Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Ескі таныс

28.01.2016 268

Кәдірбек Сегізбай: Ескі таныс



cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG



Қыжылы басым, қырылы мол оқыс үнді құлағы шалып қалған Күміс аурухана ауласындағы ұзынша орындықта тізіліп отырғандарға еріксіз назар аударған. Ақ шаңқан сақал-мұртын тым тәрбиелі қойған қара шал қолындағы аса таяғымен алдында тұрған жас жігітті ұрып жіберердей буырқанып отыр.


– Не деген сұмдық, осы бәлнісіңе мені қамағандарыңа міне, бүгін табаны күректей жиырма қүннің жүзі болды. Сепсиген ақ сирақ қыздардың үш уақыт келіп салған инесінен бетім бір мысқал бері қараса не дейсіңдер?! – Ол бәрінен де торығып болғандай қолын бір сілтеп, сөзін құптататын біреуді іздегендей жан-жағына қараған. Күміс, оның сөзін естімеген кісіше, қырын қарап өте берді. Шалдың наразы үні бәсеңдер емес. – Апыр-ау, әкелерің әл үстінде жатқан кезде қолдары шипалы, көздері қарақты осындағы үлкен дәрігерлердің біреуіне айтып, қаратуға беттеріңнің мөрі тамып, беделдеріңе нұқсан келетін болып жүр ме?! Жоқ, әлде менен құтылғанша асықсыңдар ма?!


«Тілінің қыршаңқысын қарашы, – деп ойлады Күміс. – Бұл жазған да мәлкілдеп отырғанына қарамай, тәтті тіршіліктің етегінен жармасып, айырылғысы келмейді, ә?!»


Иә, қызы, иә келіні – түрегеп тұрған жас келіншек жанарымен жер шұқып, мынау сөздің оған түк қатысы жоқ кісідей немкетті қалып танытады. Иә ұлы, иә күйеу баласы – бір сөмке сәлем-сауқатын көтерген жас жігіт ары-бері жүргендерден қысылса керек, төмен қарап, жымиып отырғандай көрінді.


– Көке-ау, енді жүрек ауруын емдеу оңай емес қой. Бірте-бірте мысқалдап дегендей... таныс дәрігерлерге де айтып жатырмын, – деп міңгірлейді жігіт. «Ә, бірі ұлы, бірі келіні болды-ау мына қиқар шалдың».


Қара аспанды төндіріп отырған қара шалдың өзі қандай адам екен дегендей Күміс бұрылып тұрып, бейтаныстың жүзіне тіктеп қараған. Қарттың оң құлағының сырғалығынан басталып иегі мен алқымының бір қапталын түгелдей жауып тұрған қап-қара қалыны көргенде ол селк ете қалған. «Мына жазған әлі бар екен-ау! Бұның сол Қалыбай екені рас болса, үш бірдей ұлы болушы еді. Сірә, мынау сол үш ұлдың кенжесі шығар».


Күміс кешкі тамағынан қайтып келе жатқанда есігінде «Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен ардагерлерінің палатасы» деген жазуы бар есіктің арғы жағынан шалдың наразы үнін тағы естіген. Төсегінің үстінде тұғырға қонақтаған кәрі шөңгелдей шақшиып отырған бағанағы қара шалды көрді. Бұл жолы асын палатаға жеткізіп беретін қызды қырына алса керек. «Қанымызды төгіп, жаумен алысқан еңбегіміздің қарымтасы дәм-татуы жоқ мына ботқаларың ба? Маған бөлім меңгерушісін шақырып бер, басқасымен сөйлеспеймін!»


«Е, бұл Қалыбай болмады. Ол міскін соғысқа қатыспаған, жас кезінде асау аттан жығылып сындырған бір аяғының кемдігінен майданға бара алмай қалған. Кісіге кісі сонша ұқсай береді екен-ау». Күміс бейтаныс жанның дауыс ырғағына құлағын түрген. Қалыбайдың бір кездегі айбарлы да өктем үніне мынау қырылы мол, мазаң байбаламды ұқсата алмаған. «Бәсе, Қалыбай емес қой, ол сол кездің өзінде егделеніп қалған кісі еді, ендігі оның сүйегіне қына шыққан болар». Аспаз қыз палатадан жүгіре шығып, көп кешікпей жүрек ауруларын емдеу бөлімінің меңгерушісі болып істейтін жас жігітті палатаға ертіп кірген.


Күміс арлы-берлі қыдырып жүрген ауладағы адамдарға терезеден қараған болып, дәлізде тұрып қалды. Кешелі-бері ойда жоқта ұшырасқан бейтаныстың кім екендігін анықтауға барлық ынтасымен бел буғандай. Палатадағы әңгіме анық естіледі.


Шал жас жігіттің айтқан уәждерін құлағына ілген де жоқ, бастырмалататып ала жөнелді. Ауруханада жасалынған ем-домға риза еместігін мәлімдеп, бүгінгінің дәрігерлерінің көбінің дәрменсіз дүмбілездер екендігіне шүбәсі жоқ екенін сабақтады. Қарт байғұс қалған өмірінде соның бәрін де елемей жүруге бар екен, тек жанын шүберекке түйіп, қанымен жер суарған есіл еңбекті қазіргі жастардың қайсыбірі естен шығарғандарына күйінеді екен.


Байбаламның соңы бүгінгі кешкі астың сапасы туралы наразылыққа ұласып барып, егер бұларын қоймаса, жоғарыға шағым айтып, «көздерінің еті өсіп кеткендердің» шаңдарын қағып алуға әлі шамасы жететіндігін ескертумен тұйықталды. Мынау ардагер атасына еш уәж айтуға жарамаған бөлім меңгерушісі палатадан көңілсіз шықты. «Мұндай қытымыр шалдардың кемпірлерін о дүниеге бұрын аттандырып алып, бала-шағаға қадірін кетіріп жүретіндігі қандай заңдылық екен?! Кім біледі, кемпірі бар да болар. Бар болса, өзі де осы кезде айланба қой сияқты мәңгүрт болып кеткен шығар, жазған».


Сол палатадан көршісінің таусылмас ызыңынан қашып бара жатқан түрі болса керек, тағы бір егде тартқан кісі шығып еді, оны Күміс тоқтатты.


– Көршіңіздің есімі кім болады, отағасы? – деп сұраған.


– Ә, біздің шалды айтасыз ба? – бейтаныс күлім қақты. – Қариямыз ұнап қалған-ау, замандас, ә!.. Анық есімін білмедім. Қасыбіреулердің «Қалеке» деп жүргенін естіп едім.


– Е, жарайды! – деп Күміс бейтаныстың «оны неге сұрадыңыз?» дегендей сұраулы жүзін елемегендей болып, өз палатасына беттеді.


«Қалеке дейді. Онда соның өзі ғой. Түр-түсі де сол Қалыбайдың бөгенайына келіп-ақ тұр».


* * *


Колхоздың тоқпақ жал торы айғырын кәшуаға жегіп алған Қалыбай басқарма бүгін сиыр фермасына тым ерте соқты. Керген төстіктей тоқ жарау торының тұла бойы түтіндп, қос танаудан атқылаған демі кекілге сүңгі қатырып үлгіріпті. Сіңірлі, үлкен жылқының осынау албарынды болған түр-түсін көрген адам жолаушының тым суыт жүрісін қапысыз таныр еді.


Сауыншы келіншектер сиырларын қорадан шығарып, бұзауларға шөп шашып жүрген. Бастық көшірсіз келген екен, атын ергеншекке өзі байлады. Қай уақыттағыдай бұл жолы да айдынын сыртына салып, жұртты бүре келген. «Жас төлдерге арналған жем- шөпті үнемдеуді білмейсіңдер, ертең, көктемнің көк өзек шағы келгенде не беттеріңді айтпақсыңдар? Жоқ, әлде жерден қазса да бәрін тауып беретін Қалыбай бар деп ойлайсыңдар ма?!» Ол бастықтарын көрген бетте «анау да жоқ, мынау да жоқ» деп жамырап қоя берер сауыншылардың ауыздарын ашып үлгіртпей бірден ықтырып тастады да: «Қайт дейсіңдер, маған да оңай тиіп жүрген жоқ. Жалғыз басыңды шаруашылықтың қай тесігіне тығындарсың?!» деген жөндем сөзге соңынан көшкен. Сонан соң ғана Күміске қарап:


– Шырағым, бір киерің болса тезірек киініп шыға ғой. Ауданға, жиналысқа барамыз – деген әй-шәй жоқ. Ол не жиналыс, оған не үшін жалғыз бұның баруы қажет деген мәселенің бетін ашып, Күміс те сұрай алмаған. Ондай сауалды қоюға әйелдердің де жүректері дауаламаған! Қымс етсе «Жағадан алып жатқан жау болса – анау, аяқтарыңды санап басып, кердеңдеп жүрген сендердің түрлерің – мынау. Бұл қорлықтарыңды көріп, сендердің әрқайсыңмен тәжікелескенше, адақтап келген жаумен алысып жүріп өлсемші» деп шорт сынар бастық мінезіне жан баласының қарсы келуді қойғандары қашан. «Аспанда – құдай, жерде – Қалыбай» дегенге мойынсұнған бүтін бір колхоздың үлкен-кішісі бастық алдында қашанда тақ тұрады. «Мынандай қилы заман, қилы кезеңде осындай оттан жейде киген бір айғайшы болмаса іс оңға баса ма?» деген пікірге сайитын жұрттың көбі.


– Малды қайтемін? – деген Күміс.


– Бірер күн басқалары сауа тұрар. – Қалыбай айттым – бітті, кестім – үзілдінің адамы болғандықтан, келіншектің қарсы уәж айтуына шамасын келтірмей сырт айналып, сылти басып, сиыр қораны бетке алды. Етегі аяғына дейін шұбатылған кең-мол қызыл тұлып, онсыз да денелі кісіні барынша тұлғаландыра, айбарландыра түскен. Осы «Шындық» колхозының бар ауыртпалығын елде қалған санаулы ғана еркек кіндіктің алды болып айбынымен, әлде қайратымен бастықтың өзі көтеріп жүр дегенге кез келген сырт көзді оның мына батыр тұлғалы, қапсағай пошымы сендіре түскендей.


Жуырда аттың шашалығынан болып түскен қарды ақ боран ғып сар желістен танбай келе жатқан торы айғыр біраздан соң ауданға апаратын тақтақ күре жолға түспей қиялап, таудың быдырық-быдырық көп қойнауларының біріне сұғынып жатқан жетім соқпаққа бұрылды.


Сиыршы Қайыркеш атасынан сұрап киген тұлыптың сеңсең жағасынан сығалап отырған келіншек мына жолға ат делбесін қолына алған кісі байқамай түсті деп ойласа керек:


– Аға, қайда бара жатырмыз? – деген. Бастықта үн жоқ. Әлде ол да тұлыптың жағасына көміліп отырып, естімей қалды ма? «Күні кеше азаматы Әлқуат осы колхоздың бастығы болып тұрғанда, осы Қалыбайлар бетегеден биік, жусаннан аласа көрінетін. Әлекеңе аға болып, айғайшы болып, күн-түн демей колхоз жұмысының бір шетінен қалмайтын жанашыр, шаруақор адам еді. «Бір білген ойы бар шығар, не болса да соңына дейін күтейін» деп ойлаған келіншек.


Бұрын Әлқуат екеуі қатар түзеп, талай отырған қара кәшәуа қасат қарды шиқылдата әндетіп келіп, ауылдан шалғай иенде тоқтады. Ат тұяғынан ұшқан қарды бастық қағып түсіріп, тұлыбының сеңсең жағасын қайырды. Шыңылтыр аяз буып тұрса да, Қалыбайдың буы бұрқырайды. Ол икемсіз қимылмен күжірейіп келіп, келіншектің де жағасын түсіріп, үстіндегі қарын қаққан.


– Тө-өу, биылғы аяздың беті жаман. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деген осы!


Дәл бір күннің суықтығын айту үшін айдалаға келіп, торыны тоқтатқандай. Келіншектің жүрегі әлде неден секем ала ма, қайтеді?! Мынау дауыл алдындағы тыныштықтай тым бейбіт басталған әңгімеден соң ол қыбыр етуге шамасы келмей, мелшиіп отырып қалған.


– Күмісжан! – Бағанағы сауыншыларға зікір салған айбарлы үнге мүлде ұқсамайды, тым жасық, тым мәймөңке, тіпті шарасы таусылып, шаруасы шалқайған жанның мүләйім даусына да ұқсатуға болар еді. – Күмісжан! «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дейтін сөз бар атамыз қазақта. Әлекең артық туған азамат еді, о жаққа да жақсылар керек екен, маңдайымызға сыймай кетті...


«Не айтқалы отыр? Мені біреуге жетелетіп жібергелі жүргеннен сау ма өзі? Кеше ғана осы елдің ағасындай болып, екі тізгін, бір шылбырды қолына бекем ұстаған азаматтың қаралы хабарынан соңғы азалы күндер өтіп болмай жатып, айтар әңгіме ме еді мұнысы?» Күміс жылы тұлыптың ішінде отырып, қалшылдады. Қалыбай айтарын әлі де жайма-шуақтатып, түпкі ойының ұшығын көрсетер емес.


– Кешегі Әлекеңдер тумаса да туғанымдай болған арыс еді, амал қайсы, ғазауат майданда шеһит болды. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген атамыз қазақ. Біздің үлкен өмір алдымызда дегендей...


«Сондағы айтпағыңыз не еді?» дегендей Күміс оқыс бұрылып, Қалыбайдың қалылы қарала жүзіне тіктеп қараған. Бір қалыпты әуенмен сөйлеп отырған бастық шабуылды күтпеген тұстан бастады:


– Бөтенің-бөгдең емеспін. Басым жерге жетіп, қартайып та тұрғаным жоқ. Қорғаны жоқты қор етемін деп ұшынып тұрған заманың болса мынау, Күмісжан. Итке қос артқандай болып жүріп жатқан менің қосағымның да шама-шарқын білесің. Ол да байсыз қалмас, тең-теңімен деген бар, өз жөнін табар! – Суық ауаға қақалып, Күмістің үні шықпай қалды. Көзі жыпықтап, өз деміне өзі тұншықты. Бұл келіскенінің белгісі десе керек, Қалекең ойын одан әрі батылдау сабақтады. – Өзіңе деген ықыласым ала бөтен. Енді қалған ғұмырымда бір сенің қадіріңе жетермін, Күмісжан... Бүгін мынау Сарқырама қыстауында бір жанашыр дос бар еді, екеуіміз сол үйдің қадірлі қонағы боламыз...


Ол бар мәселе осымен шешілді дегендей мұның ту сыртынан қапсыра құшақтап, түбірімен қопарыла өңмеңдеп келе жатқан. Мұндай әлемет күштің әлжуаз тұлғасынан қалай табылғанын келіншектің өзі де білмейді, бағанадан бойға жиналған ашу-ыза, оған қоса ойда жоқта қорланған намыс жанартаудай атылсын. Батыр тұлғалы жігіт ағасы мұндай оқыс қарсылықты күтпесе керек, кәшәуадан ошарыла аунап түсті. «Иен далада жөн-жосықсыз неге тұрмыз?» дегендей алғашқы делбе қағуды тосып, даяр тұрған торы айғыр шанадан қалбаңдай төңкеріліп түскен кісіден үркіп, қорқырап тік шапшыды. Сөйтті де қасат қарды күректеп лақтырғандай боратып, құлаштай сермей жөнелген. Есін тез жиған Күміс қолына делбені алып, шірене тартса да жолсызбен біраз жосылтқан айғыр көпке дейін ырық бермеді. Күміс атты кеңінен айналдырып, жаңарақта өздері шыққан сиыр фермасын бетке алған соң ғана бастығына мойын бұрған. Тұлыпты дене жантаңдай басып, тымағын былғайды. «Мейлі, құлатар аспаның болса төбемнен тастап жібер. Сенен келген кеселді көріп алдым!» Ол онсыз да қос сауыры кезек ойнап, заулап келе жатқан торының делбесін қағып қойды.


Осы бір оқыс оқиға жайын ешкім Күмістен тәптіштеп сұрамаса да азуын Айға балап, дүрілдеп тұрған Қалыбайдың ит өлген жерде жантаңдап жаяу қалғанын жұрттың бәрі-ақ ұзын құлақтан біліп болған. Соның ішінде «Күмістің бұл ісі теріс болыпты-ау» деген біреу, әй, кездеспеген шығар. Сол күні ымыртта көшірін жіберіп, ат-шанасын алдырған Қалыбай көпке дейін сиыр фермасына соқпай, бұйрық-жарлықтарын меңгерушісі арқылы сырттай жолдап жататын. Дауыл алдындағы өлі тыныштық екен сөйтсе. Жазға салым екі бұзаудың у шөп жеп өлгені соғыс уақытында әдейі жасалған қастандықтың салдары деп табылып, Күмістің ісі заң орындарына тапсырылды. Аққа жағылған күйедей бадырайып тұрған жала дәлелденбеді. Бірақ ол кезде Күміс фермадан аластатылып та қойылған еді. Көтерем жылқының тіршілік үшін жанұшыра тыпырлағаны сияқты қайда жұмсаса да өлермендене ұмтыла берген. Бәрібір құрылған тор жиналғаны сол, кеңейе түскен екен, Күмістің өзі келіп оңай құлады.


Қызыл қырманның тұсы еді. Ауылдың жас-кәрісі мол шыққан астықты күні-түні демей жинап жатқан шақ. Бір күні «Ойбай, бүкіл ел болып, жаумен арпалысып жатқан заманда іштен шыққан ірге жаулар бүгін түнде ауданға ерте жүргізілмекші бидайдың үш қабын ұрлап әкетіпті» деген шу шықты. Ауданнан дереу заң адамы шақырылды. Дүние-ай, сол сәтте «Жаным – арымның садағасы» деп жүрген Күміс «ұры» дейтін масқара жаланың өзіне жабыларын ойлап па?! Қай жауыздың қай уақытта әкеліп қойғанын кім білсін, ұрланған астықты іздеушілер колхоз орталығы деп аталатын шағын ауылдың басын құлдай сүзіп келіп, жоқтарын мұның қорасынан сопаң еткізіп суырып алсын. Бүкіл ел сенер-сенбесін білмей, аңырды. Сенейін десе осы шаруашылықтың ыстық-суығын қаршадайынан көріп келе жатқан, бұрын-соңды бөгденің ала жібін аттап көрмеген Күмістері еді, сенбейін десе көздерінше қорадан тауып алған үш қап астық болса мынау теңкиіп-теңкиіп жатқан.


Күміс жылап-сықтаған жоқ. Сұп-сұр болып, қанын ішіне тартып алған. Тек ауданнан келгендердің қос ат жеккен арбасына отырып жатып, шырылдай жылап, кәрі әжесінің қолында қалып бара жатқан үш жасар ұлын бауырына басқан сәтте сәл босаған.


– Құлыным, – деген ол, – құлыным, сені де біреу ұрының ұлы дер. Жасыма. «Әкем елін қорғап опат болған ер еді, анам – күн-түн демей еңбек етіп жүргенде Қалыбай жауыздың жаласының нақақ құрбаны болған» де. Солай де, құлыным!


– Әкет, кідіртпе қара бетті! – деп түнерген Қалыбай. «Мен де сұм соғыстың құрбаны болдым-ау. Ер-азаматым, Әлқуатым болса, осынша қорлықты көрер ме едім?» деп ойлаған ол туған ауылынан ұзап бара жатып... Содан шағын ауылдан аттанған азаматтардың көбін ұрыс даласында қалдырып, жеңіспен оралған азғана майдангердің соңын ала Күміс те «ағарып» елге оралған. Бұл кезде орнынан аластатылған Қалыбай да басқа бір ауданға көшіп кеткен екен...


* * *


«Cілімтік! – деді Күміс сыбырлай сөйлеп. – Енді соғыс ардагерімін деуін қарашы. Майданға қатысты деген қағазды қайдан тапты екен? Әлде еш документсіз-ақ құр кеудесін қағып жүр ме?» Күміс бір кезде ойлар еді... Шіркін-ай, кегімді бір алсам-ау деп. Сол бір кездегі өшпенділік арада өткен көп жылдардың қатпарында қалып, мүлде өшіп жоғалуға айналғандай. Оның есесіне, Қалыбайды бала-шағаға қадір-қасиетін кетіріп, жұртпен алыстырып қойған қатыгез кәріліктің құдіретіне таңғалды. Мұның алынбай кеткен кегін сол кәрілік еселеп қайтарып жатқандай.


Ертеңінде Күміс дәрігерлердің таңертеңгі байқауынан кейін тысқа шыққан. Қара шал бақтың ішіндегі орындықтардың бірінде қақшиып жалғыз отыр екен. Таныр ма екен, таныса сонау қырық жылдан астам уақыт бұрынғы жазықсыз жасаған қиянаты есіне түсер ме екен, мынау тәтті ғұмырдағы оңды-солды шиырлаған ізі таусылуға тақаған шақта – тағдырдың өзіндей болып бетпе-бет кездесейін дегендей, отырған қарияға туралай тартқан.


– Есенсіз бе, қария?


– Сәлемет-саусыз ба? – Ол ығысып, қасынан орын берді. «Танымадым ғой» дегендей кірпкісіз қызыл жиек жанарымен бетіне үңіле берді. – Емделіп жатқан кісі боларсыз?


– Иә, аздап жүрегім ауыратын болып жүргені...


– Е, бәйбіше, бәріміздің де сол жүрегіміз сыр бере бастады ғой. Жүрек шіркін жұдырықтай ет дегенмен ол сорлыға адам өз ғұмырында не көрсетпейді...


– Кім біледі, біреуге қиянат жасап, тура жолдан қия басып көрмесек те жазықсыз таңылған талай жаза әлсіретті ғой біздің жүректі.


Шал бұл сөздің төркінін түсінбей қалды ма, әлде түсінгісі келмеді ме, әңгіме ауанын тағы да шағымнан бастады.


«Дәрігерлер өзі жатқан жиырма шақты күннің ішінде сауықтырып жібере алмапты. Бәрі де құрғақ ақыл айтуға төселген бәлекейлер екен. Осыларды астана ауруханасында істейтін білгір маман дегенге таңданады. Басқаға бұл шіркіндердің қайдан жаны ашысын, елге еңбегі сіңген бұлардың өзіне самарқау қарайды екен.»


Қария аурухана маңынан не бір оңған жан, не бір оңға басқан іс таппай қажыған соң өз кіндігінен өрген осы қаладағы қос ұл мен қос келінге таман әңгіме арнасын бұрғанда байғұстың тағы шаршайтын жөні бар екеніне сырт көз шүбәсіз нанғандай. Қос ұл бірдей тас бауыр болып кетіпті. Әкем деп елжіреп тұратындары шамалы көрінеді. Қос «ит» о баста негізсіз емес екен, бұл жазған екі елі маңдайының төрт елі сорына қарай келіндері тікбақай, қатыбас болып кезігіпті. Қысқасы, айналасы қара тұман, аяқ басар жолы таусылып, діңкелеп отырған жайы бар. Қайран да ғана қара кемпірі тірі тұрса осыларға теріс батасын беріп, көрмей кетуге бар екен...


– Мен білсем, сіз сексеннен астыңыз. Енді келіп, бетпе-бет келген кәріліктен арашашы іздейсіз, айналаңыздағының бәрін қаралап, бала-шағаңызды кінәлайсыз. Сондықтан, қария сіз бен біздің кәрілік ит жетелеп жүріп әкелмей қоймайтын соңғы тұрғағына сабырмен кіргеніміз мақұл емес пе?! – «Бәлем, енді не дер екенсің?» деп әдейі тиісе айтқан сөзі қара шалға шыбын шаққан ғұрлы әсер еткен жоқ. Қызыл жиекті жанары Күмістің жүзін тағы бір шолып өтті де, кекесінмен мырс еткен.


– Ал, мен өмірдің етегінен жабысып айырылғым келмейді, білдің бе? Өлетін уақытым болыпты-ау деп жантая салар өлезің мен емес! – Ол орнынан ширақ көтерілді де таяғымен асфальт тротуарды ойып жіберердей нығырлай тықылдатып, ұзай берген.


Күміс шалдың тезірек кетіп қалғанына бір түрлі өкінгендей күй кешті. Сонау сұрапылды жылдары өзінің осының жапқан жаласының кесірінен тіршіліктің біраз түйткілдерін көріп қайтқан Күміс екенін айтқысы келген.


«Шіркін-ай, «еңбегім сіңді!» деп шірейді-ау бұлар, –деп ойлады Күміс ұзап бара жатқан бір уыс шалдың ту сыртынан қарап отырып. – Өмірін қол қусырып, бос қарап жүрумен өткізген кім бар екен? «Соғыста қан төктім» дейді-ау. Қанын төгіп, есен-сау елге қайтып келгендерде не арман бар?! Сол қырғынның үстінде қанын төгіп қана қоймай, жанын пида еткен мың-миллион Әлқуаттар кімге бұлданбақ шіркін?! Сондықтан, өлгендер үнсіз!» деп ойлаған ол.


* * *


Ертеңіне түске таман біреу палатаның есігін қақты да, іле-шала қара шалдың қалылы беті мен кірпіксіз қызыл жиекті суық жанары көрінген. Күмістің тұла бойы дірілдегендей. Баяғыдағы иенде, ат шана үстінде кездескен сәттегідей.


– Ұмытпасам, сенің есімің Күміс болар деймін осы?!


– Иә, мен – Күміспін! – деді ол асыға сөйлеп.


– Күміс болсаң, жүр мені баламның машинасына дейін шығарып сал! – Шал аса таяғымен дәліздің еденін тықылдатып, алдыға түскен. – Сен айтқандай өлімді тыныш жатып тосу үшін емес, бұдан тәуірірек ауруханаға барып емделу үшін шығып барамын.


– Мені қалай таныдыңыз? – деді Күміс қатарласа беріп.


– «Қалай» дейтіні бар? Құлағыма ақ сайтаным келіп сыбырлады дейсің бе? Сен ғой бір кезде жала жауып, соттатқаным үшін менен кешірім сұрайды деп ойлап келесің, ә?! Қателесесің! Қайта айтқаныма көнбегенің үшін сен менен сұра кешірімді. Менің де өмірімде бір қатынды ұнататын хақым бар болатын! Бермедіңдер ол хақымды қолыма. Содан бері ағысқа қарсы жүзіп, өмірмен алысумен келемін. Жеңгенім жоқ, жеңілген де емеспін. Мүмкін жеңілген де шығармын, бірақ мойындап көрген емеспін. – Шал тысқа шыққан соң өзін тосып тұрған балаларын көріп, сәл кідірді. Неге екені белгісіз, осынау адамның алдында тырнақтай кінәсі болмаса да оның бетіне тіктеп қарауға Күмістің дәті шыдамады. Тезірек құтылғысы келген. Шал сөзін сабақтады: –Соғысқа қатыспағанымды ұмытатын жөнің жоқ. Бірақ қатысқандардан қай жерім кем? Мылтық атылмайтын майданда соғыстым мен. Колхоздың біреуін екеу қылам деп, түн ұйқымды төрт бөлдім.


Осындай жерге келгенде соғыс мүгедегімін деп айғайласам әлде біреу «қане документіңіз?» деп сұрар дейсің бе? Сұрамайды. Сеніп үйренген жұрт...


– Қазір денсаулығыңыз жақсы ма? – деп Күміс мына шалмен қоштасар сәттегі сөзді мүлде басқа арнаға бұрғысы келген.


– Әзір өлетін түрім жоқ, оңып тұрғаны да шамалы... – Шал үнін өзгертіп, тіл қатты. Бірақ түсі жылыған жоқ. Сол қызыл жиекті көзімен ішіп-жеп қарайды. – Күмісжан, балаларыңды жақсы болып өсті деуші еді, қашан өлсең де арманың жоқ екен...


– Рас, балаларым есті болып өсті, өзім де оларға қадірімді кетірмеуге тырысамын, – Күміс елеусіз ғана ғып, қыңыр шалдың кінәсін бетіне баса, әдейі айтқан.


Қара шал қоштасудың ишарасын да бет-жүзінен сездірмеген қалпы сырт айналып жүре берді. «Ал қайтесің?!» дегендей күжірейген жон-жотасымен-ақ айбат шегіп бара жатқандай. Екі-үш адым жүрместен қайтадан бұрылды. Тамағын кенеп алып, маңызды әңгіме айтатын сыңай танытты:


– Мен өзім өлгенде хабар айтатын кісілердің тізімін жазып қойғанмын. Соған қосып қоярмын. Бұрын өле қалсам, міндетті түрде келетін бол!


Күмістің ішіне біреу жұдырықтай мұз тастап жібергендей қалтырады. Бір өзі қарама-қайшылыққа толы, бір өзі ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбаққа толы қалы бетті қара шал ұзаған сайын бүтін бір тағдыр, тұтас бір ғұмырмен біржола қоштасқандай күйде тұрды. Неге екенін білмейді, күні кешеге дейін өмір бойы ұялап келген оған деген реніш, тіпті өшпенділік бірте-бірте ыдырап, кеудесі бос шелектей қаңырап қалғандай. «Әттең есемді бір қайтарар ма едім?!» дейтін жылдар бойы кеудесінде бұғып жататын кекке ұқсас бір күй де зым-зия жоғалған сияқты. Әншейін ескі танысын көргендей ғана әсерде тұрды.



1985 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар