Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Кішкентай басқыншылар...

21.12.2015 2583

Кәдірбек Сегізбай: Кішкентай басқыншылар

Кәдірбек Сегізбай: Кішкентай басқыншылар - adebiportal.kz



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


Саяжайымыз көршілес Танабайдың тұлымшағы желбіреген Ләйләсі екі үйдің ортасында тел өскен бала сияқты. Екі бақтың қайсысының жемісі бұрын піссе, алдымен дәмін татып, жеуге жарайтындығын, не жарамайтынын айырып беретін де сол. Қай ағашқа қандай жеміс өседі, қайсы гүл қашан қауашақ жарады, бізден гөрі сол көбірек біледі. Екі бақшадағы гүлдерді күтіп-баптау, су құю, ең алдымен Ләйләнің міндеті. Сонан кейін, еңбегі сіңген бала қандай гүлді бантигіне тағады, қандай гүлдерін бөлмелерге қояды, оған әке-шешесі де, біз де таршылық жасап көрген жоқпыз.


Ләйләнің өсімдіктер әлеміне қызыққаны сонша жоғары сынып оқушылары оқитын «Ботаниканы» да үш-төрт аударып шыққан. Сол Ләйлә бір күні түс әлетінде дем алып жатсам үйге жүгіріп келіпті. Қос қарақаттай мөлдіреп тұратын жанары жасқа толып, әрең сөйлейді.


– Ағатай, жүріңізші тезірек, – дейді аптығып.


– Не болды? – деймін бұрын мұндай әдеті жоқ баланың жылап жүргенінен шошып қалып.


– Құмырсқаларым, – деді де өздерінің бауларына қарай жүгіре жөнелді.


«Құмырсқалары не бұл баланың?» деп ойлаймын. «Жеміс ағаштарына зиянды әр түрлі жәндіктерді құмырсқалар құртады екен» деп Ләйлә орманның ішінен шелекке салып, құмырсқаны илеуімен өз бауларына көшіріп жүретін... «Егер шынында пайдалы болса сіздердің бауға да бір илеу құмырсқаны қоныстандырамын», деп мәз болатын. Мен келсем Ләйләнің әкесі де, шешесі де ине жоғалтқандай жерден көздерін алмайды.


– Өңшең оңбағандар, – деп менен бұрын жеткен Ләйлә қолына сыпырғыны алып, баққа кірер жолды оңды-солды сабалап жүр.


Ештеңенің байыбына бара алмаған мен аң-таң болып, көршілердің қасына келдім.


– Көрші-ау, мынадай сұмдықты кім көрген? Нағыз басқыншылық қой, – дейді Ләйләнің әкесі жерден көзін алмай.


Мен одан әрмен аң-таңмын. «Қандай сұмдықты, қандай басқыншылықты айтып тұр?» дегендей жан-жағыма қараймын. Үшеуінен басқа тірі пенде көрінбейді баудың ішінен.


– Ой, аса қарамай бас қара, – дейді Тәкең. – Қан майдан аяғыңның астында жүріп жатыр.


Мен аяғымның астына қарағанда ерсілі-қарсылы қайшыласып жүрген қалың құмырсқаларды көрдім. «Қайшыласып жүрген» дегеннен көрі қиян-кескі болып, қырылысып жатқан деген дұрысырақ болар.


Ләйләнің қоныстарын өзгертіп, көшіріп әкелген құмырсқалары илеулерін үйдің алдына жақын тақырға салған болатын. Көбіне құмырсқаларының тіршілігіне қарап отыратын Ләйлә да біздің назарды жәндіктеріне жиі аудартырғандықтан ба, бұл илеудегі қызыл қоңыр түсті кішкене-кішкене құмырсқалар көзге беп-белгілі болып тұратын.


Енді қарасам Ләйләнің қызыл-қоңырларына қарағанда екі еседей үлкен қара құмырсқалар илеуге жақын алаңда майдан ашып жатыр. Басқыншылар денелі болғанмен, сан жағынан аз сияқты. Бір қараға үш-төрт қызыл-қоңыр жабылып жүр. Ал дәу қаралардың қышқаш азуларына іліккен кішкентайлардың қылдырықтай белдері екіге бөлініп түседі. Кішкентайлар түгел майданға шығып, өз илеулерін басқыншылардан аянбай қорғап жүр. Біреуі қарамен бетпе-бет келіп айқаса түссе, екіншісі келіп, ту сыртынан, үшіншісі жотасынан жармасады. Дәу қараны да құртады, өздерінің де бір-екеуі, әсіресе қышқаш азуға алдымен іліккендері екі бөлініп түседі.


Мынау қан майданға үстінен қарап Ләйләнің құмырсқаларына тілеулес болып тұрғаннан басқа қолдан келер бізде қайран жоқ. Тек қана Ләйлә қолындағы сыпырғышын оңды-солды сермеп, әлдеқайдан шұбырып, үздіксіз ағылып жатқан дәу қараларды кейін қарай сыпырып тастап тұр. Тек майдан алаңында ең алдыңғы шабуылмен келіп қалған тобы ғана жүр.


Ұрыс тағдыры көпке созылған жоқ. Көптеген жазықсыз бейбіт жәндіктерді аяусыз қырған, бірақ өздері де қырылған дәу қаралар көпке топырақ шаша алмады, Көбісінің денесін майдан алаңында қалдырып, тірі қалғандары жөңкіле қашты. Басқыншылар бұл маңайды қайтіп баспасын дегендей кішкентай жауынгерлер де оларды түре қуып тастады.


Бір ғажабы Ләйләнің сыпыртқысынан өте алмай бөгеліп тұрған дәу қараларға қашқын үйірлестері қосылған сәтте олар бөгелместен қарсы беттегі қалың бауға шұбырған күйі барып еніп кетті.


– Бұлар біз жоқта келсе мына байғұстардың бәрін қырып кетеді ғой, – дейді жыламсырап тұрған Ләйлә.


– Табиғаттың қатал заңы ғой, балам. Күштілер әлсіздерді жеңеді. Бұларды сен бір жолы өзіңнің қаһарлы сыпыртқыңмен қорғағаныңмен сен жоқта өз күштіліктерін жасайды, – дейді оған әкесі.


Ертеңіне Ләйлә тағы жүгіріп келіпті. Бірақ кешегідей емес, көңілді.


– Ағатай, жүріңізші, бізде қызық болып жатыр.


– Тағы да құмырсқалар майданы ма? – деймін мен оған күле қарап.


Бірақ Ләйләнің маған жауап беруге шамасы келмей, қайта жүгіре жөнелді.


Баласымен бірге бала болып жүрген Тәкең де мені көңілді қарсы алды.


– Мына ғажапты қарашы, көрші, – дейді ол. – Кішкене қызыл қоңырлар кешегі майданнан кейін тізе қосып, күш біріктіріп жатыр.


Шынында да дәл Ләйләнің қызыл қоңырлары сияқты, соларға ұқсас құмырсқалар әлдеқайдан шұбырып келіп, бұларға қосылып жатыр. Кешегідей майдан жоқ, аралас-құралас шапқыласып, илеуді үлкейтуге жаппай кірісіп кеткен.


– Бұл да табиғаттың заңы. Осындай бір амал қолданбаса әлсіздер дүниеде қалмай құрып кетер еді, – дейді тағы да Тәкең.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар