Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Темірхан Медетбек. Жұмекен ағамды аңсаймын...

02.12.2015 4345

Темірхан Медетбек. Жұмекен ағамды аңсаймын

Темірхан Медетбек. Жұмекен ағамды аңсаймын - adebiportal.kz

Кешегі бір құлашты кең жаздырмаған қүрсаулы өмірде ар-ожданын таза сақтап, мансап-мүкәмалыңа пысқырып та қарамай, бар ғұмырын поэзияға арнаған есіл дарындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов еді.

Ол тумысынан Бейімбет тағдырлас, қақ-соқпен шаруасы жоқ, тірліктегі бүкіл өкініш-назын, өшін-кегін тек қана өлеңнен ала білген хас талант өнерпаз болатын. Несін жасырайық, көкжасық шатпақтар, кермек дүниелер қаптап, шын өлеңге шөл қата болған мына заманда таңғы шықтай мөп-мөлдір, ақтұма Жұмекен жырларын оқып, мейіріміміз бір қанатыны ақиқат. Алайда, Жұмекен жырлары сөз бола қалған жерде танданыстан ішегімізді тартып, басымызды шайқағанымызбен, биік мінберлерде, алқалы жиындарда ақын есімінің сирек аталуы неліктен?..

1964 жылдың ми қайнатқан шілдесі. Түркістаннан екі жігіт боп, оқуға түсеміз деген ниетпен Алматыға жолға жиналдық. Вокзалға келсек, пойызға билет жоқ. Амал не, трассаға шығып, жолай кетіп бара жатқан бір машиналарға ілігіп Шымкентке, одан Алматыға тарттық. Менің жолға шыққаннан, жолға шыққаннан емес-ау, одан да ертерек, ішіме түйіп алған бір құпия мақсатым бар. Ол – Алматыға барған бойда, қалайда, қазақ өлеңінің ақсақалдарының бірі Әбу Сәрсенбаевқа жолығу. Оған себеп, сол жылдары газет-журналдарда Әбу Сәрсенбаевтың кісілік құшағының кеңдігі туралы, жастарға деген қамқорлығының молдығы жайлы көп жазылатын. Жұмекен Нәжімеденов, Сайын Мұратбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Қанипа Бұғыбаеваларды және басқаларды әдебиет табалдырығынан алғаш аттатқанынан хабардар едім. Сондықтан, өлеңдерімді көрсетіп, алдынан өткім келді. Сонымен Жазушылар одағына келіп, Әбу ақсақалдың адресін алдым. Сұрастырып жүріп үйіне де жеттім-ау. Жүрексіне қоңырау-түймені бастым. Есікті толқынды шашы дудырап Әбу ақсақалдың өзі ашты. Суреттерден талай көрген таныс бейне.

– Кім керек еді, балам? – деді Әбекең жұмсақ үнмен.
– Сіз керексіз…
– Мен кіммін? – Жүзінде қызығушы­лық­тың нышаны пайда болды.
– Сіз – Әбу Сәрсенбаевсыз.
– Е, онда танып тұр екенсің. Кіре ғой!
Дәл түскі астың үстіне келген екем. Дастарқан басында үш-төрт адам отыр.
– Мына бала мені іздеп келіпті, – деді мені бірден дастарқан басына жайғастырып жатып айналасына қарап. – Мынау – Ләзиза апайың, мына кісіні де танитын шығарсың?
– Иә, танып отырмын.
Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабатты кісі екен. Жайлап қана басын изеді.
– Ал, шаруаңды айт, – деді Әбекең, мен әбден жайғасып болғаннан кейін.
– Оқуға түсейін деп келіп ем… Сізге өлеңдерімді көрсетейін деп…
Сөзімнің не басы жоқ, не аяғы жоқ, бытыраңқы шыққанын біліп тұрмын. Оның үстіне даусым қарлығып, бұрынғыдан да абыржи түстім.
– Қайдан келдің?
– Түркістаннан.
– Түркістаннан? Қасиетті жерден келген екенсің ғой, – деді шай құйып отырған Ләзиза апай, – Шай іш, палаудан ал. Түркістаннан болсаң, палауды жақсы көретін шығарсың.
Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай, сірескем де қалғам.
– Атың кім?
– Темірхан.
– Ал, балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан келіпсің. Атың Темірхан екен. Олай болса, мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз. Соны біліп ал. Ғабдол, солай ма? – деп Әбекең маған тіктеңкіреп қарап адды да, Ғабдол Слановқа бұрылып, қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Ләзиза апай да «іш, алдың» астына алып барады. Мына көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол-аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрттай бастадым…
Көп ұзамай оқуға түстім де, Әбу ақсақал таныстырған Жұмекен ағамен қоян-қолтық араласып кеттім. Ол кісі де мені бауырындай бауырына тартты. Жиі барып тұрам. Барған сайын: «Иә, Балабас, келдің бе?» – дейді мені Тайыр Жароковтың бір дастанының кейіпкерінің атымен атап. Мені Жұмекен аға неге бұлай атайды екен деп ойлаймын. Бәлкім, «Балабас» деген сөздің құлаққа ойнақы естілетінінен бе, әлде дастандағы: «Қарапайым адамның Біреуі еді Балабас, Еңбек етіп күн көрген тамағы аш, үсті жалаңаш» деген жолдардың үнемі ашқұрсақ боп жүретін студентпен балама тапқанынан ба, білмедім. Себебін сұраған емеспін. Бірақ, уақыт өте келе мені олай атауды өз-өзінен қойып кетті. Бара қалған кезімде, қолы бос болса, «жүр, кеттік» дейді Жүкең. Жақын маңдағы асханаларға апарып тамақ алып береді. Оқуымды сұрайды. Не жазып жүргенімді біледі. Өлең жайлы өз пікірлерін айтады. Сол жылдары «лирикалық кейіпкер» туралы қызу айтыстар болып жататын. Ол айтыстар туралы мен де өз ойымды білдірмек болам. Жүкең менің ол балаң пікірлерімнің біреулерін құптаған болып, біреулерін тым дүмбілез шикі боп көрінсе мысқыл аралас мырс еткен күлкісімен «өлтіре» салады. «Лирикалық кейіпкер деген аспаннан түскен адам емес. Ол ақынның өзі ғой, соның көруі, тануы, қорытуы, сезінуі. Сыншылардың да, сыншы еместердің де соншалықты қызылкеңірдек болып айтысатындарына таңғалам. Ужас!» – деп папиросын желкесінен бір шертіп, басын көтеріңкіреп бір шайқап, шалқасынан қайырылып желкесіне жиналған толқынды қалың шашын бір сипап қоятын. «Осы пікіріңізді газет бетінде неге айтпайсыз? » – деймін мен. «Мен айтысқа жоқпын ғой», – дейді ол жымиып. Жүкең өзіне етене жақын адамдардың арасында болмаса, жалпы көпшіліктің ортасында өзін томаға-тұйық, тіпті, тоңтеріс ұстайтын. Айтыс-тартысқа бара бермейтін. Бес-алты адамның басы қосылып, әңгіменің ажары бұзылып бара жатса, «ужас!» деп, қобыраған желке шашын бір қозғап, қалтасынан ащы темекісін суырып, сырт айналып кетуші еді. «Бұзау емізер бос сөз не керек! Жұмыс істеу керек, оқу керек» дейтін ол. Оның не нәрсені де айқайлап айтуды жаны қаламайтын. Мен ол кісінің, тіпті, сахнаға шығып өлең оқығанын бірде-бір рет көрмеппін. Айтатынын оңаша отырып, қағазға төгетін еді ғой. Оңаша отырып, тылсым тереңнен сыр тартатын. Жүкеңнің мына өлеңі дәл бір сондай көңіл-күй кезінде жазылғандай: «Сен ексең жер бетіне бір шыбықты, ол өсіп бір бұлбұлды жыршы ғыпты. Әр бұта тамырлары жер астынан, сүйрелеп шыгып жатыр тіршілікті. Ей, досым, ойлан, ойлан! Ерлегенің – уақытты құм мақтанға бермегенің. Ұяң бол – гүлін көріп бұл өлкенің, қайсар бол – дауыл күнгі көр де еменін. Сүгіреттер тұрсын солай көңіліңде, кетпесін табаныңның көні мүлде. Теріңмен жібіт жерді, сонда ғана, хақың бар туған жерге көмілуге»…
Шынында да, жұрттың бәрі айтып жүргендей, Жұмекен Нәжімеденов – аса ойлы, аса терең ақын. Оның тереңдігін барынша ашып көрсету мүмкін емес. Өйткені, ол ашқан тереңдікті тұтас қамту үшін өзің де сондай тереңдікке сүңги алатын қасиетке ие болуың керек. Тіпті, Алла тағаланың құдіретімен сондай тереңдікке сүңги алғанның өзінде, өзі айтқандай, оның көруі, сезінуі, қорытуы, қабылдауы мүлде бөлек қой. Бір кезде мен Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туралы былай деген ем: «Мен үшін Жұмекен поэзиясы әлдеқайда күрделі, мүлде жаңа, тосын поэзия. Оны түсіну үшін белгілі бір деңгейде дайындық керек. Жұмекен поэзиясы мені өзіндік шүңет тереңдігімен баурайды. Қай уақытта да тереңдікті игеру қиын. Адам баласының жердің тартылыс күшін жеңіп, көктің жеті қабатын қақ жарып, космосқа шыққанына ондаған жылдар өтті. Биіктік алынды. Ал тереңдік әлі алына қойған жоқ. Мұхиттың ең терең тұсы он бір мың метр. Оған эхолокация болмаса, ішінде адамы бар барокамера жете қойған жоқ. Өйткені, тереңдіктің қысымы қандай бір болмасын барокамераларыңызды сығып, қабыстырып жібереді. Шыдатпайды. Қай тереңдік те, соның ішінде адам жанының тереңдіктері де осындай «мінезге» ие. Жұмекен, міне, осындай қысымы аласат тереңдіктерде жұмыс істеген ақын. Яғни, тереңдікке жетуде, онда жұмыс істеу де, ол жерде жазылған жыр да күрделі, тылсым».
Иә, ұлы ақын Жұмекен Нәжіме­деновтің тамыры тереңде.
Ол – Биіктік пен Кеңістік туралы жазса да терең. Әрине, ол терендіктің тылсымынан сыр мен гәп іздеу, одан інжу-маржан сүзу мәңгілік тоқтамақ емес.
Болмаса да көп өзенім гүрлеген,
Көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен.
Ой түбінен ойнап туған жырменен
Тыныш таппай – тірі болып жүр денем.
Ойнай алман, ойнай алман сөзбен мен,
Жаси алман жақтырмаған көздерден.
Тағдырымды өлшей алмас безбенмен
Өз басының безбені жоқ кез келген…

Шынында да, солай. «Өз басының безбені жоқ кез келген» адам Жұмекен әлемін безбендей алмасы хақ. Ол әлемді үғып, тану үшін үлкен пайым мен білім қажет. Содан болса керек, Жұмекен поэзиясы туралы пікірлер тым сирек дүниеге келеді. Өйткені, күрделі Жұмекен шығармаларының орасан қарсылығы «кез келген» сыншыға алдыра бермейді. Қазақ өлеңінің алыптарының бірі Әбділда Тәжібаев кезінде: «Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын», – деген болатын.

Әрі талғампаз, әрі асқақ ақын Әбділда Тәжібаев мұндай сөздерді текке айтпайды. Классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Мен өз басым қазақ поэзиясының керуенін көптен көз жазбай байқап, қадағалап, оқып отыратындардың бірімін. Ондағы әр «түйенің» аяқ алысы мен әр «теңнің» ішінде не жатқаны көп ретте маған айтқызбай-ақ белгілі болып тұратын да жайы бар. Бірқатарының жырып оқып: «Апыр-ай, бұдан бұндайды күте қойған жоқ едім», – дейсің. Үшінші біреулеріне: «Бұдан артық не күтуте болады», – дейсің. Ал, Жұмекен Нәжімеденов бұндай үш топтың үшеуіне де жатпайды. Ол кітаптан кітапқа ауысқан сайын, аренаға әр шыққан сайын снарядына қосымша гир қосып отыратын штангист сынды: апыр-ай, осы жолы қайтер екен деп, қарадай қыпылықтатып отырады. Оның қолындағы снаряд – кәдімгі сіз бен біз бастан кешіріп отырған, сіз бен бізге дейін де мың-мың талайлардың ұйқысын бұзатын күнделікті қарабайыр тіршіліктің қашан да қарапайым, қашан да елеусіз, сондықтан да үйреншікті, сондықтан да шытырман, сондықтан да күрделі шындықтары», – деп жазды. Әбіш Кекілбаев айтпайды, айтса дәл осылай ақтарылып дәл айтады. Кейіннен, бара-бара Жүкең мені үйіне ертіп баратын болды. Шағын ғана үш бөлмелі үйде тұрады екен. Бұрын бір бөлмелі үйде тұрыпты. Айкен, Қарлығаш, Мағжан, Тоғжан, Саидалардың алды мектеп балалары да, соңғылары бесіктегі бөбектер. Нәсіп апай бәйек болып біздерді күтуге кіріседі. Бір айта кететін жай, Нәсіп апай Жүкеңнің бар жағдайын жасайтын. Айтқанын екі етпей орындайтын. Бәрін де шын ықылас, шын пейілмен атқаратын. Ақынның нағыз жары бола білді.
Жүкеңнің кітапханасы едәуір бай еді. Әлі де сол қалпында тұр. «Оқымай ақын болам деу – әумесерлік. Оқу жан байлығы ғой. Жаны кедей адамнан қандай қазына шығады. Жақында, – деп сөзін жалғастыратын ол, – бір жолдасымның үйіне бардым. Есімінің саған қажеті жоқ. Кабинетіне кірдім, кітапханасын көрдім. Оның кітапханасының қасында менің кітапханам әлдеқайда жұпыны. Қолға түспейтін небір кітаптар бар. Амал не, том-том кітаптар кірпіштей қаланған қалпында тұр. Дүкендегі товар секілді. Қолға ұсталынбаған. Оқылмаған. Ол жігіттің кейінгі жылдары өлеңде неге өспей қалғанын сонда білдім», – дейтін ол.
Ол өте көп оқушы еді. Бірақ, мынаны оқыдым, ананы қатырып тастадым деп еш уақытта да жалаулатып сөйлемейтін. Оқығандарын ішіне үнсіз сіңіріп алатын. Мен Уолт Уитмен, Верхарн, Апполинер, Блэз Сандрар, Лорка, тағы басқалардың кітаптарын сол кісінің кітапханасынан алып таныстым. Ол нағыз интеллектуалдық поэзияның бірегейлерінің бірі бола білді. Шын мәніндегі әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл қасиетті оның өлеңдерінің, – мейлі ол ел мен жер тағдыры туралы болсын, мейлі ол табиғат жайында болсын, мейлі ол махаббат хақында болсын – бәрінен дүниетаным кеңдігін, ой-өрісінің байтақтығын бірден-ақ көруге болады. Сол ілім-білім мен таланттың қосылған қуаттылығы арқасында болса керек, ол, тіпті, темірдей қатты терминдеріңіздің өзін терідей илеп жіберетін.
Әлдене бір ендіктерде, белдеуде
Экваторға айналам-ау мен демде,
Жердің шарын құшақтасам бір ғана
Қарым менің шақырым боп мыңдаған.
Кетсе ұзарып: Саусақтарым бұл мықты
Сипап көріп мұхиттарды, құрлықты
Көшелерді, каналдарды
Аккордеон тіліндей қып басқанда
Ғажап бір күй шапшыр еді-ау аспанға!
Экватор боп он есе,
Шеңбер болып немесе
Бөшке-жерді құшағында тұр ұстап.
Ал анау жақ сөз гулетіп бір қауым.
Сай-саланың салыстырып ыңғайын
Бензин-бөшкеге от қоюға тұр дайын…
Енді оны планетарлық масштабтағы ақын демей гөр. Мен өз басым, Жұмекенді оқыған сайын таңданудан жазбай келем. Оқыған сайын белгілі Жұмекеннен кейін, бұрын белгісіз Жұмекен ашылады да жатады. Міне, Жұмекен феномені осында.
1969 жылы республикалық телевизияда қатардағы қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Көкең қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды деген хабарды есітіп, Шолпанды, бала-шағаларымды алып, суыт елге кеттім. Біз барғаннан кейін, қолдан келген күтімімізді біршама көріп, ризашылығын білдіріп, көкем дүние салды… Алматыға қайтып келсем, мені күтпей, сыртымнан-ақ «кешікті» деп жұмыстан шығарып жіберіпті. Әкең өлсе де қайырылып қарамайтын дүние қаталдығын сонда көрдім. Бірқатар иманды жігіттер қайта орналастырамыз деп анда-мұнда шапқылап көріп еді, оларынан түк шықпады. Мен бала-шағамды құшақтап, далада қалдым. Сергелдең тіршілік басталды. Вокзалға барып, өзім сияқты сандалып жүрген адамдарға қосылып, вагондардан картоп, ұн, цемент, т.б. түсіріп, жан бақтым.
Ет комбинатының тоңазытқыш цехына уақытша жұмысшы болып қабылдандым. Ауыр-ақ жұмыс. Ауырлығы ештеңе емес-ау, жастайымнан ауырлық көтеріп, әбден піскен адаммын ғой. Ең жаманы, тоңазытқыштың іші отыз градус суық, ал далада отыз градус аптап. Ет тасып суықтан аптапқа, аптаптан суыққа кіресің. Оның үстіне, жұмысқа уақытша кірген адамға қайбір жөнді киімін береді дейсің. Әркімнің иығынан түскен жалба-жұлба киімдер мен әркім бір сүйретіп тастаған шұрқ-тесік резіңке етік. Сүйек сырқыратар суық пен ми қайнатар аптаптың арасында жүріп денсаулығыма біраз зиян да келтіріп алдым. «Мен» деген бір жігіттей қайратым бар еді, сол жылдары қайрат-көзім едәуір тартылып қалды.
Ол жерде де уақытша мерзімім бітіп, қайтадан өзіме таныс вокзалға, одан «Малая станица» дейтін жерде орналасқан жасанды көлшіктерде сазан сияқты ақ амур деген балықтың түрін өсіріп, Қапшағайға жөнелтетін жұмысшылардың бірі болдым. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Аяушылық сезімін тудыру үшін емес, әрине. Осы бір қиналысқа толы сергелдең тұсымның бәрін ол кезде үш-төрт-ақ адам білді. Соның бірі Жұмекен ағам болатын. Кездескен сайын менен бетер қиналатын еді. Әр жер, әр жермен сөйлеседі. Бірақ, тұяқ тірейтін бір жер табылмай-ақ қойды. Мен дегенде бар жердің есігі тарс бекітулі болып шықты. Қатарластарымның бәрі жұмыста. Тіпті, базбіреулері бір жұмыстан екінші жүмысқа емін-еркін ауысып кете береді. Көкелері мен жәкелері көп. Ал менің көкелерім – Жұмекен мен Әбіш ғұмыр бойы қолында жұмысқа ала қоятындай билігі жоқ, төрге бір шықпай есік көзінде отырып қызмет етті ғой. Ал, Әбекең сол кезде бүкіл Қазақстанда мылтық ұстайтын басқа адам құрып қалғандай, армияға алынып, Жоңғар қақпасының аузында окоп қазып, қытай оғының астында жатты. Рас, тағы да бірер көкем болды. Бірақ олардың біреуі шын ауру, екіншісі «жын» ауру болып жүрді…
Сонымен, сыйлас ағаларымның бірі Сайымжан Еркебаевтың шақыруымен Маңғыстауға кететін болдым. Осыны естігенде Жұмекен ағам, менің екі жыл бойы жұмысқа тұра алмағаныма бейне бір өзі айыптыдай, қатты қиналды. Пойызға бізді басқа жігіттермен бірге Нәсіп апай екеуі шығарып салды. Жүкеңнің сол кездегі маған қимай, қинала қараған көзі әлі жүрегімде!
Маңғыстаудан жыл аралатып келіп тұрғанымда алдымен Жұмекен ағама соғатын едім. Ол кісі де жалғыз бауырын көргендей мәз болып қалатын еді.
* * *
Аспанның бұлты ауырлап, Алматы үстін бұлыңғыр мұнар бүркеген қарашаның алғашқы жартысындағы күндердің бірінде Жұмекен ағамның үйіне келдім. Жүкеңнің жақында ғана ауруханадан шыққанын Маңғыстауда жүргенде-ақ естігем. Оның алдында инфаркт болып ауруханаға түскен хабары бізге жеткеннен-ақ хал-жағдайын сұрап, үйімен, жігіттермен хабарласып тұрғам-ды. Енді, міне, көңілін сұрауға үйіне келіп тұрған бетім. Жүкең, әдеттегідей, ақжарқын қарсы алды. Демалып жатқан бөлмесіне өттік. Терезе алдында кушетка, оның қасына шағын үстел қойылыпты. Үстел үсті бұрқырап жатқан көп қағаз. Менің сол жаққа көзімнің түсе бергенін байқап қалды ма: «Дайындап жатқан жинақ қой. Үстінен қарап, қағып-сілкер жұмысы ғана қалып тұр. Әрі-бері отырып, қолыма қалам алам да, жүрек бүлк ете қалса болды, мына кушеткаға қисая кетем», – деді Жүкең. Бұл сөздердің бәрін ол кірбіңсіз, жайдары қалыппен айтқанмен, жағдайының онша емес екенін сездім. Бірақ, шынын айтсам, соншалықты қауіп-қатер бола қояр деген ой қаперіме де кіріп шыққан жоқ. Қатты құлап тұрғандікі ғой, әлсіздік болар дегем де қойғам.
Ол кезде мен осында, Шығармашылық үйде демалып жатқан ем. Көп ұзамай Жүкеңнің мәңгілік сапарға аттанып кеткенін естідім. Естіген сәтте үстіме біреу мұп-мұздай су құйып жібергендей болды. Шұғыл үйіне жеттім. Шығарып салу рәсімін басынан аяғына дейін Әбіш ағам басқарды. Мен қаралы шерудің алдында портретін көтеріп, қабір басында інілерінің атынан сөз сөйледім…
Артынан, біраз уақыт өткеннен кейін, ойымызға өзегіңді от боп қарып түсер ақынның мына жолдары түсті:
Күз күндері, не суық қыс күндері,
Істеп жүргенде, әйтеуір, іс мүдделі,
Ажал, шіркін, аяндап жетсе-ау маған,
Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.
Сыншылдардың ұрсуын, тамсануын
Алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым.
Бір жинағым басылып үлгере алмай,
Машинкаға басылмай қалса бірі.
Небір түнде құйылып, қара көріп,
Көп ұйқас отырғанда қамап еріп,
Кетсем өліп нүктеге жете беріп,
Жан таппаған бір теңеу таба беріп…

Әлденеше жыл бұрын айтқан бұл ауыр тілеу қалай дәл келді десеңізші! Шынында да, ол күздің қысқа ауысар тұсында, мүдделі іс атқарып отырған жұмыс үстінде, онысын машинкаға беріп үлгермей, соңғы нүктесіне жете бере жүріп кетті. Осы өлеңнен-ақ ақын мінезі, ақынның бітім-болмысы көрініп тұрған жоқ па? Ол, не болғанда да, өлетін болғаннан кейін қалай өлсең де бәрібір емес пе дей алмапты. Ақын жүрегі ажал келер күні де азаматтық жүк көтеріп кетуді қалапты.

Көп ұзамай Жүкең қазасына арналған «Ақын жүрегіндегі жарылыс» деген өлеңім дүниеге келді:
Жарылды ақын жүрегі! –
Осынау ұлы заманға
Жандарды көріп дақ салған, –
Адамды айдап адамға
Араға бүлік от салған;
Қап-қара бұлттай түйіліп
Не істерін білмей бұзыққа;
Өртеніп, жанып, күйініп
Пысықай менен пысыққа:
Өмірем қап та өл дейтін.
Қызғаныш көріп жылады-ай!
Жанының жасын көрмейтін
Безбүйректерге шыдамай –
Жарылды ақын жүрегі.
Жарылды жүрек!
Ғаламат
Демімен бізді шарпыды.
Даламды кетті аралап
Бұрқ еткен бұрқақ солқылы.
Бір аунап түсті сол кезде
Қошалақ құмның қырқасы,
Домалап кетті сол кезде
Алатау – шыңның бір тасы.
Солқылдан сол бір қуатты
Теңселіп кетті жамиғат.
Солқылдан сол бір қуатты
Теңселіп кетті табиғат.
Сол солқыл бір сәт күшке енді
Қуатын жиып даланың,
Күркесі құлап түсті енді
Өтірік, өсек, жаланың.
Өткен боп басқа жасымай
Болды ма, әлде, тілеуі –
Бұрқ етіп кенет осылай
Жарылды ақын жүрегі.
Осынау ұлы заманға
Дақ салар жандар бар әлі.
Адамды айдап адамға
От салар жандар бар әлі.
Түбіне соның жетерміз
Деуменен біздер сабылып –
Күресіп енді өтерміз
Кеткенше жүрек жарылып…

* * *
Міне, Жұмекен ағаммен тағы да кездесіп, тағы да сырласып отырмын. Бұл жолы жаңа кітабымен. Дастандарымен. Бұл кітап – рухани тарихымызға «Иманғали Тасмағамбетовтің жүз кітабы» деген атпен кіретін «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптардың бірі. Оған Жүкеңнің басқа дастандарымен бірге бұрын-соңды жарияланбаған «Менің әкем», «Бұл жолы ол шынын айтты», «Ақ қайраң» сияқты үш дастаны да еніпті. «Менің әкем» дастаны – публицистикалық-философиялық дастан. Көлемі жағынан шағын ғана бұл дастан қамтыр мәселесі жағынан ауқымды. Атамзаманнан бүгінгі күнге дейінгі аралықты алып жатыр. Ақын менің әкем дегенде, өз әкесін емес, қазақ халқының қадау-қадау тұлғаларын – рухани әкелердің тікелей ұрпағы, төл перзенті боп сыр толғайды. Ел басынан өткен бүкіл азап пен қасіретті сол әкелердің азабы мен қасіреті арқылы қарастырады:
Қинала күбірлеген Асан бабам
Өз жанын өзі жырлап баса алмаған.
«Жақсылық қашан?» – деген сұрақ қойса:
Құлағы қу заманның тосаңдаған.
Көлеңке болды жерге көлеңдеген,
Көп қайғы араласып өлеңменен.
Жақсылық жат естілді сол ғасырға
Тек қана «өлем» десең, «көмем» деген…

Арқыраған аттан түсіп, жаяу қалған, табанына шөңге кіріп, маңдайы тасқа ұрылған кесірлі де, кесапатты заман. Атадан қалған мұра – қой бағатын таяқ қана. Көзі кіреукелі, көкірегі тұмшалаулы. Бірақ, сол дәуірде де, мойнына қанша қамыт іліп, үстіне қанша азап мінгізіп, «арқасын қанша құзғын шоқыса да, cap дала сары атандай төзімді» болып шықты. Бірақ, қазақ үшін қашан да бір азаптың есігі жабылса, екінші азаптың есігі ашық тұрған ғой…
* * *
Қазір бауырымнан өрген балаларым – тіпә-тіпә, зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер болса да, немерелерім тағы да, тіпә-тіпә – жамырап кеп құшағымды толтырып жатса да, сақал-шаштарын баяғыда-ақ қырау шалған талай-талай азаматтарға аға боп кетсем де, мен бәрібір, қамығып, торыққан сәттерімде Жұмекен ағамды аңсаймын.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар