Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Азғантай ғана өмір бер, сәби боп өтсем жарады…...

18.12.2015 5013

Азғантай ғана өмір бер, сәби боп өтсем жарады…

Азғантай ғана өмір бер, сәби боп өтсем жарады… - adebiportal.kz


…Алысты барам арман қып, ауырың болса арт, өмір!
Жырына жолдың құрбан қып, басымды тіктім, әйтеуір…


Т.Айбергенов



Төлеген ғана ма өмірден ерте озған?! «Таңда гүлдеп, шамда үзілген» таланттар қазақ өнерінде жүздеп саналады. Тек поэзияны атап көрелік, кешегі ғасырдың басында небәрі жиырма үш жасында қыршынынан қиылған Саттар Ерубаев, жиырма жеті жасында фәниден озып, бақиға аттанған Сұлтанмахмұт Торайғыров… Алпысыншы жылдардан бері тарамдасақ, Төлеген Айбергенов, Марат Отаралиев, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Бауыржан Үсенов, Артығали Ыбыраев оралады еске… Бұларға көктей жұлынған Қайрат Әлімбеков, Бейбіт Құсанбек секілді дарындарды қосыңыз…


Көкейдегі айтпақ сөз сәл өзгешелеу. Өнер­дің дүбірлі додасына дүлдүл арғымақтай арын­­дата қосылып, ізім-қайым жоғалғандар нешеме?! Оларды лап етіп жанып, күлге айналды деуге ауыз бара қоймас. Өйткені, саф талант кейде өз отына өзі өртеніп кететіні бар. Бұл – табиғи қуаттың тасқыны. Бәлкім, періште жүрегі пенделік ғұмырға сыймады ма?.. Әлде тағдыр талайы уақытша… уақытша ғана жасыра тұруды жөн көрді ме екен иесін?..


Беймәлім.


Бірақ, адам ғұмырының өлшемімен өте аз ғана жасап, өлмес туынды тудырған «аққан жұлдыздарды» бір сәт санамалап, есімдерін еске алу – бұ дүниядағы тірілердің парызы… Біздің парыз!


Әділ… Әділ Ботпанов. Жиырма жеті жасында ғайыпқа айналып сала берді… Біріміз білетін, бірімізге мүлде таныс емес бұл есім кім еді? Кімнің есімі? «Әділ Ботпанов – ұлы ақын! Біздің толқынның бастауы – Әділ еді… Ақындығы мықты болды. Өз деңгейлестері оған қызыға, қызғана қарайтын. Бірақ, жеке жыр жинағын шығарып үлгермеді. Тек «Қарлығаш» деген топтамаға біраз өлеңдері енді. Дүрілдеп жүрген ақын бірден із-түзсіз жоқ болды…» Тоқсаныншы жылдары әдебиетке ентелей енген буынның бел ортасындағы ақын Әмірхан Балқыбек осылай дейді.


Сен ренжіме, мәңгі өлеңнің өрнегі,
Буырқанған алапат күш мендегі.
Тегі бөлек Тәңірекең болмаса,
Менсінбейді пендені,–

деген тәкаппар ақын санасына сағыныш ұялатқан, жапырақ жауған бір күзде өзгеше сап-сары бір ғаламды іздеп кетті ме?


…Өмірзая – өзге жұлдыздардан бұрын туады да, бұрын сөнеді. Ал, мекені – Айдың маңы. Әділ алғашқы жинағын осылай атамақ болған. «Өмірзая» дегенде, Светқали Нұржанның мына өлең жолдары тіл ұшына байланады: «Өмірзая өлді деп өксіме, жел, таңда қайта туады ол Шолпан болып…» Бәлкім, Ботпанов осыны меңзеген болар…


Ақынды өлең жаратқан соң көзсіз ғып,
Қарға қанға тоймас жаққа көш түздім.
Енді ешқашан кінә артпаймын ешкімге.
Ессізбін…


Бұл шумақ Әділдің «Өмірзаясынан». Ол өз тағдырының Өмірзаяға ұқсас болатынын сезді ме екен? Сөйтіп, аңсарындағы жұлдызға айналған шығар… Жырларынан кейде табыттың иісі аңқып жатады. Әділді жақсы көрген ағаларының бірі Әбдіраштың Жарасқаны «Мұндай сезімді кез келген ақын басынан өткереді. Еш алаңдаудың қажеті жоқ» депті. Сонда қалай?.. Мүмкін, өзінің «Махаббат диалогындағы»


– Өлсем ше? Иә, өлсем не етер едің?


– Ақ бөз боп өзіңді орап кетер едім…

– дегеніндей, біз білмейтін ғашығын ақ бөз болып орап кетті ме… Жұмбақ! Әйтеуір, бұйра шашты, қыран қабақты, болмысы бөлек ақын сәби санасын кірлетпеген күйі жоқ болды.


Ием болсаң көкірекке салған жол,
Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.
Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан
Сен емес қой тек қана…
тәңірім-ау…


Өзіне тән өзгеше жүрекпен Жаратқанына наз айтқан ақын, әлде фәниден жанын түйсінер, сырын ұғынар тең көрмей, тура сонда (бақиға) тартты ма екен, кім білген?.. Бұған да жауап дайын: «Әділді өлді деп кім айтты саған? Ол хабарсыз кетті. Жоқ. «Аман ердің аты бір шығады» деген. Аман болсын, бір жерде жүрген шығар…» Әділдің бір оқырманының сөзі. Лайым, солай болсыншы, бір жерде жүрген шығар, расымен. Жәй адам болып… Кейде әлгі оқырманы «Адамның бәрі – құдай, Құдайдың бәрі – жалғыз…», «Құдайдың бәрі де – адам, Адамның бәрі – пенде…» деп күбірлей сүйретіліп бара жатқандай болады маған. Әділді іздеп…


Айтқандай, Әділ жарияланбаған өлеңдерін іздеуге бел шеше кірісіп, досы жайында керемет естеліктер жазған ақын Бауыржан Бабажанұлының былай айтқаны бар-ды: «Ол өз өлеңдерін жатқа оқи алмайтын… «Дат» деген өлеңін оқымақ еді, толық есіне түсіре алмады. Сосын «Ақындар» деген өлеңін оқыды. Бір-ақ жолдан тұрады екен: «Олар – күлден гүл жасайтын тектілер». «Мынау өлең емес қой, – дедім мен, – Афоризм деуге келер, бірақ…» «Біз мұны өлең дейміз, – деді Әділ, – Жақында менің отыз бес өлеңнен тұратын жинағым шығады. Егер ол қазақ әдебиетінде жаңалық болмаса, онда мен өлеңді қойдым». Өлеңді қойып… жәй адам… Бұлай деуге де ауыр. «Бүгін – құл, ертең – моламын», «Азғантай ғана өмір бер, сәби боп өтсем жарады…» Бұл жолдар да көмейді бітеген күмәнді тербете береді, тірілте береді.


Әлгі «бір жолдық өлең» дегеннен шығады. Әділ бір жолдық өлең жазып, поэзияда эксперимент жасаған. «Эксперимент – өзіңді табу жолындағы ізденіс әуелі… Эксперимент жасап, осыдан бірдеңе шығарам-ау деп жүргенде, Әділ Ботпанов өзін жоғалтып алды» дейді ақын Жарас Сәрсек. Осы Жарастың ғой «Қайдасың, Әділ?» деп, ең алғаш «Қазақ әдебиетінде» шырылдағаны. «Келсеңші, өлең оқиық…» дейді сөзінің соңында.


Дертті жандай зәру болған дәріге,
Ми құрғатып мәңгіліктің жолында.
Жанның кірін қанмен жуып сәріде
Мен көшермін құрсағымнан қорымға.
Бірақ маған мөп-мөлдір мұң сыйлар кім?
Арманыма алқа қылып тағуға.
Жансыз қолым жетпей неге қиналдым?!
Тәңірімнің терезесін қағуға…


Бұл – Әділдің «Соңғы ән» деген өлеңінен.


P.S. Өткенде «Қазығұрт» бас­па­сынан Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабы шықты. Өзі барда жария болмаған жинақпен оқырман енді қауышты. Көптің көкейінде «Әділ енді оралар» деген үміт оты маздай түсті. Айта кетерлігі, Әділдің кітабының жарыққа шығуына баспаның директоры Темірғали Көпбаевтың өзі қолдау көрсеткен, бастамашы болған. Алғыстан басқа айтар жоқ.



Асхат Райқұл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар