Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алтынғадыс Күнтуғанұлы: Өзімді сыртымнан көремін.....

20.02.2016 3310

Алтынғадыс Күнтуғанұлы: Өзімді сыртымнан көремін...

Алтынғадыс Күнтуғанұлы: Өзімді сыртымнан көремін... - adebiportal.kz

  


«Шеңбердің сыртында біреу жүр...»



s_grcw5pc5namfw.jpg

Алтынғадыс Күнтуғанұлы - Моңғолиялық жас ақын. Өр Алтаймен шекаралас өлкедегі Бес саланың жайлауында туған ұл. Күз күзеуі – әйгілі Көксерке. Алтынтоғыс Қайсарұлы деген қабағат ақын туған осы маңда. «Сарымсақ сан», «Өзімді шықпыртқан өлең» атты тосын өлеңдер жазған тұлға еді. Алтынғадыс – сол Алтынтоғыстың ізбасар інілерінің бірі.


«...Сұқ саусағын қадайды жанарыма,

Көк жүзіне шынтақтап құлаған Ай...» деп мөлтек жырларын оқи жөнелгенде біртүрлі қуанып қаласың. Алтынғадыс құба даланың адырында туып, Бүркіт тауының биігіне қарап өсіп келе жатқан өскін, һәм адырнаның жебесіндей үш қырлы ұшқыр. «Бүркіттің самайы қызғылт өңге боялып, таң атып келеді тарғыл түн көрпесін сыйырып» дейді жас шайыр. Бүркіт – таудың аты. Қос иығы әппақ тарғыл, зау биік шың. Алтынғадыстың өзі айтқандай:


«Хан Тәңір үстімен мұзбалақ қалықтап,

Қанаты көтеріп әкетті аспанды,

Қаламның ұшында өртенген мамық таң,

Парақтың ізінде шексіздік басталды».


Иә, мақпалдай жұмсақ, маңғыл даланың жусанындай бейғажайып иісті өлең жаза бастаған баланы ақын десек болады. Оның топтама өлеңі алдымызда жатыр. Оқыған сайын оқталып, құныға түсесің. Себебі – Алтынғадыстың аяқ алысы мүлдемге оқшау. Басқа жастарға тән еліктеу, солықтау секілді ғадеттері әредік білініп қалуы мүмкін. Бірақ олардың бәріне кешу беру жөн секілді. Ақынның тосын мінез көрсететін өлеңдерімен қоса оған адами қасиеттер де қажет болады дегенді еміс-еміс еститінбіз. Біз осы сөзге ақынды басқадан өзгешелеу көрсететін «имиж» деген әрекетті де қосақтағымыз келеді. Алайда имиж дегеніміз сақал, шашты сапситып өсіру деген ұғымнан тіптен бөлек іс. Алтынғадыстың пәк жүзі мен кейбір ерке қылықтарында осынау «имиждің» үзінді-жұлындысы көріне береді. Шынында бәрі әдемі!


«...Айқайлап аспандай күрсінген

Өзімді сыртымнан көремін...». Ол өзін өз уысында ұстай білетіндей. Дәл осы Алтынғадыстың өсіп-өнген ұйығында Жақсыбай Шәпешұлы атты ақын ағамыз өмір сүрді. Сері еді, сырбаз еді. Адамдық пен ақындықты азаматтық рухпен дара ұстап тұрып өмір кешкен сол ақын ағасының жолын бергей деп тілейміз Ұлы Тәңірден.



Сұраған Рахметұлы



****


Көкжиектен салбырап күлгін түсті құрақ түн,

Іңір кетіп барады іргесінде бұлақтың.

Гүл қарайды дірілдеп уақыттың ізіне,
Жанарына шылап мұң..


Ай сәулесі жамырап ақ отаудың төрінде,
Самауырын ентігеді қара ошақтың белінде.
Шаңырақтан төгілген бозторғайдың әуені,
Сіңіп жатыр шөгірге...


Үй ішінде маужырап әлсіз майшам шырағы,
Cаумал иісі қалықтап паң ауаны ұрады.
Әжім шалған ақ жүзін, құбылаға түзеп ап,
Әжем сәжде қылады...


Бұлт үркеді жиектен қайыс шылбыр сүйретіп,

Бұлғын қашады далаға ақ қорымды күйретіп.

Ағам әкеп байлады ат кермеге шұлғытып,
Көк дөненді үйретіп...


Қойаршаға құйылып қою қара күміс түн,
Шұрқыраған жылқыдан көкке қарай сіңісті үн.
Салқын самал құлайды таңдайыма адырдан,
Бал дәміндей қымыздың...



****


Хантәңір үстімен мұзбалақ қалықтап,
Қанаты көтеріп әкетті аспанды.
Қаламның ұшында өртенген таң ықтап,
Парақтың ізінде шексіздік басталды.



Дұға оқып ғарыштың тілінде жапырақ,
Бақтарда түн аунап жылады.
Жүрегі күйген Ай күрсіне "аһ"-лап,
Көзінен мөп-мөлдір жұлдыздар құлады.



Көк аспан күп-күрең бұлттарын бүркеніп,
Мұқым ел ақынды өліге теңеді.
Қарасаз басына мәңгілік жыр төніп,
Көзімнің алдында қауырсын қалықтап келеді...



Біздерге жұпарлы самалын бұлдап түн,
Мазасыз әуенге бөледі жер көкті.
Сіз мені түсініп тұрсызба қымбаттым?!
Шеңбердің сыртында біреу жүр...
О, Мұқаң өлмепті!!!


***


Сұқ саусағын қадайды жанарыма,
Көк жүзіне шынтақтап құлаған ай.
Тас жолдардың кептеліп тамағына.
Мелшиеді дуалдар тұраламай.


Аққан жұлдыз даладан хал сұрайды,
Тар көшеде жолығып тағдырымыз.
Көз алдымда көлбеңдеп тамшылайды.
Бурыл бұлттан үзілген саңғырық із.


Сыбырлайды самал жел құлағыма.
Көкжиектен желбіреп түн етегі.
Есі ауысқан білтенің сұрағына.
Қара таудың жүрегі дір етеді.


Шығыс жақтан өсетін мұз жандырып.
Қызыл алау ұшында ән құсалы.
Таң сәріде параққа із қалдырып,
Құйрық жалсыз қаламым қан құсады.



***

Қыл қалам астында, параққа мыжылған

Ойларым жатады бұйығып.

Рухым көкжиек кезеді, сызылған,

Миыма көк сия құйылып..


Тау жаққа айғайлап қашамын,
Түн іші, өзімнен жерініп.
Тас жолда тағдырды тосамын,
Сезімге жүрекпен беріліп!


Өз үнім естілмей өзіме,
Жүрегім булығып, кеудемді ұрғылап.
Ай жарық салады көзіме,
Жыр билеп санамды, жұлғылап.


Тау мені құшаққа алғанда,
Қара тас жанымды түсініп.
Жусанда мейірім болғандай...
Жаныма жылулық ұсынып, ұшырып.


Айғайлап, аспандай күрсінген,
Өзімді сыртымнан көремін.
Жүзімді сыйпалап мұң сіңген,
Өзімнің жаныма жүгіріп келемін.


Мұңлы ақын, сен қайта тумайсың,
Тілдескен ғарыштық тылсыммен.
О, жүрек несіне тулайсың?

"өмір ғой" жұбату, күрсінбен!


...Деміңнен махаббат азабы бұрқырап,
Мұңлы ақын сен қайта тумайсың!!!



***


Жапырақтай құлатып сезімдерді,
Неге келді қоңыр күз мазалаған?!
Көктем қашан күледі көзімде енді?
Сен айтшы расыңды ғажап адам.


Ең сорақы мезгілдің құшағында,
Жүректерді тілгілеп аспандағы ән.
Сіңіп жатыр парақтай құса мұңға...
Қарашықтан домалай қашқан ғалам!


Жас шылаған жүзіне, сүгірет салып,
Қара тер боп, терезе телміреді.
Ауладағы мамықты үрлеп қалып,
Жыртығынан сығалап жел күледі.


Шаһар іші түрмеден бір аумайды,
Үй сыртында күзеткен қыстың демі.
Құдіретті, бір аяни жыр аунайды,
Тәңір жақтан төгіліп ұшқын лебі!


Бір бақытын ұсынса бізге Ғарыш,
Қызғаныштан күйініп жарылар түн.
Көктемге ғашық,
Жазға дос,
Күзге таныс,
Қыс дегеннің дұшпаны болып алдым!


Тонап алып жылулық сезімдерді,
Неге келді мына қыс мазалаған!
Көктем қашан күледі көзімде енді?
Сен айтшы расыңды ғажап адам?
Ғажап адам...


Жаңбырдан соң

Жыртық-жыртық сәлде орап самайға,

Көксерке* тұр мұңға батып сан ойда.

Айғыздалған жартасының беттері,

Шағылысып паң Айға...


Шылқып қалған төбешіктер тау ұлы,

Сора-сора қырқалардың бауыры.

Күні бойы тулап мөңкіп бұрдыққан,

Құзға тиді асау бұлттың сауыры.


Шыңның басы ақшылдаған құртжолақ,

Сенделеді маңғаз дала ұрыттап ап.

Тырналарда көтерілді жиекке,

Көк қанатын бұлт жалап...


Жапырағын құшақтаған терек бей,

Ұмсынады бұлтпен тауды көл өпкей.

Көп жылаған күңгірт көктің әнеки,

Көзі қызыл, бет ауызы көнектей.



Сенің иісің...


Күздің басы...

Ымырт жейді тамызды,

Көкжиектер күрең алау ағызды.

Жаңбыр алды аспан жақтан төгілген,

Жылы леп-сенің иісің тәрізді.


Алып бұлттар құшаққа алып асқарды,

Сағынысқан көздерінен жас тамды.

Мен құшаққа басып тұрмын о, ғажап,

Сенің иісің бұрқыраған аспанды.


Мен аспанды сүйем сонда бар арман,

Жақсылықтың жүрегінен нәр алған.

Мынау аспан сен сияқты, рухы өр,

Ары таза пәктік нұрдан жаралған.


Күзгі ымырт күрең моншақ тағынып,

Иісің келді о, құрірет, ағылып.

Құшағымда қап-қара аспан күрсінді,

Мен мұңайдым сені қатты сағынып!!!



Тау ұлымын


Тау ұлымын,

Рухымды мекендеген мұз балақ,

Кірпігімді жататұғын құз жалап.

Өз бейнем бар ақ бас шыңды жамылған,

Жаға алмайтын ешуақыт күз далап.


Тау ұлымын,

Бөрі ұлыған кеудемде,

«Қазақ» үнім жаңғыратын кең жерге.

Өрлігім бар жасын ойнар бойымда,

Жәнібек пен Оспан бабам дем берген.


Тау ұлымын,

Тағылықты қалайтын,

Қуат алған көкбөріден талай түн.

Тау ұлымын,

Әлди айтып Жер-Анам,

Бұйра бұлттар кекілімді тарайтын.


* * *


Уақыттың жалынына өртенген,

Қыркүйектің кеудесінде күз аунап.

Сағынышым сорғалайды желкемнен,

Қар жауғанда қылаулап...


Алғашқы қар – ережесіз сағыныш,

Жүрегімнен төгілетін нәп-нәзік.

Ақ мамықтың іздерінде жарылыс,

Бедерімен жатыр саған хат жазып.


Р\S

Алғашқы қар –ережесіз сағыныш!!!


Күз


Көктемгідей тұнжырамас күн айық,

Сұлық түсіп бұлттар жатыр тырайып.

Жапырақтың жанарында қайғы тұр,

Мұ-ңа-йыыып...


Қырқа біткен қоңыр желек жамыла,

Ақ қайың тұр жапырағын сағына.

Мұңға батып қыраттағы қарақшы,

Күтіп отыр байғыз үнін сарыла...


Жапырақтың таусылғандай төзімі,

Сезбей қалды үркетінін өзінің...

Жағалауда жалғыз қаңбақ жабығып,

Жасын сүрітті көзінің...


***


Сағыныш жамырап гүл бақтан,

Күн батты сары дала күз жапқан.

Құс болып кеткім-ақ келеді,

Жылы жер іздейтін сіз жақтан.


Кірпікке ілініп самса мұң,

Аспанға ауады аңсарым.

Нүктесіз ойларға шырмалып,

Тағдыри түрмеден шаршадым.


Ауырып ғашықтық дертімен,

Дауа алдым ұлы күш өртінен.

Мен тағы «сүйе-е-ем» деп сезіммен,

Мұң ішкен қобызды тартып ем.


Қаламдар тоқтаусыз зырлатты із,

Жүрсізбе меніде жырлап сіз.

Жүрекке салынған құлыптың,

Кілітін сіз ұрылапсыз...


Сенерсіз сенбессіз сіз мейлі,

Сағынған жанымды сыз жейді.

Біз жақта қартайған көктемді,

Күз дейді...


Аспаным қызарып барады,

Күзгі әжім жүзімді талады.

Мезгілдер қартайып жатсада,

Сезімім қартайған жоқ әлі.

Сіз деген...



* * *


Саған деген сезімдерім ақ жаңбыр,

Түні бойы төгілетін аспаннан.

Көкжиекте қылаңдаған таулар жүр,

Ақша бұлттың жанарынан жас тамған.


Тыныштықта жапырақтың сылдыры,

Жыр оқиды, өзің жайлы тым нәзік.

Қарашықта жер шарының құрдымы,

Сия малған кірпіктерім мұң жазып.


Күз. Айна.


Паң даладан жорытқан сәтте мұзғасыр,

Уақытқа болып жүрміз біз масыл.

Көктем құстың мүрдесіндей қуарып,

Көз алдымда қорқынышты күз жатыр.


Сарғайғанда жер сақалы әр құмда,

Аяғыма оралады шалғын, пааа!!!

Бетегелер иіліп тұр бір түрлі,

Қыр билеген жусан патша алдында.


Сағым аққу қанатында зырлап күз,

Доғарайық үлгермейсіз жырлап сіз.

Арқыраған ақ өзеннің ерінін,

Тістеп алған әлдеқашан қырбақ мұз.


Қыс келерін демнен ұшқан бу ұқтыр,

Селкілдейді жұпынылау суық қыр.

Еңіреген көк аспанның көз жасы,

Күздің соңғы жапырағын жуып тұр.


Паң даладан жорытқан сәтте мұз ғасыр,

Уақытқа болып жүрміз біз масыл.

Көктем құстың мүрдесіндей қуарып,

Көз алдымда қорқынышты күз жатыр.


Мен ойлаймын осы айнаның алдынан,

“Мен сиақты өткен-ау”-деп жүз пақыр.

...Қорқынышты күз жатыр!!!




* * *


Ай қарайды тесірейіп төбемнен,

Денесі әжім жүзі мұң.

Жапырақтан өмір заңын көрем мен,

Ішіп жатқан күз уын.


Ақша бұлттар дәйлімбіге төгілген,

Жер ананың ақ сүті.

Биік таулар қомды түйем шөгілген,

Бұйдасынан үзілмеген бақ-құты.


Кеш сақалын жұлғылайды қара түн,

Айдың мұңы су бетінде қалықтап.

Менің жырым жайды аспанға қанатын,

Сені іздеп Алып бақ!!!


Түнге сіңген жанардағы құтым бей,

Жұлдыздардан үзіп алып от жейін.

Мен тағыда ымырыттағы түтіндей,

Ғайып болып кетпейін...



* * *


Кигіз жапқан кең далада күз аунап,

Құба тартқан кешегі жаз қиялы.

Кірпігіне қаңбақ ілген жүдеу бақ,

Аппақ қайың сары мұңын құйады.


Жапырақтың алқымына жіп салған,

Тым қатыгез уақыттың жендеті.

Өз уыңды өзің барып жұт қалған,

О, киелі жер беті...!!!


Қыс. Өліара...


Бүркіттің* самайы қызғылт өңге боялып,
Таң атып келеді, тарғыл түн көрпесін сыйырып.
Сенделген сары аяз көзі жылтырай оянып,
Сілекейі шұбырады дірілдек далаға құйылып.


Кеңістік кезетін бозторғай үні кеп,
Санаға төгеді мөп-мөлдір үн шылап.
Төбенің үстінде шідерлі көк бесті кісінеп,
Батыста үскірік билейді шымшылап.


Шұғыла себілген қарлы шың жарқырай,
Көлеңке құлайды етекке шапанын сүйрете еңбектеп.
Мал өріп барады сары көң иісін қопарып,
Ізімен төбенің бауырын құпия шиырлар өрнектеп.


Ерттеулі торының езунен ақ өлең бу ұшып.
Ауаға сіңеді ғажайып нәзіктік түсі әппақ.
Жусанның жұпарын өсірген ақ дала пүліш түк.
Ауылдың түтіні шығысқа жылжиды аязды құшақтап.
Тыныштық...



Алтынғадыс Күнтуғанұлы 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар