Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Ақ жаңбыр...

01.02.2016 5869

Кәдірбек Сегізбай: Ақ жаңбыр

Кәдірбек Сегізбай: Ақ жаңбыр - adebiportal.kz



cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG


«Ешкімге ғашық болып көрмеген адамға

біреудің махаббаты, қуанышы, азабы –

бар болғаны жақсы спектакль

көргендей ғана әсер етуі мүмкін».


(Құндыздың хатынан).


Бастықтың алдындағы қабылдау бөлмесіне бас сұға бергені сол еді, жазу машинкасының клавиштерін жүгері қуырғандай бытырлатып отырған құмырсқа бел, қара көз келіншек:


– О, аға, жақсы келдіңіз, – деп мұның келісінің кімге жақсы болғаны мәлімсіз қуаныштың шетін шығарған. Боямаса да адамның өңменіне әр талы найза болап қадалар кірпіктердің астында жатқан қос қара шоқ – қос жанар жанды елжіретердей тағы да беймәлім жұмбақты шуақ төксін. Қанат та осыдан екі-үш жыл бұрын жалғыз бөлмелі пәтерін кеңейтіп беру жөнінде Композиторлар одағының жеркомына өтініш берген. Соңғы үш-төрт күннен бері «Одақтарыңа он шақты жаңа үй беріліпті» деген сыбыс шығып жүр еді, бұл жазған қара көз келіншектің осынша күлмеңдеуін үйге байланыс­ты жақсылыққа жорысын.


– Қане, Қанат аға, билеңіз, – деді келіншек онымен қоймай. «Е, бастықтың өзі «Жолдастар, «Ең мөлдір махаббат» симфониясы – жас композиторымыз Жанпейісовтың талантын танытқан тамаша туынды», деп еді-ау. Үш бөлмелі пәтердің бірін маған бөлген болар. Тек орталықтан болса екен».


– Айналайын, билемей-ақ қояйын, сүйінші сенікі, – деп Қанат ағынан жарылсын.


– Сүйінші беретініңізге қарағанда, тағатсыз күтіп жүрген хатыңыз болды ғой. Бірақ байқаңыз, сүйіншісін дұрыстап бермесеңіз, жеңгейге айтып қоюым мүмкін. – Келіншек тартпасынан конверті әр жерде жатып, тозыңқырап қалған хатты ұсына берсін.


– Е, қарындасым-ай, бар болғаны хат деші, – деді ол конвертке самарқау ғана қол созып. – Әлгі үй бөлу мәселесі не болды? Мен сол төңіректен жаңалық болып қалды ма деп дәмеленбеймін бе?


Келіншек қызыл сақтиянмен қапталған бастығының есігіне бір қарап қойып, құпиялай сыбырлап сөйледі:


– Бүгін, ертең белгілі болып қалар.


Қанат қабылдау бөлмесінен көңілсіздеу шықты. Әдемі келіншектің әзіліне сонша алданғанына ыза болған. Тіпті «биле» дейді-ау. «Ағай, қайтсем композитор боламын?» деген бір оқушының хаты болар. «Алматы қаласы, Композиторлар одағы, композитор Қ. Жанпейісовке» дегеніне қарағанда, оныншы бітірер алдында ойы онға бөлініп жүрген оқушы болмағанда кім болсын. «Ауылдағы атама» дегенмен бірдей. Қайта адасып-адасып, Алматыны біраз шарлаған хаттың мұны тапқаны таңғаларлық.


Оның хатты ашып оқуға зауқы соқпады. Миын жайлап алған бір-ақ мәселе – бұл жолғы үйлерден бұған бұйыратыны бар ма, жоқ па? Міне, осының бір шетіне шықпай тұрып, басқа бірдеңемен көңілді бөлу қиын еді. Қолындағы конвертті екі бүктеп, қалтасына салды да, не болса да бастықтың алдына барып мән-жайды тағы бір барлап қайтуды жөн көріп, қызыл сақтиянмен қапталған есіктен сыпайы аттаған.


– Иә, білемін, бауырым, білемін жағдайыңды. Нағыз жұмыс істейтін кездерің ғой қазір. Жұмыс істеу үшін жағдай керек. Сенің үйден қиналып жүргеніңді де жақсы білемін. Өзің білесің, бізде кезекте тұрғандар көп. Бірақ қалай да саған көмектесуге тырысамын, – деп, бастығы ағынан жарылған соң, бұл жаңа үйдің кілтін алып шыққандай қуансын. «Жақсы сөз – жарым ырыс», кісінің айтпағын, жай-күйін бірден түсіне қоятын басшысына көңілі әбден риза. Фойэдегі бос креслолардың біріне тізе бүгіп, сигаретін тұтатты. Сол кезде жаңағы «оқушы баланың» хаты есіне түсіп, қалтасына қол сұққан.


«Аса қымбатты, Қанат!» деп басталыпты хат. «Қанат ағай» немесе «Ағай» демегеніне қарағанда хаттың белгісіз авторы оқушы емес екенін бірден сезе қойған. «Е, бір кездері танығысы келмейтін, енді өз қолы өз аузына еркін жетіп, басқаға жақсылық жасауға шамасы келген шақта іздеу салып, мұның көмегін қажетсініп жатқан көп ағайынның бірі болар» деген пікірге күмәнсіз сеніп, әрі қарай оқи бастады.


Құндыздың бірінші хаты


«Аса қымбатты, Қанат!


Сіз мені танымайсыз. Бұл әлемде Сіздің әр қадамыңызды кемі жиырма жылдан астам уақыттан бері қалт жібермей бағумен жүрген бір бейтаныс жанның барын білгенді қойып, ондай адамның болуы да мүмкін-ау деп ойлап та көрген жоқсыз. Әзірше мені жай ғана талантыңызға табынушы бір жан деп есептесеңіз жетеді. Сіздің қолға бұл хатымның тиер-тимесін де білмеймін, егер ала қалсаңыз, бір өзеннің суын ішкен, бір таудың өңірінің топырағын басқан жерлесіңіз ретінде, ең соңында творчестводағы, өмірдегі тілеулесіңіз ретінде өзіңізден сұрар жалғыз өтінішім бар. Отыз дейтін жастан асқанда, яғни ақыл тоқтатқан шақта жазған жалғыз шығармам бар еді. Соны көзі қарақты біреуге (жазу-сызу төңірегіндегі дегенім ғой) оқытып, егер жарап жатса, жарыққа шығуына көмек жасаңыз. Әрине, көптің назарына ұсынуға жарамай жатса өкінбеймін, тек қана қояр шартым, басқаға ұсынбас бұрын, қалай да уақыт тауып, өзіңіз оқып шығыңыз. Әзірге айтарым осы ғана. «Көмектесейін» десеңіз әңгімемді жолдайын. Сіздің хатыңызды асыға күтуші, дарыныңызға бас июші Құндыз деп біліңіз.


Айтпақшы, кеше ғана творчествоңыз туралы берілген арнайы радиохабарды тыңдамасам, Сізге бұл хатты жазуға батылым жете қоймас еді. Жуырда жазған симфонияңыз «Ең мөлдір махаббат» туралы жылы-жылы лебіздер айтылды, әрине, оны өзіңіз де тыңдаған боларсыз. Сіздің табысыңыз алдымен мені қуандырғанын жасырғым келмейді. Журналистердің, өнер зерттеушілерінің бұл шығармаңызды мақтағанына қарағанда, осынау бір мәңгі өлмес тақырыпты жақсы игергеніңізге күмәнім жоқ. Адам махаббат сыйлар шексіз бақыт пен таусылмас тауқыметті өз басынан өткермей тұрып, оны терең сезініп, ол туралы жұрт мақтар дүние жазуы мүмкін емес деп пайымдаймын. Ал ешкімге ғашық болып көрмеген адамға біреудің махаббаты, қуанышы, азабы – бар болғаны жақсы спектакль көргендей ғана әсер етуі мүмкін.


Бұл менің пайымдауым, былайша айтқанда, қарапайым ауыл тұрғынының тым қарабайыр пәлсапасы.


Бәлкім, Сіздің келісіміңізбен жолдағалы отырған менің «шығармам» Сізге жаңа шабыт әкелер. Ал әзірге сау болыңыз... Шиліөзен ауылы


Соңында өзіне хатты қайда жолдауға болатынын көрсетіп, фамилиясын жазыпты.


– Апыр-ау, мынау Құндыз есімді бейтаныс қалай-қалай сермейді. Тілі орамды, ойы сергек жан екен кім болса да. «Тұңғыш шығармамды өзіңіздің оқуыңыз шарт» дейді тағы да. «Не болғанда да, бұл Құндыздың әңгімесін оқып көрейін» деп ойлады ол.


Қанат өзіне көп адасып жеткен хатқа кідіртпей жауап жазып жіберуге алтын уақытынан енші бөлуді кісілік, әрі азаматтық парыз санады. Оның үстіне, «бір өзеннің суын ішкен, бір таудың өңірінің топырағын басқан жерлесіңіз ретінде» дейді. Жерлес дегендердің әр өтініш-базыналарына мұқият мән беріп отырудың өзі жатқан бір саясат. Олардың: «Күні кеше ғана қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап жүретін жаман Жанпейістің ұлына да жал бітіпті!» деп ат қойып, айдар таға салулары оңай. Өзгеден гөрі өз ағайыны сыншыл-ақ. Мін тағуға даяр тұрады. Сондықтан мұндай хатқа мән бермей қоюға мүлде болмайтынын ол жан-тәнімен түсіне қойған. Өзінің әр қадамын бақылап жүрген, оның үстіне рухани тілектес болып, өзін бір тірек көріп жүрген жанға ләм деп бір ауыз ілтифат білдірмеу, барып тұрған көрдемшелік болар еді. Жаңағы қара көз, құмырс­қа бел келіншекке қайтадан кіріп, қағаз бен конверт сұрап алды.


– Дереу жауап жазуға кіріскеніңізге қарағанда хат иесі осал тұсыңызды дөп басқан-ау, ағасы, – деді келіншек қалжыңдап. «Осы шіркіннің көп әзілінің түкпірінде бір жымысқы қиял бұғып жатпасын», деген бір дәмегөй ой кимелеген. Бірақ әзілді елемеген болып:


– Е, ақыл сұраған ағайындар ғой, дереу жауап жазбасам, ұмытылып қалып қояды, сонан соң хатқа жауапты кідіртпей жазып әдеттенген едім, – деп жал айтқан болды бұл.


Ол сол сағатта-ақ «қарындас» деп қыз көрсе қызылкөзденіп шыға келер бойдақ жігіттердей елжіремей-ақ, «сіз-біз» деп, құда түскелі келген кәртемістердей сызылмай-ақ, не өзін тым жайдақ көрсетіп жалпылдамай, не екі ауыз сөзді келте қайырар кеңсенің ресми жауабындай қатқылдамай, барынша кішіпейіл, оқыған, танымал дарын иесі ретінде байсалды жауап жазсын. Қысқасы, көмек жасауға қолынан келгенше аянбайтынын мәлімдей келіп, ағайын, бауыр, қарындас-қайынды айтпағанда кез келген жанға мүмкіндігі жетер көмегін ұсыну азаматтық парызы екенін айтып, өзінің барынша зиялы жан екенін астарлаған. Бұл да өзінше тәсіл қолданып, хатты астанадағы бас почтаның өзі келіп алатын бөліміне жіберуді өтінді. Кім біледі, келесі хатта мұның өзіне байланысты кей жайлар айта қалғандай болса, ондай оңаша сырды өзінің ғана білгені жөн. Үйдің адресін беріп қойып, әйелі Жібектің өзіне деген кіршіксіз пейілін ысырап қылар бір пәлеге қалып жүрер. «Сақтансаң, сақтармын!» деген.


Бекер обалы қане, Қанат мөлшерлеп санап жүріп, шамасы жарты айдан кейін бас почтаға бас сұқсын. Баяғы студент жылдарында ауылдан келер хат-хабар, сәлемдеме-қаржылар, сонан соң ол кезде басқа қалада оқитын Жібектің махаббатты сағыныш­қа толы лебізі мен жастықтың жалынына толы хаттары да осында келер еді. Одан кейін үйлі-баранды, бір шаңырақтың иесі болған соң бас почтадан хат алып кім көрген. Жолдастарының бірі көріп: «Әй, ниеті теріс, кімнен хат күтіп жүрсің?» деп әжуәлағалы тұрғандай, жан-жағына ұрлана қарасын.


Абырой болғанда, мұны көрген де ешкім бола қойған жоқ. «Ж» әрпі үшін жауапты кішкене терезенің ар жағындағы қызға төлқұжатын ұсынып еді, ол да үн-түнсіз алдына алабажақ көп маркалар жапсырылған қомақты үшбу-хатты тастай берді. Бейтаныс бойжеткеннің, бәлкім келіншектің мөрдей ғып ұқыпты жазған таныс жазуы.Ақ қағаздан жасалған үлкен конверттің ішінен көп бетті қалың дәптер шықсын.


Қанат бейтаныстың шығармасын оңаша жерге барып оқымақшы болып, бас почтаның қасындағы бақтағы бір орындыққа келіп жайғасты.


Құндыздың екінші хаты


«Қымбатты, Қанат!


Көптен күткен адамымның жолын тосқандай хатыңыз келгенше мазам кетіп, почтальоннан күн сайын сұрап, әбден торыққан едім. Хатым Сізді таппаған ғой деп қамықтым, енді бірде тапса да шалғайдағы бейтаныс жанның өтінішін орындағысы келмеген шығар деп те ойладым. Бір есептен елінің азаматы бол­ған, халқына танылған, мәдениетті кісі ретінде хатымды жауапсыз қалдырмасыңызға сенгендей едім. Көп рақмет! Бұл хат – мені соншалықты қуанышқа бөлегеніне сеніңіз. Мен өз мақсатыма көз жұмып, нар тәуекелмен жеткендеймін, тағы да айтарым, бұл «әңгімені» ең алдымен өзіңіз оқып шығыңыз. Өзіңіздің шын мәніндегі шығарма деп оқуыңыз үшін әзірге бұл дүниенің тақырыбын былай деп атайық:


Әйел махаббаты


Оныншы сыныптың озат оқушысы атанған Құралай үйге берілген қай тапсырманы орындағанда болмасын, дәл бүгінгідей қиналмаған-ды. Әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімі: «Балалар, бүгін үйден «Менің досым» деген тақырыпта шығарма жазып келіңдер» деген соң, Құралай қолын көтерген.


– Ағай. мен досымның өзіме түсініксіз бір істерін жазсам қалай болады? – деп сұраған.


– Е, неге болмасын, жаза ғой. Жазуға болмайтын дүние болмайды, тек мәселе қалай жазуында, – деген мұғалімі.


Құралай үйге келген соң, басқа сабақтарын тез-тез қарап болды да, дос қызының өзіне мүлде түсініксіз қылықтары туралы еркін тақырыпқа шығарма жазуға отырған. Шығармасына ат қоя алмай әуреленді. Газет-журналдардағы мақалаларды, кітаптардағы әңгімелерді оқығанда оларды оп-оңай жаза салуға болардай көрінетін. Қиындығын алғаш рет өз басына түскенде сезінгендей. Әйтеуір, бір жақсысы газет-журнал үшін жазып отырмаған соң, көркемдігіне онша мән бермей-ақ, көңілдегі ойын рет-ретімен қағаз бетіне түсіру үшін жолдың ортасына тақырып жазды да, шығармасын бастап кетті.


Махаббат мұндай бола ма?


(оныншы сыныптата оқитын қыздың шығармасы)


Бұдан екі жыл бұрын, мен сегізінші сыныпта оқып жүрген кезде біздің үйге көрші болып, басқа кеңшардан біреулер көшіп келді, – деп бастады Құралай шығармасын. Ең қиын асу – бірінші сөйлем игерілген соң-ақ ол саусақтары майысып, екінші сөйлемге батыл кірісті. – Олардың менен екі-үш жастай ғана үлкен Раушан есімді қыздары бар. Екі бетінің ұшы қып-қызыл, өзі аппақ, талдырмаш қыз маған бірден ұнады. Өзі де ашық-жарқын екен, бірден-ақ мені баурап әкетті. Алғашқы күні-ақ екеуіміз ежелгі достардай әңгімелесіп, еркін сөйлесіп кеттік. Раушан мектепті сол жылы бітіріпті де, оқуға барып түсе алмай оралыпты. Енді бірер жыл жұмыс істеп, келер жазда қайтадан астанаға бармақшы екен.


Раушан келесі аптада ауылымыздағы кітапханаға жұмысқа орналасты. Маған тіпті жақсы болды. Қолым босаса-ақ кітапханаға қарай тартып отырамын. Өзі бұрын оқыған қызық кітаптарды алып береді, мен оқып болған соң кітап жайлы пікір таластырамыз. Кейіпкерлерін топ-топқа, жік-жікке бөліп алып, өзімізше олардың іс-әрекеттерін талқылаймыз. Әрине, ондайда Раушанның пікіріне көбіне ден қоятынмын. Өйткені оның менен жасы үлкен, білімі де мол, оның үстіне ақылды қыз екенін әбден мойындап бол­ғанмын.


Бір күні оның әке-шешесі басқа бір ағайындарының үйіне қыдырып кетті де, мен Раушанның қасында отырдым. Ол әдеттегідей әндете жүріп, шайын даярлады. Мен диванның үстінде Раушанның альбомын қарап отырғанмын.


«Мынау сыныптастарым ғой. Ал мынау, бастауыш сыныптан бірге оқыған досым» деген сияқты әрегідік келіп, суреттегі кісілерді сырт­тай таныстырады.


Альбомның орта шеніне таман бір жігіттің суретіне көзім түсті. Тік қабақ, жанары өткір болғанмен суықтау қарай ма, әйтеуір, бір ерекшелігі бар еді. Басқадан ерекше өңді деуге еш келмейтін қарапайым ғана көп балалардың бірінің суреті еді. Бірақ менің оған ерекше көз тоқтатып қарауыма себепші болған Раушанның ол суретті сонша әспеттеп, төңірегін гүлдеп қойғаны болса керек.


– Раушан, мынау кім? – дедім мен.


– Қане, қайсысын айтасың? – деп ол менің қасыма келіп, альбомға үңіле берген. Суретті көрген бетте қабағы дір ете қал­ғандай болды. – Жә, тасташы, кел, шай ішеміз. Бәрібір бұл альбомнан менен басқа танитын ешкімді таппайсың.


Ол альбомды қолымнан алды да, кереуеттің үстіне көңілсіздеу тастай берді. Екеуіміз ұрсысып қалған адамдай үн-түнсіз отырып, шай іштік. Раушанның бағанағы көңілді күлкісі де, әні де, әншейіндегі әзіл-қалжыңы да жым-жылас, жаңа ғана бір көңілсіз хабар естігендей жиі-жиі күрсініп қойып отырды. Біресе ақ құманның қақпағын кесеге түсіріп алды, біресе шайға сүт қатуды ұмыта берді.


– Құралайжан, өкпелеп қалдың ба? – деді ол бетіме бір түрлі мұңая қарап.


– Жоға, неменеге өкпелеймін! – деймін мен түк білмегендей. Шындығында оның көңілінің ойда жоқта нілдей бұзылуына жаңағы суреттің себепші болғанын сезіп отыр едім.


– Кешір мені, сенің түк кінәң жоқ... менің де түк кінәм жоқ еді... – деді ол үні дірілдеп. Аялы қос жанарында мөп-мөлдір жас іркіліпті. Бір сөз айтса болды,бетіне домалап кеткелі әрең тұр. Оның бұл сең соққан балықтай болған күйін елемеген болып, өз алдыма басқа бір әңгіме айтпақ едім, Раушан менен бұрын үн қатты.


– Мен оны жақсы көремін! Жан-тәніммен! Бар барыммен! Бұл дүниеде одан басқа да жігіттер болады-ау деп ойлап та көрген емеспін. Ұйықтасам да, оянсам да есіл-дертім – осы кісі. Бірақ ол жақсы көрмейді мені... – Ол жылап жіберді. Жаңағы көзінің шарасына іркіліп тұрған жас тамшылары домалап, иегінде мөлдіреді.


Оны не деп жұбатарымды білмедім. Бұрын-соңды өзім біреуді аһ ұра жақсы көрген болсам немесе өзімді біреу жақсы көрген болса, бәлкім, «Сен өйт, сен бүйт!» деп, ақыл айтқан болар ма едім әлде... Сол бейтаныс жігіттің Раушанды жақсы көрмегені үшін өзім кінәлі жандай кірпігімді көтеріп, бетіне тіктеп қарай алар емеспін. Дүние­де өзім жақсы көрген, туған апайымдай қадірлеп, сыйлап кеткен адамды мен үшін ойда жоқта белгілі болған мынау жан азабынан қалай құтқарарымды білмей қиналдым. Тек өзімнің де көзім мөлтілдеп кетсе керек, айналам тұманданды.


Ол сол күні мені шешемнің рұқсатымен қасына алып жатты. Түннің бір уақытына дейін кірпік ілген жоқпыз. Әңгімеміз тек қана сол бір жігіт жайлы.


«... Оның есімі Қайрат екен. Раушаннан бес-алты жас үлкен көрінеді. Көп жылдар үйлері көрші тұрыпты. Қыз оны о баста ағасындай көріп: «Шіркін-ай, Қайрат менің туған ағайым болсашы» деп қана армандайды. Бірте-бірте жоғары сыныпта оқитын көршінің ұлын жиі көрмесе тұра алмай жүреді. Қырық сылтау тауып, үйлеріне бара береді екен. Тіпті бір жолы Қайрат Раушанды суы тасыңқырап жатқан өзеннен көтеріп өткізіпті. Әсіресе сол бір сәтті қыз еш уақыт ұмыта алмайтын көрінеді. Бірақ Қайрат қаршадай қызды көзіне де ілмейді, өзімен бірге оқитын қыздармен қыдырып, мәз-мәйрам болып жүре береді. Ол аздай бір күні Раушанды шақырып алып, бір қызға хат апарып бер деп өтініш жасапты. Ол үшін бұл тапсырманың қандай қиын шаруа екенін Қайрат шіркін қайдан білсін: «Осы шаруамды орындасаң жақсылығыңды ұмытпаспын», деп арқасынан қағады. Раушан жазған қайтсін, көзінің жасын бір сығып алып, хатты қызға апарып береді. Ол аздай қыздың жазған үшбу хатын Қайратқа да әкеліп тапсырады.


Қайрат мектепте жүргенде кез келген музыка аспабында ойнайтын, өзі әнші, өнерпаз, оның үстіне жақсы оқитын нағыз үлгілі оқушы болады. Содан да болса керек, оны ұнататын қыздар аз емес екен. Ол өзі теңдестерімен қыдырғанымен көрші үйдегі кішкене қызға көз қиығын салмаған күйі мектепті бітіреді. Көз қиығын салмаған күйі аудандық халық театрында екі жыл жұмыс істейді...


(Хат-шығарманың дәл осы бір тұсына келгенде, Қанат қалың дәптерді орындықтың шетіне қойып, қалтасына қолын салған. Не іздегенін өзі де білген жоқ. Саусақтарға мидан нақты тапсырма берілмеген соң, алғашқы іліккен затты тысқа алып шыққан. Қол орамал екен. Композитор жігіт бетін сүртінді. Терлемепті. Не үшін сүртініп отыр онда? Оны өзі де білмейді. Сонда ғана өзінің о баста іздегені қол орамал емес, шылым екені есіне түсті. Ішіне сорған қою түтіннің алғашқы легі будақтап аузынан да, мұрнынан да шыққан кезде ойы да айқындалып, көзі шырағдандай жанды.


Шығарманың орта тұсына таяған кезде-ақ ондағы кейбір оқиғаларды өзі білетіндей, Раушанды бұрыннан танитындай сезіне бастаған. Енді мынау бейтаныс қыздың оқушы кезіндегі шығармасына Қайрат дейтін есімді жамылып, өзінің кейіпкер болып кеткеніне күманданбаған. «Қу қыз есімдерін өзгертіпті. Раушан деп отырғаны Ризаш қой. Әрі қарай не айтар екен көрейін»,деп ойлады ол. Әрлі-берлі сабылып жатқан таныстардың: «Кәке, не ғып шұқшиып отырсың?» сияқты сөздеріне де мән бермей әрі қарай оқуға кіріскен).


... Алматыға барып, өнер институтының студенті болған кезде қайдан көз қиығын салсын, анда-санла ауылға демалысқа келгенде де сол көрші үйдің қызы деп қана қарайды.


Ақыры Раушан оныншы сынып оқып жүрген жылы Қайраттың адресін тауып алып, хат жазады. Әрине, жақсы көретінін қайдан айта алсын, тек институттардың жайын ғана сұраған болады. Сылтау ғой бәрі. Хатының соңына ала ғана елеусіз ғып: «Қайрат аға, ескерткішке бір фотосуретіңізді салыңызшы, қарап жүрейін», деп өтініш жасайды.


Бекер обалы қане, Қайрат ағасы қыз өтінішін орындап, жа­уап жазады, Алматыдағы жоғары оқу орындары туралы ақпараттар айтады, қандай мамандық түрлерінің болашағы зор екені туралы кеңесін береді. «Қарындасым Раушанға студенттік жылдардан ескерткіш. Ағаң Қайрат» деп тағы да көрші үйдің қызына деген жылусыз, қан-сөлсіз салқын ғана лебізін сыртына жаз­ған суретін салады. Қыз ол суреттің шет-шетін оюлап, альбомына жапсырып қояды да, отыра қалып тағы хат жазады. «Ағасынан» тағы жауап келеді. Сөйтіп, бірі – ауылдың, бірі – Алматының жаңалығын жаз­ған хаттар екі арада сиректеу болса да жүріп тұрады. Әрине хатты сиректеу жазатын Қайрат болмаса, Раушанның кешіктірмесі анық қой.


Раушан көптен күткен Қайраттың қысқы демалысының уақыты да жетіп, жігіт ауылға келеді. Сәті түскен бір күні екеуі кинодан бірге қайтады. Қыз, әрине, ештеңе айта алмайды, жол бойы сөйлеген жігіт қайдағы бірдемелерді әңгімелеп, өзінің болашақ творчестволық жоспарларын, бес-алты ән жазып тастағанын, бірақ оларын композитор ағаларының біреуне көрсетуге батылының жетпей жүргенін сөз етеді. Үйлеріне тақай берген кезде жігіт бұл көптен күткен әңгіменің ұшығын шығарады ғой.


– Қарындасым, сен біреуді ұнатып көрдің бе? – дейді ол. Қыздың жүрегі тулағанда аузынан шығып кете жаздайды. «Қазір Қайрат: «Раушан мен сені жақсы көремін!» дер». Қыздың көзі қарауытып:


« Иә», десе керек. Бірақ оның сөзін жігіт естімеді ме, әлде естісе де мән бермеді ме, әйтеуір, қыз байғұстың өмірі естімесем деген сөзін айтып, бір қиырға лағып кетеді.


– Ех, қарындасым, дүниеде біреуге ғашық болғаннан артық бақыт бар ма екен! Бір қызды жақсы көріп жүргеніме төрт-бес ай болды. Өй, жаратылысы бөлек-ау. Өзі өңді, өзі ақылды. Ол да мені жақсы көреді... Қазір сол қызды сондай сағынып жүрмін, – дейді мұны иығынан ұстап тұрып. Әрине, төбеден тоқпақпен ұрғандай мына сөзді естіген соң қыздың бір сөз айтуға қайдан шамасы келсін, көз жасын көрсетпей үйіне қарай жүгіре жөнеледі.


Содан бері Раушан оны қайтып көрмепті. Ауыл жаңалықтарын тізіп, ауа-райы туралы ақпарат беретін мақсаты аз, болашағы күңгірт хаттарын жазғанын да қояды. Мектепті бітіріп, оқуға астанаға барғанда да онымен хабарласпайды. Жолы болмай институтқа түсе алмаған соң, бұрынғыдан да торығып, қам көңіл болып жүреді. Әйтеуір, үй-іштері мекендерін ауыстырып, осы ауылға көшкеннен бері ғана оны аздап ұмытқандай, өзін-өзі жаңа орта, жаңа таныстармен алдандырғандай екен...»


– Жоқ, Раушан, сендей қызды оның жақсы көрмеуі мүмкін емес, екеуің қалай да табысасыңдар, – дедім оның бауырына кіре түсіп.


– Әй, қайдам, ол менің неге суретін сұрап, неге қайта-қайта хат жазғыштап жүргенімді білмеді дейсің бе? Бала емес қой. Өзін өліп-өшіп жақсы көретінімді білген соң, көңілі суысын деп анау бір «әрі сұлу, әрі ақылды» қызды қалай сағынып жүргенін әдейі айтты-ау деймін. Содан қорқамын... Жарайды, ұйықтайық, таң да атып қалған шығар...


Бірақ мен таңғы тауық шақырғанша көз ілген жоқпын. Раушанның басына түскен, өзім әлі сезініп көрмеген ауыртпалықты бір амалын тауып, жеңілдетсем, тіпті мүмкін болса бөлісіп алсам деймін. Бірақ қалай? Ешқандай жол таппай қиналамын. Шіркін-ай, анау Қайрат есімді ештеңені ұқпайтын, миғұла жігітке жолығар ма еді, аяғына жығылсам да Раушанның оны сүйетіндігін және менің жан досымның сонша жақсы қыз екендігін түсіндірер ме едім деп қиялдаймын. Бір-бірін көрмей осылай кете берулері мүмкін емес, тіпті мұның өзі қай жағынан қарасаң да әділдік емес деген шешімге келдім. Қалай ойласам да қаршадай күнінен жан-тәнімен беріле жақсы қөрген Раушандай қыздың махаббаты өз дегеніне жетуге тиіс. «Мүмкін киноларда, кітаптарда болар, ал өмірде осындай сәтсіздік болуы мүмкін емес! Ол әділетсіздік қой». Осылай да осылай, Қайратқа хат жазуым керек деп, Раушаннан оның адресін сұрасам, ол без-без етіп жолатпайды. Қайтейін, қолдан келер еш амал жоқ, тек Раушанға тілектес болып қана жүруіме тура келді.


Күндер, айлар тізбектеліп өтіп жатты. Раушан да уақыт өткен сайын өзінің жан азабын ұмыта бастағандай, тіпті оның бұрын­ғыдай жарқылдап күліп, әндетіп жүретінін жиі көретін болдым. Оның бұлайша қайта туғандай өзгеріп, өзі жан-тәнімен сүйген Қайратының мына кең дүниенің бір бұрышында жүргенін де біржола ұмыт­қандай, жарқылдап жүруінің өзі маған мүлде ерсі көріне бастағандай. Менің түсінігімше, біреуді шын беріле сүйген және ол махаббатының қандай нәтижемен аяқталары мүлде беймағлұм жанның бұлайша көңілді жүруі тым ерсі. Тіпті Қайрат туралы әңгіме қозғасаң ренжитінді шығарды. Сөйтіп, мен ол жайлы тіс жармайтынмын, оның есесіне, не пәле болғанын қайдам, Қайрат өзімнің есімнен шықпайтын. Әрине, мен де оны жақсы көріп, ғашық болып қалдым деуден мүлде аулақпын. Бәлкім, «Раушандай тал бойында, мінез-құлқында тырнақтай кемшілігі жоқ қыздың мөлдір де нәзік сезіміне селт ете білмеген серінің өзі сонда қандай жігіт екен?» деген білмекке деген құмарлық қана болар. Расында да Раушан мінсіз, нағыз бойжеткеннің үлгісіндей көрінетін. Егер мен қыз болып тумай, жігіт болып жаралсам оған, сөзсіз, ғашық болар едім. Иә, мен жігіт болмасам да ғашық едім. Мөлдіреген бота көзі тым жәудір, тым бейкүнә қарайды кісіге. Қолмен салғандай қиғаш қасы, үлбіреген қып-қызыл ерні, мінсіз аққұба жүзі, тілерсекке түскен қос бұрымы – құдай-ау, бәрі-бәрі жиналған бір жарасымдылық сияқты. Ал оған үлкен-кішінің көңіліне қарап тұрар мінезін, бәрін де білсем, бәрін де үйренсем дейтін талапкерлігін қосыңыз... Осындай қызды елемей жүрген жан немесе мейлінше жақсы мен жаманды айыра алмас миғұла болуы не «жердегі» жандарды көзге ілмейтіндей өнерімен, өзгеше қасиетімен «аспандап» кеткен ерекше кісі болуы мүмкін. Бәлкім, содан да болар, менің оны бір көруге ынтазар бола бастауым...


Соңғы кезде тапқан бір әдетімнен өзім де қорқа бастағандаймын. Раушанның үйіне барсам болды, қалай да жігіттің суретіне бір үңілгім келеді. Осындай жақсы жігіттің Раушандай қызды түсінбегеніне таңырқап, оның ешкімнен артық ештеңесі жоқ беті-жүзін зерттеймін.


Биыл күзде мектеп бітіретіндер комсомол-жастар бригадасын құрып, шопан боламыз деп аудан оқушыларына үндеу көтердік. Біздің бастаманы көптеген мектеп оқушылары қолдады.


Көктемнің күні тамылжып тұр. Бірнеше оқушы аудан орталығында өтетін жас шопандардың слетіне бардық. Есімдері танымал қойшылар, шаруашылық басшылары мінбеге көтеріліп, біздің қадамымызға сәттілік тілеп, ақылдарын айтып жатты. Слет аяқталып, соңынан халық театрының әншілері концерт қойды. Бір кезде конферансье:


– Жолдастар, біздің театрымыздың бұрынғы өнерпазы, қазіргі астанадағы өнер институтының студенті, талапкер композитор Қайраттың жаңа әні «Сағынышты» тыңдаңыздар. Қайраттың өзі қазір демалыста екен. Осы залда отыр. Композитордың өз әнін бізге орындап беруін сұраймыз, – демесі бар ма. Өз құлағыма сенбей, орнымнан тұрып кетіппін. Жұрт дуылдата қол соғып жатты. Ортаға шыққан ұзын бойлы, қара торы жігіт тыңдаушыларға иіліп тағзым етті де, пианиноның қасына барып отырды. Сол Раушанның альбомындағы тік қабақ, суық көрінгенімен тым өткір жанар. Өз көзіме сенбейтіндеймін.


Пианино бір әсем әуенді құйқылжытты. Жанға жайлы қоңыр дауыс тым аспандамай, баяу басталып, қалықтай жөнелді. Енді өз құлағыма сенбегендеймін. Бір жақсы күйтабақты тыңдап отырған сияқтымын.


Пианиноның пернелерінің үстінде тынымсыз билеген он саусақ сәнмен жорғалайды. Ақ жейдемен жарастыра киген қарапайым ғана қара костюмі, ән ырғағымен сәл ғана ырғалған балғын да сұңғақ дене музыка үшін, ән айту үшін ғана жаралғандай. Әдемі дірілі бар қоңыр үн биікке көтерілген сәтте даңғаза айғайсыз, жан-жүректі тербеп, баяу ғана қалықтайды. Оның осы отырысынан, тіпті сахнаға шығысының өзінен, ән айтысынан, пианиноны аспандата ойнауынан еш­қандай да артық мінез: «Мені көрдіңдер ме?!» дегендей «аспандай бастаған» қылықтың ұшқынын да көре алмадым. «Демек, мұның Раушанды елемейтіндей мен-мендігі жоқ!» дейтін түйінге келдім. «Ендеше, не сыр бар? Бәлкім-бәлкім, бұл жақсы көрер бейтаныс қыз Раушаннан да артық болар? Мүмкін емес! О, махаббат, мен ұқпайтын сенің қалтарысың осынша көп болар ма?» Әнді тыңдаймын үздігіп...


«Мен сені сағынып жүрмін. Неге үнсіз, хабарсыз кеттің? Бәрібір сен мен үшін жаралған жансың. Екеуміздің айлы түнде қыдырып, сырласқан шақтарда бірімізсіз-біріміздің күніміз жоқ екенін білсек те жүрек сөзін айта алмап едік, бірақ іштей екеуміз де сезіп тұрғанбыз. Оны айтуға тиісті адам мен едім, айта алмадым, әлі айта алмай жүрмін... Сағындым ғой, болмаса тілегіңнің, жүрегіңнің бір бөлшегіндей хатыңды жолдасайшы. Неге үнсізсің?..»


Бәсе, мен қателескен екенмін! Басқаша болуы мүмкін емес. Бұл ән тек Раушанға арналуға тиіс. Солай деп қабылдадым. Қайраттың қыз жанын ақыры түсінгені үшін мен шексіз бақытты едім.


Концерт аяқталысымен елді киіп-жарып, сахнаның сыртына жүгірдім. Бірақ әнші жігітті бес-алты қыз-жігіт қоршап алыпты. Әлде нені айтып мәз. Киіп-жарып ортасына кірудің жөнін таба алмай, состиып біраз тұрдым да кері шегіндім. Раушанның да жігітті ессіз сүйетінін айтып, қуандырмақ едім, амал қанша, оның да ретін таба алмадым. Оның есесіне ауылға тезірек жетіп, Раушанды қуандырғанша асықтым.


Жол бойы автобуста бағанағы «Сағынышты­­» ыңылдаумен болдым. Тау-тас, айнала бәрі де керемет бір шаттыққа шомыл­ғандай. Ауылға келіп, үйге кірген бетте шешеме:


– Тәте, Раушан үйінде ме екен? – дедім аптыға сөйлеп.


– Раушанды қайтейін деп едің? Сен әлі естімеген екенсің ғой. Ол ұзатылғалы жатыр ғой. – Мен аңырып бетіне қарап қалыппын. – Өзі де бір мың болғыр бала ғой. Барған жерінде бағы ашылсын... Құрымбайдың ұлының аты кім еді, әлгі сатушы болып істейтін? Сәрсен бе еді, ие, аузының салымын айтамын-ау. Раушандай балаға тап бола кеткен.


Бұл сөзді дәл шешемнен басқа біреу айтса, кеңірдегінен ала түскен болар едім, есім шығып, орнымнан атып тұрыппын.


– Жалған! Ол ешқандай Сәрсенге бармайды! Бармайды! – дедім қалшылдап. Сөйттім де үйден жүгіріп, тысқа шықтым.


«Мынаның дені сау ма?» дегендей болды шешем ту сыртымнан.


Жүгірген бойда Раушанға жетейін. Өңім өрт сөндіргендей болса керек.


– Не болды? – дейді ол бетіме таңырқай қарап. – Жайшылық па?


– Жайшылық емес! Былай шығып кетші.


Оңаша шыққан соң ол бір жаққа қашып кететіндей қолынан мықтап ұстап алыппын.


– Раушан, мен бағана орталықтан Қайратты көрдім... Ол саған арнап «Сағыныш» деген ән шығарыпты... Ол да сүйеді екен сені...


Раушанның қабағы дір ете қалғандай болды. Бірақ менің бұл жаңалығым оған көп әсер етпегендей, бей-жай тұра берді. Мен асығып, абдырап, жаңа ғана естіген жаңалығымның анық-қанығын білуге құмарттым. – Жаңа тәтем айтады... Сені сатушы Сәрсенге тұрмысқа шығады деп... Мен сенбей... Олай болмайды ғой, Раушан, солай емес пе?


– Рас, мен Сәрсенге күйеуге шығамын. Келесі аптада тойымыз өтпекші... Енді сен маған Қайратыңды айта берме. Ол – жоқ. Мен үшін өлген адам...


– Ал, махаббатың ше?! – дедім жылап жіберуге шақ қалып. – Сонда сенің жақсы көргенің жалған болды ма?


– Баласың ғой, Құралайжан, баласың әлі. Бойжеткен соң түсінесің. Махаббат деген сен ойлағандай кіршігі жоқ көгілдір әлем емес. Ол сылдырап ағар мөлдір бұлақ та, аспанында Айы жүзген сүттей аппақ түн де емес. Ол – елес, ол – көздің жасы, ол, ол... бір адамның өмірін алақұйын ету үшін ғана адамзатқа зиянкестікпен әдейі жаратқан бір күй. Жарайды, ол Қайратыңа деген менің күйімді «махаббат» деп-ақ атайықшы. Оның да сондай сезімі басқа жанға арналса, мен «махаббат!» деп асылып өле қалуым қажет пе?!


Мен қанша жақсы көргенмен елес қуып жүре алмаймын ғой. Ол болса білімді азамат, болашақ композитор. Ал мен ше?.. Әркімнің өз теңі бар емес пе?! Қайратты сыртынан сағынып жүріп, қартайып отыруым керек пе? Әлде Сәрсен маған жар бола алмай ма? Өзімді жақсы көреді, ол да маған аз олжа емес.«Өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенмен» деген сөз тегін емес.


– Не айтып тұрсың, өзі?


– Жә, сөзді қой, онан да мына тойды өткізуге қолғабысыңды тигіз. Тумасаң да туғандай сіңілім емессің бе?! Білек түріп, кірісіп кет даярлыққа.


Менің бұдан кейін сөз айтуым мүмкін емес еді. Дел-сал болып, үйге қайттым. Жауабы белгісіз сұрақтар басыма толып алғандай. Тумаса да туғандай сіңлісі екенім рас болса да өкпелеген кісіше Раушанның маңына жоламай жатып алдым.


Той да өтті. Раушаннан көңілім мүлде қалса да, бұрынғы кіршіксіз достығымыздың (мүмкін өзімнің бұл қызды құлай жақсы көруімнің) соңғы көрінісі болсын деп мен де тойға келдім. Көзімді жұмсам төгілме аппақ шаңқандай көйлек киген Раушанның жанында тік қабақ, өткір жанарлы (суық емес) Қайрат отырғандай елестетемін. Екеуі де мәз, нағыз бақыттарына жеткен жандар. Көзімді ашсам ақ сары жүзді, көгілдір көз, ұзын бойлы Сәрсен отырады. Екеуі де мәз. Сәрсеннің, Раушандай қызға үйленген Сәрсеннің бақыттан мәз болары сөзсіз. Ал Раушан неге, неменеге жетісіп, мәз болады?! Қаршадай күнінен құлай сүйген жанына қолы жетпегені, бәлкім өз сезімін оған дәлелдей алмағаны үшін мәз болып отыр ма?! Жо-жоқ, бұл дүниеде мен білмейтін құпиялар көп екен.


Елдің дуылы ма, әлде әрнені бір ойлағаннан ба, басым қақ айрылып түсердей ауырған соң, байқатпай үйге қайтып кеттім...


Ауылдың қараңғы көшесімен жалғыз келе жатырмын. Бүкіл ауыл тойлы үйде. Араның ұясындай дуылдап, мәз болып жатыр. Өз ойыммен оңаша қалған мен ғана жалғызбын... Мүлде жал­ғызбын! Ең аяғы сырласымдай, мұңдасымдай жалғыз Раушаннан да айрылдым. Оны ұзын бойлы сатушы Сәрсенге ұрлаттым...


Мені содан бері түрлі-түрлі сұрақтар қамап алды. Махаббат мұндай бола ма?


Соңы...»


(Қанат сағатына қарады. Жұмыс аяқталуға таяп қалыпты. Не болғанда да, хаттың жалғасын үйге барып оқитын емес, кабинетіне барып оқып бітірмек болып, кеңсесіне қарай аяңдады. Мұның не оқып отырғанында кімнің қандай жұмысы бар?


Жігіт осы жасына дейін өзін сонша жақсы көретін қыздың бол­ғанын, тіпті бұл үшін оның жасын төгіп, талай түндерін ұйқысыз өткізгенін аса бір тоқмейіл көңілмен қабыл алды. Шынында Қанат көрші үйдің құйтақандай ғана қызы Ризаштың өзін жақсы көретінін байқамапты. Қайта-қайта хат жазып жүргенін асау балалық мінездің бір күйі болар деп түйіпті кезінде. Құйтақандай қыздың да өзін қуалай бойжетерін кім білген?!


Бірақ Ризаштың күйеуге шығып кеткені, онымен қоймай, тойының үстінде масайрай күліп, мәз-мәйрам отырғаны туралы оқығанда бір түрлі жан-дүниесі құлазығандай болған. Өз тарапынан өтілін өткізіп қойғандай, «Махаббатының сұрқын қарашы, бәсе, өзі де қызақойлау қыз сияқты еді. Ондайлардан нағыз сүйіспеншілік үшін соңына дейін күресетін жан қайдан шыға қойсын?!» деп сөксін. Бір кездегі бар болғаны көршісінің қызы болған Ризаштың тұрмысқа шығуына, тіпті оның өз тойында көңілді отырғаны да әбден заңды құбылыс екенін мойындай тұра оны не үшін сөккенін өзі де ұға қоймаған.


Ол енді Ризашты жас деп жүрген кезде оның кенже сіңілісіндей тамылжыта хат жазып, өзін белгісіз бір қызық хикаяға жетелеп бара жатқан мына қыздың не айтпағын білуге құмартты.


Кабинетіне кірген соң хат-шығарманы әрі қарай оқуға кірісті).


... Құралай өзін қинаған ойларын еркін тақырыпқа жазған шығармасында толық айту үшін бір апта азаптанған соң, балалардың ең соңы болып, жазғанын мұғаліміне тапсырған.


– Құралай-ау, сонша көп жазыпсың ғой, – деді әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалім шығарманы алып тұрып. Қыздың бойы бір түрлі жеңілдегендей, өзін қинаған сауалдың жауабын мұғалімнің айтарына сөзсіз сенген. Өйткені ол кісінің қандай мәселеде болсын шеше алмайтын түйіні жоқ деп білетін.


Екі-үш күн өткен соң, мұғалім оқушылардың шығармаларын таратып, әрқайсысының жетістік-кемістігін талдады, тиісті бағаларын қойды. Бірақ Құралайдың қалың дәптерін бөлек қойды да, ол жайлы ештеңе демеді. Тек қана сабақ біткен соң:


– Құралай, сен кідіре тұршы, – деді бетіне жымия қарап. Екеуі оңаша қалған соң Құралайды алдыңғы партаға шақырып алып, дәптердің бетін ашты.


– Айналайын, қара қызым, сенен бірдеңе шығатынына сенімді едім, енді мынау дүниеңді оқып, соған көзім әбден жетіп отыр. Біріншіден, сенің жаныңның мөлдірлігіне, өмірді сәби көзбен көріп, сол қалпында түсінетініңе, сол қалпында қабылдайтыныңа ризамын. Тіршілік жолының бұлтарыс-қалтарыстарын бірте-бірте үйрене жатарсың, тек осы таза қалпыңнан танба. Екіншіден, сенің жазушы болатын ыңғайыңды танып қуандым. Әрине, бұл алғашқы тәй-тәй қадамың ғана, әрине, ол үшін талмай талпына беруің керек. Сенің кімді жазып отырғаныңды білдім. Аз ғана жұрты бар ауыл ғой, оқыған жұрттың бәрі де білер еді. Сондықтан нақты бол­ған оқиғаны жазғанда кейіпкерлеріңнің аты-жөндерін өзгерту аз, мамандықтарын да өзгертуге тура келер. Үшіншіден, шығарманың соңында қойған сауалыңа «Махаббат мұндай болмайды» деп жауап беру оңай, бірақ өмір атты ғұламаның әр сауалға асықпай қайтарар өз жауабы бар. Оны болашақтан табарсың.


Солай қызым! Бұл дүниеңе бес қойдым. Бірақ өзіңе берейін, кейін азамат болғанда оқырсың, мүмкін өз сауалыңа жауапты өзің табарсың!..


Құралай үйіне келген соң өмірінде алғаш рет жазған «көркем шығармасын» мұқият орап, чемоданының түбіне салып тастады. Мұғалімі өзі қойған жалғыз сауалдың жауабын болашақтан табарсың деп қанша жұбатса да, ол бәрібір Раушанның әрекетін өз махаббаты алдындағы, Қайраттың алдындағы кешірілмес кінәға, теңеуі табылмас опасыздыққа балаған еді. Енді оның көз алдынан «жазықсыз жапа шеккен» Қайраттың бейнесі кетпейтін болды. Сахнада өзінің Раушанға арналған «Сағыныш» әнін айтып тұрған бейнесі емес. Қыздың альбомындағы тік қабақ, өткір жанарлы бейнесі кетпейтін болған. «Бір нәрсеге сәл ренжіп отырғандай ма еді, әлде. Мүмкін, өзі ән арнаған қыздың осындай опасыз болып шығарын алдын ала сезген болар». Әйтеуір оған Раушанның альбомындағы жігіт суреті қараңғы қапаста, опасыздықтың «түрмесінде» қамалып жатқандай көрінген. Қалай да оны құтқару керек сияқты болды. Әйтпесе күні ертең анау сатушы күйеуі: «Мынау төңірегін гүлдеп, ою-өрнектеп тастағаның қай ғашығың?» деп, түк кінәсі жоқ суретті ортасынан қақ бөліп тас­тауы мүмкін ғой...


(«Бәрекелді!» Қанат үнінің қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Кабинетте бірге отыратын келіншек мұның бетіне жалт қараған.


– Маған бірдеңе дедіңіз бе? – деп қиылды ол.


– Ә, жоқ, өзім ғой... – дей салды Қанат. Жаңағы оқыс үнін жуып-шайғандай зорлап жөткірінді де, тұқшиып қағазға қайта үңілді).


... Қыз әлі жасауын алып үлгермеген Раушанның үйіне жиі барғыштайтын болды. Ойында ештеңе жоқ адам сияқты әр нәрсені сылтау етеді. Сәл кідіріп, жасыл масатымен тыстал­ған альбомды қолына алады. Қызының теңін тауып, құтты жерге қонғанын мақтана сөйлейтін Раушанның шешесінің әңгімесін тыңдайды. Ақыры бір күні байқатпай суретті алды да, кеудесіне жасырған қалпы сытылып үйден шыққан. Көп уақыт бойы ол үй жаққа көз салуға да қорқатын, бірақ соңынан қуып келген жоқшы да болған жоқ. Әрине Раушан үйіне келгенде альбомдағы суреттің жоғалғанын көргенде, ұрлаушының кім екенін де білген болар, бәлкім, өзінің де мүлде ұмытуы үшін, бәлкім, күйеуінің күдіктенбеуі үшін суреттің қолды болғанына қуанған да шығар.


Оның есесіне Құралайға ермек табылды. Жазықсыз «жапа шеккен» жігіттің тым болмаса суретіне өз қолынан келгенше жақсылық жасап бақты. Ең басты жақсылығы, астыртын әрекет етсе де оны «түрмеден» бостандыққа шығарып алды. Ендігі жақсылығы альбомның бірінші бетінде мүліктің иесі ретінде өз суреті тұрса, екінші бет – ең құрметті орын композитордың суретіне берілді. Үшіншіден, суретті Раушан сияқты қолдан салған сұрықсыз суреттермен емес, түрлі-түрлі ашық хаттардың гүлдерінен іріктеп-сұрыптап отырып, әдемі жақтаушамен безендірді. Төртінші жақсылығы – қараңғыға қамап тастамай күніне ең кемі бір дүркін бетін ашып, бар болғаны сурет болса да онымен сырласып тұратындығы...


Құралай мектепті бітіріп, жас шопандар бригадасында бір жыл жұмыс істегенде де альбомын өзімен бірге ала кеткен. Қой жайып, өрісте жүргенде де үйге жеткенше асығатын. Өзі әлі тілдесіп көрмеген, бар болғаны арқан бойы жердегі сахнадан бір-ақ рет көрген көзтаныс композитор жігіт бетінің қай тұсында қандай бүртігі барына дейін суреті арқылы жатқа білсе де, тағы бір көруге құмартатын. Бұл кезде ауылға, әсіресе жаңа ән десе ішкен астарын жерге қоятын жастар арасына талантты композитор жерлестерінің жаңа әндері еркін тарап кеткен. Бастарын қоса қалса, оның «Сағыныш», «Егіз қайың» әндерін шырқасатын. Құралай басқалардың осы әндерді айтуларын іштей қалап отыратын, жуырмаңда ешкім ескере қоймаса, оның бір әнін өзі бастайтын. Бірақ ол бірге жүрген құрбыларының бірде біріне өз сырын айтып, оның өзінде ол жігіттің суреті барын және оны киелі тұмардай сақтап, жансыз бейнемен құпиялап қана «тілдесіп» жүретінін сездірген емес. Сездіріп алса елес қуғандай тіршілігін ешкімнің түсінбесіне, тіпті мұның денінің саулығына күмән келтіретіндердің де боларына сенімді. Сондықтан жабулы қазан жабулы дегендей, бар сыр, бар құпиясын өз кеудесінде ғана ұстауға бекінген.


Келер жылы жазда бір топ сыныптастарымен бірге астанаға оқуға аттанған. Әрқайсысы әр дәрежедегі оқу орындарын іздеп, бір-бірлеп документтерін өткізе бастаған. Әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімі мұның болашақта жазушы бола аларына көзін қаншалықты жеткізсе де, өзінің о баста дәрігер болармын деген мақсаты Құралайды медициналық институтқа жетелеген. Әкесі байғұс бір қойын сатып, қалтасына салып берген азын-аулақ қаржысын барынша үнемдеп, күндіз-түні емтиханға әзірленуге кіріскен. Мектепті алтын медальмен бітіріп келген ол алғашқы емтиханнан соң-ақ емдеу факультетінің студенті атанды. Сол сәтте оны кереметтей қуанды десек артық болар еді, оған бәрі де осылай болуға тиісті, заңды құбылыс болып көрінген.


Студент жатақханасының заңды тұрғыны болып, өзіне басыбайлы бір кереует тиген соң, ол Қайраттың суретін мүлде «бостандыққа» шығаруға ұйғарып, әдемі жақтауша сатып әкелді де, тұсына іліп қойсын.


– Бұл кім, жігітің бе? – дер еді курстас қыздардың қай-қайсы да суретті алғаш көрген бетте. «Жоқ, өзім әлі таныспаған сондай бір кісінің суреті еді», деуге ұялып:


– Ағайым ғой, – дер еді. Қыздар өздері жақсы көрген жігіттері жайлы әңгіме қозғаса, бұл өмірінде әлі ешкімді жақсы көріп үлгермегенін, рас, мектепте оқып, бір жыл шопандар бригадасында жұмыс істеп жүргенде кейбір балалардың хат жазып, көңіл білдіргендерімен өзінің шын жақсы көріп, құлай сүю дегенді әлі сезініп көрмегенін айтатын.


– Бақыттысың ғой, – дейтін ондайда махаббат «жалынының » қызуын сезініп үлгірген қыздар. – Бірақ біреуге ғашық болу «дерті» кез келгенге бір соқпай өтпейді. Сондықтан ғашық болар күніңді тосып жүре бер.


– Е, қыз шіркіннің біреуді құлай сүйгенінен не пайда? Онан да өздеріңе ғашық болар жігіттерді айтсаңдаршы, – дейтін бір бөлмеде тұратын төрт қыздың ересегі, мектепті бітірген соң екі-үш жыл жұмыс істеп келген Шолпан есімді бойжеткен. Өзі қараторының әдемісі болса да басқа қыздар сияқты «ана бір жігіт, мына бір жігіт» деген сияқты қысыр әңгімеге көп араласпай өзін барынша салмақты ұстайтын. Студент атана салысымен демалыс күндері болатын би кештеріне де бара бермей, сабағын тиянақтау­ды артық санайтын. Сол Шолпан қазір де сөзінің аяғын жас қыздарға деген жарасымды ақылмен түйіндеген. – Пісіп тұрған қып-қызыл алманы бір тістеуге әркім-ақ құмар. Тіс тиген алманың құны аз боларын ұмытпаңдар, қыздар...


Әзірге ешкімге ғашық болып көрмегенін, әрине, Құралай да керемет бақыттылық дей алмас еді. Мұның ойынша бақытты ғашықтық ертегілердегідей күй кешетіндерде деп түйеді. Қыздардың сөзіне құлақ түрсе, өзің сүйіп, ол сүймесе – бұл нағыз бақытсыздық, ал ол сүйіп, сен сүймесең – бұл мысықтың тышқанмен ойыны сияқты ғана рақат беретін немесе өз артықшылығыңды сезінуіңмен ғана ләззат алатын ермек көрінеді.


Құралай өзі ешкімді ұнатып үлгермегендіктен, уақыты жеткенде көре жатармын, тіпті мектепті жақсы бітіріп келген соң, институтқа қиналмай түсуі сияқты махаббат «дертін» де сәтімен жетіліп, сәтімен аяқталар құбылыс деп ойлайтын. Ал өзіне ниет білдіргендердің әрекетін шын махаббат деп ойлап та көрмеген. Шолпан айтқандай, олардың қылығын «пісіп тұрған алманы бір тістеуге» құмарлар ғана деп пайымдап, бәрінен де аулағырақ жүруге тырысатын.


Институттың бірінші курсында оқып жүрген болатын. Бірер курс жоғары оқитын Жұман есімді бір жігітпен танысып, араласып жүрген. Қыз атаулы қызығардай өң десе өңі бар, сөздің де жүйесін білетін, сабағына да тәп-тәуір жігіт екен. Сол сәтте қыз бойында Жұманға деген ешқандай сезімі болмаса да, азаматтың басын сыйлағандықтан, сыпайы-салтаң сөйлесіп жүре беретін. Бір күні жігіттен хат алсын. Тұманбай ақынның жақсы жырына өзінің олақтау қара сөзін қоса жолдапты сабазың. Сонда Құралай: «Маған ғашық болған Тұманбай ақын ба, әлде сенбісің, Жұманжан?» деп жігітті тұйыққа тірегені бар. Содан кейін осы ер азаматтардың қыздар сияқты шын жақсы көре алатынына күмәнмен қарай бастаған. Қазіргі бар мақсат – тек қана оқу, шын мәніндегі студент болу деп қана түйген. Басқасын былай қойғанда, әзірге стипендия алу үшін болса да жақсы оқу керектігін ғана білетін. Жеті-сегіз бауыры мен сіңілілерін асырап отырған әкеге салмақ салмау үшін де, тек осы бағытынан айнымауға бекінген. Содан да болар астанада жарты жылдай жүрген уақытында тым болмаса бір рет киноға да барып көрмепті. Жатақхана–институт–кітапхана. Осы үшеуінен басқа қызық та, рақат та бар деп ойламаған. Сол еңбегінің арқасында алғашқы семестрде-ақ барлық емтиханды үздік бағамен тапсырып, жай стипендия ғана емес, көтеріңкісін алатын болған. Тек содан кейін ғана жексенбі күндері мәдени демалысқа – киноға баруға, немесе жай ғана қыдырып қайтуға екі-үш сағатын бөле бастаған.


Астанадағы алғашқы бірінші мамыр мерекесінде бұлар бөлмедегі қыздарымен кешкі серуенге шыққан. Барлық студент, жастар бірі қалмай, көшелерді толтырыпты. Күндегідей жаяулар ығысып, машиналарға емес, машиналар жаяуларға жол берердей күйге жеткен. Әсіресе қаланың орталық алаңында ине шаншар жер жоқ. Әр тұста топтанып ән салған, би билеген жастар. Самаладай жарқыраған шамдардың жарығымен әр серуеншінің жүзіндегі қуаныш, ерекше көңілділік анық көрінеді. Тіпті кейбір жас жұбайлар жас балаларын төбелеріне көтеріп алыпты. Күмбірлеген оркестр үні алаңды ғана емес, бүкіл қаланы мөлдір әуенмен тербеп тұрғандай. Бір кезде Көктөбенің үстінен бір құшақ от аспанға қарай тік шаншыла шашылып еді, әр-әр жердегі зәулім үйлердің төбелерінен атылған от шашулар да түнгі тұңғиық аспанды бояп жіберді. Сол кезде жер тітірегендей болды да, іле гүрсілдеген дыбыстар біріне ілесе бірі жете бастады. От шоғырлар – от шашулар қайтадан жерге құлдилаған түрлі-түсті жұлдыздар соңынан бозғылт шуда із қалдырып, жол ортада сөніп жатты.


Мұндай кереметті бұрын-соңды көрмеген Құралайдың естен тана қуанғаны сондай, қолын шапалақтап мәз болды. Алматыдай кербез қаланың бұл дүниеде барына, өзінің сол қалада студент атанып жүргеніне алғаш рет сүйсінген. Гүрс-гүрс, жарқ-жұрқ. От шашу бүкіл бір жастық шақ атты қайталанбас ғажайып кезең салтанатының дәл көрінісіндей.


Ұсақ тамшылар бетті, шолақ жең көйлек киген ашық білектерді қытықтай бастады. Жанға жайлы жылы тамшылар. Салют атылып болды. Жұрт айнадай жарқыраған асфальт бетін жаңбырдың секпілдендіре бастағанына қарамай би, ән, күлкілерін толастатар емес.


Құралайдың да жүре бергісі келген. Өзін бойжеткенмін деп, студент болып мойындай бастағаннан бері тұңғыш рет жатақханаға қайтқысы келмеді. Тұңғыш рет кереуетінің тұсына тұскиіз ғып ұсталған арзанқол қызыл ала матаға ілінген суретті ұмытып кеткен.


– Ой, Жадыраны қараңдар, Жадыра! – Қасындағы қыздардың бірі іздегенін жаңа тапқандай жұртты кимелеп, алға ұмтыла берді. Бұл да қалың нөпірдің арасынан жаңағы қыз бет алған бағытқа қараған. Ең алдымен жерге төгілдіре киген ақ көйлекті талдырмаш қызға көзі түсті. Басындағы гүлдестелі ақ фатасы тіпті жарасып кеткен. «Мынандай бүкіл халықтық мерекеде өмірлік серігімен жұптасқан қандай бақытты қыз! Жаңағы салют – от шашу осылардың тойына арналғандай...» Сол кезде жаңағы қыз жүгірген бойы ақ көйлектіні барып, құшақтай алды. «Демек, Жадыра той иесінің өзі болды ғой». Қыз досын құшақтап, құшып болып, қасында тұрған қара костюмді, сұңғақ бойлы, қара торы жігіттің қолын алды... Құралайдың бағанадан бері әлі назар аудармай тұрған кісісі...


– Сол!.. – оның үні шығып кеткен.


– Кімді айтасың? – дейді мұның қасындағы тұрған Шолпан. Құралайдың жауап беруге шамасы келген жоқ. «Сол! Тік қабақ, суық емес жайдары, әрі өткір жанар. Өзінің үйінде, тұсында ілулі тұрған суреттің иесі, екі-үш жыл бойына тілсіз болса да жүрекпен ғана сөйлесіп жүрген Қайрат еді бұл. Құралай ілгері бір адым аттады да, сол сәтте-ақ «Мен не деп бара аламын олардың жанына және не үшін барамын?» деген ой келді де бөгеле берді...


(Қанат жан-жағына қарап еді, кабинетте жалғыз қалыпты. Жұмыс уақыты аяқталған соң, өзіне бағынышты қызметкерлері бастықтарының әлденені шұқшия оқып отырғанына кедергі жасамайық деп қоштаспай кеткен-ау, сірә. Әлде олардың «сау болыңызын» естімеді ме екен?


«Осындай да болады екен-ау!» деп ойлады таңданып. Есіне түсіріп отырса, рас, Жібек екеуінің тойы өткен бірінші мамырда селдетіп жаңбыр жауған еді. Салюттен кейін қарыс жердегі тойлары өтіп жатқан ресторанға жеткенше киімдері малмандай болып, үлкен кісілерді бір ренжіткен. Дәл сол кезде мұның суретімен сырласып, өзін пір тұтып жүрген бір жас қыздың қастарында тұрғанын білсеші. Білсе қайтер еді? Қиын сауал...


«Апырай, мына Құралай қалай-қалай әкеле жатыр?» деп ойлады ол. Мүмкін, Құралайы Құндыздың өзі болар?..»).


– Қане, қыздар, тойымызға жүріңдер, салютті көру үшін бір жарты сағатқа ғана келгенбіз, – деген Қайраттың сөзін анық естіді. «Ән айтқандағысындай үні де өте сазды екен». Қыздар тойға шақырушылардың ілтифатына рақмет айтса керек, Жадыра мен Қайрат өз серіктерімен думандатып, бір шетке қарай шыға берді. Жаңа үйленіп жатқан қыз бен жігіт қос аққудай қалқып, қошеметші көп жұрттың ортасында бара жатты.


Қатар-қатар тізілген қызыл тулар шам жарығымен оттай лаулап, дүр көтеріліп бара жатқан алып құстардың қып-қызыл қанаттары болып көрінді. Қызыл қанат алып құстар ұша алмайды. Аяқтарынан байлап тастаған, тек қанаттарын далпылдатады. Құралай да тойшыларға қосыла алмайды. Тағдыр мұның да аяғын матап тастағандай... Көше үстімен кере тартылған ұрандардың маталарын жел кернеп, сатыр-сұтыр үн шығарды. Теректер де шулап қоя берсін, мың-сан жапырақтар мынау кешкі тамашаға, отау тігіп, шаңырақ көтеріп жатқан екі жастың қуанышына алақан соққандай. Бұл ғана екі жасқа құтты болсын айта алмайды, тағдыр бұларға таныс болуға жазбаған... «Е, жел тұрған екен ғой. Жаңбырды көтеріп кететін болды...»


Бұл тойшылардың артынан ілесіп келеді екен. «Неге?» Оны өзі де білмейді. Соңына бұрылып еді, құмырсқаның илеуіндей быжынаған нөпірдің қай жерінде қыздары қалып қойғанын біле алмады. Жаңа ғана өзі ілесіп жүрген Шолпаннан да көз жазып қалыпты. Әрине, енді табамын деу ну орманның ішінде жоғалған түймесін іздеумен бірдей. Ілгері, жаңағылардың соңынан ілескен. Алаңнан ұзаған сайын адамдар тасқыны да толастағандай.


Теректер тынышталыпты. Көшелерге керілген ұрандар жай ғана толқиды. Қызыл қанат құстар да байыз тауыпты. Оның есесіне асфальт үсті қайтадан секпілдене бастапты. Байқамапты ғой, жаңбыр тамшылары көркем жазу дәптерінің көлбеу сызықтары сияқты аспан мен жердің арасына миллиондаған ақ жіпті керіп тастапты. Байқамапты ғой, сарғалдақ гүлді бір киер шыт көйлегі денесіне етімен ет болып жабысып қалыпты... Бала кезінде, жаңбыр жауғанда, жалаң аяқ жүгіргенді ұнататын. Сол есіне түсіп кеткені. «Тағы бір жалаң аяқ жаңбыр суын кешіп жүгірер ме еді» деп ойлады. Неге екенін өзі де білмейді, тіпті жүгіруге зауқы мүлде жоқ екен. Алматы үстін тұмшалап алған жаңбыр бұлты сияқты тұла бойын мұң торлап, еңсесін басып келеді.


Тағы да бір киер деп шаң жуытпайтын биік өкше арзанқол туфлиін де тас көшеге тақылдатып суға салмас үшін жалма-жан қолына шешіп алсын. Асфальт үстінің суынып бара жатқан пештің бүйіріндей ғана әдемі жылуы бар екен. Бойы аласарып, өкшесінің майлығы кеткендей жайпаңдап өз жүрісі өзіне қызық көрінсін. Бәрі бір рақат еді. Жылы асфальтты табанымен, бүйірлей тиіп, денесін қытықтаған жылы тамшыларды тұла бойымен сезініп келеді. Жерден де, аспаннан да, айналасынан да, мереке-көңіл адамдардан да ғажап бір жылылық еседі. Бірақ әлде не еңсесін тіктетер емес. Дәл бір Алматының бұлт торлаған аспаны сияқты.


Алдында кетіп бара жатқан жас жұбайлар топтарымен бірге жүгіре жөнелсін. Неге? Бұдан қашып бара жатқаннан сау ма өздері? Е, неғып байқамаған, жаңағы ұсақ жаңбырлар селдің хабаршысы ғана екен, аспандағы бұлттың қарны ақтарылыпты, асфальт үсті қайнап кетіпті. Асфальт үстінде мың-миллион маржан-жәндік секіріп ойнайды.


Ресторанға жетіп үлгерген тойшылар көз алдынан ғайып болды. Қайратты да, серіктерін де, олардың думанды үндерін де ресторанның арандай үлкен есігі бір ашылғанда-ақ қылқ еткізіп, жұтып қойды. Оларды ғана емес, бұның жанына, бүкіл денесіне сіңген жаңағы жылылықтың бәрін де қоса жұта салғандай. Асфальт үсті бес күн от көрмеген пештің бүйіріндей суып сала берді. Аспаннан жерге төгілген бадана тамшылар денеге мұздай тиеді: Құралай тітіркенді. Самайына жабысқан шашын оңдады. Іштен гүмп-гүмп көңілді музыка үні естіледі. Бала кезінде сонаны ұстап алып, сіріңкенің қорабына салып қойып, бейшара тұтқынның үрейге толы «әнін» тыңдайтын. Сонда қапастағы сона кейде бір қалыпты ызылдап, бірде өршеленген ызалы гуіл шығарып, кейде ыңылдай безілдеп, өз тілінде әлденелерді айтатындай мұңдана ызылдайтын. Сол кезде ол құйттай жәндіктің одан да құйттай жүрегін ұшырмайын деп қорапты ашар еді. Сона берілген бостандыққа сенбегендей сәл аялдап, ұша жөнелер еді. Сол сәтте-ақ жалғыз нүктеге айналған жәндік көзден таса болар еді. Ресторан ішіндегі оркестр үні мұның есіне соны түсіргені.


Ол осы жерге неге келгенін, бағанадан неге тұрғанын білмей аң-таң қалды. Кері бұрылып, жатақханаға қарай жүгірді. Өзі де сонаға айналып кеткендей ұшып келеді.


Жаңбыр саябырлады. Көше өзен бетіндей, су лай-теңіз. Қас пен көздің арасында арықтарға тіл бітіп, шүлді-шүлдір сөйлесетіндей жан бітіп, қара күрең су аунай ағып жатыр. Жаңбыр тым салқын еді, бірақ қыз бетінен бір жылы тамшылар да сырғанайды.


– Әй, балам-ай, әбден тоңдың-ау, – деді мұның бетіне қараған жатақханадағы вахтер кемпір. Бұл бөлменің кілтін алғанша ол тағы бір сөз айтып үлгерді. – Өзіңді біреулер ренжіткеннен сау ма, өңің қашып кетіпті ғой.


Бірақ Құралайдың тіл қатуға шамасы келген жоқ, ықылық атып, бөлмесіне жүгірді. Иен бөлмеге кірісімен қабырғадағы ток жүйесін қосқыштың түймесін басып қалып еді, қою қараңғылық бөлме ішінен тұра қашып, терезенің арғы жағынан түнерді.


Төсегінің тұсынан шет-шеті әдемі гүлдермен әшекейленген жақтаушада ешкімнің дауы, таласы жоқ, екі-үш жылдан бері етене «сырлас» болып кеткен өз Қайраты қарсы алды. Тік қабақ, жанары суық болғанмен, өткір қарайды. Өз Қайраты.


– Ол үйленіп жатыр! Үнсізім-ау, тілсізім-ау, неге үндемейсің? Тым болмаса бір сөз айтсаңшы. – Бірақ, «өз Қайраты» бұған паң қараған күйі ләм деген жоқ. Ол үшін бұл дүние төңкеріліп түссе де бәрібір сияқты. Бәріне де бәз-баяғыша самарқау қалпы. Нағыз Қайраттың, яғни өзінің үйленіп жатқаны да оған еш әсер етпегендей.


Қыз тұңғыш рет суретке қарап өкпеледі, мүмкін өзіне өкпелеген шығар, ол жағын анық білмеді. Суретті алып, кеудесіне басты да, төсегіне құлады. Бүкіл ішек-бауыры еріп кеткендей, езіліп ұзақ жылады. Үнімді біреу естіп қалып, ұят болар-ау демеді. Булыға жылағанда, өксіген даусы да қатты шықты.


Қыз сонда, сол бір суреттің иесіне ғашық екенін, бұрын тек қана суретімен алданып жүріп, оның иесін бұл жалғанда ешкімге теңемей келгенін білмепті...


(Қанат осы хатты оқи бастағаннан бері өзін соншалықты көңілді сезінген. Мұны да Ризаштай қыздың кішкентайынан ұнатып, тілдесуге құмартқанының өзін бір түрлі мақтаныш санаған. Бейтаныс қыздың хатының тереңіне бойлаған сайын мұның да көкірегін бір түрлі мұң торлады. Тағдыр жолы дейтіннің өзінің осынау бейтаныс қыз алдында тырнақтай кінәсі болмаса да, оны, оның балаң да мөлдір сезімін сарсаңды еткеніне мұңайды. «Мұңайды» дегеннен гөрі, «жаны ашыды» деген дұрыс болар. «Апыр-ай, әйел жанының қалтарыс-бұлтарысы осынша көп болар ма?!» деп таңданды ол.


Ол тағы да қалтасынан шылымын іздеді).


... Мүмкін алғаш рет суретін Раушанның альбомынан көргенде, мүмкін оның Сәрсенге тұрмысқа шығарын естігенде, әлде осынау бір суретті Раушанның альбомынан жасырын алып кетіп, меншіктенген сәттен жақсы көре бастады ма оны?! Мүмкін бірте-бірте оның суретін көре жүріп, шығарған әндерін ести жүріп, ұнатқан болар. Әлде есі ауысқан адамдай танымайтын біреудің жансыз да тілсіз бейнесін иемденіп, үнсіз «тілдесіп» жүрген сәтінде ұшырады ма ол күйге?! Ол жағын біле алмайды. Бар білетіні өзі бұрын-соңды тілдесіп көрмеген жігіттің жұрт сияқты үйленуі мүмкін екенін, мүмкін емес тіпті бүгіннен бастап, оның бір жанның заңды жары екенін мойындаған сәттен бастап қана оны беріле, жан-тәнімен жақсы көретіні. Бөлмедегі қыздардың мереке қызығымен кешіккендері де жақсы болғандай. Кедергі жасар ешкім жоқ, еркінше, ұзақ жылады. Көздің жасы таусылғандай. Бүкіл жан-дүниесінен ел көшкендей. Бәрі иен қалған. Ойсыз, мақсатсыз бос қауақтай көрінген құр сүлдесі езіліп, бұл тіршіліктің бар қызығын тәрк еткендей бүк түсіп, жата берген. Бірақ ол өзінің балауса сезімін баулыған тұңғыш ынтығын біржолата жоғалтқанын, қайрыла оралмастай қош-қош демей қара үзгізіп кеткенін, бұдан кейін біреулерді өмірдің ұлы жіңгір көші жолында ұнатуы мүмкін болса да, дәл осылай пәк те мөлдір құштарлықпен сүйе алмайтынын білген еді...


Соңы».


Қадірлі Қанат, қалай, мен көп ойланып, көп толғанып күндер емес, айлар бойы жазған шығармам ұнады ма? Ұнамаса, оны менің жазушы емес, жай ғана дәрігер екенімнен, бұрын мұндай өнерді қолға алып, машықтанбағанымнан көрерсіз, ал егер сәл ғана ұнағандай болса, бұл дүниенің ешқандай қоспасыз, болған ортасынан ойып алған өмірдің өз шындығы екендігінен деп қабылдарсыз.


Ендігі айтарым, егер бұл «әңгімемді» оқып шықсаңыз, онда ол бірнеше түн ала қағазды шимайлап жазылғандағы өз мақсатын толығымен орындап болды. Демек мұны көпшілікке арналған әңгіме емес, бір адамға, тек өзіңізге ғана арналған, шығарма «тонын» киген ұзақ хат деп қабылдарсыз. Жұрт көркем шығармасын жазғанда, ең алдымен оның оқырмандарының көбірек болуын, олардың көңілінен шығуын қалайтын шығар. Ал мен үшін тек қана Сіз оқысаңыз жеткілікті. Сіздің көңіліңізден шығып, Сізді айтқандарыма иландыра алсам болғаны. Демек, мен көркем шығарманың авторы болудан бас тартып, Сізге жазған хаттың ғана авторы болып қалғым келеді. Бірінші хатымда «Бір журналға ұсыныңыз» деген Сізді алдарқату үшін ғана айтылған пікірім үшін өзіңізден кешірім сұрап, бұл дүниені түгелдей өзіңізге байладым. Керісінше, тіпті Сіздің бұл хатты ешкімге оқытпауыңызды өтінер едім.


Менің мұны әңгіме түрінде жазуым, жай ғана ұзақ хатымды Сізге оқыту үшін іздеп тапқан тәсілім ғой. Мүмкін, Қайрат мінезінен, кейбір іс-әрекетінен өзіңізді танып отырған боларсыз. Солай, Қанатжан, Қайрат – Сіз, ал бар жастық жалынын, өмірдің бұралаңды-бұлтарысты жолдарын біраз көрсе де есіміңізге тәңірдей табынып, бұл жарық дүниеде бар екеніңіздің өзін медеу көріп жүрген пендеңіз Құралай – өзім едім. Ал Раушанның бір кездегі Ризаш деген көршінің қызы екенін де білген боларсыз.


Мінеки, не болса да жылдар бойы тете өскен сіңілімнен басқа ешкімге тіс жармай кеудемде тұншықтырған жан сырымды айтып салып, бір жеңілдеп отырмын. Білемін, Сіз мені сөгерсіз де. «Үйлі-баранды, өмірден өз бақытын, өз орнын тапқан Сіздей жанға жас емес, ес тоқтатып, оңды-солды таныған жанның жол ортадан бұл қай кимелеуі?» дерсіз. Қайтейін, не десеңіз де тәуекел деп тас жұттым. Сіз көтерген шаңырақтың астындағыларға тигізер жаманшылығым жоқ. Тіпті алыста жүрген тілеуқормын десем де болар. Әрине, үйіңіздегі құрбымның басындағы бақытын қызғанатын кездерім де, тағдырдың маған бөлген шаттығы аз тіршілігін ойлап, торығатын да кездерім болады. Тек бұл дүниеде өзіңізді сүйген, өмірден сол сүйген қалпы өтетін бір елеусіз кішкентай жанның бар екендігін білсеңіз – сол маған жасар бар жақсылығыңыз. Тек бір көріп, қасыңызда шай қайнатым уақыт болса да, әңгімелесіп отырсам деп армандаймын... Оны алдағы өмір көрсете жатар.


Соңғы өтінішім, тек менің өзім ғана киелі санайтын сезіміме күле көрмеңіз. Содан соң өзіңіз қаламасаңыз да, тіпті жүрегіңіздің терең түкпірінен шықпаса да бірер жылы хат жазып, мені бір сәтке болса да бақытты етерсіз деп сенемін.


Өзіңізді алғаусыз жақсы көрген Құндыз. Шиліөзен ауылы».


***


Қанат тор көздері сығылыстыра жазылған қалың дәптердің соңғы бетін жауып, дел-сал күйде отырып қалды. «Апыр-ай, мұндай да болады екен-ау?», деп ойлады. Өзі махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына қаншама әндердің музыкасын, тіпті осы бір мәңгі ескірмес тақырыпқа әзірге жазған жалғыз симфониясын арнаса да дәл мұндай, Құндыздың өзі айтқандай, «алғаусыз» сезім болады деп ойлап көрмепті. Кітаптардан оқығанда ондағы шексіз сүйіспеншілік жайлы оқиғаларды жазушы қиялының жемісі, ол әлгі бір өз өмірлерін қиналмай құрбандыққа шалар, тіпті аңсары өмірден көшсе, өзі де соңынан аттанар кіршіксіз махаббат дейтінді Қозы, Баяндармен, Төлеген, Жібектермен бірге келмеске кеткен деп ойлапты.


Рас, Қанат та мектепте жүргенде-ақ талай қыздарға ғашық болып көрген. Төртінші, әлде бесінші сыныпта оқып жүргенде ме, өзінен бірер сынып жоғары оқитын бір қызды естен тана жақсы көрген. Сол қызды бір көру үшін оның үйінің төңірегіне барып ойнайтын. Қыз иін ағашты көтеріп, өзенге беттесе, бұл бұзау қараған болып, соңынан ілесетін. Керек болса, сол қыз үшін ғана жақсы оқуға тырысар еді. Қысы-жазы галифе шалбарын тастамайтын мектеп директоры әр тоқсан аяқталысымен «линейка» өткізіп, әр сыныптың озаттарын бір-бірлеп шақырып, бөлек сапқа тұрғызар еді. Әнеки, сонда «Жанпейісов» деген өз фамилиясы аталғанда, бұл алдымен сол қызға қарар еді. «Көрдің бе, саған ғашық болып жүрген мен осындаймын!» дегенге ұқсас бір мақтаныш кеудесін кернейтін.


Тіпті қазір ол қыздың есімінің кім екені де жадында жоқ. Бірақ оны қалай жақсы көрді, соңынан қалай аңдыды, бәрі де күні кешегідей жадында қалыпты.


Бір күні су әкеле жатқан тұлымшақты қызға қалай соқтығып, қалай тілдесудің амалын таба алмай: «Суыңды төгейін бе?» деп, өзінше алғашқы «бозбалашылық» әзілін айтып көрген.


– Бәлем, төгіп көрші, ертең барып сынып жетекшілеріңе айтайын, – деп қыз да алғашқы «бойжеткендік назын» жеткізген. Әрине, бұл қыздың суын төге алған жоқ, одан әрі айтар әзілдің де ретін келтіре алмай, өз жөніне кеткен.


Тағы бір жолы қыз үйіне сүт сұрай барса, «ынтығы» жалғыз өзі шошайып, ұн елеп отыр екен. Бұл шіркін қисаңдап олай тұрсын, былай тұрсын, бір кезде ондай қаһармандықты қайдан тапқанын кім білсін, түйеден түскендей ғып:


– Бетіңнен сүйіп алайын ба? – десін. Шамасы қыздың бетіне күле қарағанына жүрегі елжіреп кеткен соң, тәуекел деп тас жұтқан түрі болса керек.


– Тәте, мына Қанатты қарашы, әншейін жаман сөз айтады! – деп, қызы түскір жалпақ елге жар салсын. Шешесі де төргі үйде отыр екен. «Бұл қайсың ей?» – деген үні естілген бетте-ақ батыр шіркін алды-артына қарауға шамасы келмей зытып отырған. Сол сұмдықтан енді ес жинап, ара қатынасты енді жөндеймін дегенше қыздың үйі басқа бір ауылға көшіп кетті де, оны бірте-бірте бұл да ұмытқан. Әрине алғашқы күндері сағынып жүргенін біледі, соңынан қалай ұмытқаны қазір есінде жоқ.


Содан оныншы сыныпта оқып жүргенде ұлдар атаулының дені бір-бір қызға ғашық болып, хат жазыса бастаған соң, бұл да бағын сынап, біреуіне хат жазып, көңіл білдіргені рас-ты. Оларының махаббат емес, жай ғана ел қалай көшеді ермек екенін өзі де, қыз да тез түсініп, өз жолдарын табысқан. Ал әйелі Жібекпен, бекер обалы қане, бір-бірін жақсы көріп-ақ үйленген болатын. Қазір де он жылдан астамғы жұптық тіршіліктерінде тату-тәтті тұрып жатыр. Бірақ, дәл мынандай өзі Жібекті, дәл мұндай болып Жібек өзін жақсы көрді ме дегенге келгенде ойланар еді. Мүмкін қосыла алмаған жанның ынтықтығы бөлектеу болар ма?


Қанат сигаретін бірінен кейін бірін тұтатып, көше бойлап жаяу келе жатты. Қалай болғанда да, өзі әлі өңі түгілі түсінде көрмеген Құндыз есімді жанның хаты ішкі әлеміне үлкен бір өзгеріс әкелгенін сезіп келеді. Ең алдымен қапысыз, қалжы-бұлжысыз айтылған сырға құлай сенді, одан соң Құндыз–Құралайдың тұнық сезіміне немкетті қарай алмайтынын мойындады. Сондықтан да міндетті түрде хат жазуым керек деп шешті. «Қандай екен, ақ құба, бидай өңді ме, әлде қара торы ма? Бойы ше?» Бұған да түрлі-түрлі ой келіп, енді Құндызды, көп жылдан бері өзіне ынтыққан жанды көруге құмартты. «Шіркін, әдемі болса екен...» «Мен де қызықпын-ау, үйленгелі жүргендей оның сұлу болғанынан, болмағанынан маған келіп-кетер не бар? Тек осы бір қатты толқуымның әсері творчествомды қанаттандырса болғаны да...» «Жоқ, бәрібір өзіңді сүйген әйелдің (мүмкін қыздың) өзгеше әдемі болғаны бір мәртебе ғой». Оны екі ұдай пендешіліктің ары жақ, бері жағындағы бір ойлар кимелесін.


Ертеңіне кеңсеге келгенде, жұмыстарын ысырып тастап, хат жазуға отырсын. Кез келген шаруаға келгенде өзін пысық та ықтияттымын деп ойлайтын жігітіміз студент кезінде де хат жазу деген бәлеге мойны жар бермей тұратын. Кейіндер, ауыл-елдің есен-саулығын телефон арқылы білуге әдеттеніп, жаны жаратпайтын шаруасынан мүлде қол үзгендей еді. Күнде ертең деп жүріп, кешіктіріп алармын деген қауіппен, оған деген ықыласы салқындамай тұрып жазбақ.


Бірден қағаз-қаламын оңтайлап алды да мұқият кіріскен. Бірақ Құндыздың сайрап тұрған әр сөйлемін есіне алған сайын одан қалмауға тырысып, барынша өнерін салған. Әрі-беріде хаттың негізгі сұлбасын бір түсіріп алып, үстінен жөндеп, өнердегі жетістіктері туралы мақтаныңқырап кеткен тұстарын жұқартты. «Өнер – халықтікі», демекші, «Не бітірдім, не қойдым?» Оның бәрі де көз алдарыңда. «Тындырғанымнан тындырарым көп» деп, бар үмітті ертеңгі күннен дәмететін көп дәмегөйдің бірі болып жүріп жатқан жайым бар» деп қарапайымдады. Тіпті «Ән жазумен музыка әлемінің белді кісісі болып қала алмайсың. Ал опера, симфония сияқты күрделі жанрларға құлаш ұруға дарыным жетпей ме, әлде тәжірибем таяз ба, әйтеуір тәуекелім тым тайғанақ» деп мәймөңкеледі.


Хатты қайта қарау барысында кейбір сөздердің алдына сұлу теңеулер тіркелді. Жаман жазбаған сияқты. Ең алдымен Құндыздың ағынан жарылып айтқан сырына шексіз алғысын білдіріп, өзінің де қатты толқығанын, тіпті хат иесінің қандай екенін есінен шығара алмай отырғанын әзілге сүйей бір айтып өтті. Асып-саспай өзінің тіршілігінен, отбасы жағдайы, жұмысы мен творчествосынан хабар берді.


«Құндызжан, сенің маған деген сезімің туралы оқығанда қатты толқыдым. Бұл жерде менің тырнақтай кінәм болмағанын біле тұра өзіңізді бұрыннан танып-біліп, кінәлі болмағаныма өкініп отырмын. Бәлкім, сонда ғана маған сенің хаттарың жеткізген «жаңалық» жеңілдеу тиер ме еді», деген сөйлемдерді сызып тастады. «Өзімді жақсы көргені үшін кіналағандай болмайын» деп шешті. Бұл пікірін шығармаға пікір білдірген әдеби сыншы сияқты жұқалап айтуды дұрыс деп тапты да, ол сөйлемдерді былай деп түсірді: «Құндызжан, сенің Құралайыңның көркем бейнесінің қалай сомдалғаны туралы әдебиетші болмағандықтан, мандытып пікір айта алмаймын. Бірақ оның балаң сезімінің мөлдірлігіне тәнтімін. Үлкен толқу үстінде оқып, әйел жанының құдіретті күшіне, өз жүрегінде мәпелеп, гүлдендіріп, сол құпия қалпында тұншықтара білген махаббатының шынайылығына басымды идім! Өзіне бір балаң жүректің шын ынтықтығын білмей, жарты ғұмырын өткізгені үшін түк кінәсі болмаса да Қайратқа жанашырлықпен ғана қарауға тура келеді. Бар үмітіміз бұрындары да махаббат деген киелі тақырыпқа шығармаларын арнап жүрген жігіт тың күш, соны жігермен шабыт шақырар деу ғана...» деп майдалады. Ең соңынан Құндыздың өзі туралы нақтырақ білгісі келетінін, бар болғаны дәрігер екендігінен басқадан дерексіз екенін білдірді. «Отбасылық жайың қандай? Бала-шаға бар ма? Отағасың не қызмет істейді?» сияқты секем туғызар сұрақтарға әдейі аяқ басқан жоқ. Сабыр сақтаған. «Өзі айтар, қайда асығамын?» деп шешкен.


Келіп қалар-ау деп межелеген мөлшерде Қанаттың қолына тор көзді тағы бір көгілдір дәптер тиген. Бас почтаның алдындағы бақтың ішіндегі орындықтардың біріне жайғасып алып, тағы да хат оқуға кірісті.


Құндыздың үшінші хаты


«Қымбатты Қанат!


Адамның арманы таусылған ба, шіркін. Бір кезде «Қанатқа хат жазып, немесе тізесіне басымды сүйеп, ағыл-тегіл жылап отырып, ішімде жылдар бойы тұншығып жатқан иә қасіретім, иә бақытым екені белгісіз, жалғыз сырымды ақтарсам деуші едім. Тізеңізге басымды сүйемесем де айтарымды хатпен болса да өзіңізге жайып салған соң, енді: «Әттең-ай, мен Сізге арнаған хатымды «Халіңіз қалай, қуанышым, тірегім?» – деп бастар күн туар ма деп ойлайтын болыппын. Тәубасы аз, жұмыр басты пенделердің бірімін ғой, тым-тым ашық кетіп, еркіндеп бара жатсам, айыпқа бұйыра көрмеңіз. Дәл осы шақта бақыттан басым айналардай. Өзіңіздің жылы жазылған, менің сезімімді түсінген хатыңызды алған соң көшеде кетіп бара жатып, адамдарға: «Сендер не білесіңдер, мен Қанаттың өзінен хат алған кісімін», дегім келіп тұрады...


Өз хал-күйіңіз жақсы болар. Біз де орынша дегендей. Таңертең ауруханаға жетеміз. Біреудің жанын алып қалу үшін өз жаныңды, арманыңды, бүкіл тіршілігіңді, бала-шағаңды да ұмытып, бірнеше сағат бойы ота жасау үстелінің басында тұруыңа тура келеді. Біреулердің науқасы сәл болса да жеңілдеуі үшін жылы-жылы әңгімелесіп, құр сөзбен болса да мынау тіршіліктің тәттілігіне көзін жеткізе түсуге тырысасың. Әйтеуір кешке дейін тыным табар кезің болмайды. Одан үйге келесің де балалардың қамымен уақыт өткізесің. Сәл аз уақыт қана бос отыра қалсаң, жалғыздығың еске түседі. Бос отыру деген не жалқаулықтың, не жұмыссыздықтың нәтижесі ғой. Жалқаулық – ауру болғанда, жұмыссыздық – азап. Тек қана соңғы уақыттары жұмыссыз отырып, Сізді ойлағаннан да рақат алатын сияқтымын. Сізден алған екі хатты көп оқитыным сонша, тіпті жатқа білемін. Жатқа білсем де оқи бергім келеді, оқысам өзіңізбен сөйлескендей бойым жеңілдеп, өзім сергіп қалатындаймын...


(«Иә, мен сұрамасам да өз сырын айта бастады, – деп ойлады Қанат. Ол бейтаныстың үшінші хатының алғашқы жолдарынан-ақ Құралайдың балалы-шағалы келіншек екенін, «жалғыздық» деуіне қарағанда, күйеуі жоқ екенін аңғарған. «Дәм-тұзымыз жараспады. Күндіз-түні сені ойлаумен жүріп, күйеуімді суындырып алдым» демесе де! «Қарап жүріп, айрандай ұйыған бір отбасының іркіттей іруіне себепші болып жүрмейін» деген сияқты ақталуға ұқсас бір күй кешкен. Не болса да осы хатта бар сырын ақтарар деген оймен дәптерге қайта шұқшиды).


... Ал, қадірлі Қанат, мен өзім жайлы айтылмаған біраз сырларымды алдыңызға тағы да жаяйын. Өткен жолғы менің «жазушылық» өнерімді мақтаған екенсіз, айып етпесеңіз, тағы да сол тәсілімді пайдаланайын. «Мен сөйттім де бүйттім» деп әлі танысып-білісіп кете қоймаған кісіге хат жазу ыңғайсыздау сияқты. Оның үстіне, өз басыңнан өткен оқиғаны біреудің атынан, яғни үшінші жақтан баяндау анағұрлым жеңіл көрінеді... Ең бастысы, Құралайдың кім екенін жақсы білесіз ғой...


Елес


Бертінірек ағайындары айтар еді: «Әкең марқұм қайтыс бол­ғанда сен қызды кеудесіне қысқан күйі көз жұмды ғой. Марқұмның сірескен саусақтарын бір-бірлеп жазып, сені әрең босатып алғанбыз», деп. Неге екенін кім білсін, өзінің төсектен қозғалмай жататын әкесінің қасында көбіне шошайып жалғыз отыратыны Құралайдың есінде қалыпты, бірақ әкесінің қалай қайтыс болғаны мүлде есінде жоқ. Ол кісінің өзін құшақтаған күйі көз жұмғанын да есіне түсіре алмайды. Сонда әке жазғанның жал­ғыз қызын қалай жақсы көргенін ойша таразылайтын. Кейіндері бір жас ақынның балладасын теледидардан тыңдағаны бар-ды. Онда мынандай оқиға баяндалады. «Соғыс кезі. Теңізшілер Балтықта суға батқан кеме адамдарының тірі қалғандарын құтқарып жүреді. Сол кезде жас сәбиін кеудесіне қысқан күйі су бетіне қалқып шыққан ананың мәйітін тауып алады. Бір дене болып құшақтасқан қалпы көз жұмған екен. Жағаға шыққан соң екеуін екі бөліп жерлемек болған теңізшілердің әрекеттерінен ештеңе шықпайды да, қос денені бірге жерлейді...»


Осыған ұқсас тағы бір болған оқиғаны қарттар айтып отырар еді. «... Бүкіл елге нәубет болған 1932 жыл екен. Ашаршылық алапатына ұшыраған жұрт жан сауғалап, Сауыр тауын асып, арғы бетке қарай шұбырып жатады. «Сәбиім үшін сынық малта болса да тауып берші!» деп аяққа оралар тіленшінің қаптаған тұсы. Өздері де аштық азабын тартып, біразы ісініп өліп жат­қан, біразы тау-тас кезіп, нәпақа іздеп кеткен жұрт ол сорлыларға қайдан ғана сынық малта тауып берсін. Әке балаға, бала анаға қарай алмай жұрт мәңгүрттеніп, тасбауырланып кететін болса керек ондайда.


Осы ауылдың бір азаматы таудан тұзақпен кекілік-шіл ауламақ болып, келе жатады ғой. Жерге алғашқы қар түсе бастаған күздің күні болса керек.


Ол жол шетінде тізерлеген түйедей бүк түсіп жатқан адамға ұқсас бір денені көріп бұрылады. Үстін қырбақ қар тұмшалап тастапты.


– Әй, жаның бар адамсың ба? – деп дауыстайды жаңағы кісі. Үн жоқ. Таяғымен түртіп көреді, қимыл жоқ, сонда оның өліп қалған адам екеніне көзі жетеді. «Бұл сорлыны ит-құсқа жем қылмай, қалай ғана бетін далдаласам екен?» деп тұрғанда, «Апалап» ыңырсыған жас баланың үнін естіп, жүрегі тас төбесіне бір-ақ шығады. Қанша үрейленсе де пенде шіркін бала болып сөйлеген мәйіттің құпиясын біле кетпек болып, ептеп әйелді аударады. Сол кезде өліп қалған әйелдің бауырында күпімен құндақтал­ған үш-төрт жастардағы тірі жатқан ұл баланы көріп, есінен та­нғандай күй кешеді. Ана сорлы «Балам байғұстың суішерлігі болып, тірі қалар ма?!» деп дәмеленді ме, әлде аштан өлсе де жылы жатып өлсін деді ме, әйтеуір үстіндегі жалғыз күпісімен баласын құндақтай орап және денесінің соңғы жылуымен жылытып жатып көз жұмыпты».


Ұрпағын жақсы көрудің, оның өмірін жалғастыру үшін өзін құрбан етудің бұдан артық мысалын табу қиын шығар.


Құралайдың әкесі өз ажалынан о дүниелік болса да әкенің ұрпағын жан-тәнімен жақсы көрудің үлгісін өзінше көрсеткендей көрінеді.


Соғыстан тірі қайтқанмен тіршілік рақатын сау адам болып, бір күн сезініп көрмеген әкесі Ақылбек оралмас сапарға аттан­ған соң, шешесі Кәмшат мұны жанынан екі елі тастамайтын. Колхоздың сиырын сауғанда да қызы қалқиып, бұзаулардың ортасында отырар еді. Кей жылдары шешесі пішеншілердің аспазы болып жұмыс істегенде қыз аяқ-табағын тасысқан болып, қасынан қалмайтын. Мектепке оқуға келгенде шешесі қойнына бұған деген шөлмекке құйған сүті мен тоқашын тығып алып, соңынан жететін. Ана қамқорлығы Құралайға жетім екенін, әкесіз екенін сездірмеген. Шіркін, ана құшағы, ана махаббатындай құдіретті күш қайда бар? Құралай да сол шешенің арқасында бақытты балалар сияқты қамсыз-мұңсыз еді-ау...


Бәрі де шешесінің ағасы, басқа облыста тұратын Мұса ақсақалдың бұларды іздеп келуінен басталды. Ері қайтыс болған соң қарындасы мен Құралайды көшіріп әкетуге келіпті. Бала шіркін қайдан білсін, аудан орталығы болса да қала аты бар жаңа мекенге көшудің хабарын естісімен қатты қуансын. Бірақ бұлар буынып-түйініп, жолға жиналып, көшу шаруасына қызу әзірленіп жатқан кезде әкесінің туған інісі Мақұлбек пен жеңгесі Зере жетсін. Әу баста шүйкірлесіп отырып шай ішті. Сонан соң бұлар нағашы атасы Мұса үшеуі олардың үйіне барып, бір малдың басын мүжіді. Тамақ желініп, шай ішіп отырғанда Зере жеңгесі бір тың әңгімені сабақтаған. Баланың ұққаны: «Құралайды жердің түбіне жібере алмайды. Егер бауыр еті жабысып қалса, Кәмшат ешқайда көшпесін. Бұл жерде оны қуалап жатқан ешкім жоқ». «Жеңгемнің менде несі бар? Көшеміз бе, қоямыз ба, оны өзіміз білмейміз бе?» Тәтесінің сонша неден қиналғанын қаршадай қыз, әрине, ұға қойған жоқ. Шешесі ал кеп жыласын. Сөйлеп отыр, жылап отыр, жылап отыр, сөйлеп отыр. Оның сөзінен ұққаны: «Жарық дүниеге келісімен бауырына басып, тас емшегін жібіткен сәбиін бере алмайды. Ағайындары кешегі өткен Ақылбек мар­құмның аруағынан ұялса қайтеді?»


Ары тарт та бері тарт, шөре-шөре әңгіменің төрелігін ауыл ақсақалдары айтып, Құралай мен шешесінің Мұсамен бірге бөгде ел, бөтен жерге көшуіне рұқсат берген.


– Тәте, Зере жеңгемнің менде несі бар, неге алып қалмақшы болып жүр? – деген бала бұлар жолға шыққан соң.


– Е, балам-ай, туыс болған соң қимайды да, – деп шешесі де бұл әңгімеге мән бермеген сыңай танытып, әңгімені қысқа қайырған.


Жаңа қоныс жаман болған жоқ. Нағашы жұрты ауқатты тұрады екен. Шағын қаланың бел ортасындағы көктөбел үй сонадайдан мен мұндалайды. Нағашы ағасы Мұса да балалы-шағалы екен, сонда да Құралай мен шешесіне бір бөлмені босатып берді.


Қыз жаңа мекенінде бір жыл оқып үлгірместен бұлардың тағы да сол облыстың басқа ауданына көшулеріне тура келді. Соңғы кездері бұлардың үйлеріне жиі келгіштеп, нағашы ағасымен, шешесімен әңгімелесе беретін ұзынтұра жылтыр қараның аулына.


– Тәте, бұл кісі де бізге туыс бола ма? – деп сұраған Құралай шешесінен келген сайын өзіне қуыршақ, ойыншық сатып алып беретін жылтыр қара туралы.


– Ә, иә... – деп шешесі әлденені айта алмай кібіртіктеген. – Туыс ... болмақшы. Саған әке боламын дейді. Қалай, саған ұнай ма?


Қыз мұндай сөзді күтпеген. Оның түсінігінде адамда бір-ақ әке болуға тиісті. Мұның өз әкесі болған. Бірақ ол енді жоқ. Қайтадан ол тірілмейді де. Сол сияқты екінші адамның әке болуы да мүмкін емес. Сондықтан да ол:


– Менің әкем өліп қалған, – деп шешесіне төтелей жауап берген. Дәл сол жерде шешесінің бұған не дегені есінде жоқ, бірақ дәл сол бір ана жанарына ұялаған сәттегі мұңды, жүзіндегі шарасыздық кейіпті қыз өмір бойы ұмыта алмас.


Жаңа мекен жайлы бола қойған жоқ. Оңды-солдарын танып болмаған өңшең шиеттей балалар аналарынан айрылған соң жетімдікпен өткен аз уақыттарында-ақ тозып, жүдеп-жадап кеткен екен. Құралайды жалғыздайтындай бұдан ересек бала болмаса да ол осы босағаны аттаған күннен бері-ақ бұл ортаға өзін жат санаған. Тіпті балалардың мұның шешесін «тәте» деп меншіктей сөйлеулері де тым ерсі естілген. Ғұмыр бойы тек өзінің ғана тәтесі болып келген анасын топты жанға ортақ шеше болудан қызғанатын. Ғұмыр бойы өзін бауырына басып жатып қана ұйықтайтын жалғандағы жалғыз тірегі анасының осы босағадан аттаған күні-ақ қызынан бөлек, анау өздерін көшіріп әкелген жылтыр қараның қасына барып жататын әдетін кешіре алмай, шешесінің ол «қатігездігі» қыз жүрегіне шемен боп қатып қал­ған. Бұл қызғанышы өзі анасын бөгде балалардан қызғануынан гөрі бекемірек шығып, шегіне жеткен.


Дәл осы күйреп, жаны жүдеп жүрген сәтін дөп басқандай, сол күндері жер түбінен бұларды іздеп, өз әкесі Ақылбектің туған інісі Мақұлбек ағасы келсін. Өзін де, анасын да осынау бір дел-сал күйден, ерікті тұтқын болған мынау үйден құтқарар деп сенген. Үй иесі де қонағын құрақ ұшып күткен болды, малын сойып, барын алдына қойды. «Көрдіңдер ме, менің ағатайым іздеп келді», дегендей Құралай басқа балаларға айғұлақтана қарап, қонақтың қолтығына кіре отырған. Бұрынғыдай төсекте жалғыз томпайып жатпай, ол күні ағатайының қасына жатсын.


– Құралайжан, мені сағындың ба? – деді ағатайы мұны тура тәтесі сияқты бауырына қыса түсіп. Мұндай ықыласты, шешесінің құшағын, бұл күнде өзі сағынышпен ғана есіне алар әкесінің аққұла ықыласын есіне алды. Бұған дейін Мақұлбек есімді ағатайының, Зере жеңгесінің, олардың өзінен үлкенді-кішілі жеті-сегіз баласының бұл дүниеде, бір кезде өзі ойнап мұңсыз-қамсыз өскен Шиліөзен атты ауылда жүргендерін анда-санда есіне алғаны болмаса, шыны керек қой, ет-бауыры елжіреп, сағынған жоқ болатын. Қайта ағатайы мен жеңгесінен гөрі олардың балаларын, бір күні қату, бір күні тату жүрер кішкене туыстарын көбірек ойлайтын. Сөйтсе де ағатайының ыстық құшағына балқыды ма, әлде көңіліне қарады ма, ойланбай-ақ:


– Сағындым, – деген.


– Өй, құлыным сол! – Ағатайы мұның төбесінен иіскеген. Бұрындары Шиліөзенде жүргенде: «Әй, Ағекемнің жалғызы, халің қалай?» – дегені болмаса, бұлайша елжіреп, еміренгенін көрген емес. «Өзі сағынған екен ғой», деп ойлады қыз.


– Жеңгеңді де сағындың ба?


– Иә, оны да, барлығын да, ауылды да. – Құралай ағынан жарылған.


– Мен сені алып кеткелі келдім, құлыным. Біз де сені қатты сағындық. Бөтен жер, бөгде ел арасында не істейсің? Балалар да, шешең... жеңгең де сені сағынып, әрең жүр. Күнде жылап, мазамды алған соң әдейі келдім.


– Тәтемді ше? – Қыздың даусы қаттырақ шығып кетті.


– Тәтеңнің, енді, басқа балалары, күйеуі бар дегендей... – Ағатайы сөзінің аяғын жұтып қойды. Бала шешесіне қанша өкпелеп жүрсе де, одан айрылып, басқа жаққа мүлде кетемін дегенді еш уақытта ойлап көрмеген. Мынау қатал үкімдей болып естілген сөз құлағына жеткен бойда, тұла бойын мұз қарығандай дірілдеп кеткен.


– Тәтем бармаса мен де бармаймын! – Оның үні бұзылып шықты. Енді болмаса жылап жіберердей.


– Ұйықтай ғой, айналайын, ұйықтай ғой. Ол жөнінде ертең асықпай сөйлесерміз... – Ағатайы түн ішінде баланың үрейін ұшырмайын десе керек, әңгімені доғарып, қыздың бетінен, мойнынан иіскеп, баланы өзінше тыныштандырған болды.


Әңгіменің үлкені расында да келесі күні болды. Ағатайы мұны алмай кетпейтінін айтып отырып алды. Тәтесі тағы да жылап отырып, Ақылбектің аруағымен қорқытпақшы болып еді, оған қыңатын ағатайы көрінбеді. «Оның аруағын сыйласаң күйеуіңнің отын өшірмей, орнын бағып отыруың қажет еді», дегенді айтты. Жылтыр қара «Бұл мен араласатын әңгіме емес екен. Өздерің шешіңдер», дегендей әлденені сылтауратып, үйден шығып жоғалған. «Менің осы сөзім мәселенің түйінін шешер», дегендей Құралай:


– Тәтем бармаса, ешқайда бармаймын! – деп өзінше мәлімдеме жасап көріп еді, ағатайы бұл күтпеген сөзді жеткізсін:


– Бармайтын бауырың жабысып қалып па еді бұл қатынға? Кәмшат – сенің ешкімің де емес. Сенің туған әкең – мен де, сені тапқан анаң – Зере. Құдайдың алдында да, адамның алдында да ешкімнің таласы жоқ. Ақылбек пен Кәмшат сені бесікте жатқанда асырап алған. Енді Ақылбек бұл дүниеде жоқ. Кәмшаттың асырағаннан басқа саған қатысы аз. Сені асырап-сақтағаны үшін, жеткізгені үшін Алла риза болсын! Ол жақсылығын жоққа шығарып, күнәлі бола алман... Бірақ, бұл саған мүлде бөтен де бөгде жан...


«Бөгде жан... Бөгде жан!» Құралайдың құлағынан осы бір сөз ызыңдап кетпей қойды. Көз алды тұманданды. Өзін күніне он айналып, жүз толғанатын анасы «бөгде жан!»


– Тәте, тәтетай! Ағатайға айтшы. Жалған айтады ғой, ә?! – Ол жүгірген бойы келіп, анасының алдына құлаған. Бірақ дәл осы сәтте шешесі жылағанын қоя қойып, тас түйін бекіп алыпты. Қызын да бұрынғыдай еміреніп, бауырына тартқан жоқ.


– Рас айтады! Рас! Құдайды да, адамды да куәға тартып отыр ғой. Көзім жұмылғанша сен білмесін деген сырым еді, қайтейін! Айтпасыма қоймады ғой. Бұл сөзбен бірге мен ғана емес қызымнан айрылған, Ақылбектің аруағы да жалғыз тұяғынан айрылды ғой. қайтейін, бақытты бол, қызым! Мен бердім рұқсатымды. Қаршадайыңнан тас емшегімді жібітіп, бауырыма басып едім, өзгені қойып, өзім де сені ішімнен шықпады дегенге сенбеуші едім. Сендірді ғой ағатайың. Сенің амандығыңды ғана тілеймін қалған тіршілігімде. Ол тағы да өз үніне булығып қалды.


Құралай шырқырап қанша жалынса да, алды-артына қаратпай сол күні оны еріксіз әкеліп, автобусқа салды. Автобус жылжып кеткен соң да, анасының сүрініп-жығылып, соңдарынан қуалағанын, сонан соң орамалы ағараңдап, көз ұшында қарайып қала берген сәтін, сірә, ұмыта алар ма?! Ұмыта алмас...


Жылай-жылай шаршаған кезде Құралайды ағатайы әуелі автобуспен, содан самолетпен, тағы автобуспен жүріп, ара қонып, Шиліөзенге жеткізген. Күндіз есінен, түнде түсінен кетпеген туған топырағына анасынан тірідей айрылып, нала көңіл болып оралды. Өзін осынау құпиясы мен қалтарысы көп жарық дүниеге әкелген туған әке-шешесінің, кіндігі бірге ақарлы-шақарлы аға-бауырларының, әпке-сіңілілерінің ортасына бөтен болып, тумаса да туғандай ғып жеткізген анасынан амалсыз айрылып келіп еді. Олардың, әсіресе Зере жеңгесінің: «Жаным, күнім!» деген сөздерін күніне жүз рет естісе де, Кәмшат тәтесінің «Қызым-ай» деген жалғыз ауыз сөзіне теңгермеген. Бұрынғы жетімдігі бұл жетімдігінің қасында ойыншық екен. Шын жетімдікті, нағыз панасыздықты енді көрді. Сабақтан қолы қалт етсе, анасы қалған ауылға хат жазатын. Зере жеңгесі тәтесінен келген хаттарды бұған бергізбей қойды ма, әлде шешесі жазған мұның көңілі суысын деп үнсіз жатып алды ма, әйтеуір ол әрекетінен ештеңе шықпады. Содан ба ол қаршадайынан ойынды ұмытып, көбінде ой үстінде жүретін күйге түскен. Қолы үй жұмысынан қалт етсе, кітаптарды алданыш қылады. Еңсесін мұң басып, жер түбіндегі қалған шешесін ойлайды. Көзі ілінсе болды, ақ орамалы желпілдеп, бұлар мінген автобустың артынан қуалап келе жатқан шешесі түсіне енеді. Сол қалпы, сол сағынған күйі жылдар соңынан жылдарды ілестіріп, өз әке-шешесін әке-шешем деп мойындамайтын, бірбеткей, өз дегенін істетпей қоймайтын қыз бойжетіп, мектепті де тәмәмдаған. Сол кезде ғана нағашы ағаларына хат жазып жүріп, өзі дидарын бір көруге зар болған анасы Кәмшаттың бұдан үш-төрт жыл бұрын дүниеден өткенін естіген...


(Қанат Құралай-Құндыздың қиын тағдырына қанған сайын өзі әлі көрмеген жанның мінез-құлқын, түр-тұлғасын бұрыннан білетіндей сезінді. Құралай-Құндыздың жазған хат-шығармалары арқылы-ақ онымен өмір бойы, қаршадай күнінен бастап бойжеткен шағына дейін қасында жүргендей. Ол белгісіз бойжеткенді, әлде оның өзіне деген сезімін қадірлегендіктен, әлде жанашырлық күй кешкендіктен, әйтеуір бір түрлі етене жақынындай, жанашыр жанындай көре бастағанын білді.


Сағатына қарап еді, күн түстен ауып барады екен.


Кеңсеге кіріп, асханадан түстеніп алып, хаттың жалғасын жұмысына барып оқымақ болды.


Асханада отырғанда ойынан Құндыз шықпай қойды. Қалай да бір көріп, ауызба-ауыз тілдесуді аңсады.


Асханада өзімен дастарқандас болған бір жас композитор мұның «Ең мөлдір махаббат» симфониясының біраз жетістіктерін айтып, астына көпшікті төрт қабаттап қойса да, әңгімеге зауқы соқпады.


– Мен бұл дүниемді қайта жазамын. Финалда айғай-шулы артық әуендер көп. «Ең мөлдір махаббат» ондай болмайды. Адам сезімінің ең киелісі – махаббат мұң-наламен, арманмен қанаттас болмақ, – деді де қойды.


«Расында да менің «Ең...» деп жүргенім өзімді де, өзгені де алдап жүрген «кем...» туынды болмасын. Нағыз сезімді сезіне білмеу, шын сүйіп көрмегеннен. Бәлкім, жақсы көргендер еш қиындықсыз-ақ бір-бірімен жараса кетсе, ондай махаббаттың да қадірі болмас. Сүйіспеншіліктің азабы мен тозағын тартқан жандар ғана оның қадір-қасиетін білер. Бәлкім, шын махаббат дегеніміз осы болар. Егер осы симфонияны Құндыз жазса ше? Ол әлдеқайда шыншыл болар еді. Сондықтан Құндыз болмағанмен, соның жанын барынша түсініп, сезімін сезіне отырып, шығармамды қайта жазуым керек», деп ойлады ол!


Қанат жұмысына келген соң біраз шаруалармен айналысып кетті де, хат жалғасын жұмыс уақытының соңына ала оңаша отырып, оқуға кірісті).


... Құралай жоғары оқу орнына түскен кезде де өзінің жетім еместігін мойындай алмаған. Бұл кезде науқасты болып, төсек тартып жатып қалған ағатайы – әкесі Мақұлбек ренжімесінші, «жат бауырлығын көрсетті» демесінші деген оймен ғана есен-саулығын білдіріп хат жазатын. Әйтпесе, қаншама қаражаттан тарығып жүрсе де топты жанды асырап отырған шешесі Зереден ештеңе дәметпейтін де, сұрамайтын да. Стипендиясын үнемдеп, тамағына да, киіміне де жеткізуге тырысатын. Ол кезде басқа құрбылары сияқты кино-теа­трға барып, сауық-сайран құру, болмаса құрбылары сияқты жігіттермен танысып, жастықтың бір соқпай қоймас шаттығын көру сияқты әдет оған мүлде жат еді. Біріншіден, оған қаражат жағы, тіпті киноға билет алар басы артық тиыны болмаған соң бөгелсе, екіншіден, уақытының барлығын тек сабақ оқуға арнайтын. Өмірдегі жалғыз алданышым, танымасам да рухани арманым деп мәпелеп, күніне неше дүркін суретімен сырласар Қайратын болашақ қосағы Жадырамен бірге тойлары өтіп жатқан ресторанға шығарып салған соң тауы шағылып, әбден жасып қалған. Бар дүние­ден біржола түңілгендей, ендігі өмірдің бар қызығы Қайраттың үйленуімен бірге келмеске кеткендей көрінген. Жылдар бойы ең қымбат дүниесіндей, тіпті көзінің қарашығындай сақтап келген жігіттің әдемі жақтаушадағы суретін кеудесіне басып, біраз мұңын шағып, ағыл-тегіл жылаған соң жыртып тастауға қимай, тығып қояйын десе өзінің оған қарамай тұра алмайтынын, өйтер болса ұмытуының мүмкін еместігін түсініп, ауылдағы тетелес сіңлісіне жолдаған. «Мұқият тығып қой, кейін бір сұрағанда берерсің», деген.


Ол суреттен құтылғанмен, Қайрат туралы ойлау азабынан құтыла алмаған. Қас қылғандай студенттер бас қоса қалса, ол кезде атағы біраз шығып қалған жас композитордың әндерін шырқайтын. Айт­пайын, үйренбейін десе де әндерді қалай үйреніп алғанын өзі де байқамай қалатын. Бертінірек қаржы табу үшін ауруханада кешкілік санитар болып жұмыс істеп жүріп, әбден шаршаған тұстарда ыңылдап, соның әнін айтатын.


«Суретіңді жүз көрсем де тоймаушы ем,

Қуанышым – сен ғана деп ойлаушы ем.

Бұйырған бақ басқа жаққа ұшпас деп,

Жолығуға асыға да қоймаушы ем...» –


деп басталатын ән Қайрат емес, дәл өзі жазғандай көрінетін. Тіпті өлеңнің сөзін де басқа ақын емес өзі шығарғандай сезінетін.


Құралайдың басқа әлемді ұмытқаны соншалық, екі-үш жыл бойына «қарындас» деп сызылып тұрар жігіттердің бетіне қарап, жымиюға ерінетін. Курс жоғарылаған сайын бірге оқитындардан үйленіп, той жасаушылар, той жасауға даярланушылар көбейді. Тіпті бір бөлмедегі қыздардың бәрі жігіттерімен қыдыруға кеткенде үйді бағып, жалғыз қалар сәті көбейді. Оның ең осал тұсын дөп басып, жанын қинай түсейін дегендей құрбы қыздарының: «Ей, сен неге ешкімді менсінбейсің? Кәрі қыз атанғың келіп жүр ме?» деген әзілдері де мұның ешкімге қарамаспын деген ойын жібіте бастаған.


Бесінші курста жүргенде бір сидам келген қара торы аспирант­пен танысқан. Сол күні-ақ ол қызды театрға шықырып, сызылды.


– Жарайды, сағат алтыда жатақхананың алдына келіңіз, – деді бұл бұрынғыдай ат-тонын ала қашпай. Бөлмелес қыздары оның бұл кеш те болса тым кешіге қоймаған шешімін бірден құптасқан. Мерзімді уақыт тақағанша Құралай мың ойланып, мың толғансын. Жүрегінің қалауы емес, әншейін бойжеткендік міндетін орындау үшін, құрбыларының көңілі үшін бара жатқандай сезінді.


– Әне, анау тұрған сол, – деді ол құрбыларына қара костюм, ақ көйлек киіп, түн ішінде суретке түсірердей мойнына фотоаппарат асынған жігітті терезеден көрсетті.


– Өй, мынауың жігіттің сұлтаны ғой.Аспирант дейсің бе?! Жүріп-жүріп сен оздың-ей бәрімізден. «Отырған қыз орын табар» деген атамыздың нақылының шындығын тағы дәлелдейтін болдың, – десті қыздар таңдайларын қағып. Жігіттің келбетіне бір көргенде-ақ құлаған қыздар мұны қолды-аяққа тұрғызбай, бөлмеден шығарсын...


(«Мен қайта берейінші аға?!.» – Қанат селк ете қалды. Оң қанатында отыратын балаң жігіт екен. Үстелінің жанына келіп, сұқсырдай болып тұр. Өзі қызық жігіт. Бірде «аға» деп жасымсып қалса, бірде «Кәке» деп сызылады. Жұмыс аяқталуға жарты сағат, он-он бес минут қалғанда көбінесе осылай өтініш жасап тұрғаны. «Бойдақ шіркіннің қай шаруасы қысып барады екен?», деп іштей ойласа да көбіне рұқсат беретін. Бүгін Қанаттың талағы тарс айрылды.


– Әй, шырағым, жұмыстың сағат алтыда аяқталатынын білесің бе?! – Бұл ажырайғанда балаң жігіт жасып қалды. Қипақтап, орнына қарай шегіне берген. Қанат әрі қарай қазбалады. – Адамда бір ұят деген болу керек қой!


«Бұрын мұндайы жоқ еді, бүгін бұған не болып қалды?» дегендей бөлмедегілер бастықтарын көздерінің астымен бақты. Композиторлар одағының үлкен бір творчестволық бөлімін басқарып жүрген Қанаттың мінезінде мұндай қопарылыстар болғанын, тіпті жер қозғалса қозғалмайтын жайлы деген жанның бұлайша кілт өзгергенін олар шынында бұрын байқамайтын.


Қанат оқып отырған қағазын қоя салып, тысқа шықты. «Неге ашуланды? Өзі де білмейді. Е, тапты, Құралай-Құндыздың көзжұмбайлықпен әне бір сыптығыр қарамен қыдыруға бара жат­қаны үшін екен ғой. Қызғаныш! Кәдімгі қызғаныш. Ал оны қызғанатын мұның қандай хақысы бар?» Ол жағына жауап бере алмайды.


Қанат орнына келіп, сыптығыр жігіттің қызды қайда апаратынын білуге ынтықты).


Сыптығыр жігіт сызылып қолын ұсынып, мұның халін сұраған. Құралай терезелеріне қарап еді, қыздары әйнекке жапсырған суреттер сияқты шүпірлесе қалыпты. Құралайдың беті ду ете қалған.


– Құралайжан-ау, әлі даярланбапсың ғой. Мен тоса тұрайын, тезірек барып, киініп келе ғой... – Жігіт тайтұяқ сағатына қарап қойды. Қыздың қабағы дір ете қалған. Сонан соң өз үстіне қарады. Көптен бері бір киері ғып келе жатқан қалампыр гүлді ақ шыт көйлегі болатын. «Даярланып» киінгенде бұдан жақсы көйлегі жоғы өзіне мәлім. Аяғына қарады. Бір киері де, күнде киері де осы біз тұмсық сары туфлиі. Аздап ескіргені болмаса модадан қалған дүние емес. Қанша «даярланса» да одан басқа аяқ киімінің жоғы тағы өзіне белгілі.


Ол жігіттің бетіне қараған жоқ. «Тос, тоспа» дегенді де айтпас­тан бұрыла жөнелді. Ептеп көңілі босап келе жатыр еді, өзін-өзі қайрап, қатайып алды. «Жылап-сықтау – әлсіздің ісі. Менің әлсіздігім – көйлегімнің көнелігі», деп ойлады.


Бөлмеге барынша көңілді келуге тырысқан.


– Өй, неге қайтып келдің? – деп таңырқасты қыздары.


– Бір түрлі ұнатпай қалдым, – деді ол барынша жайбарақат сөйлеуге тырысып. Шындығында оның бұл сөзі «Бүгін күн ашық екен» деген сияқты жай ғана хабарлы сөйлем болып шыққан. – Мінезін, іс-әрекеттерін алдын ала программалап қойған робот сияқты. Енді бармаймын!..


(Қанат әлдебір қағазға қарап, шұқшиған болып отырған жаңағы жұмыстан сұранғышқа қарап жымиды.


– Інім, қалай, өкпелеп қалдың ба? Асығыс шаруаң болса қайта ғой. – Жігіт күлген болды. Бірақ оның да ағынан жарыла алмай, бес батпан зілмен күлгені анық еді).


– Сен қыз жынданған шығарсың?! – десті құрбылары. «Мұндай жігітті енді қайтып табудың қиын екенін» ескертті. Өтінді, ұрысты. Бәрібір орнынан тапжылмай қойды. Кейін де жігіт үш-төрт дүркін келіп, қызға өзінің қай қылығы жақпай қалғанын түсінбеген күйінде ақыры күдерін біржолата үзіп кетті. Қыздары да Құралай оқуды жақсы оқып, тәрбиелі мінез танытып жүргенмен оның денінің саулығына күмін келтіре бастаған...


«Махаббаты ұйқыдан оянбаған» деп жүрген Құралай ойда жоқта өнер шығарып, қыздарын бір күні тойға шақырсын.


– Ой, пәле-ай, үндемей жүргеніңмен асығың түгел екен ғой. Шамасы, бізге білдірмей қыдырып жүрген қу болдың ғой, – десті құрбылары.


– Рас, бұрыннан қыдырып жүргенбіз, – дей салған. «Таныс­қанымызға да, табысқанымызға да жарты айдан асқан жоқ» демек пе? – Иә, көптен бері таныспыз. Шындығында мүлде олай емес еді...


... Оқу залынан кештетіп шығып, жатақханаға жаяу тартып келе жатқан. Не туралы ойлап келе жатқаны дәл қазір есінде жоқ, әлде ештеңені ойламады ма, оны да білмейді. Әйтеуір, тайға таңба бас­қандай анық нәрсе. – Көрген кісілері сол өзінің Қайраты мен оның келіншегі болатын. Қыз ол екеуін көргенде көптен сағынған кісісін кездестіргендей ұмтыла беріп, кілт тоқтай қалған. Бейтаныс қыздың мына оқыс мінезіне олардың сонша таңырқағаны рас еді. Ең әуелі «Сен танисың ба?» дегендей бір-біріне қараған, сонан соң «Біз сені танымайды екенбіз, әлде сен бізді білуші ме едің?» дескендей екеуі орнында қалшиып тұрған қыздың қасынан өте беріп, үңіле қараған. Екеуара көгілдір қол арбаны ортаға алыпты. «Сәбилі болған екен-ау!»...


(«Апыр-ай, ә, қай жерде көрді екен? Рас, екі баласы да кішкене көгілдір қол арбада жатып, аяқтанды. Көшеге шығарып, баланы қыдыртатынымыз да рас еді», деп ойлады Қанат. Бірақ, үдірейе қарап, ерекше мінез танытқан бейтаныс қызбен жолыққан сәтін есіне түсіре алмады...)


... Өзінің мынау қылығының тым оғаш шыққанына опынғандай Құралай да жалт бұрылып жүре берген. «Өзім де ақымақпын. Адам көрмегендей соншама есімнің шыққаны не? Оларға менің де қажеттігімнің жоқтығы сияқты оның өзі де, әйелі де, тіпті баласы да маған қажет пе еді?! Енді біз жолымыз қиылыспайтын бөтен жандармыз. Бұрын қиялымда ғана сақтаған «ең жақыным» еді, енді оны қиялымнан да өшіруім керек! Біржолаға! Мәңгі өшіруім керек!» деп ойлады ол.


Жаңа ғана көрген Қайратты да, оны біреу ала қашатындай бір қолымен қол арбадан ұстап, бір қолымен күйеуінің білегінен тас қып құшақтаған Жадырасын да, олардың бейкүнә сәбилері туралы да тезірек ұмытуға тырысқан. Қас қылғандай жаңағы бір алакөлеңкедегі екеуінің бұған таңдана қарағандары сурет болып, көз алдында тұрып алған. Сол бір аласапыран күйде жатақханаға келгенде фойеде би болып жатыр екен. Бес-алтыдан топтасқан қыз-жігіттер ойнақы әуен ырғағымен билеп, бүкіл жатақхана ішін думандатып жіберіпті.


«Дәл бүгін біреумен танысамын! Және ертеңге, одан әріге қалдырмай, осы қазір-ақ бір жігітпен танысуым керек. Ол әйелімен, баласымен көшеде рақаттанып, серуен құрады екен, ал мен «одан басқа ешкімді жақсы көре алмаймын» деумен елес қуалап, жастық шағымды өткізуім қажет пе еді?! Бәрі – жалған. Махаббат деген пәленің өзі жұрттың ойлап тапқан бос қиялы. Кімге алғаш рет ыстық құшағыңды қисаң, сол – махаббат. Бір шаңырақ астында ғана емес, бір көрпенің астында кімнің серігі болсаң, сол – махаббатың. Мен қуған елес махаббат емес – машақат. Тіршіліктің әділдігі болса, Қайрат бөгденің құшағында жүрер ме еді?»


Қыз өмірдің ұлы көшіндегі өз сәтсіздігін кімнен көрерін білмегендей аласұрған қалпы бөлмесіне кіріп, қағаздарын қойды да, маңызды шаруасы қалып бара жатқандай, шайын ішуге де шамасы келмей сол қияс шешімінен бас тартпаған күйі бишілердің орталарына келген. Сол қияс шешімнің жетегінде келген бойда жігіттерге көз салып еді, бір топ студенттердің арасында тұрған ұзын бойлы, тік қабақ жігітке көзі түсті. «Қайратқа ұқсайды екен. Мейлі көрейін!»


– Жігітім, Сізбен билегім келіп еді. – Өмірінде тұңғыш рет мұндай батыл әрекетке барамын деп бұрын-соңды ойлап па?! Содан да болар ол өзіне-өзі таң қалған.


– Мені айтасыз ба, қарындас? – деп орта бойлы ақ құба жігіт суырылып шыға берген. Құралай да бөгелген жоқ:


– Жо-жоқ. Мына жігіт ұнамай қалса, Сізбен билермін, – деді ақ құбаға. Не дерін білмей сасқалақтап қалған ұзын бойлы тік қабақтың қолынан өзі келіп ұстаған.


– Апыр-ай, бәрімізден мына Шектібай озды-ау! – «Ұял­ған тек тұрмас» дегендей қыз өзін ысырып тастаған ақ құба жігіт әзіл айтқан болды.


Қайратқа ұқсас жігіт сөзге жоқ болғанмен, биге тәуір екен. Тіл қатпаса да барын салып, билеп-ақ жүр. Күлімдеп қарап, ыржия күледі.


– Сақау емессің бе?


– Жоқ.


– Онда неге сөйлемейсің?


– Не деп сөйлеймін?


– Таныспайсың ба?!


– Шектібаймын. Зооветтың студенті. – Жігіт биін тоқтатып, қолын ұсынды.


– Егер тұзымыз жарасып кетсе, «зоотехник жігіттің дәрігер әйелі» деген жаман естілмейді екен. Демек мамандық жағы үйлесіп тұр, – деді Құралай тым-тым еркін сөйлеп.


– Мен – Құралаймын. Осында, емдеу факультетінің бесінші курсында оқимын. Оқу озатымын. Ал түрі-түсімді өзің көріп тұрсың... Қалай, ұнаймын ба?


– Ұнайсыз. – Жігіттің беті қызарып кетті.


– Ұнасам жүр, қыдырайық. Би деген танысуға дәнекер. Ал танысып алған соң биді қайтеміз.


Шектібай анадайдан бағып тұрған жолдастарына «біз кеттік» дегендей қолын бір бұлғады да, Құралайды ертіп, тыс­қа шыға берген.


Екеуі үш-төрт күн бірге қыдырды. Құралай тізгінді сол тежей ұстаған күйі қолынан босатқан жоқ. Бұйыра сөйлеп, момын жігітті біржола бұйдалап алған.


– Сен мені көпті көрген, әккі бойжеткен деп ойлайтын боларсың. Олай десең қателесесің. Бұрын-соңды мұндай мінезім болмаған, дәл бүгін ғана тапқан өнерім. Ал неге бұлай өзгердім? Оның себебін ешқашан сұрамайсың, – деген ол осы жігіт болашақ күйеу болуға жарайды-ау деген тағы бір қияс шешімге келген соң.


Дәл сол күндері Шектібай мұны туған күніне шақырсын. Басқа бір үйленген жолдасының пәтерінде өткізбек екен.


Келді. Дуылдатып, түннің бір уақытына дейін тойлады. Құралай алғаш рет тартынбай шарап ішіп көрмек болды. Мұндай батылдықтың соңы немен тынарын сезе отырып, саналы түрде әдейі ішті. Екі-үш рюмкадан соң-ақ басы айналып, қатты қыза бастаған соң төсекке келіп қисайған...


Ояна келсе таң бозарып, терезе әйнектері ақшулан тартыпты. Кеудесіне дейін жалаңаштанған жігіт мұның бетіне күлімдей қарайды.


– Қайда жатырмын?


– Қорықпа жаным, менің жанымдасың. Сенің тыныштығыңды күзеттім. Тек рұқсатсыз сенің жаныңа жатқаным үшін ғана кешірім өтінемін... «Мені жақсы көрер қыз қайда жүр?» деп ойлаушы едім, ақ қанатты періштем сен екенсің ғой. Мен өзіңе шын ғашықпын! Сондықтан да масайған сәтіңді пайдаланып, сенім көпірінен өтіп кетуге арым жетпеді...


«Ақылдан адасқандай от баса жаздаған бір шағымда өзіңдей ақ жүрек жанға жолықтырған тағдырым шығар. Сен! Сен ғана боласың, менің етегіңнен ұстап, үлкен өмірге қадам басар адамым. Әйтпесе өзі соқтығып, өзі сүйкенген мендей жанның бүгінгідей алақұйын ессіз сәтін пайдаланып калмас па едің... Саған осындай шақта табыстырған тағдырым болар. Тағдыр ма екен? Қайраттың өзі ғой. Тағы да кездейсоқ жолығуы ар­қылы-ақ есімді алып, есеңгіретіп барып, осы жігітпен табыстырып кеткен – соның өзі...»


– Жаным! – деді қыз тұңғыш рет толқып. Тұңғыш рет жігітті өзі құшты. – Егер шын жақсы көрсең мен сендікпін. Қояр шартым, тойымыз өткенше осы сабырлығыңды сақта. Өз махаббатыңа сенсең менің адалдығыма, пәктігіме де сонша сен. Ойыңда жалғыз-ақ күдігің болса, ол күдігіңнің жаңсақтығын біздің алғашқы түніміз дәлелдер. Адалдығыма күмән келтірсең, ертеңіне-ақ бетіме түкіріп, жатақханама қайтар...


Жігіт осынша бақытты көтере алмағандай аймалай берген, аймалай берген...


(Қанат дәптерді үстел үстіне қойып, графиннен су құйып ішті. Шөлдей қоймаған. Ептеп басы ауырған соң жасап көрген емінің түрі еді. Саусақтары да дірілдей ме қайтеді. Ол Шектібайдың азаматтығына риза болса, Құралай-Құндыздың отқа қанатын шалдырып ала жаздайтын жынды көбелектің ессіздігіндей қылығына күйініп отыр. Неге? Оны өзі де білмейді).


... Сөйтіп, той да өтті. Шектібайдың әкесі мен шешесі артынып-тартынып келіп, тойды ресторанда өткізді. Басқа емес, Қайраттар той өткізген ресторанды Құралайдың өзі таңда­ған.Тойдан кейін Шектібай да өзін бұл жарық дүниедегі ең бақытты жігіт сезінген. Құралай да бақыттылық деген осы екен ғой деген. Тіпті бір кездегі өзінің балаң сезіміне сын көзімен қарап, оның сонша пәк болғанымен тым аңғалдығына, аңғырт­тығына таңданатын. «Егер Шектібай емес, Қайраттың жары болсам, ол мені дәл осы жігіттей сүйіп, дәл осы жігіттей қадіріме жетер ме еді?» деген күпір ойлар да кейде кимелейтін.


Елге барып, екеуі де беделді маман атанды, тату-тәтті отбасы болды. Танысқан күні өзі айтқандай, «зоотехник жігіттің дәрігер әйелі» атанды. Үйелмелі-сүйелмелі үш бала екеуінің қызықтарын молайта түскен.


... Құралай Қайратты мүлде ұмытпақшы еді. Бірақ радиосы түскір концерт берсе-ақ: «Композитор... Қайраттың әні...» дегеннен құтылмайтын болды. Той-думанда да оның «Сағыныштарын» жұрт ұмытпапты. Сондықтан ол ұмытудың мүмкін еместігін мойындай тұрып, оның тілектесі ғана болуды еншілеген, Шектібайдай өзін шын беріле сүйген жарының жанында жатып, басқаны, басқа болғанда алыста жатса да жаңа әндерімен, өнерімен арбауын қоймаған, бір кезде сыртынан тоғайып, жалғыз қуанышы санаса, бұл күнде шырқын алып, шыдамын тоздырған жалғыз қасіреті – өз Елесін ойлауды өзіне кешірілмес кінә әрі үлкен күнә санайтын. Бірақ бас білмеген шу асаудай сезімді ақылға жеңдіру, оны уақытпен, сабырлықпен тұншықтырамын деу біреудің қолынан келетін, біреудің қолынан келмейтін әрекет екен. Құралай да ұмыта алмаған...


Тағдыр шіркін мұның өз жүрегімен іштей мойындаған кінәсі үшін егесіп, «Сен өйтсең, мен бүйтейін» дегендей жол ортада аямай жазалады. Балаларының алды мектепке ілінген жылы қосағы, жарық дүниедегі жалғыз тірегі Шектібай автомобиль апатынан қаза тапты... Бір шаруашылықты басқарып, аты аудан, облысқа мәлім болып тұрған шағында арманда аттанды.


(Қанат шылымын тұтатып, бойын жазып, терезенің алдына барды. Жұмыстың аяқталғанына жарты сағаттай уақыт өтіпті. Кеңсе іші құлаққа ұрған танадай, тып-тыныш. Бір түрлі көңілсіздік тұла бойын құрсап алғандай. Не үшін ренжіп тұрғанын өзі де білмейді.


«Обал-ақ болған! Осындай жақсы адамдардың өмірде жолы бола бермейтіні неліктен екен?!»


Ол өзінің көңілсіздіктің ырқына неге беріліп кеткенін енді аңғарды. «Құндыз-Құралайдың ауыр тағдырына сырттай, хат ар­қылы болса да ортақтасқаннан екен ғой». Жігіт әзірге қолынан келері – көркем шығарма оқыған адамның кейіпкер тағдырына белгілі бір уақыт ішінде ортақтасатыны сияқты күймен шектеліп қана қоярын іштей мойындады.


«Егер осының бәрі өзімен-өзі тіршілік етіп жатқан Қанаттың «басын айналдыру» үшін немесе ермекке тексеріп көру үшін ойдан құрас­тырылған шығарма болса ше. Шығарма! Осы сөздің түп-төркіні «шығару», «ойдан құрау» дегенге жанасып тұр екен-ау... Жоқ, мұның «басын айналдыру» үшін мұнша оқиғаларды ойдан құрап шығару мүмкін емес. Өмірдің өзінің шығармасы, өзінің шындығы. Басынан өтпеген жан мұндай оқиғаны, қиын тағдырды ойдан құрай алмайды. Құндыз басына түскен осынау тауқыметті тағдырды түсініп қана қоймай, өміріне өң берер тың бір жолды табар ма еді?!» Бірақ келіншек өміріне өң берер тың жолды өзінің тауып бере алмасын мойындаған еді.


Қанат ашық тұрған терезеден шылымның тұқылын лақтырып жіберді де, кабинетте тұрған рояльдің қақпағын ашты. Клавиштерді саусақтары жатырқамай, жорғалай барып, мұңды бір әуенді тамылжытты. «Міне-міне, қайта жазылар симфонияның екінші бөлімі дәл осындай мұңмен басталуы керек. Апыр-ау, мынау шындығында ғажап қой, қандай мөлдір әуен. Шіркін, осындай болар ма еді!»


Ол неге екені белгісіз, музыка әлемі пайғамбарларының бірі Чайковскийдің атақты «Алтыншы» («Патетикалық») симфониясының екінші бөлімін ойнап отыр еді. «Тым болмаса осынау ұлы шығарманың ширегіне татыр дүние жазсам-ау...» Ол ту сыртынан әлдекімнің қарап тұрғанын сезінді де, есік жаққа жалт қараған. Үй сыпырушы кемпір екен. Шелегін жерге қойып, босағаға сүйеніп қалыпты.


Қанат рояльдың қақпағын жауып, орнына келді.


– Өзің шығардың ба? – Кемпір құдіретті музыка әуеніне елтіп қалса керек, босағаға сүйенген күйі тіл қатты.


– Жоқ, шешей, қайдан өзімдікі болсын! Чайковский деген шалдың әуені ғой. – Жігіт жаңағы әуен өз туындысы болмағанына опынғандай күрісініп қойды. Сөйтті де дәптер-хатты қолына қайтадан алды).


... Сөйтіп, көңілдегіні қиялдап жүріп, жанындағының өзіне зар болып, бар медет, бар қуанышты үш баланың болашағынан іздеп, қайтадан төркін жұртқа, Шиліөзенге оралған. Бейбіт заман жесірлерінің қатарын толтырып, тіршіліктің ағысымен бірге аққаннан артық жол таппаған.


... Бір күні сандығының түбінен баяғы бала кезінде өзі жазатын «Махаббат мұндай бола ма?» атты еркін тақырыпқа жазылған шығармасын тауып алсын. Қарап, оқып шықты. Жазуы да басқа кісінің жазуындай. Кешегі өзі емес, бүгінгі бір оныншы сыныптың оқушы қызы жазған шығарма сияқты. Сонау бір жылдардың қатпарларында естелік болып бара жатқан балалық шағын ерте кезде көрген киносын қайталап көргендей әсермен оқыды. Бұл күнде жеті-сегіз баланың анасы болып, өзінен анда-санда келіп, ем-домын алып кетер Раушанның бойжеткен шағын, өзінің тым балаң кезіне бір сәтке болса да қайта оралған. Қолжетпесіне мойын созбай өз бақытын қиналмай тауып алған Раушанның әрекеті дұрыс па, әлде өмір бойы тілдеспеген, мұның бұл дүниеде бар-жоғынан бейхабар жанның бейнесін пір тұтып келе жатқан өз қылығы дұрыс па, оны да салмақтай алмады. Шығармасын: «Махаббат мұндай бола ма?» деген сауалмен аяқтапты. Бір кезде мұғалімі де: «...Кейін азамат болғанда оқырсың, мүмкін өз сауалыңа жауапты өзің табарсың», деп еді. Құралай өз басынан біраз қилы кезеңді өткізсе де, ол сауалдың жауабын таба алды ма? Жоқ, әлі таппапты. Сірә, жастық шақтың жайлауынан көшуге бау-шуын жинай бастаған тұста енді таба да алмайтын шығар... Бұл іздеген арманы сол Елес қалпында көңілдің түкпірінде мәңгіге қоныстанар...


Соңы


Мінеки, Қанатжан, өз басымнан өткен ірілі-ұсақты оқиғалардың қайсы бір тұстарын ғана өзіңізге мейлінше түсінікті ғып жеткізу жолында бар өнерімді салып жазамын деп аз уақыт болса да өзімді жазушы ретінде сынап көрдім. Бір кезде мұғалімім: «Түбі жазушы боларсың» деп, көп үміт артушы еді, бірақ Сізге жазған осынау екі-үш хат тұсында-ақ қалам ұстау дегеннің еріккеннің ермегі емес екеніне біржола көзім жетті. Бір жақсысы менің оқушымның жалғыз ғана кісі, тек Сіздің ғана болуыңыз жүгімді жеңілдетеді. Мейлі ғой, тек өзіңізге қиын да қызығы аз өмір жолымды түсіндіре алсам болғаны. Бұл жайдың бәрін де өзіңізбен кездескен кезде ауызба-ауыз айтсам (әрине Сіз сұрасаңыз) деп едім, пірім деп табынатын өзіңіз өтінген соң алдын ала жаздым...


Әрине көркем шығарма оқушы көңілінен шығуы үшін жазушы ойдан өмірде болуы мүмкін оқиғаларды қажетінше қоса алады ғой. Ал менде ол мүмкіндік жоқ. Егер ат қойып, айдар тағып, жаз­ған менің «туындыларым» Сіздің тарапыңыздан аздап болса да бағасын алар болса, оны шыншылдығы үшін, болған жайларды өзгеріссіз, қоспасыз сол қаз қалпында (шығарманың жанрын да әдейі осылай атағанмын) баяндағаным үшін ғана алар. Қайрат бейнесінен өз тұлғаңызды көре алсаңыз, Құралайымның өзімнен айнымайтынына сенемін...


Ал басқа не жазайын. Аспан асты, жер үстінде Сіздің бар екеніңізді қуаныш етуші Қ ұ н д ы з деп білерсіз. Шиліөзен ауылы


***


Қанат шындығында бір әдемі әңгіме оқығандай ерекше әсермен ұзақ отырды. Дәрігердің жазуына ұқсамайтын маржандай тізілген сымбатты әріптерге қарап отырып, Құндыздың ұқыптылығын танығандай. «Жазуы сияқты өзі де мінсіз, әдемі келіншек болар. Шіркін-ай, дәл қазір хатымен емес, өзімен сырласып отырсам ғой. Қалай да тезірек көрер ме еді». Ол әлі өңі-түсін де көрмеген адамға деген өзіне де беймәлім бір сезімнің оянғанын сезген. «Махаббат па? «Жо-жоқ! Қандай келіншек болса да өзінің ынтық болып қосылған Жібегіне айырбастай алар ма?» Сағыныш па?», «Көрмеген жанды сағыну мүмкін емес». «Әлде, қиын тағдырына бола жаны ашыған шығар?» «Танымаған кісіні қойып, күнде көріп жүрген жанды мүсіркеу – оны қорлаудың бір түрі. Құндыз өзін мүсіркететін жан емес».


Қанат қанша ойланса да өз сезіміне ен тағып, түстей алмады, бірақ Құндыз бен екеуінің арасына осынау тор көз дәптерлерге жазылған хат-хикаялар арқылы-ақ бекем бір көпірдің салына бастағанын сезді...


Ол қағаздарын жинап, есігін құлыптаған кезде астана көшелері батар күннің шапағына малына бастаған еді.


***


Бастықтың алдындағы қабылдау бөлмесіне бас сұға бергені сол еді, машинкасының клавиштерін жүгері қуырғандай бытырлатып отырған құмырсқа бел, қара көз келіншек:


– О, аға, жақсы келдіңіз, – тағы да мәлімсіз қуаныштың шетін шығарған. Қос қара шоқ – қос жанары жұмбақпен күлімдей қарайды. Қанат тағы да дәмеленсін. «Саған деген үй де таяу арада болып қалар», деп бастығы соңғы жолыққанда қарық қып жіберген. Жаңа пәтер жайлы хабар күткен. Қара көз келіншек тартпасын асықпай ашып, жымыңдасын. – Өзі қу екен. Аты-жөнін жазбапты. Ешкім білмесін деген-ау... Келгеніңіз жақсы болды. Телефон шалайын деп отыр едім... Ә, мінеки!


Келіншек жеделхатты қолына ұстата берді. Қанат қағазды қолына ұстаған сәтте көз жүгіртіп үлгірді.


«Пәлені күні пәленінші рейспен ұшамын». Болған-біткені осы. Айтарынан ақпары молдау теллеграмманың кеуде тұсындағы сөздерінің ішінен «Шиліөзен» деген мекен атауы көзіне оттай басылды. Сол! Құндыз ғой. «Почтаға бармауы мүмкін деп осында жолдаған ғой». Оның көзі келіншекке ауып еді, жұмыртқа жағып пісірген ақ тоқаш сияқты мінсіз жүзіне жымысқы жымиыс жүгіріпті. «Қулықтарыңды білемін» дейтін сияқты.


Қанат еш нәрсеге мән бермеген сыңай танытып, сырт айналды да, кабинетіне келіп телефонға жармасты. Самолеттің келуіне әлі екі сағаттай уақыт қалыпты. Орнынан тұрып, айна алдына барды. Мойылдай қара шашын сиыр тілімен жалағандай ғып жылмитып тарап, театрға барғалы тұрған келіншектей көзін ежірейтіп, өз бетіне зерттей үңілді. «Бұрын не ғып байқамаған? Көзінің айналасын ұсақ әжім торлай бастапты. Е, егделіктің елшісі де жеткен екен ғой. Елшісі келді дегенше есе-теңдік бермейді десеңші».


Оның бұдан әрі кеңседе отыра алатын жағдайы да, уақыты да жоқ еді. Өз бастығына бір «туысқанын» қарсы алу керектігін айтып, жұмыс уақытының қалғанынан рұқсат алып, көшеге шықкан. Ер адамның, егде адамның гүл ұстап, сызылып жүргенін өзі жаратпаса да, бір өзі үшін жер түбінен келе жат­қан Құндыздың көңілі үшін гүл базарына соғып, бір шоғын сатып алды. Қонағын орналастыру жайын да шешіп қоймақ болып, мейманханаға соққан. Қашан келсең де қарсы алдында тұратын «Орын жоқ!» дейтін жазу бұл жолы да орнынан табылды. Қанат ірілі-ұсақты қызметкерлердің басын ауыртпау үшін бірден қонақ үй директорына тартқан.


– Ағасы, пәленше дейтін композитор ініңіз едім. Аса сыйлы қонағым келе жатыр, бір орындық номер тауып берсеңіз, – деп қиылды.


– Кеп қалған екенсің інім, қонағыңыздың фамилиясын айтыңыз. Бір бөлме қарастырармыз сіздер келгенше, – деп қуант­ты.


Жолы болғанда самолет те уақытында келіп қонды. Әлдебір таныстар көріп қалып, «Гүл құшақтап, кімді қарсы алып тұрсың?» деп жүре ме деген қауіппен гүлін газетпен құндақтап алып, оқшауырақ жерге барып тұрды. Өзінің оны танымасы кәміл, тек өзін Құндыздың танитынына сенеді.


Чемодан, сумкаларын көтерген жұрт темір қоршаудың ішіне енген бетте күтіп алушылар өз кісілеріне қарай жігірісіп, мәре-сәре. «Маған келетіндерің қайсың?» дегендей бұл әр өткен қыз-келіншекке сүзіле қарайды. Бір кезде орта бойлы, дембелше келген ақ құба келіншек өзіне қарай төтелей тартты. «Бота көз, бет біткеннің сұлуы болса», деген бір пендешілік тілек көкейінен кетпей қойған. «Денесі де сымға тартқандай ерекше жаралса», деп те қиялдаған. Бұл да қарсы жүрді. «Қалай сәлемдескені жөн? Құшақтап сәлемдессе ше? Ол жасанды әрекет болар еді. Қол алысып қана сыпайы салтаң сәлемдесумен шектелгені жөн».


Құндыз жымиды. Жазбай танып келе жатқаны. Көзі бота көз де емес, көгілдірге де жатпайтын қой көз бе қалай? Бет-жүзі де үлбіреп, үріп ауызға салғандай болмағанмен, өзіне жарасымды ерт­теген сұлу торы аттай әдемілігі бар екен!


– Сәлеметсіз бе?


– Есен-сау келдің бе?! – Қанат қолын ұсынды. Келіншектің саусақтары баланың қолындай тым нәзік, тым кішкентай екен.


– Міне, ақыры келіп қалдық.


– Жақсы болды... Қане, қозғалайық. Жігіт келіншектің жол сумкасын қолына алды. Сөйтті де қонағына арнаған гүл шоғын әлі бермегені есіне түсіп, тоқтай қалып:


– Айтпақшы, мынау саған, – деді асып-сасып. Құндыз тағы жымиды. Гүлдің сыртындағы газетін алып, жігіттің өзіне берді.


– Түу-у, қандай керемет! Алматының гүлін де сағыныппын! Рақмет... рақмет Сізге!


Олар таксиге отырған соң да, көпке дейін мандымды ештеңе айта алмаған. Тек біраздан кейін ғана:


– Сіз қарсы алмасаңыз кез келген бірінші самолетпен қайт­пақшы едім, – деді Құндыз. – Жеткенше осы жолға шығуға қалай тәуекел еткенімді біле алмай қиналдым. Тіпті тәуекелмен билет алғаным үшін де, Сізге телеграмма бергенім үшін де өзімді жазғырумен болдым...


– Олай деме, біз айрылыспас достармыз ғой бұдан былай. – Жігіт келіншектің кіп-кішкентай қолының сыртынан қысты. Құндыз төмен қарады. Көбірек тұрып қалса «ыңғайсыз болар» дегендей жігіт қолын келіншек қолынан өзі тартып алды.


– Мүмкін, менің жолға шығып кетуіме өмірімде болған теңдесі жоқ бір қуанышты хабар әсер етті ғой деймін... Мен өз «шығармаларымда» Кәмшат деп жазған анам, тумаса да туғандай болған жалғыз тірегім әлі бар екен. Шын есімі Гүлшат болатын...


– Апыр-ай, шын ба? Міне, нағыз қуаныш! Құтты болсын! – Қанат шын тебіреніп, келіншек жүзіне еңсеріле қараған.


– Анам байғұс тірі болып шықты. Тек мені ұмытсын деп жасаған үлкендердің айла-шарғысы екен. Қайта байғұстың бағының, көретін қызығының көптігі ғой, «кісендесе тұрмайтын» кісі баласына емешегі үзіліп жылап-еңіреп жүргенде, кейінгі күйеуінен екі бала көріпті. Жақында хат алып, өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай қуандым. Демалысымның есебінен бірер аптаға сұранып, іздеп бара жатқан бетім. – Ол әлденені айтуға қысылғандай төмен қарап жымиды. – Жолым қиыс болса да, анамнан бұрын Сізге қарай қалай бұрылып кеткенімді өзім де білмеймін... Есейсек те ес кірмегенінің көрінісі бұл.


– Рақмет! – деді Қанат та алғысты не үшін айтқанын өзі де білмей.


Такси әне-міне дегенше мейманхананың алдына келіп, тоқтаған соң, шай қайнатым уақыт өтпей көптен бір көрісуді аңсаған екеуі оңаша бөлмеде айтар сөздері таусылғандай, бір-бір орындықты иемденіп,екеуі екі жерде шошайысып отырған.


Құндыз осы бір әуре тіршілікке, себеп-сылтауы, уәжі мүлде аз, тіпті өзгені қойып, жанында отырған жігіттің өзі де түсіне алмас сапарға, мынау жараса алмай қысылысып отырғандары үшін де тек өзін кінәлі санағандай, екі беті алаулап төмен қарай береді. Жігіт те басқа сөз таппағандай ауыл жақтың ауа-райын сұрап, биылғы жаңбырсыз жаздың шаруа баққан жұртқа тым жайсыз болып тұрғанын, енді бірер аптада жаумаса егінге де, малға да өте қиын екенін әңгімеледі. Қаланың саялы бағында жүріп, дүкеннің даяр азық-түлігінен кенделік көріп отырмаса да ауыл, ел жайы бір бүйірінде жүретінін білдірген түрі. Осы бір әңгіме жараспай тұрған сәттегі әр минуттың өтуі қандай қиын еді.


– Құндыз-ау, осы жол жүріп ашығып та қалған боларсың, жүр, ресторанға барып, алдымен тамақтанып келейік, – деді әйтеуір осылай отыра беруге болмайтындығын бажайлаған соң.


– Жо-жоқ, мен ес жинап, жуынып-шайынып, аздап сергіп алайын. Сіз ренжімеңіз, сол ресторанға бармай-ақ осы жерден тамақтанайық. Өзіңізге арнап ауылдың сарқытын әкеліп едім, тек кезекшіге бір шәугім шай қойдырсаңыз болғаны, – деді келіншек те орнынан тұрып жатып.


Қанат буфеттен сары ала жұлдыздары самсаған шөлмек бас­таған дәмдерін әкеліп, шайды қайнаттырып жеткізгенше, Құндыз да қарға аунаған түлкідей киініп, құлпырып шыға келіпті. Жігіт көз қиығын сала жүріп, келіншектің бойынан, дидарынан ерекше жарасымды, ауыл адамының күнқақты, бидай өңді ерекше бір әдемілікті байқап, көңілі әбден тоғайды. «Бәсе, маған ғашық болған жан тегін болмаса керек еді ғой» деп ойлады.


Екеуі шүңкілдесіп отырып, шай ішіп, аздап коньяктан ауыз тиді. «Бұрын да көп ішпейтін едім, тек көріскеніміз үшін», деп келіншек өте аздап ішкен соң, жігіт те қыстай қоймаған. Өзі де ішімдікті жаңа көргендей сұғынбай, сыпайы ғана ұрттап отырудан артыққа бармады.


– Ал, Сізге көп рақмет! Жұмыстан қайтатын мезгіліңіз өтіп кетті. Жібек жеңгеміз жоғалтып алып отырған болар. Сіз үйіңізге қайтыңыз.


– Жоқ, Сіз қанша жылдар осы кездесуді тосқанда, кешігіп келген бір кеш үшін ол да ренжімес, – деді жігіт. – Уақытында жұмыс­қа кетіп, уақытында жұмыстан келе қоятын үлгілі күйеуінің бір күнгі кешіккені үшін жазғыра қоймас.


– Қанатжан, менің басым ауырып тұр.Әлде қуаныш, әлде осы бір сапарымның жауапкершілігін сезінгеннен болар. Бүгін өзіммен-өзім ғана болайыншы. – Келіншек бір түрлі өтінгендей қиыла қарады. Қанаттың қасына келді. Сөйтті де жігіттің екі бетін ып-ыстық алақанымен дуылдата ұстап, көзін көзіне қадады. «Дәл қазір сүюім қажет. Тым кекірейе бергенім ұят болар», деген ой ұшқындады жігіт басында. «Мүмкін, содан соң қуаламас».


Жігіт те еңкейіп, келіншекті қапсырып құшақтай берген. Құндыз даяр тұр екен, екі қолымен бірдей кеудесінен тірей қойды.


– Жаным, Сіз мені жаңа ғана көрдіңіз ғой. Мен осы бір сәтті бойжеткелі армандаумен келгенмін. Сондықтан Сізді мен сүйейін, – деп Қанаттың бетінен ақырып өпті. Демі оттай ыстық екен. Бұдан әрі Қанатқа да шыдап тұру мүмкін емес еді. Еркінен тыс өзін құшақтап тұрған келіншектің аш белінен орай құшаққа алып, тұншықтыра сүйген. Құндыздың оттай ыстық ерні де қарсылықсыз табысты. Көздер тарс жұмылып, қос дене бір денеге тұтасқандай, тұла бойлары қорғасын болып балқып кетті. Жігіттің обырлана өпкеніне келіншек те өз тарапынан жауап қатқандай ерекше бір іңкәрлікпен, құштарлықпен жауап бергендей болып еді.


«Бұдан әрі кідіре берудің қажеті болмас!» Жігіт келіншекті жерден көтеріп алған, қарсылық көрсетпесе осы шала ес, шала мас күйден айықпаған күйлері мейманхананың талай махаббат өртінің жалынына күә болған кереуетіне қарай бейімдемек еді. «Иә, дәл қазір қарсылық көрсете алмас. Ғұмырын осы бір ыстық құшақты аңсаумен өткізіп келе жатқан жанның дәл қазіргі ет пен теріден жаралған пенде шіркін төзіп болмас, шыдас бере алмас, қан тасып, сезім буырқана толқын атқан сәтте төзуі мүмкін емес еді. Бірақ келіншек жігіт кеудесінен ақырын ғана итерген.


– Сабыр етіңізші, жаным! Құнымызды түсірмейікші, сүйіктім!


Жігіт Құндыздың жанарындағы мөп-мөлдір тамшыларды көрді. Іркілген қос тамшы ақша беттен домалап барып, жұп-жұмыр иегіне барып мөлтілдеді.


– Қайта қойыңыз, жаным!


Бұдан кейін өңмеңдеудің еш мүмкіндігі жоқ еді.


Ол үйіне келе жатып та, үйінде жатып та Құндызды ойлаумен болды. Бұрын алыста жүрген, хат арқылы ғана тілдескен жанды бір көрер ме еді деп қиялдаса, енді дәл іргесінде жат­қан, бір өзі деп жер түбінен іздеп келген келіншектің қасына қайта оралудың сылтауын таппай аласұрған. Телефон соғып, халін білгісі келді. Бірақ ертеңгі таңның атары рас болса, соған дейін шыдауға бекем бел буды. «Бұрын жиырма жылдан астам ынтығып, әбден аңсаған келіншек түс көрісіп таныс­қан соң мойныма асылар. Менің өзіме ерік беріп, ырқыма көнер сыңай танытар. Сонда мен сезімге былайша ерік беруге болмайтындығын айтып, күйіп-жанған денесіне мұз басқандай бірден салқындатармын. Сол арқылы-ақ оның алдындағы беделімді бұрынғыдан да көтере түсермін» деп ойлаған. Бәрінің де керісінше болып шыққанына, оның мұны сабырға шақырғанына таң қалды. Құндыз бұл үшін бүгін ғана таныс­қан адамы емес, жиырма жылдан бері ғашық болған, енді-енді ғана қолы жеткелі тұрған адамындай көрінген.


Жүрегі сыздап, ертеңгі атар таңды асыға аңсады. Дәл бағанағыдай мойнынан асылып тұрып, оттай ыстық демімен шырпып тұрып, тағы да сүйер сәтін елестетті. «Ертең мейманханадағы бөлмеге кіргенде-ақ есікті мұқият кілттейді: «Неге өйтесің?» деп ол сұрамас. Бала емес, түсінеді ғой бәрін де. Құндыз кереуетте отырған кезде қасына барып жайғасар, әрине, бүгінгідей ұяла бермейді. Келіншектің кереметтей ұнағанын өзіне айта отырып, оның өзінің оған қалған ғұмырда рухани тірек болғысы келетінін өтінеді, ал оның бұған көргенше сағынып тұрар аяулы адамы болуын сұрайды. Сонан соң құшақтап бауырына тартар. Мың градустық жүрек жалынына шарпылған келіншектің өзі-ақ: «Жаным, терезенің пердесін жабыңызшы, ұяламын», деуі мүмкін. Бұл барып терезенің пердесін жабады. Ала көлеңкелі шағын бөлме екеуінің соншама ыстық қауышуларының куәсі болар. Пәленбай жүз мың адамы бар алып қала тұрғындары күнделікті ертеңгі тіршіліктеріне кіріскен сәтте, бұлар – пәлен жыл бойы өзін аңсаумен бүкіл жастық ғұмырын өткізген Құндыз бен өзіне сонша іңкәр сезімін арнап жүрген жаннан бейхабар болса да оның хаттарын оқып, көрген соң хат иесін де жақсы көріп қалған өзі екеуі ерекше бір рақат бағына қадам басар. Алдымен оттай ыстық ернінен өуіп, келіншектің қанын бүгінгіден әрмен тасытады. Алпыс екі тамыры иіп, «сабыр», «тоқтам» атты қасиеттерден адаланған тұстарда мұның қолы соңғы қамал – түймелерді бір-бірлеп ағыта бастар. Әрине бойдан әлін, бастан ақылын жоғалтқан келіншек қолды қаға алмас. Содан кейін... содан кейін екеуі де табиғаттың өзі әр тіршілік үшін енші ғып бөліп берген ләззатты сәттің ырқына берілер. Бұдан басқа... бұдан басқа бұл кездесудің бөгде жол, бөтен шешімі болуы мүмкін емес. Ал қалғанын содан соң көріп алады. Өмірдің өзі нұсқар күнәһар пенде шіркіннің түсер соқпағын...»


Қанат осындай бір тәтті ойлардың құшағына көміліп жатып, ұйқыға өз еркін жеңгізді.


Ертеңіне мұқият қырынып-жуынып, қапысыз киінді. Ерлерге арналған жұпар майын да аздап пайдаланды. Шай ішіп бола бергенде ғана елеусіз ғып Жібекке:


– Бүгін жақын аудандардың бірінде кездесу болады екен. Бірнеше композитор соған барамыз. Жайырақ келермін, – деп мәлімдеді. Үні көмейінен құмығып шығып, әрең айтты.


– Мен де балайыншы, а! – деп кенже ұлы жабыса кетті. Бұрындары ұлын алдаусыратып, әлдене айтар еді, неге екенін кім білсін, бұл жолы баласының көзіне тіктеп қарауға жүзі шыдамай, орнынан тұра берген.


– Саған баруға болмайды, жаным, – деп бұл айтар сөзді Жібек жеткізді ұлына.


«Жұмысқа телефон арқылы-ақ жал айтармын. Бір күнгі еңбек тәртібін бұзғаным үшін қызметтен қуалап жібермес. Мен үшін әдейі келгенде тым болмаса бір күн, бір түн қасында болмасам ұят-ты», деп шешіп, автобустың жүрісіне тағаты жетпей таксиге отырып, мейманханаға тартты. Тақай бергенде кешегіден де сабырсызданып, берекесі қашты. Жүрегі аттай тулап, кеудесінде ойнақ салады. Сағат сегіз жарым болыпты. «Енді он бес минутта қасында боламын, ал бірер сағаттан соң...тіфу, адам қайдағыны ойлайды екен ғой».


Ол әлденені шұқшия жазып отырған мейманхананың үшінші қабатының кезекшісіне өте кішіпейілдікпен сәлемдесіп, Құндыздың номеріне келді. Сәл ентігін басып, есікті қаққан. Үн жоқ. Тағы қағып көрді. Тіпті аяқ тықыры естілмейді. «Жолдан шаршап келіп, қатты ұйықтап қалған екен ғой».


– Оу, жас жігіт! – Жалт қараса кезекші келіншек. Сұқ сау­сағымен іліп шақырып отыр. Адымдай басып, кезекшінің жанына жеткен. – Сіз 98-де жатқан келіншекке келдіңіз бе?


– Иә!


– Есіміңіз Қанат бола ма?


– Иә!


– Ол кісі осыдан екі сағаттай уақыт бұрын кетіп қалды.


– Кеткені қалай?! – Қанаттың таңырқағаны сондай, ентелеп, әйелдің төбесінен төнді. Құндыздың кетіп қалғанына кінәлі осы кісі сияқты алабұртып тұр.


– Қалай кетуші еді, чемоданын алып, қоштасып кетеді де. Міне, Қанат екеніңіз рас болса, Сізге хат тастап кетті. – Әйел үстелінің суырмасынан конверт алып берді.


– Қайда, немен кетті? – деді ол асығыс конвертті жыртып жатып.


– Сұрамадым. Өйтерің бар, ертерек келуің керек еді.


Ол ұзыннан-ұзақ дәлізбен келе жатып, қағазға көз жүгіртті.


«Жаным, Қанатым! Менің дәл осы қылығымды кешіре алмассыз. Қайтейін, басқа жол таппадым. Бүгін осында қалсам, ғұмыр бойы барша жаннан биік ұстап келе жатқан бейнеңізді «жоғалтып» алармын деп қорықтым. Сіздің де жұмыр басты пенде екеніңізді, мөлдір сезім атаулының түйінін ең соңғы нүктеге әкеліп тірер қарапайым еркектің бірі ғана екеніңізді түйсінгенде, мен пайғамбар тұтқан алып тұлғаңыз көз алдымда өшпес пе еді? Бүгін қалсам, Сіздің ырқыңыздан шығуға дәрменсіз екенімді мойындаған соң аттанып барамын. Қазір кешіре алмассыз, бірақ түптің-түбінде өзімнің киелі МАХАББАТЫМДЫ тек осылай қорғағанымды түсінетініңізге сенемін. Өйтпесе, оның несі махаббат?!


Менің көп жылдардағы арманымнан өзіме бөлінген енші – Сіздің деміңізді бір сәтке болса да жақыннан сезініп, кеудеңізге маңдайымды бір сәтке сүйеу болатын. Оған жеттім. Тіпті одан да асып кеттік. Асып кеткеніміз үшін де түк өкінбеймін. Қайта бойыма өлшеусіз қуат құйылып, аңсап жүрген сезім тұңғиығына сүңгіп қайтқан сияқтымын. Дәл бүгін көз жұмсам да арманым жоқ енді.


Мені іздемеңіз, жаным! Ауылда өзіме сөз салып жүрген зайыбы қайтқан бір момын жан бар еді, енді оның және өзімнің балаларыма ана болсам жетер. Көктегіге, ол аздай біреудің еншісіне қол созған арманшыл қу көңіл байырқалар. Байырқалатуға күш-қуатымның жетеріне бүгіннен бастап сеніп барамын. Қош, жаным. Өле-өлгенше атыңа тәңірдей табынып өтер, өзінің берекесіз іс-әрекетімен аз уақыт мазаңызды алған Құндызыңыз


Қанат әу баста хатты оқып болып, ашуға булығып, түк жазығы жоқ ақ қағазды жұмарлап-жұмарлап лақтырып тастады да, біраз жер ұзап кетіп, қайта келіп қолына алды. Көзі қарауытып, шеке тамыры солқылдады.


– Такси! Ол ала бүйрек көлікке міне бере-ақ: «Вокзалға», деді асыға. Вокзалға келген соң ақша салған әмиянын шофер­ға түгел ұстатып:


– Туысқан, өтінемін тоса тұрыңыз. Біреуді таппасам, аэропорт­қа барамыз, мынау Сізде болсын, – деді аптығып. Егделеу шофер бетіне күле қарап:


– Әмияныңды өзің-ақ ала бер. Тоса тұрайын, – деді.


Доңғалақтары жер тепкілеп, жолаушылар поезы қозғалып барады екен. Қанат вагондармен жарыса жүгірді. Терезеден сырттағыларға қараған жолаушылар көп. Құндыз көрінбеді. Вокзалдың ішін тінтті, жоқ.


Аэропортта да жым-жылас. Ағылған жұрт көп, Құндыз жоқ. Қарамаған қуысы жоқ, бірақ іздеу нәтижесіз аяқталды.


Сонан соң оңаша барып отырды да, өзі умаждаған хаттың қыртысын жазып, қайта оқуға кірісті.


«... Өзімнің киелі махаббатымды тек осылай қорғағанымды түсінетініңізге сенемін. Өйтпесем оның несі махаббат?!»


«Жазамын симфониямды қайтадан, – деп күбірледі ол. – Музыкамен махаббат жырын, әйел махаббатын жазамын...»


Ол автобусқа отырып, кеңсесіне қайтып келе жатқанда, нөсер бір төгіп өтті де соңы сілбі ақ жаңбырға ұласты. «Көгеріс біткен ерте сарғайып бара жатыр еді, мына жаңбыр дауа болды-ау», деп ойлады ол.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар