Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұртас Тұрғанбекұлы: Сен түсім түгіл өңімді ұрлады...

26.02.2016 4196

Нұртас Тұрғанбекұлы: Сен түсім түгіл өңімді ұрладың...

Нұртас Тұрғанбекұлы: Сен түсім түгіл өңімді ұрладың... - adebiportal.kz



***


Сен түсім түгіл өңімді ұрладың.

Мен іздеп жүрдім сорымның бағын,

Өзімнің мақсат мүддемді ұмытып,

Сезімнің қайтем соңын жырладым.


Шашылса бұлт аспанда мидай,

Жырымды тұрам жас жанға жинай.

Мың күндік ойдың шылымын шегіп,

Қалдығын тұрам тастауға қимай.


Сүліктей мейлі сора ғой қайғы,

Онсыз да адам шолақ ойлайды.

Шашылып жатқан талқан мұңдарым,

Тауыққа тары бола қоймайды.


Солай ғой жаным хәліме қара,

Жүрегім жыртық,әлі де жаңа.

Сенделіп кетсем сезімге бола,

Жаяу Мұсаның әніне бала.


Бес күндік жалған жатағындағы,

Көңіліңнің сенің қапа қылмады.

Сен соңғы тамшы сезім боларсың,

Өмірідің құйған бокалындағы.



Құлагер көкте

(Ілияс Жансүгіровке арнау)


Ақын бақ қуса жете де алмайды,

Өзгелер сенсін, сенбесін.

Ажал балдағы көтере алмайды,

Ақсақ өмірдің кеудесін.


Ақын кесілсе кеше кіндіктен,

Бүгін мұң дейтін жел ескен.

Қайыңның шіріп кетерін күткен,

Қайырымсыз тағдыр емес пе ең.


Деместен туған мекеніңді ұмыт,

Құлагер кетті жаны мұң.

Мылтықпен көміп кетерін біліп,

Қаламмен қазған қабірін.


Қайтеді енді сезім, күдікпен,

Шаршатқан қоғам мына жат.

Аспан әйнекті көзілдіріктен,

Ақын қарап тұр сығалап.


Жер бесік бәрін қасыңа ал деген,

Жер ана мұңлы, шерлі ана.

Шындықты бұлт жасырғанменен

Жасыра алмайды-ау кең дала.


Білесің тірлік арпалыс кілең.

Кім биік болса, сол ұлы.

Сөкпегін бізді аспан үстінен.

Ей, ақындардың шоғыры.


Ашынған жаным мен үнсіз дедім.

Кінәм көп үңіл мұңыма әр.

Сөзі бар құры сезімсіздердің

Жүрегін кел де, жұлып ал.


Дүбір бұл қазақ бүгін елдегі,

Бабам деп шықсын сөз басы.

Аспан ақынның күңіренгені,

Шын таланттардың көз жасы.


Жылатпа халқым сенімді іздеген,

Намыстың отын жағып жүр.

Жетісу сенің желіңді үзбеген,

Құлагер көкте шауып жүр.



***



Өтінем ескі мұңды қозғамағын,

Үндемеуден қалмады өзге амалым.

Жүрегіме үңілсең жылайсың-ау,

Ағып түсіп кеткенше көз-жанарың.


Сен жылама,жылатпа,қуандырғын,

Тұсауында қалмайын күмән,мұңның.

Шырғалаңнан шығарам деме мені,

Шырт етсем де сынбаймын,шыдамды ұлмын.


Тірлігінен түңіліп түн даланың,

Мұңаймағын,

онсыз да мұң қамалым.

Азақ қана күлкім бар бұл күндері,

Көп көрмегін оны да ұрламағын.


Деме мені,дәрменсіз болсам бір күн,

Толыссам ақын едім,толсам жырмын.

Ентелеп есіп жатқан жел уақытта,

Аңдамай арамдыққа қол салдырдым.


Белді басып өтпеші бекіп алмай,

Ет жүрегім езілді еті қалмай.

Үн-түнсіз бүк түсем де жатып алам,

Жылай да алмай, өмірге өкіне алмай...



***


Жоғалмашы, жоқтатпа, сағындырма,

Бөленіп жүр деймісің жаным нұрға.

Шалғайдан өкініштер қол бұлғайды,

Сарғайған көз салғанда сағым жылға.


Ауыл қалды артымда дабырлаған,

Ағам кетті жүрем деп жанымда аман.

Көзімнен көбеңдей кеп өтіп жатыр,

Байлаусыз бала кезім бағынбаған.


Бұларды ұмытам мен сірә қалай,

Өміріме тік кірген сығаламай.

Сен де енді сағындырам демекшісің,

Жанымды қақ бөліп ап сыналамай.


Жүрегімде жасалды аққала мұң,

Мен де сендей тұрғыны жат қаланың.

Сабырлым деп сен мені іздеп тұрғын,

Сағындым деп басталсын хат-хабарың.


Күндіз күлкі болғанмен балдыз түнгі ой,

Айыптама ойға да алғыздым бой.

Жалғыз мені тастауға талпынбашы,

Онсыз да жалғызбын ғой.



***


Әпкетай мұңға толы әнің қайда?!

Айтылып жүрегімнен табылмай ма.

Өзімді өзіме әкеп жау көрсетті-ау,

Керегеге ілулі кәдімгі айна.


Жақыным жат бұл күні жат өкпелі,

Көңілді тоқ кеудемді шат етпеді.

Тауды сүйген тас талқан тағдырым бар ,

Әпкетай шамаң келсе әкет мені.


Әкет мені әніңе баура дағы,

Жаным менің онсыз да жалдамалы.

Санама кеп сандалса сандырақ ой,

Арасында тұрады ар қамалы.


Шырқашы әпке мына түн түтігуде,

Ден қояйын сендегі бүкіл үнге.

Көмейіме кептелген кесек мұң бар,

Жұтуға да болмайды түкіруге.


Айтшы әпке, сен де тәтті мұң шығарсың,

Құйқылжытшы құлақтың құршы қансын.

Құс болса да құсаға шыдай алмай,

Бұлбұлдар да бір уақыт тыншып алсын.

Сұлу да су жағалап сыңсып алсын,

Шыркашы...



Мен туған күн


Жүр едім жанды жырып,талатып,

Болды енді маған жуықта бақыт.

Аттандап жатқан ақпанды күні,

Суыт келгенмін суыққа батып.


Аяз шымшылап бетің көрінсе,

Берекең кетер бекінгеніңше.

Өлең боп өмір сүремін деппін,

Өлермен болып өкінгенімше.


Біреуге бақыт сірә кеш қонар,

Алладан сауға сұра десті олар.

Перзентханаға пенделер үшін,

Періште келу күнә емес болар.


Өз у-ын өзі ерлеп ішкенде,

Жақсысын жасқап жерлегіш пенде.

Жеті айлық болып жөргекте жатқам,

Жеті қат өлең жерге түскенде.


Анамның сусап ерні кепкені,

Тірлікке тұрған белгі боп демі.

Ақпан-ақымын қаза алмай қалған,

Жаза алмай қалған өлді деп мені.


Екі өмір тұрған етік ішінде,

Адам боп кеткем бекіп ісім де.

Ақпанда туғам ақ қар боп жауып,

Көктемге еріп кету үшін де...



***


Алдадым ба, алдандым ба, алдадың,

Мен сүюді ұмытамын бар жаным.

Екеу ара кете бергін, онсыз да,

Жалғыздыққа толып кетті жан-жағым.


Көрме мені,іздемегін, іздемен,

Маған тарлау мына жалған сізге кең.

Шайыр дейтін шашыраңқы тағдырым,

Шайтан да кеп дос болады бізбенен.


Тілегімде шынайы үміт,отты арман,

Ал адамннан омырауымда оқ қалған.

Кеше ғана бәз біреуді жылыттың,

Енді мені құшам деме жоқ қарғам.


Керек емес сен де,ол да,олар да,

Дайын тұрар шаттығымды тонауға.

Сүйем деудің керегі жоқ тістелеп,

Аяудың да керегі жоқ соғарда.


Тарс бекірмін бір шешімге тоқталсам,

Жылулықты күтпегейсің көп тоңсаң.

Қаша берме қалауыңда болмасам,

Жасырынба жанарыңда жоқ болсам.


Бір олқылық пайда болса ісімде,

Сен жай ғана көңіліңді түсірме.

Адамдардың бәрін жақсы көремін,

Мен ешкімді сүймейтінім үшін де...



***


Бір күдікпен астасқанда бір уміт,

Өз мұңыма өзім тұрам жылынып.

Жанарымда жасырынбақ ойнайсын,

Кірпігіме тығылып.


Жүрегім бар сені ұзатқан жолдағы

Тағдырының қыңыр қисық жолдары.

Тас жолдар да үгітіліп кетердей,

Сәл жымисаң болғаны.


Бірақ жоқсың оның да жоқ себебі,

Қиналмайтын темір деп пе ең не мені.

Шаштарыңнан шашыраған ұшқынды,

Жел жеткізіп береді.


Мен бәріне көнер едім,көнем де,

Тәңір қарап тұрады ылғи төбемде.

Сен бір парақ жүрегімді тыңдарсың,

Мен айналып кеткен күні өлеңге.



***


Сен мұңайған өмір ғой мен күлмеген,

Мұз жүректі жібітші ерніңменен.

Көз ілулі болса да жүрек ояу,

Сезімімді кімге айтам сен білмеген.


Сен де ештеңе айтпайсың сезіп тұрып,

Күллі ойларға күн сайын кезіктіріп.

Жүрек-жүрек болудан қап барады,

Алғанымды білмеймін не жұқтырып.


Басым бүтін болса да жаным аман,

Күзден бетер сарғайып сағына алам.

Сенімсіздік туғызған сенсіз қала,

Енсіз дала секілді қаңыраған.


Өмір жалған десек те өлең бекер,

Өлең өмір болып-ақ елеңдетер.

Сүйемін деп мен саған қанша айтсам да,

Сүйесің ғой сен мені менен бетер.


Қырсықтықтың ендеше жоқ керегі,

Көңіліңнің көктесін көк терегі.

Ең соңғы рет жылашы жаным бүгін,

Мен соңғы рет мұңайған көктем еді.



***


Білесің бе?!

Бүтін едім жырға беріп жарты жан,

Өкіне алмай қалып қойғам артынан.

Тұлпар болып тас жолдарда тасырқап,

Амалсыздар қара жерді тарпығам!


Арғымақтық танытам деп ісімде,

Ауыздық жыр қарш шайналған тісімде.

Аш қалсам да ашынбадым кісінеп,

Қашек аңдып кеткендердің ішінде.


Тосқауылдан аттап өтіп не түрлі,

Үйренгенмін бекіну мен бекуді.

Асаулаумын асулардан асарда,

Батыраштар аңдып тұрған секілді.


Шапсам шаңдар қалар еді артымда,

Ажал пышақ тақалмаса алқымға.

Мен қалайша шіренеді деп жүрсің,

Шідерлеулі қалпымда.


Жарқын уақыт жал сыйпайды жасқана,

Қасақана қас қылмағам қасқа да.

Сезім дейтін ер-тұрманым бар менің,

Мен кетсем де тастама!

Жарай ма?!



***


Қайғының да қуаныш басы кілең,

Шаршап қалған шығармын әсілі мен.

Көктемнің көлеңкесі шақырғанда,

Күдігін күзгі күннің жасырып ем.


Сонда сенің жанарың мөлдір еді,

Ерігенде жүрегім сең жүреді.

Сенің әр кез жымиған сәтің болдым,

Жоғалтып алмағайсың енді мені.


Таласпаймын баққа да, таққа дағы,

Өмір өзі көрсетер ақ-қараны.

Абайсызда жанымды шырылдатсаң,

Шыдамым шытынауға шақ қалады.


Сенің көзің-қуаныш, ол да қайғы,

Телміріп терезеңнен жол қарайды.

Кептер де жақындауға жүрексінді,

Көгершін де хатымды жолдамайды.


Өртеліп кетсе дағы хаттың бәрі,

Сезімімді төге алмас ақ тұнбалы.

Бір-ақ қана күлкіңде жатыр екен,

Өзіңменен өткізген сәттің мәні.

Қоштасқым келмейді менің...



***


Ұйықтата алмай отырып бала түнді әлі,

Әлдилеп айтқан жырымды дала тыңдады.

Сарқылып сезім бойымнан ауған секілді,

Таусылып менің барады тағатым дағы.


Күттім біреуді кеш батып, таң атқанда да,

Күтуге енді Құдай-ау тағат қалмады ә?!

Жардың басында жарбиып жалғыз қалдым деп,

Тілді тигізіп алдым-ау жаратқанға да.


Сезім не мейлі өзім не түсіне алмадым,

Күшігі болып қалдым ба күші бар жанның.

Уынан татып жүруші ем уақыт шіркіннің,

Бүгін мен бәрін түгесіп ішіп алғанмын.


Ояумын әлі,түн болса көз ілген мана,

Бір жауап күтіп отырмын өзіңнен ғана.

Таусылып бәрі бітсе де таусылмайтұғын,

Жалғанда жалғыз жауапсыз сезімдер ғана...



***


Арзанқол қып кетті дей ме қымбатты,

Тағдыр сені тарылтыпты тым қатты,

Сенің аппақ көйлегіңнің етегін,

Ит сүйкеніп былғапты.


Түнмен сен де жылайсың-ау аһ ұрып,

Жылайсың-ау таңды көзбен атырып.

Тұнық суды лайлап кетті деймісің,

Ит тұмсығын матырып.


Өксік қалды көмейіңе тығылып,

Сынбау керек екендігін сынып ұқ.

Искелеген иттер қанша етекті,

Жолатпаса кететұғын бір үріп.


Нәпсі дұшпан ақылыңды би етпе,

Айуан кімдер көңіл қосқан күйекте.

Иттей болып сүмеңдегім келмейді,

Көзін сатып сүйекке.


Бүтін едің сен де қарғам жандың ба?!

Күлдің бе екен батып жатып бар мұңға.

Қасқыр ғана үнсіз кетер жөнімен,

Ит ғұмырдың алдында!



***


Ауылға барып қайттым аға,

Алма ағашы, сол қоршау,сол ауламыз,

Қора да тұр қорқатын жолауға біз.

Дөңгелегі майысып жатыр әне

Екеуміз су таситын қол арбамыз.


Мектеп те тұр нұрлы етіп бұл маңайды,

Тек балалар біздердей шуламайды.

Күз келгенде біздегі алманы да,

Қоршаудан қарғып түсіп ұрламайды.


Атам да жоқ қоритын алма бақты,

Еске түсіп ағатай, жанға батты.

Сен мінетін тананың бұзауын да,

Өріске жіберерде таңбалапты.


Тауға түсіп қалғанда күн кекілі,

Көрінеді қай малдың кімге түрі?!

Сен бас киім кигізіп қуалайтын,

Қойлардан да қалыпты бірді-екілі.


Жейтін енді адам аз бұған қайғы,

Көз алдымда балалық бұлаңдайды.

Ағатай баяғыдай енді ешкімде,

Қошқарды сүзеген қып шығармайды.


Қарға да жүр қарқылдар құрты бар деп,

Тек баяғы кісінер жылқылар жоқ.

Қатық жайған жер де тұр дорбасының,

Сары суын ішетін сыртынан кеп.


Ошақ та бар жағатын көң пешіне, 

Сырт жағы ше?-түсті ме енді есіңе,

Күлге картоп көмем деп таласқанбыз,

Апам нанын жапқан соң көмбесіне.


Ия,бұл да өткенмен көп ойланам,

Көрші бала келетін жолай маған.

Сен бірде бір топ асық алып келіп,

Ит мүжіген,қалғанын мен ойнағам.


Е-е-е туған жер, тыншыды жаным ақыр,

Таттаныпты су құйған сары бақыр.

Ано-о-о-оу жерде ошақтын артын ала,

Сен жасаған қармақтың сабы жатыр!


Мен ауылға барып қайттым аға...

Несін айтам ауыл да,үйің де аман,

Балалық жоқ көршіден қи ұрлаған.

Байынқол да тартылып кеткендей ме,

Уақыт дейтін балығы бұйырмаған.


Үнсіз қарап тұрушы ең кемелденіп,

Желең келіп кеттің сен өлең болып.

Аға енді ауылдың топырағын,

Сенің бір күн басыңа себем келіп...



Апа...


Сенің айтар ақылың қалқа маған,

Ойымды онға бөліп жаңқалаған.

Жақпар-жақпар жартасты аңсап жүрмін,

Қатпар-қатпар сезімін арқалаған.


Апа,

Сен айтатын естілмей қырдың әні,

Түндерде асау сезім булығады.

Жаңа ірелген тоқтының терісіндей,

Қалада бусана алмай жүрмін әлі.


Апа,

Маңдайымнан сүйіп ең кетерде де,

Қала міне келдімбе бекерге не?!

Мен сағындым көктемгі төлдің иісін,

Әтір ғып шығармадың екен неге.


Апа,

Ести алмай кетіп ем дала жырын,

Хор қызы деп қаланың сан аруын.

Тігісінен сөгілген жүрек ұстап,

Жүрісінен жаңылып барады ұлың...


Апа,

Жоқ еді ғой сен жүрген шақта уайым,

Адастырды жолсызда аппақ айым.

Ауылдың қызын алып берем деуші ең,

Тезірек таныстыршы бақ табайын...

Апа...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар