Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ: Әдебиет дейсіз бе? Ол да жетісіп тұрған жоқ.

01.03.2016 330

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ: Әдебиет дейсіз бе? Ол да жетісіп тұрған жоқ.



photo-1.jpg

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына аяқ бастық. Мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілі өз мәртебесіне лайық құрметке бөлене алған жоқ. Біздегі заңдар мен жарғылар, қаулылар мен шешімдердің көбі негізінен орыс тілінде дайындалып, артынан мемлекеттік тілге аударылады.


Мұндай олқылықтың орны мемлекеттік мекемелер тұтастай мемлекеттік тілге көшкенде ғана жойылар деген үмітпен өмір сүріп келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Жуырда 2025 жылы барлық іс қағазын мемлекеттік тілге көшіреміз деген уәжді естідік. Одан бұрын 2020 жылы көшіп болатынымызға имандай сенгеніміз және шын. Солай айтқан. Бағдарламасы әлі өзгерген жоқ. Тек ойы өзгерді…


Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасының жоспарына сенсек, бұған дейін кейбір облыстар мен мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілге көшіп болды. Шын ба екен?.. Күмәніміз бар. Мәселе тек іс-қағазды қазақша жүргізуге тіреліп тұрса, онда осыған дейін мемлекеттік тілге көшіп болды делінетін облыстар мен мекемелерде бәрі ойдағыдай болуға тиіс қой… Ондай ақпаратты естімедік. Көптеген облыстар мен мемлекеттік мекемелерде әлі де болса тілдік мәселенің ушығып тұрғанын жасырғаннан мемлекетке де, қарапайым халыққа да пайда жоқ. Мемлекеттік тіл төңірегінде көтерілген мәселелер, айтылған идеялар, ұсыныс-пікірлер, берген уәделер мен орындалмаған арман-тілектер шаш-етектен. 25 жыл бойы толастамаған дау-дамайдың бәрін жинасаңыз, оқу үшін бір адамның өмірі жетпесі анық.


Шындығында, әдемі сөздер мен қағаз жүзінде қабылданған талай шешімдер бар, егер олардың бәрі іске асса, дәл бүгінгідей жағдайда отырмас едік. Бұдан гөрі күрделірек дүниелерді – ғылым мен технологияның қазақ тілінде сөйлеуі жөнінде пікірталас өткізер едік. Ірі компаниялардың жұмысын таныстыратын анықтамалықтар мен техникалық заттардың түсіндірмесін, жаңа қолданысқа енген нанотехнологияның жұмыс істеу тәртібін мен маңызын, биотехнологиядағы ғылыми тенжденцияның өрісін қазақша аударудың стандартын ойлап бас қатырар ма едік?! Әлемдегі жаңа технологиялар туралы қазақша мағлұматтың сауатты жарнамасы неге жоқ деген сұрақ та қойып отырар ма ек… Балтық елдеріндегідей.


Оған дәл қазір ешқандай мүмкіндігіміз жоқ… Инновация, технология, ғылым болса жылдан-жылға күрделеніп, бірінің орнын екіншісі басып келеді. 

Біз қазақша сайттар ашып, компьютер тілінің кейбір механизміне қазақша қаріптерді кіргізгенімізге мәзбіз. Аянышты!

Біз басқаны қойып, ең алдымен ғылымды қазақшалауға кіріскеніміз жөн. Бұл бос сөз болмау керек. Әлі де кеш емес. Тым құрығанда университет оқулықтарын қазақшаға аудару жағын жедел түрде қолға алған дұрыс. «Мәдени мұра» секілді «Ғылыми мұра» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, жүйелі әрі сауатты жоспар аясында жұмыс істеу – бүгінгі күннің басты талабы! Меніңше, біздің ғалымдардың мұндай бағдарламаны ойдағыдай орындауға әбден мүмкіндігі бар. Біреулер үшін бұл ескі ұсыныс. Ұлт болашағы үшін тың ұсыныс деуге болады. Біз осыны орындамай (орындатпай) алға озбаймыз. Көсегеміз көгермейді…


5 жыл кетер, 10 жыл кетер! Мейлі.


2025 жылы іс-қағаздарымыз қазақша, тұтас құрылым – техникалық, технологиялық, ғылыми жүйе орысша яки ағылшынша болып тұрса, онда мұндай өтірік науқанның соқыр тиындық пайдасы жоқ!


Жоғары оқу орындарының көптеген студенттерімен сөйлесіп жүрміз. Кейбір мамандықтар бойынша білім алатындар қазақ топтарында оқығанымен, жоғарғы курстарда орыс топтарына қосылуға мәжбүр. Себеп екеу: оқулықтың тапшылығы және кейбір ұстаздардың мемлекеттік тілді білуге құлықсыздығы.


Оқулық демекші, қазір жастар интернетке жүгінеді. Барлығын ғаламтордан алғысы келеді. Ғылыми жаңалықтар, ғылыми кітаптар, оны қойыңыз, қылаяғы курстық жұмыстардың дені дұрыс қазақша нұсқалары жоқ. Бар, сапасыз, бірінен бірі көшірген. Ғылым қазақша сөйлемей, олар қай қазақшаға жетіссін… Орыс тіліндегі оқулықпен оқу бітірген маманның ойлау жүйесі де сол тілге бейім болады. Ол ғылыми терминдер мен жүйелердің қазақша мағынасын табуға талпынбайды. Тіпті, олай жасауға қазақ тілінің байлығы жетпейді деп есептейді. Бұл түсінікке кінәлі жас маман емес, бізбіз – біздің самарқау, марғау жүйеміз.


Бұдан да қауіптісі, өзге тілден кілең жақсы, толымды дүниелерді оқып өскен жастардың санасында өз тілін, өз тарихын, өз ұлтын өзгелерден кем санау психологиясы қалыптасады. Мұны жеңу қиын…


Түптеп келгенде, 25 жыл бойы біз білім мен ғылым саласын реформалаудан арыға бара алмадық. Бұл реформалар «реформа жасау үшін» ғана жасалып келгені өкінішті, әрине. Нәтижесіз, жүйесіз дүниеден жүйелі механизм құрылмақ емес. Білім мен ғылым министрлерінің қаншауы ауысып үлгерді. Мен санынан жаңылдым. Көбінің атын да ұмыттық.


Иә, шалажансар аудармалар бар. Университетте сабақ беретін ұстаздардың кейбірі мемлекеттік тілде кітап жазу «талабын орындау үшін» толымсыз аудармалармен оқулық құрастыруды дағдыға айналдырған. Әсіресе, бұл үрдіс техникалық университеттерде «қалыпты жағдай» саналып барады. Мұнымен ғылым озбайды, тозады. Қазақ тіліне бұлай «қызмет ету» – өз ұлтыңның болашағына қарсы жұмыс істеу.


Біздіңше, бұл бір университеттің немесе ұстаздардың емес, тұтас жүйенің сырқаты. Осыған дейін университеттер қауымдастығы яки университеттегі бірлестіктер ақылдасып, ғылымды қазақшалауға жүйелі жұмыс істесе, бәлкім біраз жұмыстың басы қайырылып та үлгерер еді. Ондай қозғалысты байқамадық. «Ғылымды қазақ тілінде сөйлету» деген тақырыптар аясында азын-аулақ баяндамалар мен жаттанды пікірталастардан қолымыз тимей жүр. Бес саусақты ауызға салмай, жеке-жеке мамандықтар бойынша толымды оқулықтар шығара берген болсақ, онда да біраз істі оңды аяқтар ек…


Сондай-ақ, мемлекеттік тілде заң шығаруды қолға алатын кез келді. Баяғыда-ақ солай жасауымыз керек еді…


Бұған да сол жүйесіздік, ғылымның толық қазақ тілінде сөйлемеген мүкістігі, сала мамандарының тілді білмеуі, кәсіби аудармашылардың жоқтығы кесірін тигізіп отыр.


Әдебиет дейсіз бе? Ол да жетісіп тұрған жоқ. «Мәдени мұра» бағдарламасымен 100 томдық көркем әдебиет шықты. Жете ме? Әдебиет жаңармаушы ма еді? Тым құрыса, жыл сайын Нобель сыйлығын алған жазушыны уақтылы аударып тұруға болады ғой. Жазушылар одағы тым құрыса осы шараны қолға алса, ешкім кесе-көлденең тұрмас. Бір кем дүние. Қаптаған баспалар қайда қарап отыр? Әдеби үрдістің шаңына да ілесе алмайтын олардан не қайыр күтеміз?.. Тым құрыса, әдебиет саласында өзгелермен ілесіп, еңсемізді тіктесек жарар еді-ау…


«Психология», «Философия», «Мәдениеттану» аталымдары бойынша жарық көрген 10 томдықтардың барына шүкір… Соның кейбірін оқырман түгіл, аудармашының өзі түсінеріне күмәнмен қараймын…

Тілге құйылған инвестицияның ең мәндісі – ғылымды қазақ тілінде сөйлету.

Қайталап айтқым келеді, Қазақ мемлекеті өзінің төл тілін төрге оздырамын десе, әуелі сол тілдің ғылыми функционалдық мүмкіндігін нығайтуы керек. Онсыз төккен тер, қажырлы еңбек далаға кете бермек.



Тоқтарәлі Таңжарықтың "Түн парақтары" кітабын оқи отырыңыз


dalanews.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар