Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ғанибет Ғалымбекұлы: Менің анам... Менің әкем......

12.01.2016 3818

Ғанибет Ғалымбекұлы: Менің анам... Менің әкем...

Ғанибет Ғалымбекұлы: Менің анам... Менің әкем... - adebiportal.kz


Менің анам...


ганибет галымбекулы.jpg

Шіркін, барша анаға арнап «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жырдан ескерткіш тұрғызған ақын Қайрат Жұмағалиев қалай дәл тауып айтқан дерсіз... Отыздан ассақ та кейде балалығымыз ұстап, анамызға еркелегіміз келіп тұратыны рас. Еркелеп те жүрміз... Оның үстіне «ата-анаңның қадірін балалы болғанда біліп» жүрміз.


...Нағашы атам Әбдіқадыр Ысмағұлұлы кейде баласы Мылтықбайға қарата «журналист сен емес, мына менмін, – дейтін. – Мен – оқымаған журналиспін». Сол секілді, анам (мама деп атаймыз) Гүлшара да менің туған інісі Мылтекеңдей жүйрік жорналшы болуымды қалап, оқуымды қадағалап, жастайымнан інісін үлгі етіп өсірді. Тәуба, бұдан жаман болмаған секілдіміз...


Анам туған Торғайда 30 жылдай бухгалтер болып қызмет істеді. Жұрттың қолы жете бермейтін тауарлар алдымен ауданның «Райсоюзіне» келетін. Оның үстіне санаулы ғана... Сондай қат ойыншықтар, түрлі тәттілер біздің үйден табылатын-ды. Сонау қырда орын тепкен үйімізден жұмысына дейін бірнеше шақырым жаяулатып жүріп бізді жеткізді. 90-жылдардағы нарық заманын айтпағанда, не ішемін, не киемін демей өстік. Мамандығы әдебиетке жақын болмаса да, мамамның осы күні де кей шығармалардың үзінділерін жатқа соғатын да әдеті бар. Не дегенмен «оқымаған журналистің» қызы ғой. Әрі мені балаларының ішінен «меншіктеп» алған. «Маған тартқан» деп. Аңқылдаған ашық жан, бірақ бетің бар, жүзің бар демейтін бірбеткей мінезі де жоқ емес. Кез келген адаммен тез тіл табысады. Әрдайым өзгеге болсын дейтін, қонақжай анамды осы мінезі үшін де туған-туыстар қадір тұтады.


Шүкір, тәуба, жасы жетпіске жетіп қалса да, әлі күнге дейін әңгіменің майын тамызып, әрбір жақсы істерімізге сүйсініп келеді. Тәңірім сүйсінте берсін!


Менің әкем...


Асқар тау туралы ауыз толтырып айта беруіме болады...


Әкем 1864 жылы Ыбырай атамыз негізін қалаған мектепте 40 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Қолы қалт еткенде қолына қалам алып, өлең жазатын. Жазған жырлары іріктеліп, 2005 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты.


...Ұстаз болдым ұстамды қырық жылдай,

Ұстаздық та алынбас биік шыңдай.

Тынбадым еш – жусаннан аласа боп,

Өмір сүрдім ешкімге билік құрмай.

Қарамады оң маған өмір кілең,

Арпалыстым бетпе-бет өмірменен.

Жүрген соң ба шәкірттің ортасында,

Сәбидей пәк көңілім, мөлдірмін мен... – деп жырлапты марқұм әкем «Ұстаз болу» атты өлеңінде.


Біздің үйдің төргі бөлмесі құдды кітапхана болды. Сөрелерде небір кітаптар сықиып тұратын. Шетінен ал да оқи бер. Әкем кітапты көп жинады. Біздің де оқуға, жазуға талпынып өсуімізге зор себепші болған екен-ау...


2007 жылы Арқалықтан Алматыға қоныс аударғанымызда қаладағы кітапханаға жүз кітапты сыйға тартып кетті. Қалғанына ие болып қалдық, бүгінде әкеміздің қолтаңбасы қойылған сол қазыналары үйімде сақтаулы тұр.


«ҚР Білім беру ісінің үздігі» атанған әкемнің қақ-соқпен жұмысы болған жоқ, бар өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатқан шәкірттері ұстаздары туралы жылы әңгімелер айтады.


Адалдықты ту етіп, тек әділдікті жаны сүйіп, өзгеден де соны талап еткен әкеме бұл кейде таяқ болып тиді... Бірақ оған еш мойымай, өзінің ақ екенін талай мәрте дәлелдеп еді. Ешкімнің ала жібін аттамауды, тек адал жолмен ғана жүруді әркез айтып отырмаса да, істерімен-ақ көрсетіп кетті...


Бүгінде әкемнің сөзіне жазылған – «Торғайдың гимні» атанған «Туған жер – Торғайым» торғайлықтардың сүйіп шырқайтын әніне айналды. Бұған да шүкір!


Негізі, әкем туралы көп айтуыма болады. Алайда, бұған дейін бір естелігімде жазған соң осымен тоқтай тұруды жөн санадым...

     


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар