Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Періштелер ауылынан үн қатқан

29.02.2016 245

Періштелер ауылынан үн қатқан


Биттің қабығындай емес, кәдімгідей қолыңа ұстағанда қомақты көрінетін екі бірдей жыр кітабын тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында оқырманына ұсынған Әділбек Ыбырайымұлы енді «Адам-айуан» атты қалың романын «Жазушы» баспасынан шығарып үлгеріпті. Тәп-тәуір ақынның прозаға көшкені қызықтырды білем, парақтап отырып, оқуға кірісіп кеткенімді де байқамай қалдым. Оқып болған соң тізесі аттың құлағына тиіп отыратын баяғы алып бабаларымыз есіме түскені. Әділбек тізесін аттың құлағына жеткізуге бел буыпты. Бұнысы енді – айтайық-ау, батыл қадам. Осындайда жастыққа тән максимализмнің болғаны да жақсы-ау. Әйтпесе, Әділбек мұндай романды жаза алмас еді.


Көптен сырлас Әділбектің біраз жақсы қасиеттерін білемін. Кез келген істі сүйсініп отырып орындауға дағдыланған оның құпиясын енді тапқандай болдым. Алғашқы өлең-поэмаларымен жыр сүйер қауымды баурай білген Әділбектің «Адам-айуан» романы бір деммен жазылғандай әсер қалдырады. Бас алмай оқып шығатын дүние екен. Өзі өмір сүріп жатқан кезеңнің кесапатын үлкен жанр арқылы ақиқатқа айналдыруға кәнігі жазушылардың өзі бара бермейді. Сондықтан да Әділбектің қаламгерлік қайсарлығы ең алдымен осы жерден бастау алған деп батыл айтуға болады. Әділбек – социализмнің жырын жырламаған, коммунистік идеологияға жіпсіз байланбаған, әдебиетте өз ойын алғашқы қадамнан еркін айтып үйренген бүгінгі буынның өкілі. Содан да болар, қазір тек біздің ғана емес, бүкіл адамзаттың басына төніп тұрған бұлтты сейілтуге жанұшырып, қасіретті тақырыпқа қаймықпай қалам тербей білгені ешкімді де қайран қалдыра қоймаған шығар. Жиырмасыншы ғасырды бітіріп, үшінші мыңжылдыққа да өңештей отырып кіріп бара жатқан нашақорлық – қылмыс. Басқа бір аты ауыздан түспейтін аталарымыз осы тақырыпты жазса, бөркімізді күнде аспанға атып жатар ма едік, кім білсін?! Аталмыш шығарманы қай жағынан алғанда да қатып тұр, мүлт еткен тұсын таппайсыз деу – әрине, әбестік болар еді. Мәселе онда емес. Жас жазушының шеберлігі бірінші романнан толыққанды байқала қоймады деп байбалам салудың қажеті шамалы. Габриэль Гарсиа Маркестің де, Эрнест Хемингуэйдің де алғашқы шығармалары елеусіз қалғанын қайда қоярсыз. Сервантес – болса да жалғыз. Ол енді өмірбақи жалғыз болып та қалады. Өйткені, бұдан былай өмірінде бір-ақ кітап жазып, әлемді айтпағанда, қазақтың тарихында қалудың мүмкін еместігін есі бар адам бажайлап білді. Сондықтан да басты айтайын деген ойым – Әділбек өз бағытын дұрыс таңдап алған. Жазушылық стратегиясы дұрыс. Оның тырнақалды романын оқып шыққан әр оқырман осыған ең алдымен көз жеткізетініне шүбә келтіру қиын. Шеберлік кітаптан кітапқа шыңдалатынын жазу-сызумен «ауырғандардың» бәрі білетін болар.


Қайта құру кезеңінен бастап қазақ жазушылары апатияғы кіріп кеткені – ақиқат. «Мен» деген сақа жазушылардың өзі бір күннің ішінде публицистиканың хас шеберлері болып шыға келді. Әрине, замана ағымына көркем әдебиет арқылы үн қосып, кесек турап үйренген корифейлердің жедел жанрларға қалам тербегенін жазғыруға болмас. Дегенмен, қай уақытта да, қай дәуірде де әркім басқалардың бақшасына түспей, өзінің стихиясымен айналысқанына не жетсін. Социализм кезінде бір ізге түсіп алып, бұрқыратып келе жатқан қалың нөпір жазушы өтпелі кезеңде кітап жазудан қалды. Неге? Негесі сол, мына алмағайып заманда қиялмен, қызыл сөзбен жазу мүмкін емес. Идеологияға ыңғайлап, «құрастырып» жазуға тағы болмайды. Өмір қандай – солай жазу керек. Боямасыз.


Дәл осы жерде қазір романды қалай жазу керек екенін қаламдастарына «Соңғы парыз» дилогиясы арқылы дәлелдеп берген Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы ой толғаған мақаласында Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың қолын жүрегіне қойып тұрып, ендігі әдебиетіміз «зая ұрпақтың» рухани «арылу» әдебиеті болуы керек деп жар салғанын қамшы салдырмай түсінуге болады.


Шынында да шығарма біткеннің бәрінде кейіпкерлерді бай қылып, барша мұратына жеткізіп, оқиғалардың барлығын мамыражай заманмен аяқтауды, кейіпкерлерді жағымды және жағымсыз деп жіліктеуді тек социалистік реализмнің өкілдері ғана ойлап табуы мүмкін. Ал, дүние тек жақсы мен жаман адамдардан тұрмайды ғой. Мұның өзі жалпы диалектиканың заңына қайшы емес пе?! Абсолютті жақсы адам көрсем, көзім шықсын. Әбден құрыған адам дегеннің өзі саған жақсы деп жүрген адамыңыздың істей алмайтын жақсылығын жасап кетсе, таң қалмай-ақ қойыңыз. Кез келген нәрсе, адам болсын, мейлі құбылыс болсын, тек салыстырмалы түрде бағалануы керек.


Осы тұста Әділбектің екінші қайсарлығын көруге болады. Ол өзіне дейінгі қалыптасқан стереотиптен саналы түрде бой тартқан. Оның романында жағымды не жағымсыз кейіпкер дегенді көрмейсіз. Ол шартты түрде өз кейіпкерлерін екіге бөліп, шәт-шәлекей соғыстырып қоймайды. Кейіпкерлері өмірде қандай іс-қимыл жасайды, не ойлайды – дәл солай көрсетеді. Жақсылық жасаған кейіпкеріне емешегі езіліп, екі бүйрегін бірдей бұрып, соның сөзін сөйлеп, жетегінде кетпейді. Жамандық жасаған кейіпкерін өзі болсын, басқа кейіпкерлері арқылы болсын, жерден алып, жерге салып, жер-жебіріне жетпейді. Шынайы өмірдегі шынайы құбылысқа орай оқырман өз көзқарасын қалыптастырады. Мұндай әдебиетті ешқандай анықтаушы жоқ реализмге амалсыз жатқызасың. Жас жазушының романы осынысымен жаңашыл, осынысымен құнды.


Әрине, Әділбек Ыбырайымұлының роман жанрындағы ізденісі бұл бір шығармамен бітпейтініне сенемін. Шын мәнісінде нәзік психологиялық роман жазуға ниеті біржолата ауған Әділбектің етек-жеңі келіскен әлі талай тамаша туындыларды оқырманына ұсынары қақ.


Оның «Пір мен Пырақ» атты жыр кітабында мынадай бір шумақтар бар.

Пірге ілесіп әмбимен жолығыстым,

Періштемен періште болып ұштым.

Пайғамбарлар сөз айтты парасатты,

Жөн үйрендім, абызға қонып үш күн.

Қыдыр көрдім, Бақ көрдім, есендестім,

Енді ала алмас бұдан соң есемді ешкім.

Пенделердің арасы пәтуасыз,

Періштелер ішіне көшем... Көштім.


Осыдан екі-үш жыл бұрын Әділбектің осы өлеңін оқыған кезде Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев ағамыз жазып еді: «Егде тартып, еңсең түскенде, қарттықпен ұшырасқанда, бойыңдағы отыңнан, қойныңдағы тотыңнан айырылғанда айтылар сөзді жас жігіт неге сонша ерте айтты екен деген күдікті ойға берілгенім болмаса, Әділбектің осы бір жүрек жарды сөзіне мен әбден сендім».


Көшелі кісінің сөзін айтқан жас Әділбекке Тұманбай ағасы осылай сенген. Біз де сенеміз. Өйткені, пенделердің пәтуасыздығын тек періштелер ауылында тұратындар ғана шынайы суреттей алады. Қазіргі заманғы жазушыға таптырмайтын мекен-жайыңда жазылған жаңа туындыларыңды күтеміз, Әділбек.



Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

«Егемен Қазақстан» газетінің 2000 жылғы 14 қазандағы № 253 саны


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар