Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Абзал Бөкеннің жаңа өлеңдері...

21.09.2015 3143

Ақын Абзал Бөкеннің жаңа өлеңдері

 Ақын Абзал Бөкеннің жаңа өлеңдері - adebiportal.kz



20150716_014225 (1).jpg
КҮЛУ

 

Дос шалқып шаттығымнан,

жатым жүдеп,

Құдай-ау, қашан күлдім ақырғы рет.

Қанша жыл қасарысып қысыр тірлік

Күлкіден жүргеніне ақымды жеп.

 

Бақыттың балқып миуа бақтарында

Соңғы рет қашан  күлдім ақтарыла.

Қанша жыл өтті,

Менің қам көңілім

қапаның түскеніне қақпанына.

 

Қадамдап қаншама жыл қар басқалы

Көбі оның күнес күнге жалғаспады.

Қашан ед,

Шын күлкімнің соңғы жағы

жалған бір жымиысқа жалғасқаны?

 

Жүргендей болсам-дағы іргем кеңіп,

Көңілмен өмір сүрдім бір бөлмелік.

Қанша жыл,

Болмасам да бақытты боп,

жүргенім күлмесем де күлген болып.

 

Қай жылым толқындырып аса мені

Бақыттың шын бейнесін жасап еді.

Соңғы рет мың бір керім қызық көріп,

Соңғы рет шын күлгенім қашан еді?!

 

Болды ұмыт,

Біреуі де есімде жоқ,

Дойырын төбемде тұр бесін безеп.

Апыр-ай, Күлмес хан да күлген шығар

Бір сәтке саф күлкінің көшін көзеп..

 

Кемітіп кеткендігін қайғы мені

Күндіз күн, түнде көкте ай біледі.

Соңғы рет шат күлгенім, пәк күлгенім

Құдай-ау, қай жыл еді,

Қай күн еді?..

 

 

 КӨЛЕГЕЙЛЕУ

 

Өлеңім балқып шыққан өз кенімнен

Өрекпіп көрінердей көзге бірден.

Алшым бар – иірілген алтын сақа,

Қамшым бар – таспасы оның өзге өрімнен.

 

Берік  ем,

Бірге қойып жасықпенен,

Бал қайда, су татырмақ қасықпенен.

Абызым «көпте ақыл жоқ», – дегеннен соң,

Аз жаққа ақылы бар қашып келем.

 

Теңгеріп көк бөріні көк төбетпен,

Жан етпек бөрілігі текке кеткен.

Тәңірім өктем еткен,

Тылсым үнім

талпынса жерді қойып, көкке жеткен.

 

Боз едім,

Көлегейлеп күреңменен,

Бестіге жол бермеді кілең дөнен.

Қансорпам шыққан сайын түгім түлеп,

Қайыңдай қабық жарған іреңденем.

 

Несіне жүдеп-жадап азам бекер,

Әлі де қуатым бар «жазамды» өтер.

Мүлгітіп мына халық,

тына қалып,

Мазамды алмай қойса, мазам кетер.

 

 

КҮЗ-КӨРІНІС

                                                                                                                                                      

Мезгіл жетсе қалайша жарқырамас,

Жарқыраған жалқын күн қалпына мас.

Алқап толы алтын шөп, алтын бұта,

Аула толы алтын тал – алтын ағаш.

 

Беткейінің балғын шөп балаусалы,

Бет-бедері алтындай сары-ау,сары.

Қазынаны кім осы төге салған

Ұмытылып кешегі қарау шағы.

 

Алқап қандай,

Апталған адыр қандай,

Апталған соң шалғын мен шағыр балдай.

Аяғыңа басылып жатқаннан соң,

«Алтыннан» да барады қадір қалмай.

 

Жел таратқан жарлықты есіне ұстап ,

Жапырақтар жалғанның төсіне ұшпақ.

Қара бақыр қимайтын мезгіл шіркін

Қазынасын төгуде қос уыстап.

 

Аусар самал аймалап төсін, белін,

Күй кешуде ақ қайың тосын, керім.

Жел өпкенде,

Желпілдеп желек-пенде

Білмей қалды қалайша шешінгенін.

 

Онысына, білмеймін, ырза ма ағаш,

Күз секілді, әйтеуір, мырзаға мас.

Жер шешінді...

Кімнің де алтын төксең,

Қалатұғын әдеті тыр жалаңаш.

 

 

БӨТЕН

 

 Жоғалтып алғандаймын өзімді мен,

Секілді өзгенікі сөзім кілең.

Көңілі қалмасын деп көлгір сөйлеп

Жалғандық жөргегінде көз ілдірем.

 

Ой – бөлек,

Одан шыққан сезім бөлек

екені екібастан сезілді ерек.

Баяғы пәк қалпыма оралуға

Өзіме бере алмадым өзім көмек.

 

Өрісте ем,

Одан жеріп елге келдім,

Періште ем,

Төмен түсіп пенде болдым.

Тәнім сау болғанымен жаным сырқау,

Келмейді жөнге көнгім,

Емге көнгім.

 

Бағзыда қысылушы ем қысылмасқа,

Ал, бүгін қысылудан қысыр қасқа.

Өзіме ұқсағанмен өзім түрім,

Өзгерген ісім басқа,

Ішім басқа.

 

Биязы ем, мамықтайын майдалаған,

Майдалық мекен тапты айдаладан.

Түрпілер ортасына түскеннен соң

Түгімді тікірейтпей қайда барам?!

 

Өзгердім...

Қомағайлау құлқымды ана

жасамай көзжұмбайлық, жұртым, қара.

Басып ап болмысымды басқа біреу,

Өзіме ұқсап тұрған сыртым ғана.

 

Мен деген –

Болмаған соң көпке бағам,

Жерде емес, жасайын деп көкке қадам

өрекпіп өзге өріске шығып кетіп,

Өзіне орала алмай кеткен адам.

 

 

             СИЯҚТАНУ

 

Басқалардан биік қойған мұратын

Секілденем бәрінен де ірі ақын.

Көкбұлақтың тапқан ең бір тұнығын,

Көк құрақтың тапқан ең бір шұратын.

 

Көк қуалап, доп қуалап бала кез,

Қырға шықпай көң ішінде қалады ез.

Топ жыңғылда сияқтанам тобылғы,

Топ торыда сияқтанам дарабоз.

 

Бүтін етем бөгде көзге жартыны,

(Сахараның сыр бермейтін салты ірі).

Бөз ішінде сияқтанам бәтесі,

Жез ішінде сияқтанам алтыны.

 

Кейде, кейде күн секілді нұр құймай

Көңіл-көкте қоңырайып сырғиды ай.

Секілденем Сарыарқада бір саңлақ,

Секілденем қап арпада бір бидай.

 

 

Жүргендер бар мәрмәр ойын мүсіндеп,

Мәрмәр ойға қай кезде де қысым көп.

Сияқтанам, сияқтанам әйтеуір

Содан қандай мият табам?

Ісім жоқ.

 

Жетелетіп жіберсең де елу нар,

Жетесізде бола бермес желуге әл.

Сияқтану бар, – дейді жұрт.

Сонан соң

сияқтанбай, соның өзі болу бар.

 

Кезіп, төзіп тауқыметі көп сынға

Біз ғана емес қолын созған көк шыңға.

Болмағанды болғандай ғып

Сен де, дос,

Сияқтанып жүрген осы жоқсың ба?!

 

 

ЖҰТЫЛУ

                            

                      «Сен – уақыттың алдына түсіп

                       кеткен радиосигнал секілдісің».

                                  

(Жұмекен Нәжімеденов)

 

 

Қасиетін қисынға үздік ердің

Келеді әлі қапысыз біз білер күн.

Түсініксіз боларын біле тұра,

«Түсініксіз» жыр жазған сізді көрдім.

 

Тапқанынан тайсалмас түбі нықсыз,

Түбі ныққа келіпсіз жүгініп сіз.

Жұрттың бәрі ұмтылса ұғылуға,

Ұмтыласыз болуға ұғынықсыз.

 

Шыңың басқа,

Шығатын шоқың басқа,

«Басқаң» бастан асар ед шотын қақса.

Оқылсам деп жүрсе ел оқалақтап,

Серт еттіңіз оп-оңай оқылмасқа.

 

Дүрліктірген дүбірің дүйім жұртты,

Дүмпуі мол, дүмі зор миың мықты.

Жеңілдетіп жатса жұрт,

Жеңің түріп

Өзіңе-өзің жасадың қиындықты.

 

 

Бірі зерек,

Қауымның мыңы надан,

Ескермеген соны сіз қыңыр адам.

Мыңға татыр біріне сөз табыстап,

Кетіп қалдың жылдармен зымыраған.

 

Шанағының қос ішегін сүйкеп іле,

Шімірікпей шыққан көп күй төріне.

Өзің шығар қазақта жалғыз ақын

Оқырманың көнбеген икеміне.

 

Ерен қимыл, елде жоқ еңсеменен

Толғап кетсең үйің – жыр,

Кеңсең – өлең.

Өлшемімен өзгенің өмір сүрмей

«Өз бойыммен, – дедің сен, – өлсем өлем» .

 

Біреуге шың,

Біреуге шынар қашық,

Ал, сен кеттің шыңнан да шығанға асып.

Биігіңді түртеді бұлт көрсетпей,

Иығыңды бүркеді мұнар басып.

 

Ойың ойсаң болғанда, сөзің бітік,

Жайқалатын тұр, әне, кезін күтіп.

Шырқай-шырқай зеңгірге,

Сіз бір шайыр

өз биігі жіберген өзін жұтып.

 

 

МӘЖНҮН

                

Өмірден өлшеп берген аз күн қалды,

Ұғындым тұрмайтынын жаздың мәңгі.

Кемпір боп Ләйлі қалды қамыт аяқ,

Шал болып (талы таяқ) Мәжнүн қалды.

 

Кемітіп зорыққаным,

торыққаным,

Келмейді кешегідей жорыққа әлім.

Ләйлі мен Мәжнүнді мәлім еткен

Махаббат қайда қалды, соны ұқпадым.

 

Махаббат майып болып қартайды ма,

Таппайсың Арқа шығып, Алтай құла.

Жылдардың құс жастығын жастанып ап,

Ол да әлде жылы жерге жантайды ма?!

 

Мейлі ғой пақырмын, – де,

Пырақпын, – де,

Бүтінің бір айналар құрақ күнге.

Ұқсаушы ед сол махаббат

Айдалада

жүз ара жұпар жиған бір-ақ гүлге.

 

 

Жаныма жылдар бойы болған азық

Қалған-ау, қайран сезім ол да қажып.

Жетуші ек қызды ауылға,

Жүрек сөзін

жорғаның тұяғымен жолға жазып.

 

Тайпалта тербегені дауыл майда,

Енді сол  жорға қайда, ауыл қайда.

Қыз қайда,

Қызық қайда

Жүзік қайда

Жүрегің жүзік «жұтқан» дәуір қайда?

 

Бәрі де елес болды,

Сағым болды

кешкенім лағыл көлді, ағын көлді.

Өмір бір көрген түстей.

Соны тағы

сағынып, сұм жүрегім, қағынба енді.

 

Қалыпты көбі кетіп, азы күннің

Білмедім – назымым кім, наз үнім кім.

Болған соң Ләйлісі жоқ,

Қайғысы көп

Мәжнүн бола алмаған мәжнүнмін.

 

 

СУРЕТ

 

Қырындау ұстап тұрып бір бетіңді.

Бер маған түскен сиқыр суретіңді.

Сонымен өткізейін күндізімді,

Сонымен өткізейін бірге түнді.

 

Бер маған суретіңді күлімдеген,

Бұлқынсын бойда сезім, тілімде  өлең.

Ынтық боп кеше «өлгенмін»,

Неше «өлгенмін»,

Өле алам, қажет болса, бүгін де мен.

 

Аластап арамызды нешеме жыл

Осылай опындырып өше ме өмір?!

Секемшіл менің бала махаббатым

Сені іздеп әлі сонау көшеде жүр.

 

«Кетсең де алпыс асып өкінші», – деп

Он жетім  көшеде жүр жетімсіреп.

Бір көрдім қырық жылда.

Тағы да бір

қырық жоқ, көрісуге екінші рет.

 

Қайғы аман,

Қалмай қойған мұңым да аман,

Мұңыммен мұнарланған күнім  жаман.

Жасыңның алпыс асқан ә-әр  жағынан

Сайтан қыз сығалап тұр жымыңдаған.

 

Жүрегім пәк сезімге орда болған

Бүгінде торғай сынды торға қонған.

Бер маған суретіңді,

Мінәжәт қып

иейін ақ басымды борға  малған.

 

Жанымды жіберетін нұрландырып,

Бер маған суретіңді тұрған күліп.

Қаңқамнан қарғып шыққан қара бала

Сені іздеп әлі күнге жүр қаңғырып.

 

Жастықта жанып-күйіп құлаған шын

Жайымды білмегендер сұрап алсын.

Бер маған суретіңді.

Бала бейнең

Жалқы сәт жаныма кеп тұра  қалсын.

 

               

***

 

 

«Сонан соң өлсем, мейлі,

                                      көмсең, мейлің»

                                              (Мұқағали)             

 

Мен саған соға алмадым,

Соға алмадым,

Мәңгілік осы болар жоғалғаным.

Бір көріп баяғыдай дидарыңды,

Гүл беріп... ғайып болсам, жоқ арманым.

 

Мен сені есіме алдым,

Есіме алдым,

Өзіңмен өтуші еді кешім әр күн.

Есіме несіне алдым,

Аламын деп,

көңілдің нәзік тұсын кесіп алдым.

 

Өтіпті-ау, содан бері неше заман,

Өзгерді жанып-күйген кешегі адам.

Дәмі тұр қымызыңның таңдайымда

Таң алды құйып берген шошаладан.

 

Мен сені көрсем деймін бір-ақ рет,

Көңілдің одан басқа сұрағы жоқ.

Қала бер сонан кейін,

Өлгенімше

сарғайтар сағыныштың тұрағы боп.

 

Дәл сендей дәрмен етті мен үшін кім,

Көңілде кеніш емес, берішіңмін.

Біз өкше туфлиге қызыққанша

Қасында неге өлмедім кебісіңнің?!

 

Мен саған келсем деймін,

Келсем деймін,

Десем-ақ,– келсем деймін,– кемсеңдеймін.

Деші бір: «Мен сендеймін».

Содан кейін

Мұқаңша «өлсем мейлі, көмсең, мейлің».

 

 

        ҚАЗАҚЫ АПТА

 

 

Дүйсенбіде желігіп жиен келді,

«Қырық серкеш» көтерер сүйенгенді.

Сейсенбіде нағашым нөкерімен

Текеметін төрімнің иемденді.

 

Сәрсенбіде «сәлем» деп бажам келді,

Басқа уақыт таба алмай, азанда енді.

Бейсенбіде жас балдыз былқ-сылқ етіп,

Жездесіне көтертті қазанды енді.

 

Бауыр шіркін бассалса жұма күні,

Қалт жіберер қалайша құда мұны?

«Мың жылдыққа» мөр басып мипалаумен,

Ұмытпаңыз, – деп қойды, – жүдә мұны.

 

Салып ұрып сенбіде бөлем жетті,

Бөлем жетіп, тіреді төбем көкті.

Бір тоқтының бұйырған басын ұстап,

Бөтелкенің түбінде өлеңдетті,

 

Өлеңдетсін.

Көңілдің, тек, сол күні

бүрін жарса болғаны ексең гүлі.

Қонақ кетіп, орнына көрші қалды,

Сарқыт жалап сарп етер жексенбіні.

 

Үйреніскен әлгіндей қимай халді,

Көңіл шіркін көңілсіз шимайланды.

Құрдас та кеп қыжыртпақ болған екен,

Құдай атып, аптаға сыймай қалды.

 

Бірде баққа кенеліп, бірде азапқа,

Қиналғанмен сенеді қыр ғажапқа.

Өзі қонақ боп жүріп дүниеге

қонақ күтер...

Не дерсің бұл қазаққа?!

 

 

 

               ИТ-ҚҰС

 

 

Мойымас ауа райы – амалға көп,

Мінезі малсақ елдің маған да дөп.

Алыстан келсе ағайын,

Сұрар еді:

«Ит-құстан ауыл-аймақ аман ба?» – деп.

 

Мәлім ғой қырдың жайы.

Гүл етегі

төбеңіз тосын жайды түнетеді.

Дүр етсе қойдың шеті,

Қазекеңнің

жүрегі үйде отырған дір етеді.

 

Болғанмен аш бөрінің ісі батым,

Қазақ жоқ оған бірақ қысылатын.

Ит-құсы иен даланың аз болғандай,

Әу, – деген иті де ақын,

құсы да ақын.

 

Шет қалып әне бір боз, әне күрең,

Бәйгеге түскен мәстек бәле білем.

Бәрі де – иті ит боп, құсы құс боп,

Орнында жүре алмаудың әлегінен.

 

Жаңаша басқан болып жырға қадам

Сондайлар бермей жүрген тұлғаңа мән:

Шопанын шын өнердің шертіп тастап,

Қотанын қой секілді жұлмалаған.

 

Тоқтыққа тоқтық қосып ұйтқыса тым,

Ит түгіл иірімде кит құсатын.

Дүр етті ойдың шеті...

Тағы да кеп

тиді ме ит-құс қасқыр, ит-құс ақын?!

 

Ақындық ауылынан

Адам ба? – деп

біреулер сәлем берсе маған да кеп,

Сұрағым кеп тұрады:

«Ит-құстардан

қонысы қара өлеңнің аман ба?» – деп.

 

 

***

 

 

Маған түк те керегі жоқ сенсеңіз,

Қажет емес қызмет пен кеңсеңіз.

Сыйлығың да,

Атағың да,

Ақшаң да

қалып кетер ертең мені көмсеңіз.

 

Жоныпты, – деп жақұт жырдың жақтауын,

Керек емес және жөнсіз мақтауың.

Мақтаусыз-ақ асқақтап тұр Алатау,

Мақтаусыз-ақ қасқайып тұр Қап тауың.

 

Мадағыңа келмейтіні майысқым –

Майданында пісіп-қатқам сайыстың.

Кебе-кебе құрыш болған қайыңмын,

Келе-келе қырыс болған қайыспын.

 

Адастырмай тұрса Алла есімді,

Алмай-бермей алға тартам көшімді.

Төсбелгі үшін төмендете алмадым

Төсбелгіден бұрын туған төсімді.

 

Ұққан адам Абай менен Қасымды,

Атақ емес,

Ардан іздер асылды.

Мемсыйлыққа мөлитпедім және де,

Мемсыйлықты ойлап тапқан басымды.

 

Топжыңғылда тұру үшін қайың боп,

Топжұлдызда тұру үшін айың боп,

Үлде беріп үлкендеу бір үлес ап,

Бүлде беріп жүлде алар жайым жоқ.

 

Атағы емес, ары үшін

Тектісін

ардақтайтын түсінемін көпті шын.

Сыйлығынсыз сыйы жоқты

Соларға

сыйға тарта салар едім...

Жоқ күшім.

 

 

 

ОЙ-ӘУРЕ

 

                   «Ойлы адамға қызық жоқ

                   бұл жалғанда»

                                              (Абай)

 

Мен де ойлы едім,

Маған да қызық болмай,

Үмітінде өмірдің үзік бардай.

Сәтті бола бермеді  біз күткендей,

Тәтті бола бермеді біз ұққандай.

 

Анау емес,

Мағжан аға мына,

Деген: «Өмір – абақты саналыға».

Саналы боп сандалдық.

Сан қызықты

санап беріп санасы шамалыға.

 

Абай, Мағжан халқым, – деп қан жылаған,

Мал құрамай, ақыл мен ар құраған.

Арлыға да қызық жоқ.

Бар болса егер,

Ақын болмай, болар ед малды надан.

 

Не жетпеді соларға,

Дүр, – дегізіп

алып жүрген жаңылмай жүлдені үзіп.

Ал, бүгіннің не малы, не ары жоқ

аусарына күнде той,

күнде қызық.

 

Тұлпар-ойдың түзеген тағасын сан,

Тектілердің ісінен табасың сән.

«Ойлы адамға қызық жоқ...»

Әкең болыс,

Әкең , тіпті, болса да аға сұлтан.

 

 

КЕБЕЖЕ

 

                    Әжем ИНАЗАРІПТІҢ рухына

 

Томсарып тұр тозаң тұтқан кебеже,

Кебежемен болушы еді тоқ әже.

Көне мүлік – бүгін үшін ескілік,

Ескілікке кейін тартты кегеже.

 

Сыны сұмдық.

Сырына көз тоқтамас,

Тақтайларын болат, -- десең, жоқ талас.

Я бір емен, я бір қайың – қатты ағаш,

Арабтардың жиһазымен бақталас.

 

Көз тартады көне бедер, шеберлік,

Шеберліксіз дүниеде жоқ ерлік.

Есімде тек – кебежеден көп алдық,

Есімде жоқ – кебежеге не бердік.

 

Аузында Алла, көкіректе иманы,

Сол ыдыста – кәрі әжемнің жиғаны.

Қант-кәмпиті, жақсы шайы, құрт-майы,

Берекеңді келтіретін үй дәмі.

 

Қонақ келсе келімді де кетімді,

Сол кебеже қызартпайды бетіңді.

Алған сайын ырыс-құты ортаймас,

Ертектегі сиқыр қоржын секілді.

 

Өткен өмір – кеудеңдегі тығынды,

Тығындыңды кім түсініп ұғынды?!

Кебежені ығыстырды кент-жиһаз,

Кешегімді ығыстырды бүгінгі.

 

Мезгіл қатал,

Көндіреді көнбеске,

Кепілің жоқ мұңсыз-қамсыз өлмеске.

Егделікке ығыстырды ол мені,

Кәрі әжемді ығыстырды келмеске.

 

Мың жыл тұрар не бір шөлмек, не көзе,

(Көзе ғұрлы бола алмадық неге өзі?).

Төрде – теле...

Төменде тұр кебеже.

Кебеже бар,

Оны тұтқан жоқ әже...

 

 

 

АРҒЫМАҚ

 

Тоғыз таспа өрме жүген –

Таңсық жанға көрме білем.

Тиегі бар тобылғыдан

Сағалдырық берген ірең.

 

Төсте күміс өмілдірік

Көн шашағын төгілдіріп,

Өрге салса сүйеу болар,

Ер-тұрманның ебін біліп.

 

Ылдимен жол қиысқанда

Күш түседі құйысқанға.

Құйысқансыз қыл құйрықтың

Қарекеті ұйысқан ба?

 

Таралғыда мұраң-белгің –

саусақ табы бұраң белдің...

Маржан көзі маңдайында

Күміс қасты құранды ердің.

 

Қамшың анау...

Қырдағы арлан

кез боп қалса, ұр да қарман.

Тобылғы сап тұла бойын

Жез сақина шырмап алған.

 

Ою салған бұл да "кілем",

Қошқар мүйіз ырғағымен.

Тоқты жүннен – жұқа тоқым

Жабулы тұр былғарымен.

 

Ішпегім де кілең бір өң,

Жұмсақ басқан күзем жүн ең.

Тебінгі тұр тер малшынып

Текпін көрген үзеңгіден.

 

Соның бәрін ырыс деген

Қазақ емей, кім істеген?

Көн қайысты көркемдепті

Қара бағдар күміспенен.

 

Біркиерін "киіндіріп",

Үкі тақса түйін қылып,

Мойнын бұрып, бір бүйірлеп,

Көрсетеді құйын қылық.

 

Құрыш таға табанға ұнап,

Қос жанары маған құлап,

Ұзатылар қыздай болып,

Мөлдірейді қара арғымақ.

 

 

ЕСКІ

 

                   Ақын дос «Не жаңалық бар?» –  деп телефон шалады. Ал, менде айтарлықтай ештеңе жоқ...

                                                              (Автор)                      

 


«Не жаңалық?», – дейсіңіз,

Жаңалық жоқ жаңалық.

Күнге күйген көрші қыз

Кетпепті әлі ағарып.

 

 

Орнында тұр долана,

Орнында тұр дара құз.

Жаңалық деп бола ма,

Ағармаса қараңыз?!

 

Саумын, – дейді мас адам,

Таумын, – дейді төбе би.

Бар жаңаны жасаған –

Басыңдағы көне ми.

 

Мінсіз, – дейді, – бір керім

Мезі еткенді сан күліп.

Жаңалық деп жүргенің

Жыл бұрынғы жаңғырық.

 

Жаңалық жоқ.

(Ол – анық).

Бағзыныкі – бертінгі ой.

Қыз дегенің...

Боянып

«қылық» ашқан кемпір ғой.

 

Жаңартуға аз халім,

«Қайырлы мал – қайтқаным».

Бұрынғы сөз жазғаным,

Бұрынғы ой айтқаным.

 

Жаңамын, – деп осылай

Жасамыс жел, әне, есті.

Білмеуші ме ең, досым-ай,

Бұл дүниенің бәрі ескі.                            

 

 

 

ҚЫЗКЕТКЕН

 

                 Айна тұр, айдынында…

                 Бір кезде алты бұрым ойнақтаған.

                                            (Т.Айбергенов.)

 

Өмір ме осы өмірім,

Шикілігі шидей көп.

Құлазиды көңілім

Қызы кеткен үйдей боп.

 

Бағзы болған бір жылы,

Дәл осындай көктемде

қамыққан ем,

Бір жігіт

Әпкемді алып кеткенде.

 

Құда келді, қапылдық,

Деген кезде күз жетті –

Бізден жатты жақын ғып

Тағы да бір қыз кетті.

 

«Жат жұрттыққа» жол ашық,

/Қазекеңде мақал бай/.

Бірте-бірте бел асып

Бес қыз кетті бақандай.

 

Үш қыз кетіп…

Демде арып

соны қатты елеген,

Секілдендім мен-дағы

Айбергенов Төлеген.

 

Басы асау батырың

Бастыққанды жөн көрді.

Бордай көңіл ақыры

Босамайтын көн болды.

 

Төрт ұл едік.

«Серт бұзба,

Боласың, – деп, – сіз біздік».

Қарымта ғып бес қызға

Төрт қызды үйге кіргіздік.

 

Жылдар өтті…

Көзім кем,

Құлақ – тосаң, мұз – құшақ.

Енді отырмын Өзім де

кететұғын қыз құсап.

 

 

 

ҚАДІР

 

 

О, Тәңірім, пендеңді азғындаудан сақта сен,

Шашып-төгіп иен кенді, аз бұлдаудан сақта сен.

 

Орыны бар әрненің,

Орны кетсе обал,ә,

Қыран қонар қияға қарға қонса бола ма?!

 

Күміс – анау қорынған.

Енді, міне, жез мықты,

Қанжар жүрер орыннан көрер болдық кездікті.

 

Асыл азар кезінде тас біткеннің бәрі асыл,

Алтын азар кезінде...

Мыстың өзі қарасұр

 

тотық бетін төрдегі текеметке жанып ап,

жарқырайды алтынның алқымынан жанып ап.

 

Шығып алған дүрі боп,

Қазір оның түрі көп,

Біреуінен біреуі бара жатыр ірі боп.

 

Қырғыз алтын... түрік алтын... орыс алтын...

О, тоба,

Алтын інген иіп тұр алхимиктей ботаға.

 

Қызыл алтын... ақ алтын... таптырмайтын тіріде

Көбейем деп айналды көп нәрсенің  біріне.

 

Алтынмен жез алыспай жез күйінде қалғанда,

Асылмен бөз жарыспай бөз күйінде қалғанда

 

болар ма еді осылай?

Біле-білсең бәрі-бәрі –

Тәңір берген төл орнын тәрк етудің салдары.

 

Жалғызыңды көзіңше көптеп барып құртады,

Жүйрігіңді өгізше «өк», – деп барып құртады.

 

Арыстардың орнына арыс болып обыр көп,

Барыстардың орнына барыс  болып тобыр кеп

 

топан суын қаптатса қара қорыс құлатқан

Не қалады кәусәрдан,

Не қалады бұлақтан?

 

Аз асылды көздеген сырт ұл жұтып барады,

Аз алтынды жез деген жылтыр жұтып барады.

 

Алтын азды осыдан,

Асыл тозды осыдан,

Аздығынан емес жұрт, көптігінен шошыған.

 

Қырғыз алтын... түрік алтын... орыс алын...

Тәңірім,

қайдан табам іздесем хас алтынның қабірін?

 

Көсем туды жасанды  алхимик бұл заманам,

Шын көсемнің қонысын қайдан ғана таба алам?

 

Айтамын ғой,

Азыңды көп боп барып құртады,

Арғымақты өгізше «өк», – деп барып құртады.

 

Жақсың кенет «көбейсе»,

Оның өзі қақпаңнан

Жақсы орнына жамандар өтіп кетіп жатқаннан.

 

Олай болса басым ғып

Зорыңды, тек, зорайт та

Баптап ұстар асылды бақыр қосып молайтпа.

 

 

АЛЖАСУ

 /Кекесін/

 

Бапқа құлар заманда

Шатақ қуып алжастым.

Ақша қуар заманда

Атақ қуып алжастым.

 

Пайда қуар заманда

Бақыр қуып алжастым.

Айла қуар заманда

Ақыл қуып алжастым.

 

Нәрсіз қалар заманда

Суат қуып алжастым.

Арсыз болар заманда

Ұят буып алжастым.

 

«Мақұл» болар заманда

Батыр болып алжастым.

Әкім болар заманда

Ақын болып алжастым.

 

Іліп, түтер болғанда

Салтымды іздеп алжастым.

Құрып бітер болғанда

Халқымды іздеп алжастым.

 

Өрісті алар заманда

Азат қонып алжастым.

Орыс болар заманда

Қазақ болып алжастым.

 

Елдің болып қорғаны

Едірейсем хан бұққан.

Есім түзу болғаны

Өстіп «алжасқандықтан».                  

 

 

                 ҮЛГЕРМЕУ

 

Жаз жайлауды, қыс қыстауды қош көріп,

Күпшегінен сыр беріпті көш-көлік.

Өмір қысқа,

Қысқалықтың кесірі – 

Ешкіммен де үлгермедім дос болып.

 

Қанша сайлы болса-дағы жарағым,

Қарауылдың ұшындамын, қарағым.

Өмір қысқа,

Қысқалықтың жақсысы –

қастасуға үлгере алмай барамын.

 

«Бес күндікті» мәңгілік деп,

Достасып

құшағымды кеппін оған босқа ашып.

Бір сұлумен сыр бөлмедім сүйісіп,

Бір сұлумен үлгермедім қоштасып.

 

Ұқсап тұрған қалт-құлт еткен қайыққа

Тіршілікті қалай тартам айыпқа?!

Үлгермедім таза тақыр кедей боп,

Үлгермедім және жөнді байып та.

 

Жарты тұтам жіп таққандай тебенге

Келте ғұмыр көнбейді екен тегі емге.

Үлгермедім...

Кетті үзіліп анашым

Аппақ сүтін енді ақтаймын дегенде.

 

Қамқор болмай қанатымды жайып кеп

(Мүмкін мезгіл,

Мүмкін бізде айып көп).

Ата күшін енді ақтаймын дегенде

Асқар таудай әкем кетті ғайып боп.

 

Алпыс асып айдалаға қашты ай-күн,

Алау едім,

Ақпан қысқан тастаймын.

Енді өмір сүрер кезде

Өзім де

өрт өмірмен «өкпелесе» бастаймын.

 

Өтер күндер бір күтсе де, бір күтпей,

Қас қағымы қағып қалған кірпіктей.

Бір жаманы – жақсысына жеткізбей,

Бір жақсысы – жаманына үлгертпей.

 

 

 

                 АҒАЛАР

 

Алпыс асып кеткенмін қалай ғана,

Қарным аша қараймын шарайнаға.

Отыз толмай дертке өтті Сұлтанмахмұт,

Алпысты алмай морт кетті Абай дана.

 

Кеше кіші ем бәрінен...

Мығым, епті,

Мығымыңды уақыт үгіп өтті.

Лермонтовың «бала» боп жас жағынан,

Пушкинің де, міне, енді «іні» бопты.

 

Мұқағали  бір жосық бастады ма,

Ер Жұмекен мерт болды жас шағында.

Жылдар жылжып,

Жамсаған жампоздардан

Шыға келдік үлкен боп қас-қағымда.

 

Аққан жұлдыз секілді арыстар-ай,

Ақ ниетін айтпайтын нан ұстамай.

Інілерді іңірден қартайтқанша,

Неге жүре тұрмадың алыстамай?!

 

Не тындырдық ұлының «ағасы» боп,

Жаным жадау,

Басымның бағасы жоқ.

Жарасқанның алқынды ақ бұлағы,

Жан-жағы жаз болғанмен, жағасы көк.

 

Ұсталықты соларша ұстана алмай

жүргендерде болмақшы нұсқа қандай?!

"Қыран қия" қырық жыл қаңырап тұр,

Жас Жұмекен тағы бір  ұшпаған ба-ай?!

 

Ол да мықты бүгінде,

Мен де мықты.

Қоя алмадық осындай пенделікті.

Мықты болсақ мұзарттай  қайран Мұқаң

серік таппай неге әлі сенделіп тұр?!

 

Өзінен де ағаның ығы мықты,

Дер кезінде осыны кім ұғыпты?

Бас жөнінен қап кеттік баурайында,

Жас жөнінен көрсетіп ірілікті.

 

Қорымында кеш болса қалғып іңір,

Қыр басында құмығып қалды дүбір.

Жөнеп кетті ұлылар.

Өзіне емес,

өлеңіне дарытып мәңгі ғұмыр.

 

 

                   АЛДАР

 

 

Бұл қазақты кім айтқан ақымақ, – деп,

Жағынуды ойлайды жатып ап тек.

Бастығына бозаң түс ұнар болса,

Әп-сәтінде қояды атын әктеп.

 

Бізбикесі бүгіннің – үйленгені,

Ат әктеу де Алдардан үйренгені.

Бақталастың қасқасын боқпен бояп,

Бақас тірлік жасаудан жиренбеді.

 

Көз ақысын алатын көре қалып,

Көсеңізден бір зауал келері анық.

Байыңды да алдайды,

жайыңды да,

Бұрынғыдай жатпайды бөле-жарып.

 

Аңғал ауыл ол үшін бақ мекені,

Арбауынан сараң да, сақ та өтеді.

Біз сұрай кеп бірінен,

Білдірместен

Бізбикедей бикешін ап кетеді.

 

Бұрынғының Көсесін неше шіреп

даттағанмен,

Кетпеді ел есесі көп.

Жалғыз еді жарықтық.

Ал, бүгіннің

Көшесі көп, содан да Көсесі көп.

 

Ат-матыңа алданбай бүгінгі  Алдар

Көкті тінтіп,

көліңнің түбін қармар.

Өтіп жатыр алдынан алтын артып,

Жүзіншісі ноғала... шұбырған нар.

 

Он тоналып жатса да, он ұрланып,

Өкінгенін көрмедік өңір налып.

Алдар атқа мініп тұр.

Ал, абайла,

Қожанасыр кейіптес қоңыр халық.

 

 

АҚЫЛ

 

 

Маған ақыл айпайтұғын кісі жоқ,

Аңғал көріп ақылменен ісі жоқ.

Сиыр-адам кетеді бір мөңіреп,

Жылқы-адам кетеді бір кісінеп.

 

Милы бол, – деп маңырады қой-адам,

Қос езуін күйіс шөбі бояған.

Бүгін оның айтқанына тойып ап,

Ертең қайта ақымақ боп оянам.

 

Шошқа келіп қосып кетті бір ақыл,

Дос та келіп қосып кетті бір ақыл.

Ал, тышқанның, ал, тышқанның

(Тұра тұр)

айтқандары – арыстаннан сұрапыл.

 

Трактатын оқып берді түлкі-інім,

Ішін қайдам,

Тұнып тұрған сырты ілім.

Ілім түгіл білім қонбас басымның

Ол да осылай жамамақшы жыртығын.

 

Қу бол, – деді,

Оны да алдым есепке,

Зу бол, – деді,

Зулап ұштым өсекке.

Қодық берген қағиданы қағып ап,

«Не айтасыз?» –  деп мойын бұрдым есекке.

 

Биік таққа бастаймын, – деп саты мәз,

Бола алмадым саты қуған шаһыбаз.

Арғымақтан дәметіп ем бір дәріс,

түк айтпады,

Болғаны ма ақылы аз?

 

Жанап қонса, жай құрдан да сый күттім,

Қажет болса, маймылдан да ми күттім.

Қашар айтқан қисындарды қақпалап,

Қожанасыр көшесінде құйғыттым.

 

Анаған бір ақыл айтқан елеңдеп,

Мынаған бір батып айтқан көнем деп.

Ел ақылы шыққан сайын төбеме,

Төл ақылым кетті менің төмендеп.

 

Келе қалар бақыт қай күн, сор қай күн,

Болжай алмай үгітілген бордаймын.

Өз ойыма болымы жоқ басымның

кісі ойына орыны көп...

Сол – қайғым.

 

 

 

Ш Т А Н Г А

      /Толағай Илья Илинге/


 

Қыран көзі қашандағы қияда,

Ұран кезі жата алаймын ұяда.

Уақыттың зілмауырын көтертер

Өмір де бір – үлкен Олимпиада.

 

Безбенге еріп табағына толмайтын,

Көзбен көріп, не ұстауға болмайтын

Мезгіл атты зілтемірдің салмағы

Шын темірден шоң екені болды айқын.

 

Сом уақыт ырқымды алып иықтан,

Сол уақыт күкімді алды миықтан.

Салдыратып білегімді білем жүк,

Жүрегімде қалған сынды ұйып қан.

 

Жүзіме сап әжім атты жыраны,

Жүйткіп өткен жылдар бұған кінәлі.

Жастығымды жайпап өткен пәлекет

Қарттығымды қаусатқалы тұр, әне.

 

Салмағынан сүйек балқып, ет еріп,

Жеті тіріліп, кем дегенде жеті өліп

Алтын медаль алмасам да алқынам,

Атан тартпас жылдар жүгін көтеріп.

 

Қарпи ұстап,

Қан жұқтырып көбеме

Күндерімді асырамын төбеме.

Тонна-тонна уақыттың қасында

Төрт жүз, бес жүз кило деген немене?!

 

Аман болса асқар тауым – алты алаш,

Арқауынан ажырамас арқа, бас.

Алқынысын елге Ильин арнаса,

Халқым үшін менікі де жанталас.

 

Өмір жүгін – қажет етер күш, талғам

кездерім жоқ көтеруден тыс қалған.

Темір түссе, түзей жатар.

Не болмақ

түсіп кетсе менің мезгіл-штангам?!

 

 

А У Д А Р У

 

Жырымды аудармаңдар,

Аудармаңдар,

Аударып, – дей алмаймын, – дау қармаңдар.

Өлеңді аударсаңыз,

Көз алдыма

келеді тең-тең жүгі ауған нарлар.

 

Аударма французға, неміске де,

орысқа, ағылшынға... (кері істеме).

Үзіліп түскен жырды өзегімнен

Үзуді тағы да бір жөн іс деме.

 

Жыр түгіл,

Жеңіл келер жоба, мәні

Қайтқан жоқ қара сөздің обалы әлі.

Аудару дегеніңіз – аударылу,

Нәрседен аударылған не қалады?

 

Ой-қырын оқсатсаң да шола барлап,

Жемісін секілденер тонаған бақ.

Ой,

Сезім,

Мәнер,

Машық,

Мінез,

Мәніс...

Қалайша менікіндей бола қалмақ?!

 

Қабылдап хақ Тәңірдің бұйырығын,

Қағазға түскен сөздің күйі мығым.

Сөз шіркін ауа берер.

Аумас бірақ

Икемім,

Инабатым,

Иірімім.

 

Шоқтығы Эверестің шоқтығы боп,

Еңсесі тұрса-дағы көкті тіреп,

Абайды Абайдай ғып өзге тілге

Айнытпай шығара алар жоқ құдірет.

 

Болғанмен ниеті дұрыс, беті дұрыс,

Аудару – әуелден-ақ өтірік іс.

Қырды аудар, жырды аударма.

Өйтпесең,

Киесі күйзеледі, кетіп ырыс.

 

Ендеше, өлеңімді аудармаңдар,

Мен емес ойдағымды таудан қармар.

Тарта алса қара өлеңнің қазынасын

тартады

Аудармадан сау қалған нар.

 

 

 

                    ***

 

Бір қызығы өмірдің ән екенін

Дей алмаймын Абайша сән етемін.

Жалқы томнан ол құсап жылу таппай,

Алты томнан, кемінде, дәметемін.

 

Жақсылықтан жаралған жөргегі шын

Жырламаған жан аға ермек үшін.

Ал, біз жаздық ат үшін, атақ үшін,

Алмақ үшін,

біреуге  бермек үшін.

 

Қалам алсам қайғыртып қаламақым,

Хас ақынның ұмыттым аманатын.

Өгіз болып өрсін деп баспақ танам,

Семіз болып желсін деп жаман атым.

 

Алаңдатып ар емес, айдар малым,

Қараң қалды қауым деп қайғы алғаным.

Осы болар «қорқытып» қарт ақынды,

«Кейінгі жас балаға» айналғаным.

 

Қарайлары еді оның Қасқабұлақ,

Біз жатырмыз жылғаны жастанып ап.

«Мен ішпеген у бар ма?» – дегеннен соң,

Мен де іштім,

Мендегі у басқа бірақ...

 

Қанша айтса да заманға көпір тұлға,

Жұқпай қойды кеңесі кекірт ұлға.

Кешегінің қан деуші ед бір-ақ ұрты,

Бүгінгінің қан боп тұр екі ұрты да.

 

Ойын – арзан,

Ой – маржан оған кілең,

Ал, мен болсам, не болса соған күлем.

Мың ісіне бір ісім үйлеспепті,

Абай бола алмауым содан білем.


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар