Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есей Жеңісұлын: Маңдайларыңнан бір иіскеп, Ұлы ерл...

08.01.2016 3165

Есей Жеңісұлын: Маңдайларыңнан бір иіскеп, Ұлы ерліктерге аттанам

Есей Жеңісұлын: Маңдайларыңнан бір иіскеп, Ұлы ерліктерге аттанам - adebiportal.kz

***

Гүл қуалап қуанған көбелек боп,

Өз-өзіме сүйсініп, ебелектеп,

Жүрдім кеше ши белін сындырсам да:

– Мен не деген, апыр-ай, керемет! – деп.

Жүрдім кеше бұлбұл боп... сайрамаған,

Өссе өспей ме өзімшіл ойдан адам...

Отаным-ау, сенің бір қажетіңе

Жарау жайын мен неге ойламағам?

Ісі, сөзі екенмін көбең бала,

Сенің үшін болсам-шы кемел, дана...

Қу жаныма керектің бәрін-бәрін,

Талап етіп келіппін сенен ғана.

Дауыл тұрса, саяңа бұрын ықтым,

Бауырыңа қалтырап тығылыппын.

Бір жапырақ болсам да қарсы тұрып,

Қорған болам, мен соны бүгін ұқтым.

Аяулы Отан, «ниетің кеш» демеші,

Жақсы емес пе кеш деген ештен осы?

Теңізіңде қайығым толқын кезсін,

Тұрғанынша жел күтіп бос кемесі.

Тамшың болып, топыраққа нәр беремін,

Қандай олқы тұсың бар, дәл келемін.

Бақыттымын!

Жаныма мәңгі медет

«Менің туған Отаным бар!» дегенім.



***

Ұлыма сыр (бесінші өлең)


Осы күні ұйықтамайтын түндер көп,

Өмір дәмі – ащы нәрсе, тым кермек.

Міне, мен де қырық жасқа таядым,

Бәйге алдына шықпаса да аяңым,

Жұрттың бәрі түскен жолмен жүргем жоқ.

Баяғыдай мұнарлардан тіл қатып,

Шақырмайды осы күні бір бақыт.

Жұмыр баста қиял қалмай елеулі,

Жан тербеген асқақ арман дегенді,

Пенде байғұс алады екен ұрлатып.

Жалын шақта жария ғып алашқа,

Жақсы жолға түссең, ұлым, адаспа.

Жарқ-жұрқ етіп өтер күндер, өтер ай,

Жас адамға өмір деген оп-оңай,

Ыңғайыңа бәрі көнер о баста.

Мың жыл тасып, мұхит шектен аспайды,

Уақыт өзі азайтады ас-тойды.

Жан болсаң да тас тамырды иіткен,

«Оңай» өмір бір күндері биіктен,

Сені оп-оңай шыңырауға тастайды.

Сезе алдың ба сөзімнің түп-төркінін?

Ішіндесің енді тірлік өртінің.

Жыламастан, бүгілместен, сынбастан,

Бір дастанға қосып айтып мың дастан,

Шыңыраудан шығу саған серт, ұлым!

Ер мұраты – жоғын жоқтау халқының,

Арқаңа енді нардың жүгін арт, ұлым!

Көз жасыңды дос та, қас та көрмесін,

Ең алдымен әкең сені ер десін,

Сонда ғана еліңе ерсің, алтыным!..

 


***

Құдайым берген үш құлын,

Сендерсің – отым, ыстығым.

Өмірге қырсыз болсам да,

Өздерің үшін күштімін.

Қабақтан ыққан «ер» едім,

Қазір мұзжарғыш кемемін.

Тауларды қарш-қарш айырып,

Жолдарыңды ашып келемін.

Ойпаңнан шықтым, қыр астым,

Саяқ ем, көпке ұластым.

Өздерің үшін бұл күнде

Қиянатқа да жуаспын.

Жалқаулық мүлде жат маған,

Жанбайтын жерде... от болам.

Маңдайларыңнан бір иіскеп,

Ұлы ерліктерге аттанам.

Қасаң қалпымды жыр еткен,

Сендерсің бәрін түлеткен.

Жаным қаламай «жазалап»,

Еркелетемін жүрекпен.

Бейнетке күліп жегіліп,

Маңдайдан жүрмін тер үгіп.

Өзіміз қандай перзентпіз?..

...Сендерден күтем көп үміт.

Шаттықтың үнін іргеден,

Естимін мәз боп күнде мен.

Өмірімді ұрлап алдыңдар...

Бақыт қой нағыз бұл деген!

***

Сайыңда жатырмысың, қара шалым?

Менмін ғой мазалаған – болашағың.

Адамның өткен күнмен шаруасы жоқ,

Дуына бір ілессе тамашаның.

Шаруаңды шалт тындырып, шүбә көрмей,

Тірлікте тура тарттың Құлагердей.

Бірақ сен ойладың ба, қасиеттім,

Немерең болатынын мына мендей?

Келемін ғұмыр кешіп жасынды аңсап,

Аз емес тосылған шақ, ашынған сәт.

Жаңа өмір бастап кеттім ізіңді алып,

Өзің боп күйгелектеу, ашуланшақ.

Жаңарта қойғаным жоқ амалды ескі,

Бір қырдан аса қалсам, қағам төсті.

Қолыма оңай табыс кеп көрген жоқ,

Сендегі мәңгі бейнет маған көшті.

Жан болдың әр зейнетті көрген адал,

Есеңді еңбек сыққан терден алар.

Жаттың да жақсы тұсын тура танып,

Қылаусыз қарайтының менде де бар.

Кінәмшіл сенкінідей баққан арым,

Шарайнам шытынауға шақ қаламын.

Біліп тұрып, тартынам игіліктен,

Қорқып тұрып, ерлікке аттанамын.

Өмірдің ойпаңы мен қайқаңы көп,

Сынаса, өршелендім қайта түлеп.

Тулап жүр сенің қаның тамырымда,

Қара шал, бақыттысың, айтары жоқ!..

***

Тағы да енді торығам,

Бұлданып қайтем, тұлданып?

Туннельдің арғы жағынан,

Көрінбей қойды бір жарық.

Тірлікте мынау кім мәңгі?

Берсе ғой Тәңір барға құт...

Қалдырып айлар-жылдарды,

Алданып келгем, алданып.

Үнім де шықпай, құмығып,

Іздемей қалдым арайды.

Жетелеп келген бір үміт

Ұялып жерге қарайды.

Артпадым елге еш міндет,

Қашпадым дауыл, жаңбырдан.

Жарығын жаққан ешкім жоқ,

Шам алып шығып алдымнан.

Өмір-ай, ылғи ылди ма ең?..

Ауламда болар қашан той?..

...Арылып алсам бұл күйден,

Тағы да алға басам ғой...

Тағы да алға нық басам,

Қайтады бір күн есе бұл.

Туннельді тесіп шықпасам,

Айтшы сен,

оның несі өмір?..

***

Өртеніп, жанып от кеудем,

Адассам-дағы есімнен,

Бір күні ренжіп кеткенмен,

Бәрібір сені кешірем.

Әуелгі ашу қаттырақ,

Ол кезде маған жолама.

Көп тұрған және көп құлап

Адамда сабыр бола ма?

Келетін күнді ойламай,

Арнамнан асар қалпым бар.

Шарт та шұрт соғып найзағай,

Жағамды ұрар толқындар.

Шағым сол менің адасқан,

Ілесіп ашу биіне.

Күрсініп төніп қара аспан,

Қараң қалғандай дүние.

Содан соң... төгіп күн сәуле,

Оянғандай боп түсімнен,

Сен маған ренжіп жүрсең де,

Кешіріп қоям ішімнен.

***

Жүрегімді менің қарайтпаңдаршы...

Қарайтпаңдаршы, адамдар...

Өкпе-реніш пен нала айтпаңдаршы,

Нала айтпаңдаршы, жарандар...

Қанша қырғында безінбей келіп,

Наза алғаным-ай «мұраға».

Біріңді бөлмей, өзімдей көріп,

Жақсы көргенім кінә ма?...

Ауыр ойлардың, қиын жылдардың

Бірге шығып ек шетіне.

Іштеріңде бір түйіннің барын

Неге айтпадыңдар бетіме?

Ұрлықы ой көрсең көзімнен өзге,

Теріс айналшы... танымай.

Сендерді мен деп сезінген кезде,

Жаныңды білу ауыр-ай...

Пендеге айналсам қарайтын нарау,

Қара топыраққа балаңдар.

Жүрегімді менің қарайттыңдар-ау...

Қарайттыңдар-ау, адамдар...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар