Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мұзафар Әлімбаев: Мағжанды махаббатпен оқығанда...

04.02.2016 5512

Мұзафар Әлімбаев: Мағжанды махаббатпен оқығанда

Мұзафар Әлімбаев: Мағжанды махаббатпен оқығанда - adebiportal.kz


 


 

20.1.jpg


 

Мен ой күнделігіме 1987 жылы августа жазылған бір пікірімді келтіргелі отырмын. Қаз-қалпында ғана көшірейін. “Өмірдің өз ағымында, әдебиеттің дамуында әрқилы мектептердің, әр алуан таланттардың бәсекесі, жарысы, айтысы мен тартысы қызу жүріп келген, жүріп те жатады. Мәселен, Мағжанның идеялық және эстетикалық позициясына қарсы жанкешті күреспесе, Сәкеннің азамат әрі ақын-суреткер ретінде қауырт өсіп, биікке самғауы, ол ол ма, қазақ әдебиетіндегі жалаугер жетекшілігі қамта-масыз етілер ме еді. М. Жұмабаевтың ”Батыр Баянымен” қиын жарысқа Сәкен өзін өткір қайрап салмаса “Көкшетау” дастаны өзінің ғажайып көркемдік дәрежесіне көтеріле алар ма еді?


 

Сәкенді біз күрескер, қайраткер коммунист, қазақ поэзия-сындағы новатор – жаңашыл дейміз де, қарсыласы жөнінде жұмған аузымызды ашпаймыз, Неге? Чемпион боксердің шеберлігін, тегеурінді соққысын оған қарсы сайысқа түскен екінші боксердің аренадан көпке көрсетпей тұрып, жөндеп, толық таныта алар ма едік? Сол себепті де Мағжандардың тарихтағы, әдебиеттіге орнын, ролін анықтау қажеттілігі туады. Бірақ осыны жоғары жақтағы әкімдер де ұғынбайды, мәдениет қайраткерлері де қолға алуға қорғанады, қорғалақтайды...


 

Тарихымыздағы татымды асылдарды аялауды біз тек ақиқаттан бастауымызға тиіспіз, ақиқатты түгел ашудан бастауға тиіспіз. Август, 1987“.


 

Байқайсыз ба, менің пікірім сол 1987 жылғы көңіл күйге, әуенге сәйкес. Мағжан жайында мәймөңкелеу, солқылдақтау, табансыздау айтқанымыз айқындайтын сияқты. Біржақтылық та байқалады. Сәкен жайында баса сөйлеп, Мағжаннан қаша сөйлеп, жалтақтағаным да көрініп тұр.


 

Революциядан кейін үлкен-үлкен қызметтерге, мансапқа, шешуші позицияларға жайғасқан коммунист, белсенді қаламгерлер мен Мағжанның жағдайы тең емес-ті. Жұмабаевтың жұртқа кең танылуына бір-ақ жол қалған: ол жол – ақындығымен шеберлігімен, жүйріктігімен өзгелерден оқ бойы озу ғана!


 

Сәкен Мағжанмен жарысқа түссе, Мағжан да майталмандар мен бәйгеге кірді. Осы игі бәсеке жүйрік қаламды онан сайын желқанаттандыра түсті. “Батыр Баян” да, “Қорқыт та”, “Қойлыбайдың қобызы” да сондай жарыста туды дей аламыз. Бұлардың бәрі де дөңгелек келген көркем тұтастықтар! Ал классик ақын Мағжан Жұмабаевтың өз әдеби мектебі бары даусыз. Ендеше оның шәкірттері жайындағы талдаулар дербес әңгіменің объектісі болса керек. Әзірге айтарым: Мағжан игі әсер-ықпалы адуын ақын Аманжолов Қасым творчествосында өте-мөте айқын көрінетін сияқты. Аманжолов аз ізденіп арзан еліктеп, барды көшірушілер емес, көркемдік қазынасын өсірушілер бола білгені – бізге, кейінгілерге рухани дәулет боп бұйырғаны қандай ғанибет!


 

Кей кейде жалғыз сөз, тырнақтай бір деталь да тұспа-тұс әрі күрделі бір бейнелі сурет жасауға себепкер болатыны белгілі...


 

Солдатша сымдай киініп,

Шинелі оның сұр ма екен?

Күрегіне сүйеніп,

Суықта жаурап тұр ма екен

(“Орамал”)


 

Бұл – Мағжанның өлеңі. Майданның окобын қазуға кетіп, қара жұмыста жүрген қазақ жігітінің – өз жар-қосағын сағынған жас келіншектің зар-сағынышы.


 

Маған үшінші тармақ кереметтей әсерлі сезіледі. Шаршап-шалдыққан, сонау суық батыс шекарада жаурап екі беті домбыққан солдаттың күрекке көкірегін тіреп сүйеніп, бір сәтке тыныс алып тұрғаны көзге елестейді.


 

Есіңде бар ма: Қасым Аманжоловтың “Біздің дастан” поэмасында Ильичтің қазасын естігенде:


 

Күректің сабы енгендей жүрегіне,


 

Сүйеніп шаруа тұрды күрегіне, – демей ме? Мұнда Қасым көшіруші емес, образды өсіруші, өрнекті жаңғырта безеуші. Алғашқы жол әлгі айтқан пікіріміздің айғағындай: тереңдеуге де, шырқап биіктеуге де дәлел!


 

 

***


 

Мағжан өлеңінің бітімі, түзілісі судың ағуындай, желдің соғуындай еркін, табиғи; мүдіріс те жоқ, кідіріс те жоқ.


 

Сап-сары бел, еседі жел, еседі,

Еседі жел, көшеді жел, көшеді.

Дала тұйық, бала тұйық, екі үнсіз,

Дала – жұмбақ, бала – жұмбақ шешусіз.

(Ж. Аймауытовтың мақаласынан алынды).


 

“Қарапайым қазақ осы өлеңнен не ұғар еді? Түк ұғуға болмайды. Қарапайым адам түгіл осы өлеңді өзіміз қалай ұғамыз? Бәріміз бірдей осы жұмбақты шеше алар ма екеміз?” – дейді. Жүсіпбек Аймауытов, өз бағасын жалғастырады: “... Пәлендей мағына жоқ тәрізді. Бірақ анығында мағына бар. Мағынасыз сөз, сөзсіз мағына болмайды”.


 

Уақыт ескен желдей өтіп жатыр, өтіп жатыр. Уақыт желінен түсі оңған сап-сары белдер... Дала шешіліп сырын әлі шерткен жоқ, бала барын ақтарарға әлі жеткен жоқ. Сол себепті дала сырт көзге жұмбақтай, бала да сырт көзге жұмбақтай. Мағжан жырында мәнсіздік, мағынасыздық атымен ұшыраспайды, жылан салқындық табылмайды, оның сөзі қайнап, бұрқырап тасып жатқан гейзер суындай ыстық! Оның қаламы ізінде енжарлық, сүлесоқтық, немқұрайдылық сызы атымен жоқ. Мөлдір түсініктілік, шыншыл толқын, ыстық әсерлілік!


 

Мағжан жүрегі рентген айна сындағыдай оқырманның көз алдында лүпілдейді, шиыршық атады, асқақтайды, тайша тулайды, кейде ақ қағазға қып-қызыл қанын сорғалатып жатқандай әсер береді. Жұмабаев поэзиясының сарқып құяр сағасы – сахарада туған халқына жан ашырлық, тарих көшіндегі қозғалысына болысу!..


 

* * *


 

Шиыршылық аттары жеткізіп, айтудың шегі бар ма? Кейде бар секілді, айтылған ойдың маңдайы енді алға қарай 0,01 милиметр жылжи алмастай қабырғаға тірелгендей. Тұйық қабырға мен ойдың арасында тіпті өтер саңылау қалдырмағандай айтқыштық! Мынау Әлімбаев әсерлейді-ақ дей көрмеңіз. Шыны осы! Мағжаннан бір-ақ мысал:


 

Ноянды бірінші жебесімен мұрттай ұшырған соң іле-шала ендi:

Садағын сол секундта тартты тағы

Бір ашып, бір жұмбай да көзді Баян.


 

Көзді ашып, жұмбаудың аралығы қанша уақыт – ойша ғана межелеуіңізге болар. Басқа бір пенде, өзге бір ақын бұдан асырып айтып көрсінші кәні! Өз басым ондай мүмкіндікті, ондай ықтималдық көріп отырғаным жоқ.


 

Пайғамбар ақындар болмысты, құбылысты, қимылды түгел-толайым тұтас қалпында көңіл экранында түсіре білетін бір сиқыры болса керек.


 

Ақын әлемді глобустай алдына алып дөңгелетеді! – деген рас екен-ау. Өйткені олар – үлкен серпінді, кең тынысты поэзия жасаушылар!


 

* * *


 

Қол астындағыдан төңіректегіден, табанның астындағы бейнелеме құралдарды табудағы Мағжан ақын тәжірибесі поэзиямызды әрлендіре түсуде пайдалы екенін айтуымыз керек.


 

Хор сипатты қарындас,

Оттай сұлу, ыстық жас.

Жалт-жұлт жалынымен, ойнаған оттай әсер ететін көрікті бойжеткен көзге елестеп көңіл төрінен орын тебе ме?! Иә солай!


 

Сол сияқты ақынның судай сұлу деген теңеуін де жат-сынбаймыз. Су бетінде де жалт-жұлт сәуле бар, екіншіден, судың тазалығы яғни сұлудың пәктігі!

Балдан қалған сарқыттай

Күміс көлден айырылдым.

(Сәрсенбайдың жыры).


 

Балдан қалған сарқыт болса, ондай өзгеріс жоқ деген сөз. Жалғыз дара деген сөз. Ендеше ол қимас-қымбат болмаған да не қымбат болсын?!


 

Бізді, оқырмандарды, автор осыған ұйытады. Әрі жаңа теңеуі, ешкімнің ауызынан шыққан сөз емес.

Бүктеліп жатқан бел

Сүтке тойған марқадай,

Бұйра қою қарағай

Белге біткен шалқалай,

Су жеп қойған жұмыр тас

Түйір-түйір матадай.

Арнада өзен қылықты,

Қылмаңдаған қалқадай.

Тайызға біткен құба тал

Мойнындағы алқадай.

Жер еркесі жер мынау.

Шер қалар ма тарқамай?!

(Еділде атты өлеңнен үзік)


 

Осыны қай халықтың, қайсы ұлттың ақыны жазған? – деген сауал қойсақ, көзі қарақты, көңіл сергек оқырманның кез келгені: – Қазақ ақынының сөзі! – дері хақ.


 

Ойнап тұрған оқадай,

Еділдің беті ақ ала! (Бұл да сол өлеңнен).


 

Айдынның ақ ала түсін жалтылдаған оқаға теңей салу ақынның кез келгеніне де қиын болмас. Ал ойнап тұрған оқадай деп жансыз оқаға жан бітіру ақындардың ақынының ғана қолынан келетін шығар-ау. Тірі табиғаттың түрлі де сырлы суреттері осындай.


 

Қалағындай қайықтың

Сіріңке қара зайыбы.

(Еділдің сағасында).


 

Еділдің ежелгі екі жағасында байырғы кәсіппен күн көрген балықшының күн қақтап, су сорған әйелінің мейіздей қатқан жүдеу ұсқынын ақын осылай суреттейді. Сұмдық сурет! Қалақтай болса, қарны арқасынан жабысқан аш-арықты елестетпейсің бе?


 

Ашуы жауған қардай, шөккен нардай”

(Батыр Баян дастанынан).


 

Оқыста жауған қар жұрттың берекесін алып, құтын қандай қашырған, шөккен нары – қарт бура, намысшыл, ызақор кәрін төгіп қалшылдаса, кімнің зәре-құтын алмас. Әрі екеуі де қазақ болмысынан табылған теңеулер!


 

Қос теңеудің ішкі ұйқас боп түзілуі де еске сақтауды же-ңілдетеді.

Кірсін! – депті сонда хан,

Сонда оқтай зырлаған

Балшы ұшып кіріпті.

(Жүсіп хан).


 

Сіздің осындағы бір оқшаулыққа көңіл көзіңіз тоқтады ма?! Ойланыңызшы, тағы да бір үңіліңізші… Аласұрған, асыққан, құстай ұшқан адамды оқтай зырлаған деп сипаттаған ақын осал ма? Е, мұнда соншама не тұр деуші бүгін табылар. Мәселе біздің ақынның тұңғыш айтуында!


 

* * *


 

Ана деген өлеңінде:

Жүрегіне біреу біз

Сұғып алып кеткендей… –

Бұл сәбиі түн ішінде бесікте жатып селт етсе де, өзіне ажал төнгендей шошынатын ана түйсігі.

Тентектің бір мінезі артық,

Ақынның бір сезімі артық.


 

– Біздің түсімізге кірмеген түйсікті ақын Мағжан қаламына қалтқысыз оралтқаны таңдатпай қайтсін?! Қорқыт атаның көңіл күйін көрікті жырмен тербеген ақын: Алыста сөнген оттай үміт өлді, – дейді. Көзге шалынбас дерексіз ұғымды теңдессіз талант қолға тұтардай затқа айналдырады. От қалай сөнсе, үміт те солай өлді, – дейді. Тағы да кинофильм үзігін көргендейміз. Өлең сөнген үміт жайында болса да сан жырдан сәуле саулап тұрғандай. Құбылыстың құпиясына қиял құдіретімен бойлай білетін ақындар ұқсамайтын заттардың арасынан да небір керемет ұқсатулар табады, жақындықтар табады, оқырманды ассоциацияларға жетелейді. Теңеулердің небір ұшқырларын Мағжанның Батыр Баян дастанынан ұшыратамыз:


 

Найзасын нажағайдай ойнататын

Жас барыс Бәсентиін Сарымалай.


 

Екі жол бойында ердің портреті! Нажағай – бетін қайтаруға келмейтін қаһар. Сарымалайдың найзасы да нажағаймен бірдей екен. Ендеше кесеу мінезді кеуделі батыр Сарымалай жау үшін албасты алапат күші. Оқырман зердесінде өшпестей бейне қалады. Әрі мақтаныш сезімін тудырады.


 

Екінші бір батыр да осал емес:

Майданда от шашқандай оқ шашатын

Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет.


 

Ірі қайрат ажары деген осы ғой. Қарсыласқандарын қарша бораған немесе топан-тасқындай қаптаған жебенің астында қалдыратын батыр қайтіп осал болсын? ¦тымды теңеулер, тапқыр орамдар!


 

Алыстан екі қара көрді Баян,

Кілегей қара бұлттай төнді, Баян.


 

Тұтасқан, қоймалжың қалың бұлт! Үрейіңді алар, өлімді елестетер қара бұлт. Суреткер бейнелегіштігі әрі бейнеге байлық дегеніңіз осы!


 

* * *


 

Бір тақырыпты көкжиегін түгел шолып, тереңнен үңгіп, қанат-қанатын қамтып, аспан биігін ақтарып, қақпасын айқара ашып, қапысыз жырлау үшін жеке бір дара өлеңмен шектеліп қалмай, әр қырынан көру үшін өлеңдер топтамасын яғни цикл өлеңдер жазу мұқтаждығы туады. Барша әдебиетте де осылай болған. Жаңа заман тұсында қазақ әдебиетіндегі сол қажеттілік пен мұқтаждықты алдымен аңғарып, ауырлығын мойнына алған – мықты нарларымыздың бірі де Мағжан болыпты!


 

Әлбетте, Абайдың жыл мезгілдері мен ғашықтық туралы топтама өлеңдері – арнаның басы екенін естен шығармаймыз.


 

Біз күні бүгінге шейін қазақ поэзиясындағы алғашқы цикл өлеңдер Бейімбет Майлиннің Мырқымбай туралы жырлары (1922 ж.) деп жүрміз. Екінші цикл – топтама Қалижан Бекхожиннің Жезқазған жырлары (1949 ж.) Үшінші цикл өлеңдер Мұзафар Әлімбаевтың Қарағанды жырлары (1950 ж.). Төртінші топтама Сырбай Мәуленовтың Магнит таудың оттары (1952 ж.).


 

Бейімбет Майлин Мырқымбай циклын бiрден тұтас күйінде тудырмаған. Алғашқы өлең Мырқымбай (Мырқымбай, Мырқымбай, Мырқымбай, бай, бай, бай) 1922 жылы жарық көрсе, қалғандары үздік-создық араға жылдар салып дүниеге келген. Ақиқатына келсек Майлин Бейімбет цикл өлең жазуға 1922 жылы заявка ғана жасағандай. Бұл факті Мырқымбай топтамасының поэзиямыздағы елеулі орнын мансұқтамайды да. Ал бір тыныспен тұтас-тұтас бірнеше цикл өлеңдер тудыру абыройы өз тұсының көшбасшы ақыны Мағжан Жұмабаев маңдайына бұйырыпты. Және бір цикл емес, бірнеше цикл.


 

Алатауда атты циклдың (1924) бірінші қымбаттылығы – қазақ поэзиясындағы халықтар достығына арналған алғашқы цикл екендігі. Циклдың екінші құндылығы – қырғыз табиғатына тән, қырғыз болмысына тән бауырлас халық жан-жүрегіне тән басып сипаттарды дөп басым табуы, тап басып тануы.


 

Ай шырайлы аяшың,

Күн болып, күйіп солмасын,

Бозаға толып шанашың

Күң болып, күйіп аяшың.

Семетей менен Манасың

Қысыр бір қисса болмасын.

Айшөректей аяшың

Күң болып, күйіп солмасын.


 

Өлеңнің лексикалық құрылымының өзі-ақ қырғыз болмысын көңіліңе ұялатқандай: Аяш, Шанаш, Семетей мен Манас, Айшөрек – бәрі де қандастарымыздың халықтық өшпес белгісіндей. Туыстық, тілектестік қандай риясыз, шын жүректен шынайы айтылған.


 

Қызыл гүлдей тұлымдыларының қуарып солмасын, күндікке душар болмасын, – дейді Мағжан.

Семетей менен Манасың

Қысыр бір қисса болмасын!


 

Маған ең әуелі екі дастанның атын тырнақшаға алып жазу дұрыс көрінеді. Сонда Манас дастаны, Семтей дастаны қысыр болмасын деудің мәні салмақтана түседі. Екі дастан да толқын-толқын ұрпақты ерлікке, елдікке баулитын болсын, тек қысыр сөз болмасын! – дейді Мағжан.


 

Біздің өлеңде көп опық жеп жүргеніміз Мағжандарша тақырыптың сырын айқара аша алмай, соған ғана тән өзгешеліктің ішіне кіре алмай, сыртынан өлшеп-пішуімізден. Өмірдің өзекті шындығын тап басып, жырлай алмауымыз содан.


 

Сен байқадың ба: циклдің бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бөліктерінде бір өлеңнің алғашқы екі жолы немесе бір жолы қаусырмаланып әр бөліктің соңында қайталанып отырады. Осындай қаусырмалы қайталақтау Қоңыр жыр атты циклға да тән (1924 ж.) Бұл топтамада философиялық толғаныс басым, терең ой сені де тұңғиығына бойлатқандай болады.


 

Ескі Түркістан циклы (1924 ж.) діндар шаһардың ежелгі үйреншікті өмірін әр қырынан өрнектейді.


 

Және Еділде және Еділдің сағасында циклдарды (екеуі де 1924 ж.) ұлы өзен жағасын жайлаған халықтарды қойнында аялап өсірген жалаң жаратылысты жырлап қоймайды, өткен тарихқа да экскурсия жасап, ой-толғанысқа үндейді:


 

Әз Жәнібек сендер бол,

Мен Асан болып өтейін.


 

Үш өлеңнен ғана тұрса да Жыл мезгілі деп аталатын топтаманы ұмытуға болмайды, бұл біздің поэзиядағы балаларға арналған тұңғыш цикл.


 

Қарындастар атты өлеңдер циклы (1927 ж.) әйелдер циклы (1927 ж.) әйелдер тағдырының қырлы-қырлы көріністерін суреттейді, біреуі өз бақытына өзі араша түсе алмайтын бұйығы, мінезі тұйық қыз. Сол ездігінен ертең бір сасық байға кете барар сыңай танытады. Екіншісі – бұлқынып бұғау үзген қарындас, азаттық ұранын аңдаған ақылы бар, аңдаған соң мал берген малғұнға бармай, өз жүрегі қалаған, үздіге сүйген жарына қосылған қыз. Үшіншісі – оқып жүрген қарындас, білімге ұмтылған жаңа заман жасы. Төртіншісі – өз басының ғана азаттығын аңсаған бойжеткен емес, өзгелерді жарыққа бастаушы жас қайраткер. Бесіншісі – совет қызметкері, социализм орнатушылардың алдыңғы сапындағы саңлақ қарындас. Ақын әрқай-сысының поэтикалық портретін жасайды. Топтама өлеңдерден жиырмасыншы жылдар көріністері көлбеңдейді.


 

Сонымен, майталман Мағжанның бір басы туған әдебиетте бір ғана емес, қатарынан алты бірдей цикл тудырушы классигіміз! Егер елге тек осы алты циклын қалдырған автор ғана болса да, М. Жұмабаевтың тарихта аты сөзсіз қалар еді! Алты топтама да ақынның дүние таным-өресі биік екенін танытады.


 

Жұмабаев Мағжанның топтама өлеңдерінің тағы бір ерекшеліктері бар. Ол – әр өлеңнің мейлінше ықшамдығы, тығыздығы. Ол аз десең көбісінің сегіз жолдан аспауы. Анығырақ айтсақ, кілең дерлік сегіз жолдан келуі. Мәселен, Алатаудан атты цикл бес бөлігі де көлем жағынан тең. Қоңыр жыр атты топтама да осындай айырмасы сегіз өлеңнен тұратындығы. Ал Еділде және Еділ сағасында атты екі цикл – екеуі де он екі жолдық жырлар. Қазіргі ақындардың біразы цикл жазса, әр өлеңді шектей шұбалтып, ұзаққа тартатыны несі екен? Бәлкім олар да Мағжан үрдісіне қарайлар, қаламын ызғытып қара терге босқа көмбес…


 

* * *


 

Өлеңде тұп-тұтас жолдарды тұп-тұтас жолдармен түгелдей ұйқастырудың үлгілерін де Мағжаннан табамыз.


 

Желкілдеді жалаулар,

Желпілдеді танаулар.

(Жүсіпхан поэмасынан).


 

Қапысыз құйылыс. Астылы-үстілі ұйқастар өлеңді әнге айналдырып жібергендей әсер қалдырады. Айда атыңды, Сәрсембай атты әйгілі өлеңінде де ақынның:


 

Жүздерінің қаны жоқ,

Көздерінің жаны жоқ, деген жолдары бар. Мұнда да астылы-үстілі үйлесімдер жадыңа бірден орнайтындай.


 

Бағалының бәрі – әдебиет пен өнерде кейінгілер үшін мектеп. Тек біздер, замандастар, бізден кішілер, бүгін ғана қолына алғандар – бәрі-бәрі де шеберлік мектебінен шеткері қалмай, ұстаздардан оқи, үйрене білсекші! Зергерлердің үрдісіне зәредей де ұқсасаң, көркемдікке – бір табан да болса да – жақындай түскенің. Теңізбен салыстырғанда тамшыдай ғана көрінер бір мысал келтірсем, мені әлдебіреу мақтаншақ екен деп, сыртымнан сып-сыңдай қоймас… Бір әйелдің өз байын бір шыбықпен айдаған-дай аю мінезін көргенде ауызша айтылған екі тармақ өлеңім есіме түсіп отыр. Үйренуге, шеберленуге деген талап қой баяғы:


 

Қойнындағы Шынархан –

Мойнындағы қыл арқан.

Бұл келтірілген мысал оқырмандарға ой салсам-ау дегендік қана.


 

* * *


 

Қылшық жүнді бөрте ешкім,

Төрт айда бол төрт ешкім,

Төртеуің де бөрте бол.

Өлмей, жітпей есен бол,

Қой алдында көсем бол.

Төртеуің де серке бол.


 

Кәні, қалай деп ойлайсың осы халық өлеңі ме?! Бар лексиконы төгілмелілігі, ойнақылығы бәрі де шынайы халық фольклорынан айнымайды. Ал мынау Бөбектің тілегі авторлық өлең. Иесі Мағжан Жұмабаев. Бұл балаларға арналған цикл өлеңдердің бірі. Автор номерлеп тізбектемесе де, бір желіге әкеп байламаса да Ақ қала, Ата, бата, Ана, Сылдырмақ, Сал, сал, Білек, сал, Білек, Жұбату, Сұр құлын – цикл өлеңдер екені даусыз, Бұған Жыл мезгілдері топтамасын қосып, бөбектерге арнайы жеке кітапша етіп басуға әбден лайық.


 

Қазір қазақтың айтыс өнері қайта өрлеу дәуірін басынан кешіп отырған тұста, кейбір ақындарымыз:


 

– Айтысты мұншама дәріптеп не керек? Ауыз әдебиеті ешқашан профессионал поэзия дәрежесіне көтеріле алмайды… – деп күбірлеседі…


 

Осы сөз өнерін өсірер тұжырым-түйін бе? Сонда не сонау қырқыншы-елуінші жылдардағы фольклордан бойды қайта аулаққа салуымыз керек пе!


 

Халықтан үйренген жазба поэзиямызды көркемдік құралдары фольклорымыздағыдай айшықты, құнды болса ұпайымыз ешкімге кетпес-ау. Өйткені ғасырлар бойында әр буынның өң-деуінен өткен дүниелер кілең бір нұр шашқан нұсқалар!


 

* * *


 

Белгілі бір автордың – бұрынғы ма, жоқ жаңа ма – бәрі бір туындысын немесе кітабын оқи бастағаныңнан-ақ қандай идеялар ұсынарын, нені толғарын, ой-пікірін қалай түйерін күні бұрын алдын-ала білдің-ақ оқырманның қайығы қайраңдап, әрі қарай, алға қарай құштар көңілмен жылжуың бәсеңдейді немесе үзіледі. Онда рухани олжадан мақұрым қалғаның… Ал ойының жаңашылдығымен ұтқыр композициясымен, тілінің суреткерлігімен еліктіріп, жұмбақ шешкеніндей қызықтырып отырса, бұрылыс-жалтарыстары саған беймәлім болып жетелесе, сенің көңілің желпініп, жалпақ айдында кең палубада келе жатқандай сезінесің. Ал Мағжан өлеңдерін оқи жөнелгенде ақын өзіңді қайда жетелерін, қай жағалаудан шығарарын күні бұрын сезе алмайсың, әйтеуір тегеурінді бір ағынға түскеніңді білесің, әйтеуір айдынды мұхитқа шыққаныңды сезесің. Сапарыңды сергек көңілмен аяқтарың кәміл!


 

 

* * *


 

Поэзиядағы диалог дегеніміз шеберлік, ұтымдылық, сөз үнемдеу, нығыздық сатысы-баспалдағы деп қарауымыз жөн.


 

– Жалынды жалау кімдікі?

– Тұрағы тарғыл тас қия

Арбаңдаған Азия

Жалындай жалау соныкі –

Ендеше, қазақ сенікі!

(1924 жылы жазылған Қызыл жалау).


 

Мәселен, әлгі өлеңдегідей бір тармақта сауал қойып, төрт жол өлеңмен яғни бір шумақпен жауабын қайыру Мағжанға дейін біздің поэзиямызда табыла қоймас үрдіс. Жалпы диалог хисса-дастандарымызда ұшырасады. Әңгіме басқада: тұтас өлеңнің, дербес туындының диалогқа негізделуін біздің әдебиетте бастаған Бейімбет Майлин екен. Мақтым -Күлпаш 1920 жылы жазылған. Содан кейінгі диалог-өлеңдер авторы Мағжан Жұмабаев екенін уақыттың өзі мойындатады.


 

Осыдан алпыс алты жыл бұрын алғыр талант енгізген ұтымды тәсілді кейінгілердің көп болып, көлемдетіп, кеңейтіп үдете алмағаны өкінішті. Бірен-саран өлеңінде Әбділда Тәжібаев болмаса сақа ақындар диалогқа қайрыла қоймайды.


 

Оның есесіне балалар ақындары Мүбәрәк Жаманбалинов, Қадыр Мырзалиев, Есентай Ерботин, Ермек Өтетілеуов өз өлеңдерінде сирек те болса диалогқа сүйенетіні оқырмандарға ұнаса керек!


 

* * *


 

Әдетте өнерсіз ақындар өлеңінде анықтауышты яғни эпитетті үйіп-төккіш-ақ. Эпитет саны неғұрлым көбірек болса, өлең-жырым солғұрлым бедерлі болады деп ойлайды. Орнын таппаған эпитет те ерсі. Жырға жылылық пен жарық берудің орнына сөзіңді сиықсыздандыратын өлшемнен-мөлшерден асушылық болатынын бәріміз бірдей ескере бермейміз…


 

Ал даңғайыр ақындар антенаның безбенімен өлшегендей бір түйір артық сөз жібермейді, олар сойған қойдың терісінен шелді көре алмайсыз. Мағжан да сондай мінсіз мініскер! Қатты серпілген доптай қалбалақ ойнаған біреуді көзге елестетші. Енді ақынның Тұрғаны жоқ шайтан секек, тіпті-ақ сырын білмедім, (Көңіл атты өлеңінен) деген жолдардағы шайтан секек тіркесіне ой жіберші, ұшып-қонған, қолды-аяққа тұрмайтын баяны жоқ, тұрлауы жоқ әлдекімдердің шошаңдағаны көлбеңдейді. Міне бір ғана шайтан деген эпитет және де орайын тапқан бірден-бір эпитет қаншама ассоциацияға арна тартады.


 

Жалқау жел өзін-өзі зорға сүйреп. (Жаралы жан. Ескек жел, Екпінді жел болса Жалқау жел неге болмасқа? Жайбасар болғанда қандай? Өзін-өзі әзер сүйреп жүрген жел… Бұл да жыр-фильм. Фильм-жыр!


 

Салалы суларға, арналы өзен-суларға біз оқыстан тәтті, дәмді деген эпитеттер қосарласақ, құлаққа тосаң естілер еді-ау. Батыл ақын, сезімтал өнерпаз мынау сөзім сөкет көрінер ме екен деп, бойын тартпайды. Шалымы мол шалқар талант құшырлы сөздің далада қалмасын кәміл білді ғой.


 

Өткен күн деген өлеңінде Мағжан:


 

Тәтті, дәмді, тармақты


 

¦зын Ертіс, Жетісу, – дейді Мұнысы қалай? демейсіз. Қабылдайсыз. Тәтті десе, суы тәтті. Дәмді десе, мөлдірі дәмді! Өздері саусақтың саласындай бұтақ-бұтақ боп әр жаққа тарай аққан сулар. М. Жұмабаевтың батқан күн, атқан таңның жыры атты туындысындағы атымен ала-бөтен эпитетіне қайран қалдым:


 

Алтын Күн батып барады,

Алтын Күн ақырын өледі.

Сорлы бұлттар – сорлы жар,

Қан жылап Күнді көмеді.


 

Біріншіден, бұлт атауына сорлы деген анықтауышты байлаған, теліген, жинастырған ақынның алғашқысы да, соңғысы да – Мағжанның өзі ғана шығар! Екіншіден, Сорлы бұлтқа қадірмен қосағынан айырылып қара жамылған бейбақ жарды теңеуі әлгі эпитетті екі есе құндандыра түседі. Сорлы бұлт-жесір жар алтын Күнін-күйеуін қан жылап жоқтап отыр.


 

Көзқарас, күлісінде, сөздерінде

Қайғыға қайнар ашу араласқан.

(М-ға атты өлеңінен). Қайнар ашу! Бұрқ-сарқ қайнаған ашу-ыза. Тамшысы тамса ойын түсердей уақытты-ақ!

Инелік өтпес жіп-жиі!

Оқтан түзу тал бойы

Қарағайға оралған.

(Көкшетау атты өлеңнен).


 

Ит тұмсығы батпайтын деп келетін ежелгі тіркестен мынау басқаша. Сол баяғы-байрығы ойды білдіре тұра, бейнесі жаңа. Инелік ойлап қарасақ, ит тұмсығынан неше есе кіші! Қаншама күйк! Соның өзі өтпесе, қарағайлы орманның қалыңдығын көз алдыңа келтіру қиын ба?!


 

Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ

Жаралып таудан аққан салқын жастан.

(Түркістан деген өлеңі).


 

Алыс Арқада туған бала болғандықтан ба, әлгі үш тармақ өлеңді оқығанда бойым тітіреніп, арқа-басым мұздағандай сезіндім. Уыттылық, өткірлік поэзия пәрменділігі деген осы емес пе?!


 

Бұл да фильм-жыр, Жыр-фильм!

Ескі Түркістан атты цикл өлеңдерінің бірінде былай делінген:

Шаңырақ сырға құлақта.

Құлаққа тағылар дүниеліктің ең үлкенін бұдан артық су реттеу мүмкін еместей.

Әсірелеудің асқан түрі!

Әсірелеудің не бір ерекше түрлерін көптеп табамыз ерен ақынның елжіреткіш, еліктіргіш жырларынан:

Торсық бетті борсық бай

Қақалсын мейлі: Қап! десін.


 

(Жол шыққан келіншек). Бітік көз быртиған, ірк-ірк семірген пендені оқырманға елестеткізу үшін екі баламның біреуі-ақ жетіп жатыр емес пе? Мағжан бояуды қанықтыра түседі, еселей суреттейді. Борсық деген соң өзі де шелден қалғандықты танытса, торсықтай бет онан сайын жиіркенішті ұсқынсызды сүмірейте көрсетеді. Әрі торсық пен борсық анықтауыштары өлеңге музыкалық үндестік бітіріп тұр…


 

Жас Ноян жас қанына тұншыққан соң,

¦мытпай тұрсын қалай өзі-өзін!


 

Ғашықтықтан, қаны басқа шапқан ессіз жігіттің өлімші халін айнытпай-ақ қағазға түсірген ақын жас қан деген тіркес арқылы қазақ поэзиясына М. Лермонтовтың Жас бұлты сияқты жаңа бейне қосты. Жас – отты, қызулы, жалынды, өртенген, дауылды қан! Мен, оқырман, осылай ұғам. Маған Мағжан осылай ұғындырады, мені миландырады.


 

Жаңа толқын – жас талапкерлерміз біздің буындай емес жұлдызды екенін ұғынса екен. Олардың алдында әр мінезді халқымыздың рухани көсемдері болып дүниеден өткен аруақты ақындар Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев жазушылардың ұстазы пионер-прозашы Жүсіпбек Аймауытовтардың томдары ашық жататыны асқан бақыт екенін бағалап, бағалының қымбат ғибраттарын бойларына сіңірсе екен! ..


 

* * *


 

Сарғайдым күннен күнге қуат кеміп,

Қалың ой – қара жылан жүректі еміп,

Ақырын бітіп барам жанған шамдай.

(Сарғайдым атты өлеңінен).


 

Қара жылан – қалың ой – міне сізге бейне! Жүректің қанын сорып сорлатпағанда қайтушы еді?! Қан сапырылған қатал жылдар картинасы кең қанатты қалпында елестейді.


 

***


 

Түптеп, тереңнен кейіпкерінің жанына батыра айтатыны сондай, Мағжан сөзі тірі пенде түгілі, тілсіз тасты оятардай уытты келеді:

Азамат, анау қазақ қаным десең,

¦жмақтың суын апар жаным десең.

Болмаса ібіліс бол да у алып бар,

Тоқтатам, тұншықтырам қанын десең.


 

Осындай өз халқына жанашырлығыңды көрсетіп, қол ұшын бер, көмектес, дейді. Әйтпесе, жаны ашымас у ішкізіп өлтірер ібілістің өзісің, – деп түйрейді.


 

Соры шаш етектен әрі зар-қасіреттің зардабынан шөккен кәрідей қалыпқа түскен халыққа бейіштің зәмзамын әкел деуі оқырманды қозғамай қоя ма?


 

Торлан ақын Мағжан өз тұсындағы көп сауатсыздар шошынып, сөзімнен безініп, жерініп кетпей ме деп секем алмайды, діндар қауымның құлағынан түрпідей тиер сөзден де іркілмейді:


 

Өзім тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – құран, бағанымын сөзіме,

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе.

(Мен кім? атты өлең.)


 

Бұл 1911-22 жылдар аралығында жазылған өлең. Сонда деймін-ау, дін десе мүлгіп тұрған молда, ишан, қазірет, қожалар ақын өлеңіндегі исламға тіл тигізгендей өткір пікірге өре түрегелерін, қарсы шығарын автор білмеді дейсің бе?! Біле тұра батыл қадамнан тайынбаған!


 

Себебі – Жұмабаев атеист. Білімдар ақын. Материализм қағидаларына қанық. Дүние таным деңгей-өресі биік. Адам бойындағы құдіретті, мол потенциалды ашқысы келгендей, ақын-азамат қайраттанады, алдағы мақсатына алқына бой ұрады.


 

Мұзафар Әлімбаев

"Мағжан әлемі" кітабынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар