Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Табиғат Абаилдаев: Өлең ағып барады Есілменен...

04.02.2016 714

Табиғат Абаилдаев: Өлең ағып барады Есілменен...



497ab29304e34650028d9d9181a0739a.jpg

Саған...


Жаңылмасын деп фәнилік ісімнен,

Тәңір сені әппақ нұрмен бояған.

Таң алдында тәтті, ғажап түсімнен,

Сені көріп оянам.


Тағат таппай жүргенімде мен енді,

Тарауында тарам-тарам тағдырдың.

Жазбаймын деп кеткен едім өлеңді,

Сен кеп қалам алдырдың.


Көркемдікке қоса берген дертің бар,

Жегідей жеп, жаныңды да меңдесін.

Теңізіңнен ұш, шағалам, еркімді ал,

Ал, дертіңді Тәңір өзі емдесін!


Саған берем, жүрегімді, сертімді,

Көктен жеткен періште ме ең, өкіл ме ең?

Саған емес, маған беріп дертіңді,

Сосын көкке алып кетсе өкінбен!






Жанарда сосын


Менің арманым – асқар асуды көздеген,

Аһ ұру маған өліп те, талып естілген.

Өзгенің мұңын сезіне қойып көзбенен,

Қайғысын сезіп, жан жүрегіммен кештім мен.


Ғайыптан тауып, өзімді кенет сән құрғам,

Өмірім менің – адам ұқпайтын ән шығар.

Еншімді алсам, естіге лайық тағдырдан,

Жанарда сосын атой салмайды тамшылар...



Лемаршал рухымен сурласу


Жібіңді ей, жалған есіп көремін,

Жығыла берсем де жарға кеп...

Өмірдің лайын кешіп келемін,

...Тазарар күні барма деп...


Грегорий сен де алып боп келдің,

Ғаріп боп жаның көмілген.

Грегорий ал мен анық боп келдім,

(Жарық боп өтем өмірден)...


Күлкілі ғасыр тез көшкенінше,

...кез жеткенінше білме, сен...

Өзіңмен кейін кездескенімше,

Даусыңмен ғана тілдесем...


Тым жарық таңға жетсем де бекем,

Жаным әніңмен күбірлесетін.

Сен кеткен жаққа кетсем бе екен,

Адамдар ғана ғұмыр кешетін.



Өлеңімнің жолдарынан


Қайта жанды өшіргенім,

Қате болды кешіргенім.

Өлеңімде түпнұсқамын,

Өмірімде көшірмемін.


Арбағандай өзге сенім,

Толып қалды көзге шерім.

Ертеңімнен түк таба алмай,

Ертегіммен кездесемін...


Ей, ертегім, ойымды ап кел,

Сен де ақынды мойындап көр.

Сызылмаған өлеңдерім,

Жазылмаған қойындәптер.


Кеткен күндер кетті дедім,

Ерткен күндер ертті дедім,

Қойындәптер табар ма екен,

Бойымдағы дертті менің.


Сөйлей қалсам сөзім бөтен,

Сәттер ғайып төзімге тең.

Айлар бойы айыға алмай,

Өз дертіммен өзім кетем.


Тағдырымның тоңдары нән.

Қайырым жоқ қорғанынан.

Бір кешірім күтіп келем,

Өлеңімнің жолдарынан.



Аласа болмасын деп!


Қара түн дидарынан,

Ақ әлем жанарынан.

Мезгілден сый дарыған,

Кездерден жан арыған.


Перілер арбауынан,

Алыстап мұң түсінен.

Пенделер қармауынан,

Періште күлкісінен.


Ғашықтар ғазалынан,

Жасықтар жазар жырдан.

Адамдар ажалынан,

Қаулаған мазар қырдан.


Ең ұлы азаптардан,

Ақынның еркінен де.

Ғаламат ғажаптардан,

Жібектің көркінен де.


Сезімнің селінен де,

Бейуақыт тасығанда.

Төзімнің көлінен де,

Жанардың жасынан да.


Махаббат ортасынан,

Жүзінен сүйікті ойдың.

Жүректің картасынан,

Мен сізді биік қойдым!


Қазаны жиып қойдым,

Жаратқан қолдасын тек.

Мен сізді биік қойдым,

Аласа болмасын деп!



Өлеңімнің киесінен қорықтым


Алагеуім шақтан қашса еріп-түн,

Сезімдердің шеруінен шер ұқтым!

Өміріме нүкте қойшы, қанеки,

Көңіліме құлап кеткен көріктім!


Іңір қақса маңдайынан сәрінің,

Кіл күнгейге серік болар кәрі-мұң.

Жұлдыздардың жанарынан гүл жинап,

Үр қыздардың күнәсіне «жарыдым».


Түн иеме тұсалып қап ойыным,

Талай мәрте соқтым түннің сойылын.

Енді өзімді ұстап берсем өзгеге,

Енді өзімнен күте алмаймын қайырым!


Қорғансызды қорғайтындай қорық-түн,

Ойынымнан бақыт емес, сор ұттым.

Өмірімнің иесінен қаймықпай,

Өлеңімнің киесінен қорықтым!



Өлең ағып барады Есілменен


Тарам-тарам әжім боп Аспан әрі,

Түсіреді есіме Астананы.

Көкіректің жүзінде жылдар ойнап,

Жанарынан Сезімнің Жас тамады.


Кездерімдей қатемді кешірмеген,

Сәттерімдей отымды өшірмеген.

Өмір қалып барады меніменен,,

Өлең ағып барады Есілменен.


Ренжулі, аяулы түріменен,

Ең әдемі қолдағы гүліменен.

Толқынында Есілдің тербетіліп,

Менен қашып барады Тірі Өлең!


Пенде бар ма, беу жаны сiрi мендей,

Жарасына Жанымның үңiлердей.

Ендi мен де сұлбамды сүйретем де,

Өлі өмірді сүремін тірілердей!



ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!


Жүрегімде жүзіңнің табы қалған,
Жанарымнан жылжыды ағып арман.
Сені сүйіп құтқарғым келді өзімді,
Асқақ тұру үшін де жабылардан. 



Жаралады, жан біткен түсінбеді,
Барлығы паң, ешқайсы кішірмеді.
Періште қыз, перідей арбап ал да,
Күндей күліп, сабама түсір мені... 



Періште қыз, кешеге жүгінбедік,
Жүрегіме бекіші бүгін келіп.
Сен қуантшы, жазылар жырым болып,
Мен жатайын жолыңда гүлің болып... 



Дайын уайым – ойымды меңдеген күз,
Меңдеген күз, дертіңнен емделерміз.
Періште боп қасымда жүред ылғи,
Пенде болып өмірге келмеген қыз.
ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!


Жүрегімді жұлып алып кеткен қыз!


Ойларымның ойдым-ойдым аралы,
Жапырақтай жаным неге жаралы?
Мен жайында хабар естіп қаралы,
Жиегімнен жұлдыз құлап барады. 



Көңілімді күпті қылмай бос аулап,
Маңдайымда мандымады асау бақ.
Жиегімнен жұлдыз жылжып барады,
...екі көзі жасаурап... 



Өзегімді өрте, өлтір өткен күз,
Өткен күзге өкінішпен жеткенбіз.
Жүрегімді жерге әкетіп барады,
Жүрегімді жұлып алып кеткен қыз!


Өзіңді іздеп барам!


Бұлқынған бұлақтардан,
Сыңсыған жел үнінен.
Арманнан жылап қалған,
Жастықтың желігінен. 



Будақ бұлт жанарынан,
Шырақ күн жүрегінен.
Сәттерден сан арыған,
Сәттерден түн еріген. 



Уақыттан жылжып аққан,
Бақыттан баяу жүрген.
Кездерден түн жылатқан,
Минуттан аяу білген. 



Айналған жер шарынан,
Лайланған күдіктерден.
Өткен шақ шер-зарынан,
Үкілі үміттерден. 



Ең ұлы біз деулерден,
Сезімді күз деп қалам.
Өзім боп түздегі өлең,
Өзіңді іздеп барам!


Үлбіреген ерніңнен сүйіп кетем!!!


Жанарынан жұлдыздың үзілген қыз,
Аспан кешіп келеміз ізіңнен біз.
Сіз біз үшін тым қымбат хор қызысыз,
Біз сіз үшін қап-қара тізімненбіз. 



Дел-сал етіп бойымды мінеген мұң,
Мінеген мұң - мен сені тілегенмін.
Менің жаным хор қызы жай табады,
Жүрегіме жүрегің түнеген күн! 



Елшісі едің ең соңғы періштенің,
Періште қыз - ең соңғы көріскенім.
Өлеңіме өлердей ғашық болсаң,
Жөн болады менімен келіскенің! 



Тірілігің - қашықта, елес - аман,
Жұп қылмады Жаратқан неге саған?
Жанарыңда жұтылып кеткен күні,
(Қамалыма қамалып өле салам). 



Жанары - гүл, Жүрегі - тұйық мекен,
Мәртебеңді бәрінен биіктетем.
Сүймесіңе қосылып үлгергенше,
Үлбіреген ерніңнен сүйіп кетем!!!


Табиғат Абаилдаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар