Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Қойқақтай...

25.01.2016 2206

Кәдірбек Сегізбай: Қойқақтай

Кәдірбек Сегізбай: Қойқақтай - adebiportal.kz


469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


Әмір қашан болсын: «Әке, деймін, әңгіме айтып бейші, ейтегі айтып бейші», – деп, қиылып отырғаны. Ол бес жасқа келсе де, «р» әрпіне әлі тілі келмейді, бірақ өзі ұғымтал-ақ. Әкесінен естіген әңгіме, ертегісінің бәрін қайтадан айтып береді.


Бүгін де әкесі шайын ішіп болғанша, шыдамы таусылып отырған. Бірақ Әмір сұрамай-ақ, әңгімені әкесінің өзі бастап кетті. Ол үйдегі қонақтарға қарап сөйледі.


– Бүгін қызық болды, – дегенде-ақ, Әмір елең ете қалды. – Иен далада жалғыз өзім тұрып, күл-әй келіп. Қой Күркелінің сайында жайылып жатқан. Сайлау екеуіміз жотаның басында әңгімелесіп отырғанбыз. Қалың қарағай өскен шатқалға қарай екі елік түсіп барады екен. Сайлауды қойға қалдырып, мылтығымды алдым да, соңынан ілестім. Бір басып, екі басып, бұқапалап келемін. Бір кезде қалың қарағай ішіне мен де кірдім. Жануарлардың секем алар түрі жоқ, жүре жайылып барады. Атайын десем, оқ жетер жер емес. Жақындай түсейін деп ойладым. Мылтықты оқтап, шүріппесін қайырып қойғам ғой баяғы. Он шақты қадам жүремін де, қарағайды тасаланып, алға қарап қоямын. Тармақ-тармақ мүйіздерімен жондары ғана көрінеді. Бір кезде шеткерек тұрған текесін нысанаға ала беріп едім, қарағай қалқасынан қос бірдей лағы шыға келді. Теңбіл-теңбіл, өздері мұндай сүйкімді болар ма! Текесін атпақ едім, оны да көзім қимады. Кішкентай лақтарын аядым. Бір жағынан аңшылық құмарлық емес пе, кеткім де келмейді. Содан ойламаған жерде біреу келіп...


Әңгімені елтіп тыңдап отырған Әмір «қық»! десең, орнынан ұшып кеткелі отырған.


– Сонсоң қайтті? – деді ол үрейі ұшып.

– Сонсоң біреу келіп, мені ту сыртымнан бас салды! Қорыққаным сонша, даусым да шығып кетті. Сұқ саусағым мылтықтың қайырулы тұрған шүріппесін басып қалыпты. Оның гүрс еткен дыбысынан шошып, еліктер де бір-ақ секірді. Бүкіл ормандағы құстар шулап, аспанға көтерілді. Жаңағы өзімді қапсыра құшақтай алған бәле де шалқалай құлағандай болды. Бұл кім екен деп ойлаймын. Сайлау болар десем, ол алдында ғана қарағанымда, жотада отырған. «Не болса да...» деп, артыма қарасам...


– Кім екен? – деді тағы да Әмір шыдай алмай.

– Кім дейсің бе? Кәдімгі аюдың қонжығы. Үлкендігі тура ісек қойдай. Көзі жылтырап, әлі жатыр. Сірә, ол да қатты қорықса керек, орнынан қозғалар емес. Сөйтсем мен бұқпалап жүргенде, ойнағысы келіп артымнан ілесіп отырыпты да, мен тоқтағанда, қарбаң-құрбаң бас салыпты ғой. Күрескісі келсе керек.


Қонақтар күліп жатыр.

– Қойқақтай, – деді Әмір.

– Кім қойқақ?

– Аюдың баласы екеулейің. Мен болсам ғой, оны би-ақ ұстап алып... – деп, Әмір мақтана жөнелді.

Сол кезде қонақтың бірі: «Әне, аю» деп еді, Әмір секіріп, төрге бір-ақ шықты.

– Кім қойқақ екен? – деді үйдегілер күліп

Жұлдызға қараған бала


– Төлешім бала кезінен-ақ пысық еді. Қайтейін, қу соғыс жалмады ғой, – деп Күләш әжей бір сәт үнсіз отырып қалды.


– Әлі есімде, Төлешімнің тоғыз жасқа тола қоймаған кезі. Енем марқұм, Төлештің әжесін айтамын, Төлеш және мен үшеуіміз ертеңгілік ат шанамен жолға шыққанбыз. Біз жол ортадан асқанда күн райы бұзыла бастады. Ту сыртымыздан соққан жаяу борасын тақыр жолдың қиыршық қарын суырып, тарта бастады. Ирелеңдеп бара жатқан мың сан ақ жылан сияқты. Қыстың онсыз да суық ызғырығы жел тұрған соң бет қаратпастай.


– Әже, боран соғып келеді. Адасып кетсек қайтеміз, а? – дейді шананың алдыңғы жағында көшір болып отырған Төлеш қулана жымиып.


– Тек, жаман сөз айтпа, құлыным. Мына елсіз далада адассақ оңай болмас. Божыңды қаға түс, – дейді тұлып тонға оранып отырған әжеміз. – Айтты-айтпады, сенімді жолбасшы болмаған соң осы жолға шықпай-ақ қойсақ болар еді.


– Мен сенімді жолбасшы бола алмаймын ба, әже? Онда өкпеледім, – деп Төлеш әдейі аузын бұртитты. Жүзінде ешқандай қорқыныштың белгісі жоқ, қайта көзінде еркеліктің оты ойнайды.


– Айналдым сенен. Саған сенбесек жолға шығып қайтеміз?! Әншейін сынайын деп айтқаным ғой. – Әжеміз баяғы әдеті бойынша немересінің ыңғайына көне кетті.


Желдің барған сайын күшейе түскені мені де қобалжыта бастады. Суыт жүргеннің өзінде кемі 3–4 сағаттық жол бар әлі. Әжем де үнсіз. Шаңытып келе жатқан батысқа бұрылып қарай береді. Төлеш те қобалжи бастаса керек. «Шу, әй, жануар» деп жиі-жиі дауыстап, шанаға жегілген қос торыны сар желіске салып келеді. Бірақ, әжесі мен маған сыр бермейін дегендей орнында нық отыр.


Содан бір күн бұрын бір күншілік жердегі әжемнің бір бауыры қатты сырқаттанып жатыр деген хабар келіп, жолға суыт шыққанбыз. Бізді алып бара қоятын адамның реті келмей, қысылғанда Төлештің өзі тіленіп қойсыншы, кәне.


– Айналдырған екі атқа ие болмайды деп қорқасыңдар ма? Мені бала санағандарыңды бір қоймайсыңдар, – деген соң алдымен көнген әжесі болды.


– Рас-ау, Төлешімдей азамат тұрғанда неден қысыламыз, осы?!


Әжесінің бұл құптауын естуі мұң екен, ол аттарын жегіп, шананы әзірлеуге құлшына кірісіп кетті. Үйге келген қонақтың атын мініп, бір шауып келмей көңлі тыншымайтын Төлештің өз иелігіне екі бірдей ат берілген соң қуанышы қойнына сыймай, бар ынтасымен іске кіріскен...


Барар ауылға қозыкөштей жер қалғанда күн ұясына қонақтаған. Боран басылғанмен үрінді қар тегістеп кеткен жол нобайы әрең көрінеді. Ауыр жол аттарды да титықтатып тастаған сияқты.


– Әже, тоңған жоқсыз ба? – деп дауыстап қояды Төлеш. Ара-тұра өзі шанадан секіріп түсіп, беті-қолын қармен ысқылайды, бірде малтығып жаяу жүгіреді.


Қараңғы түсе жол сорабы көрінуден қалды. Айнала түгел аппақ. Әжемді білмеймін, өзім сасайын дедім. Батыстың қайсы, шығыстың қайсы жақта екенін айырып болмастай. Белгісіз, бедерсіз ақ дала. Бір кезде Төлеш божыны маған ұстатты да, аттардың алдына жаяу түсіп алып, домалаңдай жөнелді. Ара-тұра тұра қалып, қалың қарды теуіп-теуіп қояды. Тоңған соң жылынайын деп жүр-ау деп ойласам, сірне болған жол табанын аяғымен іздеп тауып келеді екен ғой. Енді бірде жата қалып, құлағын қарға төсеп, тың тыңдайды.


– Балам, не істеп жүрсің? – деді әжем бір кезде. Төлеш естімесе керек, үн қатпады.

– Ақылынан айналдым, сол. Жүрген адамның немесе малдың дыбысын тыңдағаны ғой. Атасының қасынан қалмаушы еді, біраз тәлімін үйреніпті, – деп қуанды әжесі. Біраз жүрген соң иттердің үрген даусы да анық естілді.

– Төлеш, бағытымыз дұрыс па өзі? Әйтеуір бір ауылға келдік-ау деймін, – деді әжесі немересі шанаға отырғанда.

– Ой, әже, бір орнынан қозғалмайтын Темірқазықты бетке алып келемін. Сенбесеңіздер, әнеки ауылдың жанындағы жалғыз төбе де көрінді, – деп ол божыны қағып қойды.


* * *


Есімі аңызға айналған батыр ұшқыш Төлеген Тоқтаровтың анасы Күләш шешей көлкемедей ақ орамалын алып, көзін сүртті.


– Балалар, Төлешімнің осы Риддер қаласында тұрған тас мүсінін көрген шығарсыңдар. Бұрын зауытта қарауыл болып жұмыс істеп едім. Сонда ылғи ескерткіштің жанынан өтетінмін. Жолын Темірқазыққа қарап, жортып бара жатқандай елестейді ылғи.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар