Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылзат Арыстанбек: Қазір сыйлықтың сәні, атақтың мәні кетті

31.01.2016 497

Асылзат Арыстанбек: Қазір сыйлықтың сәні, атақтың мәні кетті


Асылзат Арыстанбек – өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар өжет ақын. Оқырман ықыласына бөленген жырлары өзегін өртеген шындықты, өмірдің шынайы келбетін жыр етеді. Ол әдебиет әлемінде ардақты ақын, отбасында аяулы жар... Сондай-ақ, Асылзат он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері... Өзіндік айтары бар «тентек» ақынның әлеміне Сіз де төрлетіңіз!  



IMG_6615.JPGСіз қайда жүрсіз?


– Үй шаруасындағы қарапайым ғана адам болып өмір сүріп жатырмын. Өзімнің қалауыммен жазғым келгенді жазып, пікір білдіруге тиісті нәрселерге өз ойымды қосып жүрмін. Шақырған жерлерге барамын. Бірақ, тұрақты жұмыс жасамаймын. Жұмыссыз жүргеніме қазір екі жыл уақыт болды. Содан бері о бастан жүрегімнің түкпірінде қылаң берген, әлсін-әлсін белгілі уақыттарда көрініс берген қолөнермен айналысып жүрмін. Қолөнермен айналысқалы әртүрлі нәрселерді тереңірек зерттеп, ұлттық ою-өрнек болсын, кесте болсын жасаған затыма ерекше мән берем, сонымен уақытым өтіп жатыр.


Бұл хобби ма, әлде кәсіп пе?



– Бұл басында хоббиім болған. Кейін белгілі бір дәрежедегі кәсіпке айналып кетті. Жұмыссыздық дегенде, мен қоғамнан теперіш көріп жатырмын деп біреуді кінәламаймын. Өзім ешкімнің алдына барып жұмыс сұраған жоқпын. Жұмыс ұсынғандардың кейбір талаптары көңіліме қонбағаннан кейін мен ол жұмыстардан бас тарттым.



10287304_380516128752861_785649719_n.jpgҚандай талаптар қойды?



– Өз ойларыңа қарсы келу. Өзің қаламаған тақырыпта мақала жазу деген сияқты. Сондай нәрселер менің көңіліме қонбады. Саяси әлемде болып жатқан жағдайларға мен белгілі бір оппазициялық дәрежеде өлең жазсам өз-өзімді, ішкі түйсіктерімді сындырып, журналистикада басқаша сөйлеуіме тура келетін жағдайлар болды. Мысалы, белгілі бір адамдарды тұлға етіп көрсету. 

  


Тұлғаның анықтамасы қандай?  


  
– Мүмкін мен мойындамаған адамдар біреулерге тұлға шығар...  Бәрібір менің өз пікірім бар. Редакторлар сенің пікіріңмен әр уақытта санаса бермейді. Сенің жазуға тиісті нәрселерің сол редакцияның пікірімен ұштасып жатуы керек. Қазіргі кезде барлығы жеке-жеке газет ашып алған, барлығы жекеменшік. Жеке деген сөз мысалы мен газет ашсам  ол менің ғана көзқарасымдағы жағдайды ғана паш ету керек. Демек, редактор сенің қолыңмен от көсеу керек, сенің қолыңмен басқа біреудің басынан сипау керек. Ал, сенің ол жерде ой-пікірің, көзқарасың еленбей қалады. Сондықтан, мен мұндай нәрселерден бас тарттым. Көптің алдына жұмыс сұрап бармайтыным да сол. Мемлекеттік басылымдарға журналист болсаң әрине, сен үнемі мемлекетті мақтауың керек, қиыс кетіп бара жатқан жағдайын көріп тұрсаң да айта алмайсың. Одан да ешкім менің төбемнен төмпештемейтін, өзім айтқым келгеннің бәрін өлең арқылы немесе әлеуметтік желілерде берілетін ой-пікірлерім арқылы білдіріп, еркін отырғанды қош көрдім. Ал, енді материалдық жағдайға келетін болсақ, о баста менің әуестігім белгілі бір дәрежеде менің асып-тасып, керемет байлыққа жеткізбесе де менің шай пұлыма жетіп жатыр. Өзімнің басқаша бір мүмкіндіктерімді аштым. Болашақта бұл газет-журнал ашуға ұласып кетуі мүмкін.  


  
IMG_6600.JPGОсы бағытта жеке сайт ашуға қалай қарайсыз? 


  
– Ойымда бар. Жобалары жасалып жатыр. Қазір әлеуметтік желіде өзімнің жеке тобым бар. Осы арқылы әлеуметтік желіде алғашқы байқау жариялап, ұйымдастырдық. Қызығушылығы бар адамдар қатысты. Жеңімпаз болғандарға өз қаражатыммен дипломдарын, сыйлықтарын беріп, ынталандырдым. Рухани қолдап, демеген адамдар да болды. Алдағы уақытта тағы бір байқау жариялап отырмыз. Кейбір қызығып жатқан адамдардың жеке курстарға қатысып жатқандары да бар. Олардың да әр жағында бұғып жатқан ісмерлікке деген әуестігі ашылып жатыр. Алдағы уақытта ер адамдар да қосылса деген ойым бар. Домбыра жасайтын, астау оятын, ат әбзелдерін жасайтын, зергерлік бұйымдар жасайтын шеберлер қызығушылық танытып жатыр. Осының бәрі сайт ашуға не бір басылым бетін ашуға әкеліп жатыр. Басында өз қызығушылығыммен бөлісу үшін кіріссем, енді қазір үлкен бір топқа айналып келе жатыр. Болашақта сайт ашылса, оның ер адамдарға, қыз-келіншектерге арналған арнайы бөлімдері болса барлығы бір жерде тоғысар еді. Мені енді ешкім тоқтата алмайды...  


  
IMG_6594.JPGҚолөнермен айналысқалы ақындығыңызды ұмытып кеткен жоқсыз ба? 


  
– Ақындықты ұмытпаймын. Ол менің көкірегімнің түкпірінде жатқан дүние. Жазатын уақытта жазам. Адам ақын бола жүріп те белгілі бір мамандықтың иесі болады ғой. Сол арқылы күнделікті жұмысқа барып келесің. Сол сияқты бұл менің жұмысым деп есептеймін. Бұл менің өзімнің жұмысым, өзімнің мекемем. Өзім бастық, өзім қожамын. Өз-өзіме айлық төлеймін, өз-өзіме байқау жариялаймын, оны өзім марапаттаймын. Өзіме ұнайды. Біріншіден, бұл кәсіп маған табыс әкелді. Екіншіден, адамдардың осы салаға қызығушылығы артты.


  

  
Сіз ақынсыз. Қолөнермен айналысатын шеберсіз. Бұдан басқа қолыңыздан тағы не келеді? 


  
– Менің қолымнан бәрі келер еді... Егер қолөнермен айналыспай аспаздыққа қызығып, өзімнің аспаздық мейрамханамды ашқым кеп жатса ашып алар едім. Өйткені, менің оған да икемім бар. Мен қолымнан келетін әрбір іске зерттеу арқылы үлкен сараптама жүргізіп барып келетін адаммын.  
Ақынның бастық, депутат болуына қалай қарайсыз? Олар зиялы қауымның жанайқайын айтып жүр ме? 
– Қазақты бір жерге депутат қылып қойса білегін сыбанып, құлшынып барар еді, ақындардың мұң-мұқтажын айтамын, баспана беру, кітабын шығару, қаламақы төлеу, кешін өткізу, т.б алға тартамын деп. Бірақ, түптің түбінде келгенде жай ғана қуыршақ болып қана қалады. Билікке баратын зиялы қауымды кіналауға да болмайды. Барлығы басында сондай иллюзиямен барған адамдар. Барлығы ақындардың ғана қамын жасаймын, мына ауылды көркейтін жіберемін деп барады. Оның 100 пайызының тек 5 пайызы ғана орындалуы мүмкін. Барлығы да биліктің қуыршағы болып қалады. 


  
IMG_6591.JPGБарлығы сондай деп ойлайсыз ба? Егер сізді шақырса сізде қуыршақ боласыз ба? 


– Мені шақырса бармаймын. Сенің басыңа алтын құямын, вилла беремін, астыңа джип мініп жүресің, балаң шетелде оқиды десе де маған ол түк қызық емес. Ол кезде мен тордағы торғай ғана боламын. Мен одан да осы үйімде отырып қаншама адамның айта алмай отырғанын замананың тілімен жеткізуді қалаймын.  



Кімді үлгі тұтасыз, кімдерді ізбасар шәкірт санайсыз? Ақындықта шәкірт бола ма? 


  
 – Ешкімді үлгі тұтпаймын... Соңымнан ешкім ермей-ақ қойса екен деп ойлаймын. Ақындықта ешқашан шәкірт болмайды. Маған ешкім үйреткен жоқ осылай сөйле, осылай жаз деп. Керісінше, маған айтып жатады, «сен неге мынадай өлең жазасың, одан да билікке жағынып, 2-3 бөлмелі пәтер алып ал» деп айтады. Мен ерегесіп, бәрін керісінше жасаймын. Мен ол үйді алып қалай отырмақпын?! Қазір мен сияқты адамдар миллиондап жүр. Мемлекеттің басты байлығы – адам дейміз. Бірақ, оны ісімізбен дәлелдей алмай келеміз. 

  


IMG_6647.JPGБәріне өз еңбегіңізбен жеткіңіз келеді ме? 


  
– Мен өз еңбегіммен жете алмаймын, оны жақсы білем. Бірақ, белгілі бір дәрежеде ел қатарлы несиемен бір үй алармыз. Болмаса әйтеуір бір күні ұйқысынан селт етіп оянған адам сияқты мемлекет өзі берер. Онда да жалғыз маған ғана беріп жатса мен ойланып қалушы едім. Байлаулы баспақ болып қалғым келмейді. «Мен саған үй бердім, енді ауызыңды жауып, тыныш отыр» деген сияқты. Үйді мүгедектерге берсін, көп балалы аналарға берсін. Мен осының бәрін көріп отырып, мен ақын екенмін, мен үй алуым керек демеймін.  


«Ең мықты ақын кім?» деген сауал әдеби ортада талқыға түсіп жатады. Осы туралы сіз не айтасыз?


  
– Әркім өзін ең мықтымын деп ойлайды. Мен үшін өзім мықтымын. Ол ақынның амбициясы деп ұғу керек. Егер ол өзін біреуден төмен ұстаса немесе мынау менен жоғарырақ, мен соңында жүре тұрайын деп ойласа онда ол ақын болмай-ақ қойсын. Мен мықтымын деген амбиция әр адамның ішінде тұруы керек. Өлең жазып жатқан кезде, егер мықты өлең туатын болса онда сен өзгеден артықсың! Әшейін түкке тұрғысыз төрт жолды құрай салып жүрген адам ақын емес.  


  
IMG_6654.JPGСол әшейін ақындар кімдер? 


  
– Толып жатыр. Ол әр уақытта бола береді. Кезінде мені де солай шығарғандар болды. Уақыт өзі екшеп береді. Кезіндегі МұқағалиТөлегендермен бірге шыққан ақындар болды, олар да мықты жазды. Бірақ, уақыттың елегінен өте алмай қалды. Белгілі бір дәрежеде оқуымыз мүмкін кітаптардан, осындай ақын болыпты деген сияқты. Алайда, Мұқағалимен салыстыра алмаймыз. Ал, қазір әр ақын өзін мықытымын деп ойлайды. 


  
Біз кімдердің шығармаларын оқуымыз керек? 


  
– Қазір ондай тенденция жоқ, ондай идеология жоқ. Сенің алдыңда таңдау мол. Мысалы, сен мені оқымасаң да болады. Оған қоғам да ренжімейді, менде ренжімеймін, сенде ренжімейсің. Мүмкін, сен мені жаттап алып, басқаны оқымауың мүмкін. Ол да сенің өз еркіңде. Саған ешкім айта алмайды. Қазір заман бөлек, оқырманның көзқарастары басқа. Қазір бағыт көп. Табиғаттың тылсым сырларын жазатын ақындар бар, тек оппазиялық өлеңдер жазатындар бар. Біреулер тек дін туралы, енді біреулері жай ғана лириканы жазады. 


  
IMG_6632.JPGСіз қай бағытта жазасыз? 


  
– Менің бағытым заманның үнін жазу. Замандастың айтайын деген ойын жеткізу. Мысалы, менің табиғат туралы өлеңім жоқ екен. Мен махаббатты жазсам да үздігіп емес, кесіп жазам. Көбісі айтып жатады, әнге сөз жазып беріңізші деп. Менің өлеңдерімнің  ырғаққа көнбейтін, әуенге келмейтін, ұйқасы да олпы-солпы, буындары да қыңыр-қисық болуы мүмкін. Бірақ бұл менің өзіме ғана тән стилім.  


  
Сіздің шығармашылығыңызды сынап жазған сыншылар болды ма? 


  
– «Алтын қыраннан» алты кітап шыққан кезде бізді сынап  Айгүл Кемелбаева, Маржан Ершу жазды. Екеуі де мақтап жазған жоқ. Өзіме сын айтқандардың ішінде Амангелді Кеншілік болды. Мен бәрін де қабылдаймын. Бірақ, мен өз дегенімді жасай берем. Мен бір сыншы айтты екен деп өлеңді өзгертіп жазбаймын. Жазылды ма сол күйінде қалады. Өлең леппен жазылып қалады, содан кейін бір шумағын арасынан алып болмаса қосу деген жоқ менде. Кейбір сыншыларды түсінбеймін. Мынау бұл өлеңде қолданатын сөз емес деп соған қадалып алатын. Өлеңнің айтайын деген идеясы саған жетті ма демек, ол – өлең. Өлең деген сен мүдірмей оқып шыққанда адамдарды селт еткізе алса, айтар ойы болса менің түсінігімдегі нағыз өлең – сол.  


10287221_380516728752801_1587925840_n.jpgСіздің табысқа жету формулаңыз? 


  
– Қандай табысты айтып отырсың?! Менде табыс деген жоқ... Менің керемет зәулім үйім болғанда, жеке шеберханам болып, онда адамдар жұмыс жасап жатқан кезде ғана маған осы сұрақты қоюыңа болады. Ал, шығармашылық тұрғыдан келсек, ең бастысы – менің өз ойымды ашық айта алатындығым, жасандылықпен жүрмейтінім. Мен өлең жазсам да жасанды жазғым келмейді. Мен жылдап өлең жазбай кетуім мүмкін. «Менің өлең жазбай кеткеніме бір апта болды ғой деп өзімді күштеп, отыра қалып осы жолы өлең жазып тастайын» деген көзқарас жоқ. Сен күн сайын өлең жазуға міндетті емессің. Ешкім саған ондай социалистік жоспар қоймайды. Ондай жоспар баяғыда болды, пәлен жол болуы керек, мына кітап пәлен баспа табақ болуы керек деген. Сылдыр суы көп кітап сол кездерде көбейіп кетті. Гонорар көп алу үшін солай жасалды. Егер қазір кітаптың әр жолына гонорар қоятын болса онда барлығы табиғат туралы тамылжытып өлең жазушы еді. Гонорар бермегені де дұрыс болды, әр ақын өз тақырыбын қозғайды. Егер гонорар берсе мемлекетті мақтап жазатын мадақ жырлар көбейіп кететін еді.  


Кімдерді оқып жүрсіз? 


  
– Бәрін оқимын. Мен мынау жақсы, мынау жаман деп оқымаймын. Бақытгүл Бабаштың өлеңдерін оқимын. Өзінше бір ерекшелік көремін, қысқа да нұсқа, мөлт еткен сезімді бере алатындығы үшін ерекше жақсы көрем. Құралай Омарды оқимын. Оның поэзиясында сезім, сағыныш, ностальгия бар. Танакөз Толқынқызы сезімді жазып отырады да үлкен бір ойды береді. Айжан Табаракқызының өлеңдері ұнайды. Өзінше бір бағытты алып келе жатқан ақын. Әлия Дәулетбаеваның өлеңдерінен бір қазақылық сезіліп тұрады. Даланың иісі келетін сияқты. Оны сол үшін жақсы көремін. Ақберенді оқимын. Оның тылсым сырын жақсы көрем, терең философиялық, стандартқа жатпайтын ойларын жақсы көріп оқимын. Қалқаманның сыршылдығын, әуезділігін жақсы көрем. Дәуреннің өлеңдерінен өзгеше қолтаңба көремін. Әрқайсысының өз деңгейін көрем және сол үшін қуанам.  


   
IMG_6579.JPG«Ақынның бірінші бақыты – шығармашылық процесс. Ал, қасіреті – кедейшілік пен жоқтық» – дейді Қадыр ақын. Ал, адам бойындағы рухани жұтаңдықты атақ пен мансап жеңе алар ма еді? 


  
– Бір адамдар болады, ешқандай атақ алмайды... Бірақ халық оны бәрібір біледі. Мысалы, Мұқағали, Шәмші, Сейіт Кенжахметов, Жағда Бабалық  деген ағаларымыз болды. Ғылыми атағы жоқ, мемлекеттік сыйлық алмаған, бірде бір орден, медалі жоқ. Бірақ халық оларды ерекше жақсы көреді. Кей адамдардың километр атақ, абыройы болғанымен елге берген ешнәрсесі жоқ. Сол атағы үшін оның атын да естігің келмейді. Қазір сыйлықтың сәні, атақтың мәні кетті. Одан да сол атақты алып жексұрын болғанша мемлекеттен ешнәрсе алмай-ақ жүре бер. Өз деңгейіңді білсең ең рахаты – сол. Егер көшеден мені біреу көріп: «Асылзат, мына өлеңіңіз маған ұнайды» деп жатса, ол маған мемлекеттік сыйлықтан да қымбат.  


  
Көптен бері көкейіңізде жүрген жүрек сөзіңіз...


  
– Өзімнің өскен ортам, алған тәрбием, өмірден түйгенімді жазсам деп ойлаймын. «Әкеге қарап өскен қыз» деген атпен бастап жазып жатырмын. Мөлтек сыр қылып, әңгіме ретінде жазып жарияласам деген ойым бар. Прозаға баруға аздап жүрексінем. Менің бүкіл энергиямды тартып алатын сияқты болып көрінеді. Бұрын сатиралық әңгімелер жазғаным бар. Мен негізі өлеңге сатирамен келгенмін. Қазіргі өлеңдерімде сол сатираға жақын, шымшыма өлеңдер. 


IMG_6603.JPG

Өмірге өкпеңіз бар ма? 


– Менің барлық өкпем өлеңдерімде... Мені көре алмай жүргендерді «Көз» арқылы жаздым, бассыз қоғамда өмір сүріп жатқанымды «Баста» жаздым, қаңғып жүргенімді «Қаңғыбас» деген өлеңімде жаздым. Менің өлеңдерім не дейді, менің пікірім де, көзқарасым да – сол...  


Әңгімеңізге рахмет! 




                          
                                                Сұхбаттасқан: Салтанат Жүсіп



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар