Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Олжас Қасым:"Біз адасып кетейікші сөздерден..."...

12.08.2015 3239

Олжас Қасым:"Біз адасып кетейікші сөздерден..."

Олжас Қасым:"Біз адасып кетейікші сөздерден..." - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға ақын, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты Олжас Қасымның өлеңдеріне ақын Әскерхан Ақтайдың жазған пікірін ұсынамыз. 


 

 

www.adebiportal.kz
 

 

10473407_608287829286414_1473722308580580143_n.jpg 
 


 

Шәку апа

 

 

Кей-кейде ауық мұңға кезек беріп,

Ағысқа қарсы жүзіп, өжеттеніп.

Шәку апа жүретін әр қыратта,

Тынбастан қап арқалап, тезек теріп.

 

Егесіп Жаратқанның жаңбырымен,

Белдесіп барқыт белдің шалғынымен.

Арманын асқар тауға аттандырып,

Алагеуім жолығар таң нұрымен. 

 

Көңілінен беймәлім күй ақтарып,

Мезгілдерден мезгілге сый ап барып.

Бәрін түгел білетін бел-белестің,

Ауылдың геологы сияқтанып. 

 

Апаға күн сәулесі тарайтұғын,

Қайранбыз, алмайды деп қалай тыным?

Ауылдың бар сиыры сезуші еді,

Тезегінің  кәдеге жарайтынын. 

 

Тезек термей таңы атып, кеші өтпейтін,

Ертеңін елден бұрын есептейтін.

«Қартайғанда жатпай ма үйінде?»,-деп,

Оны ауыл әйелдері өсектейтін.

 

Бойынан жүретұғын екпін есіп,

Қиындықты жеңетін тек күресіп.

Денсаулығы сыр бере бастаған соң,

Шәку апа Семейге кетті көшіп.

 

Оны іздеп әлдеқайдан жел үреді,

Тезекке толды ауылдың төңірегі.

Тезек термек түгілі көбі бүгін,

Дәретке шығуға да ерінеді.

 

Ойларға батам кейде тұншығып мың,

Көктеуі үшін балғын бір шыбықтың.

Бәріміз де сол апа сияқтымыз,

Тезегін теріп жүрген тіршіліктің. 

 

 

Сұрақ белгі

 

 

Тағдыр оған тау қылып сынақ берді,

Атам бірақ, әлінше шыдап көрді.

Бұрындары леп белгі сияқты еді,

Ал, бүгін аумай қалған сұрақ белгі. 

 

Ол тұрғанда арман жоқ менде бөтен,

Өмірін өлеңіммен тербеп өтем.

Жерге қарап бүгіліп жүреді атам,

Дегендей түптің-түбі жерге кетем!

 

Жанымызға мәңгілік тұрақ бар ма?

Ілгері шығарғанмен мұратты алға.

Жастық шағың — леп белгі, бір күндері,

Леп белгілер айналар сұрақтарға.

 

Телпегін таршылықтың басқа киіп,

Еңсесін түсірмейтін басса күйік.

Сауалы таусылмайтын қайран уақыт,

Адамды да сұрақ қып тастады иіп.

 

Ғұмыр-ай, бағынтасың соныңды ұқтым,

Кеудеме шегендедің өмірлік мұң.

Талай жыл шойын жолдың бүккен белін,

О, мезгіл атамның да белін бүктің.

 

Қалай ғана бұзармыз тұзақты бұл,

Жанымнан өшіре алман сызатты бір.   

Леп белгілер өшеді парақтардан,

Сұрақ белгі сүреді ұзақ ғұмыр.

 

Мен едім даусын көкке жеткізген ұл,

Тұсымнан дауылыңды соққыз небір.

Шаңырағыңа шалқайып келгендерді,

Есігіңнен еңкейтпей өткізбе өмір.

 

Тыңда біраз, боз дала құлақ қойып,

Уақытыңды жоқтама жылап қойып.

Сұрақ беріп мені өмір қинады көп,

Мен де өмірге кетемін сұрақ қойып. 

 

 

 

Көнекөзім 

 

 

Дүбіріменен өмірдің,

Керуен боп пенде көшкен көп.

Сүйегі асыл бабалар,

Жүрегімізден көшкен жоқ.

 

Үйіміз ауыл шетінде - 

Жер бетіндегі еншіміз.

Бықия ақсақал біздерден,

Бөлектенбейтін көршіміз.

 

Баптайтын-дағы сұр атын,

Батпандай ойға бататын.

Таң ата сала тұратын,

Күн батар шақта жататын.

 

Бір құшақ отын әкеліп,

Маздатып пешті алатын.

Алаумен бірге лаулатып,

Көзіме шырақ жағатын.

 

Бойыма тарап әз үні,

От болып маздағаным-ай!

Маңдайындағы әжімі,

Жалғанның жазбаларындай.

 

Содан соң, атқа бағыштай,

Арқан өретін кендірден.

Атамнан тағы қалыспай

Ой өретінмін мен бірден.

 

Қалмайтын мүлде тұрақтап,

Айлар да жатты алмасып.

Желісі кетті-ау жырақтап,

Келешектермен жалғасып.

 

Көңілдің гүлін теруші ед,

Атамыз бүгін жоқ қолда.

Шындықты жақсы көруші ед,

Шын дүниеге кетті ол да.

 

Ертеңгі күнге сайланып,

Ұйқыға ерте жатамыз.

Шайменен бірге жайланып,

Мұң ішуші еді атамыз.

 

Сол күні сырнай — санаңмен,

Жайлы бір сазды жырладың.

Шұғылалы күндей баттың да,

Таңменен неге тұрмадың?

 

Мұң дәмін татырғаның ба?

Жүректі кеттің жылатып.

Шәй ұрттап отырғаныңда,

Сені ұрттап қойды-ау уақыт!!!

 

 

 

Адасайық 

 

 

Сүйінішін, күйінішін тағдырдың,

Өткен күннің үлесіне қалдырдым.

Арасымен сілбілеген жаңбырдың.   

Жүр, адасып кетейікші жан құрбым.

 

Барайықшы елсіз жерге кез келген,

Жетейікші өлкелерге өзгерген.

Біз адасып кетейікші даулардан,

Біз адасып кетейікші сөздерден. 

 

Сонда ғана жүрек мұңнан аршылар,

Сонда ғана базынамыз таусылар. 

Ол жақта да екеумізге ұқсайтын,

Ойда жоқта - адасқандар бар шығар.

 

Осылай бір түсініксіз хал кешем,

Талай мәрте ессіз күнде қалды есем.

Мен сенбеймін, мақсат, мұрат, арманға,

Адаспай-ақ жеткен адам бар десең.

 

Жол да адасқан өзін түннен іздеуде,

Адасқан тау аңыраяр құз кеуде.

Қара да тұр орта жолдан, өр жолдан, 

Адасқан жел қосылады біздерге. 

 

Уақыттың иінінде ырғалған.  

Сабақ алдым адастырған жылдардан,

Сен де бізбен адасып көр дүние.   

Адастырмақ ойыны ғой бұл жалған.  

 

Адасудан болмас бізге сірә айып.

Ауық ауық алған жақсы мұңайып. 

Адасайық, сол адасу арқылы,

Өзімізді тауып алып тұрайық.    

 


 

 

Ауыл дәптері

 


 

Өзіңе тоқтады кеп сол баяғы ұл,

Бұл ауыл, шаттығымнан шалғай ауыл.

Жеткенім алып-ұшып, жеңіл еді,

Кеткенім енді сенен қандай ауыр. 

 

Күлкісі қайда кеткен қыз-жігіттің,

Жүретін бір біріне үздігіп тым?  

Кетерін білмеппіз ғой ауылдастың,

Мекенін тас-талқан ғып ізгіліктің.

 

Жол ғана келешектен үмітті еткен,

Жүр мені осы жаққа бұрып көптен. 

Тұлпарлар түсіме енді жер тарпыған,

Тұқымы әлдеқашан құрып кеткен.

 

Қарт та жоқ ақ самайын әжім басқан,

Құс та жоқ ерке желге сазын қосқан.

Менің ескі дертімдей дала жатыр,

Полигонның сынағы жазылмастан.

 

Айқай салсам ести ме даусымды аспан?

Жүрегімнен мазасыз маусымды ашқан.

Осынау бір өлкеге мөлт-мөлт етіп,

Жаңбыр ұзақ жауады таусылмастан.

 

Бұл күйді абыз кешкен, мұңлық кешкен,

Кетерсің тірлік дейтін ілбіп көшпен.

Жабырқап жаутаңдама, жайсаңым-ау,

Мен сені қайда апарам, КІНДІККЕСКЕН?   

 

 

***

 

Содан бері үйір-үйір жыл өтті, 

Өкіндірді, шаттандырды, жүдетті. 

Глобусты тепкен күнім оралып, 

Тепкілейді мынау нәзік жүректі. 

 

Осы нәзік жүрегіме толса мұң, 

Көз алдымда көлбеңдейді сол шағым. 

Менің бала кезімдегі ойындай, 

Қазір әлем теуіп жатыр жер шарын. 

 

Үрейленіп бұл қара жер жылаған, 

Шыдау керек, шыдай берер, шыдаған. 

«Қойыңдар» деп  кеп қалатын секілді, 

Менің әлгі ұстазымдай бір адам.     

 

 

 

Түсірердей есіме

 

 

Түсірердей есіме,

Сәттерімді бұрынғы.

Аялаймын үнемі,

Сол аяулы ғұмырды.   

Кезең туса дәл бүгін,

Сипар едім шіркін-ай,

Өзендей боп есілген,

Толқын-толқын бұрымды. 

 

Ол дегенде жүректе,

Ойнай кетер күй-әуен.

Шаһар емес әлемді,

Бір өзіне қияр ем.

Асқардайын тым биік,

Еңсесіне сүйсеніп,

Теңіздейін тұңғиық,

Жанарына сияр ем.

 

Бір сағыныш ауырсам,

Жазардайын мені емдеп.

Ести қалсам есімін,

Жүрмін әлі елеңдеп.

Хат жазыпты шалғайдан,

Сағыныштың жасымен,

Сәті түссе жақында,

Астанаға келем деп. 

 

Ойлап тұрам мен соны,

Атса болды құба таң.

Көңіл дейтін көктемде,

Соған арнап гүл атам.

Сонау жылы серт байлап,

Айрылмасқа бекінген,

Шынымды айтсам мен оның,

Күйеуін де ұнатам. 

 

Біз етене жақынбыз,

Тым шалғайда жүрсе де ол.

Жалғандағы жалғызым,

Асыл досым шын сенер.

Күншіл емес, шыншыл боп,

Елге жаққан еңселім,

Жыласа шын жылайды,

Шын күледі күлсе егер.

 

Сүйем сені сүйем деп,

Оған алғаш серт бердім.

Ондағы әппақ жүректен, 

өмір дейтін өрт көрдім. 

Ұйқымды алды түнімен,

Күлкімді алды күн болса,

Сол сүйкімді жан үшін,

Түн ұйқымды төрт бөлдім.  

 

Енер болсаң қайтер ең,

Дәл мендегі күйге сен.

Мен үйлессем әуелі,

Сол бір жанмен үйлесем. 

Маған ешбір тіршілік,

Тірек бола алмайды,

Ауылдағы анамның,

Маңдайынан сүймесем!

 

 


 

 

  

****


 

 

1511056_743600605759658_6500004840226037684_n.jpg 
 


 

Өлеңді оқыған сәттен-ақ жасандылық жоқ, шынайылығын сездім. Сөздерді күшпен иію, телу деген әрекеттерден аулақ екен, жеңіл оқылады. Ойы орамды түсінікті өрілген. Алайда қарай отырсақ:

Жол басындағы:

"Кей-кейде ауық мұңға кезек беріп", – деген жолдағы ауық мұң сөзі кезек сөзімен қабаттаса келіп тұр. Синонм сөздер. Сосын:

"Ауылдың бар сиыры сезуші еді,

Тезегінің кәдеге жарайтынын", – деген жолды қайта қарап, көркемдік жағына аңғарса екен.


 

"Оны ауыл әйелдері өсектейтін,

Дәретке шығуға да ерінеді, – деген жолдарға да мән беру керек. Сонымен бірге бұл өлеңде ұтымды теңеулер мен сәтті шумақтарда кездеседі.

 

"Сұрақ белгі" өлеңі де бір тыныспен жазылған екен. Алайда, бұл өлең Мұқағалидың:


 

"Шешем менің иілген сұрау белгі..." деп басталатын өлеңінің ізімен жазылғандай көрінді маған. Әйтсе де,  бұл өлеңде сөз қолданыс та, ойларды түйіндеуде ілгерілеу барын аңғардым.

 

Жанымызда мәңгілік тұрақ бар ма,

Ілгері шығарғанмен мұратты алға.

Жастық шағың леп белгі бір күндері,

Леп белгі айналар сұрақтарға...

 

немесе:

 

Шаңырағыңа шалқайып келгендерді,

Есігіңнен еңкейтпей өткізбе, өмір;

және

Мен де өмірге кетемін сұрақ қойып,  – деген көптеген ойлы жолдарды оқыдым. 

Бұл өлең ойлы жыр деп бағаладым!

 

"Көнекөзім" жырына да біраз ойлар мен ұсыныстар айта кету орынды деп ойладым. Өлең ақсақалдың бейнесін ашқан. Қария жүзіндегі даналық, пен қарапайымдылық, бауырмалдық, әр шумақта әсерлі көрініс тапқан.

 

Баптайтын-дағы сұр атын,

Батпандай ойға бататын.

Таң ата сала тұратын,

Күн батар шақта жататын.

 

Бір құшақ отын әкеліп,

Маздатып пешті алатын.

Алаумен бірге лаулатып,

Көзіме шырақ жағатын.

 

Мұң дәмін татырғаның ба?

Жүректі кеттің жылатып.

Шәй ұрттап отырғаныңда,

Сені ұрттап қойды-ау уақыт!

Осындай кестелі ойлар өлең шырайын ашып тұр. Тек "Күн батар шақта жататын» осы жолды аңғару керек секілді" 

және "Арқан өретін кендірден" деген жолды "таспамен", "қайыспен" деп алмастырса тіптен жыр шырайын ашар еді деген ойдамын.

 

"Адасайық" деген өлең жақсы лирикалық жыр екен деп бағаладым. Жастық пен махаббат, мөлдірлікке тұнып тұр екен.

 

Арасымен сілбілеген жаңбырдың.  

Жүр, адасып кетейікші жан құрбым.

Сонда ғана жүрек мұңнан аршылар,

Сонда ғана базынамыз таусылар.

Сен де бізбен адасып көр дүние.  

Адастырмақ ойыны ғой бұл жалған. 

Өлең өте түйінді, басы артық сөз, қосарлы ойы жоқ, бір ретпен әсерлі жазылыпты. Жаңбырдан кейінгі дала келбетіндей жан дүиені жадыратар, тазартар жыр екен.

 

"Ауыл дәптері" жырын оқығанда көз алдыма алтын бесік, қарашаңырақ ауыл елестеді, бірден. Қыр қыраттардың жусан исін аңқытып дала самалы желпіп өткендей болды.

Айқай салсам ести ме даусымды аспан?, – деп қалада қамығып, туған жерін аңсаған ұлан келді көз алдыма.


 

"Түсердей есіме" өлеңі төкпе үлгіде жазылыпты.

 

Толқын толқын бұрымды,

Жыласа шын жылайды,

Шын күледі күлсе егер, – деп жақсы түйінделген өлең екен. Дегенмен арасында қайта қарауға болатын шумақтар мен ауыстыруға келетін сөздер бар екенін де айта кетуді жөн көрдім.

 

Қорыта айтқанда, өлеңдерде шындық, ой толқындары, жүректегі тебіреніс сәттерердің ұшқындары бар, сезіммен жазылған деп бағаладым. Жырдың иесін білмесемде менің түйген ойым осы... 


 

Әскерхан Ақтай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар