Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанат Әскербекқызы: Қазіргі поэзиядағы интермәтінд...

01.01.2016 5257

Жанат Әскербекқызы: Қазіргі поэзиядағы интермәтінділік

Жанат Әскербекқызы: Қазіргі поэзиядағы интермәтінділік - adebiportal.kz


Интермәтінділік терминін әдебиеттануға 1967 жылы постструктурализм теоретигі Юлия Кристева енгізгені мәлім. Бұл мәтіндердің бір-біріне анық және анық емес түрде сілтеме жасайтын өзара байланысынан туындайтын ортақ сипатын айғақтайтын термин ретінде енді. Интермәтін «мәтінаралық диалог» ретінде талданып, теориялық тұрғыдан осы бағытта түсіндірілді. Ю. Кристева өзінің «Бахтин, сөз, диалог және роман» атты мақаласында М.Бахтиннің 1924 жылы жарық көрген «Ауызша шығармашылықтағы мазмұн, материал және пішін мәселесі» еңбегін талдау нысанына алып, ондағы кез келген жазушының қазіргі және бұрынғы әдебиетпен сөзсіз диалогқа түсуі мәселесін талқыға салған тұсына ерекше назар аударады. Кристеваның пікірінше «кез келген мәтін дәйексөздер мозаикасы болып сап түзейді, кез келген мәтін тұтынатын өнім және басқа қандай да бір мәтіннің трансформациясы болып табылады» [1, 102]. Яғни, әрбір мәтін өзінен бұрынғы мәтіндермен байланысқа түскен және соларға жасалған сілтемелерге толы. Қайта туындаған мәтін, өз кезегінде, болашақ мәтіннің негізін құрайды. Кез келген мәтін басқа мәтіндермен қарым-қатынасқа түсіп, диалог құрайды, контекстік мәнді бағдарлайды.


Барт әлем болмысын «интермәтін» ұғымының аясында адам өмірінің барлық саласын қамтыған үлкен бір мәтін деп таниды [2, 102]. Кристева мен Барт тұжырымдарымен Ж.Женеттаның Борхес туралы мақаласынан көрініс тапқан әлем әдебиеті біртұтас үлкен кітап, әрбір автор бар болғаны уақыттан тыс және кездейсоқ туындаған даралығы жоқ рух болып табылатын аты жоқ ұлы туынды деген тұжырымы үндеседі [3,443].


Интермәтін туралы тұжырымдардың астарында дәстүр, даму мәселелері жатқаны белгілі. Әдеби жанрлардың ішінде адамның көңіл күйіне барынша терең бойлайтын поэзияда бағзыдан ауысқан мәтін үзінділері адам баласы пешенесіндегі белгілі бір жайттың, оқиғаның яки көңіл-күйдің ұқсастығының, үндестігінің нәтижесі екенін ескерген жөн. Сан ғасыр азаттық үшін алысқан қазақ халқының басынан кешкен тарихы мен тағдыры ұлттық поэзияда таңбаланып қалды десе де болады. Туған жер, ел тарихы, оның қасіретті кезеңдері ақындар шығармашылығынан маңызды орын алған.


Серік Ақсұңқарұлының жырларында ұрпақтар сабақтастығын, уақыт байланысын арқау еткен поэтикалық идея туған дала және оның жыршысының бейнесі арқылы өрнектеледі. 1997 жылдың тамызында Қарқаралы ормандарының өртенгені белгілі. Осы өрт «Өрт менің өзегімді өртеп, жүрегімді қап-қара ғып тастады», – деп жазады ақын «Қарқаралым – қара орманым» өлең шоғырына кіріспесінде.


Туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік ақынның Қарқаралыға арналған өлеңдерінің өн бойынан анық көрінеді. Ақын Қарқаралыдағы өртті ғана емес, бір кездегі қазақ жанындағы дертті де күңірене жырға қосады:

Дегелеңді дерт алды,

Қарқаралыны өрт алды.

Шыңырауда көзі біткен бұлақ – тұл,

Өзегіне өрт кеп түскен құрақ – тұл.

Алматыда

Көшесінде Саиннің

Ұлттық ұят бетін басып,

Жылап тұр [4,27].


Қара орман ұлт рухы мен киесінің символдық бейнесіне айналып, өрт те астарлы поэтикалық мән иеленген. Кешегі Мәдидей тағдыр иесі «Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп күңіренткен қазақтың бұл киелі мекенін Серік Ақсұңқарұлы:

Қарқаралы, қайда көктің жасындары, қайтейін,

Сенен бір өрт,

Менен бір дерт басылмады, қайтейін.

Пенделердің көзіндегі құрты болдың, қайтейін,

Салған өрт пен жанған өрттің жұрты болдың, қайтейін.

Ғаламдағы жалғыз пірім, Қарқаралы-ау, қайтейін,

Сенен – бір шер,

Менен – шемен тарқамады-ау, қайтейін...–

деп жырға қосады. Ақын өлеңінің өзегіне алынған Мәди зары енді бүгіннің ақынының қасіретіне ұласады. Кристева айтқандай, бұрынғы мәтін бүгінгі мәтінде дәйексөз мозаикасы болып сап түзегендей.


Кезекті қайталау үлгісімен өрілген бұл жолдар сыртқы айшығының әсемдігімен ғана емес, ішкі көркемдік мазмұнының тереңдігімен де ерекше. Ақынның көркемдік ізденісі дәстүрлі пішінді жаңғырта отырып, жаңаша ой айтумен дараланған. Қарқаралысын өрт алғанда жаны шырылдаған ақын:

Қара орманнан бұрын түсіп отқа кеп,

« – О,Тәңірім, өрт басарың жоқ па? – деп,

Сұрап едім, тіл қатпады ол маған,

Тұла бойым – содан бері соқпа дерт.

Шыбын жаным бір тіріліп, бір өлді,

Көкірегімнен көк аспанға жыр өрді, –

деп күңіренеді. Қазақы ұғымдағы қара орман, Тәңірі сияқты бейне сөздер ақынның қолданысында жаңаша түрленеді.


Орхон жазбаларында «Төбемде Көк тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралыпты» деп тасқа таңбаланған жолдар ата-бабаларымыздың тылсымға толы кеңістікті пайымдаған танымын көрсетсе, қазақ поэзиясы көшінің көркін келтіріп жүрген бүгіннің ақыны Серік Ақсұңқарұлы:

Өмірде өлең дейтін сел де қалып,

Шеменнен бір арылдым,

Шерге қанып.

Көзімнің тірісінде тезге салды,

Аспанда – Көк Тәңірі,

Жерде – Халық, –

деп тебіренеді. Түркі нәсілі бас ұрған Көк Тәңірі биіктегі жаратылыстың көркем бейнесіне айналып, түрлене сипатталып, ұлттық поэзиямыздың өзегіне сіңгені белгілі. Діни аңыздардағы көк пен жер туралы әңгімелерден, Жазба поэзияда ұлы Абайдың «Күлімсіреп аспан тұр, жерге ойлантып әрнені», «Анамыздай жер иіп емізгенде бейне әкеңдей үстіңнен аспан төнер» деген әйгілі поэтикалық жолдарынан бастау алып барынша кең арнаға ұласты. Аспан мен жер бұл өлеңде, дұрысырақ айтқанда бұл ақында бірі абстрактылы бейне Көк Тәңірінің, екіншісі тұтасқан деректі бейне Халықтың тұрағы ретінде назарға алынып, өмірлік белестері мен асуларында осы екеуінің айрықша орны шабытпен жырланған:


Елу бес ел асырып өмір мені,

Көрпеге отырғызды төріндегі.

Аспанда – Көк Тәңірі,

Жерде – Халық,

Көзіме басқа түк те көрінбеді.

Бұлдырап артта қалып бұлаң жас та,

Айықпай тұрып алды тұман – баста.

Аспанда – Көк Тәңірі,

Жерде – Халық,

Дүниеден түк сезбедім бұдан басқа, –

деп толғанады


С.Ақсұңқарұлының «Қазақ поэзиясының бес кезеңі» туралы кандидаттық диссертацияның жобасы» өлеңдер шоғыры ақындық эмоцияға толы. Бұл мазмұны мен пішіні жағынан тың сипатты өлең шоғыры. Ғылыми жұмыс формасына сай етіп, шоғыр өлеңнің сыртқы бітімін, тарау атауларын негізге алып, ақын қызғылықты жаңа ізденіске барған. Шешен тіл мен шебер өрім ақынның айтпақ, жеткізбек ойын барынша танытқан. Ұлт тарихындағы, оның ішінде поэзиямыздың тарихындағы нар тұлғалардың ақындық тағдырын арқау ете отырып, халық тағдырын өрнектеген. Қазақ басынан кешкен қасіретті кезеңдердің халық рухының бейнесіндей болған ақындар жүрегіне жарақаты әсерлі де шынайы поэтикалық толғаммен берілген. Бұл өлең шоғыры «Кіріспе», «1. Ш. Құдайбердиев», «2. М. Жұмабаев», «3. Ж. Молдағалиев», «4. Т. Ысмаилов», «5. К. Мырзабеков», «Ғылыми кеңестегі соңғы сөз» болып жіктелген.

Ел-бесіктен Жер-бесікке ауысқан,

Аруақтар үні қайда қауышқан?

Құдайым-ау, қайда барсам құтылам

Құлағымның түбіндегі дауыстан?!

«Кіріспе» бөлімі осылай басталып:

Қаралы жыр,

Қаралы күн,

Қаралы үн...

Жазыла ма жанымдағы жара бұл?

...Қанша едіңдер?

Қазағымның атынан

Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл... –

деген жолдармен аяқталады да, «бірінші бөлім» Шәкерім Құдайбердиевке арналған. Ұлтымыздың Абайдан кейінгі ірі ақыны, рухани тұлғасы аласапыран заманның зобалаң жылдарында Қарасартов сияқты жендеттің қолынан қазаға ұшырағаны тарихтан белгілі дерек. Бас аяғы бес шумақтан тұратын өлеңде үлкен поэтикалық ой бейнеленген.


Поэзия демін ішке тартып тұр

Жидебайдың тұсында

Дантес – Қарасартовтың

Мылтығының ұшында!


Әдебиеттегі интермәтінділік мәселесі әдебиеттану ғылымында қазіргі уақытта басты назарға алынып, зерттелудеекені белгілі. Әдеби дамуда жаңашылдықтың, сол негізде туындайтын жаңа ағымдар мен бағыттардың көрініс беруі заңды нәрсе. Қазіргі әдеби дамудағы постмодернизмді осы бағытта пайымдаған жөн. Бұл жаңа ағым құр мәтінге көңіл аударып қана қоймайды, ол интермәтінділікке көп назар аударады. Әдебиеттегі әрбір жаңа құбылыс өзінің алдындағы құбылыстардан шығып отыратынын ескерсек, кез-келген шығармаға әсер еткен, үлгі болған өзге туындылар болатынын қалыпты құбылыс деп қабылдаймыз. Әрбір дүниеге келген жаңа туынды мәтіндік негізден келгенде, басқа туынды мәтінінен әсер алады. Осыдан келіп интермәтін мәселесі туындайды. Интермәтін дегеніміз бір туындыдағы мәтіннің өзге туындыдағы мәтінге негіз болуы, яғни, мәтіндердің кірігуі екендігін айттық. Әдеби мәтінді көп дауысты құрылым ретінде қарастырғанда, мәтін дегеніміздің өзі мәтіндер мен таңбалардың өрімі, өзге мәтіндердің өзгеріске түскен нұсқасы.


Интертмәтін мәтін шекарасын кеңейтіп, жаңаша пайымдауға, жүйелеуге жол ашады. Интермәтінділіктің негізгі қасиеті оның ішкі болмысының әртектілігі, анықтығы және көпнұсқалығы. Мәтіннің қайнар көздері тек мәтіннен бұрын емес, онан кейін де өмір сүре береді. Бұл тұрғыда кез келген мәтін өзге мәтіндер кеңістігінде жанданып, қосымша мағына тудырады. Сондай-ақ, біз сөз етіп отырған интермәтінділіктің семиотикалық жүйе ретінде бүкіл мәдениетті қамтитындығы белгілі. Интермәтінділікті осы тұрғыдан пайымдасақ, Пушкиннің дуэльде Дантестің оғынан қазаға ұшырау оқиғасы көптеген әдеби көркем туындыларға сюжет болып енсе, Серік Ақсұңқарұлы өлеңінде Шәкәрімнің Қарасартов оғынан ажал табуын айтуда поэтикалық бейнелеуге негіз болып тұр. Поэтикалық бейнеге айналған «Шәкәрім-Поэзия» поэтикалық егіздеуі һәм метафорасы мен Қарасартов-Ажал образымен оппозициялық қарым-қатынаста. Бұл бейнелердің артында ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, ең соңында кіршіксіз асқақ Рух пен озбыр да сұм ниет қарама-қайшылығы тұр. Осы көп қабатты көркем ойды ақын ұтымды берген.


Аза тұнған алабым,

Тұманданып санасы.

Қасқыры өліп даланың

Қалды иттің баласы, –

делінген жолдармен тәмамдалған бұл «тарау» қазақ дүниетанымындағы көкбөрі тотемін еске түсіреді. Сайын даланың төсінде ғұмыр кешкен ата-бабалар рухының биіктігін бейнелеуде ақын


Екінші «тарау» тағы бір ірі рухани тұлға, ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың монологы түрінде жырланған. Бұл монологтың көркемдік мазмұнында да интермәтінділік тәсілі бар. Кешегі замандағы Біржан мен Азнабай, Поштабай образдары көрініп, Біржан салдың тағдыры мен Мағжан ақын тағдыры ұқсастырылады.

Біржан салға қамшы ала жүгірген,

Қызыл мундир – Поштабайдың үстінде...–

пеп түйінделген Мағжан монологы кеңестік саясаттың ұлт жанашырларына, рухани тұлғаларына көрсеткен азабын айқын көрсетеді. Үшінші «тарау» белгілі ақын Ж. Молдағалиевтің күні кешегі Желтоқсан көтерілісінде жазықсыз жапа шеккен ұл-қыздарға араша түсіп, ашынған үнін жеткізген. С.Ақсұңқарұлы поэзиясына тән асқақ пафос жалаң күйде қалмай, психологиялық-лирикалық реңкпен көрінеді. Ақынның ұлт тағдырына алаңдаған азаматтық тұлғасы эмоциялық тұрғыда ашық байқалады. Өлеңде айтылар ойды айшықтағанда «мәтіндік диалогқа» түсу ақындық ұстанымды танытуға қызмет етеді. Ақын өлеңдеріндегі интермәтінділік туралы ойымызды Барттың «әрбір мәтін байырғы дәйексөздерден «тоқылған» жаңа матаны ұсынады» [2, 73] деген сөзімен тұжырымдай отырып, мәтіндік байланыстың поэзиядағы дәстүр сабақтастығында алар орны ерекше екенін қайталай айтамыз.



Ж.Ә.Аймұхамбет, ф.ғ.д.,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор м.а.,


Әдебиеттер

1. Кристева Ю. Бахтин, слово, диалог и роман//Французская семиотика: От структурализма к постструктурализму / Пер. с франц., сост., вступ. ст. Г.К. Косикова. - М.: ИГ Прогресс, 2000. - 457 с.

2. Barthes R. Texte // Enciclopedia universalis. Vol 15, P., 1973. – p. 596

3. Женетт Ж. Фигуры. В 2-х томах. Том 2. - М.: Изд.-во им. Сабашниковых, 1998. - 944 с.

4. Ақсұңқарұлы С. Төбемнен жауһар жауып тұр. Астана, 2003. - 178 б.



Түйіндеме

Мақалада интермәтінділік туралы тұжырымдар сараланып, қазіргі қазақ поэзиясындағы интермәтін мәселесі қарастырылады. Интермәтін ұғымы, оның теориялық мәні туралы пікірлер негізге алынып, қазіргі әдеби дамудағы бұрынғы мәтіндердің жаңа мәтінде қолданылу тәсілдері талданады.

Резюме

В статье анализируются выводы касательно интертекста, рассматривается проблема интертекста в современной казахской поэзии. Рассматриваются заключения о интертексте и его теоретических значениях, на этом основе анализируются способы употребления старых текстов в новом тексте в разрезе развития современной литературы.

Resume

The article analyzes the findings concerning the intertext, considers the problem of the intertext in modern Kazakh poetry. Considers conclusions about intertext. its theoretical foundations, analyzes the ways of using old texts in the new text in the context of the development of modern literature.

Кілт сөздер: Интермәтін, постструктурализм, мәтінаралық диалог, дәйексөз, поэтика, метафора, мәтіндер кеңістігі, семиотикалық жүйе, халық рухы, трансформация, рухани тұлға, дәстүр, жаңашылдық.

Ключевые слова: Интертекст, поструктурализм, межтекстовой диалог, цитата, поэтика, метафора, пространство текстов, семиотическая система, народный дух, трансформация, духовная личность, традиция, новаторство.

Key words: intertext, poststructuralism, itertextual dialogue, quote, poetics, metaphor, text space, semiotic system, national spirit, transformation, spiritual person, tradition, innovation.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар