Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асылзат Арыстанбектің топтама өлеңдері...

26.02.2016 4078

Асылзат Арыстанбектің топтама өлеңдері

Асылзат Арыстанбектің топтама өлеңдері - adebiportal.kz


Сүюді бақыт дейтіндер...


Сүйіп те тұрып, сүйікті болып,

Сетінеп жаным, шерленем,

Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,

Әлі де сүйіп көрмеген.


Адасып барып, таласып-талып,

Сүрініп, сосын, ес кірді.

Адамның нағыз бақытты шағы –

Сүймеген кезі ешкімді.


Жылынып барып, жұлынып-жарып,

Жүрек көзінен жас тамад.

Махаббат оты тұтанған күннен,

Бақытсыздықтар басталад.


Көрінбес көзге елесті қуып,

Көңілді, сосын, бір демдер.

Адамның бәрі сүйіскен сәттен,

Бақытын іздеп жүргендер.


Санасы әбден ескірген деме,

Санама жасық, пасыққа.

Бақытты болғың келсе егер, досым,

Сүюге онда асықпа!


Адастым дей бер, адамның бәрі,

Бақытқа сендей асыққан.

Бақыттымын деп айтпайды бірақ,

Себебі, олар – ғашықтар!


Өзім де – тұтқын, шыға алмай келем,

Жүректей жұқа бөлмеден.

Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,

Ешқашан сүйіп көрмеген.



Ақынның жары


Көңілді билесе де сары уайым ой,

Аңсаған арманыма айналған соң,

Мен саған өкпелей де алмаймын ғой.


Елес-нұрын қиялда гүлден құрап,

Қыз жүрегін бүрлетер ақыным-ау,

Қызғану да өзіңді үлкен күнә.


Қашан келсең, дастархан, тұз-дәм дайын,

Хаттар келіп жатса да ағыл-тегіл,

Қабарып қара сөзден қызғанбайын.


Асқынса да жүректе жара, сорам,

Жанарыңда бұлқынып бойжеткен қыз

Жатса да,

Байқамаған бола салам.


Сені сүйем! Ай мен Күн куә соған,

Жағасында көйлектің ерін табы,

Ештеңе етпес (ерінбей) жуа салам!


Қыздардың арасында бағаң зор, ә!

Екі-үш күн төсегімде жалғыз қонсам,

Керісіп керегі не соған бола.


Базарыңа бар ғұмыр бәсін қиып,

Ашуымды жеңдіріп ақылыма,

Аңқылыңа өтермін басымды иіп.


Ер алдында әйелдің ақысы көп,

Хордың қызы болса да қандай әйел,

Құрықтауға Ақынды қақысы жоқ!


Білем ғой жасқасаң да, қоштасаң да:

Ақын түгіл, бір еркек бір әйелмен,

Бақытты бола алмайды ешқашанда!


Үдесінен шықсын деп тіккен үйің,

Қиын маған өлең қып жазу мұны,

Ал өмірде орындау тіптен қиын.


Ақылың мен ашуың жақын қонса,

Ақынға әйел болу оңай емес,

Ол әйелдің өзі де ақын болса!



Енді ешқашан сүймеймін деп сөз бергем


Жалықтым ба жалпақшешей ездерден,

Қарықтым ба жалыны жоқ көздерден,

Жаңа ұқтым да жанған оттың жылуын,

Қасірет жоқ екендігін сезбеуден.


Сонан кейін сорлы жүрек солықтап:

«Енді ешқашан сүймеймін!» деп сөз берген.

Адастым да жарық күнде жол таппай,

Арт жағыма қарай бердім жалтақтай.


Жердің жүзін шарлап кеткім келеді,

Жүрегімді қоятұғын жер таппай.

Күйбең тірлік батырмайды балына,

Сүйген жүрек ең әуелі сор татпай.


Оқылмай-ақ тозған көне кітаптай,

Отыз жылым өтті зулап сынаптай.

Отырғаным мынау енді ой бағып,

Сыр мен жырым жанымды үгіп шыдатпай.


Бір меже бар Аспан жақта, сол жерге,

Өлеңімді апарсам-ау құлатпай.

Сабақ алып жаңылысқан кездерден,

Қарап алып ішкі түйсік көздермен,

Қарсы сұрақ қоятынды шығардым,

Қайқы маңдай қаһаныңа кез келген.


Ұйықтап кетіп, отыз жаста оянып,

Мықтап тұрып сияқтымын өзгерген.

...Жүрек құрғыр тек сөзінде тұрмайды,

«Енді ешқашан сүймеймін!» деп сөз берген.



***


Асқақпын, сұраман кешірім,

Тәкаппар болудың несі мін?

Бәрібір ұмыта алмайсың,

Есіңнен кетпейді есімім.


Еркемін, ол рас еліктей,

Көрген жан тұра алмас елітпей.

Уысқа түспеймін, әйтсе де,

Уылжып тұрамын өріктей.


Жаныңды оқимын балшыдай,

Тәнімді кетемін аршымай.

Үкілі үмітпен алдаймын,

Үзіліп түсетін тамшыдай.


Жүректі жүрекпен қарсы алып,

Бағамды біле алдың қаншалық.

Сүюге ұмтылып сол күйі,

Ерніме қаласың тамсанып.



Әйел


Қырық айла - барлық қару-жарағы,

Бір әйелдің бір-ақ тамшы жасына,

Бүкіл әлем батып кете барады.


Әулиеден кем түспейтін дерегі,

Кешір, Құдай,

Сенен кейін адамзат

Әйелдерге табынады себебі.


Күдігіңді күлкісімен күрейді,

Сайтан екеш сайтандардың өзі де,

Әйелдердің санасына түнейді.


Ұсын оған төріңді!

Тырнағыңа татырмасаң, сол әйел,

Тырнағымен қазып берер көріңді.


Әйелдердің аяғына бас ұрып,

Өр кеуделі патшалардың өзі де,

Өліп кеткен

Бұрымына асылып.


Жүрген жерін жіберетін өртеп тым,

Талай әйел кірпіктерін жебе ғып,

Қабырғасын сөккен талай еркектің.


Адас естен!

Сол ма саған керегі?!

Ерініңнен сүйіп тұрып ол сенің,

Ел-жұртыңды жаулап ала береді.


Тұңғиығы батқан сайын тереңдер,

Соғысты да өршітетін әйелдер,

Саясатты жасайтын да әйелдер!


Әуейі қып, от құштырар гүл демі,

Әлем сырын ұғу қиын жалғанда,

Әйел жаны одан бетер күрделі.


О, олардың бөлек мүлдем әлемі,

Шеттерінен шекер, жалын, әдемі!

Кешір, Құдай,

Сондықтан да еркектер,

Әйелдерге табынады әуелі!



Қаңғыбас


Өзегіме от құйып өлең-жырым,

Қайыр сұрап қоғамнан қаңғып қалған,

Айырмам жоқ менің де сенен бүгін.


Қос қапталдан қапсырып қинайды үр күн,

Өмір жайлы толғаған өлең түгіл,

Қара басым қоғамға сыймай жүрмін.


Біз жазамыз өмірдің шын жарғысын,

Өзің жайлы және де өзім жайлы,

Өлең оқып берейін, тыңдармысың.


Аяғымнан жүретін шалып қалып,

Жартыбасқа жетпейтін өлеңімді,

Қаңғыбасқа оқиын шабыттанып.


Жарамыздың табылар бір күн емі,

Ақын болған шығарсың сен де мендей,

Әкім болған шығарсың, кім біледі?!


Теріп жейтін күнделік күлден асын,

Жертөлесін мекендеп жатқан үйдің,

Өзің құйған шығарсың іргетасын.


Өмір деген осы ғой сан қамшылар,

Жуындысын құятын итаяққа,

Жеңгей сенің сүйіктің болған шығар.


Қақпан қауып, шалынып тұзақтарға,

Мүйізденіп күс басқан қолдарыңмен,

Мөр бастың ба кезінде құжаттарға.


Тағдыр тұсау салды ма аяғыңа,

Теріп жейтін бүгінде түйір нанды,

Теуіп жеген шығарсың баяғыда.


Бұрымдыны бұлдайтын бала ғашық,

Қағыс тиіп қарғысы қатындардың,

Қаңғып қалған шығарсың қара басып.


Бойда болса жеңбейді жігер нені?

Әлдиінде тастаған әлде сені,

Сәбилердің көз жасы жібермеді.


Өткен өмір келмейді шақырсаң да,

Қаңғыбас боп бір түнде шыға келіп,

Таңды мас боп сенімен атырсам ба?!


Бізге енді не қалды көрмегендей,

Менің күнім белгісіз не болары,

Ақын болған шығарсың сен де мендей.


Айдалада анасын сағынады ұл.

...Тағы да бір жарты алып келші, досым,

Өлең оқып берейін тағы да бір. 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар