Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асқар Сүлейменов. ...Деген екен №9...

13.08.2015 6607

Асқар Сүлейменов. ...Деген екен №9

Асқар Сүлейменов. ...Деген екен №9 - adebiportal.kz



Кеменгердин-омиринен.jpg

Бірде, Тұрсынзада Есімжанов Асқар Сүлейменовке соқтығып, кеміте сөйлей беріпті. Асқар орнықтылық танытып, елей қоймаса керек. Бұған одан сайын ашулана түскен Тұрсынзада:

– Осы сен инелікше ілігіп жүре беруші ме едің, қашан өлесің?! – дейді.

Сонда Асқар жай әңгіме үстінде жауап қатқандай шырай танытып:

– Көпсініп жүргенің мен болсам, шөп буыны қата өлемін ғой, – деп жауап берген екен.

 

***

 

Жазушы Асқар Сүлейменовтың тегі Қаратау төңірегінің қожалары болса керек. Бірде батып ойнай беретін біреу, қожалығын бетіне салық еткісі келіп:

 

– Арақта боза жаман, қазақта қожа жаман, – деп соқтыға сөйлесе крек.

 Сонда Асқар жұлып алғандай:

 – Алдымен, боза – арақ емес, қожа – қазақ емес, тым болмаса соның байыбын біліп сөйлесең етті, – деген екен.

 

***

 

Бір бас қосуда Асқар Сүлейменов бейтаныс әйелмен танысу сәтінде «Сүлейменов» деп қолын ұсыныпты. Сөйтсе әлгі келіншек таң қалып: «О, ғажап, сіз шынымен Олжассыз ба?!» депті. Сонда Асқар: «Мені кім көрінгенмен шатастырмауыңызды өтінемін!» – деген екен.

***

Бірде Асқар көше тәртібін бұзып жаяу жолаушы өтуге болмайтын жерден өтіп келе жатса, алдынан милиция шығып: «Сіз көше тәртібін бұздыңыз, бір теңге айып пұл төлейсіз!» дейді. Асқар асығыс екен, тезірек құтылғысы келіп, үш сомдық ұсынады. Милиция: «Мынаны ұсата алмаймын ғой, ұсақ ақшам жоқ» – депті.

Сонда Асқар:

– Жаңағы заңсыз өткен жермен жолдың арғы жағына бір шығып, бергі жағына бір шығып, милицияға: «Сіз енді берешек емессіз!» – деп жөніне кете берген екен дейді.

 

***


«Жұлдыз» журналының 1973 жылғы 10-шы санына жазушының тілі, сөзді орнымен қолдануы жөнінде мақала шығып, онда Сәкен Жүнісов пен Асқар Сүлейменовтың прозаларындағы кейбір селкеуліктер сөз болыпты.

Мұны оқығында Сәкен: «жарайды басқаны сынай бергін, ал енді, менде несі бар!» деп ашуланыпты.

Сонда Асқар: «Мынау бір сәтімеен жазылған дүние екен мен мұны жуамын!» – деп, сол жерде отырған жігіттерді ресторанға алып барыпты.

 

***

 

Бір топ ақын-жазушы бас қосып отырғанда, біреуі:

 – Академик Радлов «Қазақтар – шығыстың французы» депті,– дейді.        Сол жерде Асқар Сүлейменов те отыр екен:

 – Жоқ, олай емес, Радловың қателеседі! – депті, нығарлай сөйлеп.

 – Немене, ондай сөзді қазаққа қимай отырсың ба?! – дейді әлгі сөзді айтқан жазушы.

 Сонда, Асқар:

 – Радлов қателеседі, француздар – Еуропаның қазақтары!  – деген екен.




Ел аузынан жинап алған Ақселеу Сейдімбек





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар