Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дәурен Қуат. Күңгірт кеп... (әңгіме-элегия)...

23.12.2015 3573

Дәурен Қуат. Күңгірт кеп... (әңгіме-элегия)

Дәурен Қуат. Күңгірт кеп... (әңгіме-элегия) - adebiportal.kz



Дәурен Қуат


Атасын ауылға шығарып салып тұрып көрген екен. Ақырғы рет. Қарашығы тозған қой көздері жасаурап, еңкіш тартқан жауырыны құнысып, жүрдек көліктің ішіне кіріп бара жатқан болатын. Әжесінің ухілеп көп күрсінгені есінде. Күтіп отыр. Қазір келеді. Алдымен темір табалдырығы қажалған есікті екілене жұлқып ашып, шақұр-шұқыр шайнасқан топса мен жақтаудың жанын шығарып алады да ауыр бәтеңкесін босағаға тастай салып, төрге озады. Бөлменің ішінде бөккен қаракөлеңкеге ілініп аз тұрған соң сұлай кетеді. Содан, үрей шақырған үнсіздікті бауырына басып жатқан бойы қыбырсыз қалады. Құлазыған тыныштық қана бала жанын безек қақтыра қуалап, таң бозы бозамық сәулесін себезгілеп шашқанша, шырқыратады-ай келіп.


Жо-жоқ, олай емес. Атасы қасында. Әжесі әне отыр. Ақнұр дүниенің жарығы саулаған кең бөлменің іші жып-жинақы; қаздың балапанын қарақанаттандырып өсірердей жып-жылы. Атасы құс жастықты шынтақтап теледидардан соңғы жаңалықтарға құлақ түре қалыпты. Әжесі әлденеге мейірленіп шүкіршілік айтып қояды. Қазір келеді. Байыпты. Байсалды. Маңғаз. «Нағашыларына тартқан». Әжесі солай дейді. Жүріс-тұрысының өзінде бек сенім, берік байлам бар. Сонысыменде біртүрлі бөгде адам. Бойын енді үйрете бергенде көзінің қиығында салмай ызбарланып қасынан өте шығады. Бітті. Бұның жан тартып, жақын көрген талабынан түкте қалмайды.


Анасы бәріне мәз, аяғының ұшынан басып қашанда қалқып жүргені. Бірақ, ол да бөтен сияқты. Бала ата-әже деген әлемде ғана өмір сүре алатынын іштей сезеді. Осы екеуінің көзі тая қалса, тәтті түс көріп оянғандай хал кешетінін, өкініп, өкситінін жақсы біледі.


Ұйқыдағы қалаға абажадай болып төнген Алатауды бетке алып жалғыз-жаяу аттаныпты. Кетіп барады, кетіп барады екен. Алдынан аңқылдап адырлар шықты. Аттап өтті. Белін бүктеп белдер көтерілді. Басып өтті. Қараса, атасының қыстауына келіп қалыпты. Төбесінің шатыры омырылып ортасына батқан көне қора, сылағы түсіп күңсіген тоқал там уақыттың бір пұшпағынан елбіреп шыға берді . Мамаағашқа иегін артып шыбындаған торшолақ аттың көлеңкесінде тілі салақтап, бүйірін соғып маңғасқа төбет жатыр. «Келдің бе? - деді. - Мен сені осы жерде ұзақ күттім ғой». Таныды. Әкесі екен. Қоңыр жүзі қоңыр таулардың төбесінде шашылған ойынпаз күннің шапағымен шарпысып мейірім төгеді. Қой қораның іргесінен өрген көне сүрлеу жиде талдардың түбіне оралып, түтіле созылып, көк барқыт жазықтың балағына барып сіңіпті. Тастан тасқа секіріп ақтарылған ақбалтыр тау бұлағының шолақ иірімі ақезулініп асыға ағады. Бейне бұның асыр сала шапқылаған аусар кезіндей. Өзі өскен, өзіне ыстық дүние еді бұл! Жүрегі жанып, көңілі шаттанған бала: «Әке, - деді күбірлеп, - мен саған келдім».


.....................................................................................................................................


... – Әкемді жек көруші едім, - деді ол бағанадан әңгімесін ұйып тыңдаған досына қамырықты жүзін бұрып, бірақ, оны үлгі тұттым. Жолсыздыққа бас имейтін қайсар адам еді. Біздің әкеміздің тұсындағы заман - сол уақыттың тілімен айтқанда, «екі қойың бес тиын» - арзан заман болған ғой. Сол арзан заманда ол азған жоқ: қорлық пен мазаққа тілсіз көніп, тілсіз егесіп өмірден өтті. Мен әкемді таудың жақпар тасына ұқсаттым. Жақпар тастың өзін жаңбырлар мен ғасырлар қашап отырып мүсіндеген емес пе. Менің әкем де тас мүсін адам еді. Мейірімсіз еді. Маған мейрімсіз еді. Әкемнің мейірмсіздігінен мен алдағы өмірімді қорқынышпен елестетіп, қиялмен болжайтын бала болдым. Қиялымда атам мен әжем өліп қалып жетімдіктің зарын кешетінмін. Ал, әкем үйге үрей әкелетіндей көрінетін. Бірақ ол бір мен үшін таусылмайтын қамқор тірлігін қанжығасынан тастаған емес. Ішінде шер мен сағыныш та кеткен сияқты. Сол сағыныш пен шер маған көшіпті.


- Түсінбедім, - деді досы тұнжырап, - түкке түсінбедім. Осындай сөздер талай айтылған шығар. Кімді кім түсінген? Сені қойшы, ақын-жазушылар да біреудің әкесі туралы жазған бола отырып өз әкесінен, әке болған өзінен айналып өте алмайды. Міне, өткеннің ізін өкшелей қуып өзің де өлшеулі ғана өмірдің жартысын өткеріп тастапсың. Бала-шағаң бар. Бәлкім, сен де оларға жұмбақсың. Бәлкім, сен марқұм әкең туралы емес, өзің және ұлың жайындағы күңгірт бір кепті айтып отырған боларсың. Қайдан білейін? Мен қайдан білейін...


Бала да: «Солайы солай-ау», - деп басын изеді.




Әңгіме-элегияға жазылған пікір: Анар Кабдуллина. "Күңгірт кеп" терең психологиялық әңгіме



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар