Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қасым Аманжоловтан кейінгі ең үздік 10 ақын анықта...

25.12.2015 4870

Қасым Аманжоловтан кейінгі ең үздік 10 ақын анықталды

Қасым Аманжоловтан кейінгі ең үздік 10 ақын анықталды - adebiportal.kz

Өздеріңізге мәлім, жыл басынан бері «Әдебиет порталы» қазақ әдебиетіндегі белгілі қаламгерлердің таңдауы бойынша Қасым Аманжоловтан кейінгі қазіргі қазақ поэзиясы тарихында қалатын, өзінің мектебін қалыптастырған «Ең үздік 10 қазақ ақыны кім?!» атты арнайы сауалнама жүргізді. Сауалнамаға елімізге белгілі 55 қаламгер қатысты. Барлығы да әдебиетте өзіндік айтар ойы бар, қаламы қарымды ақын-жазушы, сыншылар. Сауалнамаға кеше ғана ортамыздан мәңгілікке аттанған Әбіш Кекілбаев, әлі де көзі тірі классиктеріміз Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Мырзатай Жолдасбеков, Ғаббас Қабышұлы, Смағұл Елубай сынды ақсақалдарымыз да қатысты. Жыл бойы олар бізге Қасым Аманжоловтан бері қарайғы өз мектебін қалыптастырған, поэзияға құбылыс болып келген, өздері үздік деп танитын 10 ақынын атады. Біз солардың барлығын жинақтап, әділ таразыдан өткізіп, осы 55 қаламгердің тізімдерінде ең көп кездескен 10 ақынды іріктедік.

Айта кетейік, сауалнамаға қатысқан 55 адамның өздері үшін үздік деп атаған ақындары сан алуан. Жалпы сауалнама барысында 90-ға жуық ақынның аты аталды. Осылардың ішінде Мұқағали Мақатаев 46, Жұмекен Нәжімеденов 41, Төлеген Айбергенов 34, Есенғали Раушанов 33, Фариза Оңғарсынова 27, Жұматай Жақыпбаев 25, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы 25, Қадыр Мырза Әлі 24, Ұлықбек Есдәулет  20 және Тұманбай Молдағалиев 17 рет аталып, үздік ондық осылайша түйінделді. 



Сын айтылса да, мақтау айтылса да - соның бәрі порталдың азды-көпті еңбегі үшін, асылы қазақ әдебиетінің болашағы үшін, жетіп-жетілуі үшін айтылған ашық та әділ ескертулер, шынайы лепестер деп қабылдадық. Бұл ақын жарыстыру, атақ жарыстыру майданы емес. Бұл, біріншіден, оқырманның қазақ поэзиясына деген қызығушылығын ояту мақсаты. Екіншіден, шын мәніндегі қазақ өлеңінің айтөбелі болуға лайық ақындарға көрсетілген жария құрмет. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі халтураға, «бетімен кеткен поэзияға» тосқауыл қою, оқырманды таза поэзиямен таныстыру, сусындату амалы. Төртіншіден, әдебиеттің ағзасына қан жіберу, жан беру, қозғалыс жасау. Әдебиет - ұлттың рухы, жаны, алыпыс екі тамырын қуалай аққан қаны, иманындай аялаған ары. Сондықтан келер ұрпақ алдында маңдайымыз жарық болып, сол асылымызды құсни күйінде аманат ете білсек, адал бола білсек, сол - мәртебе! 

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар