Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қалихан Ысқақ, қаламгер: Мен оларды үлкен жазушы дей алмаймын

14.03.2016 519

Қалихан Ысқақ, қаламгер: Мен оларды үлкен жазушы дей алмаймын


«Қалихан ЫСҚАҚ еліне кетіп барады екен» – дегенді естіп, елең еттік. Алғашында біржола деп түсіндік. Сол оймен дереу Қалихан ағаға қоңырау шалдық. Ағамыз жолға дайындалып отыр едім деп кейіді. «Сізбен бір екі ауыз тілдессек», – деп біз де қоймаймыз. «Онда Шевчонконың бойындағы жалаң бұт шалдың жанына кел», – деді ағамыз. Махатма Гандидің саябағын меңзегені. Екеуміз саябақта бір сағатқа жуық әңгімелестік. Әңгімеміз төмендегіше өрбіді...


– Аға, тағы да елге кетіп бара жатыр екенсіз. Бұл жылдағы әдетіңіз көрінеді. Мұның әлдеқандай бір себебі бар ма?


– Он шақты жыл болды, мамыр туа сала елге кетіп қаламын. Алты ай жазды Алтайда өткізіп келемін. Соңғы жылдары елге жиі баруыма себеп Қатонқарағайдағы халық қатты жүдеп кетті. Азаматтардың көбі ағаш сатуды кәсіп қылып алған. Қарағайды түк қалдырмай кесіп, әкесін танытып Қытайға сатып жатыр екен. Адамдар ағаш үйлерін бұзып, сатып жіберген. Жылыжайларға дейін сатылып кетіпті. Біздің ауылдың жанындағы бір жылыжайдың өзі жылына бір жарым миллион теңге пайда келтіретін. Ақшасы барлар құрылыстардың барлығын жеке меншікке деп алып, ешбір іске пайдаланбай, құрылыс материалдарына сатып жіберген. «Қызыл кітапқа» енген аңдарды да қырып жатты. Дәрілік шөптерді тамырымен жұлып, түк қоймай сатты. Әр жерде отырған шекара қызметкерлерінің мұның бәрін күзетуге шамасы жоқ. Елге барғанда ақсақалдар жиналып: «Қалихан, енді сен түк жазбай кетсең де біз өкпелемейміз, разымыз. Одан да елге қара. Ауыл тозып барады. Қатонқарағайдың қарағайынан да, үйінен де түк қалмайтын түрі бар», – деді. Содан ойыма Қатонқарағай ауданының территориясын түгелімен мемлекеттік ұлттық парк жасау керек деген идея келді. Соған бес жыл уақытым кетті. «Қазправда», «Егемен Қазақстан», «Түркістан» газеттерінің бетінде Президентке, Үкіметке, Парламентке екі дүркін хат жаздым. Оған кезінде Қасым Қайсенов ағамыздан бастап, Бибігүл Төлегеновалар қол қойып, қолдау білдірді. Бес жылдан соң бұрынғы Қатонқарағай ауданының 363 гектар жері мемлекеттік ұлттық парк болып жарияланып, Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Одан кейін де жергілікті атқамінерлермен төбелесуге тура келді. Арыздан арыз. «Халыққа қиын болды. Отынға, құрылыс материалына жарымай жатыр», – деген сөздер айтылды. Ұлттық парктің бір жақсы жері мемлекеттік шекара Халықаралық конвенсиямен қорғалады. Енді парктің ішіне ешкім кіре алмайды. Қазір ел тыныштанды, жағдайы да жақсарды.


Бұл жолғы елге бара жатқанымның себебі, жасыратыны жоқ, қартайғаннан кейін адам қала тірлігіне шыдамайды екен. Қалада тұрғаныма алпыс екі жыл болды. Ертең өле қалсам да, туған жердің топырағында жатқаным дұрыс. Кеңсайға жұртпен таласқым келмейді. Әрі бір жылдан бері екі аяғым жүруден қалып барады. Кальций жетіспейді. Басқа жерім сап-сау. Жиырма күн болды қолыма еріксіз таяқ ұстадым. Оныма кемпірім «шал болдың» деп ренжиді. Басқасы-басқа аяқтан көрген жаман екен. Елге осы кеткенімнен күздің екінші айында ораламын. Қазір Алтайда күн суық дейді. Жолай Марқакөлге тоқтап, біраз күн демаламын да, Алтайға тартамын.


– Жақсының артына сөз ереді деген сөз бар ғой. Сіз ел назарындағы жазушысыз. Тура айтсақ, ренжімеңіз. «Жұлдыз» журналында істеп жүрсеңіз де жұрт сізді «үйкүшік» болып кетті. Қоғамдағы ешқандай мәселеге араласпайды. Бұйығы болып барады» дейді. Ол неліктен?


– Мен барлық пікірімді кезінде газет-журналдың бетінде көп айттым. Бір ауданның территориясын аман сақтап қалу үшін атқарған жаңағы ісімді қоғамдық мәселе деп кім айтпайды? Білдей бір ауданның мәселесін шешуге қазір қай жазушы араласып жатыр? Соңғы кезде Алматыдағы емес, Қатонқарағайдағы халықтың мәселесін шешуге атсалысып жүрмін. Ауылда халықтың кейбірі жерінен айрылып қалған. Біздің елде бұғы, ара совхоздары бар еді. Соның бәрін Алматы мен Астананың, Өскеменнің ақшалы адамдары мемлекеттің меншігі деп өтірік құжат жасатып алған. Оны былай қойғанда, шаруалардың қолындағы жерді де иемденіп алыпты. «Үйкүшік» болған түгім жоқ, елдегі осындай мәселелерге араластым.


– Біреулер «Қатонқарағай жақта аудан сізге арнап қарағайдан үй салып беріпті. Қалихан Ысқақ сол қарағайдан тұрғызылған үйін бұзып, Алматыға көшіріп әкеліпті» дейді. Осы рас па?


– Аудан маған ешқандай үй салып берген жоқ, оның бәрі – жай әңгіме. Өзім ол үйге бір жарым миллион қаржы жұмсадым. Салуға ағайын-туғаным болысты. Қарағайдан тұрғызылған үйімді бұзып, Алматыға көшіріп әкелгем жоқ. Бұзсам, алты ай жаз қайда тұрамын? Әлихан, Абылайхан деген екі ұлым, Самал деген жалғыз қызым бар. Кіші ұлым үйленгенде Қатонқарағайдан төрт бөлмелі үй сатып алып, соның құрылыс материалдарын осындағы Бағанашыл жаққа әкеп, ұлға үй салдық. Елден ағайын-туысымыз келіп, бір аптада тұрғызып берді.


– Осы сіздің шығармашылық белсенділігіңіз қай жерде өнімді? Ауылда ма, қалада ма?


– Ауылда мен бір сөйлем де жазбаймын. Қолыма қалам ұстамаймын. Табиғатымда алысқа кетіп, елді сағынып отырып жазбасам жаза алмаймын. Көбіне күзде, жаңбырлы күзде жазу әдетім. Мен тамылжыған табиғаттың астында отырып жазбаймын. Оның бәрі көшірме болып кетеді. Жазушыға ең алдымен керегі – тіл мен шығармашылық фантазия. Қартайғанда адам бала кезін, жастық шағын қатты сағынады екен. Қазір мен сөйтіп жүрмін. Мен үш жасымнан бастап болған оқиғалардың бәрін білем. Үш жасымда әпкем «халық жауы» болып, айдалып кетті. Сол оқиға күні бүгінгідей көз алдымда. Әкемді көрмедім. Әкем бір жасымда түнімен жылқы күзетіп келіп, таңертең мені бауырына алып ұйықтап жатқанында ауырмай-сырқамай жүріп кетіпті. Он төртке келгенде шешеміз қайтты. Содан мені әпкелерім жетілдірді. Атадан жалғыз болғандықтан, мені аяқтандыруға олар жалғыз көйлегін сатса да барын салды. Бала кезім есіме орала беретіні сондықтан.


– Аға, қазір біздің үлкен жазушыларымыздың бәрі мемуар жазып кетті. Бұл неліктен? Сонда олардың мүмкіндігі естелік жазумен ғана шектелгені ме?


– Менің өзім де естелік дүниелерге көштім. Елдің жағдайын, өткен күндерді, өзімнің ортамды, замандастарымды жазып жүрмін. Сол себепті «Келмес күндер елесіне» отырдым. Нені жазам деп қиналмаймын. Тақырып таппай, сенделіп жүру менде болған емес. «Қалай жазам» деп ойланып жүрем. Тәуелсіздік алғаннан кейін жұрттың бәрі елдің жағдайын жапа-тармағай жазып жатқанда «Беу, ақсақ дүние!» деген повесть жаздым. Ағайынды екі адамның бір-біріне топырақ сала алмай қалғанын суреттедім. Қазір кітап оқитын оқырман азайып барады ғой. Содан болу керек, сол повесімнің оқылмай жатқаны. Өз басым «Беу, ақсақ дүниені!» шығармаларымның ішіндегі ең бір шоқтығы биігі деп бағалаймын.


– Бірақ бәрібір де өмірінің соңына дейін белсенді болған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер естелік жазған жоқ қой. «Өмір мектебін» жазған Сәбит Мұқанов болмаса. Бұған не дейсіз?


– Мұқанов естелік жазуды ерте бастады. Ал қалғандары өлеміз деп ойлаған жоқ. Алпыстың ішінде кетті.


– Әйтсе де сол жазушылар кезінде бір-бірінің шығармашылығын бағалап мақала жазатын. Ғабит Мүсіреповтің Әуезов шығармашылығы туралы үлкен мақаласы есіңізде шығар. Осы дәстүр қазіргі үлкен жазушылардың арасында үзіліп бара жатқандай. Қазір көбі естелік жазған болады. Бірақ естеліктерде де бір-бірін іліп-шалу, кек алу байқалады. Әрі әдеби ортада мүйізі қарағайдай үлкен жазушылардың басы піспейтіні аңғарылып жүр. Мұның себебі неліктен?


– Үлкен жазушылар дегеннен кім қалды дейсің қазір? Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Таразилер ме? Мен оларды үлкен жазушылар дей алмаймын. Олар қарап жүріп жүдеп бара жатыр. Менің түсінігімдегі үлкен жазушылар – Әуезов, Мүсірепов, Мұқановтар. Қолыма қалам ұстап жаза бастағаннан мен Сапарғали Бегалин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев сынды үлкендердің қолтығында жүрдім. Олар мені баласынған жоқ. «Мына «молокосос» не ойлайды екен?», – деп ылғи да менің пікірімді сұрайтын. Сөзден сүрінсем, сынай жүріп, өрге сүйрейтін. Қазіргі үлкен жазушыларда мұндай қасиет жоқ. Мен көрген Мүсіреповтей ұлылардың бір-біріне кекшілдігі болған жоқ. Бәрін жасаған саясат.


– Ал қазіргі жазушылардың бір-бірін іліп шалуын, кек алуын қалай түсінеміз сонда? Қазір ондай кеңестік идеология да, саясат та жоқ қой.


– Қазіргілердің бір-бірін іліп шалуы, кек алуы тек қызғаныштан. Қызғаныштың қызыл иті ешқашан тоймайды емес пе? Біреуді мақтап жатса, екіншісі «мен қайда қалдым» деп шығады. Бірінің жазған керемет туындысын екіншісі көре алмайды. Әрі қазіргілерде эгоизм басым. Заман эгоизмді өте өсіріп жіберді. Біреуге дүние бітсе де жеккөрінінішті, жақсы шығарма жазса да жеккөрінішті. Мұның бәрі айналып келіп халықты дегредацияға ұшаратады.


– Сіздің қатарластарыңыздың кейбірі роман жазуға енді қалған уақытымды шығындамайын деп шағын жанрларға көшті. Сіз не жазып жүрсіз?


– Мәселе уақыттың жетпеуінде емес. Мен қазіргі прозаға разы емеспін. Бүгінде прозаның техникасын меңгермеген жастар повесть, роман жазып жүр. Біз сауатсызданып бара жатырмыз. Университетте бізге Әуезов дәріс берді. Қазір кілең бәлду-шәлдулер сабақ береді. Драматургияның не екенін білмей жатып, пьеса жазатындар бар. Ал драматургия – ең бір «қақпас», «кәрі», «қиын» жанр. Біздегілер соған қалам сілтейді. Қазір алдыңғы буын мен кейінгі жастардың арасындағы байланыс та үзіліп кетті. Жастар кәрілерге жоламайды. Кәрілердің кеңесі керегі жоқ деп есептейді. Өздерінше данышпан. Ағылшын, неміс, жапон болғысы келеді. Соларша жазады. Себебі, қазақ болудан қашықтап барады. Бірақ қайда бара жатқандарын өздері де білмейді. Менің «жазсам тек қазағым үшін ғана жазамын» деген принціпім бар. Жазуға қазақтың басында материал көп. Неге Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармаларында қазақтар суреттеледі? Өйткені қазақтай ауыр трагедияны басынан кешкен халық жоқ.


Қазір «Келмес күндер елесін» бітірсем деп жүрмін. Аяқтап қалған дүние еді. Екінші сыныпта оқитын немерем келіп, компьютерге сурет салып, шұқылапты. Ол кеткен соң жазайын деп отырсам, бірінші бетім жүзінші бет, жүзінші бетім бесінші бет болып шашылып жүр. Қалпына келтіру үшін компьютердің ана жерін де, мына жерін де шұқылай беріппін. Содан бәрі быт-шыт болып, 382 бетті шашып алып, сол уайым болды. Қағаз бен қаламсапты көргім келмей кетті. Отырамын да, ойымдағыны бірден мәшіңкеге түсіретінмін. Келе-келе мәшіңке тарсылдап, үйдегілердің мазасын алған соң компьютерге көштім. Жас ұлғайған сайын адам қажиды екен. Бұрын мен он сөзден бір сөзді таңдап жазатынмын. Қазір жүзден біреуді ғана аламын. Жасы ұлғайған сайын адам өз-өзіне сыншы болады екен. Оның қаламды тежейтін зияны да бар. Әрі жазуға қазір төзім жетпейді. Компьютердің алдында жарты сағаттан артық отыра алмаймын. Баста сайрап тұрған дүниені қағазға түсіруге қартайғанда енжарлық танытады екенсің. Тіпті, жазбай тұрып, өз-өзіме көңілім толмай тұратын кездерім болады.


– Әңгімеңізге рахмет!



Сұхбаттасқан – Қарлыға Ибрагимова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар