Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сара Тоқтамысова: Балалар әдебиетіне үлесімді қосқым келеді

29.02.2016 243

Сара Тоқтамысова: Балалар әдебиетіне үлесімді қосқым келеді


Сара Тоқтамысова.jpg

Сара Тоқтамысова

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 

айтыскер ақын




- Асыл мұрамыз айтыстың деңгейін бүгінде әркім әртүрлі бағалайды. Қазіргі айтысты жарқ-жұрқ еткен шоуға, елді қыран-топан күлкіге батыратын әзілге негізделген дүниеге айналып кетті дейтіндер де бар. Сіз бұған не дейсіз?

- Айтыс - қазағымыздың маңдайына біткен шоқтығы биік төл өнері. Осы төл өнеріміз шоуға айналып кеткен жоқ па деген сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Жақында әншілермен жұптастырылып ұйымдастырылған шоу айтыс негізінен ақын, актер Бақытжан Қасымовтың идеясы болатын. Аты айтып тұрғандай шоу айтыста ақынға емес, жұпқа баға беріледі. Сол айтысты телеарнадан көрсеткеннен кейін көрермендер неше түрлі пікірлер білдіруде. Тіпті кейбіреуі айтыс арзандап кетті, ұлттық өнеріміз мазаққа айналды, айтыстың өлгені, тіпті жаназасын шығарайық деп те жатты. Мұндай айтыс алғаш ұйымдастырылғандықтан бір қайнауы кем болғаны да рас. Алайда бұл айтыстың өзіндік тиімділігін де көріп жатырмыз. Қазір жастарымыздың көбі айтыс көре бермейді. Осы шоу айтыстан кейін көрермендеріміздің қатары жастармен толығып жатса құба-құп. Демек, шоу айтыстың мақсатының орындалғаны.


- Бір ақынның «Мемлекет ауызды майлағанмен, тілімізді байлап қойып жатқаны рас» дегенін естіген едік. «Нұр Отанның» айтысты өз қарауына алғаны ащы шындықты бүкпелемей жырға қосып жүрген ақындардың шабытын тежемей ме?

- Өте орынды сұрақ. Есіңізде болса, айтыс біраз жылдар бойы көрермендермен қауыша алмады. Сол кезде халық: Мына айтысқа не болған? Мемлекет неге қарамағына алмайды? Ақындар әбден тұншықты ғой деп шуласты. «Көзден кетсең, көңілден де кетесің» дегендей бізді де халық ұмыта бастағандай болып көрінді. Енді мемлекет айтысқа қолдау көрсете бастап еді, бұларды мемлекет тежеп жатыр, ауыздарына қақпақ болып жатыр десті. «Нұр Отан» ұйымдастырған айтыстарға қатысып жүрген ақынның бірі ретінде айтайын, ешкім бізге сен ананы айтпа, мынаны айтпа деп аузымызға қақпақ болған емес. Керісінше, олар бізге елдің жүрегіндегісін айтыңдар, тігісін білдіртпей жеткізіңдер дейді.


- Қалай десек те, сіздердің кейбір ұшқыр қиялмен айтылған өткір сөздеріңіз телеарналардан көрсетілген айтыстарда кесіліп қалып жатқанын көріп-біліп жүрміз...

- Оның рас. Мәселенки, өткендегі «Алтын домбыра» айтысын алайық. Онда айтыс ақындары неше түрлі мәселелер көтеріп, халықтың көкейінде жүрген көптеген түйткілді жәйтті ашық айтты. Біздің өзіміздің тарапымыздан айтылатын шындық болады. Ақындар соларды мүмкіндігінше айтып қалуға тырысты. Әсіресе Балғынбек ағамыз, Еркебұлан Қайназаров, Жандарбек Бұлғақовтар және басқа да ақындарымыз көкейде жүргендерді жеріне жеткізіп айтты. Өкінішке қарай мұндай айтыстар кейін теледидардан көрсетілгенде толықтай берілмей жатады. Осы жағы айтыс ақындарын қынжылтады. Халыққа дұрыс жетпей жатуының бір себебі осында деп ойлаймын.


- Соңғы кездері айтыс ақындары да шетінен асаба, келіннің бетін ашқыш, тұсау кескіш болып кетті. Ақынға деген жұрттың көзқарасы келіннің бетін ашқызып, тойына шақырып, өздерін мақтатып арнау айтқызудан аса алмай жүрген жоқ па?

- Ақын деген атымыз болғаннан кейін, ырымдап тұсау кесуге, келіндердің бетін ашуға жиі шақырып жатады. Керек десеңіз, қазір мынадай бір үрдіс пайда болды. Екі ақынды шақырады да айтыстырады. Мәселен, Жандарбек Бұлғақов екеуміз шақырған тойларда жиі айтысып жүрміз. Бүгінде бізге көп сұраныс түсіп жатыр. Мысалы, қыз жақтан мен, жігіт жақтан Жандарбек ортаға шығып, екеуміз екі жақтың абыройын асқақтатып, тойдың шырайын келтіреміз. Осындай айтыстан кейін елдің қошеметін, той иесінің ризашылығын көрсеңіз ғой. Той соңында той иелері риза болып рахметтерін айтып, шілдеханаға да сіздерді шақырамыз деп жатады.


- Айтыскер ақындардың көбісі жұмыссыз екенін бәрі біледі. Айнұр мен Жандарбек журналистика саласында, Төреғали мен Ринат шоу-бизнесте жүр. Сіз айтыстан тыс уақытта немен айналысасыз?

- «Жұмыссыз» деп кесіп айтуға келмес. Әркімнің өзінің айналысатын кәсібі бар. Соған орай несібесін, ризығын тауып жүр. Жеке өзіме келетін болсақ, Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушымын, кәсіби қазақ тілінен сабақ беремін. Тәрбие жұмыстарымен де айналысамын. Олардан тыс басқа да жоспарларым бар. Бос уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз.


- «Жүрсіннің жүлдесі» атты айтыста Аманжол Әлтаевпен болған айтысыңыз «тарихи айтыс» деп бағаланып, «XXI ғасырдың Біржаны мен Сарасы» деген атпен кітап болып басылды. Осы айтысыңыз туралы айта кетіңізші...

- Мен үшін Аманжол ағаның өнердегі орны бір бөлек. Екеуміз талай айтыстар жасадық. Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы драма театрында өткен «Жүрсіннің жүлдесі» атты айтыста бізге деген халықтың ықыласы ерекше болды. Сол кездегі көрерменнің шапалақ ұрғаны әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Несіп Жүнісбаев ағамыз «Бүгінгінің Біржаны мен Сарасы» - деп, баға беріп, көлемді мақала да жазды. Ол кейін кітап та болып басылды. Одан кейін Аманжол аға екеуміз Тәуелелсіздіктің 19 жылдығында айтыстық. Осы айтысымыз да кітапқа енді. Күтпеген жерден Тәуелсіздіктің 20 жылдығында финалда тағы жолығып қалдық. Аманжол аға үлкен трагедияны басынан кешіргені ел есінде болар. Сол себепті, біраз уақыт айтысқа шықпады. Ал осындай жағдайдан кейін ол кісімен айтысу қиындау болды. Қатты қобалжыдым. Бірақ, соған қарамастан біз бұл жолы да жақсы айтыс жасадық. Осы үш айтысты топтастырып «Аманжол мен Сара» атты үлкен кітап бастырып шығардық.

Осы жерде мені айтысқа жетелеген, айтысқа келуіме себепкер болған ұстазым Бұлбұл Сейітқазықызына алғыс айтқым келеді.


-Отбасында қандай анасыз?

- Әр әйел өзін ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін адаммын деп қарауы керек. Ұлым Ермұхамедімнің тәрбиесі тікелей маған байланысты. Адамға жақсы қасиет көбіне шешенің ақ сүтімен дариды ғой. Сондықтан да бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараймын. Ең бастысы жүрегінде жылуы бар, жүзінен иманы төгіліп тұрған азамат болып өссе екен деп армандаймын. Ал ең үлкен арманым - көп балалы ана болу.


- Ене мен келіннің арасындағы сыйластық жоғалып бара жатқандай. Осы туралы сіздің пікіріңізді білсек?

- Күйеуім үйдің үлкені де, кенжесі де емес. Ата-енеміздің батасын алып, бөлек шыққанбыз. Енем екеуміздің арамызда ешқашан кикілжің болған емес. Осының барлығы әйелге байланысты деп білемін. Кейбір ер адамдар туған анасы мен әйелінің арасында жалтақтап қалып жатады. Негізі бәрі тәрбиеден ғой. Қазақтың «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген жақсы қағидасы бар. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Небір ақылды қыздарымыз бар, адуынды енелердің ығына жығылып, тілін тауып отырған. Ондай келін, жеңгейлерге риза боласың. Ал енді уыздай болып тұрмысқа шығып жатқан қыздарымызға міндетті түрде ененің тәрбиесі керек. Меніңше, ене келінге өз қызындай, келін енесіне өз анасындай қараса, олардың арасында ешқандай түсініспеушілік болмайды.


- Қазір барлығы виртуалды өмірге бейімделіп, әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Сіз де әлеуметтік желілердің тұрақты қолданушысыз ба?

- Мен де әлеуметтік желілердің қолданушысымын. Бірақ та кейбіреулер секілді сағаттап отырмаймын. Барлық нәрсенің екі жағы болады ғой. Соның, әрине, жақсы жағын алуға тырысуымыз керек. Бұл адамдармен қарым-қатынас жасауға таптырмайтын дүние. Қазақ өзі текті халық, әр нәрседен өзіне тек керектісін алуды жақсы біледі. Балғынбек ағамыз уағыздар, Айнұр апайымыз өз қолымен дайындаған ас мәзірін салып отырады. Әлеуметтік желіде көптеген ата-аналар баланың тіліне жеңіл тақпақтар сұрап жатады. Содан инстаграмға «Сараның санамағы», «Кел жаттайық балақай» атты балаларға арналған тақпақтарды сала бастадым. Кейін тұрақты салып тұратын болдым. Болашақта кішкентай балақайларға арнап кітап жазғым келеді. Кішкене болса да балалар әдебиетіне өзіндік үлесімді қоссам жақсы емес пе?! Менің кітабым бүлдіршіндердің қойынында жүрсе қандай қуаныш. Бұл енді болашақтың еншісіндегі дүние ғой!


- Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет! Айтыс аламанында айтарыңыз таусылмасын!


Cұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар