Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қажым Жұмалиев: ...Абай мұны жақсы түсінді...

08.08.2015 3838

Қажым Жұмалиев: ...Абай мұны жақсы түсінді

Қажым Жұмалиев: ...Абай мұны жақсы түсінді - adebiportal.kz
Абайдың халықты ғылымға үндеуі - тек бір ғана ғылым мәселесін қозғаған бір жақты үндеу емес, ол өз халқының тіршілігіне, оның келешегіне, өз елінің алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына қосылуына байланысты сан алуан келелі мәселелерді қозғаған, тереңнен толғаған, қиынға сермеген ақыл-ойдың, өз халқын жанындай жақсы көрген асыл жүректің жалынды үндеуі сияқты. Абай адам деген ардақты атты тек талапты болса, еңбек етсе, терең ойлы болса, ғылым тапса, рақымды болса ғана ақтауға болады деп ұғады. Абай адамның адамшылық қасиетін осылай белгілейді.
Демек, ақын оларға ақылды, ойлы бол, ғылымды меңгер, еңбек ет, рақымды бол, ел қамын ойла, Салтыков пен Толстой сияқты талапты бол дегенде, адамзаттың бір керегіне жара, қоғамда өзіңе лайықты орын тап:
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар, қалан! - деді.
Қазақ халқында искусствоның архитектура, скульптура, живопись тәрізді салалары кейін қалды. Олардың кейбір элементтері туралы болмаса, мынандай архитектура, не живописіміз бар деп ешкім айта алмайды. Егер искусствоның негізгі бір саласы ән мен өнер десек, бұл соңғы екеуін алдыңғылармен салыстырғанда, анағұрлым өскен, қанатын кең жайған түрлері деуге болады. Ғасырлар бойы жасалып келе жатқан сөз өрнегінің негізін салған халық әдебиеті өзінің құндылығымен ел жүрегінен орын алып, бүгінге дейін сақталып келді. Бір дәуірдің, не тарихи үлкен оқиғаның айқын айнасы болған күйлер, тамаша әндер, халықтың өзі туғызған зор мәдени байлығы еді. Абай мұны жақсы түсінді. Искусствоның әлеуметтік мәнін дұрыс ұға білумен қатар, оның әр түріне ғылыми баға беруге тырысты.
Сөз өнері - өлең жөнінде қазақ елінде бұрын-соңды Абайдай асқан құнды пікірді ешкім айтқан емес.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай, елең-селең, - деп, Абай жалпы халық өмірінде өлеңнің қандай мәні бар екендігін айқын көрсетіп берді. Бала туғандағы шілдехана, қыз ұзатқандағы тойбастар өлеңдері, адам өлгенде айтылатын жоқтаулармен дәлелдей келіп, өмірде искусствомен байланыссыз еш нәрсе жоқ дейді. Шынында да, өмірдің барлық салалары көркемөнермен байланысты дамып отыратыны сөзсіз.
Абайдың бұл пікірі алғашқы қоғамнан бері қарай көркемөнер адам баласының күн көрісі үшін керекті құралдардың бірі болды деген ғылым иелерінің көзқарастарына дәл келеді. Абай өлеңді искусство деп таныды. Өлеңді бағалай алмай, әркімді мақтап жырлаушыларды Абай қатты шенейді:
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты, жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтаумен өлең айтып, әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, - деп, көркемдігі нашар, әлеуметтік мәні аз өлең шығарушыларға, өлеңнің қадірін кетірушілерге қарсы күрес ашып, өлеңнің мазмұны жағына да, түрі жағына да белгілі шарт қойды. Жазықсыз елді талаған «ерді», «алтын иек, сары ала қызды» жыр етіп, «күн өткізбек әңгімені» дәріптеушілерге қарсы Абай:
Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер, білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап, - дейді. Ақындарды жұртқа ақыл беретін сөз шығар деп үгіттесе, елдің ондай сөзді үстірт тыңдайтынын сынап, ол әдеттерін жоймақшы болады.
Абай ақындардың алдына әлеуметтік мәні бар үлкен мәселелерді қойды. Ақындардың өлеңінде ынсап, ар-ұят, талап, ой, ғылым тәрізді көпшілікке пайдалы нәрселер болуы керек деді. Ақын екінші бір өлеңінде:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін! -деп, өлеңге өзінің көзқарасын ашық айтады. Абай қағидасы бойынша, ақын да, ақынның өлеңі де халыққа қызмет істеуі керек. Ақынның өлең жазғандағы мақсаты - жастарға үлгі беру, олардың сана-сезімін ашу, жастардың халық үшін жұмыс істейтін сапалы адам болуын аңсау, міне, Абайдың түпкі ой қазығы, көздеген нысанасы осы болады. Абай осы пікірін басқаға да ұсынады.
Абай өлеңнің көркемдігіне де белгілі шарт қойды. Бірақ ол түр мен мазмұнды бөліп қараған жоқ. Екеуінің айырмасын көре білумен қатар, бірлігін де көре білді. Өлеңнің «іші алтын, сырты күміс» болсын деді. Абайдың өлеңге қойған бұл шарты күні бүгінге дейін дұрыс және ғылыми жағынан да дәл келеді. Өлеңнің түрі мен мазмұны бір-біріне қабыспай, шалғай жатса, ондай өлеңнің ешбір бағасы болмайды дейді Абай (бұл туралы Абай поэзиясының тілі деген бөлімде толық талданады). Халықтың ауыз өлеңдерінде кездесетін:
Астымда атым мінген құла қасқа,
Құдыққа шеген салдым құламасқа,
Ауылың бірге отырып, кетсе басқа,
Беріп кет сақинаңды жыламасқа... - дегендер тәрізді айтайын деген ой соңғы екі жолында болады да, алдыңғы екі жолы тек тармақ, буын санын толтырып, шумақ жасау үшін босқа тұратын сөз бен сөйлем ретінде келеді.
Міне, Абай осыны көре білді де, соған қарсы шықты. Мәдениетті, ұлы классиктердің салтынан үлгі алған, өлеңнің ішінде мағынасыз, босқа тұрған сөздерді көзге шыққан сүйелдей көріп, басы артық сөз қолданушыларды қатты шенеді. Абай мұны сөз жүзінде ғана айтып қойған жоқ, іс жүзінде де  асыра білді. Шынында Абай өлеңдерінен басы артық, орынсыз тұрған сөз табу қиын. Әр сөзінің орны, өз мағынасы бар, айтайын деген ойының бір керегіне жарап, әрқайсысы өз жұмысын атқарып тұрады. Ол бір басқан ізін қайталамайды. Бір өлеңінде қолданған сөзін екінші өлеңде қайта қолданбайды. Қолдана қалса, оны біле тұра басқаша мән беріп, басқа бір жағдайға сәйкес етіп қолданады. Не сөзге эпитет қосып, басқа бір жаңа бейнеге айналдырып жібереді.
Абай көре білген кемшіліктердің бірі - қазақ поэзиясын шұбарлаған араб, парсы сөздері болды. Ислам діні арқылы, түрік, татар әдебиеті арқылы қазақ әдебиетіне де араб, парсы сөздері кіре бастады. Бұрынғы әдебиеттерде там-тұмдап қана болса, Абай кезінде тіл шұбарлау недәуір өрістегені байқалды. Жас уақытында ақынның өзі де оған еліктеді. Бірақ ол ес біліп, ақындық өнері қалыптаса бастасымен-ақ араб, парсы сөздерімен тілді шұбарлаудан бас тартып, өлеңдердің тілі неғұрлым таза, халыққа түсінікті болуына көңіл бөлді.
Абайдың аса көңіл бөлгенінің бірі - музыкалық өнер. Ең алдымен ақын әнге, музыкаға өз көзқарасын білдіріп:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй! - дейді.
 
Бірақ Абайдың ән жөніндегі айта қалғандай еңбегі - әнге баға берушілігі. Абай әннің көркемөнерлік қасиетін де, әлеуметтік мәнін де жақсы түсінеді.
Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды,
Жүрек тербеп оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды,
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Бұл үзіндіде әнді көркемөнердің жоғарғы бір түрі деп бағалаушылық былай тұрсын, оның әсіресе адам өміріне керекті жағы тамаша айтылған. Абай өз кезіндегі ән салушыларға да, әнді тыңдаушыларға да риза болмайды. Әннің әлеуметтік, тәрбиелік мәнін ән салушылардың көбі ұқпайды, тыңдаушылары да солай, бұл басты кемшіліктің бірі дейді.
Сөйтіп Абай өмір сәулесі, көңіл-күйі болып туатын, баста миды оятып, жүрек тербететін әнді және оны дәл нақышына келтіріп, дұрыс сала білген әншіні ғана жақсы әнші деп біледі.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, - деп екіге бөледі. «Құлақты кесетін» есер ән-күйге көңілді өсіретін есті, әсерлі әсем әнді қарсы қояды. Соңғысын керекті, алдыңғысын керексіз дейді. Сол сықылды ол ән салушыларды да екіге бөлді:
Көбінесе ән басы келеді ащы,
«Кел, тыңда!» - деп, өзгеге болар басшы.
Керім толғап тауысар қаңғыр-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы! - дейді.
Абай әдебиет және музыка мәселесіне ерекше көңіл бөліп, музыкалық өнердің дамып, жоғарғы дәрежеге жетуін тілек етті. Музыканың тәрбиелік мәнін, әлеумет өміріндегі қызметін дұрыс түсінді. Оның қанатын кең жайып, ілгері басуына белсене ат салысты. Талай асыл әндер шығарды («Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Татьянаның әні», тағы басқалар).
Сөйтіп, ұлы ақынымыздың музыкалық өнердің әрі өзіне тән ерекшелігін, әрі әлеуметтік, тәрбиелік мәнін терең түсініп, классикалық анықтамалар беруі кейінгі ұрпақтар үшін мәні зор. Сонымен қатар оның ән шығарып, композиторлық өнермен шұғылдануы өз кезіндегі және келешектегі жастарға көрсеткен үлгісі болды. Абай айналасынан ақын, әнші, композиторлардың көбірек шығуы да кемеңгер ақынның тікелей әсері еді.
Подпись: Абай - лирик«Лирика - поэзияның жаны», - деген ұлы сыншы Белинскийдің даналық сөздерінің шындығына әрдайым-ақ тәнтісің. Лирика - жан сыры. Шын ақындар айналасындағы өмір құбылыстарының біріне қуанады, екіншісіне қайғырады, бірін жақсы көрсе, екіншісін жек көреді. Қысқасы, өмірден алған әсерлерін өзінің жан сезімдеріне бөлеп, ой елегінен өткізеді де, образ арқылы көңіл аударарлық та тартымды етіп, оқырмандардың талғамына татырлық өлең, не көркем қара сөз түрінде сыртына шығарады. Ақын суреттемек құбылысын қандай сырмен бояйды, қалай бояйды, ол ақынның сол өмір құбылыстарын түсінуіне, оған қалай, қай тұрғыдан қарайтындығына байланысты.
Дәстүр бойынша, ақындарды лирик және эпик деп екіге бөледі. Әрине бұл - шартты түрде ғана бөлу. Шындығында, тап-таза лирик, не тап-таза эпик те болуы қиын. Эпиканың шебері саналатын ақындарда лирикалық, философиялық шегіністер жиі ұшырайды. Сол сықылды, лирикалық туындыларда эпиканың элементтері де кездесе береді. Ірі тұлғалар саналатын дүниежүзі әдебиетінің ұлы ақындарын алсақ, лирика - негізгі жанр.
Сондай-ақ Абай өлеңдерінің де дені - лирика. Абайда әлеуметтік (саяси) лирика, махаббат, достық тақырыптарына арналған лирика, сатиралық, философиялық лирика, лириканың элегиялық түрі - бәрі де кездеседі.
Әлеумет-саяси лирикалық өлеңдері өз кезіндегі қоғамдық мәні зор мәселелерге арналады. Ақын кейде мысқыл, кейде кекесін түрде өзінің суреттеп отырған өмір құбылыстарына көзқарасын білдіреді. Ел үшін, жұрт үшін зиянды деп түсінген іс-әрекеттер ақынды қатты ашындырады. Сондықтан да ол:
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе, жайы сол, - деп ескертеді. Абайдың айналасындағы өмір құбылыстарының ұнамсыз жақтары жанын жаралап, жүрегіне дақ салды. Сұм-сұрқия іс-амалдар халқының келешегі үшін кедергі деп білді. Осындай түсінік ақынның лирикасында, әсіресе саяси-азаматтық лирикасында өзінің ізін қалдырды:
Болды да партия
Ел іші бұзылды.
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды.
Құрбыдай қош тұттым
Жасың мен кәріңді.
Жоқтамай ұмыттым
Ақыл мен нәріңді.
Ортаға көп салдым
Өзімде барымды.
Япырм-ау, неңді алдым,
Сау қоймай арыңды?!
Өзіңнен асырдың
Сұм тілді қарынды.
Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым барымды.
Ақынның сатирасындағы лирикалық геройлар - сол кездің атқа мініп, сөз ұстаған пысықтары. Бірақ олардың бәрі де ой-өрісі тар, бірді-бірге шабыстырып, ел бірлігін ыдыратушылар. Ел бірлігі елдік үшін керек деген идеяны берік ұстаған ақын оған қайшы келушілерді шенейді. Олардың мардымсыз іс-әрекеттері бір жағынан оның жанын жараласа, екінші жағынан, оны жиіркендіреді. Сөйтіп, кейде бір өлеңде екі түрлі сезім түйіседі. Жоғарғы келтірілген үзіндіде әрі элегияның, әрі сатираның элементтері кездесуінің себебі де осында.
Жалпы емес, Дүтбай, Күлімбай, Көжек тәрізді болыс, қу, сұмдарға арналған өлеңдері - нағыз сатиралық лирика. Әйтсе де бұл өлеңдерді оқығанда, ерекше аңғарылатын бір жайт - суреттеген объектісін өлтіре сынауында ғана емес, көлемі шағын қысқа өлеңдердің ішінде өзінің лирикалық қаһарманын нағыз жексұрын адамдар бейнесінде көзге елестете білуінде. Оқырмандардың көңілінде олардан безерлік әсер қалдыруында.
Жылуы жоқ бойының
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының
Кетпей құйтың еткені!
Мұңды жылмаң киімін,
Кезек киіп, ел жиып.
Болыс болса түсінің
Түксігін салар тырсиып.
Бір көрмекке тәп-тәтті,
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып әр жағы.
Бұл тәрізді сатиралық өлеңдер Абайда көп. Қайсысында болсын ол өз кезінде үстем тап өкілдерін қатты сынаумен қатар, оларды жоққа шығарады. Еш нәрсеге арзымайтын адамдар дейді. Қай кезде болсын, сатира - өмірді, қоғам құрылысындағы белгілі бір адамдарды келеке ету, мысқылдау, олардың әртүрлі жаман жақтарын жұрт алдында масқаралау, күлкі ету. Сатира ақынның өмір тануы, көзқарасы өз кезіндегі үстем, билеуші таптың тілегіне қайшы келген кезде туады. Көптің, не белгілі бір топтың немесе белгілі бір таптың атынан күрес майданына шығып, бар қару-күшін үстем етушілерге қарсы жұмсайды. Абай демократтық бағытты қолдаушы ақын болғандықтан, феодал-байларға, олардың ішінен шыққан әртүрлі алаяқтарға қарсы шығуы, оларды сынауы заңды еді. Осындай әлеуметтік құрылыстағы идеялық тартыстар Абай сатираларына бірінші негіз болса, қоғам өміріндегі әр алуан мәселелерге сын көзімен қарап, шегіне жеткізе сынаушылыққа шеберленуінің екінші тамыры Салтыков-Щедринде, Л.Н.Толстойда жатыр. «Ойында жоқ олардың Салтыков пен Толстой» деп Абай жай айтпаған, оларды ақын өзінің ұстазы біліп, басқаларға үлгі ретінде ұсынады.
Салтыков сатирасының негізі ескі Россияның көлеңке, кертартпалық жағының шындығын ашып, оларды шенеу, революциялық-демократтық идеяны қолдау болса, көп мәселелер жөнінде Салтыков пен Абай арасында пікірлері жағынан үндестік, стильдері жағынан жақындықтары айқын. Тіпті өмір құбылыстарын мысқылдап, шеней суреттеуге қолданылатын ирония, сарказм сықылды поэтикалық тілдері де бір-біріне ұқсас. Осы себептердің арақасында, Абай сатираның ұстасы дерлік дәрежеге көтерілді.
Абайдың бір алуан өлеңдері философиялық лирикаға жатады. Бірақ бұл саладағы өлеңдері күні бүгінге дейін зерттелмей, тың жатыр. Өйткені олар Абайдың жалпы философиялық көзқарастарын терең зерттеумен байланысты болғандықтан, бұған әдебиетшілердің тәуекелдері тұрмай, қашқақтап келсе, философтар да оны дербес тақырып етіп зерттемей жүр.
Абайда өмірдің, оның әр алуан құбылыстарының өзгеріп отыратындығы, діннің, тәңірдің, адам мен жеке адамның қоғамдағы орны мен ролі сияқты философиялық мәселелер сөз болады. Оның: «Өлсем орным қара жер», «Жүрегім менің қырық жамау», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Алла деген сөз жеңіл», «Тоты құс түсті көбелек», «Единица - жақсысы» тәрізді сөздері - философиялық лирика. Бұл - біздің талапты жас философтарымыздың айрықша көңіл бөліп, зерттеулерін күтіп тұрған әлі қаймағы бұзылмаған, күрделі тақырыптың бірі.
Абайда элегиялық лирика да жиі ұшырайды. Лириканың бұл түріне Абай үлкен шебер. Элегиялық өлеңдердің негізі өз кезіндегі әлеуметтік өмірге ақынның риза болмауынан, оның көп жақтары ақынды қанағаттандырмай, қарсы күресуге әлсіздіктен, жалғыздықтан келіп туады. Сол себептен онда қайғыру, мұңаюшылық сарыны басым келеді. Әрине бұл жайттарды да кезеңімен, жағдайымен байланысты алып қарау керек. Элегия жазушы ақындардың барлығы бірдей емес, кейбір ақындар жалғыздыққа ұшырап, өзінің әлсіздігін өзі мойындайды да, сүйенер тірегінің түбі босап, тамыры шіри бастағанына көзі жетіп, сенері жоқ болғандықтан, пессимизмге бой ұрады. Олардың лирикалары өмірден түңілу немесе қоғамдық мәні бар тақырыптардан аулақтап, жалаң махаббат немесе ішімдікті жырлауды машық етеді. Одан гөрі құлдиласа, бұл дүниеден мүлде безіп, ол дүниені жырлауға беріледі.
Элегия, кейде ақынның үстемдік етуші тобына наразылығынан, кейде қоғам өміріндегі кемшіліктерге оның жаны аурудан туады. Өз кезіндегі өмір кемшіліктеріне жаны аурудан туған элегияларында, өмірден мүлде түңілу болмаса да, ақынның қажу, налу сарыны анық байқалады.
 Ал сенейін, сенейін,
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының
«Ішін арам» демейін, - деп, өзі мен басқалардың қарым-қатынастарындағы алдамшылық іс-әрекеттерді айта келіп:
Басыңа тиді байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан! - деді. Абайда осы сықылды элегиялық өлеңдер жоқ емес. Бір алуан элегиялар ең жақсы көретін ұлы Абдрахманның өлімімен байланысты туды.
Элегия кейде ақындардың күйініш-сүйініштерін, әр жағдайлармен байланысты ішкі сезімдерін сыртқа шығару, кейде бір жай көңіл-күйлерін көрсету үшін де жазылады. Бұл - табиғи нәрсе. Өйткені соқпақсыз өмір жолы жоқ. Кім де болса тіршілікте не қайғы, не бір көңіл күйзелтерлік жағдайға кездеспей тұрмайды. Бұл барлық ақындардың бастарында да болуы мүмкін. Ондай жағдайлар сезімтал, нәзік жанды ақындарға тез әсер етіп, ақындардың лирикаларында элегиялық сарын туғызуы мүмкін.
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып;
Жер көгеріп күш алар.
Оның малы өзгеден
Өзгеше болып өсер тел, - деді. Осы сияқты ынтымағы берік елге бірлігі, берекесі жоқ елді қарсы қояды:
Берекесі кеткен ел -
Суы ашыған батпақ көл.
Оның суын ішкен мал,
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Шулай алмас жазғы төл.
Көл деп оны кім айтар,
Суы құрсын, ол - бір шөл.
Берекелі, берекесіз елдерді екі түрлі көлге балап бейнелеу арқылы халқын бірлікке шақырады. Ел бірлігі туралы айтқан ұлы ақынның пікірлері өзінің аты шулы «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос! - деген сөздермен түйінделеді.
Патриоттық идеяны жырлауда «Сегіз аяқ» - айрықша мәні бар өлең. Онда ел мәселесі әр жағынан алынып жырланады. Бірақ осы өлеңді әркімдер өзінше талдап, өлеңдегі қазақ деген сөзді тілге тиек етіп, Абайды ұлтшылдыққа қарай сүйреп те көрді. Кейбіреулер осы сөзден шошынып, ақыннан бойын аулақ салуға тырысты. Алдыңғысы саналы түрдегі ұлтшылдардың бұрмалаушылығы да, соңғысы - мәселенің байыбына бармаушылықтан туған қателік. Қазақ деген сөз бүкіл қазақ елін, ұлт деген ұғымды қамтиды. Ұлтын, Отанын сүю - ол ұлтшылдық емес, патриоттық. Әрине бір ұлттың ішінде езуші де, езілуші де бар. Әйтсе де ұлтты құрайтын - ат төбеліндей езушілер емес, көпшілік халық. Дағдыда, ұлттық мәселелерді көтергенде, сол ұлттың атымен жалпылап қазақ дей тұрса да, Абайдың ешбір өлеңінде сол ұлттың езушілерін мадақтаған, мақтаған жері жоқ. Үстемдік етушілердің іс-әрекеттерін сөз ететін өлеңдерінің қайсысын алсақ та, оның тілінің уы мен зәрі соларға арналады. Өзі сол таптан шықса да, қанаушы да, елді ірітуші мен аздырушы да, кертартпалық, «ала жылан, күпілдектер» де сол таптың өкілдері. Олар - келешегі кесілгендер. Болашақ өмір халықта, жаңалық пен мәдениет ғылымда деп білді. Сондықтан жоғарғы өлеңдерді патриоттық, яғни өз Отанын жырлау тілегінен туған өлеңдер деп түсінуіміз керек.
(жалғасы бар)

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар