Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Ағашта да ақыл бар...

25.01.2016 3852

Кәдірбек Сегізбай: Ағашта да ақыл бар

Кәдірбек Сегізбай: Ағашта да ақыл бар - adebiportal.kz



66VX0CH5xQM.jpg


«Ағашта ақыл қайдан болсын?» дейсің бе? Онда өзіміз куәсі болған мына бір әңгімені тыңдап көрші.


Көктемнің шуағы тұла бойын қыздырып, құстардың мың құбылған әні айналаны тербеткен шақта жас шыбық Қызылкүрең де қысқы ұзақ ұйқысынан оянған. О, ғажап! Бұрын тал түс болғанша бұған күннің сәулесін көрсетпейтін алып алма ағашы дәл төбесінен төніп, тынысын тарылтып тұрушы еді. Жалғыз ол емес, басқа да үлкен ағаштар қатарласа самсап, күннің сәулесін қойғанда бұл жазғанға аспанның өзін көрсетпеуге тырысатын. Бәрі де ұшты-күйлі жоғалыпты. Өзі үлкен бір үйдің терезесінің алдына орын теуіпті.


– Ояндың ба? – деген нәзік үн дәл қасынан естілді. Қараса бойы өзінен де кішкентай құбақан түсті өскін Қызылкүреңге күлімдей қарайды. – Енді екеуіміз іргелес тұрып, қатар өсетін боламыз.


Қызылкүрең сонда ғана өзінің жаңа мекенге келіп қоныс тепкенін түсінген. Кезінде күн сәулесін түсірмегені үшін алып алма ағашына өкпелі де сияқты еді, енді өзінің алғаш рет топырақ арасынан бүр жарып, жарық дүниені көрген туған мекенін, тіпті алып ағашты да сағынғандай күй кешкен.


Сол кезде қолында шелегі бар Кекілді балақан келіп, Қызыл­күреңнің және оның қасында тұрған Құбақанның түбіне су құйған. Майы шыққан жұмсақ қара топырақты үңгіп, бойлауға кіріскен қылдырақтай тамырлар ылғалды рақаттана сорған шақта көктем күнінің шуағы қыстай тоңазып қалған тұла-бойын балқытып, ерекше бір күйге батырды дерсің.


«Түсетін шуаққа, соғатын самалға зар болып тұрғанша қайта жаңа қоныс дұрыс болды-ау» деген ой да келген оған.


Екі-үш күн өтпей-ақ кішкене бұтақтардың әр тұсы бөртіп тұрды да жап-жасыл жапырақтар қылтия бастаған.


– Ой, сенің жапырақтарың қандай әдемі, – деді Құбақан, – жап-жасыл екен.


– Сенің де жапырақтарың көздің жауын алғандай көрікті-ақ, – деді Қызылкүрең де көршісінің көңілін көтеріп.


– Шіркін, біз де үлкен ағаш болып, жеміс берер ме екен­біз?! – деп армандады бір күні Құбақан.


– Және біздің жемісіміз сонша әдемі, сонша дәмді болса ғой, – деп қиялдады Қызылкүрең де. Үйге кіріп-шығып жататын кісілердің ең кішкентайы Кекілді балақан жаз бойы екеуінің түбіне шыққан арамшөптерді отап, топырақты қопсытуды ұмытқан жоқ. Көздің жауын алғандай жап-жасыл жапырақтары небір ыстық күндерде де өңінен тайған емес. Уақытымен құйылған суға қанған соң олар қандай да аңызақты ыстықтардан қорқуды білмейтін. Екеуі жаңа қоныстағы алғашқы жаздарын жаман өткізген жоқ. Айналаны ақша қар басып, қыс түсе екеуі тағы ұзақ ұйқыға кеткен. Көктем шығып, бұтақтары бүр жара бастаған уақытта екеуі бойларының өткен жылға қарағанда біраз өсіп қалғандарын айтып, мәз болысатын.


Осылайша олар бірнеше жазды өткізіп, бірнеше көктемді қарсы алған.


Құбақан мен Қызылкүрең сол тату-тәтті қалыптары қатар өсіп, қатар есейіп келе жатты. Күн сайын таңғы самалға күлтеленген жапырақтарын тербетіп тұрып, бір-біріне сәлемдесіп, күн сайын жұлдыздар көк жүзін толтырған тұста түн тыныштығын тілейді. Тұңғыш рет әр бұтақ, әр бүршіктері сәл қызғылтым реңкі байқалатын аппақ гүлге толған сәттегі екеуінің қуаныштарын айтып жеткізу қиын еді. Гүлдерінің хош иістеріне өздерін қойғанда, ауланың ішіндегі өсімдік атаулы елтігендей. Ешқашан маңайларына жоламайтын бал аралары да таңның жарығынан келіп, айналаны уілдеген бір әдемі әуенге толтырады дейсіз. Бал аралары нәзік гүлдер үп еткен самалмен жерге түсіп болғанша оларды сүйе беруден бір танған емес. Бұтақтарына қонып алып, сайраудан жалықпайтын қараторғайдың әнін айтсаңызшы. Олар мынау көктемді, көктемдей өмірді жырға қосатын.


Екеуі ойламаған жерде қуанышқа бөлеп, ойламаған жерде өкіндіріп кеткен қысқа ғұмырлы гүлдерін әңгімелеп жүрген шақта сол гүлдердің орнында кішкене-кішкене түйіндердің пайда болып қалғанын байқамапты.


– Білдім, білдім, – деді бір күні Құбақан, – бұрын мен өнген жерде үлкен ағашқа керемет әдемі алмалар өсетін. Мүмкін, мынау кішкентай түйіншектер біздің алма жемістеріміз шығар.


– Мен де солай ғой деп тұрмын. Біздің кішкентай қожайынымыздың күніне неше дүркін келіп жүргеніне қарағанда, биыл жеміс беруге тиіспіз, – деді әрқашан өзінің айтқанын Құбақанның мақұлдағанын ұнататын Қызылкүрең.


Расында, Кекілді балақан күн құрғатпай келіп, екі ағашты ерекше күтіп-бағудан бір жалыққан жоқ. Ақыры, жаз ортасы ауа екі ағаштан бір-бір алманы үзіп алып, жеп көрген балақан қуанғаннан үйге қарай тұра жүгірген.


* * *


Кекілді балақан үлкен жігіт болып өскен кезде біздің екі алма ағашымыздың әрқайсысы адам танымастай алып ағашқа айналған. Көктемде гүл атып, күзде алқызыл алмаларды әрең көтеріп тұруға да әбден үйреніп алған еді.


Қожайындарының келген кісілері бәріне ең алдымен Құбақанның жемісін үзіп беріп, соны көбірек мақтай берген соң Қызылкүреңнің қызғаныштан әр бұтағына дейін одан әрі қызарып кететін болды. «Келер көктемде болсын бәлем, – деп ол талай жылдан бері қатар өсіп, қатар жеміс берген досына іштей қастық ойлаған. – Бұтақтарыммен бүркеп, күннің сәулесін түсірмеспін саған».


Ол айтқанын істеп, келер жылы ерте көктемде-ақ бар күш-қуатын, бойын өсіре түсуге, бұтақтарын жая түсуге жұмсап жүріп, мандытып гүл де сала алған жоқ. Бар ойы көршісіне күн сәулесін түсірмей, тұншықтыра беру болатын.


Сол жылы күзде Құбақанның бұтақтары жемістерін әрең көтеріп тұрса, Қызылкүреңнің алмалары әр жерден көзге бір шалынды.


Ойында дәнеңе жоқ Құбақан: «Е, биыл көршім дем алған ғой» деп түйген. Бірақ келесі жылы да жеміс салмай, оның есесіне арбаңдаған бұтақтары өзін қоршап, күн сәулесін, не самал желді жібермеуге айналған кезде ғана көршісінің арам ниетін сезіп, іштей қамыққан.


Жеміс жиналып сарғайған жапырақтар бұтақтармен қоштасып жатқан кезде, иелерінің бір күні қол арасы мен балтасын қайрай бастағаны.


– Не істегелі тұрсың? – деді сол кезде аулаға кірген көрші жігіт.– Мынау алма ағашының бойы сорайып өсіп бара жатқаны болмаса екі жылдан бері жеміс бермей қойды. Осыны кесіп тастап, орнына жас алма ағашын ексем деп едім, – дегені иелерінің.


Ағаштардың екеуі де қорқып кетті. Сөйткенше иелері қолындағы арасымен Қызылкүреңнің жуан діңінен бөлінетін әрқайсысы жеңді білектей төрт үлкен бұтақтың біреуін сұлатып салды. «Аясаңшы, ием, бұл байғұсты! Бұдан бір білместік өтті. Кешірсеңші!» деп жалынды Құбақан. Бірақ ағаштың үнін адам қайдан естісін.


– Кешір, ием! Бір білместік өтті! – деп зарлады Қызыл­күрең иелерінің арасы екінші үлкен бұтаққа тақай бергенде. Бірақ ағаштың үнін адам тағы естіген жоқ.


– Сабыр, сабыр, ағашың екі жыл жеміс бермесе «ер кезегі – үшке дейін» деген, тағы бір жыл тос. Үшінші жылы жеміс бермесе, кесіп тастау қиын емес қой. Биыл тек қана ұзарып кеткен бұтақтардың ұшын қырқып, жиі өскендерін сирету қажет.


Қожайындары қонақтың айтқанын істеп, бұтақтардың жиі өскенін сиретіп, ұзындарын қысқартумен ғана шектелді.


– Саған қастандық ойлаймын деп, өз басыма қатер төндіріппін, бірақ сенің маған деген адалдығыңа көзім бүгін әбден жетті, – деді Қызылкүрең мұңайып, – кешір мені!


– Біздің атымызды адамдар алма ағашы деп қойғандықтан ең үлкен парызымыз – сол адамдарды шырын жемісімібен қуандыру ғой, – деді Құбақан да әңгімені жаймашуақтап.


* * *


Келер жылы күзде алма ағаштың екеуі де жемістерін ересен мол салып еді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар