Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фариза Оңғарсынова: Жыр көпір

08.02.2016 363

Фариза Оңғарсынова: Жыр көпір



(Мақатаевтың туғанына 50 жыл толуы кешіндегі сөз)



mfi.jpg

Өмір бойы жарық атаулыны көріп-сезуден мақұрым қалып, тымырсық тыныштықтың қапас түнегінде жауын мен дауыл көрмей күн кешуден тұншыққан ортаға сызаттан сығалаған сәуле нұры да өз болмысының жаттығымен жан түршіктірер, жанталастырар әсер әкелері сөзсіз. Себебі ол ортаның бықсықпен тыныстаған топырағына тіршіліктің қандай да болсын табиғи құбылысы атымен жат. Ал жат құбылысты бірден қанға сіңіру - биологиялық заңдылықтан тыс нәрсе. Заңдылықтан тыс құбылыс атаулының бәрі өз табиғатымен топан суы тасығандай алапат екпін әкеледі. Ол екпінге төтеп беру қиын, өйткені табиғат дүлейінің бәрі - алапат құбылыс.


Жаратылыстың мұндай құбылыстарының кереметтігі ғұмырының ұзақтығында емес - қас-қағым сәтінің дүниені дүр сілкіндірер мәнінде. Найзағайдың жарқылы, жасын оты көздің нұрын алғанмен, оның ғажайып құдіретін көкейге түйіп, дәл өзіндей суреттеп жеткізе қою қан-дай қиын болса, қапырық ауаны жұтып үйренген кеудені кез келген тосын құбылыс та солай дереу тұншықтырып, құпиясына бойлатпастан өте шығады.


Біздің ұлы заманымызда совет азаматының космосқа ұшуы да осындай құбылыс болғаны адамзаттың жадында сақталады.


Ақын Мұқағали Мақатаев тағдырдың өз еншісіне бұйыртқан аз ғана жылдарында поэзияға осындай құбылыс болып келді де, біз сол алапаттың екпінінен тұншығып, дем, тыныс алып үлгергенімізше, өзін де, өз ортасын да болашақпен жалғайтын Жыр көпірін салып кетті.


Біздің аса аяулы Әбділда ағаның «биыл Мұқағали поэзиясының жылы болуы керек» деген пікірі көңілге қатты қонады.


Салтанатты сарайларда өзінің жыр кештерін өткізем деп жүгірмесе де, орталықтан кітап шығарам деп атышулы аудармашы іздемесе де, Мұқағали байлығының адамзаттың рухани қазынасына қосылатынында күмән жоқ. Өйткені ардақтысын аялай білетін халқы бар, Отаны бар. Ал Мұқағали поэзиясын мақтаныш сезіммен әлемге сыйға ұсына білу, өз тұлғасының деңгейінде көрсете білу - тірілердің қасиетті парызы.




ЕКІНШІ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС


Бірде түске қарай «Жұлдыздың» редакциясына Ақұштапқа келдім. Бөлмелеріне кірмей, есік алдындағы ұзын коридорда тұр едім, іштен Мұқағали шығып келе жатыр екен. Жаныма келіп, қол беріп амандасты. Өткендегідей емес, ұялшақ баладай именіп сөйлейді.


- «Жалындағы» өлеңдерің керемет! - деді әрі-беріден соң. - Жазу керек, жазу керек, бізге басқа амал жоқ.


Соның алдында ғана екі айда бір шығатын «Жалын» альманағына бас редактор болып барған Шерхан ағай бір топ жаңа өлеңдеріңді әкел деп сұратып, бірден кезекті санына басып шығарған еді. Мұқағали соны оқыған екен.


Тахауи ағамыздың 50 жасқа толған тойы жақсы өтті. 1973 жыл болатын. Қазақтың М.Әуезов атындағы драма театры (Коммунистік проспектісі мен Мәметова көшесінің бұрышындағы қазіргі Балалар мен жасөспірімдер театрының үйінде) Алматының игі жақсыларына лық толды. Шыңғыс Айтматов келді. Мұндай зиялы орта, салтанатты той көрмеген мен үшін бәрі таңсық. «Ойпырым-ай, біз де елуге келер ме екенбіз, келген күнде халқымыз осылай қошемет жасар ма» деген үміт жылт-жылт етіп жүрегіңді қытықтайды. Келесі күні «Алматы» қонақ үйінің ресторанында той иесі дастарқан жайды. Әдебиетшілердің аузы дуалы ақсақалдарынан бастап, пәлендей ауыз тұшытарлық ештеңе жазбаған мен де шақырылыппын. Жұмекен, Асқар, Алтыншаш, Әбіштер отырған шеткері столдың жанынан маған да орын тиді. Салқын тамақ желініп, енді ыстық асқа кірісіп, жұрт кезек-кезек сөз алып, Тахауи ағамызға деген жүрекжарды тілектерін айтып жатыр. Дастарқан тізгінін ұстаған ағамыз қазақтың қара сөзін әндей әрлендіріп, тойдың сән-салтанатын онан сайын арттыра түседі. Біздікі - сөз тыңдау, «жақсы ас қалғанша, жаман құрсақ жарылсын» деп ішіп-жеу.


Бір кезде ресторанның ас бөлмесі жаққа жұрт жапырлай жалт қарады. Менің желке тұсым еді, бұрылсам, Мұқағали келе жатыр екен. Сырт киімсіз, костюмшең, жалаңбас. Біздің столды бетке алып келеді. Мен әлденеден сескенгендей ме, әйтеуір, бір мазасыз күйде қолымдағы ас айырмен тәрелкемді шұқылай бергенім есімде. Тура менің желке тұсыма келіп тоқтады да, иығымнан ұстап:

- Тұр! - деді.


Менің де мінезімнің оңып тұрғаны шамалы. Біреудің қатқыл даусы түгілі, көлденең көзқарасын көңіліме алатынымды білетін жолдас жігіттер қипақтасып, «енді не болар екен, тегі бұл екеуі жанжалдасып тынады-ау» дегендей, әліптің артын бағысып, үнсіз қалды. Бірақ Мұқағалиды отырғызып не көңілін аулап сөйлесуге, нысана болып отырған менен оның жанарын тайдырып әкетуге біреуі әрекет жасамады. «Тұр» деген сөзді естігенде, мен ішкі бір әуенге құлақ салдым да, ұшып тұра келдім. Жұрт әлі үнсіз. Сонан соң:

- Жүр! - деді, айдаладай алақанын иығыма салып. Мен алпамсадай ағаның қолтығында кетіп бара жаттым. Бағыты - бағана өзі келген, ас дайындайтын бөлме жағы. Тамақ тасыған даяшылар ерсілі-қарсылы қызыл танау болып жүр. Үлкен залды ас бөлмеден бөліп тұрған шымылдық тәрізді бөгет-қабырғаның арғы жағына барғанда, тұра қалды. Сөйтті де:


- Шеңберден шығу керек, шеңберден шығу керек, Фариза!- деді.

- Айтайын дегеніңіз осы ма? - дедім, албырап тұрған жүзіне таңдана қараған күйімде.

Үндеген жоқ. Бағанағыдай иығыма алақанын салған күйі орныма әкеліп отырғызды да:

- Мен кеттім, - деді.


Зал оған тіл қатпады. Рюмкалар сыңғырлап, әдемі сөздер төгіліп жатты.


Енді бірде Жазушылар одағы үйінің бір бөлмесіндегі «Жалын» альманағының редакциясында істейтін Төлен Әбдіков пен Дулат Исабековке бардым. Көп ешкіммен араласпаймын, анда-санда әңгімелескің келіп, ойыңды жалтаңдамай айтатын түсінікті жолдас-жора іздейтін кездерің болады. Сондай кезде Төлен мен Дулатқа барып әңгімелесіп кететін әдетім. «Жалынның» есігіне таяп қалғанымда бір күректей алақан екі иығымнан қаусыра құшақтай алды да, мен ауға түскен балықтай тыпырлап, қуатты құрсаудан бұрылып қарауға да шамам келмей қалды. Сонсын әлгі қарулы қолдың иесі шашымнан иіскеді де:


- Әй, бала, мен ғой! - деп, иығымнан өзіне қарай бұрып алды. Мұқағали екен. Аздап ішкендігі көрініп тұр. Ұрттамай жүргендегі ұяңдық жоқ, бірақ ешқандай ерсі қылық көрсетпейді.

- Бала, мен мына қырттармен алысып жүріп, ақыры таңдамалымды өткізетін болдым, атын «Өмір - дастан» деп қойдым! Ал маған ақша керек, көп емес - бір сом болса жетіп жатыр, - деді.


Қалтамда бар болғаны бес сом екен, ұстата беріп ем, бетіме ойлана қарап қалды.


- Считай, что это тоже рубль, - деді орысша сөйлеп. Ол кезде Мұқағалиды жұмыстан шығарып жіберді деп естігем.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар