Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Естемес Шакіржан. О Дүние мен Бұ дүниенің арасы......

25.12.2015 3656

Естемес Шакіржан. О Дүние мен Бұ дүниенің арасы...

Естемес Шакіржан. О Дүние мен Бұ дүниенің арасы... - adebiportal.kz

12404556_1680948612151820_521485791_n.jpg


Естемес Шакіржан 1995 жылы 1 ақпанда дүниеге келген. 

Халықаралық Қазақ–түрік университетінің ІІ курс студенті.




Жұбату


Мұңаймаңыз!?

Кезігеді мөлдіреген жолдар әлі,

Қыс келеді...

Қар қымтайды бұл қаланы.

Ақмоншаққа шомылып айығасыз

дертіңізден іштегі,

Қайғырысыз, қуанасыз бусандырып

жаныңызды қыс демі.

Ал, қазір сөз айтпаңыз Ар жайлы,

Біздің дәуір көкелердің дұғасы

мінбелерде сөз айтқан,

Біздің заман мырзалардың айқайы,

бурыл шашын молайтқан.

...сөз айтпаңыз Ар жайлы!?

Өтірікке буланған,

Кесірлерге күйлеген,

Біздің ғасыр көтермейді ондайды.

Күтіңіз!?...

Капалақтап қар жауады қалаға,

Есінейді тарғыл тау мен дала да.

Қанатының астында мыңғасырлар адасқан,

Тұмауратып,түшкіреді көк аспан.

Қызыл түнде сайтанмен санасқан,

Балгер-пенделердің барлығы тағдырына бал ашқан...

Күтіңіз!?

Батпан-батпан жүгің түссін арқаңнан,

Теріс қарап сөз айтайық Балконнан...



Түркістан. Қараша. Тұман


Түркістанға кешігіп күз келеді,

Бұл жақтың бұлттары да ауырлау.

Сарғаяды, көшелер Қарашада сүрленеді,

Жөңкіліп, бура мұнар жер бауырлап.

Күз келеді,

Түркістанға бозмұнар тұманды алып,

Бұл жақтың аспаны да еріншек.

Шайханашы қарсы алады сылаң қағып,

Бұл жақтың сұлулары көңілшек.

Түркістанды мыңжылдықтар жасаған,

Күз келсе бозғыл тұман жамылады.

Бұл жақтың мезгілі де бошалаң,

Қарашада сәуірін сағынады...

Қараша жігіт қаңтарға жымиып гүл береді...

Түркістанға кешігіп күз келеді,

Себебі…



***


Құба түнның мұнарына тұншығып,

...Сөйлеп кеттім жұлқынып.


Күбірледің,

-Қар неге жаумайды, деп?!

Қара жердің желіні ауырған ғой!


Сыбырладың,

-Аспанның бұлтынан неге аумайды деп?!

Дүниенің тасемшегі тарылған ғой!


-Ай неге қораланып тұр дейсің?!

Шешейлердің көңілі қаяу шығар!


-Күн неге жалғыз ғана тұр дейсің?!

Түн ішінде тек ақылдылар ояу шығар!


- Гүл неге түн ішінде күрсінеді?!

Адамдардың көз жасы тамған шығар!


Жалғыздыққа жаныңыз күрсінеді,

Жүрегіңіз жалған шығар!


...Ақ пен қара егіз ұғым айтылған,

Буаз бұлттар бүр жарып, тағы міне Ай туған...



***


Күрең күннің құйылғанда сəулесі

Тостағанның ішіне,

Күбірлеп дұға оқимын гүлдей нəзік,

мүсінге.

Бозғыл айдың боз нұрына малынып,

Сені көрем түсімде,

Періштелей пішіннен...

Сені көрем түсімде,

Пріштедей пішіннен...

Күзгі аулада гүлдер бүрлеп,

Рауап даусын естимін.

Сырнай əуені мыңжылдық рухыма боялып,

Азан болғанда,

Шайхы шалдың дауысынан оянып.

Шайыр шаһардың шаңбасқан көшелерімен,

Аттанар ем сен жаққан,

Мұңымды ішіп,

Мəйхананың шарапсыз кеселерімен...



Күзгі шаһар


Буаз мұнар көтеріліп бұрқырап,

Түнгі ауаның деміне тұншығады.

Кесенелер, күмбездер ұйқысырп,

Сараң көңіл өтірік қымсынады...

Күзгі шаһар.

сара ала жапырақтар төгіледі,

Пенделер жүр шаң басқан көшелерде мас болып,

...Бұл неткен өмір еді..!?

Төгіледі....

жас болып...

Күзгі шаһар. Мың жанарлар адасып жүр,

Жол іздеп торығады жолаушы өмір.

Сарғайған соқпақтарда

Қарт софылар күрсінеді...

...кім біледі!?

Бір бірнің тағдырына бал ашып жүр.....

Күз келсе бұл Шаһардың тұрғындары

Мешіттерге сабылады,

Сабылады,

Бәлкім, олар о дүниелік жандарды сағынады...

...Күзгі жолда шұбырады кіл жанарлар адасып,

Керуен-керкен көздерге анау, бал ашып.


О Дүние мен Бұ дүниенің арасы,

Уақытпен өлшенбейді қарашы!...



Бәлкім


Бақыт жәйлі сөз айтқың келеді,

Білемін ойларың данышпан.

Қозғамашы, қозғамашы көнені,

Шаршадық біз өтірік дауыстан...

Шаршадық біз жаттанды ақылдан,

Мінбеде сөз айту даңқ па?!

Қоңыр түн мазасыз аһ, ұрған.

Не дейсіз көшеде халыққа!?

Жолдарды қайтесің тым аңқау,

Бағаналалар мүлгиді көшеде ...

Мас болып қайтады құмарпаз,

Құйып-ап, қоғамның қайғысын кесеге....

Барлығы көсем боп кетеді,

Дәуірдің кірпігін мұң жапқан.

Бірақ ауыз сөз жетеді...

Бұлт болып тұр, неге түнгі аспан!?

...бәлкім…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар