Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Арасан...

27.01.2016 5588

Кәдірбек Сегізбай: Арасан

Кәдірбек Сегізбай: Арасан - adebiportal.kz



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Жұттан соң


Расында, «жұт жеті ағайынды», алты ай бойы айналаны ат адымын аштырмас қалың қар тұмшалап басып тастаған қыстың шеті көрінді-ау деген тұста басы жауын, ортасы қарға, аяғы ақ боранға айналып, шет-шегі көрінбей кетті. Сүлдерін сүйреп қыстан әрең шыққан қолдағы азын-аулақ мал атаулы күнгейдің қылтиған көгін іскектей жұлып, қадалып қалыпты. Айт-айтпа, биылғы қыс бармын дегендерге де бүйідей тиді. «Мал жисаң – машақат, өлсе – өкініш».


Оспанқұл қолдағы қырық-отыздай қой-ешкі мен он-он бес сиырдың басы-көзіне қарап отырған-ды. Былтыр ала жаздай таудың қолат-қойнауын қуалай орып, жинап алған екі мая пішен алдағы қысқа молынан жетер деп көңіліне тоқ санап жүргенде сәуір тумай-ақ онысының түбі көрінді де қалды. Биылғы жұттан жұтамай шыққан бұл өңірде жалғыз Молданбай мен Асан ғана. Бұлар қыстың қамын жазда ойлап, жем-шөбін ертерек молынан қамдап алған-ды. Әдетте қайсы бір жайлы жылдары көктемге салым туған арамза қозы-лақтар мен жемге байланған бірлі-жарым сойыс малдары болмаса, қалған ірі қаралар қыс бойы өз аяғымен жайылып, қоректерін қарын үрлеп тастаған тау мен төбелердің күнгей бетінен айыратын. Кішітаудың несін айтасың, ығы, ықтасыны мол, қыстан мал қоңы қисаймай шығатын-ды. Биыл да қыс бойы ығын бермей қойды. «Е, тау малын таудың өзі асырайды» деп, «ұзын арқан, кең тұсаумен» жүрген талай-талай ағайын апшысы қуырылғанда жанталасып, жайылымдық аршыған болды. Балалары сүмесін еміп отырған екі-үш сауын сиырын аман алып қалу жолында жанұшырды. Бірақ аяз мен боран екі жақтап қысқанда ашқұрсақ малдың жілік майы жіңішкеріп, көбі қыс аяғына сүлдерін сүйретіп әзер жетті. Көп қораның есігі тарс жабылып, мөңіреген, маңыраған дыбыс естілмеді. Есесіне, ауыл-ауылдың маңында ірілі-ұсақ қаралардың қаңқасына көз сүрінді. Соны көргенде, Оспанқұл: «аспаннан шұға жауса да, етегі жабыл­майтын сорлылар-ай!» деп әрдайым іштей налитын. Той-думанда басы қосылса қосылар, қалған кезде, сол ежелгі енжарлық, дара-дара, шөре-шөре, шілдің боғындай бет-бетіне бытыраған тіршілік.


Оспанқұл орнынан ауырлай тұрлы. Шылбырын сүйретіп жіберген жирен биені ұстап мінді. Қорадағы аз ғана малын Арасанбұлақтың жағасына апарып жайғысы келді. Бір белдің арғы жағында ғана жатқан қасиетті бұлақты қыстай көрмеген соң ба, бір түрлі сол жаққа барғысы кеп, көңілі ауады да тұрады. Алыста жүрген жандардың туып-өскен жерді сағынатын әдеті, бұл да бес жыл Беларуссияда әскерде жүргенде арқар жортпаса, адам аяғы баспаған Кішітауға жаны үздігіп, жүрегі алып ұшпады ма.


Кешегі қызыл қырғында қан кешіп жүргенде әкесі пақыр туған жерді сағынғанда ұрыс пен ұрыс арасында автоматтан сәл қолы босаса, оқ астында үнемі өзімен бірге алып жүретін қойын дәптерге жармасып, осы Кішітауға жаны үздіккенде жүректегі сағыныш өлең жолына айналмады ма. Сонан от ішінен елге аман-сау оралған әкесі дап-дардай басымен Арасан бұлақтың киелі суына беті-қолын жуып отырып: «О, Алла! Ертең алсаң да арманым жоқ» деп жылағаны есінде.


Арасан бұлақтың оты, суы бөлек қой. Әне, тау қой­науын қыстаған он шақты түтіннің азын-шағын қара-құрасы қыс бойы жатқан сіреу қардың көбесі сөгілер-сөгілместе қара жерде қылтиып көрінген аз ғана көкке аузы жабысып іскектеп жеп, жалмаң-жалмаң етеді.


Ол әлде не есіне түскендей, жаңа ғана тартқан айылын қайта босатқан. Шаңырағына біткен қыл құйрық атаулыдан қалған жалқы жылқы – жиреннің бүгінгі қабағын ұнатпады. Ертеңгілік атдорбасына салған жемін де тауыспаған еді. Жай­ылым­ға келгелі де басын жерге салмай, екі бүйіріне кезек-кезек қарағыштап қойып, маңқиып тұрысы көбейді.


Иесі саусақтарын бүгіп, күбірлеп санай бастады. «Шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, ..., наурыз. Е, жануарым-ай, құлындайтын уақытың да болып қалған екен-ау». Ол «Енді не істесем екен?» дегендей сәл ойланып тұрды да, болашақ жылқысының басы болғалы тұрған төлінің қасиетті бұлақтың басында туғанын ырым көрді. Жиренін жетелеп, әрқашан аралас-құралас жайылатын сиырлар мен қойларын қоғамдады. Қыс айларында туған арамза қозылары кәдімгідей отығып қапты. Сеңсең жүнін жел өтіне желпітіп, бұл пақырлар да жерден басын алар емес. Өңкей жібек жүн ақ саулықтар мен қылшық жүнді қазақы қара қошқардың белінен жаралған қозылар. Түстері ақ та емес, қара да емес, сұрға келіңкірейді; түктері жібек жүнді майда да емес, қылшық жүнді сабалақ та емес, ата-тегін танытпас шөре-шөре. Білетіндер: «төртінші, бесінші буындары ғана таза қазақы қойдың қасиетін бойына түгел сіңіріп туады» деседі. «Өмір жетсе, оны да көре жатар. Тек, Алла осы жүрісін көп көрмесін».


Бағанадан жирен биенің жанында көктем шуағына раққаттанып манаурап жатқан Ақбармақ иесін баураған ойдан не түсінгенін кім білсін, орнынан созалаңдап тұрды да, жирен биенің соңынан ілесті. Түн баласында қораны айналып жүріп әупілдегеннен басқаны білмейтін төбеттің бір қасиеті жирен биені жеке-дара бағудан жалыққан емес. Сонан қашан қораға байланғанша жирен биенің жанынан екі елі қалмайды. Тайыншадай қара төбет, бәлкім иесі үшін емес, жирен бие үшін күндіз малдан қара үзіп көрген емес. Иесінің айқанын қалт етпейтін қайсы бір ақылды иттердей, шашырап шетке кеткен малдың шетін қайыруға зейіні жетпейді. Бар білері үйлеріндегі жалғыз биенің аман-есен жүруін өз міндетіне біржола алғандай. Жазатайым жирен бие басқа жылқылардың үйіріне қосылғалы жақындап бара қалғанда, соңында салпақтаған дүбара төбеттен зәре-құты ұшып, дүркіреп қаша жөнелетін. Қыстан көнін сүйретіп шыққан сиырлар отын дұрыс ала алмай, оқтын-оқтын сүлдерлері құрып, жайылып тұрған жерге сұлап жата кетеді. тек артынан аңғал-саңғал сүйектері арбиған жануарларды Оспанқұл шүу-шүулеп тұрғызып, қайта-қайта Арасан­бұлаққа қайырмалады. Жер астынан шымырлап шығып жатқан жылы бұлаққа айдап әкелгесін Оспанқұл жирен биенің арқасынан ер-тоқымын сыпырып, бос қоя берді. Шылбыры сүйретілген ноқтаны басынан алмады. Жәй уақытта бір көш жерге суыт жүріп барғанда қолтығы бусанбайтын жалпақ сауыр, қайық төс, тоқ кебеже қарын жануар қазір ғана қара жарыстан оралғандай. Тоқым астынан аққан сағал-сағал тер қос бүйірі мен қарнына дейін жоса-жоса жайылған.


– Жануарым-ай, – деді Оспанқұл, –«жаман биені жабула да құлынын ал» деуші еді бұрынғылар. Жаман болсаң да, жақсы болсаң да қазіргідей «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілердей» шағында бір үйлі жанның үмітін үкілеген тігерге тұяқ едің, соңыңа ерген ұрпағың ұзын болғай! – деп, биенің арқасын сыйпап, құлағының түбін қасыды. Иесінің өзіне қашанда тілеулес екенін сезінетін жануар тұмсығын бұның кеудесіне сүйеп тұр. Иесінің иісімен дем алғандай.


Несін айтасың, жер астынан шымырлап қайнап шыққан жылы бұлақтың буы бұрқырап, қыста да екі-үш шақырымға дейін қатпайтын. Тек сонан соң күн жылынғасын әлгі ақшуда буы да сейіліп, ауаға сіңіп жоғалатын. Көктем күні күлімдеп, шуағын жер дүниеге төгіп тұрса да, тау өңірінің қолат-қойнаулары мен сонау беткейлерде жатқан қардың ызғары болар, әлі де болса бұлақтың үстіндегі бу құдды өртенген қу шөптің түтініндей шудаланады. Оспанқұл осы бұлаққа деген өзінің әдеттегі ілтипатын сақтап, «Бісмілда!» деп ол еңкейіп, кермек судан бірер жұтып, бетін шайды. «Тәуба, тәуба!». Қыс бойы келе алмаған киелі бұлағының жағасына биыл да аман-сау жеткеніне шүкіршілік қылды. Көзі тіріде тағы бір көктемді көріп тұр. Көре қал, күні ертең Алла дем берсе мынау күнгей бетке көк қаулап шығар. Осы өңірдің сарымсағы мен қой жуасы көз қуантып, қаулап өсіп бергенде, кеше осы елдің малы мен жанына тізесі қатты батқан қыс та ұмыт болар. Кешегі ат тұсарлығынан келетін сіреу қар қарағанды, тобылғылы жоталардың иығынан сыпырылып түсіп қалған. Күні ертең, әлі-ақ құлындағалы тұрған бұның жирен биесіндей, бұл таулы өлкенің де желіні дертиіп шығар келер-ау! Өмір болса, Оспанқұл оны да көрер!


Осыдан он-бес жыл бұрын осы өңірге геологтар келмеді ме. Қайнарға жақын жерлерді бұрғылады. Бұрғы салған жерлердің бәріне темір құбырлар қадап кеткен-ді. Соны көруге келген қаратаяқтар: «Адам ағзасына өте пайдалы осынау минералды судың қоры мол болса, тап осы жерден шыны шөлмеккешипалы су құятын зауыт салынар. Демалатын шипажай салынар» деп, даурықпады ма. «Атам-заманнан бері бұрқылдап қайнап жатқан шипалы судың қоры қаншаға жететінін білеміз деп әлек боп жүрген көрінеді. Шіркін немелер, арықтың аузы-мұрнынан шығып ағып жатқан суды игеріп алса да болмас па? Қашанғыдан бұрын осы шіркіндердің өзім білемдері-ақ елдің діңкесін құртты. Бірде болмаса бірде «Осынымыз қалай?» деп ақыл сұраса несі кетеді екен?! Бәрін де өздері біліп тұрады. Бәрін де жоғарыдан өздері шешіп келеді. Әне бірде, қасиетті бұлақтың қолқасына бұрғы салған тұста осылардың былғары киген біреуі елге кеп: «Бұл жерге санаторий саламыз. Сендердің ауылдарыңды қи сасыған қорасымен бұл арадан көшіреміз» деп, төрткүл дүниенің тұтқасы өз қолында тұрғандай шіренген. «Есерге ерік берсең, елдің есін алардың» кері. «Е, алдымен санаторийіңді салып ал, сасыған аулымыз сәніңді бұзып, тынығушыларыңның тынысын тарылтып тұратын болса, оны да уақыты келгенде көре жатармыз» дескен бұлар. Расында, «салтанатты сарай тұрғызамыз» деген былғары күртеліні қойғанда, одан бері төбесімен көк тіреген Кеңес өкіметі де келмеске кетіп тынды. Қайнардың басында бура сан темір құбырлар қалды. Ішінен бу шыққаны, әлде су шыққаны белгісіз, солар бұрғы салған бес-алты құбырдың аузын та қып жауып, тек ыстық суы аспанға атқан біреуі қалды. Жердің жыртығы болса, оны жамауға әзір тұратын Молданбай диқаншылықпен айналысты. «Арасан суын мал ішпегенмен, картоп жақсы өседі екен», деп лепірсін.


Су көрсе тұмсығын бір малмай өтпейтін сиырлар өрістен аңқасы кеуіп қаталап кеп бұлаққа бас қойсын. Бірақ, бір ұрттады ма, жоқ па, «жоқ, әлі ішуге жарамайды екен» дегендей, бастарын шайқап, бұлақтан өтіп кетісті. Қой-ешкі киелі судың қадірін қайдан білсін, мойнын бұрып қараған жоқ. Секіріп-секіріп өте шықты. Тек Ақбармақ қана судан бір-екі жалады да, құбыр түбіндегі қазан шұңқырға бауырын төсеп жата кетті. Жылы бұлақ жанына жаққандай сабалақ жүнін жүздіріп, қимылсыз қалды. Суда қара тері қалқып жүргендей.


Қызық... Өткен жылы осы уақытта мал қыстан қоңды шыққанмен, осы қара төбеті ауырып, ажал аузына барып қайтқан-ды. Итаяққа қанша ас құйса да қарнына жұғын болмайтын құтпан төбет еді; тоқпан жілік тісіне тигенде шыныдай шақұр-шұқыр үгітілетін. Тайыншадай төбет аяқ астынан ине жұтқандай әлде бір беймәлім індетке тап болып, ілмиіп, қу сүйек болды да қалды. Сонда да болса, бауыр басқан жирен биеден қалмады. Күнде-күнде бие жайылған жерге ілесіп барып күнұзын жанында жатады.


Бір күні ертеңгілік ол тұңғыш рет ешуақытта көз қырынан қағас қылмайтын жиренді жалғыз қалдырып, жоқ болды да шықты. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейдіге» жорыған Оспанқұл он шақты жылдан бері сенімді серігі болған итпен үнсіз, іштей қоштасқан.


– Біраздан бері ас-суға қарамағанынан қорқып едім, бейшара өлуге кеткен ғой – деп, кемпірі Жұпар да күшігінен асырған итін қимай қиналған еді. Сонан бір күні ел орынға отыра бергенде жирен байланған қораның алдында бүк түсіп жатқан итті көрді. Өне-бойы су-су. Аюдың түгіндей қалың біткен жүні де ұйпа-тұйпа.


Жұпар жалма-жан итаяғына сорпа-суын құйып еді, басын көтеріп қараған да жоқ. Егер иттің тілі болса, шамасы, сірә, «жаным қиналғанда бірің көзіме көрінбедіңдер ғой» деп кінәлағандай. Бар болғаны елеріне жәудіреп, мұңая көз салды да, тағы да жантая кеткен.


– Қастан шықпағырлардың біреуі «ине салған» ғой – деп, Жұпар өзінше болжам жасап еді, бұл басын шайқады.


– Жоқ, бәйбіше, бұның жөні басқа. Бұл пақыр ит болып,кісіге үріп те көрген жоқ. Бұған кім ине салушы еді? Егер жазықсыз хайуанға хайуандық қылған біреу болса, өзі де екі дүниеде оңбас. Басқа бір дерт...


Оспанқұл итті аяп, көпке дейін жанынан кете алмады. «Ел ішінде – адамы...» деп өзімді ойлаппын, «... ит ішінде – арланы» деп сені ойлаппын. Менің түрім мынау, «алтыннан аттап барып, талқан алып жейтін» кәріліктің қапелімде қай жағымнан қаалй келіп қалғанын білмеппін. Енді міне күндіз-түн қара сиыр, бөрте ешкінің қамын жеп, соңында салпылдап жүрісім. Сенің түрің анау, сыбағаңды бөріден тартып жейтін тұста қайдағы бәлеге ұшырап, қу тіршіліктің жағасына жармасып жатқаның. Тек түсіміз ертегі, ісіміз еш болмағай».


Ит оның ертеңінде де орнында жоқ болып шықты. Мезгілі жеткенде ит түгіл адам да тірлігін тауысып, дүние салады. Оны уайымдап отыратын Осекеңде уақыт бар ма, күнделікті тірліктің күйбеңіне ілесіп, күнде-күнде малын өріске шығарады. Қойын-ешкісін, сиырларын жазбастан Арасанбұлаққа айдап апарады. Сылдырап аққан суға жақындай бергенде әлде неден үріккен малдар аяғын ілгері баспай тұрғанын байқады. назарын көтеріп қарап еді, құбырдан қайнап шыққан судың тайқазандай шұңқырында әлде ненің қарауытып жатқанын көріп, қасына барды. Әлде біреу малдың өлімтігін суға тастап кеткеннен сау ма деп ойлап еді, жо-қ, сүйтсе өзінің Ақбармағы. Судан тұмсығын ғана шығарып, рақаттаныпжайғасып алыпты. «Мына сорлы осында келіп жүр екен-ау. О, құдіреті күшті құдай, мақұлұқ шіркін де дертіне шипа іздейтінін қайтерсің». Ит содан кейін де күн шығар-шықпастан орнынан бұратылып тұрып, сөлеңдеп шипалы суға жөнеледі де, сонан тек іңірде қайтып, бие тұрған қораның аузына жайғасады. Екі-үш күннен соң итаяғына қарап, ақырында, не керек, құлан-таза сауықты да кетті. Ит шіркіннің қай қасиетін білерсің. әлде бір соқыр сезім жетеледі ме, әйтеуір Ақбармақтың жанын осы қасиетті судың алып қалғаны анық еді. «Ит неден ауырды? Денеге жабысқан дертті немен емдеді? Түк білмейді деп жүрген мақұлық дауайы емді қайдан біледі?» Бұның бәрі Оспанқұл мен зайыбына жұмбақ күйінде қала берді. Бар білгені – киелі судың шипасы адам ғана емес, бүкіл жан-жануарға дәру екеніне көздері әбден жеткен-ді. Ертеде әкесі марқұм айтып отыратын: «Бір жолы жаз жайлаудан оралғанда, Арасан­бұлақтың жылы суында жатқан аюды өз көзіммен көрдім» деп. Кім білсін, ол жануар да әлде бір кеселдеріне шипа іздеп келетін болар...


– Әй, Оспанқұл, не ғып отырсың? Жалғыз жирен биең өлгелі жатыр ғой.


Оспақұл ту сыртынан күжілдеп шыққан мына дауыс басқа емес, дәу де болса, дәл Молданбайдың даусы екенін таныды. Бірақ бірден бұрылған жоқ, әлде неге жаратпаған сыңай танытып:


– Сен шіркін, немене, «жақсы сөз жарым ырысты» да ұмыттыңба? «Жыланның ізі иір болғанмен, іні түзу болады» деуші еді. Ісің түзу болса да, сөзіңнің иірі түзелмей-ақ қойды-ау, немене, сенің биең түрегеліп тұрып құлындаушы ма еді?!


– Ойбай, Осеке, әзілім ғой. Бір сөзім үшін жер жебіріме жетіп... «Биең құлындағалы жатса, тым болмаса, қасына барып, басын сүйемейсің бе?» дегенім ғой. Молданбай әдеттегідей асықпай, найқалып аттан түсті. Қос қолын беріп амандасты.


– Жылқыларым бұлаққа соқпай, шамасы, басқа жаққа ойыстап кетті-ау деймін. Төрт аяқты қасқырдан қазір бізге екі аяқты қасқырлар қиын боп тұр ғой. Көзіңнен екі елі таса болса, қағып түседі. Осы жиренің биыл екінші құлындағалы тұр ма? Жануар, жас мал болса да, өзі сабаз, жуас жылқы ғой... Биыл аман-есен құлындаса, далаға жібермей құлынын қолда ұста, қасқырға жегізіп аларсың... Совхоздың көп малы құрыған соң, қасқыр да қолдағы бірлі-жарымыңа ауыз салып, қызылкөзденіп алды. Аз ғана малдың құйрығынан ұстағандай, қыр соңынан қалмай жүргенде, былтыр екі, биыл бір құлынымды алдырып алдым. Менікін қойшы, шүкір, дөңгелек тұяқтының басы бар. Бірін жесе, бірі қалады дегендей. Ал сенің ...


Молданбай тілін тістегендей кілт тоқтады


– Кемпірің қалай? Ауыл үй отырсақ та, осы бір азын-аулақ малды қорғаштаймын деп-ақ діңкелеп бітесің... Айтпақшы, әлгі Сәрсенқұлдан хат-хабар бар ма? Алланың ісіне не шара, байғұс бала аяғын жаза басып қалған соң не дерсің? Көреді де, көнеді ғой...


Мына бірді айтып, бірге кетіп жынына тигенін қарашы. Көбік ауыз неме әр әңгіменің басын бір шалып, қайдағыны соғып тұрып, енді көрдің бе, қиыстап кеп бұның ең бір жанына қатты бататын осал жерін дәл тауып, улы тілімен піскектеп жатыр. Оспанқұл оның жүзіне түсін суытып, сыздана қарады:


– «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» деуші еді. Жем іздеймін деп жерге кіргізердей болған ұл үшін ұятты болғанымыз рас. Бірақ «Қисықты түзеп, қыңырды мінейтін» жанашырым сен болмасаң етті, Молданбай! «Сақалымызға ақ түсіп, көңілімізге дақ түсіп отырған» шақта қажап қайтесің?! Сәрсенқұл кебін кисе хабары, кебенек кисе хаты келер. Естірсің.


Мына дойыр шалдың ашулана бастаған сыңайын аңғарған Молданбай апалақ-құпалақ үзеңгісіне аяғын сала берген.


– Қой, аяқты мал ұзап кетпей тұрғанда іздеп тауып алайын.


Оспанқұл орнынан тұрды. «Әлгі неме айтты-айтпады, қиналған кезде тым құрыса жануардың басын сүйейін». Жирен бие қос танауы делдиіп, ауыр тыныстап жатыр екен. Жанына келген иесін көріп, басын көтерді. «Шаранаңды жарыпсың ғой, жануарым. Енді көп кешіге қоймас». Тізерлей отырып, биенің маңдайын, сосын алқымын сипап, оған өзінің иесі ғана емес, тілекшісі де екенін білдірді. Төбет ит те төрт аяқтыдағы жанына теңгерген жалғыз серігі жиреннің басына қандай да бір ауыртпалықтың түсіп жатқанын іші сезінсе керек, дызалақтап қыңсылап, алды-артынан шықты. Бір кез бас жағына келіп, шоқайып отыра қалып, биенің тұмсығын жалайды.


«Иә, Алла, жиреннің тұқымын көбейтіп байымай-ақ қояйын, бірақ күнде-күнде іргеңде «сапты аяқтан ас ішіп, сабынан қарауыл қарап» отырған әлгі немеге таба қыла көрме!» деді Оспанқұл жаратушы жалғыз иеге жалбарынып...


Өткен жылы ййғырдың жоқтығынан жирен қысыр қалған-ды. Бұның өзінен де болды. Жаз шығар-шықпаста жиреннің күйіті келіп, мазасызданып жүргенін байқағасын осы ауылдағы қыл құйрық атаулыға тұқым жайдырар жалғыз қарагер айғырдың иесі Молданбайға «құда түсе» барған. «Құрдас, биемді екі-үш күн жылқыңа қосайын» – деген.


– Қоссаң қос, тек біздің айғырдың бір шапқаны мың теңге.


Оспанқұл әуелде оны құрдас болғасын әзілдеп отырған шығар деп ойлап қалып еді; жоқ, сүйтсе Молданбай беті бүлк етпестен мүйізгек алақанын жайып отыр. Жүзінде әзілдің ишарасы да жоқ. Қайта мемлекеттік мәні бар келіссөз жүргізіп отырған әлдекімдей, бас-аяғы жұп-жұмыр домаланған денесінде қорғасындай салмақ бар.


– Баяғыдай, «айғырдың олжасы биемнің қалжасы» дейтін заманды қасқыр жеген, құрдас. Бұл – нарықтың қағидасы! Оны түсініп болмай түгімізді жылтырата алмаймыз. Түсіну керек, құрдас! «Мың теңге» дегенім де түкке тұрмайды, сол бір тамшы тұқыммен бірге ырысым саған ауып кетсе қайтпекпін?!


– Аста-фир-Алла! Өзіңмен кетсін, кәпір! – деп бұл шапанының шалғайын сілкіп, орнынан тұрған. Басқа ләм демеді. Дейтін де ештеңе қалмап еді.


Молданбайды қирататындай болып, қыңырайып жүріп алды. Айғыры түскірі ауылда құрығанымен елден табылар еді. Тағы біреуі: «Бұл – нарықтың қағидасы» дей ме деп жасқанған. Дүние шіркін су аяғы – құрдымға сіңіп кетсе де, өзі нарық дегеннің парығын түсінбес миғұла болып кетсе де айғыр, бұқа, қошқар атаулының бір тамшы шәуеті үшін теңге төлемеуге үзілді-кесілді бел буған. Иә, одан ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, нәтижесінде жирен биенің обалына қалып, бір жыл атқысыр қалды...


Арба-шанаға бірдей, мініске де жүрісті күдіс бел торы бесті атына бұл жануарды дөнежін кезінде баспа-бас айырбастап алған. Ойы босағасына көп біте бермес дөңгелек тұяқтының тұқымын өсіру болатын. Екінші ұл Сәрсенқұлдың сүйекке таңба, бетке шіркеу болып, «әрісті» боларына көрінді ме, әлде ішер су, жұтар ауа бұзылды ма, әйтеуір, жирен бие тұмса құлындағанда досқа – күлкі, дұшпанға таба қыла жаздаған. Абырой болғанда, биесі түнде қорада құлындап, мұны қатты шошытып, үрейлендірген төлді өзінен басқа жан баласы көрмеген...


Күндегі әдетімен таңертең ерте тұрған ол атқораның есігін ашса, биесі құлындапты. Жануар жерде жатқан кер құлынын емірене жалап тұр. «Апыр-ау, үстінің құрғап қалғанына қарағанда, түн ортасында құлындаған болар. Не ғып, аяқтанбай жатыр?» деген оймен беті әрі қарап жатқан құлынның алдыңғы жағына шыққан кезде... Өз көзіне өзі сенбегендей, шегіншектей берген. Құлынның созып жатқан алдыңғы аяғы үшеу еді. Әуеліде ол артқы аяғының бірі екен деп ойлаған. Жоқ, алдыңғы аяқтары екен. Ол «Астафиралласын» айта жүріп, анықтап тағы қарады. Төс сүйектің ортасынан біткен артық мүшені аяқ деуге де келмейтін. Аяққа ұқсас бұратылып жатқан бірдеңе. Жіліншігі де, тұяғы да бар сияқты. Ол бар жазығы иә Алладан, иә адамнан кемтар болып туған жануарды енесінің уыз сүтін емізбей-ақ көтерген күйі шөп қораға апарып, бәкісімен тамақтан орып жіберген. Денесін қапқа салып апарып, көміп келді. Әйтеуір, мұндай сұмдықты өзінен басқа ешкімнің көрмегеніне қуанған. Зайыбы Жұпар мен балаларынан да бұл жайды жасырған. «Биені сиыр сүзсе керек, құлыны өлі туыпты» дей салған...


Содан ба, жирені бұл жолы тағы қандай сұмдығын көрсетеді дегендей оның құлындағанын жануардың тынысы түзелгенінен сезсе де, иесі төлге көзін салуға бір түрлі батпай, біраз отырған. Жирен де тууынан ұшты-күйлі жоғалуы тез болған тұмса төлінен кейін жарық дүние есігін жаңа ғана ашып, қанасын жарып шыққан ұрпағын көруге асық­­қандай. Оқыранып-оқыранып жіберіп, орнынан тұрды. Маңдайында жарқыраған жұлдыздай төбелі бар жирен құлын басын кегжеңдетіп, мынау кең дүниенің кәусар ауасымен тыныстап жатыр. Қарттың көзі алдымен құлынның алдыңғы аяқтарына түскен. «Тәуба-тәуба!» Үлпілдеген ақ шеміршек тұяқтары баланың қос жұдырығындай болып, алдында жатыр. Екеу ғана.


Жанарымен тінтіп, төлдің тұла-бойын қарап шықты. Артығы, кемі жоқ, бәрі де орнында сияқты. Жирен төбелдің ұрғашы құлын екенін байқап, оны да жақсы ырымға жорыды. «Иншалла, тұқымың жайылсын! – деп күбірледі. – Қанатжанның бәсіресі боласың!»


Неге өйткенін өзі де білмейді, тақиясына арасанның жылы әрі кермек болғанмен қасиетті суын толтырып әкеліп, болашақта Оспанқұл қосының басы саналар құлынын сонымен ауыздандырды. Бұл күнде қаптап кеткен жылбысқы жұқа дорба сияқты төбесіне, тұмсығына жабысып, тобарси бастаған қағанақтарын тағы да сол сумен жуды. Жирен бие де оқыранып қойып, төлін жалайды. Әй, құдайдың құдіретінің күштісі-ай, хайуан екеш хайуан да ұрпағы үшін өліп барады. «Мен не істейін?» дегендей жирентөбелді иіскелемек болған Ақбармақтың адал достығын ұмытқан бие жымыраңдап, оны да қуып тастады.


Бір шаңыраққа тағдырларын толайым тапсырып қойған аңқау қой-ешкі мен миғұла сиырлар өздерімен өрісі, қонысы бір жалғыз бас түлік – жиреннің ұрпақты болып, әсіресе иелері – қапсағай бойлы қара шалдың қорасынан құлын кісінейтініне қуанып отырғанында жұмыстары жоқ, өз тіршіліктерінің нәпақасын теріп мәз. Арық сиырлардың кейбіреулері жата ғап, күйіс қайыруға кіріссе, ақтылы-қаралы ешкілер шағылды жартастарға шығып, біраз ұзап кетіпті.


– Қайт кейін! Өй, кемелек келгірлер сол! – Иесінің таныс даусын естіген қоспақ мүйіз ақ теке бұл отырған жаққа, сонан соң қауіпті бірдеңе келіп қалған жоқ па дегендей жан-жағына құлақ тіге қарады. Бұрынғылар: «Ешкі құрбандыққа жарамайды, бойдақ молдалыққа жарамайды» деген сөзді ұстанып өскен Оспанқұл «Сойсаң саны қалақтай, саусаң сүті бұлақтай» атанған осы бір сайтан пошымдас түлікке ғұмырында мал деп мән бермейтін. Асан көршісі ғой: «Егізден туып, тез өсер ешкі дейтін жануар қызылсыратпайды. Сонысымен-ақ қойға қалқан болады» деген соң бір-екі жылдан бері ешкі малын бұл да өсіре бастаған. Өрістегі тау кезіп, тас басқан саяқтығы болмаса, өсіп-өнуінде мін жоқ. Алдындағы қараң-құраңын көбейтіп жіберген.


– Қайт! – «Сендерге қайт деді емес пе?!» дегендей Ақбармақ та жотаға қарап, әупілдеп қойды. Өзінше ішкен ас-суын адалдап, ақтағандағысы. «Енді қайтпасақ болмас!» дегендей бір пысқырып қалып, төмен қарай салған ақ текенің соңына ешкі-лақтар ілесті. Етекке таман жайылып жүрген қой-қозылар да бұлаққа қарай құлады. Тек он шақты сиыр баласы ғана иесінің айғайын, қой-ешкінің жөңкіле төмен түскендерін елей қоярдай ақылдылық көрсете алмады.


– Ақбармақ, бар! Қайыр, ана малды! – Бірақ ол да «Ондай сөзің менің санама жетпейді ғой» дегендей құйрығын бұлғаңдатып, жата кетті. Мал жүрген жаққа қарап, тағы да барқылдап үрген болды да сонымен тынды. «Әй, шіркін жақсы ит те малшыға қолғанат екен ғой. Баяғы Бөрібасардай ит қайда қазір?! Тартпай қалғыр, мына шіркін соның-ақ күшігі ғой. Борбиған аю пішіндес денесі болмаса, ит-құсқа қой бермес ондай жауынгерлігі де, айтқанды түсінер ақылы да жоқ. Әйтеуір, ас ішіп, аяқ босатып, жирен биеге көлеңке сияқты ілескен өзінің осынау ит тіршілігіне әбден риза сияқты. Бәлкім, Қанатжанның кішкентай күшігі Ақжолтай бұдан естірек болып өспесе...


«Қайран Бөрібасардай ит қайда қазір? «Ит – жеті қазынаның бірі» деуші еді. Қазынасының бірі болған өз итін өзі өлтірген соң ба кім біледі, айрандай ұйыған отының басынан береке қашып, ілгері басқан аяқтары кері кетіп тұрғандары?! Миы жетпейді, күндіз–күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, қорасындағы азын-аулақ мөңірегендері мен маңырағандарын таңертең бір, кешке бір санап, қу жанын қуырдақ қып жүрсе де, өзі ұға бермес көп сауал жан-жағынан анталайды. Басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпес келте көрпе сияқты бір ісі кем боп тұрар тіршіліктері тағы қажытады. Мал өсер-ау, кемтік толар-ау, бір кезде суреті ауданды қойып, облыстағы «Құрмет тақтасынан» түспейтін, газеттер ересен еңбегін суреттеп айтуға теңеу таппай жататын Оспанқұлдың отының басы дәл осындай жағдайға тап болар деп ойлап па? Ойламаған. Әй, дегенде мен сол Бөрібасардың наласына қалдым-ау. Иттің қарғысы жаман болады деуші еді бұрынғылар. Содан-ақ болды ма екен?..»


Итталас


Жирентөбел құлын екі-үш ұмтылып, тәлтіректеп барып, орнынан тұрды. Құлап қалмау үшін аяқтарымен төрттағандап, қозғалуға қорқады. Қос тізесі, жіп-жіңішке сирақтары дір-дір етеді. «Тәй-тәй, жануарым, тәй-тәй! Күні ертең-ақ болат тұяқтарыңмен жерді қашап, шапқыларсың. Шапқылап жүріп, тай боларсың, шапқылап жүріп, өсерсің. Қорықпа, бас аяғыңды! Сөйтіп, тіршіліктің ұлы сапарының алғашқы қадамын жаса!».


Оспанқұл мал көрмегендей жалқы биесінің жалғыз құлыны емес, зарықтырып көрінген тұңғыш нәрестесін көргендей өз-өзінен күбірлеп отырғанын байқап, жымиған.


Бұған қарағанда Ақбармақтың толқынысы бекемдеу болса керек, құлын алғаш орнынан тұрғанда қыңсылай секіріп, өз қуанышын итше ғана білдірген болады. Биенің төлін қызғанып, жымыраңдағанын да елейтін түрі жоқ, құлынды иіскелеп қойып, секіреді.


«Бұл жазған да қуанған болып жүр. Не үшін? Өзі соңынан қалмас жиреннің бір басының екеу болғаны үшін бе? Әй, қайдам, оған Ақбармақтың санасы жете алса... Шіркін, иттің сырттаны Бөрібасар еді ғой. Сол хайуанның обалына бекер-ақ қалдым. «Ит наласы жаман» деуші еді. Кім біледі?!.


* * *


Ауыл шаруашылығы озаттарының облыстық слеті аяқталып, Осекең бұл жолы да қонақүйге көңілді оралған. Көңілденбей қайтсін, қашандағыдай орден, медальдарын кеудесіне самсата тізіп тастап, президиумнан орын алды. Алматыдан келген ғұлама ғалымның мал тұқымын асылдандыру ісіне керемет ізденімпаздықпен үлес қосып жүрген тәжірибешіл-озат шопан ретінде мұның аты-жөнін екі-үш дүркін сүйсіне атағанын қайтерсің. «Ол – мен едім!» дегендей айғұлақтанбай, мақтауға барынша мән бермегендей сәл жымия түсіп, басын шайқап қойып отырған сол бір сәт. Өзі әбден үйреніп қалған жиын, жиналыс атаулыдағы сүйінішке толы, ләззатты шақтар. Тіпті көпірмелі, көбікті болса да сондай мадақ сөзге құлағының қанығып кеткені сонша, бас баяндамаларда аты-жөні айтылмай қалса, үлестен құр қалғандай елеңдейтінді, есімі мүлде естілмей қалса, тымыраңдап, ренжитінді де шығара бастаған... Бұл жолы көңілденбей қайтсін, бәйге-жүлде атаулының тәуір дегені осыған бұйырып, республикалық слетке де бірауыздан делегат қып сайлаған. Ол аз болса, аудандағы бірінші хатшының өзі «Осекелеп!» жанынан екі елі қалдырмайды. «Осекең дегенім – бар бедел бетжүздігім» дейтіндей, ақ «Волгасын» ертелі-кеш көлденең тартып тұрады.


Слет түске дейін аяқталып, түстен кейін бәрі де тараған.


– Осеке, бүгін біраз облыс басшылары мен астанадан келгендерге шай-пай ұйымдастырмақшымыз. Сағат кешкі беске дейін магазиндерді аралап, бала-шағаға керек-жарағыңызды алыңыз. Бөлмеңізге өзім қоңырау шалармын! – деген Бірінші. – Қажет десеңіз, машинамды мініңіз.


Осекең де жақсылық жасағанға жармаса берер жосықсыз жан емес.


– О, не дегеніңіз?! Қонақүйдің айналасынан ұзап қайда барамын? Көлігіңізді өзіңіз міне беріңіз. Рахмет! – деп сыпайысыды.


Ол асықпай жуынып-шайынған соң, қайтадан екі өңірін зіл батпан ғып, алып-түсіп тұрған орден-медальдарын салдырлатқан күйі жиын-тойда ғана киер бедел – костюмін киіп алып, шірене басып, шырт түкірініп тысқа шықты. Әрине, «Көшеге шыққан кезіңде кигеніңе қолайлы» деп бәйбішесі салған жеңіл пиджагін де киюіне болар еді. Ойланып тұрып, оны қайтадан орнына іліп қойды. Магазинде бірдеңені кезексіз алса да, таксиге жұрттан бұрын отырса да, бекер обалы қане, қалалықтар да, далалықтар да орден-медалі мол кісіні сыйлап, оны таққан жанға тақ тұратын кез. «Жеп жүрген ет пен нанымыз осылардың арқасы» деп, еңбек адамдарын, әсіресе еңбегі мейілінше сіңіп кеткен осындай бір пұт қызыл ала мадақ-темір арқалап жүргендерге жол бергіш-ақ еді. «Кімсің? Қай саланың атақты адамысың?» демейді, әйтеуір өте сыйлы адам екенін бірден мойындайды. «Алыңыз!», «Жол сіздікі», «Өте беріңіз!» деп тұрғандары.


Сол сылдырмақтарының арқасында ұсақ-түйектерін, көрші-қолаңның балаларына деген базарлықтарына дейін бір сөмке ғып сатып алды. Ал кілем-кілше, әр түрлі аяқ киім, құндыз бөрік, ең аяғы ыстық жақта өсетін жеңсік жеміс дейсің бе, үндінің шайы, зейтүннің майы дейсің бе, басқа магазин атаулыдан итпен іздесең де таптырмайтын құнды да қат тауарларды слет делегаттарына тізім бойынша сауда жасайтын арнайы магазинге жинап қойыпты. Кеше кешкілік қонақүйдегі нөміріне «көшіріп» әкеліп тастаған. Бүгінгі саудасымен сәлем-сауқат дейтін шаруасын біржола індеткенін білді. Қойын дәптеріне бәйбішесі тізіп жазып берген қажетті дүниелер тізімін тағы бір сүзіп шығып, көңілін біржола демдеді.


Сағатына қараса, сыйлы қонақтарға «шай беріп жіберу» рәсіміне дейін аттай екі сағаттай уақыты бар екен. Даңғарадай, былқылдақ төсегіне жатып көріп еді, күндіз баласы көз іліндіріп көрмеген шіркіннің кірпіктері айқасар болмады. Бағанағы дүкенде жолыққан бір жылмыңдаған қараның сөзі есінен кетпеді. «Аға, келіңіз сөмкеңізді көтерісейін. Шамасы слетке келіп жатқан шопан боларсыз» деп, бөгенайына дейін танып, зуылдап тұр. «Қалада жүлік дейтін бәлелер жыртылып-айырылады дейтін. Ақшаңа, заттарыңа абай бол. Сен сияқты ауылдан келген орденді ашық ауыздарыңды аңдыса керек қой олар да» деген ақылы артық туған қосағы Жұпардың ескертпесі есіне сарт етіп түсе қалсын.


– Рахмет, шырағым! Ауыр емес қой, өзім-ақ көтере беремін, – деп сырмінез жігітке қашырта тіл қатқан. «Аш бәледен – қаш бәле» деп сыпайы сөйлеп, құтылмақ болған. Бірақ жылмаң қара да тас кенедей жабысып, айрылар емес.


–Ой, отағасы, қорықпаңыз. Мен де сіздей бір қара шалдың баласымын. Жүріңіз, сөмкеңізді көтеріп, таксиге отырғызып жіберейін... Сіздер «Асау дария» қонақүйінде жатқан боларсыздар?! Е, бәсе! Қала кішкентай ғой, жаңалығын біліп тұрамыз. – Ол өзі айтып, өзі жөндеп, қомақты сөмкенің бауынан жармаса ұстаған күйі есік алдына шыққан. Ол кісі аяғы сиректеу көшеге шыққан соң әрі қарай ағытылды. – Әңгіме былай, отағасы, сіздер сияқты малшылар мен шопандарға сенімді серік болар нағыз бөрібасар төбеттерді өсіріп жатқан питомникте жұмыс істеймін. Қазір қойшылар үшін нағыз таптырмайтын ит тұқымының қандай болатынын білесіз бе? Ол – «Кавказ овчаркасы» деп аталады. Ит емес, нағыз жыртқыш дерсіз. Қасқырды былай қойғанда, жолбарыспен жұлқыласып өлуге бар, бірақ қайтуды білмейді...


– Сонда ол питомнигің ит сата ма? – деп, бұл оның сөзін бөлген.


– Сатамыз. Тәрбиеге оңай көнетін жас күшігін сатып алсаңыз, үйіңізге олжалы ораласыз. Ол шіркін үйіңізге бір жеткен соң қотаныңыздың маңынан ит-құс жүрмейтін болады...


Оспанқұл мына жігіттің өзін қандай мақсатпен майлы ішекше айналдырғанын білген соң, бойынан ауыр жүк түскендей қуанып қалған. Әйтеуір тонау, сөмкесін ала қашу мақсатында жүрмегеніне көзі жетті. Ал күшігін сатып ала ма, алмай ма, ол мұның өз қалауы.


– Шырағым, өзімде де бір Бөрібасар дейтін үш рет қасқыр алған атышулы төбетім бар. Сенің «қапқаздық абшаркаң» содан мықты дейсің бе? – деп, реті келіп тұрған соң бейтанысқа мақтана кетуді артық көрмеді.


– Менің сөзіме сенбесеңіз бүгін қаланың шетінде ит таластыру дейтін керемет ойын болады. Сағат төртте басталады. Қызық көремін десеңіз, сонда алып барайын. Әлі уақыт бар екен... Қысқасы, ағасы, мен сағат үш жарымда қонақ­­­­­­үйдің алдына келейін. Заттарыңызды ыңғайлап, қауіптенсеңіз, артық ақшаңызды да нөміріңізде қалдырып кетіңіз, – деп қойшыны мүлде ойландырып тастаған. Өзінің питомниктің күшіктерін сатқаннан басқа бөтен ой, бөгде істі жігіт еместігіне көзін соңғы ұсынысымен біржола жеткізген.


– О, құдауәнда, ит таластыру дейтін балалардың ермегі емес пе еді, енді оны үлкендер қызықтай бастаған ба?! «Жүре берсең, көре бересің» деген осы екен-ау. Жарайды, шырағым, менің де бастықтарым бар, бір жаққа қуып кетпесе барайын. Сағат үш жарымда қонақүйдің алдына шықпасам, онда жолыңнан қалмассың, – деген...


Осекеңді қопаңдатып отырған сол уәде болатын. Оның үстіне, ол жігіт мақтап кеткен тұқымы басқа иттің күшігіне де көңілі ауып тұрғаны рас еді. Сауда-саттыққа беріле кірісемін деп қаржы қалтасын да біраз жұқартып тастаған. «Күшіктің құны қанша асыл тұқымды болса да әрі кетсе, екі қойдың пұлындай болар. Ұнатып жатсам, оған шамам келер» деп те ойлаған.


Сағатына қараса, келіскен кезге он минуттай уақыт қалыпты. Ол асығыс киінді. Бірақ бұл жолы ит төбелесін көруге саудырлаған, орден-медальдары тағылған костюмін киіп баруды ұят санап, қарапайым пиджагін кигенді жөн көрді. «Еңбек озаты екенімді ол жерге әйгілеудің түкке де қажеті жоқ» деп шешкен. Оның бұл әрекетін есік алдында тосып тұрған бейтаныс жаңа серігі де бірден қостай жөнелді.


– О, ағасы қарапайым киініп алғаныңыз бек жақсы болыпты. Ол – театр емес, бар болғаны иттердің таласы ғана... – Жігіт қолындағы белжемді сөмкесін көтерген күйі слет делегаттарына қызмет көрсету үшін қонақ үй алдында матаған жылқыдай тізіліп тұрған ала бүйрек, қызыл төбел таксилердің бірінің есігін ашты. Сөйтті де айдаушыға: « Иә, делегатпыз» – деп, өзін де қосып қойды. Оған барар жерлерін тәпіштеген соң:


– Ағасы, біз әлі таныспаппыз ғой. Менің есімім – Әділғазы. Ауылдағы көнекөз қарттар әділ қазылық жасайтын жігіт боп өссін деген болар. Ал біз сіздер сияқты қой бақсақ бір сәрі, ит бағушы болып кеттік дегендей... Ал сіздің есіміңіз ше?


– Оспанқұл болады. Жайылма ауданынан келгенбіз. Ит бақтық деп қапаланба, бауырым. Әйтеуір, мен естіп-білмеген кәсіп болса да ағайынға пайдалы іс қылады екенсің. «Көкірегі көнектей, көк тамыры білектей» боп бос сенделгендерден, біреудің «қаттысын қайырып, жұмсағын жымырып кетер» аш көз, суық қолдықтан сақтасын де...


Әділғазы қойшы ағасының тәлімдік қағидасын тыңдауға онша құлықтылық байқатпай, жердегі сөмкеге еңкейе берді.


– Бағанағы айтқаным – мынау, – деді ол сөмкесінің сыдырмасын ағытып. – Қане, Жолбарыс! Жаңа қожайыныңды көріп ал.


Сөйтті де ол қос құлағын майлығына жетер-жетпес қып шұнайта кесіп тастаған бөріктей ғана ақ сұр күшікті желке терісінен ұстап, алып шықты. Көзін жуырда ғана ашқан, шамасы үш-төрт күн бұрын ғана туған пошымы бөлек қазанбас күшік аса бір шыдамдылық көрсетіп, желкесінен көтергенге қыңсылаған да, ауырсынған да жоқ. Қап-қара тұмсығын тыржитып, ұйқысын бұзғанға ренжігендей әлден шоқтай жанған жанарын «жаңа қожайынына» сығырайта қадаған. «Шіркін, Бөрібасарға қызығып: «Бұл ит емес, босағаңа біткен ырыс қой!» деп жүрген Молданбай дүрдің тағы бір ішін күйдіріп, мұз жалатсам-ау деген ойға келген.


– Қазір дәл осы күшіктің әкесі Арыстанның төбелесін көресіз. Бәсіне, қазақша айтқанда, қарғыбауына сонан соң келісе жатармыз. Ал екінші өтінішім, бүгінгі көргеніңізді тірі жанға тіс жарып, айтпайсыз. Ашық ит таластырып, тамашалауға әзір рұқсат жоқ болған соң, жасырын ұйымдастырамыз.Қызыл төбел, ала бүйрек сары «Волга» қаланың шетіндегі бір үйдің ауласының алдына келіп тоқтады.


– Балам, мені тапжылмай тоса тұр, – деді Оспанқұл жүргізушінің қолына кесектей бес сомдықты ұстатып жатып. – Қонақүйге барған соң тағы да беремін. Мен әрі кетсе, он бес-жиырма минуттан соң шығармын.


Ауланың іші барынша кең екен. Бұларға дейін де он шақты жас жігіт жиналып қалыпты. Олар Әділғазыны көріп, қуанысып қалды. «Е,питомникте істейтін жігіт осылардың бастығы болар-ау» деп ойлаған қойшы.


Түрі-түсі Қапқаз халқының пошымына келіңкірейтін орақ тұмсық үш жігіт Әділғазыны көріп қуанғанымен, Оспанқұлға бір түрлі күдікпен қараған.


– Біз бұлай келіскен жоқ едік қой, – деді орақ тұмсықтардың бірі Әділғазыға қарап: – Ешқандай бөгде, бөтен кісі болмасын дедік қой.


– Жігіттер, қорықпаңыздар! Бұл ауылдан келген қойшы ағайым ғой. Көрсін. Зияны жоқ кісі.


– Онда, «ставка» өзгеріссіз ғой. Сол «бес кесекке» деп, қол алысамыз ба? – Әділғазы мен жаңағы жігіт қол алысты.


– Жақсы, онда бастайық. – Әділғазы жанында тұрған өз жігіттеріне иек қақты. Олар лып етіп, аулаға кіріп кеткенде қапқаздықтар да ауланың ішінде тұрған «Уаз» машинасының есігін ашқан. Одан секіріп жерге түскен хайуанды көргенде Оспанқұл шалқасынан түсе жаздаған. Шынында оны «ит» деуден гөрі соған ұқсас бір жаратылысы бөлек жыртқыш деуге келіңкірейтін еді. Тықыр жирен түгі май жаққандай жылт-жылт етеді. Тұтас тұлғасы ит тұқымына келіңкірегенімен, бас бітісі мүлде бөлек еді. Әсіресе, тұмсығы жартасқа ұрылып жапырылып қалғандай шолтиып тұр. Ал қара тұмсықты пішіндеп қана сәңірейтіп жапсыра салғандай, пұшық танау. Ауыз дегені жырта қарыс, ақсиған аппақ азу тісі қабанның шалғысындай сойдияды. Астыңғы ерін жинауға келмей, жапсырған терідей қож-қож болып, салақтап жатыр. Қырқылған меринос қошқардың әукесіндей қатпар-қатпар. Тікшілдеу біткен шатақшыл көзі шоқтай жайнап тұрғанмен, шал көзденіп, жыртиыңқы көрінеді екен. Құйрық атаулыдан ныспыға қалған тұқылы ғана шолтияды. Шар болаттан сомдап құйғандай кесек кеуде мен шөмиіңкі біткен құймышақ жеңді білектей жуан аяқтары оны арыстан кейіптендіріп, сұмдық қайратты екенін әйгілегендей еді. Шынжырлы қарғыбауын қолына орай ұстаған алпамсадай жігітті сүйрелеп, алдыға қарай қырылдай ұмтылды. Бір жігітке әл бермеген соң, екінші орақ мұрын да шынжырдан ұстап, төбетті тапжылтпай қойды.


Сол кезде қорадан алып шыққан ақ сұр төбет те екі жігітті сүйрей «жау қайдалап» келе жатқан. Оған қызыл сақтияннан шашақтап тұрып, тұмылдырық кигізген екен, аузын еркін ашып үре алмаса да, гүрілдеген долы үні «қолыңда өлейін-ай!» дегендей айбат шегеді. Бұл да тайыншадай, бітімі бөлек ит екен. Шелектей бас, тұтас мойын, жырта қарыс езулік, тек мұның да құлағын сөмкедегі күшіктің құлағы сияқты шұнайтып, кесіп тастапты. Болашақ майдан салар тұқымдасының осы екенін сезінсе керек, пұшық танау, шолақ құйрыққа қарай долдана ұмтылды.


– Бастайық па? – деді Әділғазы қапказдыққа қарап. Анау келісімінің ишарасын жасаған соң, билікті өз қолына алғандай болып, сөзін жалғады. – Екі итті де мықтап ұстап тұрыңыздар. Менің «жіберіңдер!» деген бұйрығымды естіген бетте бір мезгілде босатыңыздар! Қарғыбауларына қылғынғандарымен майданға тіленісіп тұған қос төбет шынжырларын керіп, тік шапшыған қалыптары сіресіп қалыпты.


– Шынжырларын ағытыңыздар! – деді Әділғазы. – Жіберіңіздер!


Ақ сұр сағым мен қызыл жирен сағым бір-бірінде ала алмай жүрген кектері қалғандай оқтай атылды. Ырылдасып, гүрілдесіп, айбат шегуге де шамалары келмегендей. Қос сағым бір-біріне жете бере сағынысып табысқан достардың құшақ айқастырғандарына ұқсас бір көріністі көзге елестеткен еді. Қанжардай аппақ тістер бір-бірін қарпыта тістеуге ұмтылысып, азулар сақылдасып, гүр-гүр ырылдар естілді. Арандай ауызға қарсы арандай ауызды салысты. Біреуі сәл шалқайғандай болса, қанжар тістер тура бауыздау тамаққа қадалардай. Ақ сұрдың дене бітімі кесектеу көрінгенмен екеуінің де айла-тәсілдері, күш-қуаттары шамалас болуы керек, сол тік тұрған қалыптары біраз аңдысқан.


Бір кезде Осекең қапқаз овчаркасы жасаған ересен бір тәсілдің куәсі болғаны. Бала кезінде болмаса иттердің таласына кім мән беріп, көз салған?! Иттері таласпайтын ауыл жоқ, таласпайтын иттер жоқ. «Жеңген ит желкесінен» дейтін әр ауылдың бір жеңімпаз иті боларын да біледі. Басқасын айтпағанда, өзінің аю пошымдас қазақы қара төбеті Бөрібасарына да ауылды қойып, аймақта оның бетіне «тіктеп қарайтын» тұқымдасының жоғын жақсы біледі. Ит атаулының күз айларында басталар махаббат маусымы кезінде көршілердің қылмиған қаншық атаулысына жеке дара иелік етер Бөрібасарға «Біз де төбет болып туғанбыз!» деген бірлі-жарым майданға шыққан дәмегөйлердің қарындары жарылып, аш ішектерімен аяқтарын орап, иелерінің реніштеріне қалғанын да ұмытқан жоқ. Бірақ тілсіз хайуан да осындай тәсілқой болады деп ойламапты.


Әділғазы «Арыстан» деп атаған овчарка орақ тұмсықтар әкелген «бульдог» деп атаған итке ұқсағанымен толық ит деуге келіңкіремейтін жыртқыштың арандай аузының бір сәт жабылуын күтіп, алқымынан ала алмасын білсе керек, қарсыласын барынша итере беріп, өзі бір жағына қарай бұлт етіп, төрт аяқтап тұра қалған. Бульдог бұл тәсілді күтпесе керек, бар күшімен итерісіп тұрған жауы бұлт ете қалғанда ол екпінімен етпеттей құлаған. Міне осы сәтте орнынан болат серіппедей атылған Арыстан секіріп келіп, ауызды толтыра құлақ-шекеге салған. Бульдог те сұмдық «итжандылық» көрсеткен, үстінен басқан төбетті көтере орнынан тұра берді. Жағдайының күрт қиындағанын сезсе керек, орнынан тұра беріп, аузын арандай ашып, қарсыласының алдыңғы аяғын қауып қалған. Овчарка да сақ тұр екен, лып еткізіп, аяғын тарта қойды. Соның өзінде бульдог жүндес жіліншіктің бір буда жүні мен терісін жұлып түсті. Овчарканың аяғын, бульдогтың құлақ-шекесін қан жауып кетті. Аяғының терісі болса да жауына алдырып алғанына долданса керек, ақ сұр төбет бар күшімен сілкіп-сілкіп жібергенде бульдогтың ауырсына ыңыранғандай үні шыққан. Дәл осы сәтті пайдаланып, әлі төрт тағандап тұрған қарсыласының мойнын қайыра жықты да, соншама бір әбжілдікпен қан-жоса болып түбірімен жұлынуға шақ қалған құлақ-шекені тастай беріп, аузын сақ еткізіп алқымға салып жіберген. Қытыр-қытыр шайнап жібергенде дорба ауыз иттің шоқ шашқан көздері жансызданғандай қимылсыз қалды.


– Болды! Жеңілдік, – деді орақ тұмсықтың бірі. Осы бір ауыз мойындау сөзді естісімен Әділғазы да итінің қарғыбауына жармасқан.


– Арыстан! Болды-болды, – деп төбетін өзіне қарай жұлқа тартып еді, ит тілсіз мақұлық атаулы көрсете бермес тағы бір тосын мінез танытты. Таластан қаны қызып, әбден өшігіп алған ит атаулы күшпен жұлып алмасаң немесе өзін таяқпен ұрып, ажыратпасаң жауынан айрылмайтын. Ал мынау ақ сұр төбет жаңағы ашу-ыза да, өзіне себебі мүлде түсініксіз жан алып, жан берген майдан оятқан жабайы өшпенділік те жоқ, маңқиып орнына тұрып, өзін қарсылықсыз шынжырлаған жігітке еріп, маң-маң басып, жүре берді. Дәл бір қарсыласының жеңілгенін мойында­ғанына көзі жеткен соң шайқасты тоқтатар спортшы сияқты. «Апыр-ай, мына пәтшағарды әбден «оқымысты» ғып тастапты-ау!» деп ойлаған мұндайды тұңғыш рет тамашалап тұрған қойшы.


Басын қан жауып, орнында серейіп жатқан пұшық танаудың жарақаттарына дәрі-дәрмек жағып, дәкемен орап тастаған екі жігіт жаралы жауынгерді көтергендей серейткен қалпы зембілмен апарып, машинаға салды. Соған қарағанда талай жеңісті де, талай жеңілісті де көрген, иесіне әлі қадырын кетірмеген ит екенін көрсеткендей.


– Санайсыз ба? – деді жаңағы орақ мұрын ештеңе де болмағандай жайраң қағып. Қолындағы ұқыптап оралған затты ұсынды. – Сенуіңізге болады. Біз уәде үдесінен шыға білетін адамдармыз. Итіңіз, шынында, мықты екен. Жеңіс құтты болсын! Тегінде Арыстанды сататын болсаңыз, басқа ешкімді іздемеңіз. Құнын келістіріп беремін.


– Әрине, сенемін ғой, көріспейтін жігіттер емеспіз, – деп, Әділғазы жігіттің ұсынған қолын және төрт бұрыштап оралған затты соншалықты кішіпейілділікпен алып, қоштасты.


– Келер жолы, бәлкім, сіз жеңерсіз. Арыстанды сату әзір ойымда жоқ, ондай ой туса, сізді оңай тауып аламын ғой...


Бейтаныс қонақтардың қос машинасы қақпадан шыға бере бағанадан ақ сұр төбеттің айналасында жүрген немесе көрермен болып тұрған жігіттер ақ сұр төбет емес осы ақ сұр жігіттің өзі ер намысы сынға түсер жекпе-жекте жеңіске жеткендей, қаумалап кеп құттықтасып жатты. Қуаныштарында шек жоқ. «Бұл – ит емес, нағыз қазына, ат басындай алтынға айырбастамас байлық!» десті олар. «Бүгін мен Арыстанға арнап, тірі қой сатып әкеліп беремін! Асып, алдына қоясың ба, әлде етін шикідей қарбытасың ба – ол өз еркің» деді тағы бірі. «Астафиралла! – деп, қойшы тілін кәлмиға келтірген. – Мал атасы – мал киесіне обал-ды, итке тірі қойды сыйлағанды кім көрген?»


– Қалай, отағасы? – Әділғазы бағанадан ештеңенің байыбына бара алмай тұрған Оспанқұлдың жауырынынан құшақтады. Бірде «ағасы», бірде «отағасы» деп атаса да, танысқалы бір ет асымдай ғана уақыт өтпей-ақ өзімсіне, іші-бауырына кіре тіл қатады. – Біздің Арыстанның «жұмысын» көрдіңіз ғой. Жаңағы азу тісі селебедей түрі-түсі бөлек бульдогіңіз осындағы чешендердің үкілеп отырған «малтабары». Жуырда Алматы асып барып, мықты деген төрт-бес айтулы төбеттердің жоқтауын асырып келген қандыауыз. Соныңызды біздің Арыстанның қалай жайратып салғанын көрдіңіз. «Күштінің күні – күштірек келгенше» дейтін сол, мәңгі мықтылық дейтін болмайды екен ғой. Ал бұл шіркіннің бел баласы – мына ақ күшікке де қызығушылар көп...


– Тұра тұр, шырағым! Сонда жаңағы жігіттер иттерін таластыру үшін ғана Алматыға барған ба?


– Әрине, Алматыны қойып, Мәскеуге дейін барады.


– Апыр-ау, бұл ит-майданды қызық үшін жасайсыңдар ма сонда? – деп қойшы өзі әлі ұға алмай тұрған сауалын қойған.


– Қызық үшін ит таластыратын бізді бала дейсіз бе?! Мынау «бес кесек» дегеннің не екенін білдіңіз бе? Бұл – бес мың сом. Сіздің он ту биеңіздің құны деген сөз. Жаңағы чешендер намысқой жұрт. Енді олар Арыстаныма шақ келер арыстан тауып, қайта оралады. Әнеки, сонда «ставка» – еселеп өседі деген сөз.


– «Ставка» дегенің итталастың бәсі ме сонда?


– Әрине.


– Ал бопты. Енді күшігіңнің қарғыбауына қанша сұрайсың? Соны айтшы, жарқыным.


Жылмаң қара қос алақанын жайды. Сонан соң жылы жымиды.


– Сіздей ағамызға құнын екі есе азайтып айтайын, екі «кесек» берсеңіз жетеді.


Әрине, «Жүре берсең, көре бересің» деген қағиданы Оспанқұл да қатты ұстанғанмен, дәл мынандай бауырын әлі көтеріп үлгермеген ит баласының құны төрт жылқымен тең болыпты дегенді өз көзімен көремін, ет құлағымен естимін деп ойлап па? Ойламаған. Осы Арыстаннан бір де кем емес Бөрібасары мен қаншық иті Жетердің күшіктерін қойшы-қолаңдар алып кетер еді, берсе қайсы бірі «қарғыбауына» деп бір «жартылық» арағын әкеліп, онысының жартысын өздері ішіп, қайқаяр еді, бермесе тегін әкетер еді. «Қазақ баласы ит сатып, болмаса ит таластырып, ақша тауыпты» дегенді шыққыр көзі енді көріп, тас бітелгір құлағы алғаш рет естіп тұр екен. Атына заты сай болмағыр, өзі «әділ», өзі «қазы» атанған Әділғазыны алғаш көргенде-ақ «тонаушы» шығар деп күдіктеніп еді, ақыры ол ойының расқа шыққанына таң қалды. Бірақ бұл тартып алатын не ала қашатын тонаушы емес, кісінің алдымен еркін арбап барып,тонайтын қу болды.


Ол бірден теріс айналды. Қарап тұрмай, теріс айналып бара жатып, аузынан қағынды.


– Итіңді құнын кемітпей келістіріп төлейтін адамның итіне сатарсың... Әттең Арыстаның Бөрібасарыма жолықпай жүр ғой. Әуселесін көріп алар еді...


– Ойбай, отағасы-ау, Бөрібасардың өнерін көрейік те. Машинаға жер алыс па?! Зыр етіп, жетіп барамыз, – деп, Әділғазы қақпадан шыға берген Осекеңнің шаужайына орала түсті. – Тек бәсіне келісейік. Жаңағы «ставкаға» келіссеңіз болды. Бөрібасарыңыз жеңсе, бір байып қаласыз, жеңілсе «қара шығын» болды дейсіз де қоясыз.


– Жоқ, шырағым, пайғамбар жасына таянғанда ит таластырып, байымай-ақ қойдым!


– Дегенмен, отағасы-ау, «Итім мұны жеңер еді» деп тұрған өзіңіз. Ал мен: «Арыстан жеңеді» демеймін.


– Жоқ, шырағым, Бөрібасарым ит баласын қойып, қасқыр баласынан да жеңіліп көрген жоқ! – Ол байқамай өзінің сөз бәсекесіне қалай кіріп кеткенін сезген жоқ.


Ақыры, Әділғазы бұлар хан жайлауға шыққанда Арыстанын алып, іздеп баратын болды. Ұзақ тәжікелесіп, екі иттің бәсіне үш мың сомнан тігетін болды. Үлкен ұлы Жұмағұлы аяқтана қалса деп жинақ кассасына екі-үш жылдың беделінде салып жүрген 4–5 мыңы болушы еді соның үшеуін алдын ала даярлап қоюға тәуекел еткен. Бөрібасарының бағы жанса, Молданбай дүрдің ішін күйдіріп, итінің «табысын» емін-еркін бір шашуды да іштей жұптаған.


Әділғазы шығарып саларда:


– Қалада отырсақ та бір малдың басын ұстатар жағдай бар, кешкілік қонақүйден алып қайтайын, – деп, жік-жапар жабысса да, рахмет айтып, жүріп кеткен. Иттің табысынан дәм татып, ауыз былғағысы келмеген.


* * *


Хан жайлаудың үстіне шығып, мал тұяғы шалғынды жапырып үлгермей-ақ Әділғазы жетсін. Астарында өрлі-еңіске бірдей «Уазиктері» бар. Аузын тұмылдырықтаған, ол аз болса ит сиярдай арнайы торға қамаған Арыстанын әкеліпті. Жанына тағы да жандайшап екі-үш серігін ертіпті.


Оспанқұл қонақтарына қой сойып, қол қусырып дегендей күтіп, арақ-шараптарынан да кенде қылған жоқ. Әділғазың жөн білер жігіт болып шықты. Сарқыт деп ала келген қоржын-қолаңы да бар.


Олар түнімен жайлаудың саф ауасына, сары қымызына бір қанып, таңға таяу көз ілдірген.


Қонақтарын Оспанқұл төсектен суырып алғандай ерте оятты.


– Ұрыста тұрыс жоқ. Бәстің жөнін ертелетіп шешіп алайық. Көрші-көлемнің де бұл тосын оқиғадан құлағдар болмағаны мақұл, – деген. Арақ пен қымызды қосып ішкеннен естерін жия алмай, мүрит болып отырған қонақтарына бір-бір ыстақан арақ жұттырып, бір-бір кесек салқын ет талматқан соң тысқа алып шықты.


Қотанын қасқыр торауылдаған шақтарда ғана ашуына мініп, «Мықты болсаң келіп көр!» деп барынша жуан даусымен үн бергені болмаса, жаратылысында ит баласына бөтен-бөгде болса да өздігінен тиіскенді қойып, оның бар-жоғын да кәперіне алмас есті төбет тор ішінде тұрған тұқымдасына көз қиығын да салмаған. Ауылдың басқа маң төбеттері «Ортамызда жау жатыр ғой!» дескендей, түнімен дүркін-дүркін сүрең салғанда да өзіне ғана біткен паңдықпен қотан шетіндегі дөңеске барып, дөңкиіп жатып алған.


– Бөрібасар, Бөрібасар, келе ғой! – деп, иесі шақырғанда ғана асықпай басып, жандарына келді. Құйрығын бұлғаңдатып, еркелеудің ишарасын жасады.


– Расында да итіңіз ит-ақ екен, – деді Әділғазы.


– Ойпыр-ай, қазақы төбеттің де мынандай алыбы болады екен-ау! – десті жандайшаптары.


– Бізде екі сөйлеу деген болмайды, – деді Әділғазы әлі тілі еркін сөйлеуге келіңкіремей. Сонан соң серіктерінің біріне иек қағып еді онысы лып етіп барып, орамалға оралған түйіншекті қожасының қолына ұстатты. – Тұп-тура үш кесек. «Ставканы» өсіремін десеңіз, ерік өзіңізде... Ал өзіңіздікі де даяр болар?


– Даяр! Қане иттеріңді шығарыңдар! Бәсі өзгермейді.


Тордағы итті босатып, тұмылдырығын шешісімен тағы да шынжырдан ұстаған жігіттерді сүйрей, майданға сұранған. Бөрібасар болса, келімсектің өз мекенінде басынып, ұмтылғанын ұға алмағандай бір езуімен ғана ырылдап, доқ көрсетті. «Маған өлермендене ұмтылатындай не кінәм бар еді?» дейтіндей иесіне қарады.


– Бөрібасар, бас! Аянба! – деді иесі. Бұл бұйрықты ұқпады ма, әлде себепсіз майдан ашуды Бөрібасар басына ар көрді ме, әлі де ашу шақыра алмай маңқиып тұрған.


– Жібереміз бе?! – деді Әділғазы.


– Жібер! – деді Оспанқұл. Арыстан ақ сағым болып атылды. Бөрібасар мұндай оспадарлықты күтпесе керек, ашуын енді шақырып, ойда жоқта ойран салмақшы тұқымдасына майдан беруге бұрыла бергені сол еді «темір қақпан» құлақ-шекеден ала түскен. Бөрібасар да жанұшыра жұлқынып, алапат күшпен орнынан тұра жауын құшаққа алған. Бірақ тас кенеше жабысып қалған сойдақ тістер мұның ауыз салуына жібермеді. Бар күшімен кеуделей итеріп, ақ сұрды шалқалай құлатқан. Оны кеудесімен жаныштай құлаған кезде овчарканың азулары сәл босағандай еді, сол кезде бұл да ажалды аранын жауының алқымына салмақшы еді, үлгермеді. Керісінше өз алқымының астында жатқан иттің аузында қалғанын сезді. Ендігі жерде қару-қайрат көрсетудің бәрі де бекер еді. Бөрібасар сорлы басқаға зиян жасамайтын қасиетінен зиян шегіп, тынысы тарыла бастаған.


– Отағасы болды! Арыстан «болат қақпанын» енді босатпайды. – Оспанқұлға Әділғазының үні алыстан естілгендей болды. Тұла-бойын белгісіз бір жалын шарпыды. Иті үшін бе, әлде айдың-күннің аманында ит болған өз қылығы үшін бе, әйтеуір жүрек тұстан тұтанған намыс ұшқыны басына шауып, көзіне қан болып құйылған.


– Иә, болды! Итім қапыда кетсе де жеңілгені рас.


– Арыстан, болды-болды, – деді Әділғазы. Сол-ақ екен тынысы тарылғанымен жауын денесімен басып жатқан Бөрібасарды аунатып тастап: «Жұмыс бітті, іс тынды» дегендей тағы да ашу-ызасыз маң-маң басқан ақ сұр машинаға қарай кетіп бара жатты. Бөрібасар болса әлі есін жия алмай орнында жатыр.


Оспанқұлдың құлағына Әділғазының үні жетті:


– Итім-ақ екен. Сәл тәрбиелеп жіберсе нағыздың өзі болайын деп-ақ тұр екен... Ағасы үш мың сомыңызды алмай-ақ қояйын. Итіңіздің қарғыбауы болсын. Бөрібасарды маған...


Оспанқұл оның сөзін аяқтатпады:


– Садаға кет, Бөрібасардан! Ол лып етіп үйге кірді де жәшікке салып қойған ораулы ақшаны қолына алды. Түнімен қой күзетіп, одан қонақтарын күтіп, таң алдында ғана төсегіне жантайған зайыбы Жұпар оянып:


– О не, таласып жүрген қайдағы иттер? – деді жайбарақат.


– Ұйықтай бер! – деді күйеуі алара қарап. Сонан соң керегенің басында тұрған мылтығын алды да, қой боғындай қорғасынмен – дара оқпен оқтады. Отағасының үйден мылтық алып шыққанын, өрт сөндіргендей түрін көріп, шошынған қонақтарына қарап:


– Мә, ақшаларың! – деп ол түйіншекті Әділғазыға лақтырды. – Иттерің де, өздерің де құрыңдар!


Не болып, не қойғанын ұқпаған қалпы қан жуған басын енді көтере берген Бөрібасар сорлыға Оспақұл мылтығын кезенген.


– Ақсақал! Ақсақал! Оныңыз не, обал ғой! – деп, Әділғазы шар ете қалды. – Мынандай итті оққа қалай қиясыз? Мынау деген ит емес, ақшаны күреп табатын жыртқыш қой...


– Оспанқұл! – Ебе-дебе боп, Жұпар да ұшып келеді екен. Бірақ ешқайсысы үлгермей қалды. Мылтық жайлаудың ертеңгі тыныштығын бұзып, гүрс ете қалды. Ит өлімі де бұйырмаған Бөрібасар соңғы рет «қаңқ» етті де, тыныштала қалды. Ит болып жаралса да тәкаппар ұстар басынан қара қаны шүмектеп жатты.


– Әттеген-ай, біраз жаттықтырып, үйретсе, нағыз жеңілуді білмейтін хайуан екен де! Амал бар ма?! – деді Әділғазы тағы да түйіншегін қойнына тығып жатып.


– Дегендеріңе жеттіңдер! Аларларыңды алдыңдар! Қане, енді құрыңдар, көзіме көрінбей!


– Ақсақал! Ақсақал! Сабыр, – деп, Әділғазы әлі де мәмілегерлік көрсетпек еді, үй иесі морт кетті.


– Бөрібасардың соңынан өздерің мерт болғыларың келмесе, жолдарыңды тапқандарың жөн!


Қонақтардың қоштасуға шамалары келмеді. Қолдарына іліккен заттарын шала-шарпы жинастырып, «Уазиктерін» ыра төмен құлдыраңдата жөнелген.


* * *


«Осынау ілгері басқан аяғымды кері кетіріп, жолымды оңғартпай жүрген сол жазықсыз хайуанның киесі болар» деген ой оның миының қатпарларына әбден кірігіп алған болатын. Содан бері қанша рет Кішітауды қар басып, қанша рет қазіргідей көктем келді. Тіпті қоғамдағы қопарылысты, әй бұл Кеңес үкіметі төрткүл дүниенің төрт бұрышын өз дегеніне енді-енді «иә» дегізіп тынар-ау деп отырғанда өзегін құрт кеулеген алып емендей бел ортасынан опырылып түсуінің өзін бұл түсіне бермес үлкен бір киенің соққанынан деп өзінше пайымдайды. «Оспанқұлдың отының басындағы сәтсіздіктер Бөрібасардың-ақ наласынан болсын. Ал бүкіл қоғамды ойран-топыр еткен қандай қарғыс, қандай кие?». Бұл сауалға кешегі озат шопанның ақылы жете бермейді. Оспанқұлға және мыңдаған оспанқұлдарға мүлде түсініксіз сең соққан балықтай болған заманның беталысын, адам атаулының ниет-пиғылын түсіне алмай-ақ қойды. Бәрі де бұл үшін мүлде түсініксіз күйге түскендей еді. Әлде қоғам өзгергенде адам өзгере ме, әлде адам өзгергенде қоғам өзгере ме, әйтеуір бәрі де бұл үшін жұмбақ, бәрі де миы жетпейтін түсініксіз тұманды дүние.


Күні кеше ғана бұл жазған бір аудан ғана емес-ау, бір облыстың бетке ұстар озат шопаны атанып, енді-енді «Еңбек Ері атансам арманым жоқ» деп жүрді. Айтып-айтпай, елде жоқ көсем бейнелі орденнің екеуін бірдей тағыпты, ол аз болса, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін, ол аз болса, «ананың озаты», «мынаның озаты» екенін куәлан­дыратын медальдарының саны да жетіп артылады. Соның бәрі де түкке тұрмай, бір-ақ күнде құнын жоғалтқаны жанына батады. «Айдай жүзі аймандай болды» деген осындай-ақ болар. «Келі құрыса, келсап керектен шығады», өкіметтің өзі құлағанда, орден-медальдарының қадірі кеткенін, биік беделінің де бірге құлағанын айтып, кімге мұң шағар? Аллаға болмаса, ұғар адамы қалды ма?! Ел сияқты білім де қумады, ел сияқты басшылық та қумады. «Еңбек түбі – зейнет» дегенді ғана ұран қылған. Сол еңбектің зейнетін көргенді ғана мақсат етіпті.


Шіркін-ай, Арыстан мен Бөрібасардың таласын қойшы, олар қанша қастерлегенмен иелерінің намысын жыртқан хайуан ғана, бар болғаны иттер ғана ғой. Ал адамдардың ит мінезі мен итше таласуын немен түсіндірер? Кешегі ағайын, дос-жардың, әсіресе, Молданбай сияқтылардың өзін алқымынан буындырып иттік жасағандары батады...


Бағанадан өзінің ең сүйікті төрт аяқтысы жирен биенің жирентөбел құлынына өзінен көбірек ықылас-пейілін бөлгеніне ренжігендей алдыңғы екі аяқтың үстіне иегін артып, сұлық жатқан Ақбармақтың маңқ-маңқ үрісі Оспан­құлдың ойын бөлді.


Шуы түскен жирен бие аналық мейірімін төгіп, қалтаң-құлтаң жүріп жүрген жас төлін бауырына алыпты. Жас құлын тәлтіректей басып, өмір нәріне – енесінің уыз кернеген үлпілдек қос емшегіне ернін жеткізіпті. Кішкентай ғана күлте құйрығын бұлғаңдатады, мынау таңғажайып сұлу әрі енесінің уызындай нәрлі де дәмді дүниеге риза пейілін білдіргендей. «Ұрпақсыз – өмір тұл» екеніне көзі жеткен жирен бие де сол күлте құйрықты иіскей түсіп, алпыс екі тамырын иіте балқып тұрғандай.


Бұл күнде қарамы айғыр үйірге жетіп қалған қылқұйрықтарын ауылға қарай айдап тастаған Молданбай тағы бір айтылмаған әңгімесі қалғандай, осылай қарай салып ұрып келеді екен. Ойын бөлгенін жаратпады ма, әлде қылқұйрық атаулыда босағасына көптен бері біткен тұңғыш құлынды қызғанды ма, Оспанқұл орнынан тұрып, оған қарсы жүрді.


– Е, бәрекелді, жиренің құлындапты ғой. Е, бауыры құлынына, сауыры өзіңе құтты болсын! Бақсаң, мал неге өспесін?! Осы күні жылқы баласына киелі тұқым деп қарамай, соғым, одан кейін боғым деп қарайтын қулар көбейді ғой. Екеуіміз ғой, жанымызды жалдап, осынау азын-аулақ мал қабағын аңдып, емініп отырған. Енді пенсияға шығып, тыныш жатамыз дегенде мынандай заман болды... Қазақ байғұстың малдан айырылса, тамыры қиылғанмен бірдей, тамырсыз өмір бар ма? Бәрінің естерінен тана өндіріп жатқан мұнайы мен газы, темірі мен мысы, алтыны мен күмісі екеуіміздің осы аша тұяқтар мен дөңгелек тұяқтардың садағасы болсыншы. Мұнай мен газ ет бола ма екен?! Олары ет пен май болмаса да, өндіре берсін. Елге ол да керек шығар. Бірақ мал атаулыны отыз жетінші жылғы халық жауларындай қырғандарын түсіне алмаймын да. Мал көңінің иісін иіскемесек басымыз ауырар екеуімізге басқа тіршілік тіршілік пе екен?!. Егінді ерінбей мол егіп, күтіп-бақсаң, күзде қамбаң дәнге толады. Ал мал баласын көбейту үшін жылдар, көп жылдар керек емес пе? Осеке-ау, осыны ойлағанда ақылым айран болады.


Молданбай бүгінгі тіршілік бағыты жөніндегі толғамдарын айту үшін әдейі келгендей біраз аспандап сөйлеп алды да, құрдасынан қолдау естімеген соң «аспаннан» жерге түсіп, түтіні түзу әңгімеге көшкен:


– Қалай, құлының ұрғашы ма, еркек пе?


– Әй, Молдеке-ай, екеуіміз қай заманнан бері басшылық бағдарына баға беретін болып едік?! Биікте тұрғанға айнала анық көрінер. Аласада, төменде жүрген екеуіміз өзіміз көріп-білмеген мұнай мен газын, алтыны мен күмісін салмақтап қайтеміз? Өзіміз малшы болған соң екеуіміз мал-мал деп шырылдаймыз да, әйтпесе елдің дәулеті үшін бәрі де керек білем ғой...– деп Оспанқұл тура жауаптан қашқақтады. Жас құлынның ұрғашы екенін айтқысы келмеді. Мал енеден өседі. Екі-үш жылдан соң бүгінгі құлыны да бие болар, сөйтіп жылқысын көбейтер, сондықтан қазір туған төлінің тіл-көзден аман болуын тілеген түрі. – Бұрын жанымызды жалдасақ, үкіметтің, колхоздың-совхоздың малы үшін деп жалдадық. Ендігі қарекет қара бастың қамы үшін, бала-шағаның бүгіні мен ертеңі үшін емес пе?! Солай, Молдеке, азын-аулақ осы мал деп, ерте тұрып, кеш жатсақ – бәрі де аштан өліп, көштен қалмау үшін жасалған қам-қаракет. Сондықтан бақпаймыз деп бұлданар болсақ, ана тышқақ лағы да жоқ кейбір көршілеріміз сияқты көрпеңді төрт қабаттап алып, түске дейін ұйқы соқ. Әнеки, сонда жаның тыныш болады.


Мен бірдеңе білсем, «Көрген түсін кереңге жорытып», «е, бәрекелді» дейтін заман өткен. Анау Асан сияқты ақыл­мен іс қылғанның, алысқан мен арпалысқанның уақыты келді білем. Ал, сенің, Молданбай, осылардың қайсысына жатарыңды өзің салмақтарсың...


Көршісінің сөзінің соңы тағы да бұзылып бара жатқан соң әншейінде бір шай қайнатым сөйлеп, ішін босатқанша тізгін тежеуді білмейтін Молданбай атының басын бұрып қойып, назын айтқан. Онда да көршісінің байи алмай тыраштанып жүргенін әдейі іле сөйлеген.


– Осеке-ай, мен байғұс сенің жылқы баласындағы жалғыз жиренің екі-үш жыл зарықтырып құлындаған соң соғымның көтен-ішегін қосып, уыз қағанаққа шақырады екен деп келсем, бүгін сол жамбасыңнан тұрғасың білемін ғой. Ертеңгіліктен бері сөге сөйлеуің жаман. «Кейбір көршілерің сияқты» дейсің, олардың беті аулақ, өзімен кетсін.


– Олай деме, олар бөтенің, бөгдең емес, жамағайын бауырларың емес пе?! Тым болмаса сауып ішуге бірер сиырыңды бермейсің бе? Ағайыннан қайтпайса, Алладан қайтады...


– Алла мейір төкпегенге адам қайыр қылғанмен ештеңе шықпайды... Мен кетейін. Қой мен сиырды ұсақ балалар жайып қалып еді. О немелер ойнап кетіп, ит-құс тиіп жүрер, – деп, ол астындағы есік пен төрдей кертөбелін сипай қамшылап, ауыл жаққа бет бұрды. Оның кертөбелді көсем аяңдатып, қайта-қайта көлбеңдетуі Оспанқұлға: «Бәлем, кешегі сенің кертөбелің – бүгін менің кертөбелім болды» деп бара жатқандай көрінді.


Дауыл алды


«Малсағын қарашы, кәзәптың! «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген осы екен-ау. Өмірі «ауырдың – асты, жеңілдің – үсті» деп, «орта бойлы, дембелше» ғана тіршілікпен бұқпантайлап қана жүруші еді, енді жарғақ құлағы жастыққа тимей безектеуін...». Оспанқұлда өмірінде біреудің басындағы бағын, астындағы тағын көре алмау­шылық, ішінде «қызғаныштың қызыл итін жүгірту» деген сияқты жаман қасиет болмайтын. Әлде мысықтабандап келіп бойды, сонан соң ойды дендей бастаған кәрілік иттің әсері, әлде олай өтсе де, былай өтсе де қисайып келіп, қыңыр сөйлеп кетер Молданбайдың қыжылы запы қылды ма, әйтеуір соңғы жылдары тасы өрге тоқтаусыз домалап тұрған Молданбайға деген көкірегінде бір жайсыз күйдің барын іштей мойындайды. Ол көреалмаушылық па, қызғаныш па, болмаса іргежаулыққа ұқсас қысастық па – оған өзі де жіп таққан емес...


Ақбармақ маңқ-маңқ етіп, дыбыс берді. Жаңағы қой-ешкі жайылып жатқан жотаға қарайды. Тұқымың тауға сыймағыр, ақ теке бастап кетсе керек, бергі беткейде ұсақ малдың біреуі де қалмапты. Сиырларының да біразы көк қуалап, жотадан асыпты.


– Өй, арамтамақ, қасымда отырып, маңқылдағанша малды қайырмайсың ба?! – деп қара төбетке зекіді. – Бар, қойды қайыр! Бар!


Қара төбет жирен биені, енесінің жанында тобарси бастаған кіндігі шұбатылып кәлтең-кәлтең басып жүрген жирентөбел құлынды қимағандай, бір құшақ құйрығын бұлғаңдатып, біраз тұрды да, тауға қарай сөлең-сөлең желе жөнелді. «Мына байғұс менің бүгін жаяу қалғанымды түсінді-ау, шамасы» деп ойлаған иесі бұйрығын қайталады.


– Бар, қайыр малдарды! – Ол итіне сенбегендей таяғын алып, өзі де жотаға шықпақ еді, итінің ынталана жүгіріп бара жатқанын көріп, кідіріп қалды. «Е, мынауың әкең Бөрібасардың естілігіне ұқсайды».


Айтып-айтпай, сүт пісірім өтпей ақ текені алдына салған қырық-отыз қой-ешкі жотадан бері асып, етекке қарай жөңкілді. Төбет те «Мұным қалай?» дегендей иесіне қарап-қарап қойып, қуалайды.


– Ақбармақ! Енді сиырларды қайыр, – деді он жастан асып, ит-ғұмырдың саркідір тартқан шағында өнер тауып, елгезектік танытқан төбетіне адамша сөйлеген. – Жарайсың, Ақбармақ! Енді сиырларды қайыр!


Ит шамасы, «сиырларды» деген сөзді санасына сіңіре алмаса керек, жалтақ қағып, біраз тұрды да жотадан асып, жүгіре жөнелді.


Осекең итінің ойламаған жерден бүгін жөнге келіп, мал қайыруды бастаған мына қызметін «материалдық тұрғыдан» қолма-қол қолдау үшін жерге бағана сыпырып тастаған ер-тоқымның қанжығасына байланған қоржынын шешті. Сонан соң қолындағы сағатына емес, аспандағы күнге қараған. Талма түстің шағы болып қалыпты. Ол қойшылық өмірінде осындай кездері қойды ауылға айдамай, далаға жусататын. Оның үстіне, күйек түскен кезде күніне он бес, жиырма қойы қозылап, «төгіп» тастайтын ол күнгідей мыңғырған көп мал да емес. Аз ғана ұсақтың бәрі ерте төлдеп, қозы-лақ әбден аяқтанған соң мамыр аяқталғанша осынау малын далада жусатып жүрген.


Торсықтағы айранын, наны мен етін алып, дастарқан жайды. Қойдың ортан жілігінің етін молдау қалдырып, Ақбармаққа сыбаға әзірледі. Жай сыбаға емес, төбетінің бүгінгі елгезектігін қолдап, көрсеткен ықыласы.


Сөйткенше қорбаң қаққан Ақбармақ та тайынша-торпағы бар, өгізшелері мен сауын сиырлары бар, енелеріне ерген сіргелі бұзаулары бар – Осекеңнің негізгі байлығы болған жиыны он бес–он алты бас болатын сиыр тұқымдастарын да жотадан бері асыра берген. Бұқа қойған қызыл қасқа құнан шығар ғана осынау малдың жалғыз қожасы өзі екенін білдіріп, найзадай мүйізін тігіп, айбат қылған-ақ болып жүр. Бірақ қос найзаны денесіне дарытпай жалт бере қашқан төбет те арсылдай үріп, бұқаның тілерсегіне ұмтылып, оны да дегеніне көндірді.


Барлық ірілі-ұсақты мал атаулысы көз алдына жақындаған соң, ол итін шақырған. Үнінде ризашылық мол.


– Ақбармақ, келе ғой. Күшім-күшім, келе ғой, мә, ет беремін. «Енді қайырмай-ақ қояйын ба?» дегендей иесіне қарап, біраз жалтақтаған соң бұған әлі де үдірейісе қарап тұрған сиырларды тастай беріп, еңістете жүгірді. «Сендер қалайсыңдар?» дегендей жирен бие мен жирентөбел құлынның жанына келіп, оларды бір айналып шықты. «Біздің қасымыздан шықпай жүрген сен қандай мақұлықсың?» дегендей жас құлын оған бір түрлі үркектей қарайды. Бие оқыранды, «ол – бөгде емес, досымыз» дегені болса керек.


Ит иесінің басынан сипап, еркелеткені үшін өзін төрт аяқты атаулының ішіндегі ең бір бақытты жан иесі ретінде сезінгендей, берген нан мен етті бір қылғып жұта салды да, ортан жілікті құлын мен биенің жанына барып, рақаттанып кеміре бастаған. Дүниеге ұрпағын әкеліп, оған уыз сүтін емізіп те үлгерген жирен бие де сұмдық бақытты еді. Мынау кең де жарық дүниенің әр қозғалатындары мен қозғалмайтын барша жаратылысына құлын көзімен ғана қарап, «ұғынуға» кіріскен төліне аналық мейірін төге қарап қойып, өзі үшін және мынау бүгін туған төлі үшін жаңа шыққан күнгейдің көгін іскектей жұлуға кірісіпті.


«Мейлі, Молданбай «жалғыз биең» деп күлсе, күле берсін. Жалғыз бола ма, болмаса мыңғырған көп бола ма, бәрінің де берекесін берсін де! Бәрін айт та бірін айт, Қанатжанымның бір қуанғаны неге тұрады. Әйтеуір, құлындарым аман жүрсе екен» деп ойлаған Оспанқұл.


* * *


Адам баласы ғұмырында өз тіршілігіне қанағат­танбайды, қанағаттану – тоқырау. Сондықтан да өткен күндердің өкініші көп қашан да. Бүгінгің – болмысыңның көрінісі, өміріңнің шындығы. Ал келер күндер – үміт пен күдік. Әсіресе осы шаққа риза еместердің келер күндерге, ертеңге күдігі басымырақ.


Жасырып-жауып қайтеміз, Осекеңнің өткен күндерге, әсіресе соңғы жылдарына өкпесі қара қазандай. Бала кезі мен балғын шағында ел сияқты тойынып тамақ ішпесе де, жастайынан мектепте шәкірт болып жүрудің орнына колхоздың бір отарына көмекші қойшы атанды. Дала кезіп кетсе де өкінбеген. Көрші ауылдың итін түнде шулатар сәркілдеген жігіттік шақтың қан базарын да қарық қылып қарсы алып, қапысыз шығарып сала алмапты. Құдай қосқан қосағы Жұпарының кезіккеніне риза болған. Ертегі-дастандардағыдай асу-асу белдерден асып, сағым ойнаған шөлдерді басып, қиыншылық хикметтерін тартпаса да, Жұпар қызға ғашық болып жүріп-ақ қол жеткізген. Бұл – ерте жеткен жетімнің тіршілік майданындағы ең үлкен жеңісі еді, ең үлкен бақыты еді. Ешқайсысына, тіпті мұның балалық шағын аңдып тұрып басталғандай болған соғыс жылдарындағы қиындық, одан кейінгі өкімет малын өлтірмесек, өкімет бізді өлтірмейді деп, ақы-пұлсыз, күндіз-түні, қысы-жазы бел жазып көрмеген небір жылдарға да, өкпе артып көрмепті. Бәрін де «Көппен көрген ұлы той» деп өткізіпті. «Өз майына өзін қуырған балықтай» өмірдің өзі жетелеп, өзі тәрбиелепті. Бұл да оның бір бақыты еді.


Содан бергі табан ет, маңдай тердің өтеуі қайтқан жылдар деп, нағыз өкініш-өкпесіз кезең деп, күні кешегі алпысыншы жылдардың бергі жағындағы уақытты айтуға болар. Көзін ашқалы, малмен өріп, малмен жусап келе жатқан мұны ешкім де қойдың жайын білмейді деп, немесе бейнетқор емес деп айта алмас. Бағы жанды ма, әлде сәті солай болды ма, әйтеуір бертінірек мұның қолы дүрілдеп жүріп берсін.


Бір жылы қыс жайлы, қора сайлы болған соң ба, отарындағы саулықтары төлді төгіп берсін. Соңғы кенже қозылаған қырық-елу қойдың төлін ферма меңгерушісі есеп шотқа салып кеп жіберсе, колхоздың саулық баққан отыздан астам тамам қойшыларының алдына бұл шіркін сопаң етіп шыға келсін. Қоғам малы деп жүріп, қисынсыз қалғуды білмеген, «Етегін – елпі, жеңін – желпі, аяғын – ат, қолын көсеу ғып» жүріп, төккен тердің қайтарымы оңынан оралды. Фото­аппараттарын салақтатып, ауданнан, облыстан газетшілер жетсін. Отарын қатын-баласына қалдырып, жиналыс атаулыдан қалдырмайтын болсын. Колхоздың бастығы да оңқай асықтай іскер жігіт еді. Осекеңді аудан ғана емес, облысқа үкілеп алып жүрер айтулы озат жасау үшін барын салды-ақ. Тіпті колхоз ғана емес, аудан да: «Біздің мынауымыз бар ғой» дейтін озатқа сусап отырса керек, қолына қанат байлап, қолтығына жарақ ілгендей ғып ала жөнелсін. Ең асыл тұқымды, жібек жүні қарыс келер әрі жаңылмай егіз табар саулықтарды сұрыптап алдына салды. Қойының бауыр жүнін қараған-бұтаға тырнатпас үшін қара жусан мен бетегесі кигіздей ұйысқан жазықтан қыстау салдырып, арнайы артезиан құдығын қаздырып дегендей, алабөтен қамқорлыққа алсын. Колхоздың бір зоотехнигі мен бір мал дәрігері аптасына келіп, түшкірген, пысқырған малды, жем-шөптің жұғымын, қозы қора, қой қораның жайлылығын арнайы бақылауға алсын. Жал-жал болып жиналған жоңышқа маялары мен машина-машина ғып тартқан жем, қоспа жем дегендерді тасыған. Төл алу кезінде «малмен көзін ашқан» сақманшыларды жинасын. Айтып-айтпай, Осекең сол жылы-ақ облыстағы «ең-ең» болып шыға келсін. Күндей болған, көсем бейнелі бірінші орденін Алматыға барып тағып қайтқан.


Бір күн бетін, бір күн сыртын берген дүние деген сол. Несін айтасың, кешегі қойшы Осекең «Тұмарлы жүйрік мінген, күдерілі ер салған» таңдаулы атанып, колхоз, аудан басшыларымен терезесі тең дәрежеде сөйлесетін күнге жетсін. Сонда ғой, осы Молданбайды көмекші қойшы ғып таңдап алғаны. Кереметтей еңбекқорлығы үшін емес, қатар туып, қатарлас өскен жан болған соң. Өңшең қызыл қарын, жас балалар етегінен басқан соң ба, Молдекең еңсесін көтере алмай, жапырық өркеш атанға артқан жүктей тіршілігі ауа берген. Өз алдына бір отар саулық алып, «аға шопан» атанғандардың қатарына тұрып көріп еді, бірінші қыста-ақ қойы көтерем шығып, болуы мүмкін деген төлдің жартысын қойына ерте алмады. Келер күзде ферма басшылары оның алдына бір қора бойдақ қой салып еді, қырсыққанда қызыл иті қыңыр жүгіріп, өрісте бөлініп қалған жиырма шақты малын қасқыр қырып, балалары сүмесін тартқылап отырған екі сиырын тайынша-торпағымен, онсыз да өспей қойған жеті-сегіз қой-ешкісін қозы-лағымен колхозға санап беріп, қоңыз теріп кете жаздаған. Әйтеуір, ферма меңгерушісі оны «барып кел, алып кел» сияқты жеңіл-желпі шаруаға жегіп, бала-шағасына нан таптырып жүрген.


– Осеке, «Еңбегім – еш, тұзым – сор» шыға бергені болмаса, мен туғанда да шешем: «Ұлды болдым, бұлды болдым» деп, қалжа жепті, әкем: «Тұяқты болдым, миятты болдым» деп той жасапты. Қарығым шықпаса, қаспағымнан дей алман, қиюы қашқан бір кездің қисынсыз тіршілігі болар. Жылдас қана емес, мұңдас едік, қасыңа ал да көмегіңді бер. Қыдыр дарып, бақ қонған адамсың ғой, маған да жұғар, – деп, Молданбай қолқа салған.


Соңғы кездері Оспанқұл жай қойшы ғана емес, ақсүйек-қойшыға айналып, аттан түскенді қойған. Оның үстіне, облыстық кеңестің мүшесі болғалы бері қой жайғаннан гөрі Алматыдан бермен тартып, сессия, съезд, мәжіліс, жиналыс атаулы онсыз өтпейтін болған. Содан да озат шопанның отарын бағуға қатын-бала емес, арнайы қойшының қажеттігі байқала бастаған.


Сөйтіп, озат шопан «қызыл иті қырын жүгіріп жүрген» Молданбайға сенім артып еді, ферма меңгерушісі де «Ертең өкініп жүрмесеңіз болғаны» дегеннен басқа ештеңе айта алмаған. Бекер обалы қане, бұрын жүнжіп, ері мойнына кетіп жүрген Молдекең шаруаға аса бір тиянақтылықпен кіріскен. Еті ояң тартқан тоқты-торымды, ауырып-сырқаған бірер тұяқты арнайы күтімде ұстап, қатарға қосылғанша жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Жаз баласы қойы ерте өріп, кеш қораланады.


Күні кеше жұрттың «lлгері басқан аяғы кері кеткен», «Ала бұтаға ат байлаған тоғышардай» көретін Молданбай бүгін қайта қанаттанып, серпіліп қалғандай еді. Қалай дегенмен де «аға шопан» деген аты болған соң, Осекең үкімет тапсырған қосымша шаруалардан қолы қалт еткен шақта отарын өріске өзі бірер күн өргізіп келгісі келсе, Молданбай:


– Осеке, сіз – ел адамысыз! Қой соңына еріп қайтесіз, тек бізге сырттан қормал болып, шуағыңызды түсіріп жүрсеңіз де болады ғой, – деп, өзінің атақ-даңқын аспан­датқан ата кәсібінен еріксіз айырғандай еді. Шынында, бұл жазғанның ол тұста қой жаярдай мұршасы да жоқ болатын. Аудан аралай шыққан облыс, республиканың игі жақсыларының Осекеңнің үйіне қона-түнеп жатып, болмағанда түстеніп, бас ұстап кетпейтіндері некен-саяқ еді.


Озат шопандардың келімді-кетімді кісісі көп болатынын білгендей колхоз басшылары да жыл сайын «көп қозы, мол жүн алғаның үшін» деп қозы бөлерде қырық-елу төлді аққұла өзіне беретін. Оны дау-дамайы жоқ «қосымша ақы» деп атайтын. Әне сол «қосымша ақының» өзі-ақ мұның қонақ шығынын өтеуге жететін. Зайыбы Жұпар да қысы-жазы нөпір болып, бірі кетсе, бірі келіп жатар көп қонақты күтуге әбден төселіп алған-ды. Сары жайлаудың сары қымызын алым­сын­байтындарға сарыала жұлдыздысы мен ашуы қатты «ақтардың» шөлмектерін қоржын-қоржын ғып әкелдіріп қойып, әрдайым күтініп отыратын. Молданбаймен іргелес көрші болғалы оның әйелі Зағипа да Жұпарды жалғызсыратпаған. «Саусақ бірікпесе, ине ілікпейді» дегендей екеуі ұтырласқанда нұрап жатқан қанша қонақ болса да, олардың ыстық-суығын уақытылы әзір тұрғызатын тұтас, үндес жандарға айналып еді. Сойылған қойдың ішек-қарнын арши қойып, қуырдақты турап тастау, суды әкеле қойып, бас-сирақты үйтіп тастау сияқты машақаты көп істі Зағипа айтқызбай-ақ тындыра беретін.


... Ой-хой, шіркін, ол да бір өтті-кетті дәурен екен ғой. «Болғанымыз да, толғанымыз да осы екен» деп, зайыбы екеуі тәңіріне тәулігіне неше дүркін «тәуба!» десетін. «Үйде асы бардың, сыртта досы боларына» көздері жеткендей, астары барына, достары барына сүйінетін.


Жұпар Зағипаның қолынан қағып көрмепті. Бала-шағасының ас-суын осы үйдің көлдей дастарқанынан айырып-ақ жүрді. Оспанқұл болса, Молданбайдың еңбегін ескерусіз қалдырған емес. Бастықтарға қыңқылдап жүріп, қорасына қараң-құраң кісінеген мен мөңіреген кіргізіп берді. Оның бәрі де «көтеріңкі жоспар» мен «қабылдаған міндет­темеден асып түсіп жатқан» озаттың сенімді көмекшісіне көрсетілген көңілдің белгісі болатын. Ол да, әрине, «қосымша ақы» түрінде берілетін. Бұл тұста Молдекеңнің өзіне біткен меншік саулықтары да жалқы қозы табуды білмейтін. Шынында солай ма, әлде егіз тапқан колхоз қойы меншікке айналып кете ме? Оған да Осекең ұсақтық жасап, «Бұның қалай?» деген емес.


Төрт-бес жылда қоңын көтеріп, есін жинап алған Молданбайы бір күні өзіне тағы өтінішпен келіп отыр. Сонда не айтады дейсіз ғой? «Солай да солай Осеке, іргең құт болып, еңсемді тіктедім. «Жақсының буына жаман мас болады» деп жаныңда жүріп, буыңа масайып қана қоймай, жақсы ісіңді үйрендім, беделіңнің арқасында қатарыммен теңестім. Оныңа мың да бір рақмет!


Жуырда әлгі Қазікеш жиенге де кіріп-шығып едім. Ол да екі жастың біріне келгенше «көмекші» атанып, көмескі жүргенімді қаламай отыр. Совхоздың бір отар саулығын алып, оңаша шыққаным, сөйтіп, өз қотырымды өзім қасығаным жөн сияқты. Қысылған кезде демедің, қиналған кезде сүйедің. Енді рұқсатыңды бер» дейді.


Бұл шіркін не десін?! «Е, рұқсат, бара ғой» деген. Оның үстіне, қысқа күнде қырық құбылатын жоғарыдағылар дәулеті шалқып отырған колхозды совхозға айналдырып, оған директор ғып ауданның бұрынғы ұсақ мекемелерінің бірінің ұсақ басшыларының бірі Қазікеш дегенді әкеліп қонжитқан. Осекеңе «Енді бірер жылда Еңбек Ерінің алтын жұлдызын кеудеңе тағып беремін» деп жүрген колхоз басқармасының бастығы дегеніне жете алмай ауданның көп ұсақ мекемелерінің бірінің ұсақ бастықтарының бірі болып, кете барған.


Молдекеңе «рұқсат!» демей не десін. Құлақкесті құлы емес, азды-көпті еңбегі сіңді. Егер Оспанқұл өңіріне көсем бейнелі қос орден бастаған ордендер мен саудыраған көп медальға өңірін толтырса, онда, дау жоқ, Молданбайдың да үлесі бар еді. Егер Алтын жұлдыз қол созым жерге дейін жақындап келіп, алақанына ілінбей сағымға айналып кетсе, онда көмекшісінің титімдей де кінәсі жоқ болатын. Оның үстіне соңғы бірер жылдан бері Молдекеңе мал ғана емес, жал да біте бастағанын байқап жүрген. «Қазікеш жиен» деп мәймөңкелеуі ескен желдей есепсіз айтыла салған сөз емес. Шаруашылықты басқарып отырған кісінің жерге басарын тоқты қошқардай салмақтай сөйлеуінде де нарға жүк болардай батпан жатқан. «Көзін шел басып, таңдаулыларынан басқаны танымас бастығымыз қуылып, ойына келгендерін ойыншық қылатын колхоз тарап, бәрі де үкіметтің ғұзырымен жүретін совхоздың құрылғаны құп болыпты-ау!» деп көкейінде бықсып жатқан көмбесінің күлін бір көсеп қойған. Осекең ол сөзді елемеген болған. Оның «таңдаулыларынан басқаны танымас» дегенде өзін меңзеп отырғанын сезбей қалған жоқ. Сезбеген болған. «Ауыз – дарбаза, сөз – самал». Өз «дарбазасынан» «самалды» қалай соқтыру иесінің болмыс-бітіміне сын. «Анау бір жаман жиеніміз бар еді, құдай қолдаған шығар, совхозға сол басшы болып келіпті, бәйбішеміз екеуіміз де қуанып, мәре-сәре болып жатырмыз» деп бір қойған Молдекең. Құдай «жаман жиенін қолдады ма, әлде Молдекеңді қолдады ма?», оны ашып айтпаған. Осекең бұл сөзге де мән бермеген болған. Құдайы көршісі бір қойын бүктеп алып, жиенінің совхоз директоры болған қуанышын бөлісіп, құттықтап қайтқан. Осекең оны да көрмеген болған.


Бәрін де елемеген, көрмеген болар еді, жанына батып, намысына тиген бір оқыс оқиға мұның қабырғасына қатты батқан.


Бұлар көктеулікте отырғанда Қазікеш директор нөкер­лерімен шаруа­шылықты аралап келе қалсын. Ол жалт-жұлт еткен қара туфлиімен қойдың қиын басып кетпес үшін аңдап басып, алдымен ауыл жанындағы бұлақ бойында үйездеп тұрған отарды аралап көрді. Қатпар-қатпар әукелері жер сызып, көбісі қос-қостан қозыларын бауырларына көлеңкелеткен қоңды саулықтарды көріп, көңілі толды. Сонан соң «Жарайсыздар!» деді. «Жарайсыз, Осеке!» демеді. «Жамбасыма жайсыз келмесең етті, пәтшағар!» деп бұл алғаш рет ішін жиған. Тіпті, аудан басшылары Қазікешті әкеліп, таныстырғанда-ақ Оспанқұл тәпелтек бойлы, тәмпіш қараның аудан бастығының бетіне жаутаң-жаутаң қарай бергенінен секем алған. «Жоғарыдағыға жалпаң қағатын, төмендегіге талтаң қағатын қу болмасаң етті?» деп ішін жиған. Оның үстіне шыңылтыр, әрі жіңішкелеу үнін естігенде: «Еркек дауысты әйелдің ұяты, әйел дауысты еркектің қуаты болмайды» деуші еді, қуатсыз, қуыс кеуде болармысың?!» деп тон пішкен.


Ол аздай «Малмен танысқан соң» Қазікеш басшы Осекеңді жұрттың көзінше масқаралап: «Қане, нағашы, сіздің от жаққан жерді көрейік!» демесі бар ма? Самауырыны түтінін бұрқыратып, мал сойылғанша деп сүріден қазанында шыж-быж ғып, қуырдағын қуырып жатқан Жұпардың дастарқаны­нан аттағандай болып, Молданбайдың қараша үйіне бет алған. Бұл, енді, бұрын-соңды болмаған сұмдық еді. Осекең намыстан жарылып кете жаздаған. Егер қара жердің жыртығы болса, ойланбай-ақ түсіп кетер еді. Не намыстан жарылып кете алмаған соң, не қара жердің түсіп кетер жыртығы болмаған соң, өз ойына өзі тұншығып, үйіне қарай бұрыла берген.


– Осеке, сіз де жүріңіз, – деді екі оттың ортасына түсіп, ыңғайсыз күйде қалғандай болған ферма меңгерушісі.


– Иә, жүріңіз, – деді Молданбай да жымың қағып. Жымыңдасында «Сенің күнің батып, менің таңым атты!» дегенге ұқсас бір жымысқы табалаудың табы бар болатын.


– Е, шырақтарым, «Кемімеймін деген патшаның да бір татым тұзы кемитін күн болар» деуші еді. Патша болмасам да жайылған дастарқаннан аттағандарың бір татым тұзымның кемігені шығар. Нағашылы-жиенділердің әжік-күжігіне кедергі жасар кісің мен емес,– деп, өз кесігін бұл шіркін де ойланбай айтқан. Бұл кесіктің сөзі емес, кетісудің сөзі еді.


Бұрынғы басшы әбден тасытып жіберген кісіні бір жасытып тастадым-ау дегендей тәпелтек директор да нағашысының үйіне қарай нығыздана басып бара жатты.


Бір қызығы, Осекең үйіне ешқандай ашу-ренішсіз оралған. Қайта, бір тәуекелге бел буғандай ма немене, әлде өзгені емес, өзін де алдағандай болып жүрген соңғы он-он бес шақты жылдың беделіндегі тіршілігінің екінші шетіне шыққанына көзі жеткендей ме немене, әйтеуір бойы жеңілдеп салғандай күй кешті.


«Бұл не сұмдық?!» дегендей ақ құманын ыстық сумен шайған күйі аузын ашып тұрып қалған зайыбына күле қарап:


– Немене, үдірейіп қалдың? «Молданбайдың үйіне кісі түспесін!» деген мизамды оқып па едің? Онан да қуырдағыңды түсір. Бір тояйық.


Ол аса беделді қонақтарына ғана қоятын көп жұлдызды армян конягін ашып, шарап құйғандай ғып қырлы стақанға қырма ғып құйып алды да, бір-ақ тартып жіберді. «Ал, ендеше! Оспанқұлды сендер оңай деп жүр екенсіңдер!». Ол бойым жеңілдеді, бұлары үшін ренжімейін деп өзін өзі қанша алдаса да, жаңа директордың мұны мына қорлағандай қарекеті ішек-бауырына орнығып алып, берекесін бек кетірген. Реніш, өкпенің уытын коньяк пен сүрі еттің майлы қуырдағы да қайтара алмаған.


Көршісінің үйінде дуылдай сөйлеп, қарқ-қарқ күліп жатқан қонақтарының үндерін естімейін дегендей сол қитыққан күйі тас бүркеніп, жатып қалған. Содан ертеңінде таң алагеуімде бір-ақ оянды.


Молданбайдың бөлек отар алып, бөлек шығамын деп өтініш айтып келгені сол оқиғадан үш-төрт күн өткен соң ғой. «Құланның қасынуына мылтықтың басылуы» дегендей, жан-жүрегіне шыққан сыздауықтай сыздатқан кеселінің тезірек пісіп, жарылуына осы сөз де себепші болған. Соның ертеңіне ешкіммен ақылдаспай-ақ бірден шаруашылық орталығына келіп, директордың кабинетіне кірген.


– Оу, Осеке! Жайшылық па? – деп, Қазікеш те қаздиып орнынан тұрған. Ауылына барғанда көргендегідей шаруа бағып, қой соңынан ілесуді ғана білер қарапайым көп жұмысшының бірі емес, «асай-мүсейін асынып» дегендей, бар бедел-белгілерін тағынып келіп тұрған кісінің киім киісі, тіпті жүріс-тұрысына дейін көпті көріп, әбден ысылған жан екенін куәландырғандай. Оның үстіне ферма меңгерушісі де директорды Осекеңнің ауылынан шыға бергенде:


– Басеке, Оспанқұлды оңай адам деп ойламаңыз. Оның дастарқанынан ауданды қойғанда, облыс, республиканың басшылары да дәм татқан. Аруақ аттағандай ғып, үйіне бас сұқпай аттанғаныңыз дұрыс болмады-ақ, – деп, Молданбайы түскірдің тіліне еремін деп жасаған бір қадамының жөн болмағанын айтқан. «Облыстағы Біріншінің өзіне рұқсатсыз кіре береді екен» деген дақпырт та содан бері директордың жатса түсінен, оянса есінен кетпей жүрген. Жанында жүрген жандайшаптар: «Ойпыр-ай, мына жаңа басшымыз бетжүздік қып жүрген Оспанқұлымыздың өзін кісі ғұрлы көрмеді ғой» деп, іштерін жия жүрсін деген бақай есеппен жасап қалған бір қыры еді. Сол қырының өзі қырын кетіп, ішкені – ірің, жегені желім болып жүрген. «Сырын білмеген аттың сырты­нан жүрме!» дегендей, Оспанқұлы түскірге қайта бір соғып, өзінің алдыңғы оспадар ісін жуып-шайып қайтпақ болып, қопаңдап отырған. Дәл сондай күйде жүрген күндердің бірінде есігін шалқайта ашып, шалқақтай басып, Оспанқұл­дың өзінің кіріп келгені оған ашық күнде нажағай ойнап, жай түскендей әсер етіп еді.


– Оу, Осеке! – деді ол алдыңғы сөзін қайталап. – Өзім де сізге соғып, өткен жолғы ... ана бір ыңғайсыздау ісіме кешірім сұрап қайтамын ба деп отыр едім... Иә, ыңғайсыз болыпты. Анау «жиен-жиен» деп желкеме шығып алған Молдекеңе туыстық парызды өтейін деп бұрылып кетіп едім. Иә, оным ыңғайсыз болыпты... жаспыз ғой, Осеке, әлі түзелеміз... Жаман ініңізді кешіріңіз!


Өткен жолы бір совхоздың ғана емес бүтін елдің екі тізгін бір шылбырын қолына ұстап тұрғандай сыздықтата сөйлеп, сыздана күлетін сабазың әп-сәтте сабырдан жұрдай болып, балалар үйретіп мінетін жүрдек тайыншадай томпаң­дап, елпең қақсын.


– Е, шырағым, осы ғұмырымызда жақсымен де, жаманмен де жұмыстас болыппыз. Жақсысы жайсаң болсын, жаманы жақсы болсын деген тіршіліктен басқа қолымыздан келер қайранымыз жоқ көп қойшының біріміз де. Біздікі «Бетеге кетіп, бел қалды, бектер кетіп, ел қалды» дейтін кәрінің уайымшыл кезеңінің күйі де. Заман озар, заманмен бірге адам озар. Озған заманның озат азаматысың, кешірім сұрап кішіреймей-ақ қой. Тек саған да айтарым, ісің көппен болған соң, көптің міншіл де, сыншыл боларын ұмытпа. Ризалығым – қате басқан қадамыңды мойындауың. Оның келесіде сол қателігіңді қайталамауға себін тигізер...


Ол сынағандай болып, жаңа басшының көзіне тіктеп қарады. Өзі кішірейіп, байыз таппай бүгежек қағып отырған жігітке біржола айтарымды айтып алайын дегендей әңгіме салмағын арттыра сөйледі.


– Көңілімнің орта түсіп отырғаны –тайғанақтаусың ба, қалай?! Ер жігіт табанды болмай таланды болмас. Табансыздық – тез айтым, тез айтым тез қайтымға соқ­тырады. Бұл басшыға жараспас қылық... Жассыңдар ғой, қорқып жүріп, қорқытып жүріп, талап жүріп, таланып жүріп жетерсіңдер. Өздерің, оқығандарды айтамын да, жиі айтып жүретін Өмір дегендерің де осылардың жиынтығы болса керек...


Мен мұнда келгенде саған ақыл айтып, абыз болайын деген ойым жоқ. Бізге ақылшылықтан гөрі тілекшілік жарасар, әншейін өзің сөз бастаған соң айтылып қалған бір кеп қой, шырағым, – деп Осекең өзінің кез келген көлденең өтер көк аттының бөктергісінде кете барар кісі еместігін байқатып, сөзді нөсерлетіп барып, бір тыныстады.


Оспанқұл да ішіне жиналған өкпе-ренішін, өкпелетушісі кішірейген тұсында тұқыртып алу үшін емес, «Айтылмаған сөздің атасы өледі» деген қисынға сайып, әдейі айтқан. Екіншіден кез келген күш көрсеткенге тіс көрсете алар, тізе батырғысы келгенмен тіресе алар кісі екенін байқатып қоюды да ойлаған.


Сөйтіп, жас бастығын бір бозартып, бір қызартып дегендей біраз тұқыртып алған соң, қойнына баппен қолын салып, ертеңгілік кіші ұлы Сәрсенқұлға жаздырып алған бір бет қағазын ұсынды. Бастығы оны оқуға кіріскенде, бұл келісінің себеп-салдарын айтуға көшкен.


– Шырағым, жас болса, келіп қалыпты. Қойшы да болдық, тойшы да болдық. Үкімет «жақсысың» деді. Жақсы болуға тырыстық. Енді «жамансың» деген сөзді естімей тұрып, демалысқа шықсам деймін. Алдымен өзіңе келдім. Шаруашылықтың иесісің ғой. Аруақ аттағандай болып, бірден ауданға тартуды жөн көрмедім, – деп тағы бір тоқтаған.


– Сонда алпысқа келіп қалғансыз ба? Осеке, бірінші айтарым, Сіздің өтінішіңізге қол қоя алмаймын. Сіз қой бағып, мал соңына ілеспеңіз. Ақылшы болып, ортада жүрсеңіз болды. Екіншіден, сіздің тойды дүрілдетіп тұрып өткіземіз. Сіз – елдің адамысыз, – деп, Қазікеш бағанадан ішін бермей отырған мұны сәл болса да жібіткен. Жібиін деп жібіген жоқ, «Ашу – қасаң, ақыл – жасаңды» ұстанып отырып жібіпті.


«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген сол екен. Келген беттегідей өтінішіме қол қойдырамын да, қойын санап беріп, ел сияқты орталыққа көшіп кеп отырамын деген райынан қайтты. Пенсияға қалай, қашан шығады оны Қазікештің өзі аудан басшыларымен ақылдасқан соң бұған арнайы келіп хабарламақ. Оған дейін жақын жердегі бір санаторийге барып, аз күн тынығып қайтады...


Ақыры, бағланы қойдай, қойы тайдай болған берекелі күз айына жастай бере директор Оспанқұлдың мерейтойын ауданның мерекесі ғып өткізсін. Облыстан сыйлы қонақтар, «Қойшымызды қалай құрметтеп жатқанымызды көріп алыңдар» дегендей көрші аудандардан, басқа совхоздардан дилы бастықтар шақырылған. Келіп жатқан ат-шапан дейсіз бе, сый-сияпатта, көрсетіліп жатқан құрметте, айтылып жатқан мадақ сөзде қисап жоқ. Бұрын-соңды өзі де байқамапты, бұл жазған қоғамдық мал басын аман сақтап қана қоймай, төл мен жүнді рекордтық көрсеткішке жеткізу жолында озат тәжірибесін ғылыми негізде жүргізіпті. Тіпті, саулықтарды егіз туған қозылардан сұрыптап, оларды ұрықтандыратын қошқарларды да егіз туғандардың сүйекті, бітімділерінен іріктеуді де өмірге тұңғыш әкелген осы Осекең екен. Айта берсе, ондай ізгі істері көп екен. Тіпті, өзгені қойып, өзі де сол той кезінде шынында «артық туған азамат» екеніне сене бастаған.


Сөйтіп, дүрілдетіп той да өтті. Осекең зейнеткер атанып, қойын Молданбайға санап беріп, басшылар орталықтан сыйлаған көктөбел үйге көшіп алды. «Қайда жиын, қайда той» деп шапқылап жүріп, келген қонақтарына қой сойып, қыс болса соғымды үштен-төрттен жығып жүріп, меншік малдың басын да құрай алмапты. «Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озды» дегендей қотанының шетіне қоңсы болып қонғанда жалғыз ешкіден басқа малы жоқ Молданбай біраз қордаланып қалыпты. Осекең орталыққа директорының рұқсатымен бар малын Молдекеңе қалдырып, бір-екі сауын сиырымен ғана келген.


«Өмірде көрген азды-көпті бейнеттің зейнетін татқан адам мендей-ақ болар» деп, «тағынан» түссе де, атынан түспей облыстық кеңестің сессиясы деп, аудандық партия комитетінің бюросы деп сол баяғы шапқылауымен жүрген...


О, шіркін, енді бүгін ойлап отырса, бәрі де өтті-кетті дүние екен-ау. Апыр-ай, бөріктей болып, жапырақ жайып тұрған алып теректің дауылда ұзынынан сұлап түскенін талай көріп еді. Екі-үш кісінің құшағы жетпес алып діңнің опырылып түскенінің себебіне ой жүгірткенде олардың өзегін құрт жеп тауысқанын білген. Алып ағаш иненің көзіндей құрттардың құрбаны болады екен... Алып бәйтеректей елестейтін, төрткүл дүниенің ой-қырының біразын шеңгелімен ұстап тұрған алып Кеңес өкіметінің де ортан белінен опырылып түсетінін ет пен теріден жаралған пенденің қайсысы болжай алыпты?! Болжаса, саясаттан «сарай» соғатындар болжаған шығар, бірақ Оспанқұл сияқтылар Кеңес өкіметі мен компартияны мәңгілік деп ойлаған. Сөйтіп, дауыл алдындағы біреуді біреу білмес, бір қара құйын кезең басталып кетсін...


Бұл оқиға өзінің сенімді серігі Бөрібасарды атып тастаған соң бір жылдан кейін болған еді...


Жанталас


Соңынан ерткен бір құлыны және үлкендігі сол құлынға жетеғабыл бір төбеті бар жирен бие де сайды құлдаңқырап кетіпті. Бие жас құлынын көзінен таса қылмаса, қара төбет екеуін бағуды өзінің иттік міндеті санағандай, қыр соңда­рынан екі елі қалмайды. Бірінікі достық қарыз болса, бірінікі – аналық парыз. Қай тіршілік иесі болсын, ұрпақ-ұрпақ деп жанұшырады. Ата-ананы құдай солай жанұшыртып қойған. Әйтпесе жер беті тіршіліксіз, тұл болып қалар еді. Ал ата-ананы кәрілік жеңіп, күш-қуаты қайтқан шақта асырау адам ұрпағына ғана тән қасиет. Басқа жан-жануардың баласы өз күнін өзі көретін шаққа жеткен соң өзін дүниеге әкелушіні танымай кетеді. Сондықтан да оларды «хайуан» деп атайды. Адамның хайуанға айналмау себебі де, былайша айтқанда, перзенттік парызын ақтауды ұмытпауынан. Әлмисақтан келе жатқан, атадан әкеге, әкеден балаға көшер кісіліктің бір шарты осы. «Қанжығада көрісейік» деп туа салып, тым-тырақай қаша жөнелер көжек-балалардың бұл кезеңде көбеюі Осекеңді көп ойландырады. Бұлар – анау Молданбай, Асандар кімдер үшін тырмысып, өмір кешіп, кімдер үшін тыртыңдап, мал өсіріп жүр? Ал өзі ше? Үйреніп қалған әдетін жалғастырып жүргеннен бе, әлде «Мал – көзі ыстық» дегеннен бе? Жоқ, ұлдары отанына, от басына түбі бір оралар деп үміттенгеннен емес пе еді?! Әй, кім біледі, осының бәрі де тұлыпқа мөңірегендей ғана бос тірлік болып жүрмесе...


* * *


Бұдан да жаудың адақтап сырттан келгені жақсы еді. Өз қолыңды өзің кесетін емес, құдай төбеден қос қолдап тұрып ұрып қалған соң, амалы қанша, бық етіп, үнін шығаруға да жарамай, ішіне жұтқан ыстық жасына, өзегіне өрт болып түскен өкінішке тұншығып, отырып қалған...


Бұл үшін «Елім – еркін!» дейтін жалғыз ұлы сезім бәрінен де бекем шығып, өзі көп тіршілікті шақшадай басына сыйдыра алмаса да, айнала ағайынның бір-біріне қорқауланып шыға келген мінездерін ұға қоймаса да, бәр-бәрін жиып-теріп, сол ұлы ұғымның бодауына беріп, өзінше тәубасына келіп отыратын. «Жаңа заман, жаңа қоғам өзінше қайнап, өзінше тасыр. Көбігі кетіп, сабасына түсер, әйтеуір жаңа көштің жүгі ауса да түпкілікті сапары баянды болғай» деген сияқты тілегін өзіне медеу етеді. Жаңа заманы келгенде өзінің аттан түсіп, көп көгезу шалдардың біріне айналған тұсында оған үлес қоса алмағанына өкінетін. Бұрынғы атағын-даңқын ешкім елеп-ескеріп, «Ойбай-ау, Осекең бар екен ғой» демесе де қайда жиын, қайда жиналыс бар деп жүріп қалған аяқ, араласып қалған қу көңіл тыным таптырмас-ты. Бір таудың қуысында, бір Алланың уысында малын бағып, оған қоса жанын бағып жата алмай, баяғы өңірі орден-медальдарға толы бедел-костюмін киіп алып, ондай жерге ізденіп өзі баратын. Өзінше «Мен де бармын!» дегені.


Орталықта өтер тағы бір жиынға бармақ болып, атын ерттегесін:


– Жұпар-ей, менің анау бір киерімді шығаршы, – деген нығызданып. Сақал-мұртын басып дегендей, сақадай сайланып алған.


Сандықтан костюмін шығарып жатқан Жұпардың бетіне күлімдей қараған. Өзінше «Менің баяғы зар күйімді тағы бір көр» дегені болатын. Бірақ сол сәтте-ақ күліп тұрған өңі белгісіз бір сұраулы пішінге айналған.


– Ордендерім қайда? Көсем атындағы қос бірдей, оның алдында таққан Еңбек Қызыл Ту, кейіндері зейнеткерлікке шығар алдында алған «Құрмет белгісінің» орындары ғана қалыпты. Сұлудың тісіндей болып тізіліп тұрар бар беделінің орны кетиіп көрінеді.


– Е, мен қайдан білейін? Өзің тазалауға алған шығар деп тұрмын ғой.


Оспанқұл бір сұмдықтың болғанын сезе қойып, жүгіріп барып, костюмді қолына алды.


– Тазалағаны несі? Осыдан бірер ай бұрын ғана тазалап, орындарына тағып қойдым емес пе? Атын қаңтарып қойып, ал іздесін, қопармаған қуысы, үңілмеген қалтарысы жоқ. Жым жылас.


– Әлгі Молданбай келген жоқ па еді? – «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, «әйтеуір жаманшылық жасау соның қолынан келуші еді» деген суық ой келген.


– «Итке темір не керек?» деп, сенің өзіңнен басқа ешкімге керегі жоқ болып қалған темір-терсегіңді ол қайтсін?!


– Енді сенің табалауың қалып еді! – Оспанқұл діңкесі құрығандай отыра кеткен. Айдың-күннің аманында қолды болған ордендерімен бірге бүкіл өмір бойы жинаған бедел, абырой-атағы бірге кетіп, еңбегімен шыққан биігінен бір сәтте құлап түскендей күй кешкен. «Кезінде біз осындай болғанбыз!» десе, енді ешкімді сендіре алмастай, тым болмағанда көңілдің жұбанышы, көздің қуанышы болған ең асылдарынан айырылғанын сезді. Және сырттан жаудың келмегенін, бар кеселдің өзінің әлгі «шіріген жұмыртқа­сынан» келгенін де білген.


– Алла ғана, тумай туа шөккір-ай! – деп, өмірі аузына алмас жаман қарғысты сол «шіріген жұмыртқасына» бағыштады. Ол өзінің «қара шаңырағымның иесі болады» деген кенжесі Сәрсенқұл болатын.


Әншейінде сүт кенжесі Сәрсенқұлға араша түсе кететін әйелі де көзінің жасын іркіп алып, үнсіз отыр. Ордендердің жоғалғаны үшін емес, «осы тәмпіш танауымнан бірдеңе шығады» деген үлкен үмітінің жоғалғанына жылаған. Кенжесінің енді қайтіп оңалмасқа бет бұрғанына көзі біржола жеткен соң жылаған.


– Бәсе, – деді Оспанқұл атының ер-тоқымын алып, өріске жіберген соң, төсегіне келіп қисайып жатып, – бәсе, ол иттің: «Қазір әр Ленин орденіне бір жылқының құнын береді» деп оттасы жаман еді, содан-ақ келді.«lлкімі жоқ дау жаман, іштен шыққан жау жаман» осы болды...


Айдың, күннің аманында азып-тозған ұлы Сәрсенқұл сол оқиғадан он шақты күн бұрын шамасында екі кештің арасында сайтандай сап етіп ауылға келген. Тері-тарамысына ілініп, қу сүйек болып жүдеген кенже ұлды қазір отызға келген атпал азамат дегеннен гөрі, әйтеуір кеудесінде жаны бар тірі аруақ деуге келіңкірейтін. Бір кездегі екі бетінен нұры тамған шұжықтай жігіттің айықпас дертке шалдық­қанын әке-шешесінің қу көңілдері бұрынырақ келгенде-ақ сезген. Егер бұл жазғанды қайтадан қатарға қосып берер жан табылса, қалған аз малын, бар жиған-тергенін, оған қоса өздерінің қалған ғұмырларын да аямас еді-ау. Бірақ ондай құдіретті құтқарушыны қайдан табар?..


– Қарағым-ау, қандай ғана кеселге душар болып едің? Өлмеген қу жаныңның қалғаны мынау, – деп ұлы кіріп келгенде шешесі дауыс салған. – Қос жанарымдай болған қос құлынымның бірі жұмыс-жұмыс деп үй бетін көрмей кеткеніне екі жылдың жүзі болды. Сенің тұрысың мынау, не өлінің, не тірінің санатында жоқ болып... Қайтейін, құлыным-ау! Қандай ғана кеселге ұрынып едің, сен?


– Әй, болды енді! Тоқтат, жаман ырым бастап, сұңқылдағаныңды. Сен жылағаннан бұған ес кіретін болса, кірер еді. Өз жаныңды өзің жегеннен басқа табар пайдаң шамалы, – деп отағасы қосағының жан жарасын көріп, біліп, түсініп тұрса да, зеки сөйлеп тоқтатқан. – Өлген соң бір-ақ дауыс саларсың. Әзірге тірі көрінеді ғой.


Сәрсенқұл шешесі дастарқанға қойған тамақты да қылтамақ болған кісідей ішіп-жеп жарытқан жоқ. Меңіреу адам сияқты оты сөнуге айналған жанарын ашық тұрған есіктен іңір алакөлеңкесінде қарауытып, қалғып бара жатқан тау сұлбасына қадап отырып, келген шаруасын айтқан. «Өліп кетпесін десе ақша керек! Ертең алаң-елеңде қайтады». Бар болғаны – сол.


Әке жазған біраз ақылын айтқан соң, ертең өзі ілесе кетіп, облыс орталығындағы дәрігерлерге апармақ болған. «Дәрігерлерден қайран жоқ. Бұл үшін азаптанудың текке қажеті жоқ. Жанын алып қалар жалғыз шара ақшада ғана тұр». Айтары осы ғана.


Әке торықты. Шеше жылап-еңіреп жүріп, пенсияла­рынан қалған азын-аулақ ақшаны алдына тастаған. «Қайыр­шы да қуана алмас мынау садақалары бір-екі күндік те өмір сыйлай алмайды». Сонан соң әйтеуір осы пәлеге үйір болған­ның кесірінен дертті болып еді ғой, ем болар ма екен деп, сандық түбіне тыққан бір жартылық арақты алдына қойып еді ол да ұлды қуандырмады. Жүз грамдайын ішті де, қолы дірілдеп отырып, қалтасынан сырты қолдың кірі, әлде тер жұғып, қожалақтанған бір тал папиросын шығарды. Соңғы рет тартқалы отырғандай онысына телміріп ұзақ қарады. Сонан соң әлде біреу қуалап келе жатқандай асығыс қимылдап, шылымын тұтатты. Түтінін құмарлана сорып, өкпесіне аралатып жіберді де, ішінен қайта шығаруға қимағандай бежірейіп, ұзақ отырды. «Уһх!» Түтінін аузынан сыздақтата шығарған кезде екі көзі жасаурап, маңдайы бусанды. Сөйтіп екі-үш-ақ рет сорып, шылымының жартысын дымдалған қос саусағымен қысып өшіріп, қайтадан қорабына әспеттеп салып қойды.


– Құлыным-ау, қазақ-орыстың аузынан түспейтін сасық шылымды алатын да ақшаң қалмағаны ма? – деп, шешесі өзінше тон пішті.


– Ажалыңа бола үйренгенсің ғой бұл бәлеңді. Бәрі бір ертең екеуіміз бірге жүреміз. Иә бар, иә жоқ етермін сені! – Оспанқұл соңғы шешімін айтқан.


Ұл үн-түнсіз төргі бөлмеге кирелеңдей басып кіріп, төсегіне шешінбестен сұлай кеткен.


Әке-шешесі екеуі де ұлдан біржола айырылып қалмас үшін қалайда облыс орталығына апарып, бір қарекет жасамаса болмайтынын айтып, кешкі шайларын ішіп бола бергенде: «Қиналдым-ау!» деген үннен шошынысып, үрпиісіп қалған. Әке өзіне-өзі келіп болғанша шеше байғұс етегіне сүрініп, бұрынырақ орнынан тұрған.


– Әй, соры қайнаған құлыным-ай сол! – деп, төргі үйге жүгірді. Оспанқұл да байыз тауып отыра алмай бөлмеге кіргенде ұлы қос тізесін бауырына алып, төрдегі алашаның үстінде аунап жатыр екен. Екі көзін тарс жұмып алған. Безгек болған адамдай тұла-бойы қалш-қалш етеді. Құр тарамыс қос қолымен екі санын мыжиды.


– Әкетайым-ай, жеп бара жатыр ғой! Жеп жатыр! – деді бұған алара қарап. Келгеннен бергі адам сияқты алғашқы айтқан сөзі. Оспанқұлдың да жүрегі езіліп, ішкі дүниесі парша-парша болып тұрған.


– Сорлы балам-ау, маған не ғыл дейсің енді? – деп кемсеңдей сөйлеп, ұлдың үстінен төнді. Оның ет-жеңсіз екі санын уқаламақ еді, ұлы: «Ары!» деп төбесінен шоқпармен ұрғандай болған соң буыны құрығандай, төсектің үстіне отыра кеткен.


Сәрсенқұл ішек-бауыры бүріп бара жатқан адамдай сенделіп орнынан тұрды да, жиналған жүктің үстінде тұрған мылжа-мылжасы шыққан жаман сөмкесіне ұмтылды. Қос жанары қайтадан от шашып, дірілдеген қолдары сөмкенің ішін асығыс ақтарған. Кішкене құтыны алып, үстел үстіне қойды да, ауырған кісіге укол салатын шприцті шығарды. Біреу қуалап келе жатқандай жанұшырып жүріп, сұйық дәрінің жартысын ғана шприцке сорғызды да, жеңін түрген. Жеңін түріп жатып: «Мынау біткенде мен де бітемін! Ал сендер менен құтылғыларың келіп, ақша бермейсіңдер!» деді тістеніп тұрып. Бұл жерде оған бірдеңе деудің еш қисыны жоғын түсінген әке де ләм демеді. Мына сұмдықты көруге дәті шыдамады ма, Жұпар сорлы ауызғы бөлмедегі төсегіне жетіп құлаған. Ұлдың қасіретімен есі шығып жүріп, әйелімнен айырылып қалмайын дегендей Оспанқұл соған қарай ұмтылды.


Тағы да талықсып кеткен зайыбына дәрі иіскетіп, бетіне су сеуіп жүріп, оның бетін бері қаратқан соң төргі үйге кірсе Сәрсенқұл төсегіне қисайып, ұйықтап кетіпті. Жеңі түрулі білегіне көзі түсіп еді, сау-тамтығы жоқ, көкпеңбек. Ол «жаны шығып кеткен жоқ па?» дегендей баласының аузына құлағын тосқан. Тыныстап жатыр.


«Бүйтіп, бізді тірідей өлтіргенше тумасаң етті. Туған екенсің, күніне бір өлтірмей, қайғыңды бір-ақ рет тарттырсаң етті. Қайтейін сені, қайтейін!» Ұлының және әйелінің дыбыстарына қатар құлақ түрумен жатып, таң алдында оның көзі ілініп кетіпті.


– Оспанқұл! – деген Жұпардың үнінен шошып оянған. – Оспанқұл, тұршы! Әлгі сорлы бағана шыға жөнеліп еді... Бірдеңеге ұрынып қалды ма, жоқ.


Оспанқұл тысқа шығып, айналаны қарады. Дыбыс берді. Жан жоқ. Үйге кіріп қараса, сырт киімдері де, жаман сөмкесі де жоқ болып шықты. Сол жоқтан жоқ болған...


Сәрсенқұлдың алды-артына қарауға шамасы келмей түнделетіп жөнелуінің соңы ордендердің қолды болу оқиғасымен тәмамдалған. lздегенмен ұлды таппасына, ұлды тапқанмен ордендерді таппасына көзі жеткен әке бәрі де бір Алланың ісі шығар деп, өз уайымына булығып жатып алған. Көш бастаушылары жоқ медальдарды да сыпырып, сандықтың түбіне тастатып, костюмін «ал, ендеше!» дегендей үйге киіп алған. Мұңын кімге шағып, кімге өз басының гөй-гөйін айтсын?! «Жабулы қазан жабулы» күйінде, іштен тынып қойған.


Басқасы басқа, өз ұрпағының жасаған адам баласы естіп көрмеген опасыздығынан кейін, бөгде мен бөтендердің тал түсте келіп, талап кетпей жүргендеріне тәуба қылғандай, бәрінен де баз кешіп, күйреуіктік мінез тапқандай. Малына да бұрынғыдай құлшына қарамай, өзімен өзі бұйығы бір тіршілікке көшіп еді. Ұлдан да әбден көңілі қарайып, оның қыл көпірдің үстінде тұрған тағдырына да бейжай, «не болсаң ол бол!» дегендей қалып танытқан.


Бәйбішесі Жұпар екеуі біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жұрт қатарлы қоңыр төбел ғана тіршілік кешіпті. Алла-тағала шекелері торсықтай-торсықтай үш ұл, бір қыз беріпті. Бір ұлы сәби қылығын көрсетіп үлгіре алмай ерте шетінеді. Жалғыз қыз оқыды, жетті, теңін тапты да Көктеңіз асып, ол кетті. Қызына: «Құда-құда десіп, құйрық-бауыр жесіп жүрер жақындау жерден біреу табылмады ма?» дей алмаған. Бұл күнгінің баласы әке-шеше арманын, ақ тілеуін ойласа, сөйтер ме? Ол да аты бар да заты жоққа айналды. Бес-алты күн сандалып, құдаларына бір барып-қайтқан кемпірі екеуі. Бес-алты күн сандалып, құда-құдағилары да бір келіп-қайтқан болды. Қыз-күйеу дүниенің кеңдеу тұсында араға жыл салып, екі жыл салып, төбе көрсететін. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, хат-хабарсыз қалғандарынан бері де Кішітауды төрт-бес рет қар тұмшалап, төрт-бес рет көктем шығыпты.


Үлкен ұлы Жұмағұл да Алматы асып, оқу іздеп барып, онысын тәмамдаған соң үйленіп, сонда тұрып қалды. Сөз репетіне қарағанда, кішілеу бір кеңсенің кішілеу бір бастығы. Бастықтығынан не пайда, ол да өз күнін көргеніне мәз. Қайта жылына бір келіп, соғымын алып тұрушы еді, оны да сиретті. Жұмағұлдың бар жасаған жақсылығы келін екеуі ақылдасса керек, өздерінің екінші ұлдары Қанатты бұлардың қолына беріп қойғаны. Сол жаман неме болмаса, екеуі төрт керегені бағып, қараң қала жаздапты...


Ал Оспанқұл мен Жұпардың сүт кенжелері Сәрсенқұлы да мектебін жұрт қатарлы бітірген. «Ұлың қайсы?» десе, «Мынау!» дерліктей болып өсіп келе жатқан. Бірер жыл жанында ер-қара болып, шаруашылығына көмектесті. Ол кезде бұлар совхоз орталығында тұрып жатқан. Кіші ұл келер жылы жаз шыға Жұмағұлдың жанына барып, оқу оқимын деп жүрген тұсы Кеңес үкіметі құлап, «Өкімет өлтірмейді» деп жүрген жұрттың мәңгіріп қалған кезеңімен сәйкес келген болатын.


Ұл сол тұста құны кетіп тұрған «сабан-ақшаны» қойны-қоншына басып алып, бәрі-бір астанаға тартқан. Көмектесіп, демеп жіберер Жұмағұлдың шамасы жетпеді ме, әлде тағдыр-тәлейі жолын болдырмайын деп тұрды ма, әйтеуір, Сәрсенқұл оқуға іліне алмапты. Бірақ елге де оралмады. Телефон соғып, ілуде бір хабарласқан кезде айтары: «Бір есептен оқуға түспегені жөн болыпты. Қазіргі кезең – оқығанның емес, пайданың көзін тауып, соны аршып, ала білгеннің, былайша айтқанда, «бизнестің» заманы екен. Амандық болса, жаман ұлдары екі-үш жылда дүрілдеп байығалы тұр. Сонан соң шал-кемпірді астанаға көшіріп әкеліп, қолдарын жылы суға малып қоймақ екен. Тек бизнесін тезірек жандандырып, қолын жүргізіп жіберу үшін азын-аулақ қаржы керек» сияқты әңгіме болар еді. Жаман ұлының «Заманы түлкі болса, тазы болып шалар» тіршілікке белін бекем буып, араласып кеткеніне іштей тәубасын айтар еді. Мұның сөзі: «Әй, балам-ай, оқудың тіршілікке кедергі кел­тір­генін естімеп едім, өздерің білесіңдер де. Заман өзіңдікі ғой, еркін қарекеттенуге еркіндік беріп отырған тұста мен не дейін?! Елден сұрап білсем, «бизнес» дегеннің қазақ­шасы «алып-сатар» деген сөз екен. Сауда дегеннің бір атасы алдау мен арбау болушы еді, қайдам қарағым, алдау мен арбау деген тұқымымызға жақпаушы еді, байқасайшы. Әлгі сұраған ақшаңды бір-екі ірі-қараны өткізген соң, осы ауыл­дың барған-келгенінен жіберермін» сияқты болып келер еді.


Ол екі арада өріске шықса, тау-тасты бермес, қотанға қайтса қолат-қойнау сайын салынған қораға сыймас ақтылы қой мен қос-қос жылқы, табын-табын сиыр бөліске түссін. Қалай бөліседі, кімдер бөліседі? Ол жағынан бұл бейхабар. Әйтеуір, өмір бойы мал соңында жүргенін, мейлі, колхоз болсын, мейлі совхоз болсын, соның өсіп-өркендеуіне еңбегін сіңіргенін біледі. Жай ғана көптің бірі емес, аудан, облыстың мақтанышы, бетжүздігі болғанын біледі. Сондықтан «Үлесімізді қыл үстінен бөліп алып, жеке шаруа боламыз» десіп, «бес-алты түтін бірігіп, қожалық құрамыз» десіп, кедейлердің бітпес кеңесі сияқты қызыл кеңірдек дау-дамайдан да өзін сырт ұстаған. Сырт ұстаған жоқ-ау, өнбес дауға өз басын салуды ар көрген. Бөлістің қай түрі болса да, өзін аттап кетпесіне сенген. Тек мынау аласапыранда өзінің босағасына біткен он шақты ірі-қарасы мен жиырмаға жетер-жетпес қой-ешкісі де «бөліске» түсіп кетпей тұрғанда бір кезде өзіне арнап салып, кейіннен Молданбайдың иелігіндегі қыстауға барып, айдап алған.


Совхозы не тарамады, не қоймады, шөре-шөре, ырду-дырдумен жүргенде «бартер» дегені шықты. Шаруашылық жанар май үшін, жағар май үшін, әр ауыл, әр қораға дейін, әр аулаға дейін самаладай ғып жағып қойған электр қуаты үшін, тіпті атам заманнан бері таудан құлап, сарқырап ағып жатқан құдайдың қара суы үшін шаруашылық пәленбай миллион сомға қарыз екен. Соларды өтеу үшін, күзгі егіске қажетті жермай, тіпті машина-тракторларға қажетті тетіктер үшін тағы да миллиондар керек екен. Бұрындары «Биылғы жүннің өзі-ақ шаруашылықтың бір жылғы шығынын еркін жабады» деп күмпілдеуші еді, енді тай-тай ғып буылған жүн ешкімге қажет болмай қоймаларға тау-тау болып жиналып қалыпты. Жер-көкке сыймай, шіріп жатыр. Осекеңнің «бартер» дегеннен ұққаны, ақшасы жоқ шаруашылық малмен есеп айырысады. Тіркемесі бар үлкен жүк машиналары жарты отар қойды, не бір үйір жылқыны тиеп алады да, өкіріп-бақырып, тартып отырады. Бірлі-жарым машина тартса, не арманы бар. Алты-жеті машина бірігіп, керуен боп тартады. Шұрқыраған жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қойлар бастарын жақтау ағашқа соғып, белгісіз бағытқа кетіп жатады, кетіп жатады. «Апыр-ай, Қазақстанның өндірген еті Мәскеу, Ленинград сияқты біраз қалаларды асырауға еркін жетеді, ол аз болса, айбынды Қызыл Армияны да қызылсыратпай тұрған Қазақстан екен» деп күмпілдесетін еді. «Барыңды хаттап, шоттап әкеле бер, әкеле бер!» дейтін ортақ қазанның түбі ойылды. Сонда осынша малды тоқтатпай жалмап жатқан қай обыр? «Күніне қырық жылқы, қырық өгіз және бір сұлу қызды жұтады екен» дейтін ертегідегі жеті басты айдаһардың өзі де мұның қасында жолда қалғандай. Тойымы болмаушы ма еді?!» деп ойлайтын Осекең. Бәрібір оған миы жете бермейді.


«Мынау – менікі» немесе «біздікі» деп, иелік жасар кісісі болмаса сарқылмас байлық, түгесілмес кен болмайды екен де. «Бүйтіп көбейе берсе, белес-белес белегірлі, биік-биік жоталы кең жайлау тарлық етер-ау» дейтін жер қайыстырған мыңғырған мал айналасы екі жылда сарқылып-ақ қалды. Жалғыз бұлардың совхозы болса бір сәрі-ау, көрші совхоздар, көрші аудандар, тіпті баршасы осы кепті киіп жатқандай. Құмға сіңген өзендей немесе түбі тесілген тай қазандай тура.


Совхоз соңғы тынысын ышқына алып, тұяқ серпуге де шамасы келмей қалған тұста қалған сарқыт мал шын бөліске түскен. Әзір «бартерге» құрбан болмай шып-шырғасы шықпай тұрған екі отар қой қалған. Бірі Молданбай бағып отырған баяғы өзінің иелігіндегі отар да, екіншісі оған көршілес отырған Кәкібала дейтін жас қойшының отары. Екеуі де әбден іріктеліп, сұрыпталған асыл тұқымды саулықтар болатын. Осекең директордың бұл ісіне іштей риза болып: «Азаматым-ай, ертең қайтадан ес жинап, етек жабар күн туса, асыл тұқымды малды сақтап қалғалы жүр екен-ау» деп түйген. Бірақ шынтуайтында мүлде басқаша оқиға болып еді...


Екі-үш жылдан бері малды, бар техниканы, басқа да ортақ байлықты бөлісе алмай қызыл кеңірдек болып жүрген ағайын барды ортаға салған кезде олары сарқыт емес сарқыншақ қана болып шықты. Ортақ қазанның ішіндегі әлдекімдер қаймағын қалқып, сүтін сарқып ішіп алған соң, жұртты қазан түбіндегі қаспағына таластырып қойыпты. Қырдым деген даукестердің өзі бір-екі сиырдың мүйізінен, екі-үш қойдың сирағынан ұстап, сымпиып шыға келіпті. «Тиесімді өзің әкеліп бересің!» деп Осекең де жамбастап қашанғы жатсын? Орден-медальдарын жарқыратып, бұл да додаға қойып кетсін. Орден тағып келмек түгілі, құдайдың кенже баласымын деп келсе де «Сенікі жөн-ау!» дейтін ешкім көрінбейді. «Мал ашуы – жан ашуы» бәрі қандарын ішіне тартып, ақи көзденіп алыпты. Тізім бойынша бұрынғы еңбек озатына бір бұзаулы сиыр, бір құнан өгіз, бес қозылы қой жазылыпты. Колхоз болып-толып тұрған заманында айғырларын азынатып, құлынды биелерін ыңырантып жайлауға үш қос торы алалы көп жылқы шығарушы еді, жау жеді ме, жылым жұтты ма, адам білмейді, тұқымға тұяқ қалмапты.


Енді жанына жаны күйгендерді қосып алған Осекең «Оу, Молданбай мен Кәкібала бағып отырған мал неге бөліске түспейді?» деп басшылардың жанды жерінен шеңгелдерін салады ғой.


– Ақсақал, ол заңды түрде осыдан екі жыл бұрын жеке­шеленіп кеткен мал. Оның тышқақ лағына тістерің батпайды! – деді өзі колхоздан совхоз құрып, енді құртып болған, одан осы ауылдың жаңаша басшысы – әкім болуға барын салып, бақанын қолына алып жүрген Қазікеш айылын да жимай. Бойы шағын болғанымен, сойының кесектігін танытып тұр.


– Е, екі бірдей отар қойды «еһе» демей жекешелендірген қай мықты?


– Өкіметтің қаулысының негізінде Молданбайдағы отар – менікі болған. Қаулыңыз мынау. Барлық құжаты заңдастырылып, мөрі басылған, тіпті төленген салығына дейін қағаздары хаттаулы, міне – қалтамда тұр, – деп ол төс қалтасынан бір буда қағазды шығарып көрсетті. Өрекпіп тұрған жұрт «Үкімет қаулысы» деген соң ауыздарына құм құйылып қалған. Қазікеш бел алып алған соң сөзін әрі қарай сабақтады. Қатты сөйлеген тұста үні мүлде қатын­дауыстанып, шіңкілдеп кетеді білем, ащы да шыңылтыр айғайы құлақты жара жаздады. – Екінші отарды даула­саңыздар, облыс жаққа барыңыздар, оның иесі сонда. Әрине, тістеріңіз батса. Ол да әбден заңдастырылған дүние.


– Оу, шырағым, қаулың болса, болған шығар. Бірақ осы совхозды құртудан басқаға еңбегің сіңбеген сен не деп жеке­ше­лендіресің? Біз білмейтін облыстағы мықтың не үшін жекешелендіріпті? Оларыңнан мына бізге, бар байлықты қызыл қолымен құрған мына жұртқа келер не пайда бар? Айтшы, қане! Қаулың да, заңың да көпшілік үшін жасалмаушы ма еді?! Жоқ, әлде басшылар үшін басқа мизам бар ма? Сен барған жерге біздің де аяғымыз жете алар!


Оспанқұлдың мына сөзінен соң көпшілік ну қамысқа от тигендей дүрілдесін.


– Сотқа береміз!


– Қазір сөзге емес, қағазға сенген заман ғой. Қағаздап тастаса, босқа арамтер боламыз. Онан да ертең барып, екі отар қойды қуалап кеп, бөліп алу керек. Сонан соң бір-ақ сөйлесеміз. «Көз – қорқақ, қол – батыр!». «Қолмен істегенді мойынмен көтереміз!».


– Жоқ, аудан, облыстан комиссия шақырту керек.


– Адамнан қорықпаса да, Алладан қорқулары керек еді.


– Жоқ, бірнеше кісіні ертең өкіл ғып ауданға шаптыру қажет.


Осы оқиғдан кейін Осекең бастаған сөз білер дейтін екі-үш кісі жосықсыз жекешеленген екі отар қой дауымен, аудандағы біраз сырлы есікті ашып, біраз сырбаз азамат­тардың алдынан өткен. Дүниенің құлағын ұстап, жерді иықтарымен көтеріп жүргендей болдырып, болып отырған олардың өздері де мандытып ештеңе айта алмады. Бәрінің айтары: «Шаруашылық басшыларына ондай құқық беруді үкімет қолдап отыр. Уақыт тынысын түсіну керек. Сіздерге қайта аз да болса мал бөлініпті, соған риза болмайсыздар ма?!»


Тау өзені тасыған тұста жағаны кеміріп жейтін, өгіздей қойтастарды салдыр-гүлдір домалатып, құлатқан алып теректерді шашынан сүйрегендей ғып, жарға соғатын. Екі-үш күн, әрі кетсе, бірер апта буырқанатын, долданатын. Сай-саладан жиналып келіп, жойқын күшке айналған жаңағы долы өзен де сүрі қар еріп болған тұста сүлдерін сүйреп кеп, бұрынғы момақан, жуас мінезін табатын. Осекеңнің де, оның ауылдастарының да алғашқы арындары баяулап, күн өткен сайын қайтқан судай жуасып қалған. «Бұл да бір өз уақытында болған құқай шығар». «Көппен көрген ұлы той» десіп, өздеріне басы бүтін бұйырған аз малдарын қанағат тұтысқан.


Баяғыда совхоздың гараждарына сыймай кең аулаларда қаздай тізіліп тұрар түрлі-түрлі машина-тракторларды да, тырна мойын комбайндарды да кімдердің жұтып жібергендерін жан білмейді. Тек біраз жөндеуден соң ғана іске жарайды-ау деген ескі-құсқылары ғана қожалық құрған­дарға тиіпті.


Осекең де «бизнесмен» болып кеткен кіші ұлдан қайыр болмаса да, түбі қарашаңыраққа ие болар сол неменің бір кәдесіне қажет болар-ау деп ұстап отырған аз малының жайын күйттеуді ойлады. Оларды бағудың өзі күн өткен сайын қиындап бара жатқан соң совхоз сыйлаған көктөбел үйіне бір жамағайынын кіргізіп, осы арасанның желкесіндегі Талдыбұлақ аулындағы шағындау бір үйді бұзаулы сиырға сатып алып, көшіп келген.


* * *


Ол орнынан тұрып, қарауыл төбеге бет алды. Малын биіктен бақыламақшы. Ұсақ малдар көктемнің шуағына жондарын төсеп, жусауға кірісіпті. Бағана көбірек жаталақшып жүрген сиыр баласы ғана көндерін жібітуге шындап кіріскендей. Сай-саланың аласа көгін тілдерімен еркін орап оруға келіңкіремей, тойына алмай жүрген сияқты. Жирентөбел құлыны жанында, күзетші қара төбеті соңында жүрген жирен бие де өзіне қорек, ұрпағына сүт болу үшін жерден басын алар емес. Кең дүниенің келбетімен танысқысы келген құлыны жанынан сәл ұзаса-ақ оқырана шақырып, бауырына алады.


Осекең биікке асықпай көтеріліп, өзі мал жайған сайын келіп отыра беретін жалпақ тас үстіне жайғасты.


Е, шіркін, құр аттан жүйрік уақыт-ай...


Бір кезде осы Арасанбұлақ басына қыстау салып, оған «Талдыбұлақ» деп атау берген әкесі Сақай да, анасы Бәтес те жоқ бұл пәниде. Тек олар туралы естеліктер ғана қалған.


«Осы шешең үшін туған ағамыз Тақаймен ат кекілін кесісіп кете жаздадық қой» деп әңгіме айтар еді ол кісі. Оспанқұлдың оның әңгімелерінен ұққаны: «... Ақтар қашып, қызылдар қуған заманда әкесі Сақайдың айттырып қойған қалыңдығы Бәтестің үй-іші үріккен елмен бірге бір түнде алыс жұртқа ауа қашып, жігіт олардың орнын сипап қалады. Не болса да қос ат мініп қуа бармақ болып жиналады. Өзінің сіңірлі бурылына мініп, сәті түссе, Бәтесті мінгізіп алып қашу үшін ағасы Тақайдың Бәйгеторысын сұрайды ғой. Тумысынан малжанды ағасы қырық сылтау айтып, атын берер болмайды. Тіпті, атын рұқсатсыз мініп кетер деген оймен Бәйгеторының аяғына кісен салып, кілтін мойнына қарғыбау ғып тағып алады. Туған бауыры өлердегі сөзін айтса да, көнбеген қыңыр ағаға ерегескен әкесі Сақай түк жазығы жоқ жануар Бәйгеторыны кісенімен тұрған күйі бауыздап, ағасына «Енді көрмегенім сен бол!» деп аттанған ғой! Әкей марқұм ақыры дегеніне жетіп, шешеміз Бәтесті алып қашып, елге жеткізген. Бәйгеторының басын құшақтап қалған ағасы Тақай да әкемізге сыртынан: «Енді көрмегенім сен бол!» десе керек. Бір әке, бір шешеден туған бауырлар өкпелесуі, ренжуі мүмкін, бірақ көріспей кете алмас. Өкпелескендерді табыстыра алмаса, татуластыра алмаса, ағайынның несі ағайын?! Екеуін де табыстырған ғой».


Ал солардың немерелері Жұмағұлы мен Сәрсенқұлы ше? «Тағдыр тәлкегімен түпсіз шыңырауға батып бара жатқан інісіне Жұмағұлының қол соза алмағаны қалай?» дейтін мазаң ой қажытатын бұл жазғанды.


Жегі


Бұрын колхоз қой фермасының орталығы атанып, өзінше ақарлы-шақарлы тіршілігімен «қайнап» жатар «шуақты қоныс, суатты өріс» Талдыбұлақтың да малы кеткен соң халы бірге кетіп тұрған. Кейбірі қолындағы бетіне қарап отырған ірі қарасын, ұсақ жандығын қаржы ғып, аудан, облыс, тіпті Алматы асып, ірге көтеріп кеткендері бар. Айтыстары: «Мұнда төрт аяқты һәм екі аяқты қасқырлармен алысып жүргенше, не өсіп болмайтын, не өшіп болмайтын малдың көзін құртып, қасқырлары жоқ қалалы жерге ірге көтеру. Базары мол, ажары ашық шаһарлы жерде екі қолға бір күрек табылады-мыс».


«Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кебін кимесеңдер болар да, – деп Осекең ішінен ой түйер еді. – Бау-шуын жинап, біріңнен бірің қалыспай дүрк көтерілгендерің жаман, ел қарасына қайтар қаржы таппай қиналсаңдар, ағайыннан алыс, туған елден жырақта ұлып қалсаңдар – қиын да қиын сол қиын-ау». Бекер обалы қане, бірлі-жарым ағайынға Осекең бұл ойын шет-пұшпақтап айтып та көрген. Бірақ құйысқандығын көтеріп, бүгелек тиген торпақтай адыраң көзденіп, алды-артына қарамасқа жеткен жұрт тіл ала ма?! «Ие, бопты, жолдарың болсын!» деп, шығарып салар еді оларды.


Оның есесіне жаз шыға жайлауды аңсап, тұсаудан босаса-ақ тұмсығын көтеріп, тауға тарта жөнелер ерғашты мініс аты сияқты жөнеп берудің жөнін таппаған, қалған тіршілігін малдың сүмесінен іздеген өзі сияқты кәрі-құртаңдар көшіп келіп, беткейі – береке, күнгейі – күнкөріс осындай тау қойнауларында иен қалған қыстауларды екі-үш үй болып кеп, мекендей бастаған. Көбісі бір-біріне қара тартып, осында, арасан бойындағы Талдыбұлаққа келген. Талдыбұлақ бұрын жә деген үлкен ферманың орталығы атанып, қараң-құраң он–он бес үйі, кішкене клубы, магазині бар дегендей, тау елі – қойшы-қолаңның мәдени орталығы болатын. Біріншіден, өзі сияқтыларды мұндағы сәл жөндеп кіруге болатын даяр үйлер қызықтырса, екіншіден, топтасып бірге отыру қасқырлар мен ұрыларға қарсы қайран қылуға қолайлы еді.


Осекеңдер бұрынғы өз атамекендері болғанмен қайта оралып кеп, күл төккелі бір жылдың мөлшері өткенде қарамы мол ірілі-ұсақты малын айдап, Молданбай жетсін. Жиені Қазікеш қолдады, әлде жаратушысы жебеді, айғыр-үйірге таяу жылқысы, тайынша-торпағымен қосқанда жиырма-отыз сиыры, қырық-елу қой-ешкісі құралып үлгерген екен. «Ләппай» деп тұратын баяғы Молданбай емес, үзеңгі бауы – төрт қабат, ыңырана сөйлеп, ыңырси күлетін болыпты.


– Оу, Молданбай-ау, Қазікештің отарын кімге тастап кеттің? – дейді бұл.


– «Жоқ болсаң бере алмайтын, бар болсаң көре алмайтын» ағайын Қазікештің үстінен сөз жүгірте берген соң, ол жазған да бар малын қора-қопсысымен Әділғазы деген бір мықты бизнесменге сатып құтылды. Төбемнен саудыратып алтын төксе де біреудің малын баққанша, өз жанымды бағайын деген оймен тиесімді санап алып, жаныңа келдім... Ерулік – сізден, қарулық – бізден, – дейді ол.


– Е, ескертпесең де, ата салтын ұмыта қойған жоқпыз. Бұйырғаны бола жатар... Жә, әлгі Әділғазы дегенің бір таныс есім ғой. Кім екен өзі? Қайдан келіпті? Біздің ауданда бір отар қойды қотанымен қопара сатып алар мықты жоқ сияқты еді ғой... – деп, Осекең індете сұраған.


– Итім біліп пе? Майға тыққан қасықтай жылмаңдаған бір жылтыр қара. Облыс орталығында тұрады білем ғой. Бәленбай дүкені, бәленбай рестораны бар дейді. Айтыстары, тек қана әмірқандық көгала ақшаны қат-қатымен қол сөмкемен алып жүреді дейді. Астына мінген көлігі де машиналардың ішіндегі арқардың құлжасы сияқты жуан аяқ, дөңкиген алабөтен дүние. Неге екенін қайдам, онысын «жіп» дейді екен.


«Бөгенайы келіп тұр. Ит бағып, ит таластыратын, сөйтіп, кесек-кесек ақша табатын сол қу болмасын. Құдауында, жүре берсең, көре бересің деген сол екен де» деп ойлаған Осекең. Бірақ ол ойын жанына қайтадан қоңсы болып оралған, бірақ тоқ ішегі майланып, көңілі жайланып оралған Молданбай көршісіне білдірген жоқ...


Бекер обалы қане, Зағипа мен Жұпар да абысын-ажындай, бір-бірлеріне кіріп-шығысып, аяқ-табақтарын араластырып, мәз болысып қалған. Бірақ бірі бас шопанның әйеліндей асыңқы, бірі көмекші қойшының қосағындай басыңқы емес; тең құқықты, қатар көрші деңгейлерін тез табысты. «Ерулік» десіп, «қарулық» десіп, қос отағасы да бір-бірлеріне ақ-адал малдарын сойып, бас ұстатса да, бірі бұрынғы айбары айналаға жеткен, орденді аға шопан емес, бірі бұрынғы айтқанды істеп, айдағанға көнгіш, көмпіс көмекші қойшы емес; тең құқықты, қатар көрші деңгейінде табысқан болысты. Керісінше, айдаған малының қарамы ауқымдылау болған соң ба, Молдандай сөзді тоспай, әр түйіннің шешімін өзі айтуға ұмтылатын болыпты.


Қалай болғанда да сырт көзге «айрандай ұйып» отырған қос отағасын іркіттей іріткен сұмдық бір оқиға болған...


Бұрын қыс болса, «соғым басы», «омыртқа», «құйымшақ» десіп, жаз болса, «қымыз мұрындық», «сірге жияр», «күздік» десіп, «ерулік-қарулық» десіп, кекірік атып, ішіп-жесісіп, кеңк-кеңк күлісіп, бір-біріне қыдырыстап жүрер барша қойшы-қолаң мен жылқышы-сиыршы атаулының жасаңдаулары совхоздың көп малы таусылған соң сең соққан балықтай сенделіп қалған. Қайсыбірі кәсіп іздеп, ірі қалаларды сағалап кетсе, біраз жетесіздері көрші үй мен көрші ауылдың малын ұрлауға шыққан. Өрістен айдап кетуді былай қойғанда, түн жамылып кеп, қораның құлыбын бұзып, жетектеп кететіндер молыққан. Ұрлық-қарлықтың бұрын-соңды болмаған бір қабындаған тұсы еді. Әр ауылдан, әр жерден көбейген соң ба, тіпті тәртіп сақшылары «Әне әкетті, міне әкетті!» дейтін арыз-шағым көбейген тұста бастары қатып, ұрылардың қайсысын ұстап, қайсысын іздерін білмегендей мәңгіріп қалған.


Кезінде колхоз бен совхоздың қойын бақса болды, ай сайын біраз малын қасқырға алдырып, өмірі «мойнына қарыз мініп, шыр бітіп көрмеген» Асан қара ауыздың қос бөлтірігі Садық пен Сәкеннің ат жалын тартып мінер тұстарына мына заман тап келіп, қос жеткіншектің тақымдары кеппес ұры болғандарын көрші-қолаң да сезетін. Асанның өзі жалданып, Молданбайдың әрі малшысы, әрі жалшысы болып жүрсе де, қашан барсаң да, қазаны оттан түспейтін. Кейінгі бір-екі жылдан бері болмаса тумысы босағасына тышқақ лақ көп тұрақтап көрмеген Асекеңнің жіліктің майын шағып жеп отыратыны, шынында, тым күдікті еді. Қашан да ұстарамен сирек ұшырасар қалың сақалы тәрбие көрмей аузы-мұрнын тұмшалап тұрған соң құрдастары «қара ауыз» атандырып кеткен Асанның қос ұрысы талай ұсталып, милицияның да алдын талай көрді. Не пәлесінің барын кім біледі, бір-екі аптадан соң екеуі аман-есен үйінде жүрер еді.


Бір жолы екі кештің арасында өрістен қайтып, есіктің алдында жатқан бұлардың балықтай семіз қызыл құнажыны кешкі мал түгендеуде жоқ болып шықсын. Жерге сіңіп, болмаса аспанға ұшып кеткені белгісіз, жым-жылас. Кемпірі Жұпар:


– Бағана, ақшам мен екінтінің арасында «Сәрсенқұл қашан келеді?» деп, Садық кіріп-шығып еді, – деген соң, Осекең кідірмей солардың үйіне барған.


– Алла сақтасын, құдайы көрші отырып, сенің хақыңды жесек, бізді де құдай оңдырмас, – деп, Асан ант-суын ішіп, қорасындағы бір-екі малын көрсетсін. «Апыр-ау, сонда бұл малды қас пен көздің арасында қай жау алды?» деп, аң-таң болған күйінде қорадан шыға берген Оспанқұлдың құлағына тура жердің астынан шыққандай болып, қызыл құнажынның мөңіреген даусы естілсін.


– Өй, мынау менің құнажынымның даусы ғой!


– Қой, құлағың шыңылдаған шығар.


Сол сәтте жануар құтқарушысының келгенін сезгендей тағы мөңіреді. Жоқшы жан-жағына тағы алақтай қараған. Дауыстың қораның бұрыш жағына жинап қойған екі-үш бума пішеннің арт жағынан естілгеніне күманданбаған.


Бірдеңені сезді ме, әлде мұнда қандай әңгіменің болып жатқанын білгісі келді ме, құдай тілеуін бергір, Молданбай қаңғалақтап келе қалсын.


– Әй, Молданбай, жақсы келдің. Мына бәтшағар іргежаудың қылығына куә бол. Бұларды мен түрмеде шірітейін, – деп Осекең шалт қимылдап, бұрышта тұрған бума пішенді лақтырып-лақтырып тастады. Асан қара ауыз ауыз ашып үлгергенше жерге қарай көлбей қазылған үлкен үңгір көрінген. Бұл бір ірі қара еркін сиярдай қылует еді.


– Е, мал қараңғыда жақсы семіреді деген соң, балалардың қазған қорасы ғой, – дейді Асан жайбарақат. – Осеке, анау шамды жағып алмасаңыз, бірдеңеге сүрініп кетерсіз.


Асан шамын да өзі жағып, қалбақ қағып, алдыға түскен.


– Рас-ау, мынау шынында сіздің қызыл құнажыныңыз ғой. Жануар мұнда қайдан кіріп кетті екен, ә?! – дейді Асанның өзі, «Ұялған тек тұрмас» дегендей.


– Өй, әкеңнің аузын ғана... ит-ау, асымды ішіп, аяғыма тышып жүрген сен екенсің ғой. Былтырдан бері жоғалған бес қой, бір жылқы, екі сиырды ұрлаған сен болдың! – деп, Молданбай да ыстық майға су құйғандай шыж-быж болды да қалды.


Не керек, «Таспен атқанды аспен ат!» дейтін Осекең де Асан бір құдай, мың пайғамбарды атап, аяққа жығылған соң, қызыл құнажынның есен оралғанына шүкіршілік айтып тоқтаған. «Құдайдан қайтсын!» деді де қойды. Бұған дейін де алдырған малдарының қайыры қолда барынан оралсын деген оймен дәлелі жоқ істі қаузамады. Тек Молданбай ғана ауданнан милиция шақыртып, ұзақ тулаған. Бар тындырғаны жер асты жасырын қораны қайта көмдіріп, екі ұл Садық пен Сәкеннен «Енді ұрлық қылсақ, түрмеде шіруге әзірміз» дегізіп, қолхат алып тынған.


Ол әңгіме көмескілене бере дау дейтін сұмдықтың бір басында Молданбай, бір басында Асан мен Оспанқұл отырыс­қан бір кесірлі күн басталған. Енді жәбірлеушілер Оспанқұл мен Асан да, жәбірленуші Молданбай еді.


Төбеңнен ғана жүргір, бүлдірген Сәрсенқұл болатын.


Бұл шіркін Молданбай құрдасының жоқ болған шағын да, тоқ болған кезін де көріпті. Бірақ тіршілігі бірге жандардың бір-бірінің ала жіп аттасқан кездері болмапты...


Баяғыда.. Жұмағұл мен Сәрсенқұлдың алды мектепке ілігіп, соңғысының асық ойнап, доп қуалап жүрген кезі. Ел жайлауды сарыжұрт қылып, шөп басынан май таматын тұс болатын. Жылдағыдай Көктекшенің жазығында өткен ферма қойшыларының тойына Осекең қызы мен әйелін алып ертелетіп аттанған. Малды қарауды қаршадай екі ұл өз міндеттеріне алып қала берген. Ойпыр-ай, ойлап отырса, ол да бір «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезең екен ғой. Кешкілік бұлар тойлап болып, үйлеріне оралса, қаршадай екі ұл отарды шып-шырғасын шығармай үй маңына қоғамдапты. Оларға әке ризалығын білдіріп, үйлеріне кірсе... ит кірмесін деп жіппен байлай салған сықырлауықты әлде кім ашып, ішке кіріпті. Жиналған жүктің астында тұрған сандықтың аузындағы жаман құлыпты шегемен ашса керек, жерде жатыр.


–Иесіз үйді тінтіп жүрген бұл қай тексіз? – деп, Жұпары орамалға түйулі тұрған «қазынасы» – азын-аулақ ақшасын қараса, түп-түгел орнында. Бүктеулі жатқан киімдері мен жібі түзу маталарын қараса, шып-шырғасы шықпаған.


– Өй, «ұрыңның» не іздегенін білмейсің бе? Міне, мынау ғой, – деп, Оспанқұл өрешенің ішінен ортасына дейін ішілген арақтың шөлмегін суырып алған. – Тіпті отқа қақтап жеген төстіктен да сыбаға қалдырыпты. Кім болса да менің де қамымды жейтін «жанашыр ұры» болды.


Бұл өзіне деген сыбағадан кесеге құйып жатқанда, Жұпар «ұрысының» кім екенін біле алмай басын қатырумен болған.


Ел орынға отыра жымың-жымың күліп, Молданбай кірген.


– Әй, құрдас, арақтарыңды сандықтарыңа тықсаңдар да таптым-ау, – дейді. – Тойға бірге барайық деп келсем, ертелетіп аттанып кетіпсіңдер. Оразамды ашпай қайда асығайын?!.


Ол заманның «ұрлығы» осындай құрдастық базынадан аспаушы еді. Әсіресе Молданбай екеуінің...


* * *


«Алматыны аузыма қарататын бизнесмен боламын» деп әке-шешесінің бар жиған-тергенін деміл-деміл кеп, сыпырып-сиырып әкетіп жүрген Сәрсенқұл екі-үш жылдың беделінде ештеңе тындыра алмаған сыңайлы. «Крышам» болмаған соң бір-екі рет «косякқа» түсіп қалдым» дейді. Қойшы, әйтеуір, әке мен шешені астанаға көшіріп апарып, қолдарын жылы суға мал-е-еп қоятын кенже ұлдың өзі ай-хай жиырма бестен асса да, әлі басында пана, бауырында бала жоқ, елес қуып, ел кезіп дегендей бос шапқылаумен жүрген.


Сол Асанмен әңгіменің қызуы қайтып, «қызығы» басыла бастаған тұста Сәрсенқұл сонау Алматыдан тіркемесімен «Камаз» қуып келсін. Ақша буда-буда. Мектепке барар бала-шағасына киім-кешек, қағаз-қалам ала алмай отырған жұрт бірер қарасын арзанға болса да өткізіп, бір мәз болысып қалысқан. Ұлдың айтысы: «Бизнесі жаңа-жаңа дұрысталып, беті бері қарап келе жатыр екен. Пайда деген малда ғана қалыпты. Алысқа келіп, бірге алған мал Алматы жетсе, екіге өтеді екен». «Е, шырағым, кісі ақысын жемеуді ойласаңшы. Бірден баю үшін не кездейсоқ көмбеге жолығу керек, болмаса кісі ақысын жеу керек. Кездейсоқ көмбе – олжа, ол таптыра қоймас, кісі ақысы бойға сіңбес, ол алдыңды орар. Еңбекпен жүріп, еңбектеп жүріп тапқан тиын – салмақты. Түптің түбінде мұратты байлық сол болмақ» деп, өзінше уағыз айтатын.


Күздің қара суығы бел алып, боқырау түсе Сәрсенқұл тағы келген. Шай ішіп қана аттанды. Көрші ауданда алдын ала келіскен малдары бар екен, соны алмақ.


Олар аттанысымен ет асым уақыт өтер-өтпесте соңынан қабаған ит қуған кісі көзденіп, Молданбай кірген. Өңі қуырған бидайдай қара сұр, түтігіп тұр. Аман жоқ, сәлем жоқ, Сәрсенқұлды сұраған. Қай жаққа бет алғанын білмек.


– Е, оны қайтейін деп едің?


– Қайткенімді соңынан көресің. Бүкіл іске татыр сиырларымды қуып апарып, тиеп әкетіпті. Малды шығарып берген мына Асанның Садығы екен. Көріп қалған кісілер бар... «Біргеміз» деген ағайын, «іргежау» болдың! «Мал ашуы – жан ашуы!» Жан алармын, не жан берермін, бірақ мені енді тоқтата алмассың!


– Егер айтқаның рас болып, қолға түсіре алсаң, отқа тірідей қақтап, пісіріп жесең де, араша түспен. Егер менің ұлым дәл сондай иттікке барса, ол да – шіріген жұмыртқа! Теріс батамды берермін!


– Теріс батаң – маған мал болмайды. Қай жаққа бет алғанын айтшы, онан да.


Оспанқұл ұлының барар бағытын жасырмады.


Ұлының салдырлақ «Москвичіне» отырып жатып, Молданбай қосауыз мылтығын көрсеткен.


– Осеке, айтты деген осы! «Ашу – қасаң, ақыл – жасаң!». Ақыры бұл иттерді ауыздықтар заң жоқ екен, менің аянар жерім қалған жоқ. Өз заңым бар...


Өң жоқ, түс жоқ, аппақ шүберектей болып тұрған Жұпар дауыс салды:


– Молданбай, қайным-ау! Қылмысына көзің жетпей тұрып, обалына қалып жүрме, садағаң кетейін. Балаларыңмен тай-құлындай тебісіп, бірге өсіп еді ғой. Қолыңа бірден мылтық ұстағаның не сұмдығың бұл?!


– Әй, Молданбай! Егер осы айтқаның шын болса, арам боп туған нәлетті өз қолыммен-ақ буындырып өлтірем! Сен қолыңды қандама! Мен де барамын! – Оспанқұлдың киінуге де шамасы келмей машинаға келіп отырған...


... Е, «Адамның басы – Алланың добы» деген ып-ырас.Күні кеше ғана небір салтанатты жиналыстардың президиумында сәл шалқайта ұстап, залдағыларға самарқау ғана көз тастап отырар қайран әзіз басының шайқала шошаңдап, «lштен шыққан шұбар жыланы» – өз ұлы Сәрсенқұлын аулауға түн қатып, түсі қашып жолға шыққан.


Жолдары болғанда, ұлы мініп келген тіркемелі машинаны көрші аудан жеріне кіре берісте қуып жеткен. Бәлкім сол жолы оны ұстай алмағанда, жазған баланың тағдыры басқаша жүйесін табар ма еді; мұның бәрі де бір Аллаға ғана аян іс болатын.


Соңдарынан қуғыншы түскенін білсе керек, көшіп бара жатқан кішігірім мал қорасындай алып машина өкіре қашсын. Салдырлақ «Москвич» те тоңқаңдап, қуып берсін.


– Атамын, – деді Молданбай, – машинасының доңғалағын атамын.


– Бөтен машина болып жүрмесін, – деді Молданбайдың баласы. – Бәлесіне қалармыз.


– Машинаның сол екені – сол. Алдымен аспанға мылтық атып көр, – деді Оспанқұл, әлі де баласының мал ұрлағанына сенгісі келмей.


Оларға да жан керек екен. Қосауыз жөпелдете гүрс-гүрс атылған соң, алып «Камаз» жол шетіне қырындай барып тоқтады да, кабинадан айдаушы мен Сәрсенқұл түскен.


– Иттің ғана баласы! Жаныңның барында айт, қане! Мына кісінің малын ұрлаған сен бе? – Оспанқұл ұлының жанына тебініп жетіп барған.


– Әке, мен мал ұрлаған жоқпын! Сатып алдым.


– Кімнен? – Жайшылықтағы момын Оспанқұлдың үні түнгі даланы ұйқысынан оятты.


– Бұл енді, әкей, «коммерческая тайна», – деп ұл өзінше шіренеді.


– Иттің ғана күшігі, ұрлықпен жан бағуға бет алсаң, мен «тайна-майнаңмен» қосып, жоқтауыңды асырайын, «Қастағы сояу шаншулы көзді аңдиды» деп, көзіме қадалған сояуым өзің болдың ба?! – деп қалшылдап кеткен Оспанқұл Молданбайдың қолындағы мылтықты жұлып алған. – Аш, қане, машинаңның қорабын, жаның бойыңда тұрғанда. Молдекеңнің малын алып па едің?


«Байекеңе де жан керек екен» дегендей, Сәрсенқұл да:


– Кімнің малы екенін қайдан білейін? Жұрт сатады, мен аламын, – деп, қүңкілдей сөйлеп барып, машинаның қорабын ашып жатты. Молданбай да биік қорапқа тырмысып шығып алып, жақтауға қатар-қатар байланып, аласұрып тұрған малдардың жанына барды да, шырпысын жылт еткізіп, бір жағып жіберіп, қуана дауыстаған.


– Айттым ғой, бәрі де осында тұр!


– Әй, бүйтіп жер басып, қатарыңда қалқайып жүрмесем етті, жүрген екем, ұрының әкесі атанған күнді көрмесем етті, – деп, Оспанқұл назаланып, отыра кеткен. – Мына мылтықпен не сені, не өзімді жайратсам ба екен?!


– Сабыр, – деді енді Молданбай жөнге келіп. – «Пәле – жүрдек, бақ – құрсау», қайтесің. Бұларға жазасын заң айтар.


– Машиналарыңды ауылға бұрыңдар!– деді Оспанқұл баласына бұйыра сөйлеп. – Кімнен, қалай сатып алғаныңды қажет жердің алдында жауап бергенде айтарсың. Бүйтіп жер басып жүргеніңнен түрмеде шірігенің, әйтпесе біржола құрып, жоғалғаның жақсы...


Көрші-қолаңның Оспанқұлдың да осылай ашуланғанын көрген кезі бұрын-соңды болмаған шығар. Сәрсенқұлын қос қарашығының бірі, болмаса қара шыңырағының иесі екен-ау деп те қараған жоқ. Тіпті, өзі куәгерлікке жүріп, ұлын жұрт жасап жатқан кешірім сұрау, аяққа жығылу, айып-ажын төлеп, бітісу сияқты қазақи тәсілден де, болмаса: «Апыр-ай, жап-жас бала екен, түрмеге түссе, мүлде бұзылып, болмаса денсаулығынан айырылып оралады ғой. Көршіңіздің де бүлінген ештеңесі жоқ, малы аман-есен қайтты дегендей... Бір амалын қарастырмаймыз ба?!» деп әлденені ишаралаған ауданнан келген милиционер ұсынған «жаңаша тәсілді» де тәрк етіп, айдатып жіберген.


Көршісінің алты бірдей сиырын шығарып берген Асанның Садығы үш жылды, жең ұшынан жалғасып, ұрлық малды барынша арзанға сатып алған Сәрсенқұл екі жылды арқалап кете барған.


Әке жазған көршісі Молданбаймен де, Асанмен де сырттай бас изескенмен, іштей алшақтап бара жатқандай еді, әйтеуір, ат кекілін кесіспеген. Бекер обалы қане, Асан да: «Ақжүрексіп жүріп, менің де баламды құрттың» деп кінәлап көрмеген. Бірақ үшеуінің арасынан қара мысық өтіп кеткендей бір салқындық сезілетін. Кіммен кімнің өкпе-бауыры біте қайнасып, жабысып қалыпты? Салқындаса, одан әрмен, «Көшке берген тайлағын алсын», Талдыбұлақтан көшіріп жібере алмастары анық. Әйтеуір, өзінің адами жолдан адаспағанын біледі. Өз баласын да өз қолымен ұстап, өзі айдатқанда өз тамырына балта шабу үшін емес, сол әділдіктің ақ жолын ұстанған түрі болатын...


Е, пенде шіркін ашу үстінде бір тәуекелге қадам басқан сәттерінде оның немен аяқталарын білсе, қателесер ме?! Бүгін ойлап отырса, бұл да оңбай қателесіпті. Тіршіліктің ұлы жіңгір күресінде жанұшырып жүріп жаза басқан «іштен шыққан шұбар жыланын» өз қолымен құрбандыққа шалыпты. «Түзелер, оң-солына ойлы көзбен қарар» деп еді, «жаза – қайтадан қателеспеудің кепілі» деп еді, қателесіпті.


Содан бері Сәрсенқұлдың екі жылын өтеп қайтқанын біледі, елге тартпай астананы бетке алғанын да біледі, туған әкесін көрместей болып кеткенін де біледі. «Ақылға келер, әке шіркіннің осы бір оқыс әрекетінің өзі оны оң жолға салу үшін жасалған қадам екенін түсінер» деп ойлаған. «Ат айналып, қазығын табар, өскен ұясына түбі оралар» деп дәмеленген. Рас, Сәрсенқұл туған, өскен ұясына түрмеден босанғаннан кейін араға алты ай салып оралған. Үлкен ұлы Жұмағұл келген-барғаннан бір хат жазғанда: «Сәрсенқұл түрмеден бұзылып шыққан сияқты. Жазылуы қиын дерт пе деп қорқамын» деп жұмбақтатып еді. Бұл да ауыл мен Алматы арасының бизнесмендерінің бірінен хат жазып: «Жалғыз бауырыңды емдете алмасаң, Алматыда не бітіріп жүрсің? Ақша керек болса, қалған малды түгел сатсам да аянбан!» деген.


Иә, қара шаңыраққа ие болады деген ұл отанына оралған. Бірақ екі бетінің қаны тамып, жанары шоқ болып жанып тұрар ұлдың орнында дүние төңкеріліп түссе де бәріне самарқау, кісіге тіктеп қарауды да ұмытып, қос жанарымен жер шұқитын, болмаса айдалаға мақсатсыз меңірейе қарайтын, қуануды да, ренжуді де біржола ұмытқан,тіпті өзін ұстатып жіберген әкеге өкпе-реніші де жоқ, тек ұлына ұқсас қана тірі аруақ отыр еді. Шешесі бейшара әуелде танымай біраз қарап тұрды да, бұл сүлдерін сүйреп келіп тұрғанның өз қанасын жарып шыққан баласы екенін таныған бетте тұрған орнында талықсып құлаған. Бетіне су бүркіп жүріп, есін жиғызған соң ботасы өлген боз інгендей боздасын-ай: «Құлыным-ау, сенің бұл түріңді көргенше шыққыр көзім неге ағып түспейді, ойбай! Қандай ғана күйге ұшырап, қандай ғана кеселге ұрынып едің? О, құдай, қара тентегімнің жолына мені қара лақ қып құрбан шал! Оспанқұл-ау, өз балаңды өзің құртқаныңды енді білдің бе, сенің бүйткен адалдығың әдіре қалсын. Мұны бүйтіп қойғанша құдай екеуімізді неге алмайды?» деп, өз бетін өзі осып салды.


Айтқанға болмаса, Оспанқұлдың да қу жаны тұрған. lшін өкініштің қара мысығы осқылай тырнап, ыстық жасын ішіне жұтқан. Бірақ қылар қайраны жоқ, қу жаны тұрған ұлын кеудесіне ұзақ басқан. Ол сол сәтте жаратушыдан жарлық түсіп: «Ұлың үшін жаныңды қияр ма едің?» десе, ойланбай-ақ, «Қиямын!» дер еді. Ондай атты күн қайдан келсін.


Сәрсенқұл шешесінің жылап-еңіреп жүріп, алдына қойғанынан ауыз тиді де қойды. «Ауру – азығымен» жүрерін көрсеткендей. Не шешіліп ештеңе айтпайды. Қойған сауалдарына: «Иә, жоқ» деген сияқты келте сөздерден басқа тіс жармады. Тек «Шаршап тұрмын!» деп тас бүркеніп, жатып қалған.


Әкесінің де, шешесінің де көз ілмей, Сәрсенқұлдың тынысын баққаны рас еді. Ұлдың да ұйқысы ұзаққа созыл­мады. Түн ортасында тұрып, аһылап-уһілеп, ыңқылдап, ұзақ күйбеңдеп шылымын тұтатты. Көк түтінді құмарта екі-үш дүркін сорған соң ғана тәтті ұйқыға қайта берілді.


Ертеңінде ол асығыс аттанатынын айтқан. Емделуге ақша керек екен. Пенсияларын ілдалдап, қант-шайларына жеткізіп отырған жандарда қаттап қойған ақша қайдан болсын? Жаны қысылған Осекең кірмесем деген үйі Молданбайдікіне ұмтылған. «Солай да солай. Дертке шалдыққан Сәрсенқұлды емдеуге қарызға ақша керек. Малдарымды өткізген соң қарызымды қайтарамын. Ағайын едік қой, құтқара көр, мынау қиналған шақта!» дейді бұл жазған өлердегісін айтып. «Е, Осеке-ай, «Қарыздың күліп барып, жылап қайтарын» білмеуші ме едің? Онан да кертөбелді сат, қазір-ақ алайын. Ақыры мал сатады екенсің, «қарыз-парыз» дегенше істі солай тындырайық та. Қай базарға барсаң да аттың аты – екі жарым мың теңге» деп, ол Осекеңнің жанды жерінен шеңгелін салған. Дөңгелек тұяқ атаулының сарқыты сияқты болып қалған жалғыз кертөбел аты жүріске де, арба-шанаға да бірдей, шаруақол белді ат болатын.


Бұлтаққа салар, бұлданар бұл жазғанда күш қайдан болсын?! «Жан түгенделер болса, мал түгенделер» деді де кертөбелді алшаң бастырып келіп, Молданбайдың босағасына өз қолымен байлап, кесімді ақшасын санап алды. Үйдегі азын-аулақ ақшаны қосып, үш мыңға жуық теңгені әрең құрағанда Сәрсенқұл:


– Мына ақшаларың адамды емдеуді қойғанда, ауру итті емдеуге де жетпейді, – деп ренжіп аттанған.


«Кештік өмірің болса, түстік мал жи» дегендей, ұл сауығып оралса, жаяуламасыншы деп, бір бұзаулы сиырын біреудің дөнежін биесіне баспа бас айырбастап алды. Ол осы жирен бие болатын.


Қайран кертөбел жан қысылған тұста арзанға кетсе де, одан түскен қаржы Сәрсенқұлдың өзі айтқандай: «итті емдеуге де жетпесе керек», араға біраз уақыт салып, ұл дүркін-дүркін соғатын болған. Дүркін-дүркін соққан сайын азын-аулақ малын саттырып, тіпті шал-кемпірді қант-шайсыз қалдыруға жеткен. «Өле қалсын демесеңдер, ақша табыңдар». Сөзі – осы. «Емі жоқ, домы жоқ дертке шалдығуына басты себепші өзім едім ғой» деген бір айыпкерлік сезім жетегінде жүрген Осекең біраз тыртыңдаған болды. Алайда қанағатсыз ұлдың аранын толтыра алмасына көзі жеткен соң: «Шырағым, өзіңе деп жинаған аз малды құртып болдың. Енді кәрі қойдың жасындай өмір қалғанда мойнымызға ала қоржын салып, ел ақтап кетсін демесең, тоқтат мына сұмдығыңды. Шіріген жұмыртқа бол да, біржола қараңды батыр» деп кәрленген. Сәрсенқұл сатылар малдың қалмағанын түсінді ме, әйтеуір ұзақ уақыт хабар-ошарсыз кеткен. Соңғы келгендегісі анау. Қамшы сабындай келте ғұмырдағы бар шыққан биігінің белгісі сынды бар ордендерді ұрлап әкетіп, әке жазғанды бәрінен де түңілдірген...


Былтыр жазда Жұмағұл келіншегімен, екі ұлын ертіп келіп, біраз күн жатып аттанған. Кіші ұлдан көңілдері қанша қалғанмен Жұмағұлдан оның хал-күйін сұрамай тұра алмаған. Үлкен ұл ештеңе айта алмай, қипақтап біраз отырды да:


– Артымнан ерген жалғыз бауырым үшін аянып қалғаным жоқ. Тасбауырлық танытып, сырт айналсам төбемде Құдайым, жанымда куәм мына келіндеріңіз отыр ғой. Еш шарамыз қалмады. Түрмеден тапқан «нашақор» дейтін дерт түбіне жетті, – деп жылап жіберген. Өзін бұл дүниедегі ең бақытты әйелдің бірімін деп санап келген Жұпар жазған осы ұлдың қайғысымен-ақ белі бүгіліп, шашы ағарып дегендей, кәрілікті ертерек мойындап жүрген тұсында, естіген мына жаманат хабардан кейін:


– Құлыным, Жұмағұл-ау, бауырыңды жерлеп келіп отырғаннан саусың ба?! Сөзің қандай ызғарлы еді, – деп, еңіреп, дауыс салған.


– Жоқ, шеше, әзірге өлілердің де, тірілердің де санатында жоқ, тірі өлік болып қаңғырып жүр. Осыдан жарты жыл бұрын еркінен тыс емдейтін мекемеге өткізген соң, «енді ортаға оралар» деп үміттеніп едім...


– Не болыпты. Емдері қонбап па? – деген Осекең өзінің де амалы таусылғандай торыға тіл қатып.


– Иә, қонбай тұр ғой... Тағы да оны өз қолыммен апарып, тапсырып келіп отырған бетім осы. Сол сияқты сорлыларды емдейтін бір жаңа орталық ашылған екен. Соңғы үміт соларда ғана. Қазір миының бәрін у жеп қойғандай, есірткіден басқа арманы да жоқ, мақсаты да жоқ. Алғаш келген бетте ол зәһәрін шылымға араластырып шегетін сияқты еді, енді қан тамырына ине арқылы жіберетін ең ауыр түріне көшкен сыңайлы...


– Болды! – деп, Осекең әлі жылап отырған бәйбішесіне зекіді. – Әлі де тірілер санатында бар екен ғой, жаман ырым бастама. Шапағаты мол Аллаға ғана тапсырдық... Адамның алдымен ақыл-ойын, санасын, сонан соң тәнін іштен жейтін «жегі құрт» деген болады деуші еді. Сәрсенқұлдың ішіне сол жегі құрт түскен болар. Ал мына шешелерің екеуіміздің жегі құртымыз сол Сәрсенқұлдың өзі болар...


Осекең етегін қағып, тысқа бет алған. Айтып-айтпай, содан бері ұл тағдырын бір Аллаға тапсырып қойғаннан басқа шаралары жоқ еді. Қайта ол туралы бәйбішесі екеуі де әңгімелеспеуге, еске түсірмеуге тырысатын. Осекең осындай өріске шыққан сәтінде іштегі жегі құртына жанын жегізіп оралса, кешкілік Жұпары да жылай-жылай домбыққан қызыл жиектенген көзімен қарсы алар-ды. Кім біледі, осынау аз малды да баюға біржола бет алған Молданбайға сатып, екеуі де аз пенсияларын қорек қып жатар ма еді, әлде екі қолдарын төбелеріне қойып, диуана болып кетер ме еді, Жұмағұл мен келіндері: «Екеуіңе қаңғұр-құңғыр ермек болады» деп немерелері Қанатты қалдырып кетпегенде.


«Анау не?», «Мынау не?», «Ол неге өйтеді?», «Бұл неге бүйтеді?» деген сарқылмас сауал қойғыш құрттай ұл-ақ екеуіне де «Өмір дегеннің мәні де, сәні де ұрпақ екендігін» қайта мойындатқандай. Соның былдырын алданыш қып ұйықтап, алданыш қып оянатын.


– Жарығым, жирен биенің құлыны сенікі, – деген сайын қорасындағы малының басы көбейетіні үшін емес, сол кішкентай ұлды қуандыру үшін де жиреннің аман-есен құлындауын ғұмыры мал соңында өтіп келе жатса да дәл осылай тілемеген болар. «Домаланған құлыншағым-ау, кешке қалай қуанар екен!» деп ойлаған ол. Кертөбелден айырылған соң мүлде жаяу қалмаудың ғана қамын ойлап, осы жирен биені қолына түсіргеніне бүгін қуанулы. «Мал баласы төлден өсер», төлдемейтін малдың алды тұйық. Бүгін міне дөңгелек тұяқты бір малы екеу болып отыр.


Алсындау


Қоспақ мүйіз ақ теке пысқырып еді, құлынды биенің жанында сақшылық қызметін қалтқысыз атқарып жатқан Ақбармақ елеңдеп орнынан тұрды. Ақ текенің тегін пысқырмайтынын ол да біліп алған, «қандай жау келсе де мен бармын» дегені өзінше.


Сөйткенше ауыл жақтағы белегірдің үстіне жүгіре шыққан ит көрінді. Асан қара ауыздың сары қаншығы. Ақбармақ «Сен қайдан жүрсің?» дегендей қойқаңдап, қаншыққа қарсы жүрді. Бірақ бара салып, бүріп тастайтындай Ақбармақтың жаулық мінезі байқалмайды. Ауылдас сыралғысы әрі ит-өмірдің бір жылда бір-ақ рет соғар тым келте махаббат маусымы тұсында өз құзырында ғана болып жүрген сары қаншыққа өзімсіне беттеп бара жатқан. «Бұл өзім ғой» дегендей сары да айбарлы төбет жақындай бере-ақ қос құлағын жымитып, жәркелештене еркеледі. Қаншықтың тал бойында өзіне ғана тән өзгеріс жоқ па екен дегендей төбет иіс тартып, біраз айналды. Сол кезде қаратөбел атын сипай қамшылаған Асан көрінген.


– Ассалаумағалейкум, Осеке! Қалай, мал-жаныңыз, үй-ішіңіз аман ба? Жеңгеміздің дені-қарны сау ма? – Тал бойында жалқаулығы мен қырсыздығынан басқа міні жоқ деген Асан қара ауыз қазір көршілеріне ол қасиеттерін ұмыттырып, «заманына қарай адамы» бола білгендердің бірі атанған. Бекер обалы қане, баяғыдағы баласы Садық ұрлаған құнажыннан кейін Оспанқұл да Асанның зиянын көрген емес.


– Уа-ға-лей-кум-ас-са-лам, Асеке! Өзіңнің де үй-іш, бала-шағаң тегіс аман ба? Иә, жол болсын!


– Әлей болсын! Е, жануар жиреніңіз құлындаған екен ғой, желіні сүтті, желісі құтты болсын! Шіркін, мал бақсаң неге өспесін?! Егер қорам толы малым болса, біз де екі-үш жылдан бері тау-тас кезіп, тиын термес едік қой, – деп, Асан да ат үстінен шіренбейін дегендей жанына келіп, қолын алды.


– Әй, Асекем-ай, айтқан ел айта берер де. Таудың жемісін емес, өзіңнің еңбегіңнің жемісін теріп жүріп жеттің емес пе?! Құдайға шүкір, қазір кімнен кемсің?! «lшкенің – алдыңда, ішпегенің –артыңда» деуге болады. Жұрт қалай десе, олай десін, мына уақыттың бағытын дер кезінде түсініп, «түлкі болған заманыңды тазы болып шалған» өзіңсің, – деп, Осекең де ағынан жарылған. Көршісіне деген алғаусыз риза көңілмен, ағынан жарылған.


Қазіргі кезде оның «қара ауыз» дейтін қосымша аты да ұмытылып, «Асекең» атанған. Бұрынғы апталап, айлап ұстара көрмес күйектей сақалы тәртіпке түсіп, дөңгелек қана тәрбиелі сақал мен шалғы мұртқа айналған. Күнделікті киер киімі де оңалып, былайша айтқанда, Асанды мүлде басқа адамдай өзгертіп жіберген.


– Мынау Ақтеріскейге барып келейін деп жолға шыққаным. Сонда біреу шөп шабатын ат машина мен ат тарақ сатады екен деп естіген соң...


– Жөн-жөн. Ал, жолың болсын! «Еліңде бар, ерінге тиер» деген, алып қайтсаң, бізге де зияны тимес.


– Оған сөз бар ма, Осеке, – деп, ол өзенге дейін созылып жатқан қыратты бөктерлеп, бұлаң құйрыққа салып, аяңдап бара жатты.


* * *


«Ой, Алла-ай, заман адамды қалай танымастай ғып өзгертіп жібереді, ә?!» деп ойлады Осекең әлі де жігіт ағасының жасынан кете алмай, кәрілікке жете алмай жүрген көршісінің ту сыртынан сүйсіне қарап отырып.


Садық пен Сәрсенқұлға аудандық сот кесімді мерзімдерін арқалатып қоя берген соң, бірер жыл малшысы-жалшысы ғып ұстағаннан кейін Молданбай да Асаннан сырт айналған. «Қасқырға қой бақтырғандай әкелі-балалы ұры­лар­ға малымды сеніп тапсыра алмаймын» деп «тізгінін» басына түріп, қоя бергенде де жалынып-жалпаймаған. Қайта еңбегіне деп Молдекең берген лақты ешкісінің лағын сойып, көрші-қолаңын шайға шақырған.


– Ағайын, құдайы көрші отырып, ала жіп аттадым. «Дәніккеннен құныққан жаманның» кесіріне ұшырап, екі ұлдың бірін темір торға тығып тындым. «Кете балық тұмсығын тасқа соқпай тоқтамастың» кебі келді. «Мылқауды өз жүрегі қинайды» дегендей, бұл тіршілігімде жалқау да, жаман да атандым, ұры да атандым, қары да атандым. «Білекке сенер жастық өтті, білікке сенер кәрілік жеткенде» мені де жүрегімнің қинаған жайы бар, ағайын! Тоқтадым! Құран ұста десең құран ұстадым, мінеки! Мен бірдеңе ұқсам, бұл заман жалқау мен жалдапты аямас заман екен. Бүгін қайта туғандай әр тірлікке тастүйін тәуекел еткен жайым бар. Тек, ес жинап, қатарыңа қосылғанша көзге түрткі етпесең екен, – деп шешіле сөйлеген.


Тау қойнауындағы аз үйдің үлкен-кішісі семіз лақтың сырбазына тойған соң, Асекеңнің сөзіне қалтқысыз сенді. Осекең сияқты жөн білер екі-үш егде: «Жасаққа жарамайтын жаманың, қосаққа жарамайтын жасығың» дегізген де өзің едің. «Дүниенің арты – жалаңаш» екенін түсініп, дүйім жұртыңның алдында ағыңнан жарылып отыр екенсің. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дескен. Азаматтың жасаған мынау кесек қарекетіне риза болысқан.


Айтып-айтпай, бұрындары түске дейін ұйқылары қанбай, оянып алған соң не ішкенге, не жегенге жарымай жүретін, тек бір-екі жыл ұлдарымен барымташылыққа шыққалы бері ғана бүйірлері шыға бастаған Асан құран ұстап, уәде бергелі бері бұл маңдағы ел естіп көрмеген кәсіпке көшкен. Әйелі, кіші ұлы мен жалғыз қызы таудың қолат-қойнауына ат тұяғын боярдай болып өскен бүлдіргенді сұғына теруге шыққан. Көрші-көлем: «Е, байғұстар жалғыз аты мен жалғыз ешкісін сойып жемесе, аштан өлсін бе?» дескен. Алғашқы терім күні-ақ Асан үлкен екі себет бүлдіргенді теңдеп алып, аудан орталығына тартсын. Кешкілік екі себетіне азық-түлігін толтырып оралсын. Бала-шағасының күндіз тергенін ертең ерте қаратөбеліне теңдеп алып, Асекең жолға шығады.


Әрине, атақты жалқауларының бұл қарекетін біреу түсінді, біреу түсінбеді. Біреулері: «Е, аштан өліп, көштен қалмас үшін өстіп бір қарекет қылмаса бола ма? «Есектің артын жусаң да мал тап» деген. Жөн ғой бұлары» десе, біреулері: «Ата-бабамыз істеп көрмеген кәсіпті қуып, сай-салада мал сияқты жайылған қай жақсы дейсің? «Тегі жарымағанға тегін берсең де, бүйірі шықпас» десті. Оны елең қылған Асекең жоқ, жұмысына асыққандай күн шыға екі себет бүлдіргенін алдына теңдеп алып, күре жолға түседі. Жұмыстарына асыққандай әйелі, ұлы, қызы шелектерін көтеріп, тауды бетке алып бара жатады.


Бүлдірген аға бастағанда ауылдан бір көш қашықтағы Қиынөткел өзенінің жағасына киіз үймен көшіп барып, жабайы таңқурай теруге кіріскен. Мал біткендегі жалғыз қаратөбел аты – көлігі болса, сары қаншығы да өздерімен бірге кеткен. Айтпақшы, Молданбайдан алған жалғыз ешкісін күзге дейін деп, Осекеңнің малына қосып кеткен. Өзен жаққа келген-барғандардан естігендері шын болса, Асекеңнің отбасы жайлаудың жаз соңында пісетін қойқарақаты аққанша ауылға қайтпайды.


Расында да күнделікті жүрістен қажып, арықтаған қара­төбел ат, күнге қақталып, аңызақ қаққан терімшілер де шаршап-шалдығып, жүдеп-жадап, ауылға оралған. Бірақ бәрі де тым көңілді еді. Төртеуі де бір-бір қабат киінісіп, ұн, қант-шай сияқтыларын түсірді. Қалаға аттанған Сәкен бір күні үш доңғалақты мотоцикл мініп келіп, жұртты бір таң қалдырса, қаладағы мал базарына аттанған Асан бұзаулы сиыр, бес-алты қой айдап келіп, екі таңдандырған.


Келер жылы көктемде ауылдың төменгі жағында жатқан жазықтан үш қора қойдың жұртындай жерді ауылда қалған ескі «Беларусь» тракторының иесіне ақысын төлеп, жырттырып, мал түспес үшін сыртын тал шарбақпен қоршап тастаған. Иен-тегін ағып жатқан бұлақ суы баратын арық тарттырды. Жерінің жартысына картоп, жартысына жоңышқа егіп тастаған.


– «Өзімдікі дегенде өгіз қара күші бар» деген осы екен-ау. Баяғыда ұйықтаймын деп колхоздың қойын қасқырға қырдырып алып жүретін мына қасқаға былтырдан бері не көрінді бұл? – деп Молданбай таңданған. – Ұйқысы қашқан бір дертке ұшырады-ау осы жазған. Тіпті қатын-баласымен тыным көрмейтін болыпты. Шамасы, бұлардың ұйқысын бұзған тиынның сылдыры болар-ақ!


Молданбай солай деген екен деп, оған пысқырған Асекең жоқ, картобын бір түптеп, суарып, жоңышқасын екі-үш дүркін суарып тастаған соң дәулетінің басын өткен жылы құрап берген бүлдірген теруге тағы шыққан. Былтырғыдай жалғыз атын көтерем қылмай, енді базарға Сәкені үш доңғалақты мотоциклмен қатынайтын болған. Мотоциклдің қорабын бүлдірген салған жәшіктермен толтыру үшін бәрі жабылып, екі күн терімшілік жасайтын. «Бүлдіргендерін қаншадан сатады, жәшігімен өткізе ме, әлде килолап бере ме?» – ол жағын көршілері біліп жатқан жоқ, білетіндері – Сәкеннің қала базарынан кідірмей оралатыны еді. Тағы бір білерлері қолдарының жүріп, саудаларының қызып тұрғаны еді. Тіпті, бір жолы Сәкен қаладағы туыстарының балалары деп, азамат болып қалған бір ұл, бір қызын мотоцикліне мінгізіп әкелген. Асанның айтысы: «Қалада жұмыс жоқ, көшені шаңдатып, босқа жүргенше өздерінің оқулықтары мен бір қабат киімдерін сатып алар ақшаларын тауып алсын». Шынында екі бала алар еңбек ақыларына риза болса керек, бүлдіргенді тауысып, таңқурайға кіріскенде де, оны тәмамдап, қойқарақатты теруге кіріскенде де тапжылған жоқ.


Оның есесіне, Асанның өзі бақшасы мен жоңыш­қалығын суарып күтумен, аз малын қараумен айналысып, бәйбішесі үй шаруасына, терімшілердің тағамдарын даярлауға шыққан.


Таудың құнарлы топырағына өскен кеседей-кеседей картобы да орасан мол шыққан. lшіп-жеуге, тұқымдыққа қалдырғаннан басқасын үлкен жүк машинасын ұлы мотоциклімен бастап кеп, қайқайта тиеп беріп, қоя берген.


Асекеңнің шалғы мұртын ширатып қойып, риза көңілмен жүрісіне қарағанда, шаш-етектен пайданың астында қалмаса да, еңбегінің еш кетпегенін көруге болар еді. «Мынау Шығыс елдерінде жартастың үстін тегістеп, оған топырақ тасып төгіп, бақша егеді дейді. Шіркін-ай, ата-бабаларымыз бастарын қалдырса да, сыртқы жауға бермей қорғап қалған иен-тегін мол жердің қадірін білмейміз ғой, білмейміз. Құйқалы, майы шыққан қара топырақты жеріміз, сылдырлап аққан өзен-бұлақтарымыз бола тұра ішер асқа, киер киімге жарымай отырғанымыз ұят-ақ» деп, Асан сол картобын сатқан соң пәлсәпа айтып жіберген.


– «Орыс өнгенін жейді, қытай көргенін жейді, қазақ құдайдың бергенін жейді» деп, байлықтың өлшемі ғып бір жұттық төрт түлікті ғана танып, басқа тірлік түрін қажет етпеген жұртпыз ғой, – деп Осекең де өз түйгенін шын пейілімен ортаға салған. – Менің қуанатыным, сенің кейінгі балаларға үлгі көрсеткенің, Асеке. «Ерінің бүйрегі майланбай, елінің бүйірі шықпайды». Ал бүйректі майлаудың жалғыз жолы ерінбеу, әрі істің ығытын келтіру болса керек.


Асекең көп кідірмей-ақ ұлы екеуі тағы да базаршылап барып, ертеңіне кешкілік қаратөбел атын сипай қамшылап, ауылға оралғанда он шақты үйдің барлық кәрі-жасы түгелге жуық есік алдына шыққан.


–Ойбай-ау, мына Асан қара ауызың базарға түскен бар малды айдап келеді білем ғой. Ой, Алла-ай «қара жердің көк шөбін теріп байыпты» дегенді кім естіген. – Кешкі малын жайғап болып, отыра берген Оспанқұл да Молданбайдың мына сөзінен кейін тысқа шыққан. Молдекең көршісінің үнінен сүйсіністен, ризалықтан гөрі қызғанышты байқауға болар еді. Осы Талдыбұлақ қыстағындағы ең дәулетті жалғыз өзіммін-ау деп жүрген Молданбайға «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей кешегі атақты жалқаудың жыл санап бел алғаны, өзіне жә деген бақталас болғаны қайдан ұнасын?! Ол Асан көршісінің тіршілігін жақтырмайтынын ашық сездіріп қалып жүретін. Бүгінгі сөзінде де сондай бір ашық айтылмаса да астары бадырайып көрініп тұрған қызғаныштың бары анық еді.


– Мал айдап қайтса, ала жаз бойғы тыным көрмеген тірлігінің жемісі де. Бұрынғысындай барымталап келмеген болар, – деп, Осекең де өзінің Асан қарекетінің жақтаушысы екенін ашық байқатқан.


Көршілері шынында ерлепті. Тағы бір бұзаулы сиыр, бір бие, төрт қозылы қой алып келіпті.


– Мынаның бәрін сатып алдың ба-ей, Асан?! Апыр-ай, қалталы көпес сен болдың-ау!


Асан Молданбайдың қызғаныштың қызыл итін қыңыр шаптырған сөзін әдейі елемегендей Осекеңе қарап, сәлем берген.


– Ассалаумағалейкум, Осеке!


– Уағалейкум ассалам! Иә, саудаңның сәтін берсін! Айдағаныңның берекесі отбасыңа бұйырсын! – деп көршілік ілтипәтін білдірген.


Асанның зайыбы мен қызының қуаныштары шексіз еді. Әсіресе, ес жиғалы былтырға дейін «Өзімдікі деп басын ұстайтын» мал бітпей, кедей тірліктерін бойжеткен сайын намыс көретін қызы жүгіріп барып, біресе бұзауды, біресе марқаланып қалған қозыларын құшақтайды.


Сол түнді тау қойнауына орналасқан шағын ауылдың ақсақалы болып қалған үш отағасы үш түрлі көңіл-күймен қарсы алып еді.


Осекең болса, сырт көзге бүкіл жетіскен жұрттардан тым шалғай, өз тіршіліктерін күйттегендей көрінер қыстауларына да «нарық» дейтін жаңаша заман қағидасының мысықтабандап болса да, өз ықпалын жүргізе бастағанын Асанның қам-қарекетіне қарап-ақ мойындағандай. «Е, Алла, ең бастысы ел іргесі тыныш болса екен, әркім өз тәләйін өз тіршілігімен табар еркіндігімді ұзағынан берсе екен! Басқасы өмірдің өз ағымымен болатын көрінеді ғой». Бұрын жүріп көрмеген тың сапардың «тар жол, тайғақ кешуі» де болар. Сүрінуіміз де болар, жығылмасақ екен. Адасуымыз да болар, алжаспасақ екен. Шайымызға шашалсақ та, біреуден көріп үйренген жұртпыз ғой. Жаратқан көш бастағандардың көңілдеріне даналық, жолдарына саралық бергей» деп ойлаған.


«Апыр-ау, баяғыдан марғау басқандай ұйқылы-ояу жүріспен өмірді өткізе жаздаппын-ау! Ол аздай, екі ұлымның біреулердің көз жасына қалып, ұрлап әкелген малының етін ұялмай-қызармай қиялап турап жеппін-ау. Осыдан Садығым аман-есен келсе, бір қойымды сойып, той жасармын. Ал оған дейін күні ертең-ақ ата-бабаның аруағынан кешірім сұрап, құран оқытсам. Ауыл үйді түгел шақырып, кімдердің қандай малын алғанымызды төрт қара көз түгел отырғанда мойындап, Алла өмір берсе, барлығын да айып-ажынымен қайтаратынымды айтармын. Әйтпесе адалдан тапқан малымның өзі ас болып, тамағымнан өтер ме...». Бұл – Асанның ойы еді.


Ал Молданбай болса өзін-өзі қамшылаумен болған: «Құдай біледі, деп айтайын, осы бір жаппай жекешелендіру деген тұста бар ғой, үкімет те ағат басты. Қалың қаратаяқ пен пысықайларға ие бола алмай, түйе жүгімен, бие түгімен жұтылып кетті. Әттең дүние, мен де қателестім. Отардың үштен бірін болса да алып қалуым керек еді. Қазікеші түскірге сенемін деп, айырылдым ғой ен байлықтан. Ал енді, не өсіп болмайтын аз малдың соңынан ере бергенше мен де басқа тіршілікті неге ойластырмаймын осы?! Күні ертең-ақ Асанның бақшалығының төменгі жағындағы бір жарым гектардай жерді тағы бір пысық иемденіп қоймай тұрғанда қада қағып, белгілеп алайын. Оған не егетінімді жазға дейін ойланармын. Күні кеше малшы болып, колхозға опа бермеген, жалшы болып бізге опа бермеген жаман қара ауыз да бүгін қатарға отырып, қатты-қатты күліп, қабырғалы сөз айтатын болыпты. Одан бері бала-шағасы аштан өлмесін деп көрші-қолаңның қаттысын қайырып, жұмсағын жымырып кетер қуың бүйте берсе, «мал біткенге жал біткен» деп, билік айтудан тайынбас. Бойда жан барда қимылдамаса, болмайды екен. Басқасын айтпағанда, қара ауыздан қалып қоймау үшін...».


* * *


Бейіште нұрың шалқығыр, әкесі Сақай марқұм: «Өзің біреуден қалып қойсаң, оған өзіңді ғана кінәла. Біреуді неге озды деп айыптаудың арғы жағында іштарлық тұрады. lші тардың ісі тар. Ал өзің біреуден озып кетсең, айдарыңнан жел естіріп, желпілдеме. Желпілдеуден соң желік келеді, желіктің арты – менмендік, мақтаныш. Мақтаншақтың марқадам тапқанын көрмеппін» деп отырар еді... Осы сөзді қағида ғып өскен Оспанқұл да қызғаныш дейтін бәледен санасын сақ ұстайтын. Бірақ бірдей айып-кінәмен айдалып кеткен өзінің Сәрсенқұлы мен Асанның Садығының елге екі түрлі тағдырмен, екі түрлі тәлеймен келуі Оспанқұлдың кеудесін қыжылдатқан еді. Қызғаныш деуге келмегенімен, соған ұқсас, өкініші басымдау бір күй болатын. Оның үстіне бәйбішесі Жұпар да:


– Қайтқан бақтың белгісі шығар, әйтпесе анау Садықты қарашы, ішіп те, басқа бір жолға түсіп те кетпеген сияқты. Әскерден келген немедей әркіммен бір қауыша есендесіп, жарқ-жұрқ етеді. Біздің сорлы ғой, ине жұтқан иттей болып оралып, жер-көкке сыймай жүрген, – деп, мұның да жанды жерін тырнаған. Бәйбішесіне ұрсып тастайын десе, айтып отырғаны түгелдей ып-ырас, қостайын десе біреудің басындағы кішкентай сәттілікті күндеу сияқты ұсақтыққа бармайын деген оймен үнсіз қалған.


Садық бостандыққа шығысымен бірден елге оралып, Асан мал сойып, той жасаған. Баласы артық етінен арылып, жүдегені болмаса, көңіл-күйі жақсы. Ақыл тоқтатып, арғы-бергі жағын пайымдап қалған сияқты. «Аяғымды отқа бір тығып алған соң, күйетінімді білдім ғой» деп естияр сөз айтып отыр. Өкініп отырған Асан да көрінбейді, «Ер азамат қызыл қолымен жасағанын қызыл мойнымен көтерді, енді ес жинаса да, кештік етпейді» дейді.


Той үстінде Асекең екі ұлын қасына отырғызып қойып, жұрттың бәріне, әсіресе Молданбайға қатты ұнаған бір сөз бастады.


– Шырағым, Садық! Сен жоқта мына Сәкен екеуіміз өлсек те, адал ас жеп өлейік деп, қолымызға құран ұстап, өзіміз сияқты жоқ-жітікті жылатып табар арам астан, ұрлық-қарлықтан қол үзгеміз. Құдайға шүкір, қораңа қараң-құраң мал жинап қойдық. Ата-бабаң істемеген кәсіп қылып, бөктер-беткейден риздығымызды тердік. Адалынан тапқан ас – жұғымды. Ұялмай қатарға тұрар күнге жеттік, – деп, ол Садықтың бетіне тіктеп қараған. – Менен туған ұл екенің рас болса, қалған тірлігіңнің адалынан боларына сен де мына төрт қара көздің алдында азаматтық сертіңді бер. Құран ұста қолыңа!


Асан былғарымен тысталған шағын құран кітабын Садыққа ұсынған. Қонақтар үнсіз. Біреулері: «Апыр-ай, мына Асекеңнің дінінің қаттысы-ай!» деп ойласа, Осекең сияқты үлкендер: «Әп, бәрекелді! Әр әке тура осы ерлікті жасаса, қане!» деп сүйсінген.


Бір қызарып, бір бозарып отырған Садық алдымен әкесіне, сонан соң Оспанқұлдың бетіне қараған. Жүзінде «Мұндай да бола ма екен?» дейтін сауал тұр еді. Оспанқұл «Бұл істе ағаттық жоқ!» дегендей Садыққа ақырын ғана басын изеп, ишара жасады. Садық құран кітабын қолына алып, оған маңдайын, сонан соң ернін тигізген.


– Бәрекелді, шырағым! Адал жолыңа Алла жар болсын! – деді Оспанқұл. Асан сөзін әрі қарай сабақтаған:


– Үкіметіңнің «жолға салуын» өтеп қайттың, енді бүгін Құран ұстап серт беріп отырсың. Ал бұл – аталар салған сара жол. Осынау серттен тайсаң өзіңе сын... Мен жуырда ата-баба аруағына құран оқытып, сонда осында отырған мына жамағатқа кезінде кәззаптық жолмен сен екеуің әкеліп, мен жеген малдарды тұяғына тұяқ қып қайтарамын деп уәде бергенмін. Айтқаным–айтқан! Осыларды қайтарып болмай, ағайын алдында ағарып, ақталып болмай мені тыныш табады деп ойлама!


Ол төс қалтасынан төрт бүктелген бір бет қағаз шығарып, оқый бастады.


– Молданбайға бір ат, бір сиыр, екі тайынша, үш қой! Айыбына – бір жылқы!


– Оу, ағайын, басқа малымды қайтесің? – Молданбай шыр ете қалған.


– Қолға құран ұстап отырған кісі жалған айтпас болар, Молдеке! – деді Асан да түсін суытып. – Қасқырға жегізіп, ұрыға алдырған жоғыңды менен өндірмек пе едің?!


Сөзге Оспанқұл араласқан.


– Болды, Асеке, болды! Әрі қарай оқымасаң да болады. Біз осыған да ризамыз. Алдымен Молданбайдан құтыл! Сонан соң шама-шарқың жеткенінше ағайындарыңнан құтыларсың. Төрешісі – патша көңілің. Менің олжам – ағайынның арылуы. Бұл сөз осымен тәмам!


Осынау байламнан соң бұл әңгіме сонымен тұйықталған...


Айтқанындай-ақ, түрмеден келген ұл сорпа-суын ішіп бір-екі күн жатқан соң, үйдің таусылмайтын тіршілігіне құлшына кіріскен. lнісі Сәкен екеуі бірер ай малдың қора-жабдығын бүтіндеді. Одан әкесі мен інісінің өзі жоқта жасаған аз бақшалығын кеңейтіп, сыртын қайта қоршады. Ара-тұра жандарына барып, жұмыстарын көріп жүрген Осекеңе ағайынды екеуі құлаққа қонар сөз айтар еді.


«Совхоздың қора-қора қойы, қос-қос жылқысы, табын-табын сиырының тоз-тозы шығып, «Ұстағанның – қолында, тістегеннің –аузында» кетіп, қыстау-жайлау иен қалған тұста бәріміз де сең соққан балықтай есеңгіреп қалыппыз. Мойын-тұрықтан босаған өгіз сияқты «Жан тыныштық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса» дегендей, жұмыссыз, еркін өмірге мәз болыппыз. «Әй, жұмысқа шық, малыңды өргіз!» дейтін бастық-бригадир жоқ, екі қолымыз алдыға сыймай, олай жүрдік, былай сенделдік. Бірақ жатқан адамның аузына ешкім су тамызбайтын болғандықтан, түн жамылып, жорыққа шықтық. Кешегі дос-жарлар, бөлінбес бүтіндей болып жүрген ағайын-туыстың арасына жік түсті, тіпті іргежау болысып, есік ашпайтындар көбейді. Жауықпай қайтейік,арамыздан адалдық кеткен соң, біріміздің қорамызға біріміз түсіп, ақ-адал малын арзанға сатып, немесе ішіп-жеп күнкөрістің көзіне айналдырған соң. Біреудің көз жасына келген дүниеден бүйірің шықпайды екен. Соның сазайын тартып келдік қой, міне...».


«Тартып жүргендер қаншама ма?! – деп ойлайтын Осекең ондайда. Алдымен түрмесінен босанса да, құлдырап кеткен, тіпті кісілік келбет, рухани жинағандарынан жұрдай болып, өзінің жанының түрмесінде қалған Сәрсенқұлы ойына оралар еді. – Е, малын бағып, оған қоса жанын бағып жатқан қалың малшы сол тірліктерін алданыш етуші еді-ау, рахайлы тіршіліктеріне риза еді-ау. Бұларды аздырып-тоздырған қамсыздық, қарекетсіздік, жұмыссыздық, «олай жүр, былай істе» дейтін жол нұсқаудың кемшілігінен болды-ау... Екеуің ғой, естеріңді ерте жинап алдыңдар... Сүріндіңдер, бірақ жығылмадыңдар, майыстыңдар, бірақ сынбадыңдар. Бәрімізден де әкелерің бекем шықты. Сүрінгенде сүйеген, майысқанда сындырмаған, қатал үкім айтса да, кісілік жолды көрсеткен сол. Сондай әкелер неге аз?! Шіркін, жығыл­мағандар мен сынбағандар, кәсіп іздеп, нәсіп іздеп, шілдің боғындай пышырап кеткендер, атамекендерін тастап, жұртын ғана қалдырып кеткен жастарым мекендеріне қайта оралар ма?! Есік-терезесі үңірейіп, ағашы – отын, керегесі – көлеңке болып қана қалған барша ауыл-қыстау үйлеріне иелері қайта келер ме, жабайы аңнан басқа жан иесі баспай қалған жайлауыма қайыра қалың мал толып, майдан жүре алмай жатар ма?!».


Сөйтіп, кешегі кезеңнің айтулы деген азаматы атанған, бүгінгі күннен гөрі ертеңіне ғана үміт артатын Осекеңді осындай-осындай торығыңқы ой, көңілсіз күй иектей беретін.


Бірде Осекең мал қораларын жөндеп жүрген Асанның екі ұлының жанына келген. Баяғы совхоздың мың қойы сиятын үлкен қой қорасын осы қыстаудың үш егдесі – Оспанқұл, Молданбай және Асан бұрынғы совхоз орталығын билеп тұрған ауылдық әкімге кіріп, жекешелендіріп алған болатын. Арғы-бергі жағы ат шаптырым тастан қаланған қораның үш жерінен есік шығарып, әзірге ішін тал-шарбақпен бөлісіп қойған-ды. Жылқы, сиыр сияқты ірі қараларын діңгекке байлап, ұсақ маладарын бос қоя беріп дегендей, әр қайсысы өз еншілеріне өз малдарын қамайтын. Енді Асанның ұлдары алғашқы болып, өз қораларын «сиыр қора», «жылқы қора», «қой қора» деп әйгілеп, ішінен үш бөлікке бөліп, тастан қосымша қабырғалар жаснауға кіріскен болатын. «Мен де осылай жасап алсам» дейтін құр қиялы болмаса, мұндай құрылыс жұмысын жүргізуге шамасы жоқ Оспанқұлдікі құр қызығушылық, құр қиял ғана. Сонда да жігіттердің қолдарлық тіршілігіне сөз қолдау көрсету үшін ғана бас сұғатын.


– Бәрекелді, балалар, іс оң болсын!Енді қойымды сиыр сүзіп, жылқы теуіп тастар-ау деп Асекең уайымдамайтын болды, – деген ол кісі бойындай ғып қаланған қабырғаларды көрген соң. Садық кішілік жоралғысын жасап, сәлемін беріп жанына келген. Өзінің қашандағы күтпеген тұстан әңгіме бастайтын әдетімен бір бүйірден сауал қойған.


– Мен осы ылғи ойлаймын да, аға, осы біздің тұстастардың дені неге ұрлықпен айналысып кетті? Қатын-баласының киер киімін, ішер асын таппай жүргенде неге бәрі араққа үйір болып алды? Жоқ, әлде бұл аққан сумен, соққан желмен келген дерт пе? Соның бәрі жұмыссыз, бос сенделіп қалғанның кесірі ме деймін де. Жұмыссыз қалмас үшін малдан айырылмау қажет еді. Содан ойлаймын да, аға! Неге біз «бүгінгі совхозыңның малы баяғы колхоздардың «мойын серік» болып ұйымдасқан кездегі әкелеріміздің, аталарымыздың қосқан малынан өсіріп, көбейткен түлік, оны ешкімге бере алмаймыз» деп отырып алмадық? Сонда ғой, бәріміз де бұлайша сандалып қалмаған болар едік.


Бақшалығын үлкейтіп жүрсе де, қорасын бөліп жүрсе де тіршілік түйткілдері туралы өзінше ойланып, толғанып, сауалына жауабын іздеумен жүретін жігіттің мына тосын сұрақтарынан соң, Осекең де тосылып қалған. «Жастардың дені неге ұрлық-қарлықпен айналысып кетті?». «Бәрі неге араққа сонша үйір?» Бұған бір сөзбен жауап беру оңай емес еді. Бәріне де басты кесірдің жұмыссыздықта жатқанын Садықтың өзі де дөп басып біліп тұр. Алайда үкімет жоқ кезде ортақ байлықтан қарапайым көпшіліктің оңай айырылып қалған себептерін түсіне алмаған сыңайлы. Сондықтан Осекең де әзілге сүйеп, қысқаша жауап беруге тырысты.


– Е, мал болмаған соң, жұмыс қайдан болсын? Жұмыс болмаған соң жастар уақытты бірдемемен алдамаса, сөйтіп арақ ішпесе бола ма?


Бұл жауапқа Садықтың қанағаттанбай қалғаны даусыз еді. Ол «бар болғаны сол ғана ма?» дегендей мұның бетіне қараған.


– Е, шырақтарым-ай, мен көп білетін білгір болсам, қолымдағы он шақты малдың қас-қабағына қарап, осында жүрер ме едім?!. Біз ежелден жоғарыдағылардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп үйреніп қалған жұртпыз ғой. Менің кішкентай басымның пайымдауынша, жаңаша тіршіліктің жолы қашан да бұрылысты, бұлтақты болмақ. Сол бұрылысты, бұлтақты соқпақпен жүріп, өз даңғылымызды тапқанша осы бір қарбалас шақты пайдаланған қараниеттер көбейді ме деймін. Әділдік адасқан жерде әлімжеттілік көбеймек. Әлімжеттілік көбейген тұста сенімге орын қалмақ емес. Ұрлық-қарлық та әлімжеттіктің бір түрі.


Ал жастардың жабыла ішімдікке үйірлігі де өз күнәләрін тезірек ұмытудың жолы болса керек. Бұл, былайша айтқанда, ақымақтың алданышы. Кеңес кезінде жаппай құдайсыздыққа ұшырадық. Ал құдайсыздық дегенің кісілікті ұмыттырар төте жол болатын. Демек, мұның бәрі де дінімізбен, оған қоса кісілікпен табысқанға дейінгі кезең. Өздерің жиі айтатын, тұрмыстағы «өтпелі кезең» дегендерің өтер, ал жан-дүниеңдегі «өтпелі кезеңнен» құтылу қиын болар бәрінен де.


– Иә, дұрыс айтасыз, аға. Бала кезімізде ала жіп аттамайтын сияқты едік... Әкеміз елдің кедейі болса да, оған жібермейтін еді. Ал кейіндері... – Садық мүдірді. «Ұрлығымызды өзі қолдап кетті» дегенді айта алмай тұрғанын Осекең түсінген. Жігіттің қиналып тұрған тұсынан өзі қиялап шығарысуға ұмтылған.


– Әділетсіздік атаулыға әркім өзінше әрекетпен жауап береді. Базардан қайтқан осындағы екі-үш шалдың әр қилы қарекеті соның мысалы да... – Осекеңнің есіне әлде не түскендей жымиып күлген. Сонан соң ол әңгімені мүлде басқа арнаға бұрған.


– Баяғыда. Баламын. Құдай-ау, ұмытпасам он екі, он үштегі кезім болса керек. Әкем марқұм көршімізді жайлауға көшірісіп апарып, келесі кезекте өзіміз көшу үшін жүк артатын екі түйені айдап қайтуды маған тапсырды. Әкейдің мұндай жауапты іске жұмсауы маған сенгендігі еді. Сенгені – азамат болғанымның белгісі болатын.


Бөркімді қара қазандай ғып, көршінің көшіне басие сияқты болып аттандым. Аман-есен жайлауға жетіп, ертеңіне қос түйемді алдыға салып, қайтамын ғой баяғы. Жолдан шығып, түйелерімді жүре оттатып келемін. Малдың жайын білетін кісі сияқтанған түрім ғой. Бір кезде шұбатылып жатқан қыл арқанға көзім түссін. Атымнан секіріп түсіп, олжамды шумақтай бастадым. Сөйтсем арқанның бір ұшын шидің сақалына қазықбау шалып байлап тастапты. «Неге өйткен?» деп ойланып жатар уақыт қайда? Шешіп алдым.


– Әке, тұп-тура он екі-он үш құлаштай болатын қыл арқан тауып алдым, – дедім аттан түспей жатып. Қанжығадан шешіп алып алдына тастадым. – Мінеки, қараңызшы, жап-жаңа.


– Бәйбіше, – деп айғайлады әкей, – той жаса, мына ұлың азамат болды. Жайлауға ел көшіріп, апарып келді. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген, алып келген олжасы да бар екен.


Шешей тысқа шығып, мен тауып әкелген қыл арқанды көргенде қуанышында шек болған жоқ.


– Ой, құлдығым, сол! Ертең көшке біреудің арқанын сұрайын деп отыр едім.Табысыңнан айналдым сол! – деп, ол да арқанды көріп мәз болып жүр. – Кім болса да ешкінің қылын қосып, мінсіз-ақ ескен екен. Байғұстар, не ғып түсіріп алды екен?


– Жоқ, түсіп қалмапты, – дедім өзім де қарап тұрмай. – Мәтібұлақ жазығында біреу бір шетін шидің сақалына байлап тастапты.


– Не дейді? – деп, әкем шошып кетті. – Бір қойшының өрісте атын арқандап жүрген дүниесі болды ғой. Өй, иттің ғана күшігі сол! «Тауып алдым!» дейді-ау тағы да. Біреудің дүниесін ұрлап келіп алып, табысқор бола қалғанын қарай гөр мұның?! Бар! Алған жеріңе апарып қайт!


– Әкесі-ау, бала неме байқамай қалған ғой. Ертең жолда иесі болса, жөнін айтып, болмаса орнына тастап кетерміз. Оның үстіне күн де батып қалды. Бұл жеткенше қараңғы түсер. Алған жерін таба алмай, далаға тастап жүрер, – деп шешем арашаға шығып еді, әкей өз дегенінен қайтпады.


– Құдай біледі, бұл арқан Мәтібұлақтың басында қошқар бағып отырған Қожақан шалдікі. Алдымен сол үйге барып, жөнін айтсын. Егер солардікі болса, өздеріне беріп келсін!


«Бұйрық қатты, жан тәтті» дегендей ел жата Қожақан шалдың үйіне келейін.


– Е, балам, жайшылық па? Не ғып, түнделетіп жүрсің?


– Солай да солай. Жолдан арқан тауып алып едім, әкем «сіздікі болар, апарып бер!» деген соң келіп едім.


Атамыз кеңк-кеңк күліп:


– Әй, балам-ай, ертең де құдайдың күні бар еді ғой, сені түн ішінде қуғанын қарашы, – деп реніш білдірді. Бірақ ағайынның адалдығына деген ризалығы бар еді үнінде...


Солай балалар, бабаларымыздың, аталарымыздың, әкелеріміздің қағазға түспеген заңдары солай болатын. Киіз үйдің есігіне құлып салу дейтін үрдіс болмаған, қорадан бірлі-жарым тоқты-торым алу деген болмаған. Алса өрістен үйірлеп айдаған. Қазақ оны «ұрлық» демеген, «барымта» деп атаған. Барымта егескен екі елдің бір-бірінен айласын асыруы, жігіттік өнердің бірі, ерлік деп білген...


– Тым ұсақтап, дүниенің бәріне де немкетті бейжай қарайтын болып кеттік-ау деп қорқамын. – Бағанадан кесек тастарды үнсіз тасып жүрген Сәкен әңгімеге араласты. – Біріміз қалмай орта мектепті бітірсек те, осындай қазақы тәрбиеден жұрдай болған сияқтымыз...


Жақында орталыққа барсам, ауылдың айбары, киесі сияқты болып тұратын Асқардың Жетітоғайын түп-түгел біреулер кесіп әкетіпті.


– Астафир-Алла! – деп Осекең шошынған. – Мынау – сұмдық қой! Сендерді қойғанда, біздің бала кезімізде тамам қызыл сирақтар көлеңкелеріне барып, ойын соғатын еді-ау. Әкелеріміз де, тіпті аталарымыздың балалықтарын өткізген қасиетті тоғай еді-ау ол. Бір бұтағын сындыруға қолымыз бармас еді. Ауылдың қасиетті тұмары сияқты Жеті ағашына балта сілтеу дегенің кісіліктің қалыбына сыйдыра алмайтын кеп екен, балалар. «Мал құлағы – саңырау!», «Естігенше саңырау, көргенше соқыр болайын!» дейтін-ақ әңгіме екен.


Сонда, киелісін кестіріп қойып, бүкіл ауылың, ауылдағы әкімің қайда қарап отырған?


Осекең буынынан әл кеткендей үйілген тастардың үстіне тізе бүкті. Қатты толқып, Жеті тоғай емес, жеті азаматтың сұмдық хабарын естігендей күй кешкен.


– Е, ауылыңыз да, әкіміңіз де бар ма қазір араша түсіп, «Әй, мұның не дейтін?!». Немкеттілік, бейжайлық дегенім осы ғой, – деді Сәкен де қызулана сөйлеп. – Электр желілерінің сымдарын ұрлатып қойып, қараңғылыққа қамалып отырған жұрттан не сұрайсыз? Тәртіпке шақырушыңыз тонаушыдан теңге алса болғаны, ұстап берсең де, ұтырын тауып, қоя береді...


– Шырақтарым, «Зорсынғанға Алла бар, сом темірге балға бар» деуші еді бұрынғылар. Олар да зауалын табар. Елің есін жинаса екен тезірек! Асқандар асып бағар, тасқандар тасып бағар, бәрібір уақыт бәрін де орын-орнына қояр. Ұсақ та болса, адал тірлік жасап жүрген әкелерің, үшеулеріңнің озатындарың кәміл...


Жайлаудың жасыл шалғынын мал бір жапырып өткен соң шөп алсындап қайта шығатын. Әнеки, түлік атаулыға май боп жұғар сол алсын көк болатын. Жаңа заманның алсындары сендер-ақ шығарсыңдар.


Жұмыстарын мүлде тоқтатып, бір-біріне адалдық атты таза пейілмен ғұмыр кешкен әкелерінің, бәлкім аталарының замандарын аңсағандай ауыздарын ашып тұрған екі жігітке:


– Қой, шырақтарым, әңгіме-дүкен жақсы, шаруа тындырған одан да жақсы, – деп, Осекең қорадан шыққан.


* * *


Әлі бауырын еркін жазып, кең өрісіне өрлеп үлгермеген ерте көктемнің күні ертеңгі жарық сәулесінен мол уәде беріп, Көкшоқының ұшар басына қонақтап үлгеріпті.


Осекең кирелеңдеп орнынан тұрды. lрісі бар, ұсағы бар баққан малы да қораларына қайтар уақыттарын сезгендей ауылды бетке алыпты.


Жирен бие де қасиетті бұлақтан ұзамай жайылып жүр екен. Көкті екі-үш рет жұлып, жанында күлте құйрығын шолтаңдатып жүрген жирентөбел құлынына қарап, аналық қамқорлықпен оқыранады. Ұрпақты болып, онысының жанында қалқайып жүргені үшін ғана өзінен бақытты жан иесі жоқтай.


Осекең келіп, биесін ерттеді. Жануар жүгенге басын өзі икемдеп, кең пейілділік танытып тұр. Айыл, тартпасын бос тартып, жетегіне алды. Белі қатсын дегені.


Жаңа ғана биесінің көлеңкесіндей болып жүрген Ақбармағы көзіне түспеген соң жан-жағына алақтап қарап еді, ит тағы да арасанның суына бауырын төсеп, жата қалыпты. Буы бұрқыраған жылы бұлақтан жоны мен қара тұмсығы ғана көрінеді.


«Ой, Алла-ай, хайуан екеш хайуан да кез келген дерттен өзін-өзі емдей біледі, ә!» деп ойлады ол тағы да. Өзінің де, зайыбы Жұпардың да белдің құяңы, сегізкөздің сырқырамасы сияқты пәле-қалалардан емделгендері бар еді. Бұлар ғана емес, осы төңіректегі барша шал-шауқан, кемпір-кешектің көбі күн қыза келіп, үйлерін тігіп тастап жататын. Әйтеуір, тән жарасының көбіне-ақ бұл бұлақ суының шипа екені рас. «Шіркін-ай, – деп ойлады ол, – шіркін-ай, арасанның киелі суы жан жарасын да емдеп, адамдардың жоғалтып алған жақсы қасиеттерін де қайтаратын болса ғой! Онда ғой, адам атаулыны түгелдей осы киелі суға әкеліп, бір-бір аунатып алса, артық болмас еді...»


– Ата, Ата! – деген дауысқа жалт қараса, Қанаты екен. Ұша жөнелердей, қос қолын – қос қанатын жайып, ұшып келеді екен. Жанынан екі елі қалмайтын ақ күшігі Ақжолтай да домалаңдап, бірге жүгіріп келеді. Осыдан бірер ай бұрын ғана Асанның сары қаншығы күшіктеп, соның бірін Қанатына арнап асыраған. Үш күшіктің екеуі әкелері Ақбармаққа тартып, қап-қара болып туса, біреуі қардай аппақ екен. Ақжолтай болсыншы деп соны таңдаған.


– Бием құлындапты ғой! Менің құлыным!


– Сенің құлының, жарығым, сенің құлының!


Бала келген бетте құлынның мойнынан құшақтамақ болып еді, әлі бір шал, бір ит және қой мен сиырлардан басқа ештеңені көрмеген құлын үркіп, сыңғыр-сыңғыр, шүлдір-шүлдір сәби үнмен алғаш рет кісінеді.


– Ата, менің құлынымды ертең-ақ қант беріп, қолға үйретіп аламын, иә.


– Иә, құлдығым. Сонан соң өзің мініп жүресің.


Ақжолтай суда жатқан Ақбармаққа еркелемек еді, бірақ қазан-шұңқырға түсуге бата алмай кішкентай құйрығын бұлғаңдатып, шәу-шәу үреді. Ол да мынау жарық дүниенің қызығына өзінше мәз.


– Айтпақшы, Ата, жаңа Сәрсенқұл ағам келген. Апам құшақтап алып, ұзақ жылады. Мен өзіңе айтайын деп, Ақжолтайымды ертіп алдым да, жүгіре жөнелдім.


– Не дейсің, жарығым-ау? «Сәрсенқұл келді» дейсің бе?


Ол биенің тізгінін немересіне ұстата салып:


– Малыңды өзің айдап келерсің, – деп жебей басып, үйіне қарай жөнелді. Жаңағы белінің ауырғаны да ұмыт болғандай. Тек, көз алды ғана тұмандана берді. «Шынымен кәрілік иттің иектей бастағаны ма?!».


Ол үйіне келе жатып, Аллаға мың мәрте алғыс айтумен болды.


«О, Алла, қарайғанға қас қылған, қатарыма қысастық жасаған кезім жоқ еді. Бере гөр тілеуімді!».


«Күні ертең-ақ Сәрсенқұлымды алып келіп, қасиетіңнен айналайын Арасанның суына шомыл­дырайыншы!».


Неге екенін өзі де білмейді, Арасанның суының адамның тәніне ғана емес, жанына да шипа боларына бір түрлі сеніп келе жатқан...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар