Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
М. Қаратаев: Абайды армандасақ...

08.08.2015 3953

М. Қаратаев: Абайды армандасақ

М. Қаратаев: Абайды армандасақ - adebiportal.kz


Қай халықтың да белгілі бір заманда бетке ұстап, бедел тұтар дара тұлғалы данышпаны болады. Ол өзінің озық ой, санасымен халқының тарихи дамып жеткен бүгінгі рухани дәрежесін таныта отырып, оның алдындағы болашақ мұрат межесін меңзейді. Сондай кісінің бірі және бірегейі біздің қазақ халқының өткен ғасырда өмір сүрген ұлы ұлттық ақыны Абай екені әмбеге аян. Абайды 1936 жылғы тұңғыш мақаламда алғаш рет «Ұлы  ұлттық ақын» деуіме И.Г. Белинскийдің Пушкинді дәл осылай бағалауы бірінші себеп болған еді. «Ұлттық ақын — ұлы іс! » депті ұлы сыншы,  — Пушкиннің ұлттығы жайлы біздің айтарымыз: ол өз бойындағы халық өмірінің географиялық және физиологиялық белгілерін бейнелемеуі мүмкін емес еді, неге десеңіз, Пушкин — жай ғана орыс емес, сонымен бірге бойына табиғи жаратылысынан данышпандық күш дарыған орыс. Оның поэзиясының халықтығы мен ұлттығын атағанда, бұдан біз оның аса ұлы көркемдік тақтын көреміз».
Пушкин жаратылысындағы осынау Белинский атаған негізгі қасиеттерге принципті ұқсасатық қазақ жағдайында Абайға да тән деп біліп, 1936 жылы Ленинградта кандидаттық диссертациямның тақырыбын «Пушкин және Абай» деп қойғаным бар. Бұл тақырып газетте де, кітапта да осылай жарияланды. Абай туралы аз жазылып жүрген жоқ. Кімде болса оның ұлылығына ешқашан шек келтірмейді. Бірақ мәселе Абайдың ұлылығын жәй ғана мойындап қоюда емес. Сол ұлылықтың терең сырын, мәнін алдымен өзің ұғып, өзің танып, оның үстіне мүмкін қадар өзгеге жеткізу жайында. Міне, мәселенің қиын жері осында. Біздің қазақ жерінің шығысына таң сәріде жарқырап туған Шолпан жұлдызындай ұлы Абай халқымыздың дара туған данышпан тұлғасы, жарығы мен жалыны еді ғой. «Таңсәрі» демекші, Абайдың дүниге келіп, төңірегіне нұр шашқан заманы, қазақ даласының қараңғылығы әлі сейілмегенімен, тағдырлас көрші Россияда революциялық жағдай өріс алып, нысанаға жақындаған шақ болатын. Бұл шақ қазақ халқының да көзі ашық өкілдерінің ояна бастау қарсаңы болғанын білеміз. Сол қарсаңда Ленин айтқандай, «Орыс революциясының айнасы» саналған Лев Толстой творчествасынан көңіліне көп әсер түйген қазақтың Абайы ертеңгі атар таңын армандап, өз ортасының бүгінгі болмысын, оның ащы шындығын ақындық айнаға түсірген ұлы суреткер болғаны аян. Мұны қазақ ортасының санаулы қауымы ерте-ақ ұғынып, оның ұлылығына ешқашан күмән келтірген емес. Оның данышпандық ақыл-ойына, ақындық үздік талантына өлеңін оқыған сауатты да, оқымай, тек естіген сауатсыз да ұйып тыңдап, сүйсіне қабылдайтын.
Осында қандай сыр бар, нендей себеп бар? Мұны әркім әр кезде  өзінше әр қырынан алып, әр түрлі түсіндіріп келеді, әлі де әр қилы пікірлер айтушылар бар. Бірақ олар Абайдың ақындық атағы төңірегінде емес, оның туындыларының терең сырын қалай ұғып, қандай сабақ алу қажет дейтін түйінді мәселе төңірегінде. Бұлар жайында айтар ой, түйер түйін әлі де де баршылық.
Орыс халқының XIX ғасырда өмір сүрген екі бірдей алып жазушысы -алдымен Пушкин, соңынан Лев Толстой — әдебиетінің даңқын дүние жүзіне шығарған дара данышпандар екені әлдеқашан әммеге аян. Соның  өзінде бұл екеуінің мұхит творчествосының терең де күрделі көркемдік сыры мен қасиеті әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.
Ендеше, Абай мәселесі бұлардан арман жатыр —  әлі алысырақ. Сондықтан бұл мәселенің анықтамасының үлгі–өлшемі ретінде алдымен ұстазы Пушкиннен бастап, Лев Толстой таразысымен баламалауда маңызды мән бар. Абайды тану үшін, оның ұлылығы мен ұлттығын түсіну үшін, бір жағынан Белинский көзімен Пушкинге қарап, екінші жағынан Ленин көзімен Толстойға қарап, Абай ақындығының ұлылығы мен ұлттығын Абай творчествасының тарихи-әлеуметтік, идеялық-эстетикалық тұрғысын тануға болады.
Пушкин қазақ оқушыларына алғащ Абай арқылы жол ашты, қазақ оқушысы оны жақсы қабыл алды. Абай аударған Татяна мен Онегиннің хаты сияқты «Евгений Онегиннің» үзінділері қазақ халқына тамаша ұнап,  кейін қазақ даласының ең сүйікті өлеңі болып кетті. Қазақ оқушылары Пушкин өлеңдерінің күшін, музыкасын, өмірлік мағынасын сезімділігін түсінді. Абайдың аудармасы арқылы орыс халқының ұлы ақынымен жақындығын сезе бастады, өйткені Пушкин жалғыз орыс халқы емес, басқа халықтардың да өмірін, тұрмысын, характерін сүйіп, жете зерттеп олардың ұлттық ерекшеліктерін  өзінің мәңгілік образдарын көрсеткен. Пушкиннің сондай халықтық ақын болғандығынан қазақ халқы оның творчествасын сүйіп қарсы алды. Абай оған арнап жалынды өлеңдер жазды. Пушкин халықтардың өмірін шындық тұрғысынан, тарихи көзбен болжайды, адам бюаласын шексіз сүйетін еді, характерлерін суреттегенде халық әдебиетінің бай қазынасынан пайдаланды. Халық әдебиетінің сюжетін мейлінше көп және өте қонымды түрде пайдаланған, сондықтан да Пушкиннің халықтық қасиеттері Абайдың «кеудесіне» қонып кеткен. Пугкиннің тарихи орны, бүкіл творчествасының характері Абайға белгілі үлгі болған. Пушкиннің үлгілерінің көп белгіліері ақын Абайға идеал болған. Пушкин мен Абайдың арасынан аналогия жасап қарауға болмайды, өйткені екеуі — екі заманда, түрлі тарихи жағдайларда жасаған адмадар. Дегенмен екеуінің ұқсас жерлерін айтпай болмайды.
Пушкин туралы Белинский: «Халықтық сатира, көркемдік – ол Пушкин поззиясының молдығы, байлығы және оның бұл қасиеттері аса жоғары көрікті кемелденген сатыға жеткен», — дейді. XIX ғасырдың аяқ кезінде Абайдың аудармалары қазақ әдебиетінде болған үлкен оқиға екенінде талас жоқ. Бірақ аз үзінді аудармаларынан Пушкин қазақ әдебиетінің өсуіне қаншама, зор әсер еткенін, Пушкин мұрасын көпшілік арасына тарату, оның көркемдік идеяларын қазақ әдебиетіне енгізу жөнінде Абайдың аса зор мәнін толық шеше алмаймыз. Абай Пушкинге бүтіндей бағынып кеткен аударушы емес.
Абай — Пушкиннің қызу, жалынды шәкірті. Аудару — Абайдың Пушкиннен оқудағы бірінші сатысы, ол оқуы ұлы орыс ақынының мұрасын өз бетімен талқылап оқу мақсатына бағынған. Абай Пушкиннен көп аударған жоқ. Бірақ сол өз аудармасының ішінде түпнұсқадан тыс шығып, аударманы өзінің творчестволық жұмысының бір бөлшегі етіп кеткен жерлері аз емес. Ойлап қарасақ, ол кездейсоқ істелген емес, өйткені сөйтіп жүріп, Абай Пушкиннен шеберлік әдістерін үйренген. Абайдың бұл жолы кең творчестволық жұмысында өзін ақтады. Абай творчествосы гүлденген 80-ші жылдар Лермонтовты аударды (1882ж). Орыстың тамаша шығармаларының ескерткіштермен алғаш танысқаннан кейін, 1884 жылы былай деп жазды:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.  
 
Өзінің бұрын бос қалған жерлерін сезіп, орыс мәдениетін білу қажет  деп ұмтылғаны емес пе?! Пушкиннің поэзиясы Абайдың творчествосына қандай әсер етті, екі ақынның творчествосында қандай ортақтық бар деген мәселеге кері айналсақ, Пушкин поэзиясы қазақ әдебиетінің гүлденіп, өршуіне  қуат жеткізетін тамыр болды деуге болады. Абай еліктеген емес, ол қолтума поэзиясын тудырды, бірақ оның поэзиясы Пушкин поэзиясымен табиғи туысқан болды. Пушкин поэзиясында Белинский  тапқан халықтық, сатира, көркемдік деген үш элемент Абайдың поэзиясында да табылады.
Өмір, адам деген тақырып — Пушкинннің де, Абайдың да сүйетін, қызық тақырыбы. Екеуі де шын көңілімен жарқын өмір, бақытты, ерікті  адам үшін күреседі. Екеуінің  шығармасында да халықтың, еңбекші адамның үміті, тілегі көрініп тұрады, олардың ұстанған туы осы. Көп жерлерде олардың, әсіресе Абайдың поэзиясында уайым, қайғы таңбалары көрініп тұрады. Ол —  сол уақыттағы қоғам арасы қатынас жағдайларында идеялары жүзеге шығуға мүмкіндік жоқтығының белгісі. Бірақ екеуінің творчествосында да реакция ақындарына лайық меланхолия, мистика, писсимизм, өмірден қашу деген жоқ. Қайта Пушкин мен Лермонтовтың, оның ізінше Абайдың қайғысында ерлік, қайрат күшті.
Но не хочу,о други, умирать,
Я жить хочу, чтобы мыслит и страдать.
И ведаю: мне будеть наслаждение
Меж горестей, забот и треволненья.  
 
Бұл сөздің ішінде ұлы Пушкиннің шексіз күшті, қуанышты өмірге ұмтылған өжет кескіні айқын көрініп тұр.
Бұл жерде Абай поэзиясында сатира мен қайғы басымырақ екенін айтып кетпей болмайды. Бірақ Абай заманындағы қоғам тұрмысындағы шенқұмарлық, парақорлық, өтірік, өсек, менмендік, мақтаншақтық сықылды мерездерді қатты сынап, айтқаны болмаған соң, ақын нали келіп, сәлден кейін қайтадан жаңа қайратқа мініп отырады да:  
Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Ант ұрған көп, бұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ, -
 
деді.
Абай Пушкин сияқты неше түрлі қиындықтың ортасында өзінің мойымас ақындық дәрежесін таза сақтайды, таптық қоғамның нәтижесінде адамның бұзылып бара жатқан кескінін мазақ қылып, көркем сөзімен олардың адамдық қасиетін жоғалтпауына шақырып, жарық болашақ туралы ой салады, көңілде үміт туғызады. Абайдың творчествосында ақындық көзқарастарымен бірге Пушкинмен қайнап біткен идеялық Пушкиннің көркем сурет беретін әдіс дәстүрі де көп табылады. Абайдың өлең туралы: «Тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиіп, теп- тегіс жұмыр келсін айналасы», — деген бағасы дәл өз өлеңіне келеді. «Іші алтын, сырты күміс сөз сарасын, қазақтың келістірер қай баласы?» — деген сұрағына ақынның өз өлеңі толық жауап береді. Абай поэзиясы, тұтас алғанда да, Лермонтов поэзиясы сықылды  пікірге толы, сезімге бай, кернеген ызалы және Пушкин поэзиясы сықылды мүсіндей мөлдір таза, ашық жарқын, музыкалы екенін көреміз.
 
Мұхаметжан Қаратаев
Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер / Құрастырған филология ғылымдарының докторы, профессор Нығмет Ғабдуллин. – Алматы: Жазушы, 1986. – 155-159-беттер. 

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар