Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Тұманда

26.01.2016 243

Кәдірбек Сегізбай: Тұманда



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


– Белбастаудағы Қожағалидың үйіне бүгін Мәулен келіпті дейді. Қант-шай азайып қалып еді, түске дейін қойды Қуанышжан қайырмалай тұрар, барып келсеңіз қайтеді, – деген Қуаныштың тәтесі әкесіне қарап. – Жаңа Қамардан сұрап-біліп едім, олардың да бара қоятын түрлері көрінбейді.


– Барып келер едім, белімнің құяңының ұстап отырғанын қарашы, – деп әкесі қиналды. – Онда Ақжалға мініп, Қуанышжанның өзі барып келсе қайтеді. Биыл күзде төртінші сыныпқа баратын жігітті бала деуге бола ма?! Қиынсудың шатқалынан әндетіп өте шықса болғаны. Әрі қарай Белбастауға дейін көш жолы сайрап жатыр.


Қуаныш Белбастауға баруға қанша құлшынғанымен, Қиынсудың ну ағаш басқан терең шатқалын, таудың ішін басына көтеріп, азан-қазан болып жататын өзенін ойлағанда жүрегінің басына мұз кесегін қоя қойғандай іші сұп-суық болып кетті. «Шатқалды қиып өтетін көш жолының қос ернеуін басып жатқан сыңсыған ну ағаштың арасында аюлардың соқыр соқпағы бар», дегенді талай естіген. Сол шатқалдан аман-есен өтсе, Қуаныш басқасына қиналмас еді.


– Қиынсудан өтуге қорқып жүрмесе... – Тәтесі пікірін екіұштылау ғып білдірді.


– Үлкен жігіт қорқа ма екен?!


Әкесінің бұл сөзінен кейін Қуаныш та «қорқамын» деуге ұялған.


– Үлкен болдым емес пе?! Неменеге қорқамын?! – деп соғып жіберді. Осы сөз мәселені біржола шешіп, Қуаныш тұңғыш рет Қиынсудан жалғыз өтіп, тұңғыш рет өзі сауда жасап қайтатын болды.


Ертеңіне сиыр түс кезінде Қуаныш Қиынсудың шатқалына еңкейген. Өзеннің айбарлы гүрілі күшейген сайын оның қорыққаннан ерні тобарсып, тізесі дірілдей берген. Қос құлағын қайшылаған Ақжал ғана бейғам, сыныптай сырғып, еркін аяңдап келеді. Бала жан-жағына жалтақтап, қай жағымнан сығалап тұр екен дегендей жанын қара бақайының ұшына қондырып келе жатса, Ақжал су іішіп алуға ұмтылып, асығар емес. Қамшымен атын осып-осып жіберіп, ақкөбіктеніп тулап жат­қан өзеннен өткен бойда өрге қарай шаба жөнелді.


– Уһ! – деді – ол қарсы беткейдің біраз жеріне жеткен соң соңына қарап. Бұйра шашты шатқал іші өзен үніне мүлгіп тұр.


Белбастаудағы досы Меңғали мұны көріп, қатты қуанды.


– Қалай Қиынсудан қорықпадың ба? – деді ол.


– Е, жоға-ә! – деді Қуаныш та маңғазданып.


Қуаныш әке-шешесінің, Қамар апайының тапсырғандарын алып, қоржынын толтырды. Одан шай қайнағанша досы екеуі шелектерін Белбастаудың бадана бүлдіргеніне толтырды. Ырғалып-жырғалып, Белбастаудан шыққанша күн түстен ауып кеткен.


«Шынында қорқатын дәнеңе жоқ екен ғой. Қуаныш­қа Қиынсудан қайтарда өтіп алған соң аюды біреу мұнда байлап қойып па?!» деген бір мығым ой келді.


Ол атын ентіктіріп, өрдің басына шыға бергенде өз көзіне өзі сенбеді. Бұлардың ауылы отырған биіктегі жайлауды соқыр тұман басыпты. Алып тіршілік сияқты шудасы жел­кілдеген қап-қара дүлей тұман бүкіл биік тауларды тұншықтырып, жаныштап жатыр. Сәмен мен Таздың тым бойшаң ұшар бастары ғана қылтияды.


Ауылына жолдың алып барарына сенген Қуаныш та тәуекелмен келіп, қоп-қою тұманға кірген. Жаңа ғана жар­қырап тұрған күн ғайып болып, айналаны қараңғылық басты. Тұман арасынан сыналап жол тауып келіп тұрған күн сәулесі тым әлсіз. Шуда-шуда болып көшкен тұманмен бірге салқын ызғар еседі. Тек Ақжал ғана қою тұманды қақ жарып, пысық аяңдайды.


Қуаныштың: «Осы бағытым дұрыс па екен?» дегенді ойлағаны сол еді, өзінің мүлде басқа жаққа кетіп бара жатқанын біле қойды. Дереу аттың басын «ауылға қарай» бұрып еді. Ақжал: «мұның қалай?» дегендей әрең бұрылды. Қуаныш енді «ақылсыз» атқа ерік бермес үшін өзі діттеген бағыттан бұрылып кетпеуді қадағалады. Әлде бір бұлақтардан өтті, әлде бір қырлардан асты. Бірақ ауылдан белгі жоқ. «Әбден адастым» деген суық ой Қуанышты одан әрі қалтыратты. «Осының бәрі білгішсініп басқа жаққа алып кеткен Ақжалдың кесірі» деп ойлады бала.


Бір кезде астындағы аты қос құлағын қайшылап, алдына үдірейе қарады. Қырындап бір жаққа ала жөнелердей. Қос танауы шұрылдап, бір орнында тұрып алды. Сол сәтте тұман да бір сәтке сейілгендей болды. Бала дәл жанында тұрған қоралау жартасты танығандай. О ғажап, бір қиырда жатқан Қанжығабұлақтағы өздері қона беретін жұрттан аусашы. Тек қоралау жартас теріс қарап қалыпты. Жанындағы бұлақ та мүлде басқа бағытқа қарай ағып жатыр. Әйтпесе өз жұрттарынан аумайды.


Ол тас лақтырым жерде көлденеңдеп тұрған аюды көрген кезде көзі қарауытып кетті. «Өлген жерім осы» деп ойлады. Бірақ аю да, «жас баланың жүрегін ұшырмаймын!» дегендей тоңқалаңдап, сайға қарай түсіп кетті.


– У-у-у – өз даусы екен. Бетінен жып-жылы жас домалады. Ол жүріп келеді, боздап жылап келеді. Бар ерікті Ақжалға беріп, құр қоқайып отыр. Бағанағыдай «ауыл мына жақта болуы керек» деген долбардан да қалған. Тегі күн батса керек, жолды қойғанда, ат құлағы да көрінбейді. Тісі-тісіне тимей сақылдап, әбден тоңды. «Өлген деген осы екен» деп ойлады. Сол кезде құлағына біреудің айғайы естілді. «Естідің бе?» дегендей Ақжал оқыранды. Сөйткенше Жетердің үргені де құлағына жеткен. Әкесінің тынымсыз айғайын да қалтқысыз таныды.


– У-у-у – Қуаныштың боздаған үні күшейе бастады.


– Қуаныш, ой құлыным сол! – Әкесі баласын Ақжолдан көтеріп, түсіріп жатты.


– Қарағым-ай, әбден жүрегің ұшты-ау! – Шешесі де аймалап жүр. Қол-аяғы икемге келмей қоқайып қалған Қуаныш боздаған күйі жып-жылы үйге кірді.


– Адастырған Ақжал, – деді Қуаныш, – сәл жылынған соң.


– Адасқан өзің ғой, жаным. Қайта адасқан сені алып келген Ақжал ғой. Әйтпесе мүлде басқа жаққа бұрылып кетіпсің. Дегенмен азамат деген осы, әке-шешесіне қант-шай әкеліп берген, – деді әкесі.


– Адаса жүріп, азамат боласың, – деді тәтесі...


«Шынымен де мен азамат болыып қалған шығармын» деп ойлады бала.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар