Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бауыржан Ердембеков. «Әнді сүйсең менше сүй»...

08.08.2015 2954

Бауыржан Ердембеков. «Әнді сүйсең менше сүй»

Бауыржан Ердембеков. «Әнді сүйсең менше сүй» - adebiportal.kz


Абай және ән өнері деген мәселе - әлі түбегейлі зерттеле қоймаған тың тақырып. Әрине, Абайдың ақындық мектебі дегеннің аясында һәм бір бөлігі іспеттес әншілік мектебінің де сұлбасы менмұндалайтыны заңды.  Бұл арада ең алдымен Абайдың әнші шәкірттерінің болғанын айтуымыз керек. Ақын шәкірттерінің бәрі дерлік әнге жақын болды десек, солардың арысы композитор, берісі әнші екенін де есте ұстаған жөн. Дәл осы топ Абай әндерін орындап, халыққа таратты. Ұстаздарының әнге бет қойғанын байқап өздері де ән шығаруға бел байлады. Нәтижесінде Абай ауылы тек ақындықтың ғана емес, үлкен әншіліктің де ауылына айналды.
Қазақта ән мен өлең қатар жүрді, әмсе Абай заманында солай болды. Өлеңге ебі бар кез-келген ақын сол өлеңін әнге қосып өзі айтатын болған. Ақын да, композитор да, орындаушы, яки әнші де өзі. Осы құбылыс Абай айналасындағы әдеби мектептен әншілік өнерді бөле қарауға болмайтынын айғақтайды. Ақындығы мен композиторлығы елден асқан Абайдың әншілігі қалай?- деген сұрақ өзінен өзі сұранып тұр. Күшті әнші болмағанымен, ән өнерінің қыр-сырын жақсы меңгерген Абайдың домбыраға қосылар қоңыр дауысы болғанға ұқсайды. Ал, сол Абай дауысымен орындалған алғашқы нұсқаны ары қарай жетілдіріп, нақышына келтіріп орындау - Абайдың әнші шәкірттерінің міндеті. Бұл орайда А.Жұбанов былай дейді: «... Ақылбай, Әлмағамбет, Әйгерім Абайдың «жәй даусымен» айтып шығарып берген әндерін аузынан қағып алып, шырқата, үдете, құйқылжыта орындап кетті. Абайдың міндеті - бірінші рет «автор даусымен» орындап беру болды. Әрине, одан әрі Абай өз әндерін орындамады деген сөзден аулақпыз. Міне, осылай, Абай әндері ауылынан шықпай жатып жоғарыда ескертілген «лабороториядан» өтіп, шыңдалып, біздің тілімізбен айтқанда Абай айналасының «литосынан» өтіп барып, халық алдына тарады» [1, 114-б.]. Бұл арада Абайдың әнші шәкірттері Абай әндерін тек таратушы ғана емес, ортаға салып артық-кемін түзеп, нағыз әншінің дауысына салып жетілдіріп те отырды. Абай айналасындағы мұндай әншілік талқы халық композиторларының көбінде болған жоқ. А.Жұбановтың Абай әншілерінің тобын орыстың «Могучая кучкасымен» ұқсататыны содан.
Абай жанындағы ән өнерінің өкілдері кімдер дегенде біз ең алдымен оның нағыз әншісі қайсысы, композиторы қайсысы, жай әуесқойы кімдер, қай музыканты қандай аспаптарда ойнаған деген мәселелерге барлау жасап көруіміз керек. Абай ақындықпен қатар әншілік өнердің өрістеуіне көп ықылас білдіріп, маңына ең жақсы деген әншілерді жинағаны аян. «Әлдеқандай себептермен қалаға барып оқи алмай қалып, өз маңайына жиналған іні, бала, ағайын-туысқан сияқты жастардың тәрбиесін қатты ескергендіктен, Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың сезім тәрбиесін толтырмақ болып, сол 89-жылы музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкешіні ауылына алғызады. Тағы сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды» [2, 144-б.] ,- деп жазады М.Әуезов. Дәл осылайша Керей елінен әнді жақсы айтатын Уәйіс ақын, Қаракесек Мауқай сияқтыларды да жанына жияды. Тіпті Абайды ең әуелі баураған Әйгерімнің өзі емес, әншілік өнері болған-ды. Кейіннен, Абай әндерін нақышына келтіріп жұртқа таратушылардың қатарында осы Әйгерім де тұрды. «Ән, дауыс сияқтыны Әйгерімге Абайдың өзі де үйреткен екен» [3, 240-б.]. Әйгерімнің әншілік бейнесін беруде М.Әуезов шындықтан алыс кетпеген.
Бала кезінен барлық өнердің түріне баулыған талапты інісі Шәкәрімнің домбыраға құмарлығын байқап, Керейдегі Біткенбай деген атақты домбырашыны алғызып Шәкәрімге көптеген қазақ күйлерін үйретеді. «Менің домбыра ұстазым - Біткенбай, оны тауып беруші - Абай» [4, 8-б.] ,- дейді Шәкәрім. Жалпы қасындағы жастарды ән өнеріне баулыған Абай музыкалық аспап түрлерін де байытқан ғой. Қазақтың қара домбырасынан басқа орыстың, татардың ұлттық аспаптарының сахараға келуіне себепкер болады. Бір жағы қала музыканттарынан үйренсе, екінші жағы бұл жаңалықты әкелуші Омбыда оқитын Халиолла, кейіннен Абайдың баласы Әбдірахман болды. Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде былай деп жазды: «Халиолла келген соң жазда басталып ортасы үзіліп қалған орысша оқу, ән-күй, домбыра, скрипка, гармонь, ойнап үйренуді қайта қолға алады» [3, 72-б.]. Нәтижесінде, Абай ауылы домбыра, қобыз, сыбызғыдан бөлек, қазақ жұртына таңсық скрипка, гармонь, мандолина сияқты аспаптарда еркін ойнайтын дәрежеге жетеді. Бүгінге дейін кең қолданылатын ақын еліндегі үш шекті домбыра сол Абай заманында орыстың мандолинасынан көшкен болса керек. Жүз жасаған халық ақыны Шәкір Әбеновтің қолынан үш шекті домбырасы түспегенін ескерсек, Абай әкелген осынау бір жаңалықтың да ел арасына қаншалықты сіңісті болғандығына көзіңіз жете түседі. Абай музыка аспаптарына деген ерекше ықыласы, оның күйшілік өнерден де құр алақан еместігіне куә. Абай күйлері - оның өзі бөлек тақырыпқа сұранып тұрған дүние.
Абайдың әнші-музыканттарды қасына жиюуы шын мәнінде ән мектебін қалыптастырды. Осы ортада Абай жанындағы Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Тұрағұл, «Қозы Көрпеш» жырының бір вариантын он жеті түрлі әнмен айтатын Бейсенбай ақын, «Абай жолынан» жақсы таныс Майбасардың Мұхамеджаны, Құдайбердінің ұлы Әмір, Ақылбайдың ұлы Әубәкір, Кәкітайдың ұлы Әрхам, әнші Әлмағамбеттер әншілік мектептің түлектері болды. Осылардың ішінде ән өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген Шәкәрім, Уәйіс, Әсет, Мұқа, Ақылбай, Бейсенбай сынды шәкірттері - өздері де ән шығарып композиторлық дәрежеге көтерілген әншілер. Әсіресе, Әсет ақынның әншілік атағы қазақ даласына кеңінен жайылған. Көкбай ақын да жасында жақсы әнші болған. Бірақ ән шығарумен әуестенбегенге ұқсайды.
Жалпы Көкбай жасынан ән-жырға құмар боп өсіп, Абай шәкірттерінің ішіндегі көп-көрім әншісі болған. Абайдың:
Өлең жиған тырбанып,
Ән үйренген ырғалып.
Сорлы Көкбай қор болды-ау
Осыншадан құр қалып,-
деп жазатыны бар. Қолына домбыра ұстап, ән айтқан Көкбайдың ақындық өнері қатар жараған. Абай ортасы Көкбайдың ақындық қана емес, әншілік қабілетін де ұштай түседі. «Семейге Абай келсе күнде думан, ән салып, босамаймыз айғай-шудан»,- дейді Әріппен бір айтысында. Әрине шығарған арнау өлеңінің бәрін Көкбай әнге қосып айтқан. Оған суырып салып айтқан айтысты қосыңыз. Жалпы ол кездегі ақындардың көп шығармасы әнмен таралған. Абай алдында Абылайды да әнге салып айтқан ғой Көкең [5, 205- б.]. Демек, Көкбай жақсы әнші және өз өлеңдерін әнге қосып айтатын белгілі бір дәрежеде сазгерлік өнері де болған. Көкбайдың әні делініп ауыл арасында айтылатын бірді-екілі әндер де жоқ емес. Ал, Көкбайдың нағыз композиторлық шеберлігін байқататын ән - «Әудемжер» деп танылып жүр. Қ. Мұхамедханұлы бұл әнді Көкбай еншісіне байлағалы, оған ашық дау айтқан ешкім жоқ. Десек те, «Әудемжер» әнінің Көкбай ақындікі екендігін толық мойындауға көкейді түртпектеген кейбір сауалдар кесекөлденеңдей беретіні тағы бар. Бұл ән өнерін зерттеуші ғалым А.Жұбанов пен ақын мұрасын көп жылдар бойы зерттеген Қ.Мұхамедханұлы пікірлеріне қарсы шығу емес, әрине. Бірақ, осы әнге байланысты көкейдегі ой-пікірмен бөлісуді жөн санадық. «Әудемжер» әні кей ән жинақтарында Ақан серінің әні деп беріліп жүрсе (Қазақ әндері, 1963 және Ауыл кеші көңілді, 1978), Көкбай ақынның бүгінгі таңға дейін шыққан екі жинағында да жоқ болғандығы (қараңыз: Жанатайұлы К. Шығармалары: өлеңдер, айтыс-қағыстар, қисса-дастандар. /Құраст. Ж.Әубәкір/. - Алматы: Информ-Арна, 2001., Жанатайұлы К. Абайдан сабақ алдым бала жастан. (Құраст. С.Қараменде). - Алматы, 2005.) әннің әлі де болса буыны бекіп, Көкбай мұрасына қосыла қоймағандығын аңғартады.
Көкбайдан да, Ақан серіден де қолжазба қалмағаннан кейін, ең алдымен ақиқатты өлең мәтінінен іздеген жөн сияқты. Қ.Мұхамедханұлының айтуынша: «Әудемжер» деп аталып, айтылып жүрген әні мен өлеңін Көкбай денсаулығы төмендеп, өмірден күдер үзе бастаған кезінде - 1924 жылы шығарған. Оны әннің өзінен де, сөзінен де көрінетін, арманға толы, шерлі сарынынан (драматизм) айқын аңғаруға болады» [21, 66-б.]. Дей тұрсақ та, өлең мәтініне қайта үңілейік:
Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан,
Ұстаймын екі қолдап таяғымнан.
Сайраған Орта жүздің бұлбұлы едім
Кәрілік келіп қалдың қай жағымнан,-
дегенде, шынында да қарға адым жер жүру мұң болған кәрі, науқас адамның айтар сөзі. Алайда, Көкбайдың дерті - қылтамақ. Аяқтан баса алмай қалып немесе «Әудемжер жүре алмаймын белім ұйып» дейтіндей Көкбайдың жөні жоқ сияқты. Әрине, ақындық шабыттың шекарасы шексіз. Ауруын дәл айтпай, әнде жалпы кәріліктің белгілерін көрсеткен дер едік, бірақ, «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын» деп Көкбай ақын әсте айтпаса керек. Қалай десеңіз де дәл осы сөз Көкбай стилінен, сөйлеуінен алыс. Сарамен жолыққанда осы сөзді Біржан айтты. «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын, арқаның Алтай, Қарпық ақтанкері»,- деген Біржан сөзін Әріп ақын өзгертпей берді. Соны Көкбайдың қайталауы мүмкін бе? «Орта жүздің бұлбұлы» - Көкбайға қарағанда Біржан, Ақандарға пішілген тіркес. Жасында өлең айтқанмен, бала оқытып, молдалық қылғаннан кейін Көкбай ән айтуды да доғарған. Дін жолындағы молда адамның өзін орта жүздің бұлбұлына теңеуі қай жағынан алсаңыз да қисынға келмейді. Ауруы меңдеген Көкбай ақын жанына жақын осы бір әнді ыңылдап айтуы (өмірінің соңында айқайлап ән айтпағанын ескерсек Б.Е) мүмкін де, қасындағы Есентай Бердин сияқты шәкірттері Көкбайдың әні деп іліп әкетіп, сөйтіп Көкбайдың «Әудемжері» болып елге тарауы ғажап емес. Сондай-ақ, «Әудемжер» - әннің төресі. Бүгінгі тілмен айтқанда - таза классика. Ән төресін Көкбайға қимай отырған жоқпыз. Көкбайдың сазгерлігі әуесқойлық дәрежеден әрі аспағанын мойындауымыз керек. Абайдың басқа әнші-ақын шәкірттері - Әсет пен Уәйіс сияқты қазақтың дәстүрлі ән үлгісінде өз туындыларымен дараланып, немесе Шәкәрімге ұқсап өзгеше ән үлгісін ұсынып жатса бір сәрі. Сондықтан да, Көкбайдың сазгерлігіне «Әудемжерді» қосақтап жіберсек, асығыстық етпейміз бе? Бұл арада, әрине, музыка мамандарының да пікірлері керек-ақ. Біздің бұл айтқандарымызды біреу құп алар, құп алмас, бірақ осы мәселелерге жауап тапқан күні ғана «Әудемжер» әнінің шын авторы табылмақ. Осы бағытпен келгенде Абай шәкірттерінің әншілік мұрасы - әлі зерттеле қоймаған тың жатқан дүние. Оның себептеріне келсек, Абай шәкірттерінің өзі тек тәуелсіздік жылдары ғана қолға алынып, ғылыми қауымның назарына іліне бастады. Ал, ән өнерін зерттеу тек әдебиетшінің қолынан келмейтінін еске тұтсақ, бұл тақырыпты зерттеу үшін әдебиетші мен музыка мамандарының бірлескен ұжымдық жұмысы ғана нәтиже беретінін қатты ескерген жөн. Немесе, Абай шәкірттерін зерттеуші адамның музыкадан арнайы білімі болғаны абзал. Тек, сонда ғана Абай мектебіндегі әншілік өнердің қазақ мәдениетіндегі орнын өз дәрежесінде зерттеп көрсетуге мүмкіндік бар.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.  Жұбанов А. Замана бұлбұлдары: Өңд. Толық 2-бас. - Алматы: Дайк-Пресс, 2001. - 440 б.
2.  Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. - Алматы: Санат, 1997. -416 б.
3.  Ысқақов Ә. Абайдың өмір жолы // Жүрегімнің түбіне терең бойла. -Алматы: Жазушы, 1995. - 296 б.
4.  Схақұғлы Кәкітай. Абай (Ибрагим) Құнанбайұғлының өмірі // Абай. -1992. - №3. - Б.17-22.
5.  Көкбай ақсақалдың естелігі // Жүрегімнің түбіне терең бойла: (Абай туралы естеліктер). - Алматы: Жазушы, 1995. - 296 б.
6.  Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. 2-кітап. - Алматы: Дәуір, 1994. - 336 б.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар