Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Әкеге тартқан ұл

27.01.2016 256

Кәдірбек Сегізбай: Әкеге тартқан ұл



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Кісінің жолы болмайын десе аузыңа келіп түсіп тұрған асыңды көлденең біреудің келіп жұлып әкетуі оңай екен ғой. «Аузыңа келіп түсіп тұрған» демегенде не десін, Мәнештің бүкіл саналы ғұмырында армандай болып жеткізбеген бірлестік бастығының жұмсақ та жайлы креслосына қол созым қалған сәтте үш ұйықтаса ойына кірмеген Жарықбай көлденеңнен қосыла кетіп, қағып түсті.


Республикалық дәрежедегі дербес зейнетақысы бұйырмағыр, Сапекеңнің опасыздығынан болды бәрі де. «Інім, біз жасарымызды жасап, асарымызды асадық дегендей, күні ертең бау-шуымызды жинап, зейнет демалысына шығар болсам, орныма өзіңді отырғызып кетемін ғой» деп есекдәме қылғанының өзіне бес-алты жыл болыпты. Мәнеш одан бері талай тәтті қиялдарға беріліп, тіпті түсінде талай мәрте сол жатқа бұйырған жұмсақ креслода отырып жүрді. Алымды да шалымды Орқашбаймен қалай сөйлесу, қой аузынан шөп алмас Бегімбетпен қалай тілдесу керектігіне дейін іштей жұптап қойғанын қайтерсің. Әттең, опасыз қу дүние, әйтпесе қабылханадағы төрт-бес телефон мен қара машинкадан салалы саусақтары бір босамас қаракөз келіншекті қара түймені басып қойып, шақырып алып: «Маған Орқашбайды шақырып берші, сонан соң әлгі Володяға ескерт, ешқайда кетіп қалмасын. Үлкен үйге мәжіліске жүруім керек», деп қалай зыр қақтырарын да талай-талау ойша қиялдаған.


Ақыры қойшы, көптен күткен күн де туып, Сапекең шындап-ақ «бау-шуын жинап», кетуге жиналған. «Сапекең кететін болыпты. Сабаздың әлі де отырмақ ойы бар сияқты еді, шамасы тықыр жоғарыдан таянды, білем» сияқты күбір-сыбыр бірлестіктің ішін кеулей жөнелген сәтте Мәкең де «а, құдайлап», алақанына түкіріп, аяңдап Сапекеңе жеткен.Сыр тартып көрді. «Елдің күбір-сыбыры не сөз, Сапеке? Әлі күш-қуатыңыз бар дегендей, тым болмаса тағы бірер жыл істемедіңіз бе?!» деп майдалады. «Шаршадым, шорту, – деп ол кабинеттің төбесіне қарады. – Біз де совет азаматы ретінде заңды демалысымызға шығуға хұқылы шығармыз!» «Дегенмен де бірлестікті әбден аяғынан қаз тұрғызып алып, біреуге беріп кете беру!..» деп Мәкең жағынамын деп отырып, лағып бара жатқанын біліп, сөзінің аяғын жұтқан. Мұның түпкі ойын сезгендей бастық күмілжімей әңгіменің төтесіне бұрылды. «Сенің кандидатураң жөнінде айттым», деп орындық емес қазықтың үстінде отырған Мәкеңнің секемшіл қу жүрегін бүлк еткізді. – Бәрі де қарсы емес, бірақ альтернативтік сайлау, яғни балама сайлау өткізу керек деп отыр. Солай, Мәке, баяғы заман болса, жұрттың келісімін сұрамай-ақ құтты орныңа қонжитып отырғыза салар едік. Не істерсің, жариялылық».


«Басқа амалым қайсы?» дегендей Сапекең алақанын жайды. «Басқа амалы таусылып, шаруасы шалап болған Мәнеш те өз бағын сынап көру үшін балама сайлауға түсіп кеп берсін. «Мәке-Мәкелеп» ибалы келіндей сызылып тұратын Бегімбет «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей ойламаған жерде бақталас, жо-жоқ тақталас болып шыға келгені. Бақталас болғанда қатар басып, қабаттасып жүре берер тіршілігі емес, «екінің бірі, егіздің сыңары» дер өліспей беріспестің әңгімесі.


Әншейінде бәрі де сыйлас, сыбайлас көрініп жүрер көп ағайын, бір бірлестіктің ыстық-суығын қолдасып көтеріскен қызметтестер, айтып-айтпай не керек, бастықтың бірінші орынбасарымын, босаса-ақ орнын басармын деп жүрген Мәнешті жерге қаратып кетті ғой. Жерге қарағаны сонша, егер жердің жыртығы болса ербиіп, көзтүрткі болып тұрғанша сол жыртыққа ойланбай-ақ түсіп кетуге бар еді. Түсе алмады. Бар болғаны «Даусымызды беріп-ақ едік, қалай болып кеткенін өзіміз де байқамай қалдық» дегендей сырттай мүттәйімсіп, іштей табалсып тұрған кеңселестерінің ортасын қақ жарып отырып, үйіне тартып берсін.


Жердің үстімен емес астымен жүріп келгендей. Үйіне жеткені сол еді аулаларында асыр салып ойнап жүрген бір топ балаларға көзі түскені. О сұмдық-ай, көршісі Қайырғалидың қаршадай қауын бас қарасы он шақты баланы сапқа тізіп қойып, алдарында әлде нені соғып тұр. Қай бала ойнамай өсуші еді?! Назар салмай-ақ өте берер де еді, өз ұлы Әнешке көзінің түскені. Торпақтардың ішіндегі тайыншадай көрініп, саптың алдында тұр. «О, жетесіз ғана иттің күшігі-ау, өзі құралпастармен бірге ойнаса қайтеді-ей, бұл шіркін? Қиымен жасты қауын басқа бағынышты болып сөлпиіп тұрғанша ойнамай-ақ кетпей ме, бұл ойыны осылғыр?!» деген ой Мәнештің онсыз да бүгін бәрі жабылып сұйылтып жіберген қанын басына шығарды.


– Әй, жүгірмектер, мынау не? – Бәрі не дерін білмегендей тосыннан шыққан дауысқа жалт қарасқан.


– Ойын ғой, әке! – Әнеш жетісіп тұрғандай ыржия күледі. – Соғыс ойнап жатырмыз.


– Соғыста бастарың... – Қанша ашуланғанмен Мәнеш ішінде жалғыз ұлы бар көген көздерге ондай ең сұмдық қарғысты айтуға батылы бармады. – Басқа ойын құрып қалғандай о несі екен-ей?!


– Мыналарың кім? – Ол қауын басты көрсеткен.


– Қайнош қой.


– Жоқ, не ғып алдарыңда тұр деймін?


– Ә, бұл біздің командиріміз ғой. – Әрине, мына қоршылыққа Мәнеш төзе алмады. Өз ұлына қарап, бұйыра сөйлеген:


– Әй, Әнеш, шық бермен! Ал тап қазірден бастап сендердің командирлерің мынау болады! Ұқтыңдар ма?! – Ол көгенкөздерге өз ұлын нұсқаған. – Қайнош, сен қазірден бастап командирліктен түстің!


Ол әрі қарай бұлармен басын ауыртпай өз есігіне қарай бет алған.


Әрине, бүгінгідей қырсық шалған күні басқаша қаракетпен айналысу мүмкін болмағандықтан, үйіне кірген бетте костюмін іле салып, диванға қисайғалы жатыр еді, ойын ашық тұрған терезеден жеткен үннің бөлгені:


– Жауынгерлер, атысқа даярланыңдар!!! – О тоба! Үн жаңа ғана өзі командир сайлап кеткен ұлының даусына ұқсамайды. Жынының келгені сонша Мәкең ұшып тұрып, терезеге жеткен. Қауын бас Қайнош бұйрық беріп, ортада тұр. Мұның жетесізі ағаш автоматын қыса ұстап, бір ағаштың түбінде жатыр.


«О тартпай ғана қалғыр, иттің күшігі» деп Мәкең аңсап келге диванға аунай кеткен.


1990 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар