Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мың қаралы ақ көбелек

23.02.2016 306

Мың қаралы ақ көбелек


Жаңа эстетикалық кеңістік


Шалқар Дәулеткелдінің қолға түскен бірнеше өлеңін оқып бітіргенде, санаға түскен салмақ бұрлықтырып тастады. Есіме Vimeo-дағы шағын фильмдері арқылы танылған Брэндон Лидің «Азаттық» радиосына берген сұхбатындағы «фильм түсіруші, документалист белгісіз, ерекше, біртүрлілеу әрі белгілі бір аймаққа тән нәрсені іздеп табуы тиіс. Сосын сол жаңа нәрсемен етене араласып, жан рахатын тәрк етіп, сырт дүниеге шығу керек» деген сөзі есіме түсті. Ақынның «жан рахатын тәрк етіп, сырт дүниеге шыққан», эстетикалық мәні терең өлең жолдарын оқып отырғанда құлазып әрі қуанып қалдық. Құлазитының – ақынның көру аясы, таным шеңбері көкейіңде сайрап тұрған «дүние – жалғанды» жамау-жасқаусыз алдыңа алып келеді. «Жүректі тұтқындаған белгісіз мағынаға» ебіл-дебілің шығып, егілмеске шараң не? Қуанатының – қалыптасқан қағидалардан аулақ ырғақ пен шумақтың өн бойындағы өзгешелік, көркем түйін.

«Мың қаралы ақ көбелектегі» болмыс сферасын қамтуға жұмсалған күш-жігер де босқа кетпеген. Эпикалық тынысы, эстетикалық бүтіндігі бар. Тарихи деректер ап-анық көрініп тұрмаса да шығарманы оқып бітіргеніңізде неге тұтас дәуірдің картинасы көз алдыңызға келеді? Неге балбалдарға басыңызды сүйеп, үнсіз құлазисыз? Гәп осында. Күрделі құрылымға ие шығармада кеңістік пен уақыт қатынасы шебер жымдасып, «Балбал басынан айнала ұшқан, мыңдаған ақ көбелектермен» поэтикалық панорама сәтті салынады. Ұлттық атрибуттарды тұтас шығарманың өн бойына шашып жіберіп, оны құмнан алтын шайқағандай оқырманды азапты жұмысқа «жегу» де жақсы ақынға тән жақсы қасиет.


Ырысбек ДӘБЕЙ






Шалқар ДӘУЛЕТКЕЛДІ




Кел,
Сүйікті жел!
Терең қайғы да,
Шексіз шаттық та…
Сыйлайды ортақ бір дүние,
Жүректі тұтқындаған белгісіз мағына,
Мағынасыздықты ән етті тағы да.


Кел,
Сүйікті жел!
Сүйіктім, сен ренжіме бұл күнде,
Емдеді жел, өшірді жел…
Мен аттап өтуге болмайтын,
Сен сызған сызықты.


Тасқа таңсық емес қауырсынның құлағаны,
Тастың құшағы тасқа жұмсақ.
Сенде жоқ, бұнда жоқ алақанды,
Мейірімді екі көзді –
Сыйлады жел.


Сүйіктім, сен ренжіме!
Еске түсірмейді сенің бір жұп қолыңды
Бір-біріне шырмалған –
Саусақ іздері де,
Терезе алдында сен ұмыт қалдырған.
Кел,
Сүйікті жел!



Мың қаралы ақ көбелек

***

Бір кезгі шақырған биік – Адасқан киік.
Құлаған құс күн түбінде Қанаты күйіп.


Құлан жалында сағымы сусыған,
Құлан жондардан аунады күн.
Күн астында ма,
Түн түбінде ме,
Ізімді желге қалдырдым.


Көл түбіне шөккен сәйгүліктің үміті секілді,
Көл шайқаған ақ пен қызыл көбігі.
Күн түбінде құлаған құс –
Ой теңізін қанатымен сызған хаттар да,
Бір кезде тоқтаған.


Ескі қорғанда тұншыққан
дыбыстар қалған орнында,
Бірте-бірте
түссіздікпен кетті үндесіп солғындап.
Шырағыңды қайта-қайта өшірер,
Өшірер…
Қиялыңда қалған құстың қанатынан жел зулап.


Ескі қорғанда ұмытылған,
Ескі қақпадан еніп сен келерсің, Ай.
Аулақта, Балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп.
Мергия жапырағындай жұлынған ай түбінде,
Оны да Жел тербеп тұрғандай…


***


Ол саусақтарымен қоштасқан,
…пернелер басқан,
Қоштасқан тағы –
Желбіремес тулармен,
Желкілдемес жалаумен.
Бір кезде құлаған күйінде,
Сілкінбеген шаңы.
Жүріп өткен үстімен,
Бүйелер түкті сирақтарымен салқын,
Сана жолында ізі жасырынған қиял секілді…


Есігі жабылған ескі үй – су суық,
Шөкті қобыз күрсініп,
Шыңыраудан қалған қайтып шыға алмай,
Ауыр шынжыр құрсаған жол баяғы,
Кілт сөзі ұмытылған,
Өткендер қиялында шегеленген қол-аяғы.

Ер түріктің сарбазы,
Ғасырлар бұрын сілтенген семсер ұшымен,
Сана жолында ізі жасырынған қиял секілді…
Соңғы сөзін құмға жазды;
О, ағаштың жапырағы жайқалған тәңір ісімен,
Ай түбінде үзілген тәңір ісімен.
Кітабым – аспан, жер…
Сөзім тілім ұшында…
Жазуым семсер ұшында…


Сен батарсың, Ай, аулақта
Құмда жазылған жазулар үстінде,
Сәулең дірілдеп.


***

Шағылған терезеден сәуле де түспеді,
Мейірімді самал да енбеді…
Күнсіз гүл солды,
гүлсіз күн сөнді.
Күн түбінде құлаған құс секілді,
(Ой теңізін қанатымен сызған хаттар да,
Бір кезде тоқтаған).
Сана жолына нұры сіңген,
Не ұғынуға болады,
Терезеден телмірген көзден
Өң бе, түс пе, белгісіз елеске шырмалған.


Топырақ астынан семсерлер сыңғыры естілер,
Жусандар ырғағынан семсерлер сыңғыры естілер,
Балбалға айналған сарбаздың ойынан
Семсерлер сыңғыры естілер.
Балбал – әкеміз,
балбал – анамыз,
балбал – жарымыз…
Балбал басынан айнала ұшқан,
мыңдаған ақ көбелек
Қанаттар сусылынан семсерлер сыңғыры естілер.


Тұтылған күн – құлан жондардан аунаған күн.
Күнсізде күл болды – гүл,
Күнсізде күбірледі қыз;
Балбал – әкеміз,
балбал – анамыз,
балбал – жарымыз…

Алыс мезгілдер арасын жалғаған ізбен,
терезе алдынан Шағылған.
Мың қаралы ақ көбелек ұшып өтті,
Қанаттар сусылы шақырған…


***

Шағылған терезеден кешігіп ендің, Ай,
Елеусіз жабылған есіктен –
Ешкім оны еске түсірер саусақ ізі де табылмас.
Аулақта,
балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп,
Сен батып барасың.



dalanews.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар