Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қасым Аманжоловтан кейінгі үздік 10 ақын кім?!...

25.12.2015 2330

Қасым Аманжоловтан кейінгі үздік 10 ақын кім?!

Қасым Аманжоловтан кейінгі үздік 10 ақын кім?! - adebiportal.kz


unnamed 0.jpg

"Әдебиет порталы" еліміздегі белгілі қаламгерлер арасында Қасым Аманжоловтан кейінгі үздік 10 ақын кім деген сауалнама жүргізіп, желтоқсан айының 23-і күні аяқтаған болатын. Бүгін түстен кейін қорытындысы шығады. Қорытынды шығармас бұрын жобаны үнемі қадағалап қарап отырған оқырмандарымыздың бірінің пікірін ұсынғанды жөн көрдік. 


Тарихта қалатын 10 үздік ақынды анықтау жобасы басталғалы жаңа форматтағы бұл бастаманы «өміршең емес», «10 ақынмен шектелудің не қажеті бар», «10 ақын деген менмін» деген сияқты қарама-қайшы пікірлердің болғанына оқырман сіздер куәсіздер.


ХХ ғасырдың басында батыста теориялық тұрғыдан негізі қаланып, заманауи өнердің дамуына, үрдісіне, көркем бейнелеудің амал-тәсілдеріне салмақты түрде септігін тигізген фрейдизм немесе психоаналитиктердің талдауы бойынша адам дегеніміз үздіксіз биохимиялық үдерістің ішіндегі кішкентай ғана өндіріс, яғни микропроцессорлар болып табылады деген пікір қалыптасты. Осы «өндіріс» өзінен ұдайы қуат шығарып отырады және біз осы қуаттың (либидоның) арқасында өмір сүреміз, ал қуат артық жиналғанда оны сыртқа шығару (сублимация) керек болады. Сублимацияға түсудің екі жолы бар (біріншісін Фрейдтің атын естіген оқырман жақсы біледі әрі біздің тақырыбымызға қатысты емес), екінші жолы – бұл өнер. Өнер арқылы сублимацияға түсудің екі тәсілі бар: 1. қабылдау арқылы; 2. жасау арқылы. Табиғат (Құдіретті күш) басқалардан артық қуат берген адамдар (2-ші топтағылар) өздерін басқалардан өзгеше сезініп, өздерін көрсетуге құмар болады. Ақын-жазушылардың әрқайсысы өздерін кемеңгер, дара туған тұлға сезініп, мақтау, мадақтауға құмар болатындығы және жалбыратып шаш қойып, тәкәппар мінез көрсететіні т.б. қылықтары осы артық қуаттың (либидоның) «кесірі». Ендеше, ақындарымыздың осы жоба аясындағы қилы-қилы қылықтарына кешіріммен қарауға әбден болады.


Бұл жобаға қарапайым оқырман ретінде біз де қызығушылық таныттық. Себебі қазақ поэзиясында Қасым Аманжоловтан кейін бір емес, бірнеше ақындар мектебі қалыптасып үлгергенін жоққа шығара алмаспыз. Бұл мектептердің де өзіндік ерекшелігі болғандықтан, анау-мынау емес, аты шыққан ақындарымыз анықтап береді дегенге шынымен де елеңдеп қалдық. Елге танылған ақындарымыз кімді пір тұтады екен, қай ақынды оқиды екен деген сұрақ көңілімізге ұялады.


Сұрағымызға жауап алғандай болдық, алайда жобаға қатысқан ақындарымыз неліктен осы ақынды таңдағандығын талдап жазып берсе, танымдық жағынан немесе өлеңді түсініп, талғап оқуда оқырманға көп көмек болар еді. Мұндай талдауды ақын, аудармашы Қамай Жүкел ағамыз ғана жасады.


Ал енді қарапайым оқырман ретінде өз болжамымды айтар болсам, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, менің болжауымша, алғашқы үштікке Төлеген Айбергенов енері хақ; өйткені ол – биік поэзияға жеке басының қамығушылығын араластырмаған жалғыз таза ақын! Төлегенді таңдаған сол ақындарымыздың шығармаларында шынайы поэзияда болатын тазалық белгілі бір дәрежеде бар деуге болады. Осы қатарда Жұмекен Нәжімеденов те тұрады, себебі ондағы патриоттық рух өзгеше. Ал енді Мұқағали Мақатаев бірінші орынға жайғасады, себебі еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Мұқағалидың өлеңдерін оқиды, түсінеді. «Ойға жеңіл, жүрекке жылы тиеді» - сөз жоқ. Дегенмен, құрметті ақындар, бұл сіздер жасаған таңдау ғой, бұл таңдауларыңызға келісе алмайтынымды кешірерсіздер. Маған әдебиет теориясынан дәріс берген ұстазым айтушы еді: биік поэзия халықтан көш ілгері жүруі керек деп. Ат төбеліндей ақындарымыз да қалың нөпірмен бірге араласып жүрсе, біз сияқты пендеден бірнеше есе артық қылып сіздерге Құдіретті күш сыйлаған қуаттарыңыз (либидоларыңыз) қайда?


Одан кейінгі орындарда, семсер сөзімен тіліп түсетін «күміс қанат кішкене қаршыға» Фариза Оңғарсынова, одан соң ұлтымыз өз бет-бейнесін іздеп жүрген қазіргі кездегі көптеген сұрақтардың жауабын жырынан таба алатындықтан Қадыр Мырза-Әлі, лирика мен эпосты нәзік қиюластыра білген өрнегімен Мұхтар Шаханов (бірақ мұндай таңдау 5-6 жыл бұрын болса, алдыңғы үштікке енер еді; қазір неғайбыл, дегенмен әдебиет тарихындағы орнынан ешкім ысырып тастай алмайды) жайғасады. Жырлап түгесе алмай кеткен Ләйлісі үшін Жұматай Жақыпбаев, «Киіз кітабы» үшін Есдәулет Ұлықбек таңдалады. Қазақтың қалыпқа түсіп, тапталып қалған санасына, эстетикалық түйсігіне қозғау салған Тыныштықбек Әбдікәкім және қазақ мистикалық поэзиясын өмірге әкелгені үшін Ақберен Елгезек таңдалады деп ойлаймын. Бірақ соңғы ақынның таңдалуы З. Фрейдтің кейбір көзқарастарын сынап, неофрейдизмнің негізін салған Э. Фромның «батыс ұстаздары шәкіртіне өзін мойындатуға, ал шығыс ұстаздары шәкіртінің жүрегіне жетуге ұмтылады» деген түйінді сөзін біз – шығыс халқы ретінде өзімізге қайтарып алғанда ғана мүмкін болар?!


Сөз соңында айтарым, әркім талғам, түйсігінің, эстетикалық тәрбиесінің деңгейінде кімді оқысы да өз еркінде. Ал заманға лайық мұндай жобалар ұйымдастырылып тұрса, ұтарымыз көп, бірақ Тәңірінің ерекше мейірімен дүниеге келген ақындарымыз бәлсінбей (кешіріңіздер, бұл кейбір адамдарға ғана қатысты) қолдау көрсетсе жарар еді. Тағы да сол ұстаз-шәкірт мәселесі ғой...  



10690251_770628303017860_4705231317136702460_n.jpg

Филология ғылымының кандидаты Нұрзия Әбдікәрім     


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар