Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Өнертапқыш

04.02.2016 247

Кәдірбек Сегізбай: Өнертапқыш



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Қарсыдан соққан қатты жел жүрісін өндірмей қойды. Әншейінде өрлі-еңіс демей зулайтын велосипедінің барған сайын ілгері жылжуы мұң бола бастады. Тіпті болмаған соң Әскербек велосипедінен түсіп, жаяу жүріп көрген.


– Шіркін-ау, мына жел артымыздан соқса ғой, – деп айғайлады ол Құсыманға. Ол да жаяулап келе жатқан. Желдің қаттылығы сонша айғайлап сөйлеспесең сөзіңді де жаныңдағы кісіге естіртпейді.


– Иә, бүгін ауылға дейін жаяулап баратын шығармыз.


Велосипедінің рөлінен ұстап, тырмысып келе жатқан Құсыман да өкініш білдірді.


Тымық күндері бірер сағатта зыр етіп жетіп баратын ауылдарына жету бүгін екеуін біраз қинады. Екеуі кеш түсе қатты желмен арпалысумен ыауылға әрең жеткен.


Әскербек ауылына келген соң да көп ойланды. «Шіркін, желге қарсы қиналмай жүретін велосипед ойлап тапса ғой». Бірақ ол осынау қиын түйіннің шешімін таба алмады. Оның есесіне Әскербек одан бір кем түспейтін жаңалық ойлап тапты.


Олертеңіне орнынан тұрса жел әлі басылмапты. «О, бүгін жел артымыздан соғады. Демек жүрісіміз жеңілдейді» деп ойлады. Бірақ оған жүрістерінің жеңілдейтіні аздау болып көрінді. «Велосипед өзі зырлап отырса ғой, шіркін!» Ол көп ойланбай-ақ бір жалпақ жұқа тақтай тауып алды. Төрт жерінен тесіп, бау тақты да, екі білегіне байлап алып, жүріп көріп еді. Ғажап, артынан жел итерген кезде велосипеді моторы бардай-ақ зымырасын. Тек тежегішті басып отырсаң болғаны.


Жаңалығын сынақтан өткізіп, көңілі әбден толған соң ол Құсыманға барып мақтанғанша асықты. Бұл оған да қатты ұнады.


Иықтарына тақтай байлап, орталықтағы мектепке келген оларға таң қалмаған балалар жоқ. Тіпті, мұғалімдері Зәуреш апай:


– Өнертапқыштық деген осылай ойланудан басталады, – деп мақтады.


– Шіркін, желге қарсы да осылай жүретін велосипед ойлап тапса ғой, – деп армандады Құсыман.


– Ойлану керек, – деп маңғазданды Әскербек.


Кім біледі, бәлкім, олар тауып та қалар.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар