Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Бүлдірген...

11.01.2016 4225

Кәдірбек Сегізбай: Бүлдірген

Кәдірбек Сегізбай: Бүлдірген - adebiportal.kz


cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG


«Жайлау» деген сөзді естісе-ақ біздің Дарқанның ойына ең алдымен бүлдіргеннің оралатыны бар. Одан жолдастары «Атаңа еріп, жайлауға барғанда не көрдің?» деп сұраса бол­ғаны:


– Ой, бүлдіргенге тойғаным-ай! – дер еді. Қызара бөрткен, дәмі тіл үйірер бүлдіргенге дәл қазір аузын толтырып алып тұрғандай-ақ екі көзі оттай жанып, тамсана әңгімелейді дерсің.

– Бір күні тайымнан түсе қалып, бүлдіргенге енді сұғына беріп едім...

– Әй, жаман жегенін айтады, – дегендей бүлдіргеннен басқа әңгімең жоқ па? – деп жолдастары оның бүлдірген туралы хикаяларын тыңдаудан жалыға бастаған. «Бәлем, тұра тұрыңдар. Бақшада өсетін су татыған құлпынайдан басқаны көрмеген қулар, мен сендерге жемістің кереметінің не екенін келер жылы көрсетемін!» деп ойлаған Дарқан. Тіпті өзінің тапқырлығына сүйсінгені сонша, көздің жауын алған бадана бүлдірген бақшасына тола есіп тұрғандай екі санын шапақтап жіберген. Бірақ өзінің ашқан керемет жаңалығын жүзеге асырып болғанша жан адамға жақ ашып, сыр ақтармауға бел байлады. Тек атасының үйі жайлаудан түсіп үлгірмей тұрып, сол жаққа барып қайтуы қажет. Тапты. Атасы мен әжесін сағынғанын айтып, қыңқылдаса демалыс күні әкесі машинасымен апарып келуі мүмкін.


Шіркін ақылдылық деген неге жаман болсын, бәрі де Дарқанның жоспарлағанындай болды да қойды. «Бүлдірген үшін келдім» деп ойлағанымен атасы мен әжесін сағынғаны да рас екен, екеуінің алдына кезек-кезек отырып, мәз болды да қалды.


Қалаға қайтар уақыт болғанда бүлдіргені қалың өсетін сайға барып, екі кесек шымды бүлдіргеннің тамырымен қоса ойып алды. Оны шүберекке орады да машинаның ішіне жасырып қойды. Қалаға келген соң жайлаудан әкелген екі кесек шымды бақшадағы гүл алаңына таяу апарып, орналастыру да қиын болған жоқ. Жаңа қонысқа келіп орналастырылған жемістің тезірек тамырланып кетуі үшін су да күніне екі-үш дүркін құйылатын болды. Салқындау тау басынан әлі ыстығы қайта қоймаған ойға келгендіктен бе, әлде жаңбырдан басқа ылғал көрмейтін шіркін суға қанған соң ба, әкелінген шымның бетіне үш құлақ жапырақшалар қаптай өніп берсін. Қуанышында шек болмаған Дарқан жолдастарын былай қойғанда, әкесі мен шешесіне: «Келер жылы бүлдіргеннің қайнатпасына әбден тоятын боламыз» деп мақтанып та жіберді. Әрине, оның не себепті бұлайша мақтанып отырғанына әке-шешесі айтарлықтай мән бере қоймаған.


Бүлдірген жапырақтары өсіп, ширатылған ақшыл сабақтар ұзара бастаған тұста күздің алғашқы суығы түсті де жапырақ атаулы сарғылт түске боялды. Дарқанның да өз тәжірибесінің нәтижесін көруі үшін келер жазға дейін шыдауына тура келді.


Бақша ішіне үйілген үрдесін қар көктем лебімен еріп болғанда көше-көшенің шаңы шығып, айнала көгере бастаған. Дарқанның жаңа қонысқа көшірілген бүлдіргені де қарап жатпапты. Жасыл жапырақтар жер дегдіп болмай-ақ қылтиып-қылтиып шыға келгені. Сары өріктің көктем шуағымен бірге тайталасып шешек ататын ақшыл гүлдері айналаны ақшаңқай ғып төгілген шақта бүлдірген жапырақтарының ортасынан үлпілдеген ақ гүлдер шешек ата бастаған. Бұл кезде Дарқан екі кесек шымның үстіне неше түп бүлдірген шыққанын ғана емес, неше жапырақ, неше сабақ щыққанына дейін жатқа біледі десек қате болмас, сірә. Күніне екі-үш дүркін келіп, шоқайып бүлдір­генінің қасында отырғаны. Таласа-тармыса өнген өсімдік атаулы, тіпті бұрынырақ арнайы егілген көпжылдық гүлдердің де жаңа қоныстанушыларға жақын жерге шыққандарының бәрі де қопарылып тасталды. Бәрі де бүлдіргеннің жолында құрбандыққа шалынып, көктей жұлынды. Дарқанның көкірегінде бұл кезде бір-ақ ұран болатын. Ол –бар жақсылық бүлдіргендерге! Сондықтан біздің балақан, басқа өсімдік атаулыны «арамшөп» деп атап, бүлдіргенге барынша жағдай жасап бақты. Тіпті суарғанның жөні сол деп алақандай жерді шалшыққа айналдырған. Бүлдіргеннің өң-түс жоқ ширатылған ұзын мұрттарының қылтиған өсімдік көрсе ұстай алып, оратыла кететін әдеті бар екен, аз күннің ішінде айналадағы гүлдерді орап, тұншықтыра бастаған. Әрине, бүтін бір бақшаның ішінде болып жатқан мұндай орасан зор бүліншілік елеусіз қала ма, бүлдіргеннің ісі Дарқханның әкесі мен шешесіне әшкере болып, іс насырға шапты. Жемісінің дәмі тіл үйіретін бүлдіргенді біржола құртып жіберудің қаупі туды. Бір әулеттің тізгінін ұстап отырған екі үлкен кісі орталарындағы кішкентай балақан Дарқанның бұл әрекетін ізденгіш­тіктің, еңбекқорлықтың жақсы нышаны деп тапқандықтан ғана, әйтпесе бүлдіргеннің жемісі нәрлі болғанмен, өзінің аты айтып тұрғандай басқа өсімдікке қатерлі, зиянды екені ескеріліп, оны биыл күзде гүл отырғызылмаған, басқа ұсақ жеміс егілмеген оңаша алаңға қоныс аударылсын деп шешілді.


Әрине, ол жылы Дарқан жолдастарын да, әке-шешесін де бүлдірген қайнатпасына тойғыза алған жоқ. Қызара бөртіп піскен аз ғана жеміс күндіз-түні суға қарық болған соң ба, аумаған құлпынай сияқты су татыған, дәм-татусыз жеміс болып өсіпті. Қызық, сол сәтте Дарқанның жаңбырдың ылғалын ғана қанағат қып, сусап өсетін, бірақ тіл үйірердей сонша дәмді болатын жайлаудың бүлдіргенін жегісі кегені. Сөйтіп, қоныс аударған өсімдік жеміс беріп, қарық қылмады.


Неге?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар