“Таң бозарды, орал енді үйіңе!”

Ренжіме, құсым,

Мені де түсін!

 

Төсегінде балбырайды сүйіктім.

Сүйінеді жүрегім.

Кете алады мұндай сәтті қиып кім?! –

Оралады білегіне білегім.

 

Көзден қалыс көлеңкені таңдадық,

Қуаныштан кетті дүние тұмантып.

Ең бақытты – менмін, қара таңданып,

Кеткен жоқ ол жүрегіме мұң артып.

 

7

 

“Әне-міне кеп қалар, – деп, – ардағым!” –

Елеңдеймін, бар бейілім – қақпа жақ.

Күре жолды жанарыммен қармадым,

Әр дыбысты қалт жібермей қақпалап.

 

Махаббатым – көңілдегі алаңым,

Күту, күту – жүрегіме бүгін ем.

Махаббатқа, махаббатқа шаламын

Жүрегімді құрбандыққа, жүгінем!

 

Қанатты дос, сәлем жеткіз жарыма,

Аялдама, өз ұяңа қайта кел!

Қарайлама менің қайғы-зарыма, –

Алдаған ба?! – тұспалдамай айта бер!

 

Сүйіктім-ау, бақыт тапсаң басқадан,

Өзің келіп, алмадың ба мойынға?!

Біреу мені қалай сырып тастаған,

Шынымен-ақ, мен жоқпын ба ойыңда?!

 

8

 

Махаббатты неге ойға алдым бүгін мен?! –

Бұйра шашым біткен жоқ-ты өріліп:

Тарақ, шашты тастай сала, жүгіргем,

Тереземнен сен қалар деп көрініп.

 

О, махаббат, күтіп жүрсең шалғында –

Бұрымымды тез-тез өріп, дем сәтте

Тұрар ем ғой алдыңда!

 

 

ҚУАНЫШТЫ ЖЫРЛАР БАСТАУЫ

 

1

 

Мех-мех[10] гүлін қосақтадым шір-гүлге.

Сезім көнбей басуына ақылдың,

Арамызда қалмағандай сыр мүлде;

Еркім – сенде, құшағыңда жатырмын.

 

О, ардағым, от – сезімге жандым да,

Құшағыңнан таптым махаббатымды!

Тояты өзің жанардың да, жанның да,

Елітеді естігеннен атыңды.

 

Нұрда жүздім, сезгелі жар төсегін,

Қалай жүргем сезіміме бұғау сап?

Қандай сұрқай, суық еді кешегім,

Мәңгілікке созылса екен мынау сәт!

 

Мұңайса да, қуанса да жүрегім,

Кілті – сенде, біл емін!

 

2

 

Шырмауық тұр – шір-гүлде.

Саған тәжге шір-гүл өрдім бір күнде.

 

Бар тілеуім – бір өзің,

Өзіңсің – гүл-бақшам да:

Жұпар ескен гүл өсірем аялап,

Қарамастан таңсәрі, түн, ақшамға.

 

Сенің қазған құдығың

Бетке ұрады солтүстіктің самалын;

“Қандай салқын!..” – Құшағыңның құлымын, –

Таптым, білем, амалын...

 

Қолдарымыз түйісті,

Алаулады денеміз,

Жүрек – масаң...

Қол ұстасып келеміз...

 

Сенің үнің бал шараптай балқытты.

Тірі екенмін...

Қажет емес маған су мен нан тіпті, –

Жүрегіңде жүр екенмін...

 

 

ОНЫҢ БАҚШАСЫНДАҒЫ АҒАШТАР

 

Анар ағашының сөзі

 

Сұлу қыздың маржан тісін үлгі еттім

Дәндеріме. Оларға да ұнаған.

Жемісіме – оның төсі құрметті,

Жыл бойы өзім жапырағыммен сыланам.

 

Тал бойына жұпар бальзам сіңіріп,

Бал шарапқа масаюдан айығып,

Келген кезде көлеңкеме жүгіріп,

Қос ғашыққа сая болам жайылып.

 

Жыл маусымы алмасқанда кезектеп,

Сәні кетіп, тал төгеді көз жасын.

“Сүйкімімнен қол үздім”, – деп безектеп,

Мұңаймаймын жыл – он екі ай өз басым.

 

Үлгерместен ұшып менің гүлдерім,

Бұтағымда жаңа жеміс бүрлеймін.

Мәңгі гүлдеу – үлесім ғой бұл менің,

Өңі таю – оныңды мен білмеймін.

 

Әгәрәки, қалсаң мені кемсітіп,

Өздеріңе өздеріңнің обалың! –

Дүйім елдің жел – өсегін өршітіп,

Айдай болар қулықтарың, амалың!

 

Сүйкімдіге болар онда сыбаға –

Лотос гүлдің саудыраған сабаны,

Сүйікті де қалмас “сыйдан” құр, ада –

Бар ашуын сол сабаннан алады.

 

Сүйкімдісі сүйіктісін шеттетер,

Алға тартып мас болғанын сырадан.

Махаббатқа лайықты күн тек кетер

Қалқа астында, қамыстардан құраған.

 

– Рас, рас, жөн айтты анар ағашы!

Көңілінен шығайық,

Жат көзінен жасырады бізді оның панасы!

 

 

Інжірдің сөзі

 

Қандай ләззат – әлпештесе Сүйкімді!

Оған тең жоқ әйелде үлде-бүлделі!

Қызмет етем, қиып күлкі-ұйқымды,

Аздық етсе бабын табар күңдері.

 

Сирияның топырағында өнген ем,

Әкеліндім тұтқындайын байланып.

Сүйкімді ием бақшасына өң берем

Шырайлана, тамырларым майланып.

 

Қарашы енді, айылдарын жимайды,

Масайрайды бал шарапқа масайып.

Маған шарап тамшысын да қимайды,

Демейді де: “Салқын судан шашайық”.

 

Бұлар үшін салқын сая мен берген

Күндіз керек, рахаттан жан жай табар.

О, ғашықтар! Ант етейін, сендерден,

Бір күн туар өз кегімді қайтарар!

 

 

Сүйкімдінің өз қолымен отырғызылған

кішкентай сикомордың сөзі

 

Сикомордың жапырағы сыбдырлай,

Елітеді балдай тәтті жұпары.

Шыр айналар дүн-дүние бұлдырлай,

Көз жауласа бұраң белдей бұтағы.

 

Нарттай қызыл жемістері албырап,

Өзіне өзі тоқ көңілмен паңданар.

Жапырағы жалтылдаса сән құрап,

Інжу-маржан ілесе алмай, шаң қабар.

 

Мәрмәр тастан қашалғандай діңгегі

Қаздияды, тұрғандайын көк тіреп.

Күллі әлемді қуырса да Күн демі,

Сикомордан серпіледі отты леп.

 

Сүйкімді ием

Сөзін түйді шаттана.

Бақшашының қызы, желдей сырғыма,–

Құстай ұшты сағынышты хатты ала:

“Сүйікті жар, қонаққа кел құрбыңа.

 

Саған тіккен шатырлармен таласа,

Сая жаяр бақшаның тал, дарағы.

Елеңдеулі жол күткен жас балаша

Біздің үйдің өрені мен жараны.

 

Сергу үшін не керегін өзіңе

Қызметшіңнен жеткіз. Бәрін істетем.

Келеріңді сезінудің өзі де –

Бал шарапқа масаюдан күшті екен...

 

Малайларым

Ыдыстармен зыр қаға,

Жеткізеді алуан түрін ырыстың.

О, сүйіктім,

Тілегім бар бір ғана –

Өткізуге келсең етті бір үш күн!..”

 

...Сүйіктіге көзін сүзе жүз бұрған

Сүйкімдінің шырайы да оңалды.

Енді, міне, қызғандар мен

Қыздырған

Қатарласты, бауырға ала көгалды...

Екі ғашық әлдеқайда жоғалды...

 

Таңсық емес маған мұндай қылық та,

Көлеңкем де – ғашықтарға ыңғайлы.

Бәрін көрдім... Бірақ ауызым – құлыпта.

Ешкімге де жақ ашпаймын бұл жайлы.

 

 

ҰЛЫ ҚУАНЫШ СЫЙЛАУШЫНЫҢ

БАСТАУ СӨЗІ

 

БІРІНШІ ЖЫР

 

Бір сұлу бар – сыңарындай арайдың,

Жүзін көрсем, нұрға шомар айналам.

Жаңа жылдың жұлдызына[11] балаймын,

Бақытты жыл бастауында жайнаған.

 

Жанарына сәуле тұнып мейірлі,

Жамалына үйірілген шұғыла.

Еріндері ізгілікке бейілді,

Сөйлемейді сыпсың сөзге сұғына.

 

Бұйра шашы – самырсындай саялы,

Сұңғақ мойын – кипаристен үлгі алған.

Алақаны – Алтыннан да аялы,

Саусақтарын лотос дерсің, гүл жарған.

 

Жанарына жан баласы ілінбей,

Қозғалғаны – үр қызынан аумайды.

Бас изейді ол маған менмен күлімдей,

Сол қылығы жүрегімді жаулайды.

 

Оны көрсе, естен тана, ер біткен

Сүзіледі, ерік беріп көзіне.

Жалт қараса, – онда жігіт ерлікпен

Жау жеңгендей тәнті болар өзіне.

 

Үйден шықса Ол, жүгіреді ел жапырлай,

Бір құдайға тәу етердей, апырмай!

 

 

ЕКІНШІ ЖЫР

 

Екі ауыз сөз – дерт дәруі, шарасы.

Даусыңды аңсап, жүректе мұң өршиді.

Қол ұсыным – екі үйдің арасы,

Бірақ маған көру де мұң көрші үйді.

 

Анам сезсе мендегі дерт себебін,

Айрылам-ау мені арбаған көзден де!..

Сиқыр – көзбен арбасып-ақ келемін,

Сезім-шіркін жетектеуге төзген бе!?

 

Торығанша жанарыңмен жолымды,

Құшағыңа ал, өрт сезіммен құш мені!

Анашымнан сұра менің қолымды,

Талшық етпей тәтті елесті түстегі!

 

Менен көрсең жүрегіңнің сыңарын,

Келсеңші, Аға, жасқанудан тыйылып!

Қандырайын көңілдің көз-құмарын,

Ата-анам да масайрасын сүйініп.

 

Табылғанда жүректегі дерт емі,

Екі ғашық Бақыт жырын шертеді!

 

 

ҮШІНШІ ЖЫР

 

Үш тілек бар жүрегімді билеген:

Храм бару, жүзін көру Алтынның,

Жалбарыну... – Мехи түсті күймеден,

Көрді мені, мен де еріксіз талпындым.

 

Жүрегім-ау, албыртым-ау, аңғалым!

Мехиді мен көрмей қалай жүрмекпін?

Шуақ жүзген жұмақ еді жан-жағым,

Тағдырымды оған қалай күрметтің?

 

“Бір сен үшін жаралғанмын!” – десем бе?

Кетер ме едік дертімізден айығып?

Жүрсе, шіркін, дұға орнына кеселге

Үш қайтара есімімді қайырып!

 

 

ТӨРТІНШІ ЖЫР

 

Төрт есе тез кетер жүрек бұлқынып,

Іңкәр сезім билегенде дес бермей,

Асаудайын алқынады жұлқынып,

Бұғалықтың бұлтартпасын ескермей.

 

Мұрша жоқта сәнді көйлек ілуге,

Уақыт қайда желпуішті алуға?

Үлгермессің көзге сүрме сүруге,

Жай қалмай ма иісті май жағу да?

 

Қақ айырып қайғы-мұңның іргесін,

Келеді өзі қауышуға құмартып.

Шыда, жүрек! Даурықпа жұрт жүрмесін:

“Ғашықтықтан ауысқан!” – деп кінә артып.

 

Ғашық дерті буған кезде көзіңді,

Төрт есеге көбейт, жүрек, төзімді!

 

 

БЕСІНШІ ЖЫР

 

Бес дұғаммен Билеушісін Аспанның

Мадақ еттім, асқақтаттым Хатхорды.

Қабыл етті ақ тілеуін жас жанның

Шексіз Билік иесі де. Бақ қонды.

 

Алтын Хатхор тілеуімді құп алды,

Аяулыма жетті жүрек қалауы.

Қарындасым келді үйіме, тұманды

Көңілімде жанды шаттық алауы!

 

Масаттандым мақтанышқа малынып,

Дегенді естіп: “Келді Ол үйдің маңына!”

Жүзін көріп, Ұлы Дертке шалынып,

Бозбалалар бас ұрды, естен жаңыла.

 

Аңдамадым, көрген түстей жалт етіп,

Қалай өте шыққанын да үш күннің.

Ұзай берді Ол, жалынсам да ант етіп.

Бес күн болды – жалғыз қалған міскінмін.

 

 

АЛТЫНШЫ ЖЫР

 

Алты қадам аттау ғана жетпеді,

Қақпасы ашық тұрған еді жолымда.

Ол күлімдей, анасына беттеді,

Бауырлары еркелеп оң-солында.

 

Егіздесе жаралғандай Ұлыға,

Тал бойына бекзаттығы жарасқан

Бозбаладан тарайтындай шұғыла,

Өтуде жұрт мейірлене қарасқан.

 

Көңілімде шарпысуда сан ағын,

Сездім көзбен қуаларын ізімді.

Аңдадым да оның мұңлы жанарын,

Жүрегімде аппақ сәуле түзілді.

 

О, Құдырет, мені оттай жандырған

Сезімді анам түсінсе екен жаны ашып! –

Жүрер едім жанарымды талдырған

Сүйіктімнің қақпасынан әрі асып.

 

Аймалар ем, сүйер едім қанша мың,

Елемес ем ешкімнің сөз, көздерін!

Мені таңдап сүйгені үшін Аңсарым,

Қызғаныштан іші күйсін өзгенің!

 

Құдайыма той жасар ем ұдайы,

Табылса егер жүректегі жараға ем!

Рақым етсе Ғашықтардың құдайы,

Алты түн көз алмай, Оған қарар ем!

 

 

ЖЕТІНШІ ЖЫР

 

Жеті күн мен аяулымды көрмедім.

Топырақпен толтырылған мес – денем,

Өн бойыма салуда дерт өрмегін,

Есалаңмын, еліктірмес ештеңең.

 

Оқымысты емшілер жүр жүгіріп –

Айыра алмай дерттің сырын, тұрпатын.

Құшынаштың жеткен жері – тығырық,

Бұларға да сыр ашпады сырқатым.

 

Сыбырлашы Қарындастың есімін –

Қозғалайын қыран құстай қомданып.

Хабар жетіп, қақса үйімнің есігін –

Жүгірер ем, жүрегімді қолға алып!

 

Сезбейсің бе әуре екенін бұларың, –

Кетіңдерші, емші, құшынаш, енді әрі!

Сүйгенімнің есімі ғой – тұмарым,

Сүйіктімнің хабары ғой – ем-дәрі!

 

Оның көзі сәуле құйып ойыма,

Ол тіл қатса – от ойнайды қанымда,

Құшағынан қуат алам бойыма.

Жеті күн ол көрінбеді жанымда.

 

 

ҮШ ТІЛЕК

 

1

 

Қарындасқа асықсаңшы, патшаның

Шыдам сарқа күткен хабаршысындай,

Сәйгүлігі болса жолдан ақсабын,

Басқасы әзір жету үшін қысылмай:

 

Оған даяр жүйріктер мен жорғалар, –

Құстай ұшсын, күткен жанды бетке ала.

Қажет болса салқын күйме, ол да бар,

Демалуға хақысы жоқ тек қана.

 

Жеткен сәтте Қарындастың үйіне,

Шертіледі махаббаттың күйі де.

 

2

 

Шіркін, маған асықсаң ғой тұлпардай, –

Патша мінген, таңдаулыдан таңдалған;

Жер тарпыса – қара тасты ұнтардай,

Бауыр жазса – артында боз шаң қалған;

 

Қысы-жазы бұзбай бабын, мүсінін,

Астауынан жейтін жемін-азығын,

Құлақ шалса-ақ шыпыртқының ысылын,

Жұла шапқан арқандаулы қазығын.

 

Оған жетер хас жүйрік те табылмас,

Тоқтата алмас қыл арқаны шалманың.

Жүрегімен сезінеді Қарындас, –

Ол өзіне тым-тым жақын қалғанын.

 

3

 

Шіркін, маған асықсаң ғой, шөлдегі

Құлдыраған қарақұйрық секілді, –

Оның тоқтап, аялдауы – өлгені,

Желдей жүйткіп жетуге ол бекінді.

 

Алдырмасқа аңшы қосқан тазыға,

Тұяғынан шаң бораны ұйтқиды.

Қатер төнсе, бауырынан жазыла,

Үйіріне жету үшін жүйткиді.

 

Сен де, достым, Қарындасқа жеткенше,

Аялдама, аяңдама, алқынба, –

Саған солай бұйрық етті Алтын да.

 

 

ӨЗЕН ЖАНЫНДА

 

1

 

Арғы бетте Қарындас тұр мұң жұтып.

Ағады өзен асау толқын жүздіріп.

Қолтырауын сілекейін қылғытып,

Күншуақта жатыр жонын қыздырып.

 

Кесе жүздім арынды өзен ағысын,

Бетке соқты тарпаң толқын бұлқына.

Жиіледі жүрегімнің қағысы,

Өршелендім жағалауға ұмтыла.

 

Махаббатым дем берді де пірімдей,

Қанаттанып кетті сол сәт құлашым.

Қол созды Ол да саусақтары дірілдей,

Мың қайталап жаратқанға дұғасын.

 

Қолың соза алаңдайды патшайым,

Маңдайымнан сипайтындай жел – жібек.

Жағалауға жақындаған сәт сайын,

Ғашық жүрек бара жатыр елжіреп.

 

2

 

Мен оны аймаладым,

Ол мені аймалады.

Пунттың жұпар иісі

Жаулады айналаны!

 

3

 

Еріні үлбіреген

Ашылды әнтек қана –

Буынсыз күллі денем,

Масайдым тәлтек қаға!

 

4

 

Болсам, шіркін, мен өзіңе қара күң,

Арланбас ем аяғыңды жуғанға!

Ақ тәніңді аяласа жанарым,

Қол сілтер ем тірлікте той, думанға.

 

5

 

Кір жуушың болу – маған бақ дер ем,

Бар-жоғы бір ай ғана:

Көйлектерді жусам, тиген ақ денең,

Жұпарынан дүние шыр айнала!

 

6

 

Болар ма едім саусақтағы жүзігің!

Білмеймін, әттең, емін!

Қорығандай дүниенің қызығын,

Сен мені сақтар едің!

 

 

МӘҢГІ МАХАББАТ

 

1

 

Бақыт таптық мәңгілікке қосылып,

Жаратқан да бөле алмайды бізді енді.

Ант етемін, бізді айыру – бос үміт,

Қош көрмесең өзің ірге үзгенді.

 

Қалыс бізден тіршіліктің дүрмегі,

Қатер емес бізге енді қастық түк.

Ел жадында жаңғырығып жүргелі,

Бақи мекен сапарына бас тіктік.

 

Арай көмді қара жерді, аспанды,

Табыт үстін жапты шуақ себелеп.

Салтанаттан дос пен дұшпан жасқанды, –

Орындалды біз аңсаған керемет.

 

2

 

Ах, сен мәңгі тыныштықта жайландың,

Қайыр таптың, құт мекенге тұрақтап.

Мен де сенің елесіңе байландым,

Кете алмаймын бір күнге де жырақтап.

 

Елестейсің пәк бейнеңде кешегі,

Қиялымда бақыт тауып, малданам.

...Әдетімше, әке менен шешені

Балаларға әңгіме етіп, алданам.

 

 

ПТАХОТЕП[12] ҰЛАҒАТЫНАН

 

1

 

Қылық қылма, білім жиған жан, әбес,

Күмпіл мақтан күні жетпей солығар.

Ақыл кені данышпаннан ғана емес,

Кейде көзден қалыс жаннан жолығар.

 

Хас өнердің сарқылған ба жұмбағы,

Суреткерге жеткізген бе алар шың?

Ақыл – маржан, сыртын жапқан құм қабы,

Дән ұшырған күңнен кейде табарсың.

 

2

 

Қимас бауырдай, яки қымбат қонақтай

Шақырған жанның адал пейілін алғаусыз

Сақтағың келсе, көңілге қылау жолатпай, –

Абай болғайсың әйелден, баспа аңдаусыз.

 

Көзіңе сеніп, жіберіп алма мүлт қадам,

Сырына бойла, сұқтана бермей сыртына.

Талай өркеуде өкініш уын ұрттаған,

Еліге еріп тойымсыз көздің құртына.

 

Әйелдің тәні – көз тартқан інжу іспеттес,

Жаны бар пенде қарай да алмас жасқанбай.

Әйелді құшу – құйындай келте түс тектес,

Сырына қану – ажалмен аймаласқандай!

 

3

 

Берекеге бейіл болсаң, елге төксін үйің нұр.

Мейіріңмен мерейленіп, гүл жайнасын әйелің.

Аңсағанын алдына қой, қалауынша киіндір,

Сылануға сыйла жұпар шашқан бальзам мәйегін.

Әйел жанын жадырату – нағыз жайсаң ер ісі!

Әйел – егін, күтіміне сай өнетін жемісі.

 

 

ТҮҢІЛГЕННІҢ ӨЗ КӨҢІЛІМЕН ДАУЛАСУЫНАН

 

БІРІНШІ ШАҒЫНУ

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – саңғырықтай құс шашқан,

Мүңкігені аптап желмен ұштасқан.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – көр-жеріндей балықтың

Иістенген, қайнағанда жарық күн.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – ұясындай үйректің,

Иісіндей жапа жиған үймектің.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – дем тартқандай батпақтан,

Балықшының ау-бауындай қақ қатқан.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – қолтырауын деміндей,

Оған қоңсылардың көрген кебіндей.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – қасақана күйелей,

Пәк әйелге жапқан жала – күйедей.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – жайсаң жанын азаптай,

Бозбалаға жұққан өсек, мазақтай.

 

Көріп тұрсың, есімім де сұмпайы,

Жиіркенішті – ойы арамға бұрылған

Сатқын кенттей, патшалықтан жырылған.

 

 

ЕКІНШІ ШАҒЫНУ

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Ағайыннан ар қашқан,

Дос дұшпандай арбасқан.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Қарамастан бас-көзге,

Жұрт айналған ашкөзге.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Зорлықшылдар жол алған,

Ізгі жандар жоғалған.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Жамандық жүр дүрілдеп,

Жақсылық тұр дірілдеп.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Арсыздыққа құрбан ер

Болса, мәз боп тұрған ел!

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Жаудай көріп жақынын,

Батырған жұрт тақымын!

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Жайнаңдайды жауыздық,

Ақылдыда – ауыздық.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Өткеннен жоқ елес те,

Ізгі ізгімен егесте.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Достан безген мейірім.

Бөгденің бақ бейілін!

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Жанарда мұң байланған,

Бауыр теріс айналған.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Қомағайлық күш алған.

Қайыр қалай тұсалған?

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Беттен алып бәдік ой,

Төрге шықты жәдігөй.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Қалған дос жоқ бұрыннан,

Бәрі сыртқа бұрылған.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Бар адамнан бақ қашқан,

Досың жауға жақтасқан.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Жаныштап шер салмағы,

Жайсаң дос та қалмады.

 

Кімге бүгін мұң шағарсың?

Жерді жұлым-жұлым қып,

Билеп тұрса зұлымдық?

 

 

ҮШІНШІ ШАҒЫНУ

 

Маған ажал сезіледі бұл сәтте –

Жан қинаған аурудан құтылудай,

Тұтқынынан азаптың сытылудай.

 

Маған ажал сезіледі бұл сәтте –

Миррадай жұпар иіс тең келмеген,

Саялаудай желкенді жел кернеген.

 

Маған ажал сезіледі бұл сәтте –

Лотос гүлдің жұпары желпігендей,

Алаңсыздық елінде елтігендей.

 

Маған ажал сезіледі бұл сәтте –

Жорық бітіп, тұрғанда ошарыла,

Қасқа жолдай бастаған ошағыңа.

 

Маған ажал сезіледі бұл сәтте –

Дүниеге дүр сәуле шашылғандай,

Ақиқаттың астары ашылғандай.

 

Маған ажал сезіледі бұл сәтте –

Өз үйімдей аспанында күн күлген,

Оралғанда ұзақ қуғын-сүргіннен.

 

 

ТӨРТІНШІ ШАҒЫНУ

 

Шындығында, бақилыққа өткендер

Жан-тәнімен құдірет боп жаңғырып,

Жауыздықпен майдандасар мәңгілік.

 

Шындығында, бақилыққа өткендер

Ырыс сыйлай нәсіп терген жұртына,

Шуақ кешер, кемесіне нұр тұна.

 

Шындығында, бақилыққа өткендер

Қатарынан құдіретті Раның

Табар мәңгі қоныс болар тұрағын.

 

 

ЖЕРЛЕУ КЕЗІНДЕГІ ЗАР

 

Ішетін еді тарқамастан мастығы,

Сусыз Елде қармағаны құм болды-ау.

Түсетін еді қисапсыз толып астығы,

Бір уыс бидай мұң болды-ау.

 

 

 

ЕСКЕРТУЛЕР

 

ЕЖЕЛГІ МЫСЫР ПОЭЗИЯСЫ

 

Ежелгі Мысыр поэзиясының орыс тіліндегі аудармасын жасағандар – А.Ахматова, В.Потапова.

 

[1]Мемфис– Мысырдың ежелгі астанасы, Каирдың оңтүстігіне қарай орналасқан. Б.д.д. ХVІ ғасырдан бастап аса маңызды сауда орталығы және Пта құдайға тәу ету орталығы болған.

[2]Пта – құдайлардың билеушісі, тіршіліктегі бардың бәрін жаратушы. Ұсталар мен мүсіншілердің жарылқаушысы саналған. Ол әйелі Сехмет және ұлы Нефертуммен мемфис үштігін түзген. Ол жерлеу жамылғысымен қымтанған тақырбас адам кейпінде бейнеленген.

[3]Иарит – жылан кейіпті әйел құдай, перғауын билігінің қорғаушысы.

[4]Нефертум – Птаның ұлы. Ол басына лотос гүлін жамылған адам кейпінде бейнеленеді. Лотос жаралу мен өркендеуді меңзейді.

[5]Алтын– әйел құдайлар Хатхор мен Сехметке қатысты эпитет. Кей тұстарда Хатхорға аспан мен алыс елдердің құдайы ретінде тәу еткен. Оның қасиетті белгісі – систр, қасиетті хайуаны – сиыр болған.

[6]Билеушінің өзені – Гелиополь қаласының маңында болған. Қаланың ежелгі мысырлықтар тіліндегі атауы – Он.

[7]Мертиу өзені – Гелиополь аумағында болған. Мәтіннің бұл тұсындағы сөз – Ніл таситын кезде тойланатын мереке жайында.

[8]Пунт миррасы – яғни, Пунт – қазіргі Сомали жерінде болған ел. Мирра– Африка және араб жерлеріндегі өсімдіктерден алынатын шайыр тектес иісті май. Негізінен, денені сылау үшін қолданылады.

[9]Амон – ежелгі мысырлықтардың Күн құдайы. Әсіресе, Фивы жұрты қасиетті санаған.

[10]Мех-мех – қараот гүлі.

[11]Жаңа жылдың жұлдызы – Сириус, оның алғаш шығатын уақыты Ніл таситын және ауыл шаруашылық жұмыстарын бастайтын мезгілмен қатар келеді.

[12]Птахотеп – шамасы, б.д.д. ХХV ғасырдағы V династия перғауыны Исесидің бас кеңесшісі болса керек. Кейіннен ежелгі даналардың бірі ретінде танылған.

 

 

 

Орыс тілінен аударған: Кенжебай Ахметов.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар