Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағы түрік тілінде ...

08.01.2016 4468

Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағы түрік тілінде жарық көрді

Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағы түрік тілінде жарық көрді - adebiportal.kz

Жуырда Түркияның астанасы Анкарада – Қазақстан Республикасының елшілігінде көрнекті қаламгер Мархабат Байғұттың түрік тілінде жарық көрген “Дауыстың түсі” атты әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жазушының оқырмандарға белгілі шығармалары жинақталған кітапты Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қаржыландырып, Еуразия Жазушылар одағының “Бенгу” баспасында басылып шықты. Жинақты аударған ғылым докторы Эльмира Қалжанова, баспаға дайындап, ұсынған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев.



Тұсаукесерге Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Еуразия Жазушылар одағы, Түркі дүниесі өнерпаздары және қаламгерлері қауымдастығы, Әлем жазушылары және зиялылары қауымдастығы, Түркі дүниесі сәулетшілері және құрылысшылар қауымдастығы сынды шығармашылық орталықтарының мүшелері, Түркияның зиялы қауым өкілдері мен журналистері қатысты.


Айтулы мәдени шараны Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев ашып, еліміздің ғасырлар қойнауындағы тарихи қалаларындағы өркениеттен сөз қозғай келіп, қазіргі Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, сауда және экономикалық қарым-қатынастарға қаншалықты мән берілсе, мәдениет пен өнер саласына соншалықты көңіл бөліп отырғандығын жеткізді. “Биылғы жылы елшілік тарапынан қазақ әдебиеті мен мәдениетін түрік жұртшылығына таныстыру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбайдың 200 жылдығына орай Анкара қаласында “Сүйінбай Аронұлы” атындағы саябақ ашылды, “Сүйінбай Аронұлы” атты түрік тілінде кітап жарық көрді. Сондай-ақ Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мұқатаевтың, Темірхан Медетпектің, Смағұл Елубайдың да шығармалары аударылып, түрік оқырмандарына ұсынылды. Көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай әрі Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” роман-трилогиясын түрік тілінде сөйлеттік. Міне, сол игі істердің жалғасы ретінде бүгін қазақтың белгілі қаламгері, Оңтүстік Қазақстан өңірінің талантты тумасы Мархабат Байғұттың “Дауыстың түсі” атты кітабының тұсауын кесіп отырмыз. Қазақ әдебиетін Түркияда насихаттап, осындай ірі туындылардың жарық көруіне дәнекер болып жүрген Мәлік Отарбаевқа, кітапты аударған Эльмира Қалжановаға шын жүректен алғыс айтамын,” – деді елші.


Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ кезінде Қазақстанда болғанын, жергілікті ұлттың мәдениетімен танысқанын, түркі әлемінде Мархабат Байғұт сынды қаламгерлердің көп емес екендігін, сондықтан да мұндай талант иелерін ылайым қадірлеп, қастерлеу керектігін айтып, кітаптың жарыққа шығуына тікелей қолдау білдірген елші Жансейіт Түймебаевқа ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мәдениет және өнер қайраткерлері атынан шексіз ризашылығын жеткізді.


Түркияда қазақ әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдар да бар. Солардың бірі Гази университетінің ғылым докторы Жәмиля Кынаджы қазақ романдары мен әңгімелерін арнайы зерттегеніне біраз жылдың жүзі болды. Ол жазушының “Дауыстың түсі” атты кітабындағы әңгімелерге шолу жасап, оның шығармаларының ерекшеліктері туралы баян­дап берді.



Жазушы көп те, шын суреткер аз. Мархабат Байғұт сол суреткердің бірегейі. Кез келген журналис­тен жазушы шығуы екіталай. Мархабат Байғұттың бойында осы екі қасиет те бар. Олай дейтініміз пуб­лицистикалары да әңгіме тақілеттес болып келеді. Ол екі дәуірдің жазушысы. Социалистік қоғам мен Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық қатынасқа қалыптаса бастаған адамдардың тағдырын жан дүниелерінің құбылыстарымен тамаша жеткізе білген. Қазақ оқырмандарына кеңінен танымал Мархабат Байғұттың әңгімелері мен повестері түрік оқырмандарының көңілінен шығары анық. Сондықтан да Мархабат Байғұт – біз үшін әрі бүкіл түркі халықтары үшін рухани байлық. Қазір Қазақстан елшілігі әлемнің көптеген елдерінде бар. Алайда солардың бәрі тікелей міндеттері болмағандықтан ақын-жазушыларымыздың шығармаларын өздері қызмет етіп жатқан елдердің тіліне аударуға көңіл бөле бермейді. Осы орайда елші Жансейіт Түймебаевтың ұлт қаламгерлеріне деген қамқорлық бастамасын үлгі тұтсақ асылық болмас.


Жиынның соңында елші Жансейіт Түймебаев баян­дамашылар мен шығарма­шы­лық орталықтарының басшыларын Алғыс хатпен марапаттады.


P.S. Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев Алматыға арнайы келіп, «Анкара» қонақүйінде ақын-жазушылармен, ақпарат құралдарының бас редакторларымен бейресми кездесу өткізді. Ол Түркияның озық ауылшаруашылығы мен өндіріс саласындағы жетістіктерін үлгі тұта отырып, мәдени-әлеуметтік байланыстарға да кеңінен тоқталды. Елшілік тарапынан жарық көрген әдеби шығармалардың тұсаукесер рәсімін жасап, бұл игі шараның алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтты.


Қаламгерлер – Ғаббас Қабышев, Смағұл Елубаев, Рафаэль Ниязбек, Мархабат Байғұт, Берік Шаханов, Мамытбек Қалдыбай, Әділғазы Қайырбеков елші Жансейіт Түймебаевтың осы игілікті ісі басқа да елшілерге үлгі болса дей келіп, елдегі бүкіл шығармашылық ұжымдардың атынан алғыстарын білдірді.


turkystan.kz 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Алматы – Стамбұл – Анкара − Алматы, 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар