Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Шагдайн Цэнд-Аюуш: Қабылдау бөлмесіндегі бикеш...

26.02.2016 5125

Шагдайн Цэнд-Аюуш: Қабылдау бөлмесіндегі бикеш

Шагдайн Цэнд-Аюуш: Қабылдау бөлмесіндегі бикеш - adebiportal.kz


(Сатиралық роман)


Шагдайн Цэнд-Аюуш Монғолияның Улиастай қаласында 1949 жылы туған. 1974 жылы елдің педагогика университетін, 1986-1989 жылдары Мәскеуде Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Өмір бойы журналистика саласында еңбек етіп келеді. 1980 жылдан бері әзіл-сықақ әңгімелерден, сатиралық роман-повестерден тұратын 28 кітабы жарық көрген.


Шагдайн Цэнд-Аюуштың жиырма шақты әңгімесі орыс, болгар, украин, қазақ тілдеріне аударылып, жарыққа шыққан. Болгарияда өтетін халықаралық «Алеко» байқауының алтын медалін 1981 жылы жеңіп алған. 2009 жылы «Әлемдік сатқын» атты сатиралық романымен «Алтын қауырсын» сыйлығын иеленген. Ұсынылып отырған сатиралық туындысы 1989-1990 жылдары жазылып жарыққа шыққан, ғылыми ортадағы былық-шылықты әшкерелегені үшін сыншылар тарапынан жоғары бағаланған.






Қабылдау бөлмесінде болған оқиға


Қарбалас тірліктің әдеттегі бір күні. Түс ауған мезет. Қолқылдаған кең плащ пен шаңырақтай дәу шляпа киген жасы қырықтар шамасындағы жігіт ғылым кандидаттарын жемтікке үймелеген құрт-шыбындай қаптатып шығарып жататын ғылыми орталықтың босағасынан аттады. Кіре сала оқыс кідіріп тұрып қалды. Далиған ұзын дәлізді бойлап көп адам кезекте тұр. Егер әлдебір кемпір-кешек мұнда байқамай кіріп келсе, арзан бағамен азық-түлік, ал, жас келіншек болса, шетелдің қымбат етігі сатылып жатыр деп ойлап, күйеуінің құлағын қоңыраулатқан болар еді.


Қаздай тізілген адамдардың алдыңғы қатардағылары арқалығы тозып қисайған, қаптауы мен жақтауы жұлымдалған диван деуге ауыз бармайтын бірдемеге жайғасыпты. Пысықтау біреу көрсе, оның атауын дөп басып айту үшін де бір монография жазып тастайтын шығар. Соған қарамастан кезектің соңында тұрғандар оларға қызғанышпен көз алартып, бұл дүниенің теңсіздігіне налығандай екі аяғын алма кезек тыпыршытып, тықыршиды. Дегенмен отырғандары да тұрғандары да бірі бірінен айнымайтын, қалыңдығы бір қарыс папкаларын қолтықтап алған.


Қолқылдаған плащы бар адам соңғы жылдары мұндай ұзын сонар кезекті кездестірмегендіктен әлдебір тіс дәрігерінің қабылдауы ма екен деп қалып, соңында тұрған біреуден жөн сұрады. «Мынау тағы қосылды ма?» дегендей аса жақтырмаған кейіп танытқанымен міңгірлеп тіл қатты.


- Тізімге алып жатыр.

- Нені?

- Ғылым кандидаттығына ізденушілердің тақырыптарын...


Е, мұның бәрі ғылым кандидаты болу үшін аяқтары талғанша состиып тұр екен ғой. Біреулердің әжесі азық түліктің, әйелі етіктің, ал, өзі ғылымның кезегінде тұрған да шығар. Мұның бәрі неліктен? Бәрі жаппай бір ізге түсіп алғандықтың салдары шығар, бәлкім.


Ол мұнда аялдамады. Плащын қолқылдап жіңішке түзу сатымен жоғары көтерілді. Лифт қойылмағанына қарағанда ғылымда оңай әрі тікелей жететін даңғыл жоқ дегенді орталыққа меңзеген болса керек. Аяңдап екінші қабатқа жетсе, ондағы күтушілердің саны әлде қайда аз көрінді. Бәрі жайланып отырып алған, екі бірдей орындық тіпті бос тұр. Кезекте отырғандардың шаштары сұйылған, дені төбелері жалтыраған қасқа бастар. Қызметтік көлік мінетін адамдарға көбірек ұқсайды. Докторлық ғылыми дәреже алуға әзірлеген портфелдері қастарында. Біздің кейіпкер тағы да жоғары қарай тартты. Отырғандар «бұл неге аттап өтіп барады» дегендей таңданыспен қарап қала берді. Ғылыми-зерттеу орталықтың ең үстіңгі қабаты. Мұнда ежелгі дәуір хандарының мазары іспетті мамыражай әрі өлі тыныштық. Тірі жан аяқ баспаған биік шың осы болса керек. Қай жаққа қарасаң да мүлгіген кең дәліз. Кабинет атаулының бәрінің есіктері берік. Сонау батыс қанатында ғана «Ерекше ғылыми жаңалықтар бөлімі» деген жазуы бар есік көзге шалынады. Есікті итеріп қалып еді, кең жазира даладай ұлан ғайыр қабылдау бөлмесіне тап болды. Абажадай бөлменің сонау бір шетіндегі самырсын ағашынан жасалған күрең үстелдің ар жағында отыз жас шамасындағы бір бикеш кішкентай айнадан көз алмай бет-аузын түгендеп, айналасын ұмытқан. Кеуде тұсының жалаңаш денесі түгелдей көрінерлік тым жұқа жейде кигеніне қарағанда мұнда тірі пенденің аяқ басарын өңі тұрмақ түсінде де көрмесе керек. Ар жағында «Бөлім меңгерушісі» деген жазуы бар тағы бір есік тұр.


- Сәлеметсіз бе?

Адам келгенін аңғармаған бикеш сасқанынан қолындағы айнасын түсіріп алды. Оның қарсы алдында бейтаныс біреу тұрды.


Алға қарай басып киген пішіні ұсқынсыздау далпиған шляпасы бар, орта деңгейдегі шенеунік пе дейін десең де көп ұзаса есепші ғана шығар дерліктей азамат. Түймесі босаған, қолқылдаған кең плащына қарасаң шаруашылық қоймашысы іспетті. Ал, тұмсығы балшық болған бәтеңкесіне қарасаң әдеттегі сантехник. Үрпиіп, өсіп кеткен шашы мен сақалы оның қашқын болмаса да салт бас, сабау қамшы екенін аңғартқандай. Көктен түскені, жерден шыққаны беймәлім кенеттен пайда болғанына таңданған қабылдау бөлмесінің бикеші айғай сала жаздап, өзін өзі зорға басты. Жалпы, сабырлы жан болғандықтан өзінің жатын бөлмеде емес, ресми мекемеде отырғанын сезінді. Заңды ұйым болғандықтан оған сырттан біреулердің келіп-кетуінде еш сөкеттік жоқ. Сондықтан, иен тоғайда жыртқышпен бетпе бет келгендей бар дәрменімен айғайлауға бекінген ішкі даусын сыртқа шығармастан өз аузын өзі басып үлгерді. Бикештің оң қолы осылайша ұлы іс тындырып жатқанда сол қолы да қарап қалмады. Орындықтың арқалығында жабулы тұрған күртешесін жалмажан жұлып алып денеге жаба қойды. Осыдан кейін ғана қабылдау бөлмесінің хатшысы сәл сабырға келіп, тілдесуге көшті. Бейтаныс еркектің адам сөзін түсінеріне күмәндана отырып, аса сақтықпен тіл қатты.


- Сіз қандай шаруамен келдіңіз?

- Мен аса ірі ғылыми жаңалық ашқан едім.

- Ғылыми жаңалық дейсіз бе? – деп, бикеш өзіне өзі сенбегендіктен екі көзін шарасынан шығарып жібере жаздады, - Сіз сонда жаңалық ашқан адамсыз ба? – дегенді қайтадан нақтылады.


Көпе-көрінеу алдында адам тұрғанда «адамсыз ба?» деп сұрауы тіл білімінің ғалымдары үшін іліп алатындай-ақ керемет олжа еді. Алайда, плащы қолқылдаған азамат ондайды пысқырмайтын кеңдігі дархан даладай ер болса керек.


- Иә! – дегенде бикештің қос жанары жанып кете жаздап басылды да:

- Мұнда тек әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ғана қабылданады – деп ескертіп қойды.

- Мен білемін, оны!

- Рас па?!

Құттықтауға ұмтылып орнынан тұрса да үрпиген сақалы мен далпиған шляпасынан жасқанып райынан қайтты.

- Сіз сонда қандай жаңалық аштыңыз? Адамды жасартатын дәрі ме? Әжім түсірмейтін май ма? Әлде, аналарды толғатпай босандыратын ем бе? – деп бір демде әлденеше сұрақтың басын қайырып тастады.


Айырықша жаңалықтарды тіркеуге алуды қаншама жыл күтті дерсің. Мұнда аяқ басқан тірі жан болсайшы. Сөйте тұра төменгі қабаттарда барымталанған жылқыша өріп жүретінін қайтерсің. Бұл бикеш ерекше ғылыми жаңалық бөліміне хатшы болмай тұрып-ақ орта мектепте оқушы кезінен бастап ұлы ғалымды армандаушы еді. Бірде соқыр қыздың жанарын ашып, онымен тұрмыс құрған ғалым туралы кино көрген. Содан кейін арман мен қиялға ерік берген. Өзімен сыныптас оқу үздігі бір қазанбас ұлды ғұлама болар деп санап достасып жүрді. Ол үмітін ақтап, математика олимпиадында қала бойынша жеңімпаз болып біраз шулатты. Әке, шешесі оның ерекше данышпан болғанын қалады. Сабақтан келісімен ауқаттандырып алып, әкесі, шешесі, ағасы, әпкесі төртеуі кезектесіп есеп шығарта берген. Біртоға ақылды бала күн сайын білімді болып келе жатты да аяқ астынан жүрісінен жаңылды. Қазанбастың жүйкесі жұқарып әкесін онбес, шешесін квадрат, ағасын косинус, әпкесін синус деп атап шатаса бастады. Ауруханадан шықпайтын болды да ақыры отбасы мүшелері кезекпен есеп шығартқаны секілді енді күзететін жағдайға жетті. Қиялшыл қыз сауығып кете ме деп те үміттенді. Ақыры, қайыр болмады. Сөйтіп жүргенде университет есігін ашқан сәттен бір оқытушысы асқан білімділігімен оның назарын аудара бастады. Сабақ үстінде көз алмай тесіліп, көңілін аулап өзіне тарта алғанымен одан не пайда, ұстазы әлдеқашан зайыбының уысына терең еніп кеткен, одан тірідей шыға алмайтын біреу болып шықты. Дегенмен, сол ұстазы өзі жоғары лауазымға көтерілгенде шәкіртін хатшы етіп қасына алды. Бөлім меңгерушісі ерекше жаңалықты бекітуге, хатшы қыз тізімге алуға дайындалып ұзақ жылдар бойы күтумен келеді.


Әу баста өкімет жаңалық ашатындар көп болады деп ойласа керек. Барлығын бір мезетте бөлім меңгерушісімен жолықтыру мүмкін болмайтындықтан әдейі кең мол қабылдау бөлме жасатқан ғой. Алайда, ол үміт бүгінге дейін ақтала қоймаған.


Хатшы бикеш иен бөлмені күзетіп, әлдебір жанды күтумен болды. Жастық шағы күн сайын өтіп артта қалып бара жатса да тұрмысқа шықпады. Міндетті түрде ұлы адаммен ғана бас қосамын деген арманын тастамады. Сыртқа шығуға төмен түскенде екінші қабаттағы докторлар, бірінші қабаттағы ғылым кандидаттары жолығып, кейбірі ретін тауып көңіл білдіріп те жатады. Өз жездесі де, құрбыларының күйеулері де ғылым кандидаттары болғандықтан ол сирек кездесетін ламалардың біріне тұрмысқа шықсам ба екен деген ойда болды. Ақыры, бойдақ күйінде бетінің әрінен айырылатын түрі бар. Енді, ол маңдайдағы әжімді кетіретін, жасартатын, тым құрығанда қартаюды тоқтататын жаңалық ашқан ойшылдың етегінен ұстаймын деген ойға келген. Алайда, күндер өтіп жатыр, ол ғұлама әлі жоқ. Ерекше ғылыми жаңалықтар бөлімінің хатшысы ұлы ойшыл ғалыммен жүздесу үмітін үзбеді. Енді күткен адамы келгенше кәрілік деген пәлемен күресуден өзге амалы қалмаған.


Үстелінің тартпасында түрлі әтірмай, опадалап атаулы толып тұрады. Азаннан ақшамға дейін жағатынын жағып, сылайтынын сылап, шашатынын шашады да отырады. Қаншалықты жемісін беріп жатқанын өзі де білмейді. Енді не шара. «Өмір деген күрес» деп күнелтіп жатқанда «мен жаңалық аштым» деген адам кіріп келмесі бар ма. Олпы-солпы киінгені болмаса, өзімен деңгейлес жас адам болып шықты.


Ұлы жаңалық иесінің діндар атасы


Елу жыл бұрын басы мыс кұманша жалтыраған Ғава атты лама болды. Әр жылдың өзіндік ерекше сипаттары болады ғой. Кей жылы қуаңшылық болса, бірде құтырған түлкі көбеймек. Ғава ламаның жанч аталатын киімін шешіп, ламалықтан бас тартқан сол бір жылы нағыз қиын-қыстау заман орнады. Барлық жерде тұтқындау, абақтыға жабу белең алып, сарала шапанды діндарлар илеуі бұзылған құмырысқаша құжынап, кірерге тесік таппай жанталасты. Хөх Дэлт өңірінің ламалары да бұл нәубеттен тыс қала алмады. Екі бірдей жасыл машина келіп лама шапандылардың бәрін түгендеп әкеткен соң аузында иманы бар екі-ақ адам қалған.


Сұңғылалығының арқасында Ғава лама тұтқындау туралы алдын ала естіп, о дүниелік күнәден еш қорықпастан жанч киімін шешіп тығып тастаған. Таңдап талғауға уақыт қайда, тезірек үлгеру керек болғасын, түрі жаман, қыли көз, аяғын сылтып басатын есалаңдау бір қызды асығыс-үсігіс қатын ғып ала салған. Жеке шаңырақ көтеріп, өзін күнәһар аңшы етіп көрсету үшін керегенің басына мылтық іліп қойған. Будданың шәкірті етіп көрсететін қасқа басын қайда тығарын білмей ақыры төбесінен бас киімін тастамайтын болып алды. Осылайша, қысқа мерзімде түр-түсін өзгертіп үлгеруінің арқасында ол тірі қалды.


Келесі лама жел қуған түйедей ұзын тұра Жива есімді кісі ғибадатханада уағыз айтып отырған жерінен ұсталып машинаға тиелген. Алайда, жүк машинаның бір бұрышында жарты тәулік қозғалмай отырса да онысы жүре қоймайды. Төзімі таусылған лама үйіне барып, кітап құралдарын реттеп кетпесе күнә болар деп шешеді. Табиғатынан турашыл лама ешкімнен рұқсат сұрамастан машинадан түседі. Оларды күзетіп тұрған екі әскер аш қарындарын толтыру үшін тұтқындарға әкелген тамақтан бас алмай жатқандықтан ештеңені аңғармайды. Бірге ұсталған ламалар үрейлері ұшып, әрқайсы дұғаларын оқып, Жаратушыға жалбарынып отырғандықтан оны байқай да алмады. Жива да өзін қашып барамын деп ойлаған емес.


Лама кітаптарын сандыққа салып көршісіне тапсырып қайтып оралса екі машинаның соңғысы кезеңді асып ұзап барады екен. Пешенеге жазылған тағдырдан қашқандай болып құтылғанына қатты өкінген лама шіркеудің босағасында шіреніп тұрған офицерге жөнін айтады.


- Оңбаған халық жауы! Сен әдейі бой тасаладың. Кім саған рұқсат берді? Сенімен қатаң сөйлесемін. Енді сені қандай көлікпен жеткіземін. Жарайды, кешікпей тағы тұтқындау болады. Соны күт! Тағы да жоғалатын болсаң табан астында атып тастаймын – деп, кіжінеді әлгі бастық.


Жива бастықты тыңдап, тұтқындауды күтіп бір жылдай үйінен шықпады. Алайда, ешкім келмеген соң елден алыстау бір сайдың аузына көшіп барып қоныстанды. Бұл дүние қызық қой, екі ит өзара сүйекке таласып ырылдасады, екі лақ сүзісіп бірі біріне маза бермейді. Ал, діндар халықтың арасында екеуден екеу қалған Будданың қос шәкірті бірін бірі жақтырмайды. Ғаваны «Арақ пен қатынға есі кеткен лама болып па. Керегенің басына мылтық іліп қояды да, дұға оқып отырады. Сайтанды атып өлтіремін дегені ме?» деп Жива сөгеді. Ал, оны Ғава «Үкі секілді тау тасқа тығылып алып, тышқан іспетті қағаз кемірген біреу» деп мазақ етеді.


Ел-жұрт екеуіне де құрмет көрсетіп, сыйлайды. Онысы да жөн ғой. Бірде күтпеген оқиға болады. Елдегі бір қария немересінің шаш алу тойын Ғава ламадан сұрап қайтарында бір құмыра арақ беріп кетеді. Ащыға құмар лама оны тартып жіберген соң қызара бөртіп шыға келеді. Мәз болып күліп, жайдарыланып отырған сәтінде есік ашылып көрші әйел Ханда кіреді. Қызара бөрткен ламаның масайған кезде сайтаннан бетер қылық жасайтынын білетін әйел абыржып қалса да бұрылып шығудың ретін таппайды. Зорға дегенде көрген түсін жорып беруді сұрайды. Лама нәпсіқұмарлықпен көз салып:


- Жоримын, саспа! Мен оны алақаныма да, табаныма да қарап айтып бере аламын. Ханда, саған қайсы керек, етігімді шешейін бе?

- Ламеке! Сіз асық иіріп бал ашпайсыз ба?

- Иә, ол да болады. Мәнетпен де аша аламын.

Сәлден соң лама асықшасын алып иіріп тастайды. Алайда, неше көз түсіп тұрғанын өзі де айыра алмай біраз отырады. Бірде алты, бірде сегіз ешқайсын айырмаса да:

- Тым жақсы нәрсе түсіп тұрған жоқ. Бері жақында!


Жақындап келісімен жағаласа кетеді. Екеуі де өліспей беріспейтіндей алысып жатқанда тас төбелерінен ит үреді. Төбеге қараса, Ғаваның қызыл ала иті шаңырақтың үстіне шығып алған иесіне қарап үріп тұр. Жаман ырым шақырған итті көрген Ханда талып, лама абыржып қалады. Қызыл ала төбет одан ары өршеленіп шаңырақтың үстінен төменге қарай сарып жібереді. Ашуға булыққан үй иесі керегенің басындағы мылтықты алып атып жібереді. Қызылала ит қаңқылдап біраз аунайды да төмен қарай құлап, қазан толы сүтке келіп былш ете түседі.


Айналаның бәрі шашылған сүтке боялды. Ал, үлкен қазандағы сүт иттің қанымен араласып күлгін түске енді. Мылтықтың даусын естіген көрші-қолаң да жиналды. Болған оқиғаны көргендер аһылап-уһілеп абыржысты. Мына қоныстан тезірек көшіп кетейік дегендер де болды.

- Көзіқарақты адамдардан сұрастырайық! - деді, пысықтау бірі.


- Жива ламаны әкеліңдерші! – деп, Ғава діндар өзі жалынды. Асығыс аттанған бозбала күн батпай тұрып Жива ламаны алып жетті. Әлде бір тұстан мүйізді шайтан шығып келіп бас салардай тұрған жұрттың бәрі үп еткен желдің де сыбдырынан үрейлене шошиды. Зәресі ұшып, мастығынан айыққан Ғаваның сөйлеуге де мұршасы жоқ. Ханда есін жиғанымен үрпиген шашын да жөнге келтірмеген күйі тұр. Ғаваның әйелі тезек теріп оралғанымен үйге кірмей өзін аршаның түтінімен аластап жатқанына қарағанда соншалықты есалаң адам емес секілді. Тосын оқиғадан үрейленгендіктен ес жиған болуы да ықтимал.

Шақырылып келген лама Жива бәріне қарап бас шайқайды.


- Мұндай да жаман ырым болады екен. Бірақ, қоныстан безіп үдіре көшудің қажеті жоқ. Үйренген жерден қымбат не бар. Қорқудан бұрын сабыр қылсаңдар қауіп сейіледі. Барлықтарыңыздың көздеріңізше бәрі бұрынғы қалпына келтірілсе қиналатын дәнеңе де жоқ. Көріңдер! Бәрін көз алдарыңда жоғалтамын – деді де, үйінен сандықтағы бірдемелерді алдырды. Әйелдерге су қайнаттырып түрлі бумалардағы ұнтақтарды салып араластырды. Оған өлген итті салып еді, еріген қант секілді бірте-бірте кішірейіп барып, кешікпей көзден ғайып болды. Жиналған жұрттың ішінен біреуге сабау ағаш ұстатты да қазанды араластыртты. Иттің еш белгісі жоқ, сұйық екендігі белгілі болған соң жамандық шақыратын теріс бағыт солтүстікке қарай шаштырып тастады. Сосын, тағы бір бума ұнтақты салып, от жаққан кезде сүттің қызыл түсі біртіндеп азайды да, сәлден соң аппақ қалпына келді. Жиналғандар мына бір таң тамашаға қайран қалды.


- Ал, осымен барлық дүние бұрынғы өз қалпына енді – деп, Жива лама жар салғанда көзін жұмып дұға оқып отырған кейуана да есін жиды. Ханда енді ғана ыңғайсызданып шашын түзей бастады. Ғава не істерін білмей отырып қалған. Жива оны жақтырмай ала көзбен бір атып шығып кетті.


Бұл оқиғадан кейін жұрт арасында шыны мен өтірігі аралас қауесет желдей есті. «Хөх Дэлтіде ит мүсінді сайтан пайда болыпты. Ғава лама оны атып та өлтіре алмай алысып жатқанда Жива келіп құтқарған екен» десті. Онысы ауыздан ауызға көшіп, елге кең тараған сайын түрліше құбылып жатты. Бірде ол өсекті ай бойы ел кезіп бас жазып жүрген бір маскүнемнің де құлағы шалды. Түс ауғанша ұйықтап өңі түсі қашқан маскүнем қонған үйінен бас жазар сұрайды. Олар рай бермей үйінен қуып шығады. Маскүнем аттанып кетіп жол жөнекей бірлі жарым үйге соққанымен олар да жылы қабақ танытпайды. Желдіріп отырып, қараңғы түсе бастағанда ұзынтұра Дэндэв дегеннің үйіне жетеді. Ана жолы сау кезінде осында түстенгендіктен ұялмай кіре алар еді. Үй иесі керуен түйелерін жеткізуге кеткендіктен өзінен жиырмашақты жас кіші жас әйелі жалғыз отыр екен. Маскүнемнің бар есі бас жазар арақта ғана болғандықтан барынша жағымпазданып, әйел қолынының әр қимылын аңдап отырды. Ол әлдебір бұрыштан ішімдік алып шығып құйып берсе, қолын дірілдетіп төгіп алмаудың, тезірек жұтып жіберудің қамын ғана ойлап отырды.

- Жүрген жерлеріңізде не жаңалық?

Әйелдің жай ғана тек тұрмас үшін қойған сұрағына ол мәз болып кетті. Әдетте олар «сенің үй-жайың қайда, қайтпайсың ба?» деп қуып шығатын еді. Ал, жаңалық сұрау деген жақсылықтың нышаны. Алайда, айта қоярлық жаңалық таппады. Қанша жерге барса да үнемі мас жүргендіктен құлағы шыңылдап есіне бірдеме түсер түрі жоқ. Кеше бір естіген шала-шарпы бірдеме там-тұмдап ойына оралды.

- Неше түрлі сұмдықтар болып жатыр. Таяуда не болғанын білесің бе? Ана уәкіл комиссар Нохойхүү (мағынасы: ит бала дегенді білдіреді. Ауд.) бар ғой, соны атып өлтіріп тастапты ғой.

- Қой, өтірік айтпағын!

- Иә, сөйтті. Мен өз көзіммен көрдім.

- Қолыңды көтер!

Үйде жас қатыннан өзге ешкім жоқ деп сенімді отырған маскүнем оқыс шыққан дыбыстан қатты сасып, жалма-жан қолын көтерді. Әлгі өлтірілді деген Нохойхүү төрдегі кереуеттің астынан еңбектеп шығып келе жатыр. Маскүнем оқиғаның шын немесе елес екенін айыра алмай көзін сүртпекке қолын түсірді.

- Қолыңды көтер! – деп, қайтадан бұйырғанда елес еместігіне көзі жетті де қалшылдай бастады. Тапаншасы мен қызыл чекист атағы жер жарған, жұрттың үрейін ұшырған уәкілді әлдекімнің төсегінің астында жатады деп кім ойлаған. Барынша жағымпаздануға тырысып бақты.

- Сіз… ө...л...мегенсіз бе? М...м...мен ...

- Иә, мен өлсем, сен жетісетін бе едің?

- Сен халық жауы! Не үшін мені өлді деп өсек таратып жүрсің? Шыныңды айтпасаң табан астында атып тастаймын!

- М...м...мен...Жи...Жива лама...сізді... – дегенде оның уәжін тыңдаудан жалыққан Нохойхүү тапаншасымен мұрнын нұқып:

- Сен ақымақ адам түсінетіндей бірдеме айтасың ба, жоқ па? Не болды? Жива лама мені өлтірмекші ме? – деп, айғай салды.

Атылып қалудан өлердей қорыққан маскүнем өзін құтқарып қалу үшін бас изей салды.

- Е, солай де. Оңбаған халық жауларына көрсетемін! – деп, Нохойхүү уәкіл тапаншасын қабына салды.

Тірі қалғанына қуанған маскүнем бетінен моншақтап аққан терді жеңімен сүрте салып тезірек құтылмаққа есікке қарай еңбектей жөнелді.

- Тоқта! – деген бұйрықтан соң маскүнем төрт аяқтаған күйі тырп етпей тұрып қалды. Уәкіл жылтылдаған қара хром етігін киіп, аузына темекі салды. Тапаншаны беліне байлап жатып былай деді:

- Біздің бастық та бір мисыз топастың нақ өзі. Бір де бір феодал лама қалдырмайық деп айтуындай-ақ айттым. Жеткізетін көлік жоқ деп көнбеген еді. Соның өзі осы халық жауының туысы шығар. Бір ғана оқпен шаруасын бітірмесем, ендігі олар көтеріліске дайындалып жатқан да болар.

Уәкіл маскүнемді ерте кетті. Жол-жөнекей көлеңкесі секілді қасынан тастамайтын Тодығырды да қосып алды. Оның шын есімі Түгдэв болғанымен Нохойхүү қайда болса, ол да қасынан бір елі қалмайтындықтан жұрт Тодығыр деп атап кеткен. Оның өзіне осы атау ұнайтын секілді, тізімге Тодығыр деп жаздырып қойған. Олар жар тастың сайына жеткенде түн ауған еді. Жива ламаның шаңырағынан шам жарығы көрінді.

- Көрдіңдер ме? Сұмырай халық жауы көтеріліске дайындалып ұйқысыз отыр деді де, Нохойхүү әудем жерде аттан түсіп қасындағы екеуімен бірге еңбектей жөнелді. Үйге жақындаған соң маскүнемге сойыл ұстатып, Тодығырға пышақ дайындатты. Өзі тапаншасын суырып алып аспанға бір оқ атты да:

- Қолыңды көтер! – деп айғайға басып үйге енді. Діни кітап аударып оқып отырған Жива шошып қалса да таныс адамдарды көріп сабырға келді.

- Оңбаған халық жауы сенің қару-жарағың қайда? – деп, Нохойхүү зіркілдегенде оған Тодығыр да қосылып:

- Саған өкіметтің өз өкілі сұрақ қойып тұр!

- Біздің үйде ет турайтын пышақтан өзге еш нәрсе жоқ.

- А, солай ма? Бермесең өзіміз тауып аламыз! – деп, Нохойхүү кітап үстелін теуіп домалатып жіберді. Тодығыр да одан қалыспай сөредегі кітаптарын бір теуіп шашып тастады. Маскүнем осылай жасауға тиіс деп ойлаған болар, тағы бірдемені тебемін деп аяғын оңбай ауыртты.

- Сендерге не болған? Біз монғол ағайындармыз ғой деп Жива лама бәйек болды. Есесіне Нохойхүү оған тапанша тақап:

- Улы діннің жыланы! Мен сенімен ағайын емеспін. Сотталғанда өзіңмен бірге ала кетпексің ғой, бүгін сен үй тұтқынысың! Ертең абақтыға саламын. Өзіңнің қандай жау екеніңді айтқызамын. Сенің уланған кітаптарыңды өртеймін.

Живаның екі қолын артына қайырып байлап, үйінің есігіне құлып салды да маскүнемді күзетке қойды. Өзі Тодығырын ертіп шауып кетті.

Жалғыз үйдің сыртында оңаша қалған маскүнем үрейден құтылды. Азаннан кешке дейін бас жаза алмай әуіреге түсті. Қорқыныштан қажыды, одан соң еңбектеп қиналды, тек Нохойхүүден қауіптеніп қана зорға шыдап жүрген. Сәл тынышталған соң сойылға жығылғандай жалп етіп құлады да терең ұйқыға кетті. Оның ірімшік қайнатқандай қатты қорылынан үріккен дала тышқандарының өзі індерінен шыға алмай тығылып қалды.

Келесі күні таңертең Нохойхүү уәкіл Тодығырмен бірге келгенде Жива әлдеқашан із суытып, маскүнем өлгеннен бетер қатты ұйқы құшағында жатты. Оның құйырығынан бір неше рет теуіп жүріп зорға оятты. Ұйқысын зорға ашқан маскүнем алғашында есін жинай алмай тұрды да дереу «өлтіре көрмеңіз» деп жалынуға көшті. Жива қолының байлауын шешкен соң шаңырақтан шығып кеткенге ұқсайды. Кітап, құралдарының барлығын дерлік әлде бір жаққа тасып әкетіпті. Кейбір кітап беттерінің шашылған парақтары арқылы із кескенде, батыс жақтағы тауға шыққаны белгілі болды. Кітап, қағаздарының маңызды дегендерін сонда апарып тыққанға ұқсайды. Ал, өзі сонау шыңараудың түбінде жатыр. Әлдеқашан демі үзілген. Жарылып кеткен сандықтың ағаш тақтайлары тікірейіп, қағазға оралған әлде бір ұнтақтар желге ұшып жатыр. Түнімен кітап, қағаздарын тасып әбден қалжыраған қария әлі кетіп, осы сандықты жасыруға апара жатып құз басынан аяғы тайып кетіп, құлап өлген көрінеді.


Қабылдау бөлмесінде болған оқиғаның жалғасы


Қабылдау бөлмесіндегі бикештің аты – Тэмүлэн. Ойына не оралса, соны алдында тұрған бейтаныс жігіттен сұрай берді. Сұрақты боратып болған соң ғана әлгі адамның бір де бір сұрағына жауап бермегенін аңғарды. Керісінше, үнемі аузын ашып қалып тұрғанын көріп өзінің оған кезек бермей сұрақпен төпелегенін сезді. Плащы қолқылдаған адам бикештің алдыңғы сұрақтарын ұмытқандықтан ең соңғысына ғана жауап берді.

- Адамды көрінбейтін қылатын жаңалық аштым.

- Мұны ғылыми жаңалыққа жатқызуға бола ма екен?!

Тэмүлэн доктордың хатшысы, жоғары білімді қыз болса да ол үшін адамды жасартатын дәрі ойлап тапқан ғалым ғана жаңалық иесі саналатын. Жоғарыдағы жауапты естіген соң алып ұшқан қуанышы су сепкендей басылды. Оның негізгі міндетінің өзі, ғылыми туындыны тіркеуге алып, бөлім меңгерушісіне таныстыру, кейбір көрер көзге анық сапасыз әрі талапқа сай келмейтін жұмыстар болса өз бетімен кері қайтаруға құзіреті жетеді. Алайда, соңғы он жылда ондай ешбір оқиға болмады. Сондықтан, оны не қайтарарын, я болмаса, бөлім меңгерушіге таныстырарын білмей екі ұдай күйге енді. Бірақ, «көрінбейтін ету дегеннің пайдасы бар да шығар. Егер беттегі әжімді жоғалтып жіберсе ше? Дәрігерлер ота жасауға рұқсат етпей отырған иегімдегі кішкентай қара меңді көрінбейтін етіп тастаса. Беттегі, маңдайдағы сепкілді де. Жалпы, кәріліктің бәрін жасыратын болса, жап-жас болып жүре беруге болмас па?» деген ой сап етті де жаңалық ретінде таныған дұрыс деп тапты.

- Сіз отырыңыз! – деп, диванды нұсқады.

Осы ғылыми-зерттеу орталық алғаш пайдалануға берілгенде жиырма шақты диван алынып барлық қабаттарға қойылған. Бірінші қабаттағы дивандар әлдеқашан тозып бітсе, мұндағысы су жаңа әрі оған алғашқы қонақ тұңғыш рет жайғасты. Тың жаңалықтарды тіркейтін дәптерді алмақшы болып еді, Тэмүлэн сейфтің кілтін қайда қойғанын ұмытып қалыпты. Негізі, үстелдің тартпасында жататын. Өткен күздегі мүлік санағында оны бір рет ашқан. Үлкендігі кішігірім тышқан мұрнын қанатуға жарайтын кілт қай қуысқа түсіп кетті? Іздеп жүріп әйтеуір плитканың астынан тапты-ау! Кофенің қақпағын ашып алып сол жерде қалдырған болып шықты. Сейф ашудың күрделі мәселесі осымен оң шешімін тапты.

Тэмүлэн тізім жасайтын қалың дәптерін ашты. Ерекше ғылыми жаңалық ашқан тұлға енді ондағы екіжүз елусегіз сұраққа жауап беруі қажет. Хатшы үшін қолы талғанша жазып бәрін толтыруға тиіс. «Жазған құлда шаршау жоқ», сол үшін отырғандықтан не шара.

- Ата-тегіңіз?

- Тойв.

- Аты-жөніңіз?

- Дүрэрэ (мағынасы: айнымайтын дәл өзі. Ауд.)

- Дүрэн дейсіз бе?

- Жоға, Дүрэрэ.

- Бұл сонда, сіздің атыңыз ба?

- Иә!

- Осылай жаза берейін бе?

- Сөйт!

- Ғылыми-зерттеу тақырыбының мотиві қашан ойыңызға оралды?

- Өткен ғасырда.

- Жасыңыз?

- Қырықтамын.

- Сіз қырықта бола тұра жұмысыңыз қалайша өткен ғасырда басталады?

- Жүз жыл бойы сынақ жаслмайды ғой. Адамды көрсетпейтін ету туралы ой өткен ғасырда пайда болған.

- Олай болса, сізден бұрын бұл істі біреу бастаған екен ғой?

- Иә.

- Бұл не сонда? Сіз өзі о дүниелік болып кеткен ғалымдардың туындысын пайдаланып жүрген жоқсыз ба? Ондайлар ғылыми жаңалықтарға жатқызылмайды ғой...

- О, не дегеніңіз...

- Қазіргі жұмыс орныңыз?

- Асханада көкөніс қоймашысы.

- Мұныңыз ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтына қарай ма?

- Жоқ, қоғамдық тамақтандыру басқармасына қарайды.

- Не?!

Тэмүлэн қаламын үстелдің үстіне тастай салды. Жарайды, өткен ғасырда жұмысы басталған-ақ болсын. Не үшін ол асханада қоймашы болып жүріп, ерекше ғылыми жаңалық ашады? Тым құрығанда, ғылыми мекеменің бірінде жұмыс істемес пе? Оның өзінде алдымен ғылым кандидаты, сосын доктор болуға тиіс. Содан кейін барып, бірнеше ірі ғалымдардың кеңесімен, солардың басқаруымен ғана жаңалық ашпас па еді?!

Тэмүлэн өзін өзі сөге бастады. Сақалы қаптай, олпы-солпы киінген қайдағы біреуді тіркеуге дәптерді бүлдіргеніне өкінді. Енді ертерек тоқтатпаққа бел байлады.

- Сіздің жазған ғылыми еңбегіңіз қане?

- Қайдағы жазған еңбек? Мен тікелей жұмыс жүргізіп жатырмын.

- Қане, сол жасаған өніміңізді ұсыныңыз!

- Қандай өнім?

- Адамды көрінбейтін ететіндей бір дәрі-дәрмек жасаған шығарсыз? Қане, көрсетіңіз!

- Дәрі-дәрмекпен қалай адамды көрсетпей қоймақ?

- Енді қалай жасайды?

- Бұл өте күрделі дүние. Қалай түсіндірсем екен. Физика мен химияны өте жетік меңгерген адам ғана оны түсінеді. Қыруар күрделі жұмыс, химикат заттар, құрылғылар және жарық сәулелердің негізінде оны жүзеге асыруға болады.

- Қалай десеңіз де сізде көрсетер дүние жоқ болғаны ғой...

- Нені көрсетуім керек сонда?

- Адамды көрсетпейтін ететін затыңызды алып келіңіз. Мен оны көрінбесе де тым құрығанда ұстап көріп тізімге алуым керек. Егер мүмкіндік болса, менің көзімше көрінбейтін етіп жасасаңыз тіпті жақсы.

- Әттең, дәл ондай мүмкіндік жоқ. Мен көп нәрсеге мұқтажбын. Олай болмағанда ғой, көрсете алар едім, амал нешік.

- Онда енді лажы жоқ. Біз нақты дәлелді дерекке ғана негіздеп тізімге аламыз. Сіздің айтып тұрғаныңыздың рас, өтірігін қайдан білеміз.

- Ендеше, мен мейлінше дәлелдеуге тырысайын деп орнынан атып тұрды.

Олай болады деп ойламаған бикеш шошып қалды. «Бұл өзі жүйке ауруына шалдыққан адам емес пе екен» деген ой сумаң еткенде қорыққанынан бастығының кабинетіне жүгіріп кіре жаздады. Десе де, заты әйел болған соң оның дәлелін көргісі келіп орнынан жылжи қоймады. Дүрэрэ алдымен қолқылдаған плащын шешіп диванның үстіне тастады. Сосын, пиджагін, көзілдірігін, шляпасын плащтың үстіне тастады.

Тосын жағдайға тосырқап қалған хатшы не істерін білмей қашан оның жоғалып кетерін күтіп, аузын ашып қарап тұрды. Мәйкесін шешіп жібергенде қыз шошығанынан бір мәрте аһылады. Оған мән берген жігіт жоқ, анау-мынау дегенше бәтеңкесін шешіп, шалбарын сыпырып қалғанда Тэмүлэн шаңқ етіп айғайлады да еденге сұлқ етіп құлады.



Ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі


Қабылдау бөлмесінде әдеттен тыс оқиға өтіп жатқанда ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі Оюут ересек адамдарға арналған дәу бесік сынды жайлы да жұмсақ кеңсесінде газет беттерін парақтап отырған. Өндірістегі станок машинасының жанында күні бойы аяғынан тік тұрып нәпақасын табатын жұмысшыны мұнда әкеліп жұмсақ креслоға отырғызса «жұмақ секілді мамыржай неткен ғажап тыныштық еді» деп, жарты сағатқа жетпей терең ұйқыға кетер еді. Одан кейін барып, еш сыбдырсыз өлі тыныштықта жалғыз өзі күні бойы сенделіп отырудың қиындығын сезер-ау. Сосын барып, жоғары жалақы алатын да жөні бар екен деп мойындаған болар еді. Бөлім қожайынының қызметінде осынша тауқыметі көп болса да ол әйтеуір бүгінге дейін ұйықтамай-ақ күнелтіп жүр. Жалпы кабинетте ұйықтап алуға да болады. Бірақ, ол өзінің жауапты қызметкер екендігін саналы түрде түсінген мәдениетті адам болғандықтан басшылар кіріп келсе ұят болады деп есептейді. Оның сыртында күндіз ұйықтаса түнде ұйқы қашып дөңбекшиді. Онда әйелі «ғылым үшін жан аямай жүріп, жүйкесі сыр берді» деп жедел жәрдем шақыртып, екпе жасатып әуіреге салады. Ол ине атаулыны аса жек көреді. Сонымен хатшысының әкеліп беретін газет, журналдарды жүгіртіп оқумен күндерді арта тастап, он жылды өткерді. Уақыт деген жүйрік қой. Кеше ғана шидиген арық сары жігіт университет бітірген еді. Қаншама жылдар артта қалған. Кеше болған дүние бүгін жоқ, мүлде жоқтан бар пайда болған.

- Құлыным, тамағыңды іше ғой – деп, еркелете шақыратын анасының даусы бұл әлемде мәңгілік естілмеске айналғанда, он жыл бұрын түсі тұрмақ атын да білмеген ұзын бойлы аққұба келіншек отбасының төтенше және өкілетті мүшесі болып алған:

- Сүйіктім, сусын іш, тамаққа кел! – деп, бар мейірін төгіп жүргені.

Жалдап тұрған киіз үйі үш бөлмелі жайлы пәтерге айналған. Алғаш келгенде қаңыраған бос қабырғадан басқа ештеңе болған кең пәтері қазір бағалы жиһазға лық толған. Отыз тістің бірлі жарымы түскенімен орнына алтынмен қапталған жаңасы орнаған.

Өмір деген күрес деп жатады. Осы күресте жеңген адам ғана игіліктің шыңына шығады дегенге ерекше бөлімнің меңгерушісі күмәнмен қарайды. Оны күреспеді деуге келмейді. Күрескен сайын жеңіледі, жеңілген сайын өмірі гүлдене түседі. Дәл қазіргі сәтте ол өзінің қарынымен қатты күресіп жүр. Екі-үш жылдан бері қарны екіқабат әйелдерше қампиып, барған сайын өсе түсуі жүріп-тұруда қиындық тудыра бастады. Суық сумен ысқылап, түрлі жаттығулер жасап, таңертең жүгіріп қысқа мерзімде қалпына келтіруге тырысты. Одан еш нәтиже шықпаған соң бәрін тастап енді жай керіліп-созылумен ғана шектеліп қалды.

Газет оқып біткен соң Оюут әдеттегідей керіліп-созылып жатқан. Кенет әйел адамның шыңғырған даусы естілді. Мүлгіген тыныштыққа әбден бой үйренген соң ол дауыс әжептәуір үрей тудырды. Не болғанын бажайлай алмай отырғанда екінші рет естілді. Хатшысының даусын таныған соң жүгіріп шықты. Қабылдау бөлмесінде кілем үстінде Тэмүлэн сұлқ түсіп жатыр. Қасында ішкиімнен басқа дымы жоқ жалаңаш жігіт. Адамға алдымен жаман ой жүйрік қой, тез жетеді. Бұзақы біреу екен деп өзінің тышқақ лақ құрлы қауқарсыздығын ұмытып, жігіттің қолынан шап берді.

- Сен неғылған адамсың? Мұнда неғып тұрсың? – деді де, жігіттің көгала қойдай дақтары бар сиқын көріп «Тэмүлэн мұны осыншама етіп сойып салғаны ма» деп таңданып оны қоя берді.

- Не болды? Қалайсың? – деп, хатшысын тұрғызбақ болғанда оның пәлендей естен танбағанын білді. Әлде, талғысы келіп онысы болмаған ба, кім білсін, алдымен сыңар көзін, сосын келесін ашып қарады да:

- Мен мына кісі шешіне бастағанда мүлде көрінбей жоқ болып кетер деп қорыққан едім. Сөйтсем, көрініп тұр ғой.

Тэмүлэн босқа әуіреге түскеніне өкінгендей орнынан тұрды. Оюут бейтаныс жігітке бұрылды.

- Сіз неге ресми орында бұлайша тұрсыз? Бұл емхана емес қой, сізге!

- Хатшыңыз менен дәлел талап етті ғой.

- Қайдағы дәлел?

Осы сәтте әңгімеге Тэмүлэн араласты:

- Мына кісі адамды көрінбейтін ететін жаңалық аштым деген. Дәлелдеме сұрап едім, шешіне бастады. Сонда да жоғалған еш нәрсесі жоқ.

- Сіз неге шешіндіңіз?

- Дәлелдеу үшін.

- Нені?

- Денемдегі көк дақтарды көрмей тұрсыз ба?

- Не болған. Тәжірибелік сынақ жасап жүріп зақымдап алдыңыз ба? Немесе көрінбейтін етуіңіз шала болып шұбарланып қалдыңыз ба?

- Жоға. Сіздер «Көрінбейтін адам» деген кітапты оқымағансыздар ма? Бас кейіпкері адамдардан таяқ жеп өлмейтін бе еді. Менің мына дақтарым сол таяқтың ізі, әлі арылған жоқ. Мен сол көрінбейтін адамның кейінгі бейнесімін ғой.

Ол киіне бастады. Оюут хатшысына көзбен ымдады да, «бастаған істі жалғастыра беріңдер» деп өзі кеңсесіне кірді. Телефонын алды да жүйке аурулар емханасына қосты. Бас дәрігермен сәлемдескен соң есік жаққа жалтақтай отырып, біртүрлі адам жайында мәлімдеді.

- Аты-жөні кім, қандай адам екен?

- Дүрэрэ дейді, денесі толған көк дақ.

- Біздің мәлімет бойынша ол кісі сап-сау адам. Науқас екен деп күмәндануға еш негіз жоқ.

- Сіздер адамды көріп, білмей-ақ телефонмен сұрап диагноз қоя салатын болғансыздар ма? Бұларыңыз нағыз ғылыми жетістік екен. Бізге келіп тіркетсеңіздер қайтеді.

- Біз ол кісіні түрлі орындардың талабымен әлде неше рет тексеріп көз жеткізгенбіз. Сондықтан сенімдіміз. Анықтама құжаттарыңды үнемі алып жүр деп өзіне тапсырғанбыз. Көріп танысуларыңызға болады.

Бас дәрігер тұтқаны қойып тастады. Енді қайда хабарламақ. Сақшыларды шақыратын емес. Ерекше бөлімнің меңгерушісі әлгі біртүрлілеу адаммен өзі тілдесуіне тура келді. Қабылдау бөлмесіне қайта бас сұғып, енді ғана киініп болған Дүрэрэден дәрігерлік құжаттарын сұрады. Ол өзін есуас деп күдіктендің деп ренжудің орнына бір топ қағазды қуана-қуана суырып әкеліп көрсетті. Онда небір анализ бен сараптамалар баршылық екен. Кейбірі үш күн бұрын ғана жасалған. Бәрінде «дені сау» деген белгі соғылып дәрігерлердің қолдары қойылған, бас дәрігер растаған. Қанша жерден күмәндансаң да ресми құжатқа дау айта алмайсың ғой. Дүрэрэні кеңсесіне ертіп әкеліп сөйлесті.

- Сіз адамды көрінбейтін ету тақырыбы бойынша зерттеу жүргізесіз бе?

- Иә.

- Жақсы, ғылыммен айналысасыз. Олай болса, диссертацияңыз қайда? Міндетті түрде біздің бөлім арқылы өтудің қажеті бар ма? Бірінші қабаттағыларға жұмысыңызды көрсеттіңіз бе?

- Сіз менен қайдағы туынды талап етіп отырсыз?

- Сізге ғылыми дәреже керек қой. Ол үшін монография жазылуы қажет. Сіз бұл жағдайдан хабарсыз болғаныңыз ғой.

- Менің ғылыми дәреже қорғайын деген ойым жоқ.

- Енді не істейін деп едіңіз?

- Адамды көрінбейтін қылайын дегенмін.

- Солай-ақ болсын. Онда неге бізге келдіңіз? Жасап жатқан жаңалығыңызды тіркетпек пе едіңіз?

- Жоға.

- Енді ше?

- Ең бастысы, мен материалдан мұқтаждық көріп отырмын. Белгілі бір затты көрінбейтін қылып, сосын, қайтадан оны өз қалпына келтіру үшін бірмың сегіз жеке және қосынды химикат керек. «Көрінбейтін адам» деген кітапта бірмың бір деп көрсетілген. Менің біліксіздігімнен шығар, жеті химиялық зат қосымша талап етіліп отыр. Мен негізі 999 затты әйтіп-бүйтіп тауып, жасап алғанмын. Ал, дәл тоғыз зат мүлде жоқ болып жасайтын сынағым тоқтап тұр. Оның ішінде үшеуі өте маңызды. Онсыз менің жұмысым еш жемісін бере алмайды. Өзгелері сапаға әсер еткенімен басқалармен алмастыруға болады. Оған қоса күрделі құрылғылар да қажет. Амалым таусылған соң сіздерден көмек сұрап келген жайым бар, (Оның әңгімесінен жынды адамның сиқы байқалмайды)

- Сізде қазірге дейін бірдемені көрінбейтін еткен дүниеңіз бар ма?

- Әзірге жоқ. Теориялық тұрғыдан бәрі шешілген. Ең бастысы, қажетті химиялық зат жетіспей тұр ғой. Әйтпегенде менің сізге көрсетерім де болатын еді. Қажетті заттарды табуыма көмектесіңізші! Егер заттарды тапсырыспен алдырған соң нәтиже шықпаса мен барлық жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын.

- Сіз неге бүгін ғана келдіңіз? Жасап жатқан жұмысыңыз туралы біздің өзге әріптестермен сөйлестіңіз бе, көмек сұрадыңыз ба?

- Бірнеше жыл бұрын сіздің орталық ескі орнында тұрғанда екі-үш рет келгенмін. Алғашқыда қуып шыққансыздар. Кейінгі жолы жындыханаға аттандырдыңыздар. Соның салдарынан оншақты күн сонда жатып тексерістен өтіп уақыт жоғалттым. Сосын, сіздерге жоламайтын болдым. Ғылым кандидаты болғың келсе, тақырып бекіттір дегенді бәрі айтады.

Тың жаңалықтың соңына түскен шын ғалым соған барынша беріліп, дертке шалдыққандай күй кешетінін Оюут жақсы біледі. Дүрэрэден сондай сипат аңғарылады. Әңгіме одан ары қыза түскен соң меңгеруші оның базалық мамандығын сұрады.

- Нақты ештеңе жоқ.

- Ол не деген сөз?

- Мен жалпы білім беретін орта мектеп қана бітірген адаммын.

- Жоғары оқу орнын бітірмегенсіз бе, сонда?

- Иә - деп, Дүрэрэ ауыр күрсінді.

Ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі қайтадан үміт үзе бастады. «Мұның жүйкесі сыр берген жоқ па екен» деген ой қайтадан сумаңдады. Орта білімді адам жаңа бастамалар ойлап таба алады. Жаңа құрылғылар жасауы да мүмкін. Ал, ерекше жаңалыққа келгенде тым балаң болмай ма? Әсіресе, адамды көрінбейтін етуге келгенде тіпті ақылға қонбайды.

- Сіз негізі алдымен университет бітіріп білім алыңыз. Сосын, ғылыми қызметкер боларсыз. Түрлі ғылыми әдебиеттермен жүйелі түрде таныса келе қазіргі ойыңыздан айнып қаларсыз, бәлкім. Жалпы әлем ғылымы мұны аса құптамайды, мүмкін емес деп біледі.

- Сіз мені түсінбедіңіз.

- Мұнда түсінбейтін не бар – деп, сөзін бөліп жіберді.

«Адамның уақытын зая кетірген неғылған адам? Тым ірі нәрсеге бас қатырған екен де» деген оймен ол әңгіме біткендігінің белгісі ретінде жүзін суытып, қолына газет алып көз жүгіртті. Сонда да әлгі есалаң кететін түрі жоқ, омалып әлі отыр. Оған бастықтың жыны келе бастады.

- Сіз неге кетпей отырсыз?

- Егер мені дым білмес біреу деп ойласаңыз тексермес пе екенсіз.

- Болатын жағдай.

Оюуттың күлкісі келді. Ойға келмеген ұсынысты өзі айтты. Біртүрлі адамнан құтылудың ең оңай жолы да осы еді. Университеттің үздік түлегі, ғылым докторы үшін небары онжылдық қана білімі бар адамның аузын жабу не тәйірі. Дереу әдетте кез келген студент сүрініп қала беретін сұрақты періп қалып еді, «е, осы-ақ па?» дегендей сыңай танытқан біртүрлі адам оған қысқа да нұсқа жауап қайтарды. Сосын, біршама күрделісіне көшті. Орта білімдіміз оңайлықпен шағылмайтын жаңғақ болып шықты. Онымен қоймай жарық сынығы теориясына келгенде емтиханшымен сөз таластырып қалды.

- Ғалымдардың мойындауынша…

- Оны білемін. Бірақ, барлық гәп сол классикалық формулаңызда болып тұр ғой. Голландиялық бір ғалым оны басқаша анықтайды, Норвегия профессорының пайымы тіпті қызық. Десе де, менің олармен үш мәселеде келіспеуімнің өзіндік себептері бар.

Осылай деген біртүрлі адам өз тұжырымын дәлелдеп бақты. Доктор оның аузын бағып тыңдаумен болды. Дүрэрэ қалтасынан бор шығарып келіп, алдымен үстелге жаза бастаса, кейін еденге ауысып неше түрлі формуланы жазып тастады. Бөлім меңгерушісі кәдімгі студент секілді қызықтап қарап отырып қалған. Ақыры, оның уәжіне мойынсынды.

Өзінен жеті-сегіз жас кіші, қолқылдаған плащ киген, көрер көзге қораштау жігіттің сала бойынша энциклопедиялық терең білімді екені аңғарылып тұр. Жүйелі түрде жоғары білім алмаса да осыншама білікті болуы ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісін таң қалдырды. «Туыс-туғандары ірі ғалымдар болса керек. Отбасында жақсы тәрбие алған ғой» деген оймен:

- Әке-шешеңіз қандай мықты адамдар еді? Оқымысты ғалымдар отбасында өскеніңіз көрініп тұр.

- Менің ата-анам қарапайым малшылар. Ал, менің дүниеге келуім қызықты оқиғаға негізделген көрінеді. Содан да шығар, атам мені ерекше адам болады деп сенген. Ал, мұғалімдерім оны оны жоққа шығарып, адамда табиғи дарын деген атымен жоқ. Тоқсан тоғыз пайыз еңбек етумен ғана табысқа жетуге болады деп түсіндірген. Мен бұл туралы айтуға соншалықты құлықты болмасам да өзімді таныстыру мақсатында сізге бар шындықты ашып, баяндап берейін.



Қырсық әке


Бір итке қатысты оқиғадан кейін жұрт менің атам Ғаваны лама санатынан шығарып тастаса керек. Кейбірі тіпті рух көтеретін ешкім таппағанда ғана жол-жөнекей менің атама соға салғандарын жасырмайтын көрінеді. Ондайда ол кісі әжептәуір ренжіп қалады да:

- Мен діндарлықтан кеткен адаммын. Жаттаған дұғаларды да ұмытыппын. Рух көтертуді менен гөрі біздің кемпір жақсы жасауы бек мүмкін – деп, жақауыратқанымен іштей «Оқитынды оқи аламын, бал ашқанда да мүлт кеткеннен дөп түскен жерім көп шығар» деген ойда болады екен. Бірде екі аты жоғалып кетеді. Бал ашып көрсе жақын тұрған болып шығады. Іздеуге өзі аттанайын деп жатқанда қуғын-сүргін кезінде туған жалғыз ұлы баруға сұранады. Тағы да бал ашса, екеуінің қайсысы барса да айырмашылық жоқ дегендей болып түседі.

- Жарайды, ұлым сен барып кел! Ат жалын тартып міндің, «атың барда жер таны желіп жүріп» деген бар. Бал ашып едім, екі ат ұзамаған секілді.

Менің әкем Тойв «ұзамады» деген аттарды сол маңнан екі тәулік іздеп таба алмайды. Сол сәтте ұзамаған болса, енді кетіп қалған шығар деп өзге ауданның жерлерінен іздейді. Жол ортасында азығы таусылып, шөлдейді. Қайтып кетпекші болса да, өзі сұранып аттанған соң іздеуін жалғастыра береді.

Бір күні теріскей бетте сайдың аузында тұрған үлкен қара үйге түседі. Үйдегі тапалтақ бойлы қара қатын берген сәлемін де алмастан құр ауыз шығарып салады. Жолында тым құрығанда бұлақ та кездеспейді. Ақыры, аттан бұрын бір кесе шай тауып ішу мұң болады. Бір кезеңді асса, үлкен ақ үй тұр. Атын аяңдатып үй сыртына жетеді. Осы маңның адамдарының сараң екенін білген әкем үй сыртында жайылған құрт-ірімшік болса, қойынға тығып кетейін деп бір жабулы жүкті ашса, жылқының терісі көзге шалынады. Қызық болғанда өзі іздеп жүрген жылқының терісі екендігі тіпті таңбасына дейін анық көрініп тұр. Бұған таңданған әкем үйге кірсе, өзінен бірлі жарым жас қана үлкендеу бикеш іс тігіп отырады. Амандасып, оң жаққа жайғасқан соң жоғалған жылқы жайында бірден сөз қозғамайды. Үй иесінің қас қабағын аңдып, алдымен ішіне ел қондырып алуды ойласа керек. Оның құйып ұсынған тары қосылған сүтті шайын қолынан қағып алып, аузы аузына тимей ішіп жеуге кіріседі. Судан шыққан тышқанша тершіп кетеді. Оны жас бикеш көз қиығымен қарап отырады. Қанша жерден ұялса да аштық одан бетер тақымдап қысып бара жатқан соң әлсін-әлсін құйып ішіп, дастархандағы бауырсақты қаймақпен қоса ұрып отырады. Сәл ес жиған соң әңгімеге кіріседі.

- Ойық таңбалы күрең ат көрінбеді ме?

- Байқалған жоқ.

- Бұл кімдікі болады?

- Ендон деген кісінікі.

- Сіз де қонақсыз ба?

- Мен әйелі боламын. Сізге не керек еді?

- Мен жоғалған атымды іздеп жүр едім. Сіздердің жабулы тұрған жүктеріңіздің ішінде атымның терісі жатқанын көрдім. Оны сіз білмейтін болғасын қонақ па дегенім ғой.

- Сіз таныған болсаңыз солайы солай шығар. Менің күйеуім бірнеше күн бұрын жетелеп әкелген. Енді есіме түсіп отыр, жылқының түсі сіздің айтқаныңызға келетін секілді – деп, келіншектің екі беті қызарып төмен қарайды да ісін тіге береді.

Әкемнің несі кетіпті, ұзын мүштегін қонышынан суырып алып, темекісін тұтатып кеш батқанша отыра береді.

Келіншек тамақ істеп үлкен табаққа салып ұсынады. Әкем алдында ғана бауырсақ пен қаймаққа тойып алғандықтан өз атының еті ме дегендей ой келіп «ұрлықтың тамағын жемеймін» демекке оқталады. Бірақ, сарымсақ, пияздың иісі жас етпен қосылып, тәбетін ашып жібергендіктен бұйырған ас қой деп ұрып алады. Жылқы іздеп шаршағандығы бар, ыстық тамақтың буы бар, әкем қылжиып жатып қор ете түседі. Жеңінен біреу тартқан соң шошып оянады:

- Ағатай әлі келмеді ме?

- Әлі жоқ. Сізге төсек салып қойдым. Жатып демалыңыз.

Әбден діңкелеген әкем жастыққа басы тие сала шырт ұйқыға кетеді.

Таңертең оянса, күн баяғыда төбеге көтеріліп қалған екен. Шай ішкен соң далаға шығып, үй іргесінде отырады. Бөтен үйдің қасында іннің аузын аңдыған тазыша қақиып отыру иен далада арып-ашып жоқ қарағаннан бетер қиынға соғады. Күні бойы күтсе де үй иесі келмеді. Келесі күнді де тау қыратына көз салумен өткізеді. Келіншек қойларын сауып, тезек теріп дегендей тыным таппайды. «Текке отырғанша, жұмысына көмектессем бе екен» деген оймен бірге «Атымды ұрлаған шаңырақтың шаруасын жайлап жүруім керек пе?» деген сауал да қосарлана кетеді. Дегенмен құдықтан су тарта бастаған кезінде қарап отыра алмайды. «Күйеуі ұрлаған шығар, мұның не кінәсі бар» деп қауғаны қолға алады.

Күн батарда дене бітімі толық ірі адам келіп жетеді. Әлгі Ендон дегені сол екен. Жоқ қараудан және күтуден әбден жалыққан әкем оны үйге кірерінен бұрын алдын тосып сөйлеседі.

- Сіздің жүктің арасындағы аттың терісінің жай жапсарын түсіндіріп беріңіз!

- Сойылған малдың терісі ғой. Осыны сұрау үшін күттің бе, хе-хе-хе?

- Онда біздің таңба басылған екен.

- Сендердің таңба басылса, сенің жылқың болса керек. Иә, інішек! Жер-су қайда, аты-жөнің кім, ата-анаң кімдер болады?

- Оның не қатысы бар? Сіз мені тергегенше, жылқымның жайын түсіндіріңіз!

- Сені әлі түсінбей отырсың ба? Терісі біздің жүкте жинаулы тұрса, ол қалай тірі болмақ, хе-хе-хе!

- Біреудің атын ұрлап алып, қалай ұялмайсыз?

- Қайдағы ұрлық?! Мен мұны нарда ойнап ұтып алғанмын. Ат ұрлаған адам ұялмаса, мен несіне ұялады екенмін?

- Олай болса, сол адамды маған тауып бересіз!

- Кетік тіс сары адам болған. Екі ат жетектеп жүрді, бірін маған бере салып шауып кеткен. Інішек сен оны таба алар ма екенсің?

- Қалай болғанда да терісі сіздікінен табылған соң сізбен ғана сөйлесемін. Сол адамды тауып бересіз!

- Өзің ат іздеп, маған адам іздеп қоймақсың ғой, хе-хе-хе! Екеуміз нарда ойнайық! Мен жеңілсем, сенің атыңды төлеймін. Сен жеңілсең, мені мазалама!

- Мен сізбен құмар ойнауға келген жоқпын.

- Ер азамат жоғалған ат іздеп мыжырайып жүргенше көңіл көтеріп ойын ойнаса жолы болады.

Әкем көнбеген соң ол төсек салдырып жатып алыпты.

- Атымды алмайынша сіздің үйден кетпеймін! – деп, әкем өзінше қорқытпақ болады.

- Біздікінде тұра бер, маған десең. Әйеліме серік боласың, тіпті жақсы.

Еш нәрсені пысқырмайтын кең мол жаралған үй иесіне таңертеңгілік әйелі су әкеліп беруін өтінеді. Ол, болса әй-шәй жоқ, менің әкеме:

- Қанеки, інішегім! Сен зытып келе ғой!

- Мен сіздің үйдің жұмысын істеуге келген жоқпын.

- Онда не үшін жүрсің, өзің?

- Жоғалған атымның ізімен жүргенімді кеше ғана сізге айтқан секілді едім ғой.

- А, иә! Солай екен-ау. Алдымен інім сен су алып кел. Сосын, әлгі бір қу тулақтың мәселесін шешеміз – деп, болмаған соң әкем татулықты ойлап су әкеле салады.

- Ой, інішек! Мына қатын құлақ етімді жеп болмады. Ана қой қораны жөндеп бере салшы!

- Қойыңыз, ағатай!

- Жарайды, жөндей сал, енді! Маған несіне ренжисің? Атыңды ұрлаған мен емеспін.

Ақыры, болмаған соң кетеуі кеткен қорасын жөнге келтіреді. Иіс алмас Ендон оңай адам емес болып шықты. Әйтеуір, алдап-сулап жүріп, бар шаруасын реттеп алады. Атының құнын алу былай тұрсын, енді өзі біреуге жалшы болуға айналады. Сөйтіп жүргенде бір күні әлгі Ендон ер тоқымын салып аттанып жүре береді. Әйелі жалма-жан айғайлап үлгереді:

- Әй, сен қайда кеттің? Осылай үйге тоқтамайтын не жының бар? Мына кісі күтіп отыра ма, осылай? Ана атының мән-жәйін реттеп кетсеңші!

- Інішек! Ағаң оралғанша біздің үйден өз атыңның етінен жасалған тамақты жеп жата бер! – дейді де тартып отырады.

Оның қашан келерін күтуден өзге амал қалмайды. Алғашқы күні әдеттегідей тау бөктеріне көз салумен өтеді. Келесі күні қол қусырып отыра алмай келіншекке су тасып, отын жарып береді. Үшінші күні әкем қашанғы біреудің босағасында жалшы болып жүремін, шығынға шырпы қосқанша кетейін жинала бастайды. Алайда, оны жас келіншек тоқтатады:

- Менің күйеуім бейғамдығымен атаққа шыққан адам. Ұрлық жасамайтын шығар деп ойлаймын. Бірақ, қайда не істеп жүргенін ит біле ме? Кейде айлап та кетеді. Дегенмен, сәл күтіңіз. Алыстан ат арылтып келгесін шаруаңызды тындырып алып кетсеңіз жөн болар еді.

Сосын, әкем екі күн бөгелген екен. Бұл жолы бейғам Ендон алысқа кеткен секілді. Әкем де жалықса керек, келіншекке айтады:

- Отағаңызды күтуге менің бүкіл ғұмырым жететін түрі жоқ. «Есім барда елімді табайын».

- Біздің қойдың жартысын бөліп алып кетіңіз.

- Мен өз атымды іздеп шыққан адаммын. Біреудің малын тонау ойымда жоқ. «Жеп жетеу, алып алтау болмаспыз».

- Жалпы, мен сізбен бірге кетейінші! Қойларды айдап кетейік. Зайыбы болғасын соңымнан іздеп барар. Мені санатқа жатқызбаған күннің өзінде қойларын далаға тастамас.

- Оның қалай болар екен. Ат үшін біреудің некелі жарын әкеткенім ерсі емес пе?

- Мен бұрыннан кеткім келген. Иен далада мені ойлаған кім бар? Жалғыздықтан құса болып біттім. Қашанғы иен үйді күзетіп отырамын? Азар болса, Ендонның жүрегіне тиіп, ол түзелер. Тым құрығанда сіздің жолыңыздағы ел-жұрттың қарасын көріп сонда қалайын.

Әкем бір жағынан келіншекті аяса, бейғам Ендоннан есе қайтаруды тағы ойлап, қойын айдап, әйелді ертіп үйге қарай тартады.

Әкемнің осындай халде жүргенінде атам одан бетер абыржып есінен танады. Күнде бал ашумен басы айналады. «Ертең келеді» деген жорамал айтады. Келмеген соң «менің ашатын балым адасып біткен екен» деп асықшасын лақтырып жіберетін көрінеді. Білетін барлық дұғаларын оқып бітіреді. Сөйтіп амалы таусылып отырғанда ұлы жиырма шақты қой айдап, бейтаныс келіншек ертіп жетіп келеді. Атам жылап-сықтап ұлын бас салып құшақтайды. Ес жиып мән-жәйді білген соң бал ашатын асықшасын бір лақтырып, қайта алып, ұлы біреудің әйелін алып келгенін естіген соң жатып кеп тулайды:

- Саған жоғалған атты тауып кел дедім бе, әлде, біреудің әйелін ұрлап әкел дедім бе?

- Біздің атты әкеліп бергенше келіншегі осында болады.

- Аттың аманатына адам әкелгені несі? Күнә ғой, мұның. Айықпас дауға қаламыз. Дереу үйіне жеткізіп сал!

Оған әкем қозғалмайды. Өзі апарайын десе атам жол білмейді. Бір жыл өтсе де бейғам Ендон әйелін іздеп келмейді. Есеп айырысып біттік деп санаса керек. Күйеуіне ренжіп, көңілі қалған Бурма оның осы күйі ұмытып, иен далада ит құсқа жем болса да қайырылмасын айтады. Ақыры, әкем екеуі қосылып, екі жарты бір бүтінге айналады. Ал, менің анам болған сол әйел өңірге аты шыққан әулие оқымысты лама Живаның бел баласы болып шығады. Ол лама бас құрамаса да бір қызбен әмпей-жәмпей болған көрінеді. Анасы дүниеден өтерде қызына сырын ашып кеткен. Осылайша, бір кездері өзара бақталас болған екі діндар ақыры құда болып тынды. Келінінен мұны естіген Ғава ата «Тағдырдың сыйы шығар, ұлыма жақсы адамның перзенті жар болды» деген көрінеді. Анам бала көтеріп, көктемнің сонау бір көгілдір кешінде әлемге жар сала іңгәлап дүниеге мен келіппін. Денемдегі жібек матаға салынған ою секілді көк дақтарды көрген жұрт:

- Бұл өзі неғылған бала? – деп, таңданысқан көрінеді.



Ата мен немере


Сәбидің денесіндегі дақтар ел назарын аударады. Қазіргі заман болса, пысақай біреулер баяғыда бір монография жазып, ғылым кандидаты болып шыға келер еді. Алайда, ол тұста ондайлар қазіргі ламалардан да сирек болды. Ғава ғуай ғана ғылымға қайшы келетін мынандай тұжырым жасаған:

- Бұл бала Жива ламаның қайта туылған бейнесі, рухы.

- Қалайша?

- Көрмейсіңдер ме? Мына көгерген дақтарды... мұның бәрі Жива ламаның тастан тайып, таудан құлағанда денесіне түскен жарақаттың іздері.

Қарияның уәжін жоққа шығаратын біреу шықпады. Ұлы мен келіні әкелерінің айтуымен сәбидің оң құлағына «сенің атың Дүрэрэ» деген. Жұрт Ғава ламаны мойындауды әлде қашан қойғандарымен осы жолғы сөзіне қатты иланған. «Расында, дәл өзі, тура дүрэрэ» десіп сәбиді қызықтайтын болды. Бірде кемпірі шалына айтады:

- Бүгін кішкентайымыз тапыл-тұпыл басып жүре бастады.

- Әне, айттым ғой, аяғын ерте басты. Өзгеше екені көрініп тұр.

- Қайдағы ерте... Дүрэрэден кейін туған Самданның қызы әлдеқашан жүріп кеткен.

- Оны қойшы, қыз ғой. Кездейсоқтық шығар – деп, бәйек болады, атасы.

Жұрт арасында да әңгіме қызып тұрды. «Әлгі Ғаваның немересі «кә...кә..» деп сөйлеп жүрген көрінеді. Онысы, кітап дегені болса керек. Тілі шықпай жатып кітаптарын іздеуінің өзінде үлкен себеп бар» десіп шулап жүрді. Оған Ғаваның төбесі көкке жеткенше қуанады. Қысыр әңгіменің негізін өзі қалағанын ұмытып кетіп, ұлы мен келініне мақтанып қоятыны бар. Немересін жүйрік атша баптап, басқан ізін қадағалайды. Маңдайы жазық, басы үлкендігі ақылдылықтың, ернінің қалыңдығы ауыздың салымы барлықтың, құлағының қалыңдығы құт берекенің белгісі дейді.

Бес жасқа толысымен өзі әріп танытып үйрете бастады. Оқи бастаған кезінде-ақ, жұрт оны аяқ астынан өз бетімен ұғып кеткендей шулайды:

- Бәсе, солай болатын жөні бар. Мектепке бармай-ақ оқып кетті!

Ал, мектеп оған басқаша баға берді. Бірінші сыныпқа барып өзінің қалай оқитындығын көрсеткенде мұғалімі:

- Мұның артта қалған көне жазу. Енді оны қолдануға болмайды – деп, мүлде басқа әріптерді үйрете бастаған. Атасының үйреткен жазуы қолданылмады. Алайда, алдын ала машықтанғандықтан ұл жаңа жазуды да тез үйреніп алады. Оның ұғымталдығын мадақтаған жұрттың сөзіне масайраған Ғава немересіне:

- Сен Жива деген атақты білімдар ламаның рухы боласың – деп, оның қандай өнері болғанын баяндап береді. Оған сенген Дүрэрэ балаларға мақтанады:

- Мен Жива ламаның рухымын. Араласып кеткен сүт пен қанды айыра аламын.

- Қане, көрейік! – десіп, олар жаңадан сойылған қойдың қанын сүтке қосып әкеледі. Алайда, Дүрэрэ оны бір бірінен айыруға қанша күш салса да болмады. Балалар «өтірікші, өтірікші» деп мазақтап қашып кетеді. Оны жай алыстан байқап қалған бір қария лепіртіп әкетеді.

- Әлгі Ғаваның немересі Доға кемпірдің үйінің маңында сүт пен қанды бір бірінен ажыратып сұмдық сиқырлық жасапты.

Жұрт оған табынып, бірі бал аштырғысы келсе, келесі бірі шипалы алақанымен сипатпақ болып әуіреге түсетін болды.

Бірде тарих пәнінің мұғалімі тақырыптан сәл ауытқып кетіп, аруақ, рух дегендердің мүлде жоқ, жасанды ұғымдар екенін айта бастағанда бір бала сөзін бөледі:

- Бар ғой, ағай!

- Кім олай деді, сендерге?

- Рас айтамын, ағай! Мысалы, біздің мына Дүрэрэ Жива ламаның рухы.

Мұғалім Дүрэрэні орнынан тұрғызады.

- Сен ламаның рухысың ба?

- Иә.

- Кім айтты саған?

- Атам.

Әңгіме осымен тәмам болғанымен ертеңінде атасы екеуін ауыл әкімшілігіне шақырады. Мұрты едірейген, түсі суық бастық отыр екен.

- Cіздің немереңіз әулие ме? – дегенді естіген бала «мені Жива ламаның рухы ретінде шақыртқан екен» деп қуанып кетеді. Алайда, атасы:

- О, не дегеніңіз жолдас бастық – дегенін естіген бала:

- Сіз мені солай дейтін едіңіз ғой – деп қалғанда атасы аяғын басып қалған соң ойбайлауға да шамасы жетпейді.

- Сен Жива ламаның рухысың ба? – деп бастық сұрағанда бала не дерін білмей басын изеп еді, атасы шымшып қалды. Бастық қабағын түйіп:

- Қане, ана әйнек ыдыстың ішіндегі суды жас түске құбылт!

- Жасыл бояумен бе?

- Жоға, өз қасиетіңмен!

- Жасай алмаймын!

- Олай болса, сенің өзге балалардан қандай айырмашылығың бар? Солай бола тұра неге халық жауының рухы делініп жүрсің?! – деп, жатып кеп ұрысады.

Дүрэрэ түкке түсінбеді. Жива ламаның рухы дегенде адамдар сыйлаушы еді. Ал, мына бастық қатты ашуланды. Осыған таң қалды. Ал, атасы тізерлеп тұрып жалынды дерсің.

- Осының бәрі мен бейбақтан болды. Балада еш кінә жоқ. Айыпқа бұйыра көрмеңіз!

Мұрты едірейген бастық үнсіз ғана ала көзбен атып отырды. Ал, оның қасында тұрған әскери киім киген адам былай деді:

- Мына Ғаваның өзі кезінде лама болған халық жауының нақ өзі. Көп жыл жүзін жасырып келді. Енді ақыл есі қағыс туған баласы арқылы жұртты дінге айдап адастырмақшы. Мұны баласымен бірге абақтыға жабайын ба, әлде, әлгі шығыс аймақтағы секілді ата салайын ба?

Ғава өлердегі сөзін айтып, көз жасын көл қылып жалынды:

- Мен жасарымды жасаған кәрі қақпаспын, не істесеңдер де көнемін. Жас балғын немереме тие көрмеңдер!

Бұл шулы оқиға Дүрэрэні өлердей қорқытты. Атасына еріп, өксіп-өксіп жылады. Дегенмен, мұрты едірейген бастық түсі суық болғанымен соншалықты қатал адам емес екен. Қасындағысы тым құрығанда аз тәулікке болсын, қаматпақ болғандығына келіспеді.

- Ғава ғуай! Бұдан былай олай жасамаңыздар!

- Бастықтарым менің! Мен бұдан былай ондайға еш жол бермеймін деп өз басын өзі төмпештеп ұрып-ұрып алды.

- Бара беріңіз!

- Қайда?

- Өз үйіңізге.

- Немереммен бірге ме?

Бастық бас изеді. Ғава сенер-сенбесін білмей қозғала алмай тұрды да кенет қуанып кетті.

- Е, көп рахмет айналайындар! Сіздерді құдай...деп алды да ана екеуі де ала көзбен атып қараған соң зәресі ұшып «сақтасын» деген сөзді жұтып қойды. Үйренген сөзді тию неткен қиын десейші. Пәледен зорға құтылар сәтте «басқа пәле тілден» келе жаздап әйтеуір аузын жауып үлгерді. «А, солай ма, сен әлі күнге құдайыңды ұмыта алмай жүрген халық жауысың ба?» деп бастық тап берер деп ойлаған. Бастық орнынан қозғалмағасын немересін жетектеп есікке қарай зытты. Есіккен шыққан соң да артынан келіп ұстап алардай үрейленіп, артына қарай-қарай қашты. Үйіне келсе, келіні мен ұлы да оларды іздеп ауыл әкімшілігіне барғалы жатыр екен.

- Не болды?

- Тыныштық. Бәрі құдайдың ... – деді де, тезірек үлгеріп аузын баса қойды. Айналасында бөтен ешкім жоғын білсе де «қолдауымен» деген сөзбен онысын толықтыра алмады.

Осы оқиғадан кейін Ғава артық-ауыс ештеңе айтпайтын болды. Әлде кім Дүрэрэ мен Жива ламаға қатысты сөз қозғай қалса болды, «сен немерем екеуімізді абақтыға жаптырмақ па едің» деп бұрқ ете қалады. Рух туралы әңгіме сап тиылды. Дүрэрэ таңданумен жүрді, біресе Жива ламаны рухы дейді, сосын, тағы оны жоққа шығарады. Бірде ол туралы сұрағанымен атасы көзін алайтты да ауыз ашпады. Бір айдан соң атасы суық тиіп төсек тартып қалды. Сонда ғана ақтық сөзін айтты.

- Ұлым сен Жива ламаның рухысың! Оны тек қана ішіңде сақта!

- Ата! Мен неге халық жауының рухы болдым? Ламалар дегеніміз тап жаулары ғой.

- Жива лама – халық жауы емес. Ол әулие данышпан болатын. Мен атаң оны өз көзіммен көрген соң айтамын. Менің ұлымның қандай адам боларын олар білмеген соң айта береді ғой – деді де, жастығының астынан бірнеше парақ шығарып берді.

- Мынау Жива ламаның кітаптарынан қалған беттер. Көбі жоғалды, қайда жасырылғаны белгісіз. Тығып үлгермегендерін Нохойхүү чекист өртеп жіберген. Тау таста шашылып жатқан жерінен кейбірін мен жинап алған болдым.

Сонымен Ғава қария өмірден өтті. Дүрэрэ сыныптан сыныпқа көшкен сайын Жива ламаның халық жауы санатына жататындығына сене берді. «Мен неге бір революционердің рухы болмадым екен» деп өкінетін болды.

... Осының бәрін ұлы ғылыми жаңалық ашуға ізденуші бейне бір өзіне айтылған монолог іспетті баяу ғана баяндап шықты.

- Менің нағашым да, өз жұртым да аталарым ғылымнан алыстау, діндар адамдар болғанға ұқсайды. Әкем қол қоя алатындығы ғана болмаса жай ғана малшы адам болды. Туыстарымның арасында ғылыми салада ешкім болған емес. Егер болса, бәлкім көмектескен болар ма? Егер атам тірі болса, адам көрінбейтін ету күнә деп таныған болар еді. Ал, мен жастайымнан мектеп қабырғасында тәрбиеленгендіктен атейст болдым. Революция жеңбеген болса, бір мықты лама болып қалар едім. Осы тұста телефон безілдеп қоя берді де әңгіме үзілді. Бөлім бастығы тұтқаны көтерді.

- Сүйіктім! Неғып отырсың? Тамағың суып қалды ғой – деген әйелінің үні естілді.

- Иә, қазір! – деп, ол тұтқаны қойды да:

- Сізді терең білімді, ғылыми-зерттеумен жүйелі айналысқан, қазіргі ғылыми ақпараттармен жіті танысқан адам ретінде таныдым. Ертең екеуміз ғылыми орталық директорының қабылдауының алдында кездесейік – деп, терең күрсінді.

Тэмүлэн туралы сыр

Құдай тағала Тэмүлэнді әйел заты етіп жаратқандықтан оның бойына әрнені білгісі келіп тұратын құмарпаздықты да аямай-ақ дарытқан екен. Әлдеқашан жұмыс уақыты аяқталса да бастығымен сөйлесіп отырған адамның шығуын күтіп отыра берді. Қолқылдаған плащы бар, шашы үрпиген жанның шын ұлы ғалым ба, әлде, есі ауысқан біреу ме дегенді білуге асықты. Сонымен қызықтырған адамы көп күттірген соң зорға дегенде шығып, қасынан өте бергенде ол да зып етіп Оюутқа кірді. Үстелдің жақтаулары мен еденге шейін түрлі формулалар мен үшбұрыш, төртбұрыш сызбаларға толғанын көріп, таң тамаша болды.

- Бұл не?

- Жаңағы адам жазды.

Тэмүлэн бала кезінен есепке нашар. Ал, есепті тез шығаратын адамдарды өте ақылдыға санайды.

- Бұл әлгі адамды көрінбейтін ететін формулалар ма, сонда?

- Жалпы солай деуге болады.

- Шынымен адамды көрінбейтін ете ала ма, ол?

- Мүмкін.

- Ой, ой!

Бикеш кеңседен жып беріп шығып кетті. Мүмкін екендігін Оюут айтса, оның қолынан келеді деген сөз. Сондықтан, дереу онымен жолығуды жөн көрді. Асықпай ауызды ашып жүрсе, өзге бір пысықай бикеш іліп кетуі мүмкін. Егер көрінбейтін химикаттарын әзірлеп қойған болса күні бұрын алып, тым құрығанда иегіндегі меңді жоғалтып жіберсе де қайда жатыр. Үстел үстіндегі әмиянын іліп ала салып, баспалдақпен төмен қарай жүгіре басып тысқа шықты. Дүрэрэ көшенің қиылысына қарай бұрылуға таяу екен. Плащының етегін желбіретіп бара жатқан оның соңынан жүгіре басып ерді. Келесі көшенің бұрылысына жеткенде оған дейін есік пен төрдей жер қалды. Алайда, қанша батыл болса да, заты әйел ғой, шақырып тоқтатуға бата алмады. «Жарайды, жақындап еріп жүре берейін. Бұрылып таныған соң өзі-ақ әңгімеге тартар» деп ойлаған. Бірақ, ол тек алға қарауға ант су ішкен адам сияқты. Иық тірестіріп қатар біраз жүрді. Жалғыз сөйлеп келе ме, бірдемені сыбырлап, қолын сермейді. Алайда, жанына да мойын бұрмаған соң әдейі жолына кесе көлделең тұрып алды. Енді танысын деген ниетпен:

- Ой, мұныңыз қалай! – деп, өзінше керіліп бір көрді.

- Кешіріңіз! – деді де Дүрэрэ өз жөнімен кете берді.

Дүрэрэ адамдарды түстеп тануға келгенде соншалықты алғырлығы шамалы болғандықтан қабылдау бөлмесінде қандай жанның болғанын әлдеқашан ұмытып үлгерген еді. Оның басында физика, химияның қаптаған формулалары мен түрлі сынақтар шыр айналып тұрады. Адамдармен сүзісіп қалу ол үшін үйреншікті әдет. Бірлі жарым машинамен қақтығыса жаздағаны бар. Алғыр жүргізушілері тежегішті жедел басып үлгергендігінің арқасында ғана әзірше аман-есен жүр. Ызақор тентектеулері тоқтай қалып кіжінсе, Дүрэрэ кешірім сұрайды да кете береді. Тіпті ағаш сүзсе де айтары осы.

Оның сырын бикеш қайдан білсін. «Неткен қызық адам» деп таңданып әжептәуір ренжіп қалды. Дегенмен өзге қыздар болса, кері бұрылып тартып отырар еді. Ал, Тэмүлэн алған бетінен қайтпайтын бикеш. «Түкке тұрмайтын ұсақ ренішке бола ғұмыр бойы адамын суға батқан тастай жоғалтып алудан қорқып, соңынан өкшелеп қуа жөнелді. Әйелдердің классикалық бір тәсілін қолданып көрді. Алдына озып шығып әмиянын әдейі түсіріп алды. Мұндағы жаңалық, негізі әйелдер орамалын түсіріп алады, ал, әмиян тастау бұрын соңды болмаған әрекет. Тэмүлэн оның бірдеме жоғалтқан адамдай үнемі алға қарап жүретіндігін байқаған. Сондықтан, міндетті түрде көріп тауып алады, артынан шақырып береді. Сол кезде алғыс айта отырып, таныған адам бола қалу керек. Ол осылай жоспарлаған.

Алайда, артындағы адам ендігі тауып, шақыратын уақыт өткенше біраз жер жүрді. Артына бұрылып қараса, әлгі Дүрэрэ әмиянның үстінен аттап өтсе де еш аңғармастан алға қарай тартып барады. Керісінше, оның соңында келе жатқан қара жейделі семіз әйел алмақшы болып еңкейіп жатыр екен. Жарты айлық еңбекақысы салынған әмиянды әлдекімге олжа етуді неге қаласын. Бірнеше аттады да бір бұрышынан жармаса кетті. Ақыры, екеуі таласты дерсің.

- Қандай ұятсыз адамсыз? Біреудің жоғалтқан дүниесін алмақшысыз!

- Сен өзің қандай ұятсыз қызсың? Қолымнан енді ғана түсіріп алғалы жатсам...

- О, неткен бетсіздік?! Мұны мен әлдеқашан түсіріп алғанмын.

- Сен түсіргеніңді біле тұра неге дереу алмағансың? Жерлестер! Мына бір жас бикешті көрдіңіздер ме? Қарт адамның әмиянына таласып жатыр. Көмектесіңдер!

Оларды естіген бір қастарына келді. Екеуі де оған қатар шағымдана бастады:

- Менің түсіріп алған әмиянымды мына бір апай бермей жатыр.

- Менің нәрсеме мына жас қыз таласып тұр.

- Милицияға барайық! – деді, әлгі кісі.

Мұндай даудың тым ұзаққа созылатын білетіндіктен және Дүрэрэнің алыстап бара жатқандығын аңғарғандықтан Тэмүлэн:

- Мен асығыспын. Мына жетпегір қатын-ақ осыны алып байысыншы! Мен ана бір қолқылдаған плащ киген адамның соңынан асығып барамын – деді де, әй-шәй жоқ зытты. Әлгі семіз қатын айғайға басты:

- Көрдіңіздер ме? Неткен залым бикеш еді! Милицияға барамыз дегенді естіді де қаша жөнелді.

Тэмүлэннің екі беті шиедей боп қызарып кетті. Мына қорлықты естігенде қайтадан барып жұлыспақ болса да амалсыз сабырлық сақтап, естімеген сыңай танытып ұзай берді. Жүгіре басып, Дүрэрэге жақындады. Бұл жолы тікелей тілдесуге батылданып жеткен еді. Тағы да кедергіге тап болды.

- Ой, аман-есенсің бе? Сен мұнда қайдан жүрсің-ей? – деп, әлде біреу білегінен шап берді. Жалт қараса, материалмен жабдықтау басқармасында бөлім басқаратын Буджав деген бадырақ көз жігіт екен. «Тізімдеуді мұқият жүргізудің маңыздылығы» атты монография жазып, ғылыми-зерттеу орталықтың төменгі қабатында кезекте тұрған кезінде ол Тэмүлэнмен алғаш танысқан еді. Кейін көңіл білдіріп, үйленуге ұсыныс та жасаған. Буджавтың ғылыми еңбегінің тақырыбы Тэмүлэннің күнделікті жұмысымен тікелей байланысты. Сонда да оны зерттедің не, зерттемедің не, бәрібір. Ізденушіге сұрақ қойып жауаптарын толтыра салудың не қиындығы бар ғой дейсің. Тізімді таза жүргізгеннен адамның жасарып кетпесі анық. Қартаюдан құтқаратын адамның соңынан жүгіріп келе жатқанда кедергі жасағанына жыны келді. Тезірек ұзап кетуге тырысты.

- Кешіріңіз, мен асығыс едім.

- Асығыс болсаң, жүр, менің көлігіммен тез жетейік!

- Рахмет, екі аяғым аман болсын!

Бір жабысқақтан тыныш құтылғанымен Дүрэрэ тым алыстап кетіпті. Барын салып, адымдаса да жете алмады. Ол тоғыз қабатты тұрғын үйге кіріп жоқ болды. Оның қай пәтерге кіргенін қайдан біледі?



Жалғастыру ғылымының докторы


Ғылыми-зерттеу орталығы директоры есігінің аузында Оюут келіскен адамымен дәл белгілеген мерзімде жолықты. Ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі кілем төселген кең кабинетте отыратын, ауыз бөлмесінде хатшы ұстайтын, үстелінде ішкі, сыртқы қос телефоны болғанына қарамастан белгілі бір мәселені өзі біліп шешуге келгенде дәрменсіз, бір біріне жалғасқан көп сатылы құрылымның бір кішкентай бөлшегі екен. «Ертең келіңіз» деп күрсінуінің сыры осында болса керек. Өзін күтіп тұрған Дүрэрэмен сәлемдескен соң директорге кіретіндерін айтты.

Олар ат шаптырым кең қабылдау бөлмесіне кірді. Директор жалғыз отыр дегенімен оған алдын ала кіріп шыққан хатшысы күттіріп қойды.

Осы бір қабылдау бөлмесі деген... Қызық әлем. Ресми, жеке әр жұмыс тікелей шешімін табуы өте сирек. Міндетті түрде бөгелуге тиіс және соған арнап әдейі дағарадай бөлме дайындалған. Сондықтан, директор бос отырса да күттіреді. «Жарайды. Не айтарын алдын ала ойлансын» деп ғылыми негізде ұйымдастырғаны шығар дегендей таңданып отырғанда жарты сағаттан кейін ғана кіруге рұқсат берілді. Дүрэрэні ертіп кіргенде директор аман-сәлем де алмастан өңі бұзылып, үнсіз қарап отырып алды. Сол сәтте «егер белгілі бір тұлғаның мәселесі бойынша басшы келсе, алдымен ол туралы құрылым жетекшісі өзі хабарлап таныстырады, содан кейін ертіп келген адам енгізіледі» деген ережені бұзғанын бөлім меңгерушісі бірден аңғарды. «Сен әзірше сонда қала тұр!» деп Дүрэрэні шығарып жібергенде ғана Сосор директордың түрі сәл түзелді. Ғылыми-зерттеу орталығы директорының базалық мамандығы тарих пәнінің мұғалімі. Бірақ, ауыл шаруашылығы басқармасында, сауда, байланыс, дене шынықтыру кеңесінде, мәдениет бөлімінде басшылық етті. Сол қызметтерді атқара жүріп «Даму сатыларының жалғастығы» тақырыбы бойынша ғылыми дәреже алған. Ғалым бола салысымен ғылыми-зерттеу орталығы директорылығына келді.

Сосор ғуай жалғастыру теориясы тұрғысынан келгенде әрбір мәселе есік аузындағы күзетшіден бастап сатылап шешімін табуға тиіс деп есептейді. Мәселе шештіруге келген адам алдымен күзет кезекшісінен рұқсат қағазын алады. Қызметкерлер мәселемен танысады да бөлім меңгерушілерге жолдайды. Олар директорге ұсыныс жасайды дегендей жалғасу ұстанымына негіздейді. Осы болмысымен ол жұрт арасында жалғастыру ғылымының докторы деген лақап атқа ие болған. Директор сөз бастады:

- Сен маған қайдағы біртүрлі адам әкеліп жүрсің? Ресми шаруамен жүрген болса неге галстук тақпаған? Киім-киіс, жүріс-тұрысы, шаш, сақалы не өзі? Оны арам судың сантехнигі етіп жұмысқа орналастырмақсың ба? Бізде бос орын жоқ. Бізде сантехниктің өзі жоғары мәдениетті болуға тиіс.

- Басеке! Қайдағы сантехник? Ол ғылыми зерттеумен айналысып жүрген адам. Оның нәтижесі де айтарлықтай болмақ. Сынақ тәжірибелік жұмыстарына көмек қажет болып тұр.

- Осындай ғалым бола ма екен?

- Не болды?

- Ана киген киімін қарашы! Мәдениеттен жұрдай.

- Ұлы Эйнштейннің өзі қарабайырлау киінген ғой.

- Жабайы қараңғы болған жүз жыл бұрынғы кезбен бүгінгі жоғары дамыған жиырмасыншы ғасырдың мәдениетті адамын салыстырмағын. Оның сыртында бұл адамың Эйнштейннің өзі емес шығар. Қандай тақырып бойынша жазып, ізденіп жүрген адам?

- Жазған ештеңесі жоқ. Адамды көрінбейтін ететін практикалық іспен айналысуда.

- Ғылым дегеніміз теория. Қарабайыр практикамен алға басатын заман келмеске кеткен. Онымен қоймай адамды көрінбейтін етпек пе?

- Иә.

- Әһа! Ұрынарға қара таппай жүргендей мұндаймен несіне айналысады екен?

- Неге?

- Адамды көрінбейтін етсін-ақ. Одан не пайда? Соғыс кезі болса, барлау қызметіне қолданар. Бірақ, қазір бейбіт заман. Тракторшыны көрінбейтін етейік. Оның не қажеті бар? Бригадирі кімнің қайда жұмыс істеп жатқанына бақылау жасай алмай қалады ғой. Біз өзі салақ жұртпыз. Көрінбейтін дәріні балалар тауып ішіп қойса ше? Білгенін істеп тентектік жасайды ғой. Ұрылар пайдаланса ше? Ұсталмайтын пәлелерге айналады ғой. Белгілі бір жаңалықтың пайдасын алдын ала пайымдауымыз керек. Көрінбейтін етудің қоғамдық ешбір маңызы жоқ.

- Ең бастысы, табиғи әлемнің заңдылығының құпиясын тануы бұл жаңалықтың маңызды тұсы. Мен қолдағым келеді. Егер менің менің ұсынысымның еш ықпалы болмаса ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі деген атпен сатылық жалғастырушы болып отыруымның мәнісі бар ма?

- Жалғастырушы сатылар керек. Барлығы көп сатыдан өту арқылы ғана жетілдіріледі. Мысалы, сенің хатшың бұл адамның қайда не істейтіндігін анықтайды, сен ғылыми еңбегін айқындайсың. Маған келгенде саяси сенімділігі көрініс табады. Сонда барып біз толыққанды тұжырым жасау мүмкіндігіне ие боламыз. Сенің бұл ғалымың сонда қай жақтың қандай университетін бітірген адам?

- Әзірше онжылдық мектеп қана бітірген.

- Не?!

- Оныншы сынып қана бітірген.

- Қаншама ғылым кандидаттары бізге орналаса алмай жүргенде орта білімді адамның ғылыми жұмыспен айналысқаны несі? Ғылым деген орта мектеп түлегінің ойыншығына айналды ма?

- Туа біткен ерекше дарыны бар адамға ұқсайды.

- Туа біткен дейсің бе? Тумай жатып бәрін біліп алған шығар. Сен ғалым басыңмен не айтып отырсың? Әулие дегің келіп отыр ма? Мұндай ғылымға қайшы әңгімені қою керек.

- Білім деңгейін мен тексеріп көрген едім. Дербес түрде терең білім алғанға ұқсайды. Егер қарсы болмасаңыз жолықтырайын. Сөйлесіп көрсеңіз білінеді.

- Оны тексеріп анықтайтын мен емеспін. Сатыланған түрде жүйелі білім алуы тиіс. Сосын аттастат, куәлік, дипломдары болуы міндетті. Негізгісі, диплом ғой, қане, соны көрсет!

- Қолында ештеңесі болмай тұр ғой.

- Онда не айтып отырсың?

- Дербес комиссия құрып, емтихан қабылдап бере салуға болмай ма екен?

- Неткен оңай дүние. Диплом алу үшін жеті-сегіз жасында мектепке барып, он жыл бойы сатылап оқиды. Жыл сайын сынақтан өтеді. Мектеп бітірген соң емтихан тапсырып университетке түседі. Төрт-бес жыл оқығанда қыруар емтихан, сынақтар тапсырып барып диплом алуы керек қой. Сен айтқандай үш емтиханнан өтіп қана бола беретін болса, дипломсыз адам таппай қалармыз. Қалыптасқан ережені бұзуға менің құзіретім жетпейді.

Ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі пікірталаста Дүрэрэден ұтылса да Сосор директор жалғыз ережемен ғана екеуінің де аузын ұрып кетті.

Оюут шыққанда Дүрэрэ күтіп отырған еді. Не болғанын білмекке бас көтергенде меңгеруші іс бітпегеннің белгісі ретін иығын қиқаң еткізді. Ауыр күрсініп оған еріп, сыртқа шықты.

- Сенің орта білімің ғана кедергі келтіріп тұр.

- Солай болып келе жатыр, жалпы.

- Сен неге университетке түспеген адамсың?

- Не деуге болады? – деді де, Дүрэрэ сол баяғы монолог іспетті сарынмен сөз бастап кетті.

Табалдырығы тым биік университет

Атам қайтыс болған соң мені көзге ілетін адам да сиреді. Барлық пәннің дерлік мұғалімдері «ламалар дегеніміз халықтың басын қатырған халық жаулары» дегенді қайталайтындықтан, мен атамның «сен Жива ламаның рухысың» дегенін қатты жек көріп кеттім. Өскен сайын ата-бабаңның лама болғаны тиімсіз екенін түсіне бастадым. Сабақ үстінде ғибадатхана, дінге қатысты әңгіме шыға қалса болды, ауыл әкімшілігінде болған оқиға еске түсіп, мен туралы айтылып қалмаса екен деп зәрем ұшатын. Атамның «сен білімді адам боласың» деген сөзі естен кетпейді. Өзіңді өзгелерден артық сезіну расында, ғанибет. Өзіңді тамаша сезінесің. Әсіресе, математика, физика, биология пәндерінде менің артықшылығым анық білінетін. Сыныптастарымның шығара алмаған есептерін мен қиналмай шеше беремін. Бірде сыныптасым Бат деген бала:

- Сен қалайша осылай тез есептей аласың?

- Мен ерекше туған адаммын.

Бұл сөзім мұғалімге жетіп қояды. Әрине, ол өсек тасыған жоқ. Бірде оған мұғалім былай дейді:

- Сен Дүрэрэ екеуің бірігіп сабақ жаттайсыңдар. Сонда неге ол сияқты жылдам шығара алмайсың?

- Ол ерекше туған бала ғой.

- Ерекше адам деген болмайды. Әр бала бірдей. Барлығыңда бірдей бас, көз, құлақ бар. Сендер бірдейсіңдер.

Бірақ, мен оған илана қоймайтын едім. Егер шынымен солай болса, неге бір тобы өте жақсы оқиды, келесілері үлгере алмайды. Осыған таңданамын да жүремін.

Жарайды, кейбірі жалқаулығынан деген уәждер айтылады. Олай болса, неге жартысы жалқау, жартысы алғыр болады екен. Тіпті кейбір шетелдік ғұлама ғалымдардың айтқан сөздерінің өзіне мен күмәнмен қарайтынмын. Біздің сыныптың қабырғасында «Біз табиғаттың сыбағасын дәметіп отырмаймыз, одан тартып аламыз» деген қағида ілулі тұрады. Ең бергісін айтқанда, «біреудің бірдемесін тартып алуға болмайды» деп ақыл айтатындар осы мұғалімдердің өздері емес пе еді. Ал, енді келіп несіне «тартып алу» деген сөзге құмартып отырғандарын түсінбейтінмін. «Капитализмнің қатыгез ғалымдары Мендль секілділер «Ақсүйек патшалар мен ғұлама ғалымдардың ұрпақтары тұқымдарына тартып, ақылды болып туады. Ал, кедей төменгі таптан шыққандар тексіз» дегенді алға тартады деп сынайды. «Адамды қалай кемсітеді, расында, қатыгез капиталист екен» деп оған алғашқыда менің де жыным келетін. Кейін бір кітапты оқыған соң басқаша ойлай бастадым. «Расында, неге иттен мысық тумайды? Әлгі капиталистің айтқаны дұрыс болып жүрмесін» дегендей ойға келдім. Сосын, мен кімнің ұрпағы едім дегенді ойлағанда, атамның қайдағы діни кітапқа басы шырмалған халық жауы лама екендігін сеземін, менен қайбір жібі түзу адам шығушы еді деймін. Ақыры, өзім де халық жауы болатын шығармын деп мұңаямын. Ақыры, мұғалім айтқандай, капитализмнің қайдағы бір қатыгез ғалымының жауыз қағидасы жалған деп өзімді өзім жұбатып қоямын.

Бірде кітапханада отырып, «Көрінбейтін адам» атты қызықты кітап оқыдым. Қуанышым қойныма сыймай үйге оралдым.

- Әке, мен өзімнің бұрынғы ғұмырымда кім болғанымды білдім.

- Қандай адам болыпсың?

- Гриффин.

- Ол өзі адам ба, әлде, жануар ма?

- Әлемде алғаш рет адамды көрінбейтін ету жаңалығын ашқан адам. Өкініштісі, айналасы оны түсінбегендіктен ұрып өлтірілген. Менің денемдегі көк дақтар сол таяқтың іздері. Жаңалығының құпиясы да өзімен бірге кеткен. Мен де дәл солай адамды көрінбейтін ететін жаңалық ашамын.

- Кім екені белгісіз қайдағы бір жат адамның рухы болғаны несі? Сосын тағы адамды көрінбейтін ету деген не, өзі? Қайдағыны тантымай жүр!

Әкем жақтырмаса да, егер рух дегеннің бары рас болса, мен дәл сол адамның бейнесі шығармын деген ой менен бір елі ажырамады. Ол туралы бір досыма «ешкімге айтпа» деп ескерте отырып, сыбырлап қойдым. Алайда, одан бүкіл сынып хабардар болып қойыпты. Белгілі жағдай ғой, досым біреуге ешкімге айтпа деп ескерте отырып жеткізген. Бір күні сабақ тарап қайтып бара жатқанымызда Күрілбатыр деген бала маған тиісуді бастады:

- Cен неме халық жауының рухынан айнып енді буржуй капиталистің рухына айналған дей ме?

- Гриффин буржуй емес ғалым.

- Ол капиталист елдің адамы. Сондықтан, ол тап жауы! Сен осылай тап жауымен сыбайлас!

Осылай деген ол мені шалып жықты да аузыма топырақ тықты.

- Бәлем, тұра тұр! өзімді көрінбейтін етіп аламын да сені де осылай жәбірлеймін! Сол кезде мені тауып ұстап көрерсің! – деп, жұдырық түйіп қала бергенім әлі есімде.

Осы оқиғадан кейін біздің үй кешікпей Ұланбатыр қаласына көшіп, менің әлдебір өткендердің рухы екенімді білмейтін ортаға келіп тынышталған едім. Ол заманда малшыларды ұжымдастырамыз деп әуіреге салып жатқан еді. Менің әкем оған мойынсынбады. Аймақ газетіне әкемді әжуалаған карикатура басылып, онда «Ұжымдық еңбектен бас сауғалап, кежегесі кері тартқан адам» деп жазыпты. Оған ренжіген әкем малын ауыл әкімдігіне айдап әкеліп беріп, өзі қалаға тартып отырған.

Қаланың балаларын мен сабаққа керемет шығар деп қорыққан едім. Алайда, алып бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Мен мұнда да есеп жағының пәндері бойынша көшбасшыға айналдым. Аға сыныптардың да есептерін қиналмай шешіп тастайтынмын. Адамды көрінбейтін ету арманымды қанат етіп алып, физика, химия, анатомия пәндеріне бар күшімді салдым. Аталмыш пәндердің мұғалімдері мен жанындай жақсы көреді, үнемі мақтайды.

Бірде мен жуынайын деп елегенге су құйдым. Суға бір аяғымды малғанда елегеннің шетінен асып сәл төгілді. Елегенді тым толтырып жіберген сияқтымын. Келесі аяғымды салғанда су ернеуден асып тағы төгілді. Екі аяғымды қатар алғанымда елегендегі су біршама ортайып қалғаны аңғарылды. Суға белгілі бір затты салғанда ол өзінің салмағының мөлшерімен сұйықты ыдыстан сыртқа ығыстырады екен. Жаңалық аштым деген оймен қуанып кетіп, ертеңінде мұғаліміне бардым.

- Сен жоғарғы сыныптардың оқулықтарын қарай бастағансың ба?

- Жоқ, мен өзім ойлап таптым.

- Жарайды, бұл туралы енді ғана білуіңнің өзін жаңалыққа балауға болады. Келесі жылы бұл туралы толықтай оқимыз. Архимед мұны алғаш байқап қалып «эврика» деп айғай салып, жалаңаш жүгіріп шыққан ғой.

Мен салып ұрып кітапханаға жеттім. Расында, жүздеген жылдар бұрын белгілі болған дүние екен. «Ашылмаған дүние жоқ, тым кеш туған екенмін» деп өкіндім. Бұдан былай өйтіп күлкіге қалмау үшін жоғарғы сынып оқулықтарын алдын ала қарай бастадым. Алайда, менің оқу үлгерімім тоқсандық қорытындыда бестікті атамаңыз, төрттік бағаға да шыға алмайтынмын. Жарты жылдық немесе жылдық қорытынды таяған кезде сынып жетекшім соңымнан қалмайды.

- Ана бір екілік бағаңды қашан түзейсің?!

Мені алға бастырмайтын пәннің бірі дене шынықтыру сабағы еді. Бағамды түзетейін деп барсам, спорт мұғалімі баспен тік шаншылып тұруды талап етеді. Оны орындауға бар күшімді саламын, бірақ, бір жаққа қарай ауып түсіп құлай беремін. Спортшы ағай баға түземек тұрмақ өзімді ұрсып қуып шығады. Математикадағы көп бестіктерімнің бірін осыған ауыстырса ғой деп армандаймын. Жалпы адам деген табиғаттан екі аяғымен тұруға жаралған емес пе. Сөйте тұра баспен тұруды талап ететін, сан мәрте талпынып тұра алмаса екі қойып қуа беретіндігін түсінбей-aқ қойдым. Тағы бір кері тартқан пәннің бірі сурет сабағы. Бар өнерімді салып, ата кәсібіміз малдың бір түрін саламын.

- Мұның қой ма, әлде, ит пе? – деп, сұрайды сурет мұғалімі.

- Екеуі де емес, ешкі.

- Сені физикаға мықты деуші еді ғой. Ал, суретке келгенде неге нашарсың? Жарайды, сенің басты сабақты жақсы оқитындығыңды ескеріп, түсіністікпен қарайын! – деп, кішкентай ғана арық үш қояды.

Оның бұл қолдауы әйелінің физик екендігіне қатысты болатын. Енді тағы ән сабағы деген пәле қосылды. Дене шынықтыру сабағындағы екілікті сынып жетекшісі бір ғана пәннен екі болып тұрғанын айтып жүріп түзеттірді. Ата-аналар жиналысында бәрін айтқан. Үйге келген соң әкем таңдана тұрып, әбден ұрысты:

- Мынаны бала кезінде керемет адам болады дегені қане?! Мұғалімі жалынып-жалпайып жүріп, зорға дегенде үштікке қорытады екен. Қолынан кітап түспейді, оқи береді. Сөйте тұра үлгерімі нашар. Соған қарағанда ақылы кеміс шығар.

Тек қана есеп шығаратын мектеп болса ғой, деймін мен. Негізі, біздің мектепке Ньютон мен Эйнштейнді әкелсең де орташа деңгейдегі оқушылардың қатарында жүрер еді. Он саусағы тең адам болмайтыны белгілі ғой. Еңбек сабағында ағаш жона алмағаны үшін жоғарыдағы ғұламаларға да екілік баға қойып тастауға, тіпті сыныпқа көшірмей қоюға болатын шығар. Алайда, тағы әр тоқсан сайын барлық сабақтан беске шығатын балалар да көп болды. Қалайша солай оқуға болатынын өз басым түсінбей-ақ қойдым. Алайда, олардың арасынан ғылыми жаңалық ашқан ешкімді көрмедік.

Өстіп жүріп онжылдық мектепті де бітірдік. Мен университетке түсуге құмарттым. Алайда, оған бөлінетін орынды он жыл бойы алған бағалары бойынша орын иелендіріп барып таңдау жасайды екен. Алдымен үздіктер, одан кейін жақсы оқитындар таңдау жасап кетті. Орташа бағамен оқитын біз сорлыға көркем сурет мамандығына емтихан тапсыру мүмкіндігі ғана бұйырыпты. Жоғары білім алу үшін сынақ тапсырып көрдім. Алуға тиіс қырықбес ұпайдың оншақтысын ғана жинадым.

Қабылдау емтиханнан өтпегендерді белгілі бір өндіріс, кәсіпорындарға жолдайды. Үш жыл өнімді еңбек етсе, қайтадан емтихан тапсыруға мүмкіндік табады. Мен азық-түлік өндірісіне жолдамамен бардым. Мені бір тілді-ауызды сары әйелдің көмекшісі етіп тағайындады. Онда қоспа езу машина деген болды.

Мен жоғары оқу орнына түсе алмаған соң өз бетіммен оқуға көштім. Адамның бейімділігі мен қызығушылығы болса, бәрін де жеңеді екен ғой. Орыс және ағылшын тілдеріндегі тың тұжырымдарды, теориялық мәселелерді формуласы арқылы танып оқи беретін болып алдым. Ал, ғылыми-танымдық журналдар мен әдебиеттерді тауып оқу қиынға соқты. Мен бір кісінің жекеменшік көлігіне қолдан жасап, дабыл қаққыш орнатып берген едім. Сол кісі Англияға іссапармен баратын болды. Сирек кездесетін ғылыми басылымдар тапсырған едім, бәрін тауып келіпті. Қажетті дүниенің бәрі содан табылды дерсің. Мен таң атқанша оқып, жұмысқа да ала кеттім. Құрылғылық машинаның қасында оқып отырғанымда оның жүйелеу тетігі тайып кетіпті. Оқып отырған дүниеме тереңдеп еніп кетіп мен оны байқамаппын. Қыруар көлемде жарамсыз өнім шығып кеткен.

Кадр бөлімінің меңгерушісі менің ақымақтығымды бетке басып, жер жебіріме жетті, айыппұл салды да жүк тасушы етіп қызметімді төмендетті. Сонымен машинамен келген қаптағы ұндарды түсіріп жинайтын болдым. Алдағымен салыстырғанда жұмыс ауыр. Менен бұрын екі бала мұнда істейді екен. Бірі Буджав есімді, ол да емтиханнан сүрініп бірер күн бұрын осында келіпті. Келесісі, Күрілэ екінші сыныпта екі рет, үшініші сыныпта үш рет қалғанын бірдеме тындырып тастағандай мақтанып айтатын біреу екен. Әкесі таныстарын салып жүріп, техникумға түсіргенімен ол оқуды тозақ деп таныпты. Ал, қара жұмыс ол үшін пейіш екен. Әркімге өзіне ыңғайлы кәсіп берілетін секілді ғой. Күрілэнің жалақысы мол көрінеді. Айлығының жартысын әкесіне береді екен де қалғанына шұжық алып жейтін көрінеді. Денелі, күші тау көтерерліктей. Буджав екеуміз бір қапты екі жақтап көтере алмай мықшыңдап жүргенде ол екеуді екі иыққа салып алып әндетіп бара жатады. Ол негізі өз жұмыс орнын дұрыс тапқан адам.

Бір күні ол бір машина ұнның тең жартысын түсіріп біткеннен кейін аяқ астынан ақыл кіргендей:

- Сен екеуің мені еңбегімді қанап жүрсіңдер! – деп, жатып кеп туласын.

Негізі ондайды ойға алатын адам емес, ол. Біреу солай ақыл үйретсе керек. Менің иығыма бір қап ұнды қойып, алып жүруімді бұйырды. Көтере алмай түсіріп алдым.

- Сен өтірік қылжақтама! – деп, жағымна тартып жіберді.

Буджав екеуміз бірнеше күн қатты абыржыдық. Алайда, көп ұзамай Буджав оның ебін тапты.

- Біздің Күрілэнің күші қайнап тұр ғой, шіркін! Неше қапты көтеретінін білесіңдер ме? Үшеуді де дым құрлы көрмейді – дейді де ерте жөнеледі.

- Байқа, байқа! Алдыңда тас! Солға бұрыл, енді оңға! – деп, жол көрсетіп, қалтасынан орамал шығарып маңдайының терін сүртіп қояды. Ұн тасып болған соң:

- Досым, шаршаған шығарсың. Тамақ алып берейін! – деп, асханаға сүйрей жөнеледі. Күрілэ жұмысқа қандай мықты болса, тамаққа да тәбеті өте зор. Не алып берсең де ұра береді. Алайда, Буджав оған бір отырыста көп тамақ жеудің зиян екенін үнемі түсіндіріп бірлі жарым самсамен ғана шектейді. Мен өзіме тиесілі ұнды тасып азапқа түсіп жүргенімде Буджав:

- Сен ана топасқа тамақ алып беріп тасыта салсаңшы! – деп, кеңес берді.

Осылайша екеуміз Күрілэге жұмыс істетіп, кезектесіп асханаға апарып жүрдік.

Жалақы түскен күні болатын. Бір машина жүк түсірткен соң мен Күрілэні асханаға апардым. Бұрын екі самса ғана алып беретінмін. Осы жолы оны бір қуантқым келді. Соның арқасында мол жалақы алдым. Жұмыстың бәрін істеді. Тойдырайын деп бірден бесеуін алып бердім. Сол күні ұзын саны жиырманы жегізіппін. Күрілэнің бір ерекшелігі, не алып берсең де еш қайтармайды. Ертеңінде ол жұмысқа келмеді. Тамаққа күпті болып ауырып қалыпты. Сол күні Буджавтың да жомарттығы ұстап кетіп, барлығы отызды ұрып алған екен. Ол жоқта Буджав екеуміздің әбден берекеміз қашты. Қаптаған ұнның астында қалдық.

- Қап, ақымақ-ай! Саған Күрілэге соншама көп тамақ әпер деген кім? Енді екеуміздің түк істемейтінімізді адамдар біліп қоятын болды. Екі-үш келмесе құрыдық қой – деп, Буджав бұрқылдап жүр.

Біз қаптағы ұнды көтере алмай сүйреп жүріп, ол жыртылып топырақпен араласып шу шықты.

Кадр бөліміне шақырылдық. Буджавты алғашқы қателігі деп қарап ескерту жасады. Мені жұмыстан шығаратын болды. Дегенмен, басшылардың арасында бірінің адамгершілігі оянып кетіп, мені жаңадан орта мектеп бітірген тәжірибесіз жас бала деп кешірім жасады. Сосын, декретке кеткен бір әйелдің орнына сағат тізімдейтін жұмысқа ауыстырды. Жүк тасушылықтан гөрі әлде қайда жеңіл жұмыс болғанымен көңілсіз іс еді. Бір күні Туяа апайға хат жеткізу үшін зертхананың босағасын аттау мүмкіндігі туды. Ондағы түрлі құрылғыларды көріп бейнебір алтын, жамбы сақталған үңгірге кіргендей күй кештім. Бірлі жарымына тым құрығанда саусақтың ұшын тигізіп көргім келді. Кенет зертхана меңгерушісі әйелдің көзі жасауырап тұрғанын көрдім. Мұндай ғажайып құрылғылардың ортасында тұрып осыншама көңіл құлазығанына таңдандым.

- Сізге не болды?

- Жасаған зерттеулерім дұрыс шықпайды.

- Қандай дүниелер жасап едіңіз?

- Қоспаларды анықтау керек еді.

- Мен бір көрсем қайтер екен.

- Сен бе? Жарайды, көрсең көрші!

Қуанышым қойныма сыймай кетті. Жұмыстың жалпы ережесімен таныстым да зерттеу ісіне кірісіп кеттім. Мектептің химия, физика зертханаларының есігін тоздырған адаммын ғой. Ешқандай қиналған да жоқпын. Ұзыншақ әйнектердің сыңғырын естіп, дүрбілермен сығалап отырған сәтте мен күйсандықта ғажайып әуен ойнап отырған сазгердің бақытын сезінер едім. Жасаған зерттеуім сәтті шықты. Үрейлене әрі күдіктене күткен Туяа апайым да қуанып кетті.

- Мен де осылай жасағанмын, бірақ, болмады ғой – деп, таңданады.

Сол күннен бастап мен сағат тізімдеп есіктің көзінде отырғанда зертхана меңгерушісі жетіп келеді. Менің әлгі Күрілэге тамақ алып беретінім секілді ол қолыма үлкен төртбұрыш шоколад ұстатады да:

- Апайың мұнда отыра тұрсын. Сен барып бірнеше қоспаларды жасап жібер – дейді.

Мен қуана-қуана жүгіре жөнелемін. Зертханаға кіру үшін Туяа апайға мен өзім шоколад әперуге дайын едім. «Сағат тізімдеуші жұмыс орнында отыруды қойды. Орнында басқа адам отырғызып қойып, өзі жоғалып кетеді» деген шу көтеріліп жатқанда мені инженер шақырды. Жастау адам екен.

- Мына қоспалардың зерттеулерін жасаған сен бе?

- Иә.

- Бұрын зертханаларда істеп пе едің?

- Мектептің зертханаларында ғана.

Бірнеше зерттеулер мен сынақтар жасатты. Сосын, зертхана меңгерушісіне көмектесуді ресми түрде рұқсат етті. Мен орден таққандай қатты қуандым. Таңертең кәсіпорынға жұрттан бұрын келіп, кешке кейін қайтамын. Бұл кез менің өмірімнің жұлдызды сәттері еді. Көзді ашып, жұмғанша үш жыл өте шықты. Біздің өндіріске жоғары оқу орнынан бір орын бөлініпті. Талапкер көп, орын жалғыз. Инженер алдын ала емтихан қабылдады. Математика мен физика, химия пәндерінен сынақ алғандықтан мен бас қатырмадым. Буджав менің қасыма отырып алып, түрте берген соң оған есептерімді көшірттім. Бұрын бірге істедік қой. Қорытындыда ең көп ұпай жинаған мен болып шықтым. Менен кейін Буджав еніпті. Алайда, жоғары оқу орнының жолдамасын жұмысқа деген жауапкершілігіне қарап беретін болып, мәселе жауапты қызметкерлер жиналысында талқыланды. Онда мені екі рет шара қолданылғаным үшін жолдама алуға бекітпей тастады. Университет есігін ашу бақыты бұйырмады. Қайтадан үш жыл күту керек. Ол мерзімге жете алмадым. Зертханада жаңа зат жасауға әрекеттеніп тәжірибе жасау кезінде қазандықты жарып алып, жұмыстан қуылдым. Тұрақтап жұмыс істейтін орын табылмады. Көптеген жердің есігін тартқан маған жоғары оқу орнының жолдамасы қайдан табылсын. Ақыры, жасым отызбеске толып, белгілеген мөлшерден асып кетті. Сосын, университет жайын ойлауды да қойдым.

- Өте өкінішті – деді, ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі шын пейілмен.

Тэмүлэн туралы оқиғаның жалғасы

Хатшы бикеш таңертең жұмысқа келгенде бөлім меңгеруші кабинетінде болмады. Кеше Дүрэрэмен жүздесе алмағанына ол қапалы еді. Бүгін осында келмес пе екен деп ойлап қояды. Кеше бұл туралы нақтылап сұрамағанына өкінді. Бастығы түске қарай ғана келді.

- Қайда болдың?

- Кешегі кісімен бірге Сосор директорде болдық.

- Кеше кездесуге келіскен екенсіңдер ғой.

- Иә.

- Сонымен не болды?

- Сосор директор жолатар емес.

- Ол кісі адамды көрінбейтін ете алмайтын болғаны ма?

- Егер көмектесе алсақ бұл жұмыстан бір нәтиже шығады. Бірақ, оны түсінетін директор қайда...

- Енді не болады?

- Еш амалымыз жоқ.

- Дүрэрэ өзі қайда?

- Үйіне кетті.

- Мұнда қайта келмей ме?

- Біз көмектесе алмаған соң не үшін келсін.

Бикештің төбесінен суық су құйып жібергендей болды. Қап, әттеген-ай! Жаңалық ашатын адам өз аяғымен келіп тұрғанда айырылып қалуға бола ма екен?!

- Тым құрығанда қайда тұратынын сұрамадың ба?

- Жоқ.

- О, жаратқан-ай!

Тэмүлэн сөмкесін іліп ала жөнелді. Әдеттегідей сатыдан төмен қарай жүгіре басып бара жатты. «Жаңа ғана Сосор директорден шыққан болса ұзай қоймаған шығар. Жіберіп алмайын» деген оймен жан-жағына алақ-жұлақ қарап барады. «Әй, байғұсым-ай! Көңілі жабырқау шығар. Жолығып оны жылы сөзбен жұбатсам ғой. Киген киіміне қарағанда қамқор болар адамы жоқ секілді. Олай болса, дәмді тамақ әзірлеп, киім-кешегін жуып берсем несі айып? Құрбымды ертіп барып, үрпиген шашы мен сапсиған сақалын бастырар едім. Сол бір қажетті химикатты табуға болмас па екен. Не нәрсе екен онысы? Бәлкім, таныстар арқылы табуға да болатын шығар» деген ой келді.

Кең даңғылды бойлап қанша жерден мұқият қараса да таппады. Ақыры, Дүрэрэнің кіріп кеткен көпқабатты үйіне барды. Қай пәтерге кіргенін біле алмағандықтан бір жақтан келіп қалар деп ауладағы көк орындыққа жайғасты. Ұзақ отырды. Бүйтіп отыра берсе, күні түнге жалғасарын білген соң сұрастыруға кірісті. Алғашқы пәтер иесі тапалтақ сары кісі:

- Бұл өзі адамның есімі ме? Иттің атына ұқсайды екен. Сіз сұрастырып жүргесін ондай есімді адамның болғаны ғой, шамасы. Былтыр шығыс гоби аймағында Жеті-Теке деген кісімен кездескенмін. Алтау емес жетеу болғанын айтсайшы. Ал, енді Дүрэрэ деген де адам болады екен. Бұл дүниеде есімдері қызық адам неткен көп – деп, қай-қайдағыны мылжыңдап кетті. Тезірек кетуге мәжбұр болды. Екінші қабаттың қоңырауын басты.

- Кім?

- Тэмүлэн.

- Құжатыңызды есіктің астынан беріп жіберіңіз.

- Мінекиіңіз!

- Енді, есіктің дүрбісіне тіке қараңыз! Куәліктегі фотомен тура келе ме тексерейін.

Есік ашылғанымен темір шынжырға тіреліп жартылай ғана саңылау шықты. Екі иығына екі кісі мінгендей кеудесі есіктей алпамса азамат тоқпақтай жүн-жүн қолымен куәлігін ұсынды.

- Ондай адам мұнда тұрмайды.

- Мен тағы бірдеме сұрайын!

Ол жалма-жан темір есікті тарс жапты да бірнеше кілтпен сартылдатып құлыптай бастады. Түрінен адам шошырлық осыншама алып дәудің соншалықты қоян жүректі болғанын кім көрген.

Келесі есікті қаққанда төбе шашы дөңгеленіп түсіп қалған жап-жалтыр өзі жылп-жылп еткен біреу шошаң етіп шыға келді. Есік алдындағы бикешке қызыға қараған ол сөзге қонақ берместен:

- Үйге кіріңіз!

- Мен бір адамды сұрастырып жүр едім.

- Иә, дұрыс қой. Кіріп сөйлесейік!

- Асығыс едім. Дүрэрэ деген адам тұра ма, осы кіреберісте?

- Иә, тұра тұр. Ондай кісі бір ойласам бар сияқты, әлде, жоқ та тәрізді ме қалай өзі? Не болса да үйге кіріп асықпай анықтайықшы! Есіктен жел гулеп тұр, суық тиіп қалар. Мен жұқа жейдемен шығып едім, жаурап қалдым.

Тэмүлэн босаға аттады. Бірақ, әлгі шошаңбай үйге кірген соң сұраққа жауап беруге асықпады. Тэмүлэнді үстелдегі дастархан басына жайғастырып, тоңазытқыштан бір шөлмек арақ алып шықты.

- Мұныңыз не? Мен не...

- Үйге келген қонақ дәм ауыз тиюге тиіс.

- Таныстық үшін алып қояйық!

- Мен арақ ішпеймін. Маған Дүрэрэ деген адам қайда тұрады соны айтсаңыз болды.

- Бұл маңда көп адам тұратындықтан болуға тиіс. Екеуміз бір-екі жүз грамм тартып алып бірге іздейік. Мен саған көмектесейін.

Мұндай адамға не айтуға болады. Тезірек шыға жөнеліп құтылды. Енді, біреудің есігін қағудан жүрексінетін болды. Қандай адам шыға келерін кім біледі. Сатыдан ұстап алып, кіріп-шығар адамдарды күтіп тұрды. Дорба көтерген бір кемпір сап ете қалды. Одан сұрап еді, дереу жөн сілтеді:

- Ойбу, қызым-ау! Ондайды пәтер басшысынан сұрау керек қой. Барлық тізім мен құжаттары сонда болады ғой.

Расында, ең оңай әдіс сол екен-ау! Өзінің ақымақтығын сөге жүріп пәтер басшысының үйіне келсе, ол жоқ болып шықты. Өзінің кеңсесі бар, сонда отыратын көрінеді. Оған да жетті. Үш қалың папка ұсынды. Мұқият қарағанымен ол үйде Дүрэрэ тұрмайтыны белгілі болды. Алдыңғы күні әлде бір танысының үйіне барған болса керек. Ал, қай пәтерге барғанын білу тіпті де мүмкін емес. Іздеуі тығырыққа тірелді. Адамды көрінбейтін етуші енді өзі суға лақтырылған тастай жоғалып кетті. Енді оны мүлде көрмеуі де мүмкін. Тэмүлэн қатты жабырқады. Жұмысына оралу үшін аяңдап бара жатқаны сол еді, кенет машина сигналы баж ете қалды. Шошығаннан шоршып түсті. Буджав машинасынан шығып келеді:

- Қап, әттеген-ай! Шошытып алдым-ау!

- Мұнысы несі? Сенен өзгеде көлік жоқ па? Несіне бажылдатып жүрсің? Жұрт көзінше үркітіп...

- Сені осынша қатты шошып қалар деп ойламадым.

- Мен кеттім...

- Саған не болған? Менімен сөйлесуді қойыпсың! Жаңағы бір жайсыздыққа бола өкпелеп қалдың ба?

- Мен асығып барамын.

- Қайда?

- Бір адамды іздеп жүрмін.

- Кімді?

- Оны неғыласың?

- Сен іздеуге тұратындай бақытты адамның аты-жөнін білгім келеді. Танитын біреу болса өзіммен салыстырайын.

- Дүрэрэ.

- Дүрэрэ, Дүрэрэ! Сақалы мен шашы үрпиген, қолқылдаған кең плащы бар ана біреу ме?

- Иә, дәл өзі. Сен танисың ба? Жақсы болды ғой. Ол қайда?

«Мына сұлу ару ол пәлені неге іздеді екен?» деп таңданған Буджав оның жүзіне ұзақ қарап тұрды да:

- Қала көшесінде жынды адам секілді төмен қарап безіп бара жатқанын көремін.

- Үйінің қайда екенін білмейсің бе?

- Білмеймін. Оны несіне әуіре болып шарқ ұрып іздейсің?

Әйел адамның айласы көп болса да Тэмүлэн бұл жолы ретін таппады. Туыс дейін десе, үйін білмейтіні күдік тудырады.

- Не үшін іздеуім менің жеке мәселем.

- Сен өзі ғашық болып қалғаннан саумысың?

- Болмайтын несі бар? Болдым, ал неғыл дейсің?

- Қойшы-ей! Оның есі ауысқан шығар. Көшеде өзімен өзі сөйлесіп, екі қолын сермеп бара жатады. Ондай адаммен бас қоссаң бір түнде буындыра салуы түк те емес. Ондайлар заң алдында жауап бермейтіндіктен өзіңе обал ғой.

- Өтірік соқпа! Мен оның дені сау деген құжаттарын өз көзіммен көргенмін.

- Ол сені несімен магнитше тартты-ей?

- Дүрэрэ деген нағыз ғалым ғой.

- Оның ғалымдығы құрысын. Орта мектеп қана бітірген сымақ болған. Білім деңгейі тым төмен. Оның қасында, шүкіршілік, бізде суырып көрсетер ғылыми дәрежеміз бар. Сені неге мені алымсынбайсың, осы?

- Сені қор санаған кім бар?

- Ендеше несіне Дүрэрэ деп өліп-өшіп қалдың?

- Ол білімсіз адам емес. Оюут меңгеруші өзі тексеріп көрді. Адамды көрінбейтін ететін зат жасап жатқан көрінеді. Менің мына меңімді бір сәтте көрінбейтін ете алмақ.

- Рас па?

- Иә.

- Дүрэрэ ондай өнерді қайдан меңгеріп ала қойды екен-ә?! Сен мең жоғалту үшін ғана соны іздеп жүрген шығарсың. Егер ондай зат шықса мен саған дереу сатып алып беремін.

- Сатып әпермей-ақ қой. Дүкенге түссе, оны алуға өзімнің шамам жетеді.

Тэмүлэн бұрылып кете берді. «Оюут баға бергеніне қарағанда Дүрэрэ шынында бірдеме жасаған болғаны ғой, қалай екен-ә» деп Буджав таңданып, сенер-сенбесін білмей қала берді.



Ерекше жаңалық бөлімінің меңгерушісі тақырыбының жалғасы


Қабырғадағы сағат тілі жұмыс тарайтын уақытты көрсетіп тұр. Оюут бұрынғыдай кетуге асықпады. «Қызық екен, сөз жоқ, сол бала болғаны. Оның да аты Дүрэрэ секілді еді ғой». Телефон тулай жөнелді. Тұтқаны көтерді. Әйелінің мейірге толы даусы:

- Сүйіктім! Жұмыс уақыты аяқталды ғой. Жаным сен неге үйін ұмытқан ертегінің батыры Гэсір құсап, кеңседен шықпай отырсың? Қазанда сен жақсы көретін тамақ тарс-тұрс қайнап жатыр. Даусын естисің бе? А, қажет жоқ па? Онда тезірек жет! Сен келісімен тамақ түсіремін.

- Мен мұнда отырып кішкене жұмыс істеуім керек еді.

- Жұмыс тарап кеткен соң не істейсің? Сүйіктім, өте маңызды болса үйге алып келгін. Күндіз-түні жұмыс істей берсең депрессияға ұшырайсың. Денсаулықты ойлау керек. Бірдемені бастасаң тастамайтын әдетіңнен қорқамын. Міндетті түрде кеңседе жасалатын іс болса мен тамақты жеткізіп берейін. Термосқа салып алып шығайын.

- Жоға, қой! Қазір шығайын.

Сосын, былқылдаған жұмсақ әрі томпиған орындықтан құйырығын ажыратып алып, сәбидің бесігіндей жайлы кеңсесінен шығып, азандағы келген ізімен үйіне қарай тартып отырды.

Университет бітірген соң азық-түлік өндірісінің бас инженері болған кезінде-ақ жасаған ол кәсіпорынның сатылық үрдісін өзерту реформасын ұсынған. Сонысы, осы үй мен жұмыс арасында шынжырға байланған ит секілді алма кезек жүрудің негізін қалап бергендей. Жиырма екі жыл бұрын жас инженердің бұл ұсынысын бастығы «Министрліктегілермен ақылдасайын» деп қабылдаған.

Алайда, одан бері қанша уақыт өтсе де жым-жырт болып кеткен. Министрлікте қызмет ететін екіжүз адамның бәрімен жеке-жеке ақылдасып жүр ме екен. Онда аз дегенде бір жыл өтеді. Осылай күте-күте төзімі таусылған ол жауапты күтпей-ақ жаңа технологияны жасауға кіріскен. Ол кезде «тамақ іш» деп шақыратын мына әйелін танымайтын да еді. Сол кезең рақат екен ғой. Күн түн демей отырып, алпыс бет сурет жоба, есеп-қисап жасап бастығына апарған.

- Жарайды, мен көремін! – деп, ол тартпасына сала салған. Сол сәтте қарайтын шығар дегені болмады. «Мен шыққан соң асықпай көрер» деген үмітпен шыққан. Түнде ұйқысы қашты. Таңертеңгісін бастық түнде қарап үлгерсе енді шақырар деп күткен. Бірнеше рет кезіксе де бастық ауыз ашпады. Келесі күндері де сол. Үнсіз жүргенде бес ай өте шықты. Есеп жасағанда үш ай кеткен. Енді оны қарап шығуға осынша мерзім жұмсалуы мүмкін емес еді. Төзімі таусылып ақыры сұрады.

- Иә, мен енді қараймын – дегенді естіген Оюут әбден торығып, жұмыс істеуге құлқысыз болып қалды. Тіпті сұрауды да қойды. Бірде бастығы оған папкасын қайтарып беріп:

- Мен бірлі жарым адамдармен ақылдастым. Мұның өзі қызықты жоба көрінеді. Сен осыңмен ғылыми дәреже қорғап ал. Азар болса, жалақыңа азғана тиын-тебен сеп болар.

- Мен негізі өндірісіміздің технологиясын жетілдіргім келген.

- Сәл күтейік. Қалай десек те әйтеуір жұрт сұранысын өтеп жатырмыз ғой. Сапа жағынан аздаған проблема бар. Бірақ, бұл барлық жерге ортақ мәселе. Не істеуді министрлік өздері біледі ғой. Олардың ісіне араласпай-ақ қоялықшы.

Ол қарсыласпады. Бастығының сөзіне иланып папкасын ғылыми-зерттеу орталыққа тапсыра салғаны сол еді, аяқ астынан ғылым кандидатының мәртебелі дәрежесін алып шыға келді. Алайда, тосын оқиға болды. Министрліктің бір бөлім бастығына жаңа технологияның сурет жобасын күрделі жөндеу жоспары екен деп ойлап шатасып беріп жібереді. Бірақ, ол бөлім бастығы өзге нәрсе берді деп сөгудің орнына:

- Сен мынандай тамаша дүние жасап алып неге өндіріске енгізбей отырсың? Жасағаныңды іске асыр! – деп, таңдана талап етеді. Оны инженер өндіріс басшысына жеткізеді.

- Бөлім бастығы деген министрліктің жауапты қызметкерлерінің бірі екені рас. Жарайды, қол қойып берсе ішінара кейбірін енгізуге болады. Ал, түгелдей деген болмайды. Бөлім бастығының үстінен қарайтын вице-министрлер, министрдің өзі деген бар. Олар қарсы болса ше? – деп өндіріс басшысы тартыншақтай береді.

Оюут жағдайды әлгі бөлім бастығына айтады. Ол да алған бетінен қайтпайтын біреу болса керек. Қоймай жүріп министрдің бұйрығын шығартып береді де өндіріс бастығы кәсіпорынға жаңа технологияға енгізбеске өзге амалы қалмады. Үш айға созылған нөпір жұмыс өрістеп орнатылды. Сынақ өнімдерін шығарып көргенде ауызға алуға келмейтін ащы бірдеме болып шықты.

Машина, құрылғылар теріс орнатылды ма деп тексерсе бәрі дұрыс. Тек қана жаңадан жұмысқа алынған бір баланың жауапсыздығының салдары болып шықты. «Жан тәтті болса да, жарлық қатты» дегендей дереу шара қолданылып, баланың жұмысы өзгертілді, жүк тасушы болды.

Сонда да келесі өнімнің зертханалық тексерісінің нәтижесі жайсыз болып шықты. Тағы не болып қалғанын тексере келе сынақ дұрыс жасалмағаны айқындалды. Оюут ашуға мініп, зертхана меңгерушісі аршылған жұмыртқадай аппақ әрі нәзік бикешті шақырып жерден алып, жерге салды.

- Бұл неткен басссыздық!

- Бұрыннан осылай жасап келе жатырмыз ғой.

- Қайдағы бұрынғы. Қазір бәрі өзгерді. Ойыңа келген санды қоя салатын болсаң зертхананың не керегі бар?

Зерттеу қайтадан жасалды. Бірақ, бұрынғыдан өзгергені шамалы. Зертхана меңгерушісі сынақ зерттеулерін қалай жасауды білмейтіні байқалып тұр. Тіпті өлшемнің өзін дұрыс жасай алмайды екен.

- Сен маман емессің ғой. Зертханада істеуге жарамайсың.

- Мен осы саланың маманымын.

- Өтірік айтпа, айналайын! Қане, дипломыңды көрсетші!

Зертхана меңгерушісі сөмкесінен көк түсті қатырма қағазын алып ұсынды. Аты-жөні жазылған, мөр таңбасы бар. Тіпті жақсы бағамен оқыған. «Осындай да маман дайындайды екен ғой» деп таңданған ол қалай жасау керектігі жайында біраз кеңес берді. Одан да түк шықпады. Кадр бөлімінің бастығына оны ауыстыру туралы ұсыныс жасағанда ол «Мен білмеймін, бастықтың рұқсатын алыңыз» деп басын ала қашты. Бастық таңданып былай деді:

- Бұрын болып келген еді ғой. Енді неге аяқ астынан болмай қалды?

- Бұрын зертхана зерттеулерінің маңызы болмаған. Ал, енді біз күрделі технологияға ауыстық. Сондықтан, зертхана елеулі рөл атқаратын болады. Жұмысты білетін, қабілетті адам керек.

- Болып келген дүниені өзгерту қауіпті. Алдымен машина, техниканы ауыстырдық. Енді зертхана меңгерушісін алмастырмақпыз. Кейін өзіміз де құритын шығармыз. Туяа – жоғары білімді маман. Вице-министр өзі телефон соғып, оны жұмысқа алдырған. Жоғары жақтың сенім жүктеген, қамқорлық танытқан адамын мен өзгерте алмаймын.

- Енді не істейміз?

- Не істегені қалай? Жас маманды қолда, үйрет!

Бастықтың айтқанын екі етпейтін бас инженер оған көнді. Негізгі зерттеулерді өзі жасауына тура келді. Онымен қоймай қандай химикатты қалай танудың өзін дипломы бар зертхана меңгерушісіне үйретуіне тура келді. Алайда, ол қызды зерттеу жұмысына баулығаннан ормандағы аюды циркіге әкелу әлде қайда жеңіл болар еді. Сүмбідей тегіс әдемі саусақтары мүлде илікпейді. Әйнек ыдыстағы сұйық заттарды өзінен тым алыс ұстап алады да өлшем жасайды. Қанша айтсаң да ештеңе ұқпай бәрін сапырылыстырып бүлдіріп алады. Инженер әбден таусылды. Айтса ұқпайтын, мың салса да бір баспайтын керітартпамен арпалысып жүргенде зертхана жұмысы аяқ астынан жақсарып шыға келді. Күн батыс жақтан шыға келгендей әсерде болды. «Енді жөнге келгені шығар» деп қуанды. Химиялық заттардың сапалы бола бастағанының себептерін сұраса зертхана меңгерушісі ауыз ашпайды.

- Мұндай көрсеткіштің болғаны өте жақсы. Сынақ өз заңдылығы бойынша жасалғаны көрініп тұр. Мен сол тәсілді білгім келеді.

- Мен...м...мен...

- Сен өзі осының бәрін өзің жасадың ба?

- Сағат тізімдейтін бала көмектескен.

Жоғары білімді маманнан артық білікті әрі дарынды сағат тізімдеуші қайдан шыға келді? Осылай таңданған ол баланы кабинетіне шақыртты. Әлгі тұзді көбейтіп, шу шығарған кеселдің иесі болып шықты.

- Сен зертхалалық зерттеу жүргізуді қайдан үйреніп жүрсің?

- Мектепте.

Зертханаға ертіп апарып бірнеше зерттеу жасатты. Сөзсіз шебер жасайтыны көрініп тұр. «Біздің орта мектептер университеттен асып кеткен бе? Әлде, химия, физика пәндерінің мұғалімдері мықты мамандар болды ма екен» деп Оюут таңданумен болды. Ол дереу бастыққа келді.

- Олжалы келдім.

- Не таптың? Алтын ба, жамбы ма?

- Басеке! Бізде өте дарынды бір лаборант бар екен.

- Ол кім-ей?

- Сағат тізімдеуші бала.

- Онжылдық мектеп бітіріп келген бе?

- Иә, Туяаның орнына соны жұмыс істетейік.

- Не дейді? (бастық жүрек дәрісінің екеуін қабаттап тұрып ішті) жоғары білімді маманды алып тастап, орнына орта мектеп түлегі қою қалай ойыңа кірді?

- Жұмыс қолынан келіп тұрса, несі бар...

- Ақымақтық жасама! Дипломсыз адамға жалақы төлеп, қолыңа кісен салдыруың қалды ма, енді?

Оюут бастығының сөзінен шықпады. Дегенмен сағат тізімдеуші баланың зертхана меңгерушісіне көмектесіп тұруына қол жеткізді. Жұмыс ілгері басты. Сол сәтте өндіріске жоғары оқу орнының жолдамасы келген... Сағат тізімдейтін баланың ұпайы артық болатын...

Кадр бөлімінің меңгерушісі Буджавты қолдауды тапсырған. Сағат тізімдеуші өтіп кетсе, зертхана күйрейтін еді. Сондықтан, инженер де көптің айтқанына қарсы болмаған. Кеше сол баланың Дүрэрэ болып шыққанын білгенде өткен іске қатты өкінді. Өзін танымаған соң «сол инженер мен едім» деп ашылмады. Оның оқуға түспей өндірісте қалуы жаңа технологияның жүзеге асуына қолғабыс болғанымен жас дарын жапа шекті.

Жауапты қызметкерлер жиналысынан шыққанда зертхана меңгерушісі кабинетінің алдында тұр екен.

- Сен неғып жүрсің?

- Бүгін анам басты рөлде ойнайтын драманың тұсаукесері еді. Сізге бер деген – деп, шақыру ұсынды.

Оюут оған «Жұмысын басқаға істетеді, ұялмай жалақы алады» деп жыны келетін еді. Бірақ, алғыс айтып алды.

- Сіз міндетті түрде барыңыз, өте қызықты драма көрінеді.

- Жарайды.

Баяғы ешкімге қарсы келмейтін мінезімен жауап қайтарды. Біреуден шақыру алған соң бару міндет. Оның сыртында бір пьеса көре салғанда тұрған не бар деп театрға келсе, Туяа да сонда екен.

- Сен де осындасың ба?

- Анамның ойнайтын драмасының тұсаукесеріне келуім заңды ғой.

Онымен анау-мынауды сөз етіп отырғанда шам сөнді. Расында, тамаша қойылым екен. Қойылым біткенде әлдеқашан түн болып кеткендіктен әйел адамды көшеге тастайсың ба. Үйіне жеткізіп салуға тура келді. Жол-жөнекей Туяа әңгіме бастады.

- Сіз мені жұмысымды дұрыс атқара алмайтыным үшін жек көретін шығарсыз?

- Неге мамандығыңа осыншама қырсыз болдың?

- Мен әу басында бұл мамандықты қаламаған едім. Осыдан өзге жолдама маған бұйырмады.

Үйінің ауласына келгенде ол дереу еніп кетпеді.

- Сіз үйге кіріп шай ішіңіз!

- Әуіре болмағын! Тым кеш болып кетті.

- Кеш емес қой. Шай ішіп шығуға соншалық көп уақыт кетпес. Анаммен танысыңыз. Құтты болсын айтпайсыз ба? Біздің үйде сізді ұстап жеп қоятын ешкім жоқ.

Кіріп-шықпасқа өзге амал қалмады. Амалсыздық көбейсе, міндетті түрде бір нәтиже шығады ғой. Шайдан кейін де ол үйден шыға алмады. Тым кеш болып кеткендіктен сол үйге қонуға тура келді. Бірнеше айдан соң екеуі қолтықтасып отбасын тіркеу бөліміне барған еді. Осыдан бастап Туяаның күйеуіне айналды. Содан бері әйелінің шақыруымен үйіне қарай желдіріп бара жататын болды. Зертхана меңгерушісі мамандығына осал болғанымен үй шаруасына келгенде мінсіздігін танытты. Күйеуіне келгенде бесіктегі сәбиден бетер өбектеп мейірленеді.

Дипломын алса да зерттеу жасауға дәрменсіз, ал, бір айлық курс оқымаса да тамақты тіл үйірер дәмді жасайды.

Ой құшағында келе жатып, үйіне келіп қалғанын енді ғана сезді. Қоңырауды басқанда әйелі есік ашты.

- Ой, жаным! Қалай көп кешігесің? Тамағың әбден суып қалды. Саған бірдеме болып қалды ма деп, енді өзім шыққалы жатқанмын.

Күйеуінің сырт киімін шешіп, асты-үстіне түсіп жетелеп апарып үстелге отырғызды. Табақ тартып алдына қойды. Оюут дәмді тамақты тұщынып жеп болған соң ғылыми мақалаларының жазбаларын алып қарай бастаған.

- Жаным-ау, күні бойы осы қағазбен отырып келіп алып енді тағы оқисың ба? Қой, жатып демал! Мен саған ән айтып берейін.

Нәзік сүйіктім жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой.

Қағаз сығалап шаршама,

Бас қатырдың қаншама! – деп, баяу ғана әндетті. Біраз оқу-тоқумен айналыспақ болған Оюуттың көзі жұмыла бастады. Сосын, біржолата демалу үшін жатын бөлмеге қарай тартты.

Бәрін қатыратын адам

Дүрэрэ үйіне қайтып бара жатты. «Сенің көрінбес етеріңді көрерміз» дегендей шаңды құйын табалап, кекете билегендей алды артын орайды. Алайда, айналасын аңғарған Дүрэрэ жоқ. Ең бастысы, қай бір жаққа жүре беру керек секілді, басы қалай ауса солай адымдай жөнеледі. Көңілі алабұртқанда осылай ететіні оның әдеттегі мінезі. Осылайша сенделіп жүріп үйіне барғанда біршама тынышталып қалады. Осы жолы да сол әдетінен айнымады. Бір көшені қиып өтіп, келесі даңғылды бойлап мақсатсыз сенделуде...

Жалғыз өзі қатты-қатты сөйлеп, екі қолын сермеп бара жатқан оған қызық құмар біреулер ғана «науқас па, неғылған адам?» деп бұрылып қарайды. Тал түсте қаланың оңтүстігінде жүрсе, кешқұрым солтүстігінде тартып бара жатады. Кенет бүйірінен бірдеме итеріп қалғандай болды. Жол кесіп өтіп бара жатқанда бір машина оған тіреле жаздап кілт тоқтапты. Кәдімгідей кешірім сұрай салып, өте бергенде жүргізуші шақырды:

- Сен машинаның астына түсуге қатты құмартып жүрсің бе?

- Құмартқан ешнәрсем жоқ. Дегенмен түсіп кетсем өкінбес едім.

- Қатты қалап жүрсең өзгенің машинасын таңдасаңшы! Қайткен күнде мені таңдап, аты жаман жердің есігін аштырудың не қажеті бар? – деп, күліп отыр.

Дүрэрэ басын көтерін оның жүзіне қарады. Жалпы ол кез келген формуланы, телефон номерлерін тыңдай сала жаттап алады. Ал, адамдардың түрін есінде сақтауы екіталай. Онжылдықты бірге бітірген бір қызды үш жылдан соң кезіктіргенде мүлде танымай қойғаны бар. Осы жолы да солай болды. Таныс түр. Алайда, тым көп жыл бұрын көргендей шырамытады.

- Сен екеуіміз қалай едік? Бір күні дүниеге қатар келдік пе?

- Қайдағы көне заманды қойшы-ей! Азық-түлік өндірісінде бірге ұн тасып жүргеніңді ұмытып қалғансың ба?

- А, иә! Буджав екенсің ғой.

- Енді ғана есіңе түсірдің-ау.

Буджав Тэмүлэннен шет жағасын естіген соң Дүрэрэні іздеуге көшкен. Оның көшеде сенделіп жүретінін білетіндіктен бұрын сан рет көрсе де менсінбей өте шығатын Буджав бұл жолы әдейі өзі іздеп тапқан.

- Қане, келсейші! Отыр, ескі таныстар бір екі ауыз тілдесуге болатын шығар.

- Тұрмыс тіршілік қалай, Буджав?

- О, құдай деп, жаман емес.

Шын мәнінде Буджавтың жағдайы өте жақсы, тасы өрге домалап тұр. Күрілэге тамақ алып беріп, ұн көтертуден бастаған оның қулығы адамдардың ебін табудың жоғары шеберлігіне ұласқан. Университетке түсе салысымен көрші үйдегі профессордан есеп үйренуге сабақ аламын деп әр кеш сайын бір шишасын қаталап баратын. Ол ұстаз оншақты бөтелкесін босатқанымен Буджав ештеңе ұғып жарытпады. Есесіне университетке қалай жеңіл жолмен оқудың күрделі амалдарын үйренді. Оқудан шығып қалмай жүрудің тәсілдерін де игерді. Курстас студенттер бас алмай оқып, кітапханадан шықпаса, Буджав қажет кітаптарды тауып алып, тақырыптарға бөліп қайшымен қырқып отыратын. Емтихандарға сол қиындылармен кіріп шыға жүріп табақтай дипломға ие болды. Сосын, материалмен қамту басқармасына орналасты. Бөлім бастығы басында оны «өз жұмысын қалай атқаруды да білмейді» деп сөгетін. Кейін үнемі оны мейрамханада түстендірген соң «мамандығын жақсы игеріп, өсіп келеді» деп тамсана мақтайтын болып алды. Кешікпей өзі жоғары жаққа өрлегенде орнына бөлім меңгерушісі етіп тағайындатып кетті. Осы кезден бастап Буджав өзін «бәрін қатыратын адам» санатына қосқан. Онысының да негізі бар. Жеке көлік алып мінді. Ғылыми дәрежелі болды. Шағын ғана өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Бір рет қана күреске қатысып, ұлттық шен алды. Енді шет елдердегі елшіліктердің біріне кетуге қатты кірісіп жүр. Кетерден бұрын студент кезінде бас қосқан қара торы қатынын одан тәуір біреумен алмастырмақ ойда. Сол үшін Тэмүлэнді айналдырып көрген еді. Алайда, неге екені белгісіз, сәті түспей-ақ қойды. Есесіне одан қызықты хабар естіген Буджав Дүрэрэнің сұрақтарына немқұрайдылау жауап берді де:

- Әйтеуір, мені таныдың ғой. Енді үйіңе жеткізіп салайын. Тағы бір машинаның астына түсіп кетіп жүрерсің. Ал, сонымен не жаңалық? – дегені сол еді, ол бар сырын ақтарып тастады. Оның әңгімесіне мұқият құлақ түрген Буджав:

- Шынымен, белгілі бір затты көрінбейтін ете аласың ба?

- Егер қажетті материалдар табыласа, әрине, жасаймын.

- Айталық, сен суырдың бағалы терісін көрінбейтін ете аласың ба?

- Айттым ғой, материал жетпей тұр. Ол табылса бәрі болады.

- Мен қажет химикаттың бәрін тауып берейін.

- Ол оңайлықпен табыла қоймайтын дүниелер.

- Мен негізі болмайтынды болдырып, тіпті қатырып бере аламын. Сен алаң болма! Бәрін табамын. Тек қана суыр терілерін көрінбейтін етіп берсең болды.

Дүрэрэ келісті. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған заттарды оның табатынына сенбеді. Дегенмен, «үмітсіз шайтан ғана» дегендей қағаз, қаламын шығарып химикаттардың атауларын, қай елге қалай тапсырыс беруге болатынын жазып берді. Буджав «ендеше, келістік» деді де көз қысты. Дүрэрэні үйінің сыртына жеткізізып тастап, кетті. Болар-болмасы беймәлім десе де әйтеуір, жақсы хабар естігеніне көңілі жайланған бейбақ үйіне кірді. Оны пәтер бастығы күтіп отыр екен. Сұрғылт костюм киген, пышақтың ұшы секілді үшкір мұрны бар адамға көзі түскенде ашық аспанды қара бұлт торлағандай болды. Көрмеген болар деп бұрылып кетпек болып еді, соңынан шақырды.

- Екі айдың ақшасын төлеген жоқсыздар. Пәтер иеленуші әр азамат ай сайын төлемдерін уақытылы өтеуге міндетті.

- Кешікпей төлеп тастаймын.

- Кешікпей дегенді қой. Бір аптаның ішінде төлеймін деп қол қой. Егер олай жасамасаң сенің мұнда тұру, тұрмауың туралы мәселені мен жауапты адамдар алдында көтеретін боламын – деген соң одан тезірек құтылғысы келген Дүрэрэ дереу қол қойып берді.

- Ал, енді болды ғой, көкесі...

- Тағы бір өзекті мәселе бар.

- Мен бұрын да ескерткенмін. Қазір де ескертемін. Түнгі уақытта әлде бір мотор мотор гүрілдетіп, еңбекші қауымның тынышын аласың. Мұндай бассыздықтың тоқтатылуын талап етемін. Егер талап орындалмаса, заң, ережені негізге алып... – дей берді де Дүрэрэнің үнсіз ғана ала көзбен атып тұрғанын көріп, ыңғайсызданғандай бірдеме деп өзі өзіне мыңқылдап шығып кетті.

Пәтер бастығы

Пәтер бастығының қазіргі күні ғана билігі шектеліп, жасы ұлғайып сыбырмен мыңқылдап қалған жайы бар. Әйтпесе, кезінде жерлестері атын естігенде зәрелері ұшып қалтырайтын Нохойхүү уәкіл осы еді.

Жива лама таудан құлап қаза тапқан сәтте ол әлгі маскүнемді алқымнан алған:

- Халық жауын күзете алмай айырылған қылмысыңды мойындамасаң бір ғана оқпен төбеңді тесе саламын! – деп, лаң салғанда әлгі байғұс шалбарын сулап, сақылдаған сары аязда тоңған адамша дірілдеп тұрған деседі. Маскүнемді аймақтық басқармаға әкеліп өткізеді. Оны бөлім бастығы Түвшин тергейді. Аты-жөнін сұрағанда ол қорыққаннан өзінің кім екенін де ұмытқан. Жұрттың бәрі маскүнем дей беретіні ғана есінде. «Әлде Ардына, әлде Арывдын ба еді?». Өзге есімі бары бар, бірақ, есіне түспеген соң «әй, осы шығар» деп ойлады да:

- Маскүнем.

- Қандай қылмыс жасағаныңды айт!

- Мен халық жауының қылмысын жасадым.

- Оның қандай қылмыс еді?

- Мен онша білмеймін.

- Сіз білмесеңіз оны енді кім білмек?

- Менің жасаған қылмысымды Нохойхүү уәкіл біледі. Мені дәл қылмыс жасау үстінде ұстаған.

Түвшин бастық уәкілді шақырды. Нохойхүү тапаншасын қолына ұстап тұрып:

- Сен Жива ламамен бірігіп мені өлтірмек болдың, қылмыстық топ құрдың, ұсталған соң басшыңның қашып кетуіне көмектестің. Осыны неге есіңнен шығарасың?

- Есіме түсті, дәл солай болған.

Нохойхүү алшаң басып шығып кеткен соң тергеуші былай деді:

- Сіздің қандай өтініш тілегіңіз бар ма?

- М...мені абақтығы жабардан бұрын басымды жазатын мүмкіндіктеріңіз бар ма? Тіпті шыдай алар емеспін.

Мойындаған екен деп маскүнемді түрмеге тыға қойған жоқ. Оның ісін тексеріп жатқан кезде Нохойхүү Хөх дэлт елді мекенінде колхоз құруды ұйымдастыру ісіне тағайындалады. Тодығыр арқылы жұрттың бәрін жинап алды да үгіт-насихатты бастап кетті.

- Жолдастар! Сіздер колхоз құрып оған өз еріктеріңізбен мүше боласыздар. Ешкім сіздерді мәжбүрлемейді. Алайда, кім жекеменшік иесі болып қалса, ол кулак әрі халық жауы. Ондай адамдармен басқаша сөйлесеміз – деп, сол жақ бүйірін нұсқап қойды. Насихат нәтижелі өтті.

- Араларыңда колхоз құруды құптамайтын кім бар? Қолдарыңды көтеріңдер! – дегенде ешкім әрекет етпеді. Уәкіл әлі де ұзарып өсе қоймаған шашын кейін қайырып қойып «дұрыс» деді.

- Осылайша колхоз құрылды. Оның төрағасы етіп Тодығырды сайлаған жөн болып табылады. Кім қарсы болса, сол қолын көтерсін! Ешкім жоқ. Ендеше, бір дауыспен қолдау тапты. Енді колхоздың атауы жайында ақылдасайық!

- «Нохойхүүгийн зам» (итбаланың жолы) дейік!

Тодығырдың бұл ұсынысына да жиналғандар ләм-им деп ауыз ашпады. Нохойхүүдің өзі де ыңғайсызданып қалғандай болды.

- Менің есімім революцияның ыстық отына піспеген бесіктегі кезімде керітартпа ескі күштердің өкілі ірі діндар ламаның кесірінен қасақана қойылған ат. Әзірше маған колхоз атауын беруге болмайды. Жаңа колхоздың аты «Қызыл жалын» болады.

Осымен іссапар жемісті аяқталып, Нохойхүү кеткелі жатқанда Тодығыр қипалақтап келіп былай деді:

- Колхоз деген өзі қандай зат?

- Сен колхоздың төрағасы бола тұра неге мұны білмейсің?

- Мен жаңадан бастық болғасын...

- Колхоз дегеніміз барлығын ортақ етіп бірлесіп қолданады деген сөз. Ешкім артық тамақ ішіуіне, артық киінуіне болмайды. Егер біреу артылып кетсе сен жауап бересің! Енді түсіндің бе?

- Түсіндім.

Тодығыр колхозды басқару бағытын біліп алғанына қуанып қалды. Нохойхүү де аймақтағы нұсқаушының сөзін өзі білетін адамша жеткізгеніне марқайып кетті. Аймақ орталығына жетсе уәкілдердің көбі қайтпаған болып шықты. Бірлі жарым келгендері «колхоз ұйымдастыру оңай шағылатын жаңғақ емес екен» десіп жүр. Ол «мен секілді оп-оңай құрып тастаған ешкім жоқ екен» деп масайрап жүрді. Басына бұлт үйіріле бастағанын ол сезген де жоқ. Түвшин тергеуші істі мұқият қарап маскүнемнің Жива ламамен еш байланысы жоғын, арақ ішіп өз жайына жүргенін анықтады. Тергеу қайтадан жүргізілді.

- Сіз арақ ішіп жұрт аралап жүріп қалай халық жауларының лаңкестігін ұйымдастырдыңыз?

- Мен ессіз мас жүрген кезімде ұйымдастыра салған шығармын деп ойлаған едім.

- Сіз шындықты айтыңыз. Әлде біреу сізді қорқытқан жоқ па?

- Нохойхүү ғуай атып тастаймын деген соң...жо...жоға! мен, м...м...мен жалған айттым.

- Сіз енді боссыз.

- Не дейсіз?

- Сіз босатылдыңыз.

- Нохойхүү ғуай келісе ме? Мен шыққан соң...

- Сізді екі ай қаматып, жазықсыз тергеткені үшін ол кісіге шара қолданамыз.

Маскүнем сене алмай тұр. Тышқан үшін мысықтан күшті жыртқыш жоқ. Бейнебір ала мысықтың арыстанға жем болғанына сенбеген тышқанның ертегісі сияқты. «Шара қолданамыз дейді. Нохойхүү ғуай тапаншасын суырып алып басына тақай қойса қаламнан өзге қаруы жоқ мына кісі не істей алар дейсің». Ол одан сайын қорықты.

- Мен осы күйі абақтыда қала берейінші!

- Оныңыз қалай болғаны?

- Мен оның рұқсатынсыз кетіп қалған соң Нохойхүү ғуай ашуланып атып тастамай ма?

- Сіз қорықпаңыз!

Оны түрмеден зорға дегенде қуғандай болып қоя берді. Сосын, әлгі уәкілді шақырды. Жазықсыз жандарға жапа шектіргені үшін тергеуші бастық оны жерден адып, жерге салды. Әлгі жаужүрек Нохойхүү бастықтың алдында қоянша қалтырады. Мұны маскүнем көрсе қызық болар еді. Сонда да Нохойхүү өзіне шаң жуытқысы келмеді.

- Ол Жива ламаның қашуына жол берген.

- Егер ол екеуі де халық жаулары болса, неге бірін біріне күзеттіресіз? Олай болса, оның қашып кетуін сіз өзіңіз ұйымдастырған болып шығасыз. Қане, тапаншаны өткізесіз!

- Басеке! М...мен...

- Менді қойыңыз! Бұл тапанша сізге тек қорғану үшін ғана берілген. Ал, сіз жұртты қорқытуға қолданғансыз.

Нохойхүү селт етіп, жүрек тұсынан біреу бізбен шаншып алғандай күйге түсті. Бастықтың етігін қос қолдап құшақтай алып жалынып зар жылады.

- Мені қалай жазаласаңыз, солай жазалаңыз! Ендігі ары олай істемеймін. Тек тапаншамды алмаңызшы!

Нохойхүү мылтықсыз расында, ешкім емес болар еді. Ол ау баста дәрменсіз бала болды. Ауылдың барлық пәнділері (пәнді - діни оқудағы шәкірт) дерлік оны басынатын. Бір жолы ол кішкентай қыздың қолындағы затын тартып алып жатқан. Үстінен түскен үш пәнді оңдырмай ұрып жатқанда белінде тапаншасы бар офицер ара түсіп құтқарған еді. Нохойхүү бас салып білегіне жармасты.

- Сіз мені алып кетіңізші! Мен сізге бала болайын.

- Сенің әке-шешең жоқ па?

- Жоқ – деген еді, қасында тұрған бір пәнді сөзге араласты.

- Өтірік айтады, оның шешесі бар.

- Сонда да мен сізге бала болайын. Тапаншасы бар әкелі болғым келеді.

Офицер Дэрэм жігіттік жасқа таяған бозбаланы асырап алғысы келмеді. Өзі де балалы-шағалы жан еді. Дегенмен жаны ашып, шешесімен бірге өлместің күнін көріп жүргенін біліп, оны аймақ орталығына апарып мектепте оқытты, сауатын ашты. Кейін жедел курске түсірді. Нохойхүү оны бітірген соң Хөх дэлт аулына уәкіл болып келісімен кезінде өзін сабаған пәнділердің біріне тапанша кезеп тұрып етігін жалатады. Оның тап жауларымен күресі осылай басталған болатын. Енді мылтықтан айырылса өзін ешкім пысқырмайтынын сезді. Сондықтан, өлердей жалынды:

- Тапаншамды өзімде қалдыра көріңізші!

- Ана жолы сіз біреудің итін атыпсыз. Енді адамға кезеген екенсіз. Мұндай адамға қару-жарақ жарамайды.

Түвшин бастық орнынан тұрып келіп оның беліндегі тапаншаны шешіп алды да:

- Енді бара беріңіз! – деді.

Нохойхүү еденнен басын көтерді. Мас адамша бұлғақтап, кеңседен шықты. Біраздан соң бір егде адам ентігіп жетті.

- Не болды?

- Нохойхүү ғуай солтүстік кезеңнің үстінде өзін өзі асып қойыпты.

- Не дейді? О дүниелік болып кетті ме? – деп, абыржыған Түвшин әлгі кісімен бірге жүгіріп жетеді.

Уәкіл ағаштың бұтағына екі қолтығының астынан байланған жіпке ілініп тұр екен. Әйтеуір, абырой болғанда дін аман. Бірге туысқаннан бетер жақыны болып кеткен Дэрэм бастық та мұнда екен.

- Нохойхүү мұның не?

- Мен біткен адаммын.

- Неге біттің?

- Мен тапаншамнан айырылып, жұмыстан қуылдым. Революция ісі үшін бар өнерімді салдым. Енді өлгенім артық. Мына жіпті мойныма салып беріңіздерші! – деп, еңіреп тұрып жылады.

- Сен өзіңнен көр, сенімді ақтамадың.

- Мына ақымақтан бастан болды – деген ол екі қолымен дауылпаз ұрғанша өз басын төпештеді.

- Бұлай болмайды – деп, Дэрэм жіпті қиып оны жерге түсірді.

Дэрэм Түвшин бастыққа бұрылды.

- Қателігін түсінген екен. Бұрынғы жұмысына қайтарсақ қайтеді?

- Оған мылтық пен оқ жараспайды. Керісінше, басқару саласының жедел курсіне жіберейік. Оқып, көз ашып келсін.

- Оныңыз дұрыс екен.

Нохойхүүдің басы-көзін тоқпақтауы саябырсыды. Жоқтан тәуір. Жедел курстың пайдасын ол біледі. Сонымен қаспаққа өкпелеген балаша бастығының соңынан ерді. Жарты айдан соң ол оқуы да ашылды. «Тауысқан соң тапаншамды қайтарар ма екен» деп дәмеленген. Алайда, алғашқы күннен бастап аузы ашылғанша таңдануына тура келді. Уәкіл болардан бұрын оқыған курсында «Халық жаулары феодал мен ламаларға қарсы ымырасыз күресу керек» деп оқытатын. Бұл жолғысы бөлек. «Әсіре солшыл оппуртанистер ғибадатханаларды қиратып, білгендерін істеді. Діндарлардың көңіліне қаяу түсіріп, халық өкіметіне сенімсіздік тудырып, елге залал келтірді» деп сайрап жатыр. Сонда біреу сұрақ қойды:

- Будданың мүсінін талқандау, діни кітаптарды өртеу де қате ме, сонда?

- Әрине, қате. Оның бәрі мәдени мұра ғой. Сіздердің араларыңызда ондай шолақ белсенділер жоқ шығар.

Бірақ, ешкім ауыз ашпады. Сезікті секіреді дегендей Нохойхүүдің мазасы кетті. Ол өзінің есімі аталып қала ма деп үрейленіп бұққан үстіне бұға түсті. Үзіліс жарияланғанда ғана кең тыныстады. Келесі сабақта ең артқы орындыққа барып жайғасты. Ешкімге көрінбейтіндей бір бұрышқа тығылып отырып алды. Мұғалім былай деп сөз бастады:

- Енді, бізде жаңадан құрылып жатқан колхоздар жайын талқылайық. Жалпы, ұжымдық еңбек дегеніміз жаңа қоғамның іргетасын қалайтын негізгі әрі маңызды мәселелердің бірі.

Осы сәтте Нохойхүү «қап, әттеген-ай, алдыңғы қатарға отыруым керек еді» деп өкінді. Колхозды жедел ұйымдастырған адам ретінде өзінің есімі аталар деп дәмеленді. Сол себептен ол кеуде көтеріп, назар аудартуға тырысып отырды. Алайда, күтпеген әңгіме өрбіді:

- Бірақ, осы маңызды шара көп жерлерде бұрмалауларға ұшырады. Мал басы шығынға ұшырап, колхоздың абыройы құлдырады. Бәлкім, нағыз халық жаулары бет-бейнелерін өзгертіп, маңызды істі әдейі құрыдымға жіберген шығар. Ондай жауыздарды әшкерелеп, жазасын беру керек.

Нохойхүү қайтадан төмен түсіп отыра қалды. Әр сабақ сайын айтылып жатқан дүниелер оның жасаған істерін теріске шығарумен болды. Оны құдай сақтаған екен. Егер жедел курске келмесе ақыры халық жауына айналып кеткендей екен. Алғашқы оқыған мектебінен соң дүние өзгеріпті. Мұғалімдерінің өзі екі сөзінің бірінде «и» деген орыс сөзін қосатынын аңғарды. Бақандай алты айды қорқуды, күмәндануды қосарлатып жүріп өткізді. Әйтеуір, оқуды аяқтап куәлік алған соң көңілі орнықты. Түвшин бастық тапаншаны қайтармады. Нохойхүү де алуға аса күш салмады. Енді ол партия қызметкері болған. Екі бірдей оқу бітіргендіктен естіген, білгені де баршылық. Мылтықпен адамдарды бағындыру артта қалған іс болғандықтан одан ірі құрал сөзбен жұмыс жүргізетін болды. Көзқарасы түбегейлі өзгергендіктен есімін де өзгертіп Шинэхүү (жаңабала) деген терең маңызды атқа ие болған. Осы тұста оны Хөх дэлтіде құрылған колхоздың қателіктері мен бұрмалаушылықтарын жөнге келтіретін төтенше және өкілетті уәкіл етіп тағайындады...

Пәтер бастығы енді ғана жұмсарғаны болмаса өз дәуірінде сұмдық тұлға болған.



№510 cынақ


Дүрэрэ үйінде көптеген саусақ іспетті әйнек ыдыстарға түрлі сұйықтарды құйып, араластырып, оны микроскоппен сығалап отырады немесе кітап оқып жатуды әдетке айналдырған. Жексенбі күні кешке сол әдетімен жатқанында қолында үлкен сөмкесі бар Буджав келді.

- Мен әлгіңді таптым.

- Нені?

- Сенің сұрастырып жүрген химикаттарың.

Қағазбен қапталғаны бар, ыдысқа құйылғаны бар неше түрлісін шығарып үстелдің үстіне қойып жатыр. Дүрэрэ орнынан атып тұрды. Біреуін бас салып көзіне қарай жақындатты да «Дәл өзі!» деп дауыстап жіберді. Дереу аппаратураларын іске қоса бастағанда Буджав ренжіп қалды:

- Сен өзі қандай адамсың? Қалағаныңды тауып әкеліп тұрсақ бір ауыз сөзді де қимайсың ба?

- Ой, рахмет саған!

- Рахметіңе болайын.

Дүрэрэнің бөлмесі бұрылуға келмейтіндей тым тар. Жан-жақтың бәрі қаптаған әйнек ыдыс, бөтелкелерді орналастырған құрылғылар. Бір қабырға толықтай сөре, оған түрлі кітаптар ығы-жығы жиналған. Терезе жақтауына тақап қойылған үстелдің үстінде әлде бір аппарат сүрей будандастырылған бірдеме тұр. Түрлі елдердің сауда белгілерінің мөрі басылған құрылғыларды өзара біріктіріп, оның нәзік құбырларын ебедейсіздеу дәнекерлеп байланыстырған. Кейбір жақтауларын ағаштан ойып, желімдеп жапсырыпты. Оны көрген Буджавқа «Құрылғыларының түрін қарашы. Мұндай құралмен адамды көрінбейтін етемін деуі бос әуірешілік шығар-ау» деген ой келді де:

- Сен рахметіңді жинап қоя тұр. Екеуміз қалай келіскенімізді ұмытқан жоқ шығарсың? Мен уәде бойынша барлық заттарыңды әкелдім. Енді сенің уәдеге қаншалықты беріктігіңді көреміз. Маған әлгі айтқандарды көрінбейтін етіп бергін.

- Нені еді?

- Әлгі суырдың терісін айтамын да. Мен мұнда елу данасын әкелдім. Бірінші кезекте осыларды уақытша көрінбейтін етесің.

- Екі аптадан кейін аларсың! – деп, Дүрэрэ құрылғысын жұмыс істете бастады. Оны зорға сөндірткен Буджав:

- Сен бұған бұлайша жеңіл қарауыңа болмайды. Терісін, жүнін зақымдауға болмайды. Қандай бір дақ түссе төлейсің! Бұл өзі сенің мына мыжырайған құрылғыларың секілді нәрсе емес, бағалы құнды аңның терісі. Келістік қой.

Дүрэрэ оның әр сөзін құптады. Буджав шыққан соң ғана еркіндікті сезініп, есігін бекітіп алды да құрылғысының түймесін басты.

Бұдан бұрын ол төртжүз тоқсан рет сынақ жасағанымен қажетті химикаттар жетіспегендіктен толыққанды нәтиже бермеді. Енді құрылғысы сұрықсыз болса да қажет заттарының бәрі бар. Дүрэрэ теориялық тұрғыдан бәрі бар, енді бірер дерлік сынақ арқылы мақсатқа жетуге болады деген ойда еді. Алайда, олай болмады. Жеме жемге келгенде мәселе атаулы бірінен соң бірі туындайтын көрінеді. Оның қолына іліккені шұбарала бір орамал болатын. Соны көрінбейтін етпек болып еді, тесік тор секілді бірдеме болып шыға келді. Кейбір тұсы көрінбейді, бір бөлігі өшкінделсе, қалғаны сол қалпы. Он күн бойы айналысып нәтиже шығара алмады. Сынаққа қызу кірісіп жүріп жұмысқа баруды да ұмытып кетіпті. Жұмысынан топ жетекшісі өзі келіп тұр. Оны бөлмесіне енгізбей есік алдында тұрып алып:

- Ауырып жатырмын – дей салды.

Оның көп түнде ұйықтамағандықтан қызарған көзі мен шаршаңқы түріне қарап ол сенді.

- Расында, ауырып қалыпсың. Дәрігерге қаралып анықтама алмасаң болмайды. Соның негізінде ғана сені ауырды деп тіркете аламыз.

Топ жетекшісі кеткен соң сынағын жалғастырды. Тағы да алға баспады. Қайран химиялық заттар текке рәсуа болып жатыр. Тағы да екі тәулікті шала ұйқы өткізіп, еш нәтиже шығара алмай ызаланып отырғанында әлгі топ жетекшісі тағы келді.

- Денсаулығың қалай? Дәрігерге қаралдың ба?

Дүрэрэнің ызасы ішіне сыймай атып шықты. Ісі алға баспаса әркімнің де жүйкесі жұқарып кетеді ғой, айғайға басты:

- Мен ауырамын ба, өлемін бе, онда жұрттың не шаруасы бар? Неге бұл маңнан айналсоқтап шықпай жүрсің? Ол емханаңа мен бармаймын да. Маған кедергі жасамаңдаршы! Кете қойшы, мына жерден!

Топ жетекшісі оны жынданып кетті деп ойлағандай таңдана қарады да:

- Дәрігерлік ешбір құжатсыз жұмысқа бармай жатып алып әңгіме айтқың келеді. Олай болса, басқаша сөйлесеміз. Бұл жолы ғана емес, сен жалпы бірнеше рет жұмыстан қалғансың, кешіккенің тағы бар. Оның бәрі сағат тізімінде тіркеулі. Енді сенің басыңнан сипамаймыз. Сенің кесіріңнен мемлекеттің жұмысына залал келуде. Жалпы сен жұмыстан шығуға арыз жазуың керек.

- Жазғанда тұрған не бар? – деді де, Дүрэрэ бір парақ қағаз алып бірдемелерді сүйкектетіп жазып берді.

- О, бәрекелді. Өз обалың өзіңе! Жұмыс сұраған адамдар жетеді.

Топ жетекшісі есікті серпе жауып шығып кетті. Дүрэрэ не үшін ашуланғанын түсіне алар емес. Бөлмесіне кіріп сынақты жалғастырғысы келді. Бірақ, екі қолы дірілдеп илікпеді. Шарасыздан төсегіне құлай етіп сан санап жатыр еді, ұйықтап кетіпті. Қанша ұйықтағаны белгісіз. Әйтеуір таң атып келеді екен. Бір ме, екі тәулік пе тұяқ серппегенге ұқсайды. Есесіне жайлы демалып, денесі жеңілдеп, сергіп қалыпты. Қарны қатты ашып тұр екен. Бірдеме жемекке асүйге кірсе анасы ұйықтамаған бүрісіп отыр. Ісіне қатты берілген ұлы «жұмысқа кедергі жасадың» деп қабақ шытатындықтан анасы оның бөлмесінің есігін ашпайды.

- Неге ұйықтамадыңыз?

- Не болып жатыр, балам? Жұмысыңа бармай, тамақ ішпей, бөлмеден шықпай немен айналысып жатырсың? Саған алаңдап көз іле алар емеспін.

- Өте көп жұмыс істеп жатырмын. Бас көтеруге мұрша жоқ.

- Ана бірнеше бөтелкені сылдырлатып отыру да жұмыс болып па? Не үшін керек, оның бәрі. Жұрттың бәрі тыжырына қарамаса, сенің бұл ісіңді құптайтын пенде көрмедім. Егер жұмысыңа барсаң азын-аулақ тиын-тебен табасың ғой. Менің азғана зейнетақым еш нәрсеге жетер емес. «Пәтерақы төлеңдер» деп қыр соңымыздан қалмайтын болды. Енді қалай күн көрер екенбіз – деп, анасы әдеттегі әңгімесін көз көріп тұрғанда айып алмаққа тырысты.

Дүрэрэ де ежелгі дағдысымен саңырау адамша үнсіз отырып, әлде қашан суып қалған тамақтан үш аяқты төңкеріп тастады. Оны көрген анасының көңілі жайланды. «Әйтеуір, бүгінідікке қарны аша қоймас». Ұйықтап демалуға анасы өз бөлмесіне кетті.

Дүрэрэ құрылғысының қасына жайғасты. Алайда, енді сынақ жасаудың еш пайдасы жоқ, керісінше, химикат шығындау ғана секілді. Әбден тығырыққа тірелді. «Бүйтіп отырғанша жұмысқа барайын». Алайда, жұмыстан шығуға өтініш жазып қойғаны есіне түсті. Енді, не істеу керек? Сынақ жасамайтын кезде кітап оқитын еді. Сөреден оқи қоярлық кітап іздеді. Жаңа ештеңе жоқ, бәрі бірнеше рет оқылған. Парақтап отырған бір кітаптың арасынан ескі діни кітаптың сарғайған парақтары түсті. Әлгі атақты әулие делінген Жива ламаның кітабының беттері болып шықты.

Буддизмге өзінің басы шырмалған, өзгенің де миын ашытқан халық жауы ламаның мағынасыз бірдемесі шығар деп бұрын мән бермеген. Оның сыртында атасының бала кезде үйреткен көне жазу-сызуы да қолданылмаған керітартпа дүние болғандықтан ұмыт болуға шақ қалған. Ондай қаріппен жазылған кітапты қазіргі жазу секілді жатық оқып кету тағы қайда. Бұларды тек атасының аруағын сыйлап қана бүгінге дейін сақтап келген. Бұл жолы Дүрэрэ сол ескі парақтарды аударып, төңкеріп отырып ойға кетті. «Революциядан бұрын Монғолия тұрғындарының жүзден бірі ғана шала сауатты болған деуші еді ғой, ұстаздарымыз. Жива лама сол бірі болса керек. Сосын, хат танымайтын тоқсан тоғызға ғалым болып табындырған ғой. Мұнда не жазды екен?» деп қызықтап көрді. Төсекке жатып алып, әріптеп оқуға кірісті. Будда туралы мылжың ба деп ойлаған. Сөйтсе, ғылымға қатысты дүниелер болып шықты. Белгілі бір затты көрінбейтін етудің мүмкіндіктері туралы айта келіп, ол үшін өзге заттарды өзара ұқсастыру керек депті. Жива ламаның бір итті көрінбейтін етіп жоқ қылғаны туралы әңгімені бала кезінде қатты қызықтаған. Мектепке барған соң «ламекең жұрттан қайыр-садақаны молырақ жинау үшін сиқырлық жасаған шығар» деп ойлаған. Немесе өлген итті әлде бір химиялық затқа салып ерітіп жіберген болар деп тіпті менсінбеген. Алайда, олай болмай шықты.

«Жива лама нағыз ғалым болған екен-ау» деп еріксіз таңданды. Ғалым болғанда да Дүрэрэ құсап адамды көрінбейтін етуге құлшынған болуы ықтимал болып шықты. Егер ол кісі тірі болғанда Дүрэрэ мақсатына жетер ме еді, кім білсін. Ол орнынан атып тұрып өзге кітаптардың арасынан парақтар іздеді. Бірақ, ештеңе табылмады.

Анасын оятып, әулие ламаның кітаптарынан қалған бірдеменің бар-жоғын сұрады. Лама туралы айтқанда күле қарайтын ұлы күрт өзгергеніне қуанған анасы сандығын ашып ішінен оншақты парақ шығарып берді. Бірақ, оның ішінен іздегенін таппады. Түрлі аурулардан айықтырудың жолдарын баяндапты. Дегенмен өзгеше заттарды жақындастыру арқылы химикат жасау оған тың ой әкелді. Бұрын көрінбес ететін әр дүниесінің ерекшеліктеріне сәйкескен зат әзірлемек болып азаптанған еді. Енді ерекше сипаттарын жоғалтпай-ақ синтездеу мүмкіндіктері туралы ойлана бастады. Түрлі нұсқалар ойға келеді. Соның негізінде жаңа сынақтар жасап та көрді. Сәтті болатын түрі бар. Тағы да жұмысына қызу кірісіп жатқан. Есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді. Анасының ашып жатқаны білінді. Пәтер басшысы көршімен бірге келіпті.

- Сізді үйінде спирттік ішімдік жасайды деген шағым түскендіктен тексеруге келдік.

Пәтер бастығының қасындағы жамандыққа жаны үйірлеу қыли көз еркек:

- Мыналарды қарашы! Үстелдегі құрылғы арқылы жіңішке құбырлармен өтіп жатқан сұйық заттарды, ана шөлмектерді көрдің бе?

- Бұл неғылған шөлмектер?

- Химиялық заттар сақталады.

Пәтер бастығы сенбей өзі тексеріп көрмекке бір шөлмекті қолына алды. Әй-шәйға қарамастан тығынын алып иіскеп жіберді. Аяқ астынан беті қызара бөртіп, бет-аузы қисая жиырылып түшкіріп кеп жіберді. Шөлмек қолынан түсе жаздағанда Дүрэрэ үлгеріп зорға қағып алды. Тоқтаусыз түшкірте берген соң пәтер бастығы тексерісін еріксіз тоқтатып шығып кетті. Қыли көз жалғызсырап және жаңағыдай тағы бір пәлені иіскеп қалып әуіреге түсермін деп қорыққандай жеңімен аузы-мұрнын бітеп алып зытты. Бұл Дүрэрэ үшін ыңғайлы болды. Жұмыс қайнап жатқанда келіп ызасын тудырса да өздері кетіп қуантты. Сонымен бесжүз оныншы сынаққа қызу дайындалды.



Қаланың үйі


Бас кейіпкерім құрал саймандарын құрастырып жатқан сәтін пайдаланып, толықтай таныстыра кетуді жөн көрдім. Өз басым кішкене салақтығым бар. Шығармамның кейбір парақтарын үстелдің үстіне қойып кетіппін. Бұрын жазған екі бірдей әңгімемнің тас талқанын шығарған сыншы оны кездейсоқ көріпті. Сосын, жатып кеп нұсқау берді дерсің. «Сен әлі сол өмірден алшақ әңгіме жазатын әдетіңді тастамапсың ғой-ей! Әкесі малшы, өзі тұрақты жұмыс істемейтін біреу. Қалайша үкіметтің тұрғын үйінде тұрып жатыр? Жиырма жыл бойы өкімет пен партияға қызмет етіп жүрген менің өзім әлі тұрғын үй кезегінде тұрмын. Әлде, сенің кейіпкерің қала мэрінің туысы ма? Егер олай болса, анықтап көрсет» - деп, парақтың келесі бетіне жазып кетіпті. Кітап жарыққа шыққан соң өткір пышаққа ілігіп кетпеу үшін сыншының талабымен төмендегіні анықтадым.

Дүрэрэнің әкесі Тойв қалаға көшіп келген соң судан шығып қалған балық іспетті күй кешеді. Даланың адамдары үшін қалада тұру оңайға соқпады. Туысының ауласындағы времянканы мекен етті. Сиыр сауып шайға қоса салатын заман келмеске кеткен. Шелегін алып дүкенге шапқылайды. Ет дүңгіршегіндегі кезекке күні бойы тұрып, ірі қараның жілік сүйегіне жабысқан болмашы қызыл ет әкеледі. Онымен қоймай бағасынан ат үркерлік. Қоқыс шығарсаң да, су алсаң да ақша. Бірақ, ол ақшасы құрығыр оңайлықпен табылмайды. Ақыры, бір жерлесін жақын тартып әр үйдің есігін бір қағып «ағаш кесеміз» деп отын аралап күн көретін болды. Сол ақшамен Дүрэрэ қойдың басы мен ішек-қарын, өкпе-бауырын сатып әкеледі. Осылайша ілдебайлап екі жемей, аш қалмай өмір сүре беретін. Алайда, көше бастықтары маза бермейді.

- Ресми анықтамасыз қалада тіркеле алмайсыздар. Кері көшіп, ауылдарыңызға қайтыңыздар – дейді.

- Кешікпей келеді. Мен науқас адаммын. Қалаға емделуге келгенмін деумен күнелтіп жатты. Бірде Тойв күшейіп те көрді:

- Мен Монғол елінің азаматымен. Жаза жүктеліп жер аударылған қылмыскер емеспін ғой. Өз елімде неге қалаған жерімде тұра алмайды екенмін?!

Алайда, қатты келгенмен пайда болмайтынын сезеді. Бастықтар одан бетер қатая түседі екен. Сосын, жұмсарып алдап-сулап дегендей қала мінезіне мойынсынды. Бірде көрші тұратын аудандық милиционердің отыны таусылып қалады. Өзінде отынның аздығына қарамастан Тойв:

- Інім, отын алғаныңша біздікінен алып жаға бер! – дегенінің пайдасы тиді.

Паспорт, прописка тексерісі болғанда ол біздің үйге соқпай комиссия мүшелерін алып кетіп жүрді. Бірде өзгелердің талап етуімен үйге кірсе де:

- Мына кісілер дәрігердің қарауында. Енді қалаға ауысу туралы құжаттарыңызды тезірек алдырыңыздар! – деп, олардың көзінше ескерткен болып, амалдап жүрді. Бұрын түн ішінде тұрғызып конторға алып кетіп ескерту жасайтын. Енді ондайды қойған.

Тұрғынжай бастығы деген дәу қара сөмкесі бар семіз қызыл кісі болды. Біршама көнбіс кең адам. Жиі келіп тұрады. Келген сайын оның алдына Тойв ішек-қарын, өкпе-бауырдан жасалған манты қояды. Арақ алуды қалта көтермейтіндіктен екі шиша сыра әкелуге ұлын жұмсайды. Бастықтың бүкіл болмысы көнбіс адам болғандықтан еш нәрседен бас тартпайды. Мантыға тойып алады да екі шиша сыраны лезде төңкеріп тастайді. «Жарайды, сізді ауылға қайтартпай амалдай тұруға болатын шығар. Қалай да паспорт алуды ойластырғаныңыз дұрыс» деп кете барады. Сөйте тұра қалада тұру рұқсатының мерзімін де созбайды. Үш-төрт күннен кейін есесі кеткендей тағы келіп тұрады. Осындай кішігірім шығындар да жетіп артылады.

Бір ғана Дүрэрэнің өзіне оқушы формасын, спорт костюмін, аяқ киімдерін, сөмке мен оқулық кітаптарын түгендеуді мұғалімдері қатаң талап етеді. Айтқанының бәрін қамтиын десе азғана ақша басқа тартса аяққа, аяққа тартса басқа жетпейтін көрпе іспетті. Кей түндері кештіксіз аш қонуға тура келеді. Бірер түн аш қону ештеңе емес-ау, тұрғынжай бастығына екі бөтелке сыра алып беру міндет.

Осындай шарасыздықтың салдарынан мектеп формасы мен оқулықтарын ғана баласына зорға дегенде әперген. Алайда, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оны арнайы киімі жоқ деп сабаққа енгізбей қойды. Тойв барып түсіндіріп бақты. Соның арқасында Дүрэрэні мұғалім спорт сабағына тек түрсиі мен шұлығын ғана қалдырып, жалаңаш қатыстыратын болды. Дүрэрэ спорттық қозғалыстарды орындайын десе бұты жалтырап ашылып кеткелі тұрғандықтан балалардан ұялып, иліге алмайды. Оның нашар баға алуына осы жағдай елеулі әсер ететін.

Баланың киім-кешегінен бастап әр нәрседен туындайтын мұқтаждықтан қажыған кезде әйелі «елге қайтайық» деп құлақ етін жейді. Алайда, кетерде керемет болып аттанғанын ойлап Тойв бас тартады. «Азғана малды өкімет тартып алуымен қоймай тым құрығанда тәлкек қылмағанда ғой» деп іштей налиды. Жерлес байлары малдарын әлдеқашан әмиян толған ақшаға айналдырып, қалғанын қалаға дейін әкеліп ешбір қиындықсыз тіркеуге тұрып алған, үріп ішіп, шайқап өмір сүріп жатыр. Ал, Тойвты бәрі шеттетеді. Бір күні тұрғынжай бастығы келді:

- Біздің аудан басшының орынбасары әке-шешесіне дача салдырып жатыр еді. Сіз соған барып көмектесесіз бе?

Бағынышты әрі кіріптар адам келіспегенде қайтсін. Сонымен аптадан аса бөгденің құрылысымен арпалысты. Жұмысты бітіріп «ух» дей бергенде әлгі орынбасар тұрғынжай бастығымен бірге шауып келді. Көңіліне жаққан секілді мақтап та қойды. Тойв бір жағы қорқып, екінші жағынан ыңғайсызданып тұрған еді. Орынбасар сөз қозғады.

- Ақысына қанша сұрайсыз?

- Ақы-қақыға әуіре болмай-ақ қойсаңыз да...

- Бұл кісі өте елгезек жақсы адам. Қаланың паспортын ала алмай қиналып жүрген жайы бар – деп, әңгімеге тұрғынжай бастығы араласты.

- А, солай ма? Мен қарастырамын, ертең маған келіңіз! – деді де аудан орынбасары машинасына отырып кете берді.

Үлкен басшы уәде берген соң жан қалмай айтқан уақытында жетіп барады.

- Сіз Дава деген кісімен барып жолығыңыз! – деген соң сұрастырып жүріп тауып барса, бұрын бірнеше рет оны құжатсыз қалада тұрғаны үшін тәртіп сақшысы арқылы шақыртып алдырып «қалада неге жасырынып отырсыз, тезірек еліңізге қайтпасаңыз, сотқа апарамын» деп қорқытқан ашулы бастықтың өзі болып шықты. Жолығудан жүрегі шайлығып кері қайта жаздады. Бірақ, оның үстінен қарайтын орынбасар жібергендіктен батылданып әзер тіл қатты:

- Хорлоо бастық сізге жіберіп еді.

- А, иә, иә! – деп, орнынан атып тұрды да қолтықтап алып келесі бір бөлмеде отырған әйелге әкелді:

- Аймақ өкілімен сөйлесіп мына кісінің қалаға қоныстану мәселесін шеш. Бастықтың орынбасарының туысы екен.

Әлгі әйел орнынан жалма жан тұрып Тойвтың аты-жөні мен жасын жазып алды да әлде бір жаққа барып қайтып оралды.

- Сіз үш күннен кейін осында келіңіз! – деді.

Әдетте «көшіңіз», «ауылға қайтыңыз» дейтін еді. Үміт болар ма деп қорқа-қорқа айтқан уақытында келсе паспорты әлде қашан дайын тұр екен. Жылап-сықтап, өлердегі сөзіңді айтсаң да мызғымайтын шаруа осылайша әп-сәтте біте салады екен.

Паспорт болған соң жұмыс табу да қиынға соқпады. Тойв нан зауытына жұмысқа орналысып, әйелі балабақшаға тазалаушы болып жалақы ала бастады. Тұрмысы түзеле бастағанда тағы бір ши шықты. Әлгі баспана болып келген тұрағы сносқа кететін болыпты. Сол маңның бәрі илеуі бұзылған құмырсқаша құжынады. Тойвтар да біреуден кереге, тағы біреуден уық, шаңырақ сұрап алып киіз деуден гөрі күркеге ұқсас бірдеме тұрғызып зауыттың ауласына апарып тігіп алды. Сол сәтте зауытқа министрліктен бір пәтер бөлінеді. Одан үміттенгендер, жоғары-төмен жүгіріп алуға тырысқандар тым көп болды. Сөйтіп жүргенде өндіріс бастығы өзі алатын бастанып кетті. Лауазымы жағынан оған жақындау болып келетін мастер жоғары жаққа арызданды: «Бізде баспанасыз адамдар көп. Мысалы, менің өзім отбасымда онбір жан пәтерден пәтерге қуылып бір бөлмені місе тұтамыз. Ал, жайлы пәтері бар өндіріс бастығы тағы да жаңа пәтер алғалы жатқаны әділетсіздік». Арыз бойынша министрліктен тексеру тобы келді. Бастықтың жайлы пәтері бары анықталып, жаңа үй мастерге берілетін болды. Бірақ, есепші шу шығарып, ұстаса кетті. «Мастердің біреудің пәтерінде бөлме жалдайтыны жалған. Олармен бірге тұратындар туған жиендері. Өзінің жайлы үйі де бар. Оның сыртында, жұмысқа жаңадан келген адамға пәтер беру қате. Ал, біз бар болғаны төрт қанат киіз үйде алты адам тұрамыз. Енем науқас, төсек тартып жатыр. Сондықтан, пәтер жағдайында қарап емдеу қажет».

Тағы да тексерушілер келді. Жаңа пәтер есепшіге қарай бет бұрды. Былығы әшкереленген мастер оған қарсы қайта шапты. «Жарайды, мен алмай-ақ қойдым. Ал, тексеріс кезінде ол көрші кемпірді үйіне әкеліп жатқызып қойған. Ол оның енесі емес». Онысы тағы расталды. Сол кезеңде өндіріс бастығы Тойвты шақырды.

- Сіз өзі неғылған адамсыз?

- Не болды? – деп, Тойв таңданып әрі шошып қалды.

- Сізде ешбір мұқтаждық жоқ па?

- Мұқтаждық дейтіндей не бар ғой дейсіз?

- Сіздің ана отырған үйіңіз баспана деуге келмейтін бірдеме ғой. Пәтер алу жағын ойламайсыз ба? Біздің өндіріске бір пәтер бөлінді ғой. Мен сізді өтініш жазып келер деп күттім. Ақыры міне өзім шақырып отырмын.

Пәтер шіркін құлаққа жағымды тамаша тарту ғой. Бірақ, Тойв бастықтардың алдын ораудан қорықты.

- Әрине, ондай пәтерге қол жетсе жақсы ғой. Бірақ, оны мастер мен есепшінің бірі алады десіп жүр емес пе?

- Онда тұрған не бар? Сізбен салыстырғанда ол екеуі де әлді адамдар. Жұмысшы қауымның жайын ойламайтын жеке бастарын күйттеген оңбағандар. Сіздің жайыңыз көрініп тұр ғой. Сіз маған өтініш жазып берсеңіз болды. Мәтінді өзім-ақ сүйкей салайын – деді де, тарпасынан екі бет парақ алып екі жағын толтыра бірдемелер жазып берді.

- Мынаны балаңызға жақсылап көшіріп жаздырыңыз!

Тойв бастығының айтқанын екі еткен жоқ. Дүрэрэнің барын салып көшіріп жазған өтінішін әкеліп берді.

Бастық бүкіл ұжымды жинап жиналыс ашты.

- Тойв ғуай пәтер сұрап маған бірнеше рет келген. Міне, бүгін өтініш жазып әкеліп отыр. Бұл кісінің баспанасы қандай жағдайда екенін барлығыңыз білесіздер. Егер білмейтіндеріңіз болса, әне, терезеден қарай салыңыздар! Бас сұғып көрсеңіздер де болады. Біз қоғамның авангард күші жұмысшы табының өкілін қолдауымыз керек. Сондықтан, бізге бөлінген бір пәтер осы кісіге тиесілі деп білемін.

Жұрт мақұлдай бастады. Тек мастер мен есепші ғана наразылық сыңай танытты. Бірақ, бастық олардың беттерін шиедей ғып ұялтып тастады.

- Сіздер оқымысты адамсыздар. Тұрмыс жағдайларыңыз да тәуір. Көз алдарыңызда жұмысшы табының өкілі қандай баспанада күн көріп жатыр, қарасаңыздаршы! Осындай адаммен пәтерге таласудан ұялмайсыздар ма?!

Министрлік өкілдері Тойвтың жағдайына жандары ашыды ма, әлде, даудан осылай құтылайық деді ме ұйғарды. Мастер мен есепші өздерінің бірі алғанша мүлде бөтен адамға бұйырғанын қалады ма, үнсіз қалды. Күтпеген жерден тамаша пәтерлі болғанына қуанған Тойвтардың төбелері көкке жетті.

- Қандай әдемі үй! Әрқайсымызға бір бір бөлмеден тиесілі екен.

Күрке іспетті киіз үйлерін жинап әр жабдықтарын иелеріне қайтарып берді. Өндірістің ауласы да тазарып қалды. Сандық, төсектерінен бастап барлық жүктерін тасып апарса да онысы бір ғана бөлмені алып, қалған екі бөлме иен қаңырап тұрды.

Бірнеше күннен кейін жаңа пәтерге өндіріс бастығы өзі бас сұқты. Қалай орнығып жатқанын білмек болған екен. Қамқоршы болған құтқарушыларын олар бәйек болып қарсы алды. Бастық оған аса мән берген де жоқ. Ол олай-бұлай қарап алды да:

- Үш бөлме сіздерге тым көптік етіп тұр-ау деймін. Екі бөлмелеріңіз тіпті иен ғой. Мұның пәтерақысын төлеу де оңай емес. Қалай болар екен? – деп, қамқоршы үнмен біраз қиналды. Сөйтті де бірдеме ойлап тапқандай былай деді:

- Жалпы біздің екі бөлме пәтерге айырбастасаңыздар қайтеді? Сіздерге де, бізге де пайдалы. Онсыз да сіздерге осы пәтерді алып беремін деп беті-жүзімді аямай күш салдым.

- Иә, сөйтейік, басеке! Көп бөлменің бізге керегі не? Қашан айырбастаймыз?

- Дегенмен, сәл күтейік. Менің сіздерге көмектескенімді теріс түсінетіндер бар бізде. Жарайды, сіздер мына қабырға-мабырғасына көп қол тигізбей асүй, кіреберістен көп ұзамай отыра тұрыңыздар.

Үш айдан кейін пәтер айырбасталды. Есепші біраз бұрқылдағанымен екі үй өзара келіскендіктен ештеңе өнбеді. Тойв үшін бастықтың ескі пәтері де патша сарайы еді. Кемпірі екеуі үлкен бөлмені иемденіп ұлына кішісін еншіледі. Осылайша Дүрэрэге бақыт құсы қол ұшын созды. Бұрын аядай тар үйде түнімен кітап оқу мүмкін болмаған. Енді еркіндік орнады. Түрлі химиялық заттар мен түтікшелер, құтылар жинап сақтайтын болды. Кейін шағын құрылғы тәрізді бірдеме жасап алды да сынақтар жасауға мүмкіндік тапты. Қатардағы бір пәтердің бөлмесі осылайша шағын зертханаға айналып шыға келген еді.



Бес жүз оныншы сынақтың жалғасы


Дайындық жұмыстары аяқталды. Дүрэрэ өзін де әзірлегендей бір аяқ шай ішіп, дәм жеп, шылым шегіп болған соң бес минуттай отырды. Сосын құрылғысын жұмыс істетіп, кішкентай шүберекті арасына салып, тағы бір түймені басқанда әйнек түтікшелерден сұйық заттар жүгіріп бірде қызыл, енді бірде көгілдір түске құбылады. Сәлден соң тұп-тұнық түске айналғанда белгі беретін шамдары жанып-сөніп түрлі сәуле шашады. Осы сәтте сөресіне қойылған орамал өшкінделіп барып жоғалды. Алайда, ұстап көргенде сезіліп тұрды.

Дүрэрэ қуанышын жасыра алмай уралап секірді. Түн жарымы ауып кеткендіктен көршілері оянып қабырғаны тоқылдатты. Анасы да алаңдаса керек, есіктің ту сыртынан сұрады:

- Не болды?

- Бәрі сәтті болды.

Ненің қалай сәтті болғанын түсінбесе де әйтеуір жаман ештеңе болмағанына шүкірлік еткен шешесі:

- Балам, ұйықтап демал! Кеш болды.

Қайдағы демалу. Тағы бір сынақ жасау үшін қойманың кілтін алды. Ол да сәтті болды. Бас алмай жұмыс істеп отырып таңның қалай атқанын да сезбей қалыпты. Көрінбей қалған кілтті сипалап жүріп тауып терезенің алдына қойып, арлы берлі қарап қызықтап тұрғанда Буджав келді. Аман-сәлем жоқ:

- Айналайын, әлгі нәрселерім қайда?

- Әлі үлгере алмай жатырмын.

- Ондай әңгіме болмайды. Біз бүгін деп келісіп едік қой.

Өңі сұрланып «Бәсе, сен секілді топастың көрінбес етуі әпсана шығар» деген сыңай танытты.

- Менің заттарым қайда?

- Мұнда!

- Сенің әлгі көрінбейтін етемін деп бөскенің қайда? Кезінде тәп-тәуір бала едің. Енді жалған сөйлеп ақ көңіл достарыңды алдауға көшіпсің. Тауып берген химикаттарымды қайтарып аламын, ендеше!

- Ертең келіп ал, бәрі даяр тұрады.

- Жә, қой! Сенің затты көрінбейтін етуің күнді батыстан шығарумен бірдей шығар.

- Мына бір кілтті ұстап көрші! Көзіңе көріне ме?

- Өй, мынауың шынымен қалай-ей, а?!

- Жарайды, терілерімді қалдырайын, сен зақымдап тастап жүрме-ей!

- Еш алаңдамағын!

- Сен жалпы өзіңді дұрыс ұйымдастыруды білмейтін жансың. Сенің жауапкершілігіңді жоғарылату керек.

Буджав сөреде тұрған бағалы шақша мен күміс аяқты кепілдік үшін алып қалтасына салды.

- Андағы шақша атамдікі, күміс аяқ екі жыл бұрын өмірден озған әкемнен қалған естелік мұра.

- Біржолата алып жатқан жоқпын ғой. Қайтарып беремін. Сенің жауапкершілігіңді арттыру үшін ғана керек болып тұр.

- Мейлі, өзің білші!

Дүрэрэ түнімен жұмыс істеді. Елу суырдың терісін көрінбейтін ету үшін қыруар уақыт қажет болды, ұйқы-күлкі көрмеді. Әйтеуір келісілген мерзімінен бұрын бітіріп отырғанда Буджав та келді. Әрбір теріні қолына ұстатып өткізді. Бар, бірақ, шынымен көрінбейді.

- Неткен керемет-ә! – деп, таңданған Буджав бәрін санап сөмкесіне салған соң қымбат шақша мен күміс аяқты қайтарып орнына қойды. Терілерді қайтадан қалпына келтіргенде қолданылатын химиялық заттарды алып, оны қалай пайдаланудың жолдары туралы кеңес алды. Буджав Дүрэрэге мынандай ескерту жасады:

- Осыдан былай екеуміз бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл жайында ешкім білмесін. Қаншалықты құпия болса, біз үшін соншалықты пайдалы болады. Мынау үш жүз төгірік саған ақы ретінде беремін.

- Жоға, қажет емес. Маған химикаттар тауып беріп тұрсаң жетіп жатыр.

- Мен қалаған затыңның бәрін тауып беремін. Сен тым құрығанда екі жүзді алшы! (Дүрэрэ пәтерақы еске түскен соң екі жүзді алды)

Буджав біраз қипақтап тұрды да:

- Сен біреудің иегіндегі кішкентай қара меңді жоғалта аласың ба?

- Иә, жоғалта аламын, ертіп келсейші!

- Ертіп әкелмей-ақ мен маған сұйықтығын дайындап бере сал, қалай қолдануын үйретсең жетіп жатыр. Мен қалаған ақшаңды берейін. Қанша төгірік керек?

- Мәселе ақшада емес. Құрылғылар арқылы түрлі сәулелердің қатысуымен жасамаса ол болмайды.

- Жарайды, бұл жайында екеуміз кейін сөйлесерміз.

Ол кеткен соң Дүрэрэ оңаша қалды. Қатты ұйқысы келіп тұрса да демалуға асықпады. Көңілі көтеріліп толқумен болды. Буджав жаңа химикаттар әкеледі. Жеткілікті болар. Сол сәтте қомақты бір сынақ жасап өзін көрінбейтін етеді. Сосын, әлгі сенбеген басшылардың алдына барып «Қане, мені көріңдер» демек. Әлгі алтыннан ардақты затын қараса тым азғана қалыпты. Буджав бес күннен кейін келемін десе де онысы жылдан ұзақ секілді көрінді. Шыдамай кетіп суыр терісін жоғалтудан қалған бозғылт кристалдарды қолына алды. Тығынын ашып жатты да «не ары, не бері жоқ шалажансар дүние жасаудың қажеті бар ма?» деген ой келсе де «бұрынғы қалпына келтіре салармын» деп өзеуіреген батылдығы бой бермеді. Бейнебір бас жазуға арнап қасына бір шиша арақ қойған маскүнем секілді. Ұзақ төзе алмады. Бір сәтте ол бозғылт кристалдарды құрылғылардың құбырларына құйып, өзге химикаттармен араластырып тұрды. Сұйық зат тұнық мөлдір сипатқа енгенде мұрнына жақты да аппараттан шашылған сәулеге тосты. Біраз қыздырған соң сұйықтан тағы да жақты. Мұрнын суық аяз қарығандай болды да қышыды. Сосын, тоқтаусыз түшкірте бастады. Бұлайша түкіру өте ауыр еді. Көзден жас ағып, тұла бойы терлеп, әлі құрыды. Мұрнын бітеп алып төсекке құлады.

Сәлден соң түшкіруі басылғанымен тамағы ашып, әлдебір шоқпен қарып жатқандай болды. Төзімін таусардай қатты ашығанда суық бірдеме басқысы келді. Сонда да шыдап бақты. Ыстық шоқпен қарығандай болғаны біртіндеп басылды да жел үрлегендей салқындық пайда болды. Орнынан тұрып айнаға қараса қоңқақ мұрны ізім-ғайым жоқ. Орны қап-қара болып үңірейіп тұр. Дүрэрэдэн басқа біреу болса өзінен шошығаннан жүрегі жарылып кетер еді. Ал, есесіне ол қуанғанынан секіріп кетті. Анасын шақырып көрсеткісі келді де қорқып жүрер деп бас тартты. Айнаның алдында жас бойжеткенше толқып тұр.

- Бұл күнге де жеттім-ау! Дүрэрэ сен пәлесің! Сен нағыз Гриффин болдың. Жива ламаны шаң қаптырдың.

Жалғыз қуану жеткіліксіз еді. Алайда, біреуге көрсете алмайтыны өкінішті. Айнадағы өз бейнесімен ғана тілдесуден өзге амал жоқ. Осы жағдай бір сағатқа созылған соң ол мұрнын қалпына келтіруге кірісті. Сол баяғы кішкентай құтыға қалған сарғылт түсті сұйықты құйып түрлі заттармен араластырып, түймені басқанда құрылғы іске қосылды. Дөңгелектелген қызыл белгі үш санын көрсеткен тұста қызыл түске енген сұйықты құтыға құйып жатқанда артында әлде кімнің даусы шықты. Бұрылып қарағанда Тэмүлэн тұрған еді. Дүрэрэнің түрін көргенде «Ана» деп шыңғырып жіберген. Дүрэрэ қолындағысын түсіріп алды. Құты сынып еден үстінде сарғылт түсті кристал іспетті зат қатып қалды.

- Қап, қайран зат – деп, ұмтылғанымен кеш қалды. Мұрнын қалпына келтіретін зат қас қағым сәтте ғайып болды. Дүрэрэ өзінің мұрынсыз бетіне бажырайып қарап тұрған бикешті итеріп шығарды да есікті ішінен бекітіп алды.

Қоңырау соғылғанда есікті ашып, өмірінде алғаш рет ұлын әйел адамның сұрап келгеніне қуанып қалған қарт ана түкке түсінбей қалды. Әлгі бикеш алдымен шыңғырды. Одан кейін жынды адамша қолымен қабырғаны тырмалап шыға жөнелгеніне таңданып қала берді.



Жалғастыру ғылымының докторы тақырыбының жалғасы


Неге екенін қайдам, хатшы қыз екі күн бойы жұмысқа келмеді. Ерекше ғылыми жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі далиған кеңсені бойлап күні бойы жалғыз сенделді. Ыңғайсызданып бітті. Хатшысының үйіне телефон соқты. Иен секілді жауап жоқ. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Қайдан сұрастырарын білмей таңданып отырғанда өңі-түсі қашып өзі жетіп келді.

- Сен қайда жоғалып кеттің, не болды?

- Мұрын, ойбай, мұрын...

- Қайдағы мұрын? Мұрныңа не болды?

- Мен...ікі... емес, Дүр...Дүрэрэнің мұрны?

- Не болды, бірдеме сүзіпті ме?

- Мұрнын көрінбейтін етіп қойыпты.

- Қашан?

- Қазір ғана.

- Тек мұрнын ғана ма?

- Мен барғанда мұрны жоқ еді. Енді тағы несін жоғалтқанын құдай біледі.

- Қане, кеттік ендеше!

- Тездетейік, басеке! Біз жеткенше бірақ жоғалып кетпесе игі.

Тэмүлэн бастығын жетелеп алып жүгірді. Такси ұстап жету жөпелдемеде ешқайсысының ойына кірмепті. Жұмсақ орындыққа таңылып жаман үйренген Оюут сәл жүгірген соң ентігіп қалды.

- Ойбай, ойбай сәл баяу жүрші!

- Тездетпесек болмайды.

Құдай қолдап бөлім меңгерушісі құлап қалмай жетті. Қатты толқыған Тэмүлэн қоңырау басуды да ұмытқан. Есікті итеріп қалса ашық тұр екен. Дереу кіші бөлмеге барса, иен. Тэмүлэн бірден қайран қалды:

- Біржолата жоғалған екен.

- Қызық екен – деп, Оюут бірдеме қолына ілінердей ауаға қолын сермеп жүр.

- Сәлеметсіздер ме?

Екеуі де шошып кетіп жалт бұрылса, іздеген жандары қарсы алдарында тұр.

- Сіздер не іздіңіздер?

- Сені іздеп жүрміз де. Көрінбестей болып кетті ме деп қалдық.

- Жоғалып қайда кетемін. Мен беті қолымды жуып жатқан едім.

Дүрэрэнің бетіндегі үңірейген тесіктің орнында қызыл түсті қолағаштай мұрын тұр. Қонақтар көз алмай қарай берген соң ыңғайсызданып, мұрнын ұстап көріп еді, саусағының ұшы қызылға боялды. Бөлім меңгерушісі көп дүниені білгісі келгенімен жүгірістен ентігін баса алмай үстел үстінде тұрған кеседегі судан жұтып-жұтып алды. Сәл тынығып қалғандай болды да тілге келді.

- Мұрынға не болды? Химикатқа күйдіріп алдың ба?

- Бояп қойдым.

- Расында, бояпты ғой. Мен жаңадан мұрын өсіріп алған шығар десем. Бұл жай ғой. Бағана көргенде ғой, мүлде жоқ болатын - деп Тэмүлэн әңгімеге араласты.

- Қашанға дейін мұндай мұрынмен жүрер екенмін, білмеймін. Қалпына келтіретін затым төгіліп қалған.

- Сен қазір мұрныңды көрінбейтін ете аласың ба?

- Онда тұрған не бар – деді де, бояуын бір шетінен сүрте бастағанда жоғала келіп үлкен тесік қана қалды.

- Әне, осындай қорқынышты болып шыға келеді – деп, Тэмүлэн теріс қарады.

Оюут үңірейген мұрыннан жиіркенген жоқ. Нағыз ғалым адамның байсалды кейпімен шын қуанып отыр.

- Рас, ғажап! Ақылға қонар емес. Сен шын дарынсың! Мен бұған әу баста сенгенмін. Сен ұлы адамсың, басқа сөзім жоқ! – деп, құшағына алып сүйді. Дүрэрэ мәз-мейрам. Мақтауды кім жек көрсін.

- Мұрынды көрінбес етуін еттім ғой. Енді алда не істерімді білмей отырмын.

- Не істеуші едік, кеттік Сосор директорге барайық!

- Қажеті бар ма?

- Сынақ сәтті болғаны аян. Ана жолы сенбеген шығар. Енді түсінер.

- Маған қажет заттарға тапсырыс берер ме екен?

- Жағдай осылай болған соң келісім береді. Тезірек жетейік. Киін! Галстук тағып ал!

- Тамақты қыса береді.

- Директорден жоғары баға алу үшін галстук керек.

Бұл жолы такси ұстауды ұмытпады. Соның арқасында лезде ғылыми-зерттеу орталықтың ауласына жетті. Директордың хатшысына асығыс екендіктерін қанша рет айтса да еш нәтиже болмады. Директор оларды қабылдау бөлмесінде жарты сағат отырғызып барып қабылдады. Оның өзінде қабағынан қар жауып қарсы алды:

- Неге тағы да шұбырып жүрсіңдер? Мына кісінің мәселесін шешіп қойған едік қой.

Бәріміз жабылмайық деп жолда Тэмүлэнді жолда түсіріп кеткендері мұндай жақсы болар ма. Өйтпегенде талап жейсіңдер ме деп пәле салар еді.

- Төтенше оқиға болып отыр.

- Баяғы мына кісі туралы ма?

- Иә.

- Жолдас біраз сілтейтін қусың ғой деймін.

- Нені сілтейді дейсіз?

- Енді, сізді әтір ішетін жағдайға жетті деуден аулақпын. Арақтан өзге не болушы еді?

- Арақ ішуді айтасыз, дәмін татып көрмеген адаммын.

- Ішіп қана қоймай өтірік айтады екенсің. Қандай керемет сөз тауып айтсаң да андағы мұрның ұстап беріп тұр. Егер сенбесең айнаға қарашы!

Әңгіме ауаны басқа жаққа кетіп бара жатқанын сезген Оюут сөзге араласты:

- Дүрэрэнің қызыл мұрнының араққа еш қатысы жоқ.

- Ендеше немен қатысты болмақ?

- Адамға көрініп тұруы үшін бояп қойған.

- Бояп қойғаны несі?! Тапқан екенсіңдер, сәнденудің түрін. Бұл цирк емес, ғылыми мекеме. Сіздер сайқымазақ емес ғалым шығарсыздар? Ең жеңілтек әйел де мұндай жасамас. Ресми орынға осылай келе ме екен? Мені мазақ еткілерің келе ме?

- Дүрэрэ, бояуды сүртіп тасташы!

Сосор таң тамаша болды:

- Сіздің мұрныңыз қайда кетті?

- Жай сайқымазақтық үшін жасалған жоқ, басеке! Дүрэрэ нағыз ғалым екендігін біліктілігімен дәлелдеп отыр. Оның көп жылғы еңбегі осылай жемісін берді. Көрдіңіз бе? Бұл жігіт мұрнын көрінбейтін етіп тастап отыр.

Алайда, олар күткендей директор «құтты болсын» айта қоймады.

- Мұрнын көрінбейтін етті ме, әлде, әу баста мұрын болып па еді дегенді қалай дәлелдейсің? Менің бала кезімде пұшық Барни деген кісі болған. Бетіне маска байлап жүретін. Мұрны жоқ талай адамдар бар.

- Жоқ мұрынды бояуға да болмас. Бұл көрінбей тұр. Бояғанда анықталып, бар екені білініп тұр.

- Ерте заманда мұрын бояйтын бояу болмады ғой. Егер бояса осылай болатын да шығар.

- Ана жолы сізге келгенде мұрны болып еді ғой.

- Бірдемесі болған сияқты. Жаңағы сияқты қағаз мұрын салып алды ма, кім білген.

- Ендеше сіз ұстап көріңізші!

- Тазалыққа жатпайды ғой – деп, Сосор директор жиіркене жиырылды да: - Көрер көзге біртүрлі екен. Сіз мүмкіндік болса, бағанағыдай бояп қойыңызшы! Жоқтан тәуір екен, әйтеуір.

- Басеке! Бұл біздің ел үшін ғана емес, әлемдік деңгейде ірі ғылыми жаңалық. Сондықтан, бар мүмкіндігімізді пайдаланып қолдап дүниежүзіне жарияласақ қайтеді.

- Ғылыми дәреже, атақтан жұрдай орта мектеп бітірген адам жаңалық ашты десек, әлем елдерінің мазағына қалармыз. Монғол ғалымдары шетінен білімсіз екен деп шулайды ғой. Ең бергісі мұрнын жоғалтқанын немен дәлелдейміз? Дүрэрэ бұл қорлыққа шыдай алмады да:

- Егер маған қажетті заттарды тауып берсеңіз сіздің көзіңізше өзімді көрінбес ете аламын. Тіпті оған куә болған адам да бар. Мысалы, Буджав!

- Буджав дейсің бе? Әлгі тізімдеуден кандидат болатын ба?

- Иә.

Сосор директор оны шақыртты. Ескі танысы келісімен Дүрэрэ:

- Менің қандай нәрсені қалай көрінбейтін еткенімді сен білесің. Солай ғой. Сенің маған тауып берген химикаттарың арқылы мен суыр терілерін көрінбейтін етіп едім ғой. Сол терілерден әкеліп мына бастыққа көрсетіп көзін жеткізші!

Буджавтың өңі бозарып шыға келді.

- Қайдағы химикат, неғылған суыр терісін айтып тұрғаныңды білмейді екенмін.

- Не айтып тұрсың? Маған химикаттар тауып бергеніңді ұмытып қалдың ба?

- Сен не деп кеттің? Қайдағы химиялық зат? Оларды мен қайдан табамын? Бізде барлық зат есептеулі әрі тізімге алынған. Тексеруге де болады. (Сосор марқайып қалды)

- Сен мына адамның айтып тұрғанынан еш хабарың жоқ па?

- Мен ғалым адаммын. Бірдемені көрінбейтін ету дегенге өз басым сенбеймін. Бұл тіпті мүмкін емес нәрсе ғой. Дүрэрэ екеуміз жас кезімізде бірге істегенбіз. Бұның өте көп кітап оқитынын білемін. Жүйесіз оқи берген соң жүйкесіне кері әсер еткен болар. Менің тығыз шаруам бар еді, кешіріңіз!

Ол шығып кетті. Дүрэрэ түкіріп жіберуге шақ қалды. Көзді бақырайтып қойып өтірікті шындай ғып соғатын адамды өмірінде алғаш рет көргені.

- Қалай шімірікпей өтірік айта алады?

- Буджав біздің өсіп келе жатқан мықты ғалымдарымыздың бірі. Адамдармен қарым-қатынасы сыпайы, өте мәдениетті адам. Сіз өзіңіз соңғы кезде дәрігерлік тексерістен өттіңіз бе?

- Өттім, өттім. Міне, бір ай бұрынғы медициналық тексерістердің нәтижесі.

- Иә, мұнда бәрі заңды екен. Дегенмен, бір айдың ішінде де көп дүние өзгеруі мүмкін. Тағы бір рет тексерістен өтіңіз. Сосын, тағы бұдан бұрын мұрын болған, қазір көрінбейтіні рас дегенді нотариус арқылы бекіттіріп әкеліңіз. Осыдан кейін барып, біз әлгі химиялық заттарға тапсырыс беруімізге болады. Мемлкекеттің ақшасы деген әлде кімнің қалауымен ағып жататын су емес қой.

Көгілдір мұрын хикаясы

Сосор директордың кабинетінен шыға сала Дүрэрэ Буджавтың жұмыс орнына барды. Ол оны ызғарлы суық жүзбен қарсы алды:

- Сен сөзінде тұрмайтын, сыр сақтай алмайтын оңбаған екенсің! Мені шет елге барарымның алдында құрта жаздадың. Дегенмен, сендей жындының сөзіне ешкім сенбес. Енді менен аулақ жүр. Менен химиялық заттар аламын деп дәмеленбей-ақ қой.

- Сен «рас» дей салсаң менің жаңалығым мойындалып кетер еді.

- Қайда нені қалай растарымды өзім білемін. Мені жынды деп пе едің, елу теріні тәркілетіп, үкіметтің мүлкін талан-таражыға салғаным үшін өзімді өзім ұстап беретін.

Буджав тайып отырды. Соңынан қанша шақырса да бұрылмады. Әжептәуір беті бері қараған іс қайтадан кері кетті. Қиын жағдайға тап болды. Енді жалғыз үміт Сосор директорде. Айтқан құжаттарын толықтырып апарса тапсырыс беруі мүмкін. Оның бәрін жинастыру үшін уақыт көп кетеді. Анықтаманы жедел алуға болатын емханасына келді. Психиатр дәрігер:

- Сізде таяуда ғана жасатқан анықтамаңыз бар еді ғой.

- Бары бар ғой. Бірақ, жаңалап жасату керек.

- Біздің емхана тек сізге ғана арнап қызмет көрсететін секілді болдық қой.

Бірнеше түрлі сараптама жасап, барлық дәрігерлер көріп дені сау деген анықтамаларын жазып берді. Бұл да біткен шаруа болды.

Одан шығып шай ішуге үйіне келсе көршісімен бірге милицияның бір жас кіші лейтананты күтіп отыр екен.

- Үй иесі Дүрэрэ деген сіз бе?

- Иә.

- Мен еңбекшілердің шағымы бойынша сіздің үйді тексеруге келдім. Мына кісі куәгер.

- Кім шағымданды екен?

- Ол сіз үшін маңызды емес. Мына бөтелке, құтылар не үшін?

- Химиялық заттар сақталады.

- Сіз қайда жұмыс істейсіз?

- Мен асханада қоймашы болып істегенмін.

- Істедім дегеніңіз жұмыстан шықтым деген сөз ғой.

- Мүмкін.

- Асхана қоймашысына химикаттың керегі не? Тамаққа қосыла ма?

- Мұның асханаға еш қатысы жоқ, өзімдікі. Заңмен салынған тиым жоқ қой.

- Заң болмаған соң сақтап отырсыз ба?

- Ғылыми-зерттеу жұмысына қолданылады.

- А, сіз доктор профессор екенсіз ғой...

- Асханада қоймашы болдым дегенді айттым.

- Доктор болмасаңыз неге ғылыммен айналысасыз?

- Алдымен зерттейді, сосын, ғалым болады.

- Қоймашы доктор енді уағызды қойыңыз!

- Қандай доктор екеніңізді көрерміз. Мына үстел үстіндегі құрылғы сұйық зат әзірлейтін болса керек.

- Иә, солай.

- Сіз ендеше арақ жасайтын доктор екенсіз ғой.

- Менің құрылғыммен арақ жасауға болады. Бірақ, мен оны жасамаймын.

- Жасамасаңыз болатынын қалай білесіз?

- Заңдылықтарын білетін болған соң айттым.

- Сіздің құрылғы мен химикаттарыңыз тексеріледі.

- Жарайды, тексертіңіз!

Ол көршіні қалдырып, өзі кетіп мамандарды ертіп әкелді. Оларға мұқият тесеруді тапсырды. Мамандар қарап жатыр. Кейбірін Дүрэрэден сұрап қояды. Қорытындысын топ басшысы ұзын сары кісі баяндады:

- Бұл құрылғы арақ жасауға арналмаған. Сәл өзгертіп арақ жасауға болады. Бірақ, олай жасады дейтіндей қандай бір сипат та, із де жоқ. Шыны құтылардағы химиялық заттардың кейбірін біз білмейді екенбіз. Аппараттың иесімен сөйлесіп көргенде оның химиялық білімі өте жоғары екендігі аңғарылды. Құрылғының өзін ол түрлі елдерде жасалған бөлшектермен өзі құрастырған.

Сарапшылар акт жазып бәрі қол қойып аттанды. Арақ жасамағандықтан іс осымен жабылды деп ойлаған. Жас офицер қояр емес:

- Мына түрлі жабдықтарды, химиялық заттарды қайдан қандай жолмен тауып алдыңыз? Мұның бәрі дүкенде сатылмайтындықтан жеке адамда болуы мүмкін емес. Сондықтан, үкімет мүлкінен алаяқтық арам жолмен ұрлап-жырлаған болып шығады ғой.

Дүрэрэ оның бәрін жиырма жыл бойы жинағандықтан кейбірін қайдан алғанын да ұмытыпты.

- Шет елге шыққан адамдарға тапсырып алдыратынмын. Кейбірін сұрап алдым, сатып алынғандар бар.

Бәрі тексерілді. Екі күндік жұмыс болды. Адамды істі етіп шығару үшін жанын салғанда тым жедел де ширақ екен. Тексерістің арқасында Дүрэрэның аппаратындағы құрал, жабдықтардың дені істен шыққан құрылғыларды қайта жөндеуден өткен, үкіметтік есеп пен тіркеуден жарамсыз болып шығарылған дүниелер болып шықты. Қайдан келгені мүлде беймәлім нәрселер де болды. Бір маскүнемге екі бөтелке арақ беріп сатып алған қызыл сәуле шашатын құрылғы ғана ресми есептегі дүние болып шықты. Оған біреудің осал тұсын пайдаланып, үкімет мүлкін жеке басына жаратты деген тармақ бойынша қылмыстық іс қозғады.

- Есепте тұрған жабдықты пайдаланғанымды мойындаймын. Менімен өзге әңгіме жоқ шығар?

- Бұл бір ғана іс. Сіздің кесіріңізден бір азамат зардап шекті.

- Менен кім зардап шекті? Көршілердің мазасын алатыным бар. Бірақ, үнемі емес қой.

- Бізде арыз бар. Ол негізгісі емес. Жалпы сіз кімнің мұрнын көгілдір түске ауыстырып жібергеніңіз есіңізде жоқ па?

- Жоқ, есіме түспейді.

- Олай болса, мына шағымды оқыңыз! – деп, алдына екі парақ қағаз тастады.

Оқып көрсе, былай екен: «Біздің үйдің елуінші пәтерінде тұратын жолдас Дүрэрэнің теріс әрекетінің салдарынан менің мұрным көгілдір түске еніп кетті. Мені көрген жұрттың бәрі мазақтап күлетін болды. Содан жұрттан ұялып үйден шығудан қалдым. Салдарынан тұрғын үй бастығы ретінде жауаптанған жұмысымды жүргізе алмай басқарудан қалдым. Жолдас Дүрэрэ тұрғын үй кеңесі ұйымдастырған сенбіліктерге, кезекшілікке қатыспайды, азаматтық міндетін орындамайды. Әлде бір моторды дырылдатып көршілердің мазасын алатын болды. Ол құпия түрде арақ өндіріп жатуы мүмкін. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып пайда табатын шығар. Бұл пәтер соңғы айдың ақысын әлі төлеген жоқ. Еңбекшілердің шағымы бойынша үйіне кіргенімде қасақана мұрнымды көгілдір түсті етіп тастады. Мұнысы менің заңдық талабыма қарсылық білдіргендігінің белгісі. Оған түрлі заттарды үйінде сақтауға кім құқық берген? Жолдас Дүрэрэнің аппарат құралдарын тексерулеріңізді, мұрнымды оған төлеттіріп қалпына келтірулеріңізді талап етемін». Қағазды өзіне қайтарды.

- Бұл кісі өзі еш рұқсатсыз құтыдағы химикатты иіскеген болатын. Менде арнайы зертхана жоқ, өз бөлмемді пайдалануға мәжбүрмін.

- Пәтер бастығы өзінің құзіреті бойынша кез келген үйге кіре алады. Бұл оның билігі. Ал, сізде арнайы зертхана жоғы рас. Неге десеңіз сіз ғылыми қызметкер емессіз. Бұл жайында ғылыми-зерттеу орталық директоры Сосор ғуаймен сөйлескенде мәлімдеген. Ол кісінің ресми жауабы: «Бізде Дүрэрэ деген ғалым немесе ғылыми қызметкер жоқ. Сондай бір адамның жүргені рас. Өзінің жоғары білімі жоғы анықталған. Ғылыми-зерттеуді кім қаласа сол өз бөлмесінде отырып жасай беретін іс емес. Өте жоғары білікті адамдар арнайы зертханада жасайды». Осы талапты сіз орындамағандықтан тұлғаның денсаулығына нұқсан келтіргенсіз.

Дүрэрэ ауыз ашпады. Мұнысын өз қателігін мойындады деп ұққан кіші лейтанант тағы бір қағаз ұсынды:

- Сіз тағы өз жұмысыңызға салғырт қарайтын адам екенсіз. «Біздің асханада қоймашы болған Дүрэрэ жұмысқа салақ қарайды, кешігіп келеді. Бір ай бойы себепсіз жұмыстан қол үзді. Осы себептен оны еңбек заңын бұзды деп қарап сотқа беруге болар еді. Алайда, қарт анасымен бірге мұқтаждық жағдайда тіршілік ететіндігін ескеріп жұмыстан босатумен ғана шектелдік. Жолдас Дүрэрэ қойманың кілтін жоғалтып күні бүгінге дейін қайтармағандықтан біз құлыпты бұзып ауыстыруға мәжбүр болдық. Аталмыш құлыпты төлетіп берулеріңізді сұраймыз».

Адамды көрінбейтін етуге тырысушы терең күрсінді. Іс қозғайтын құжаттар әбден жинақталған екен.

- Енді маған не істейсіздер?

- Алдымен сіздің құрылғы, құрал жабдықтарыңыз бен химиялық заттарыңызды түгел тәркілейміз.

- Оныңызға жол бермеймін. Құралдарымды тәркілетпеймін. Бұл менің жеке мүлікім.

- Тәркілеу жағынан сізден рұқсат сұралмайды. Не істерімізді біз білеміз. Сізді үйінде түрлі улы заттар сақтап адамның дене мүшесін зақымдағаныңыз үшін айыппұл саламыз. Үкіметтің мүлкін біреулермен ымыраласып пайдаланғаныңыз үшін қылмыстық іс қозғалады.

- Бәрі де сіздің құзіретіңіздегі шаруа. Дегенмен мен өз аппарат құралдарымнан айырылмаймын. Қажет болса абақтыға отырғыза бер. Мен сол жерде зерттеулерімді жасап, сынақтарымды жүргізе беремін.

- А, сөйте ме екен?

- Неге болмасқа?

- Абақты дегеніміз ғылыми зертхана емес. Онда сіз секілділерді түзеу үшін жібереді, ғылыми дәреже қорғату үшін емес. Сіз милиция мекемесін келемеждеп отырсыз!

- Мен не үшін келемеждеуім керек? Имандай шынымды айттым.

- А, шындықты айтасыз ба? Егер өзіңіз қалап отырсаңыз қатаң тәртіптегі түрмеге апарып ғылыммен айналыстырармыз. Заңның жеңілдететін жақтарымен бірге ауырлату тұстары да бар.

Қылмысын мойындату үшін қырықсегіз сағат қамауға алды. Қамаудан босап үйіне келгенде анасының айтқаны:

- Бәсе, солай болса болар. Адами қылыққа жатпайтын бірдемелер жасап жүрген. Не бүлдірді екен? Енді не болмақ.



Бастықтың әлдиі


Ғылыми-зерттеу орталықтың алдындағы ірі саябақтың ішінде бірнеше көк орындық тұратын еді. Директордың кабинетінен шыққан соң ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі соның біріне келіп жайғасты.

- Сосор директор бұлай жасайды деп кім ойлаған. Неге бүйткенін түсінбедім. Ал, сен Дүрэрэ қайта бер!

- Сіздің шаруаларыңыз бар ма?

- Иә.

Дүрэрэмен бірге жүру оған тым ауыр еді. Көп нәрседен ұялып отыр. Такси ұстап екі өкпесін қолына алып жеткендегі Сосор директорының сиқы. Нотариус арқылы растап әкел дегенін естігенде екі бетінен от шықты-ау. Бәрі дұрыс болады деп сенгені ұят болды. Мәселе шешеді деп сенген ірі лауазым иесі осыншама әлсіз пенде деп кім білген. Бөлім меңгерушісі өзінен де ұялып бітті. Дүрэрэ сағат тізімдеуші болып зыр жүгіріп жүрген кезінде өзі жаңа технология енгізген керемет инженер еді-ау! Сол деңгейінен аса алмай жылы жұмсақ кеңседе қалғып-шұлғып отырғаны. Сол аралықта әлгі бала адамды көрінбес етуге дейінгі дәрежедегі ғылыми іс тындырып тастаған. Жалғыз отырып, он ойланды, мың толғанды. Ұзақ отырғаннан кейін бір сарындағы ит тірлігін сілкіп тастағысы келді. Іс қызметі де біртүрлі мағынасыз сезіліп кетті. Директорге қайтадан барды.

- Сен өзі менімен күніне неше рет кезігетін болғансың. Ақыры, хатшыдан рұқсат сұрауды да қойыпсың. Бұлай жалғаса берсе мен өзге ештеңе істемей сені ғана қабылдап отыра беретін түрім бар. Тағы да әлгі адам жайында ғой.

- Жоқ. Бұл жолы өзім туралы келдім.

- Саған не болып қалды?

- Мен жұмыстан шығайын деп едім.

- Онысы несі-ей?!

- Мен бұл жерде артық адаммын. Ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушінің кім екенін түсінуден қалдым.

- Сенің атқарып отырған жұмысың беделді, жалақысы жоғары, жеңіл әрі жайлы деп ойлаймын. Мұндай майлы шелпектен әркім бас тартпас болар?

- Иә, шынында істейтін түгі жоқ, шешетін еріктен де жұрдай қызмет. Бұрын қойшы әйтеуір, айтулы жаңалық ашатын ешкім келмейтіндіктен қалғып-мүлгіп отыра беретінбіз. Менің орныма есік алдындағы күзетшіні әкеліп отырғызып қойса да болады екен-ау дегенді енді түсіндім.

Сосордың өңі бұзылып кетті. Өзін қағытып отырғандай сезінді. Бөлім меңгерушісінің мұндай қатты сөздер айтқанын бұрын-соңды естімегендіктен жыны келді. Ой, жаратқан! Ауызға түскен майды тілімен итеру деген осы шығар.

Жұмыстан шығарып жібергісі-ақ келді. Алайда, әкесінің «сен мына жігіттен еш айырылма» деп тапсырғанын есіне алды. Ұстамдылық танытты. Шындығына келгенде, адамның ырқымен жүретін мұндай елгезек адам табу қиын. Дегенмен оның пікіріне құлақ асқан түр көрсетіп отырды.

- Саған ғылыми ізденісіңе кедергі болатындай ештеңе жоқ қой. Уақытың жеткілікті шығар.

- Өндіріспен байланысы жоқ, зертханасыз, бастықтың дағарадай кеңсесінде не істелуші еді?

- Сен ғылыми дәрежеңді қорғаған, жасайтыныңды жасап қойған адамсың. Доктордан үлкен дәреже әзірше жоқ. Бөліміңді жақсы басқарып жас ғалымдарға көмектессең бопты да.

- Иә, мен бөлім меңгерушісі деген үлкен атым ғана бар. Бірақ, ештеңе шеше алмаймын. Оны жаңағы Дүрэрэнің мәселесі дәлелдеп берді. Менің орным артық штат.

Сосор шошып қалды. Төменнен бастап қысқартыла бастаса, өзі қалайша биікте отыра алмақ? Бөлім меңгерушісіз директор дегенің қанатсыз құспен бірдей. Қалай да өзінің лауазымы бір сатыға төмендейді. Сондықтан да:

- Бөлім меңгеруші керек. Оны жоғары жақ білетіндіктен бекіткен. Сатылап жалғасудың арқасында бірі екіншісінің орнын басып мәселені шешеді.

«Кеткісі келсе босатып жібергенде нетпекші?» деп қолы қышып-ақ отыр. Әнтек, теориялық конференцияларда сөйлеу керек болады. Сол кезде Оюуттың білімі мен қабілеті ауадай қажет. Жұмсармасқа амалы жоқ. Сонымен, ақыры «бесік жырының» әлдиіне көшті:

- Кетемін дегендей әңгімені қой, Оюут жан! Неге десең, мен өз орныма сені бүгінге дейін осы орталықты басқарсын деп дайындап келемін. Азғана жылдан кейін зейнетке шығамын. Менде басқа адамды дайындауға уақыт та жоқ. Сен ана бір Дүрэрэ дегенді қолдамады дегің келеді. Мен түсінемін. Жарайды, ана бір нотариус-мотариусының растауларын алып келсінші. Сосын, қарастырамыз. Әр мәселеге мұқият қарамасаң бір-ақ күнде төбеңнен тас түседі. Менің қызметімді алған соң оны өзің-ақ ұғасың. Сол кезде өзің білгеніңше бәрін жасарсың. Азғана жыл мен өз дегеніммен істейін. Ал, саған зерттеу жұмыстарын жүргізетін арнайы зертхана жасап бере аламын.

Директордың зертхана деген сөзі Оюуттың құлағына әсем әуен сарнағандай естілді. Алайда, ғылыми-зерттеу саласында өзінің еш нәтиже шығара алмайтынын түсінген адам еді. Сол себептен де:

- Сол зертхананы Дүрэрэге берсек қой - деді. Директордың өңі сұрланып шыға келді де сәлден соң қайта түзелді. Сосын, әлгі әлдиіне көшті.

- Өзің орталық директоры болғаннан кейін не істесең де еркің. Себебі, жауапкершілік өз мойныңда. Дәл қазір болмайды. Жоғары білімі жоқ сырттың адамына зертхана ашып беру принципке жатпайды. Шынайы жағдай осындай.

Директор ұрыспай ашуланбай өз уәжін айтты. Онымен қоймай екі мәрте жауырынынан қағып қойды. Оюут баяғы әдетінше райынан тез қайтты. Қарсылығы басыла-басыла шығып кетті. Сосор директор «шығарып жіберсем бе екен» деп сыбырлады да әкесінің сөзін еске алып тоқтады.

Жалғастыру ғылымы докторының өмір дерегі

Ғылыми-зерттеу ірі орталық директорының әкесі кезінде Оюуттың жұмыс істеген азық-түлік өндірісін басқарған Тодығыр еді. Бұл туралы директор бөлім меңгерушісіне тіс жарған емес. Ол да сезген емес. Азық-түлік өндірісінің бастығы әлгі Нохойхүү уәкілдің көлеңкесі секілді еріп жүрген кәдімгі Тодығырдың өзі. Оның басшылық өмірбаяны колхоз төрағасынан бастау алған еді. Нохойхүү уәкілдің ұсынысымен сол қызметке тағайындалып «ірі бастық болдым» деп астамсып жүрген. Қалаған адамын ұрсып, білгенін істегісі келеді. Көлемі үлкен қазанға күніне үш рет тамақ пісіртіп жеп той жасайды. Бірлесіп тамақтанады, ұжымдасып мал бағады. Жиі қой сояды. Тамақты көп жегендіктен қарындары қабақтай семіздердің саны артты. Оның бәрін Тодығыр жетістікке балайды:

- Мұның бәрі колхоздың арқасы. Тұрмыстың жоғары болғанының дәлелі. Барлық адамдардың қарындарын теңестіреміз.

Сол тұста Ғаваның әйелі босанып, қалжаға қой сойған екен. Әйелдер жағы жас қойдың сорпасымен жас босанған ананы ауқаттандырған. Оны естіген Тодығыр «Колхоздың мүлкін бейберекет талан-таражыға салдыңдар. Абақтыға жабамын» деп сандалғаны бар. Сонда бірі түсіндірмек болып:

- Жаңа босанған әйелдің қалжасы ғой – деген.

- Колхоз мүшелері бәрі тең қақылы. Бұл әйел қалжа жеп, жас сорпа ішкен екен. Ендеше, барлық ауыл болып бәріміз солай жас сорпа ішеміз! – деп, бұйырған.

Сол күндері бүкіл елді мекен бірнеше күн жас сорпа ішкен. Сөйтіп шалқып жүргенде Нохойхүү үлкен лауазым иесі болып, орталық үкіметтің өкілі ретінде іс сапармен келе қалады. Тодығыр оны революциялық ісінің ұстазы деп білетіндіктен зор ілтипат көрсетіп қарсы алады. Ол келе салып жиналыс ашады.

- И, жолдастар! Колхоз дегеніміз асыра сілтеуші солшыл күштердің жасаған қателігі. Сіздер уақыты келмей жатып колхоз құрып теріс қадам жасадыңдар.

Сол-ақ екен. Арыз-шағым айтушылар қаптады. «Бар малды жеп тауыстық. Күн сайын бір қой сойылады. Сөйте тұра аяғы ауыр әйелдерге жас сорпа беруге құзіретіміз жоқ». Оны тыңдаған уәкіл сөзін жалғастырды.

- Бұл мал басын қасақана азайтуды көздеген, түрін өзгерткен солшыл асыра сілтеушілердің жымысқы әрекеті. Сіздердің сөздеріңізден оның қылмысы анық көрініп тұрғандықтан сіздің бастыққа жауапкершілік жүктеледі.

Тодығыр әбден састы.

- Нохойхүү басеке!

- Менің атым Шинэхүү-ей!

- Жолдас Тодығыр колхоздың абыройын айрандай төккен екен.

Сондықтан колхозды таратамыз, малды өз иелеріне таратып берміз.

Сосын, ол ел аралады. Есіктері бұзылып, ішінің ойран топыры шыққан ғибадатханаларды көріп «қайран, мәдени мұра» деп өкініш білдірді. Чекист болып жүргенде есігін өзі теуіп кіріп, Тодығыр Будда мүсіндерін быт-шыт қылғанын білетін жұрт таң қалысты. «Мұның бәрін жанашырлықпен қорғау керек» деп ақыл айтқанын қайтерсің. Сонымен, бұрынғы Нохойхүү, қазіргі Шинэхүү бастық Тодығырды ертіп қайтты. Колхоз төрағасы жарты жыл тергеліп, бүтін жыл бойы аты теріс жерге отырып шықты. Халыққа қастық ойлап, колхоздың мүлкін шашты деп айыпталды.

Әдетте арақ біреуге жақса, енді біреуге жақпайтыны секілді абақтының өз ізі болады екен. Маскүнем тергеуден босатылған соң баяғы сол әдетімен бас жазумен сенделіп кете берген еді. Ал, Тодығыр олай жасамады. Құйындай ұшқалақтаған мiнезі басылып, өте байсалды, алды-артын ойлайтын салиқалы жанға айналды. Революциядағы ұстазы қылмысқа итеріп сатып кеткендіктен жан баласына сенбейтін болған. Бас изейді немесе шайқайды, көп ауыз ашпайды. Жергілікті ақсақалдар «өмірдің қатты дәмін екі жыл татып, ісік-желігі басылып дұрыс болған екен» десіп жүрді.

Тодығыр үйінен шығуы да сиреп құпия түрде жүрді де көршісінің қызына үйленіп алды. Жұрттан алыстау қайын жұртымен бірге оқшау тұратын болды. Сөйтіп жүргенде тағы ұжымдық бірлестік деген шықты. Алдындағы колхоз кезінде Тодығырдың оған қосатын ешнәрсесі болған жоқ. Сондықтан өзгенің мүлкімен ойнау оған түкке тұрмайтын еді. Енді жағдай басқаша. Бағып-қағып өсірген малын бірлестікке беріп құралақан қалуды ойлағанда іші ашиды. Аңысын аңдып жүргенде Тойв туралы газетке шыққан сынды көреді де бір жақты шешімге келеді. Бүгін әжуалап сынаса, ертең не боларын кім біледі. Ламалар секілді ғып машинаға тиеп алып кетсе не болмақ. Өтінішін қойынға салды да шапты. Осылайша, Хөх дэлтіде шаруашылықты ұжымдастыру қозғалысы толықтай жеңіске жетті.

Бірлестікке мүше болысымен күтпеген жағдай болды. Бұрынғы бірлестік басшысын мүлік жеді деген айыппен соттады да орнына Тодығырды тағайындайтын болды. Оны естігенде ол жаза тағайындалғандай ат-тонын ала қашты.

- Маған теке бақ, қошқар бақ десең де бағайын. Бастықты атай көрме!

- Сіз бұрын колхоз басқарған тәжірибеңіз бар ғой.

- Қайдағы тәжірибе? Асыра сілтеп қателік жасаған адаммын.

- Тіпті жақсы. Енді қателікті қайталамайтын боласыз.

Ақыры қысып отырып бастық етіп қойды. Бұрынғыдан өзгешелігі үш айлық курс оқытты. Тодығыр оған қуанудың орнына «Бұл жұрт неткен арам ойлы еді? Ертеңгі күні өздері аман қалу үшін мені сотқа итермелеп отыр» деп іштей ренжіп жүрді. Сонымен азғана жыл болса да бостандықта жүруді ойлап барлық нәрсеге әсіре сақтықпен қарап жүрді. Барлық мәселені тек жоғары басшылықтан рұқсат алып қол қойдырған соң ғана істейді. Оның да пайдасы көп. Әсіресе, оны аймақтан Шинэхүү бастық тікелей үйлестіретіні тіпті қиын. Бір күні Цаған сар (жыл басы мерекесі) алдында ол жетіп келді. «Қызыл жалын» бірлестігі ұжымы оны зор ілтипатпен қарсы алды. Аймақтан үлкен бастық келіп ұжыммен бірге жыл басын тойлайтындықтан Цаған сарды кең көлемде атап өту туралы ұсыныстар түсті. Тодығыр еш жаңылмады.

- Шинэхүү бастықтың өзінің келісімі керек.

- Ыңғайсыз ғой. Өзіміз-ақ шеше салайық – деген есепшіні тыңдамады.

Мерекенің дырдуының арқасында ішіп, қызып алған Шинэхүү бастық келісімін беріп, ресми түрде қол қойып та тастады. Сол-ақ екен, жұмыс қызып кетті. Бірлестік кеңсесінің алдына сегіз қанаг ақ киіз үй тігілді. Оның ішіне айнала үстел тоғыз жуан еркек қойдың етін жіліктеп асып дастархан жасалды. Саба-саба қымыз, бөшке-бөшке монғол арағы (айран-іркіттен тартылатын ұлттық шарап) дайын болды. Төргі үстелде қаймақ, құрт ірімшік, май секілді дәмді тәттілердің бәрі тартылды. Ауылдың үлкендерін алдырды. Тойдың кешкі битүлігі (тойбастар күннің рәсімі) басталуға дайын болғанымен туыстарына сәлемдесуге кеткен Шинэхүү бастық әлі жоқ. «Не болды екен?» десіп күтіп отырған. Кенет үй сыртында біреудің бажылдаған даусы естілді. Үйдегі адамдар жүгіріп шықса Шинэхүү бастық екі қолымен басын сабалап жылап тұр. Бәрі абыржып жан-жағынан сүйеп алды:

- Не болып қалды?

- Осындай қаралы күнді де көрдік қой, жұртым-ау! Біз жетім қалдық. Енді мен қалай күн көремін – деп, жерден құм ұстап шашып жүр.

- Сабыр етіңіз, енді! Әпкеңіз қайтыс болып кетті ме?

- Бұдан да менің әпкем неге өле қалмайды. Сендер неткен дүлей едіңдер? Біздің сүйікті маршалымыз (Сталиннің досы, сол тұста ел басқарған Чойбалсан. Ауд.) дүниеден өтіп кетті ғой. Сендер неге білмейсіңдер? – деп, өз шашын өзі жұлды.

Ондағы жұрт не дерін білмей сасып қалды. Сосын, Шинэхүү бастық жайылған дастархан мен ас суды көріп қалып:

- Сендер маршал қайтыс болып жатқанда тойлағандарың қай сасқандарың? Маршалдың өліміне қуанасыңдар ма? – деп, өңі күреңітіп, көзі алайып кетті. Тодығырдың арқасы мұздап қоя берді.

- Жоға, қайдағы қуану! Маршалдың өлімін енді ғана сізден естіп тұрмыз. Негізі, сіздің келуіңіздің құрметіне малшылар мерекесін атап өтуге жиналған едік қой.

- Қайдағы малшылар мерекесі! Қайдағы Цаған сар! Ел басшысы өмірден озып кеткенде ауыр қазаны менсібей той-томалақ ұйымдастыру деген саяси соқырлық, жауыздық!

Бірлестіктің жауапты қызметкерлерінің жүректері сыр бере жаздады. Оған батып уәж айтар адам табылмады. Ақыры, «киіз кімдікі болса, білік сонікі» дегендей Тодығыр ауыз ашты.

- Басеке! Сізбен келісіп шешкенбіз. Сіздің қол қойған рұқсат қағазыңыз міне тұр!

- Мұндай боларын кім ойлаған? Сүйікті дана елбасымыздан осылайша мәңгі бақи айырылғанымыз ба? – деп, өксіп-өксіп жылап алды. Біраз сабырға келгендей тынышталды да Шинэхүү бастық:

- Мына барлық қымызды төгіңдер! Ақ түсті нәрсенің бәрін қара матамен жабыңдар! – деп бұйырды.

«Саяси қуғынға ұшырайтын болдық» деп үрейленген жұрт сәл тыныстап, сабырға келді. Өздері шеше салмақшы болған есепші «Тодығыр бастық қоярда қоймай қол қойдырмағанда құритын едік» деп басшысының даналығына тәнті болды. Шинэхүү сөзге келді:

- Біздің сүйікті дана елбасымыз әр адамның жүрегінде мәңгі сақталуға тиіс. Сондықтан, сіздер бірлестіктің атын өзгертіп «Маршал қағидасы» деп атауларыңыз керек.

- Алдымен жоғары жақпен...- деген Тодығырдың өлімсіреген даусын ол өшіріп тастады:

- Мен аймақтағы жауапты қызметкердің бірі ретінде мұны біліп айтып тұрмын. Кім бұл атауды бірлестікке қимаса, сол маршалды жек көреді.

- Шинэхүү ғуай! Бізді өздері білермендік жасады деп өзге басшыларымыз теріс түсініп жүрер. Оның сыртында атауды кімнің бергенін ертеңгі тарихта да анық болғаны абзал ғой. Сіз қолыңызды қоя салыңыз! – деп, Тодығыр да қоймады.

Шинэхүү біраз ойланып тұрды да, расында, тарих білсін деп мәз болып қолын қоя салды. Осылайша, «Қызыл жалын» бірлестігі атын ауыстырды. Оның қол қойған қағазын Тодығыр темір сандыққа сақтап қойды. Оған құжаттар ғана емес, өзге де бірдемелер сақталатын. Аталмыш оқиғадан соң бір жыл өткен.

Тодығыр үйіне келіп шай ішіп отырған. Сандық ақтарып отырған әйелі ойбай салып атып тұрды. Шошып қалған Тодығырдың қолындағы кесесі ұшып кетті. Жайлы жерінен үркіп шыққан тышқандар кірер тесік таппай айналсоқтап шауып жүр. Енді есін жиған үй иесі ұрып өлтірмекке тұра ұмтылғанша олар да тесік тауып үлгерді. Әйелі бүктелген су жаңа ішікті шығарып жатып:

- Ойбу! Сенің әлгі абақтыға... деп үні өшті. «Абақтыға барғанда киетін ішігің» деген сөзін аяқтай алмай қалды.

- Енді не істейміз? Тері тауып жаңасын тігейін бе?

- Бәсе, қоя тұрармыз мүмкін.

Тодығыр бұрын «Мені қашан түрмеге аттандырар екен? Неше ай, қанша күн, бәлкім, бір жыл шығар» деп үнемі қорқып отыратын. «Мына бір пәлелі жұмыстан аман-есен құтылсам ғой» деп ойлайтын. Сондықтан, бірлестікті қалай дамытамын дегеннен гөрі қылмысқа ұрынып қалмасам болды деп қана сақтанып келді. Бір кездері мадақталып келген бірнеше бастықтың соңына қоңырау байланған кезде «әне көрдің бе» деп одан бетер сақтана түскен. Осы сақтығының арқасында талай жылды тыныш өткізді.

Бірлестік бастығының жұмысы жеңілдей бастады. Зоотехник, мал дәрігері секілді мамандардың пайда болуы тікелей жауаптанатын істің көбі азайып жеңілдеп қалған. Сол кезде бастық болудың бақытын сезіне бастаған. Сол кезде жаңадан келген зоотехник жігіт:

- Тодығыр ғуайдың біліктілігі төмен. Барлық нәрседен сақтанатын жалғыз тәсілді ғана біледі. Онысы көп дүниеге тұсау болып жатыр. Бірлестікті дамытудың көптеген мүмкіндіктерінен айырылып жатырмыз. Бұл кісіні ауыстыру керек деп сынады.

Бірнеше жыл бұрын осылай десе қуана-қуана орнын босатар еді. Енді неге екенін білмейді, біртүрлі қимайды. Себебі, қазіргі бірлестікті колхозбен салыстыруға келмейді. Бастығы кең сарайдай кеңседе отырады. Жалақысы да мол. Соған бауыр басып қалыпты. Саланы жауаптанған мамандардың ұсыныстарын құптамай біраз кергиді, сосын келіседі. Осылай бәрі бола береді. Кейін нендей бір мәселе туындай қалса сөзі де дайын.

- Салаға жауапты мамандар болмаған соң сенген едім. Негізі мен қарсы болғанмын деп құтыла салатындықтан қауіп әлде қашан сейілген. Өзін сынаған зоотехникке де осы тәсілді қолданды. «Барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын» деген кепілдеме жаздырып алды да асыл тұқымды сиыр алдыру туралы ұсынысын қолдады. Көктем мен жаз айларында бес сиыры мол сүт берді, пайдасы шашетектен. Ал, суық басталысымен олар да жұтап, екеуі өліп те кетті. Бірлестік малы шығындалды деп шу шығып комиссия да келіп жетті.

- Бізге қолайлы мал емес дегенді мен көп айттым. Сол үшін зоотехник мені сынаған болатын. Хаттама да бар. Жауапкершілікті өз мойнына алатыны туралы қолхаты міне! – деп, көрсетті. Зоотехник жігіт бастығының пікірімен санаспағаны үшін айыпталып, жұмысынан босады. Орнына өзін тыңдайтын адам тауып алған жайы бар. Сонымен бастықтың жұмысына әбден сіңіп, айырылмастай болып отырған кезінде Шинэхүү шауып жетті.

Бірлестік кеңесінің мүшелерін жинап алды да: «Сіздердің бірлестік неге осы күнге дейін «Маршал қағидасы» болып жүр? Чойбалсан жолдас жұртты жеке басқа табындырып, көп адамды саяси қуғынға ұшыратқан адам. Жеке басқа табыну ісімен күрес жүріп жатқанда бірлестіктеріңіздің атауы мұндай болуы бүгінгі саясатқа наразылықтың белгісі болып шығады» деп күшейді. Қандай найзағайдың қай тұстан жарқ еткелі тұрғанын сезген Тодығыр темір сандығын ақтара бастады. Абырой болғанда ертеректегі қойылған қол бар болып шықты.

- Мынаны көріңізші! – деп, ұсынды. «Мұнысы несі?» дегендей жақтырмай қабылдағанымен өзінің қиқы-шойқы жазуын таныған соң «Мұны неге осыған дейін сақтап жүрсің?» дегендей сыңаймен Тодығырды ала көзбен бір атып алды. Бірақ, дереу жұмсара қалды. Бірлестіктің бұрынғы «Қызыл жалын» атауы қайтарылды. Тодығыр да мысықтың тырнағынан құтылған тышқан секілді көңіл тоқ еді.

«Мына Шинэхүү бастық болмаса қандай ғанибет болар еді. Бұл адам бірде сүйекке қақалып неге өлмейді екен» деп армандаушы еді. Амал не, ондай сәтті күн тумай қойды. Соған мұңайып жүргенде «Шинэхүү бастық зейнеткерлікке шығады екен» деген әңгіме құлақтан құлаққа жетті. «Жалған шығар» деп сенбесе де үміттеніп құлақ түріп жүргенде шындыққа айналды. Онымен қоймай құттықтап сөз сөйлеу Тодығырға жүктелді. Күткен күн де жетіп, кең сарайға жұрт лық толды. Естелік сыйлықтар күміс кесе, қол сағат, мақтау қағаздар үстел үстінде тұр. Мекеме басшысы жиналысты ашты. Одан кейін тексеру бөлімшесіне жаңадан келген жігіт сөз алып, зейнетке шығуына байланысты мақтап алғыс сезімін білдірді.

Кезек Тодығырға келді. Зейнетке шығып жатқан адамнан сөзді аясын ба, біраз көсілді дерсің.

- Бұл кісі менің еңбек пен өмір жолымды бастауыма қолғабыс жасаған жан. Шаршауды білмейтін еңбексүйгіш, қажуды білмейтін қоғамшыл, жоғары басшылыққа беделді, төменгі халыққа қамқоршы сүйеніш – деп, кәдімгі жүйрік атқа мадақ айтқандай мақтап-мақтап жіберді. Сосын даусын одан бетер көтеріп:

- Шинэхүү ғуай сіз бізді жетімсіретіп зейнеткерлікке шығып бара жатқаныңыз өкінішті, әрине. Бір, екі жыл болса да бізге сүйеу болып жұмыс істей берсеңіз қандай ғанибет – деп, ұзын сонар сөзін аяқтады. Сүйікті бастығы қатты толқып кеткенге ұқсайды. Көз жасын сүртіп орнынан тұрып келіп:

- Мен басшылық қызметке көп жыл атсалыстым. Жасым алпысқа келген соң Гомбо бастық әлсін-әлсін зейнетке шығыңыз деп болмаған соң келіскен едім. Алайда, сіздер бірлі жарым жыл істеші деп жалынып тұрған соң ол өтініштеріңізді қабыл алдым. Бірге қызмет еткен жолдастарды жетімсіретіп зейнеткерлікке шығып кететін тас бауыр адам мен емеспін – деп орнына жайғасты. Жиналыс басқармасынан бастып жиналғандардың бәрі абыржып қалды. Тодығырдың жүзі ұн секілді бозарып кетті.

- Сіз енді демалыңыз! Денсаулықты ойлаңыз! - десе, Шинэхүү:

- Мен үшін мейрім танытқандарыңызға мың алғыс! Сіздердің ықыластарыңыздың жауабы ретінде маңдай терімді төгіп еңбек ете беремін – деп қояр емес. Бір ауыз сөздің осынша пәлесі болар ма. Қуанышпен басталған жиын тым көңілсіз аяқталды. Үстел үстіндегі естелік заттар тапсырылмай қалды. Хатшы қыз мұңая жинап алып жатты. Тексеру бөлімшенің жігіті Тодығырдың қасынан өтіп бара жатып:

- Сіз де айтар сөзіңізді тапқан екенсіз, жетістіріп! – деп ызалана сыбырлады. Ертеңінде басқарманың бастығы шақырып алып:

- Шинэхүү ғуай сіздің бірлестікті тікелей жауаптанады. Сізге сүйеніш болсын! – деді, кекетіп.

Мұндай азапты қайсаңшы. Он жыл бойы кәрі қасқырша сақ жүріп еді. Аяқ астынан сүрінгеніне налып әр түн сайын абақтыға жабылып қалдым деп түс көріп шошып оянатын болды. Сондықтан, денсаулығына байланысты қалаға ауысты. Көп жыл бірлестік басқарған еңбегін мұнда да лайықты бағалады. Мамандығы келмесе де азық-түлік өндірісін басқартып қойды. Шинэхүүді зейнеткерліктен алып қалған қателігінен сабақ алып, сақтық жағынан әлемде теңдесі жоқ жанға айналды. Балаларын да басқарушылыққа баулыды. «Кез келген уақытта сарт етіп келе қалатын тексеріске сақадай сай отыру керек, көрсетер дерегің болсын» дейді. Орынтақтан айырылмасаң болды, ағарып алдыға шықпа, қарайып артта қалма дегенді жиі ескертеді. Өзі де жиырма жыл бастық болғанда жақсылардың қатарына шыққан жоқ. Азық-түлік өндірісін басқарған жылы ғана Оюут жаңа технология енгізуінің арқасында алғысқа бөленіп орден таққаны бар. Жасы келген адам үшін әрине, бұдан артық не керек. Инженерін жұрттың бәріне мақтап жүрді. Онысы өзіне пәле болып жабысты. Әлгі мақтауды естіген жоғары жақтағылар оны өрлетіп әкетті де, кейін университет оқытушы етіп тартып алды. Беталды мақтап жүріп мықты маманнан айырылып сан соғып қалды.

Оюуттың орнына одан бірнеше жас үлкен өте өткір жігіт келді. Келе сала Тодығырмен айқасты. «Азық-түлік өндірісінен еш хабары жоқ, артта қалған керітартпа» деп жиналыс сайын сынап, жоғары жаққа арызды қарша боратты. Қанша сақ болса да оған төтеп бере алмай тағынан айырылып тынды. Ары қарап жылап, бері қарап мұңайып зейнетке шықты. Сосын, ұлы Сосор ғылыми-зерттеу орталықтың директоры болғанда бөлім меңгерушісі етіп Оюутты алуға кеңес берген еді. Өзіңнен төменгі лауазымда тілалғыш адамның болуы тақта тұрақты отырудың кепілі болады дей келіп:

- Алайда, ол қанша керемет іс тындырса да ешқашан мақтама! – деген өсиет айтқан еді.

Көгілдір мұрын ісінің жалғасы

Дүрэрэнің қылмысқа тартылғанын Тэмүлэн екі тәуліктен кейін ғана білді. Онымен жолығуға барса, анасы үрейі ұшып отыр екен:

- Не болып қалды?

- Қызым, айтпа! Сұмдық болды. Милициядан адамдар келіп бар заттарын тәркілеп кетті. Өзін күн ара шақырып тергейді. Бұл өзі немен айналысып жүрген бала? Тиым салынған дүниемен айналысты дегенді ғана естідім. Әлгі атом бомбасы дегенді жасап жатқан жоқ па, өзі? – деп сұрап, жылап сықтады.

- Жоға, сіздің балаңыз ұлы данышпан. Жұрт оны әлі түсінбей жатыр – деп тыныштандырды да өзі милицияға жүгірді.

Келсе, Дүрэрэ есік аузында кітап оқып отыр екен.

- Не болды?

- Әртүрлі бірдемелер айтады. Кейбірін түсінер емеспін.

Салып-ұрып Тэмүлэн кіші лейтанантқа кірді.

- Бұл кісі адамды көрінбейтін ету жайында жаңалық ашқан ғалым.

- Сосор директор мұндай адам бізде істемейді деген. Қызметтік куәлігінде «қоймашы» делінген. Онда «ғалым» деген сөз жоқ. Адамды көрінбейтін етпегі қызықты екен. Сынақты тышқан, бақа-шаянға жасауға тиіс бола тұра бұл кісі неге адамға жасайды? Адамды көрінбейтін етудің өзі қылмыс. Пәтер бастығын сынақ нысанына айналдырған.

Қыз сасқанынан Оюутқа телефон соқты. Ол да абыржып жетті. «Мен ерекше ғылыми жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі, доктор Оюутпын» деп өзін таныстырды. Кіші лейтанант куәлігін тексеріп көре сала бейне бір полковник көргендей орнынан оқыс атып тұрды да:

- Сіз мұнда отырыңыз! Айыпқа бұйырмаңыз, директорлеріңіз мұндай адам бізде жоқ дегесін...

- Бізде ғалым көп. Директор оның бәрін тани бермейді. Бұл кісі практика жүзінде сынақ жасайды. Оны мен жауаптанамын.

Кіші лейтанантты доктордың мысы басып кетті де ол күшеюден қалды.

- Мына Дүрэрэ ғуай үйінде көп химиялық заттар сақтаған. Тағы мемлекеттік тіркеуде есептеулі мүлікті жекеменшік ісіне пайдаланған секілді мәселелер бар. Бір адамның мұрнын көгілдір түске енгізіп бүлдірген. Ол азамат шағымданып жүр. Бірақ, ол кісі жай адам емес, пәтер бастығы. Қалай болғанда да сіз бастықпен сөйлесіңіз. Мен жалғыз шеше алмаймын.

Бастығы да Оюуттың атақ, дәрежесіне қанық болған соң құрметпен қарады. Дүрэрэні қылмыстық істен босатты. Аппарат, химиялық заттарын негізінен қайтарды. Бірақ, мемлекет тіркеуінде тұр делінген әсіре күлгін сәуле шашушы мен мұрынды көгілдір түске айналдырған химикат тәркіленді. Оның үстіне екіжүз төгірік айыппұл салынды. Ақ ниет достарының арқасында милиция бастығының сөзімен айтқанда, «іс жеңіл қаралды». Алайда, адамды көрінбейтін етушінің еңсесі көтерілмеді. Өзіне ең қажетті заттарының тәркіленгеніне қатты өкінді. Не істерін білмей үйінде жатқан. Пәтер бастығы келді. Бөлмесіне баса көктеп келіп, рұқсатсыз химикат иіскеп, онымен қоймай шағым жазғанына Дүрэрэ ашулы еді.

- Ал, жігітім, менің мұрнымды не істейін деп жатырсың?

- Мұрныңызды не істеуім керек? Сізге қайдағы затты иіске деген кім бар? Менің заттарымды тәркілеп екіжүз теңгеге айыппұл салды. Сол ақшамен мұрын әперер. Арыз берген жеріңізге барыңыз!

- А, сен осындай әңгімеге көштің бе? Мен саған көрсетемін кім екенімді. Мені мазақ еттің ғой. Сенімен басқаша сөйлесемін – деді де, есікті тарс еткізіп шығып кетті.

Аппараты істемейтіндіктен енді Дүрэрэ үшін қорқатын дәнеңесі де жоқ еді. «Не болса, о болсын» деп жатыр еді, әлгі пәтер бастығы екі үлкен папка құшақтап кіріп келді. Оның ішіндегінің бәрі мақтау қағаздары мен алғыс хаттар екен. «Ал, сен көр, менің қандай адам екенімді» деп қояды.

Алтын әріппен жазылған бір куәлікте «Құрметті жолдас Нохойхүү революция ісіне белсенді араласып, Жива лама бастаған халық жауларын әшкерелегені және Будда дінінің ошағы ғибадатханаларға қарсы күрескені, алғашқы колхоздарды құруға атсалысқаны үшін алтын әріппен жазылған куәлікпен марапатталды» делінген. Келесі бірінде «Жолдас Шинэхүү ғибадатханалар мен мәдени мұраны қиратушылармен, колхоз құрудағы асыра сілтеушілермен, халықты алаңдатқан әсіре солшыл күштермен белсенді күресіп жеңіске жеткендіктен марапаттау қағазы мен бағалы сыйлықтар берілді». Бәріне көз жүгіртіп көрсе, пәтер бастығы революцияның барлық кезеңдерінде авангард болған адам екен. Ол омырауындағы әлде бір медалды нұсқап:

- Мұның бәрін отаныма жасаған ерлігім үшін сыйлаған. Ал, сен болсаң менің мұрнымды көгілдір түске айналдырып, тағы мазақ етесің. Мен басқаша сөйлесемін, жоғары жаққа барамын – деп, шығып кетті. «Құтылмас пәлеге жолықтым ғой, енді қайтпек керек» деген оймен Дүрэрэ қала берді.

Бірақ, ол кешке қайтадан келді. Күндізгімен салыстырғанда әлдеқашан жұмсарып қалыпты.

\- Мен шағымдана алар едім. Дегенмен, мен өзі жастарға қамқоршы адаммын. Сенің болашағыңды ойладым. Сондықтан, сенімен бейбіт келісімге келейін деп шештім.

- Сіз шағымдана беріңіз. Мені айыптар, тіпті соттар. Мен азар болса, бірнеше жыл отырып шыға саламын. Ал, сіз өмір бойы көгілдір мұрынмен жүресіз.

Пәтер бастығы тығырыққа тірелді. Ол шағымданып-ақ баққан. Бірнеше сағат бұрын милицияға барып «Сендер ана адамға айтып менің мұрнымды төлетіп беріңдер! Шет елге барып емдетуге барлық шығынды сол төлесін» деп талап қойған. Кіші лейтанант оның шағымына бұрынғыдай ыстық ықылас танытпады. Штаттан тыс қайдағы бір пәтер бастығынан ерекше жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі әрі доктордың әлдеқайда биік екенін білмейтіндей ақымақ деймісің.

- Сіз өзіңіз бөгденің затын рұқсатсыз иіскеп қойғансыз. Өзіңіз де кінәлісіз ғой, - деп шығарып салған.

Сондықтан, шал үшін ебін тауып мұрнын қалпына келтіретін жалғыз жолды қарастырудан басқа амалы жоқ еді. Жалынатын бағытқа енді.

- Ұлым, мына қаптаған заттардың мәнісін сен өзің ғана білетін шығарсың. Мен емханаға барып көрдім. Олар емдей алмаймыз дейді. Оны қалпына келтіру сенің ғана қолыңнан келетінге ұқсайды.

- Сізге біреудің затына беталды жола деген кім бар? Сөйте тұра біреудің жамандығын көргіңіз келеді. Сол заңгерлер көгілдір мұрныңызды жөнге келтірер. Ал, мен он жыл түрмеге отырып келейін, сосын, қалпына келтіріп беремін.

- Беталды затты иіскегенім қате болды, оны мойындаймын. Маған енді көмектес.

Өмір бақи адамдарды тек қана қорқытумен келген Шинэхүү ғуай осылайша тізе бүкті. Ақыры жалынып-жалпайып болмаған соң Дүрэрэ:

- Менің аппаратымның маңызды бөлшектері мен химикаттары тәркіленгендіктен сізге көмектесе алмаймын, үрлеп ұшықта демесеңіз.

- Мен кірісіп жүріп оларыңның бәрін қайтарып әкелемін – деп пәтер бастығы шыға жөнелді.

Қайда, қалай кіріскенін итім білген бе, бір кезде ентігіп жетті:

- Әлгілердің бәрі қайтарылатын болды.

Кіші лейтанант тәркіленген заттарды қайтаруға құлықсыз еді. Әнтек бастықтар рұқсат беріп қойғандықтан амалы жоқ. «Үйде сынақ жасау жөнінде ғылыми мекемелерден рұқсат аласыз, келесі жолы қайталасаңыз қатаң жазаланасыз» дегендей ескертуін жасап бәрін берді. Дүрэрэ оның әр сөзіне бас шұлғып келісімін берді.

- Мен бұл жігітті өзім тәрбиелеймін – деп пәтер бастығы да демеп қойды.

Керек-жарағын қайтарып алған соң Дүрэрэнің көңілі көтерілді. Пәтер бастығының мұрнын қалпына келтіруге кірісті. Алдымен оның қандай затты иіскегенін анықтады. Абырой болғанда аса қорқынышты ештеңе жоқ екен. Дүрэрэ өзі түрлі мұрын зақымдауды бастан кешіргендіктен не жағу керектігін жақсы біледі. Сонысын жағып, сәуле арқылы сәл кептірген соң шалдың мұрнындағы көгілдір түс арылып, қалпына келді. Бір қызығы осы оқиғадан кейін пәтер бастығы Дүрэрэнің үйінің есігінен де сығаламайтын болды. Әлгі өзі тәрбиелейтінін де ұмытқан секілді. Көшеде қарсы кезігіп қалса да тағы бірдеме иіскеп қалудан қорқа ма, анандайтын жерден мұрнын бітеп алып бұрылып кетеді.



Электрондық қуаты бар қыз


Көктемнің жайма шуақ күндерінің бірі. Күнге қызып маужыраған жерден жеңіл ғана бу көтеріледі. Тэмүлэн автобуста отырған. Алдыңғы орындықта отырған екі қыздың әңгімесі құлаққа шалынды.

- Сен әнеу жігітті қарашы! Мұрны қандай жаман, қып-қызыл?

- Шашы мен сақалын айтсайшы, маймал секілді. Мынандай адамға тұрмысқа шықсақ не болдық, жұртқа қалай көрсетеміз, хи-хи-хи!

Жас қыздардың мазасын алған ол не пәле болды екен деп терезеден қараса, кәдімгі Дүрэрэ тұр екен. Жырқылдаған қыздарға жыны келген ол жөн сұрамаққа автобустан түскені сол еді. Ауыз ашып үлгермей жатып Дүрэрэ өзге бағыттың көлігіне отырып кетіп қалды. Әлгі екі қыздың Дүрэрэден соншама қорыққандарын түсіне алмады. Алғаш көргенде солай сезілуі де мүмкін. Алайда, көз үйренген соң қазір Тэмүлэн үшін оның тікірейген сақалы мен үрпиген шашы көңілге жылу ұялатқандай болады. Эйнштейн, Пушкин сынды ұлы адамдардың бәрінің сақалдары үрпиген жандар. Автобустағы екі қызбен қайта кезіксе түсіндірер еді. «Ғалымдар, ұлы тұлғалар үшін сәнденуге уақыт табылмайды. Адамды мұндай ұсақтықпен өлшеуге болмайды. Ақылды адамдар олардың осы болмысымен мақтануға тиіс». Қызарып кеткен мұрны ебедейсіз көрінуі мүмкін. Кезіккен адамдар оны араққа тоймайтын біреу деп қалар. Біліктілігінің арқасында солай болғанын қайдан білсін. Сол күні менен болды. Мен ойбай салмағанымда ғой, бүгінгідей қылымсыған қыздардың мазағына айналмас еді. Тым құрығанда мұрнын қалпына келтіретін химикаттарын тауып берсем ғой» деген ойға келді.

Алайда, Тэмүлэн оның мұрны үшін тағы өзін кінәлағысы келмейді. Ғылыми әдебиеттердің бәрінде де ұлы жаңалық ашқан адамдар жұртты үркітіп те, таң қалдырып та жатады ғой. Сондай оқиғаның бірі де. Сол таңғажайып оқиғаның алғашқы куәгері Тэмүлэн өзі болған жоқ па. Алайда, ол Дүрэрэні жұрттың күлкісіне қалдыруды қаламады. Тым құрығанда мұрнын қалпына келтіретін затты Буджавтан сұрап көрмекке бекінді. Ол ештеңе бермедім десе де, Дүрэрэ жалған айтпайды. Сондықтан, «сен үшін дүниенің қай бұрышына да барамын» деген сөзінің рас, өтірігін тексеріп көруге болады. Шын жақсы көрер болса, тауып берер.

Такси жалдап жабдықтау басқармасына келді. Буджав жұмысын өткеріп жатыр екен. Ертең шет елге аттанбақ көрінеді. Үшінші елде үш жыл тұрамын деп мәз. Тэмүлэнді көргенде жылпылдап кетті.

- Бүгін менің оң көзімнің жоғарғы жағы қайта-қайта тарта берген еді. Сенің келеріңді сездірген екен ғой.

- Сенен бірдеме сұрайын деп едім.

- Сенің сұрағың маған жарлық. Айтқаныңды табу үшін аяқсыз еңбектеуге, мойынсыз митыңдауға дайынмын.

- Сен маған Дүрэрэге қажет химикаттан азғанасын берші!

- Сол бір жынды неме мені қылмысқа ұрындыра жаздады. Өтірік оның айтқаны. Одан аулақ жүр.

Тэмүлэнді жетектеп терезенің алдына апарды да:

- Ана бір менің машинамның қасында тұрған ақ кофталы қызды көрдің бе? Қалай екен?

- Әдемі қыз. Несі бар?

- Менің әйелім болады. Екі күн бұрын некеге тұрдық. Бір жыл бұрын кандидаттық қорғаған. Француз тіліне жетік. Ертең менімен бірге Еуропаға ұшады. Сен менімен бас қоссаң осылай бірге аттанар едік қой. Тағдырға шара бар ма, енді ана жындыңды бағып отыра бергін!

Тэмүлэн онымен қоштаспастан кете берді. Қалай да сол химикатты табуға бекінді. Құрбысының Сосор директордың ұлымен жүретіні есіне түсті. Тура солай тартты. Құрбысы жігітіне телефон шалды. Сосор директордің ұлы әкесінен бірдеме сұрағанда міндетті түрде анасы арқылы шығатын әдеттері бар екен. «Сәл күт. Мен анама айтқызайын» деп жоқ болып кетті. Екі құрбы қыз телефонды күтіп ұзақ отырды. Ол шырылдай жөнелгенде қатар бас салды.

- Әкем үйде ресми қызмет мәселесін сөйлеспеймін деп жолатпай жатыр.

- Енді не істейміз? – деп құрбысы абыржыды.

- Болмайтын іске шара жоқ. Көңіл бөлгеніңнің өзі неге тұрады – деп рахмет айтқан Тэмүлэн тысқа шықты.

Ол тығырыққа тірелді, қайда барып, кімнен сұрарын да білмеді. Өз кабинетіне келсе, жұмыс тарайтын уақыт әлдеқашан өтіп кетсе де бөлім меңгерушісі қайтпаған екен. Тынымсыз соғылып жатқан телефонға жауап бермей отыр.

- Әйеліңіз телефон шалып жатқан сияқты ғой.

- Соға берсін.

- Неге қайтпадың?

- Қайтқанда не бітірмекпін...

Ол бұрын Тэмүлэн тек өзін ғана жақсы көреді деп ойлаушы еді. Университетте сабақ беріп жүрген кезінде ол өзінен көз алмай телміретін. Сол кезде Оюут «бұл педагогикаға қайшы келеді» деп оған сыр бермейтін. Кейін сәл жұмсарып кейде көз тастағанымен қабақ түйіп қаталдана қалатын. Алайда, сұлу да жас қыздың ботадай мөлдіреген қос жанары оны сындырып тынған еді. Сосын, ғылыми-зерттеу орталығына ауысқанда оны хатшы етіп алған. Алайда, әйелімен ажыраспады. Тэмүлэн жылдар бойы оның кабинетінің есігін күзетіп келеді. «Сен неге тұрмысқа шықпайсың?» десе, «Көңіліме жағатын адам жоқ» деп мұңлы жүзбен күлімсірейтін.

Ал, енді бұл қыз қабылдау бөлмесіне тоқтамайтын болып алды. Адамды көрінбейтін етушінің соңынан жүгіріп жүргенін бөлім меңгерушісі аңғарған. «Әйел затын түсініп болмайсың. Тэмүлэнге тек қана дарынды ғалым керек. Алғаш ол мені ғұлама деп ойлап қалды. Кейін Дүрэрэ пайда болды. Оны жаңалық аша ала ма деп сұрағанында «иә» дегенмін. Сол-ақ екен соңына түсті» деп Оюут алғашында қызға өкпелеп жүрген. Енді өзін айыптап отыр. Үйлі-баранды еркекке ол қашанғы көз сүзіп отыра береді. Басы бос қыз кімнің соңынан қалай жүреді, ерік өзінде. Қолында мүмкіндік бола тұра Дүрэрэден бұрын жаңалық ашса өзі қайда қалды. Сонымен «жау кеткен соң қылышын тас шабудың» керін келтіріп өкініп отырған түрі мынау. Хатшысының жүзіне ұзақ қараған бөлім меңгерушісі:

- Сен Дүрэрэні жақсы көріп қалдың ба?

- Әйеліңнен бастап сені аялайтын жұрт қаншама. Ал, Дүрэрэнің ешкімі жоқ. Әлгі мұрнын қалпына келтіретін зат іздеп таппадым.

- Мен жаңа ғана нотариуспен сөйлестім. Кепілдік беретін адамдарыңды ертіп келіңдер дейді.

- Кім кепіл болады.

- Әрине, сен екеуміз ғой.

- Ол сосын растап бере ме екен?

- Беретін шығар.

- Сен ғажап жансың! – деді де хатшысы меңгерушінің бетінен шөп еткізіп сүйіп шыға жөнелді.

Ол Дүрэрэнің үйіне қарай асықты. Болмашы бірдемемен болса да оны қуантқысы келді. Нотариус туралы естігенде Дүрэрэ аса желпіне қоймады. Әр қадам сайын сәтсіздікке ұрынған ол анау-мынау дүниелерге сенуден қалған. Денесі босаңсығандай көрінді. Бейнебір ауырып отырған адам тәрізді. Тэмүлэн оның маңдайына суық алақанын басып көріп:

- Жүзің сынық қой. Қызуың көтеріліп тұрған жоқ па? – дегені сол еді, Дүрэрэ селк етті де:

- Қызық екен-ей?!

- Не болды?

- Сенің алақаның... деп адам түсінбейтін бірдеме айтты да ток өлшегішті қыздың алақанына салып инесіне қадалды.

- Не болды?

- Алақаның маңдайыма тигенде бүкіл денеме ток жүгіргендей болды. Денесінде электрондық қуаты бар адамдар, кейде балық, аңдар да болатынын оқығаным бар. Сені де сондайлардың бірі екен деп қалдым. Тэмүлэн күліп алды:

- Электрондық қуатым бар ма екен?

- Өлшегіштің инесі қозғалып тұрған жоқ. Бірақ, маған бір қуат жүгіріп енуін енді. Біртүрлі сондай жағымды әсер етті – деп таңдана қарады.

Егіздің сыңары

Аласа ғимараттың тар бөлмесінде орналасқан нотариуста кезекке тұрғандар баршылық екен. Белгілі бір нәрсені өзгеге сендіру үшін таңба мен мөрдің қажеттілігі айтарлықтай болса керек. Оюут, Тэмүлэн, Дүрэрэ үшеуі бір сағаттай тұрып енді. Әйтеуір, растайтын қызметкер биязы мінезді адам екен. Істің мәнін естігенде таңданысын жасыра алмады. Оюут пен Тэмүлэн екеуінің кепілдемесін бірнеше рет оқып шықты:

- Мен мұнда он жылдан астам жұмыс істеймін. Талайды көрдім. Бірақ, адамның мұрны туралы нәрсені бекітіп көрген жоқпын. Сондықтан, қалай растаудың да жөнін біле алмай отырмын.

Дегенмен, әдетте әлденені болмайтын жағынан қарайтын адамдар көп болса, бұл кісі керісінше, барлығын неғұрлы болатын, бітетін мүмкіндігіне қарай бұруға тырысатын болып шықты. Дүрэрэнің мұрнындағы бояуды бір өшіртіп, бір боятып, енді бірде өзі қолмен ұстап көріп тексерді. Бала кезіндегі фотоларын алдырып көрді. Ең соңында «Жолдас Дүрэрэнің мұрны ғылыми-зерттеу сынақтың нәтижесінде көрінбейтін болып қалғаны рас» деген парақ толтырылды. Оған таңба мен мөр басылды. Үшеуінің қуаныштары қойындарына сыймай кетті. Адамға сенбеуге болар, ал, мөрге сенбейтін кім бар дерсің. Мөр дегеннің шіркін құдіреті күшті ғой.

Оюут пен Дүрэрэ тағы да Сосор директорге келді. Қағаздарын ұсынды. Оны директор енжар ғана қолына алғанымен мөр мен таңбаны көріп басын шайқап таң қалды.

- Ал, керек болса. Нотариус бекітіп тастаған.

Енді директор ауыр жағдайға тап болды. Талап еткен барлық құжаттарын толықтырып әкеліпті. Тек өзінің бұрыштамасы ғана жетпей тұр. Құжаттар жеткілікті болғандықтан кейін сөзге қалмаспын деп ойлағанымен күмәндана берді. Үлкен қара қаламын қолына бір алып, бір тастап отыр. Директор қаламын қолына алғанда Оюут пен Дүрэрэ орындарынан қаз-қатар баяу көтеріліп түрегеледі де, тастаған кезде отыра қалады. Бір сағаттай осылай жалғасты. Бірақ, кенпілдеме әкелсеңдер ұйғарамын деген өзі болғандықтан шарасыз жағдайға тап болды. «Жолдас Дүрэрэ сынақ жасау барысында мұрнын жоғалтып алғаны нотариус арқылы расталғандықтан мұрнын қалпына келтіруге қажетті химиялық заттарға тапсырыс беруді рұқсат етемін» деген бұрыштама жазды. Бұрыштама соғылған қағаз үстелдің үстінде әлі тұр. Оюут асқан батылдық танытып барып оны өзі алды. Сонымен шыға жөнелді. Директор қалжырап қалған секілді орындығының арқалығына шалқайған күйі қозғалыссыз отырып қала берді. Сыртта оларды Тэмүлэн күтіп тұрған еді.

- Не болды?

- Бұрыштама соқты.

- Енді не істейміз?

- Жабдықтау басқармасына кеттік.

- Бұрыштама берсе іс бітті деген сөз. Ендеше бұл қуанышты атап өтпейміз бе?

- Өте дұрыс, жалпы сөйтейік.

Дүрэрэ де келісті. Үшеуі мейрамханаға келді. Дүрэрэ таң қалып тұр.

- Жалт-жұлт еткен не деген әдемі жер?

- Сен бұрын болмағансың ба?

- Жоға. Қай жерде тұрып тамақ аламыз?

- Өздері келіп қызмет көрсетеді.

- Мәссаған.

Олар дөңгелек үстелге келіп жайғасқанда даяшы қыз келіп тапсырыс қабылдады. Тамақ және ақ қайнар алды. Тұщына тамақтанып шарап құйылған бокал соғыстырды. Есептескен кезде бағасының қымбаттығына Дүрэрэ тіпті таң тамаша болды.

Мейрамханадан шыққан соң Оюут пен Дүрэрэ жабдықтау басқармасына аттанды. Бастығымен жүздесу үшін қабылдау бөлмесінде қырық минут отырды. Кірген бетте екеуі де айғай сала жаздады. Үстелдің ар жағында осыдан екі-ақ сағат бұрын бұрыштама жазған Сосор ғуайдың дәл өзі отыр. Тек қана өзгешелігі үстіндегісі костюмі сұры емес, қоңыр түсті.

- Сіздің бастық мұнда неғып отыр?

- Ол емес шығар. Жоға, меңіне дейін дәл өзі...

- Қызық екен. Басеке, сіз неге мұндасыз?

- Мен өз жұмысымда, өз кеңсемде отырмын. Не боп қалды?

- Онда сіз осында істейтін болғансыз ғой. Ауысып кеттіңіз бе? Не деген тез, қалай? Ауысу туралы сіз маған айтқан жоқ едіңіз ғой?

- Сіз не айтып кеттіңіз, жігітім? Қайдан жүрсіз?

- Сіз өзі Сосор ғуай емессіз бе?

- Жоға, мен Осормын. Сіз мені егіздің сыңары бауырыммен шатастырып тұр екенсіз ғой, ха-ха-ха!

- А, ғылыми зерттеу орталықтың директоры Сосор ғуай екеуіңіз егізсіздер ме?

- Иә, иә!

Дүрэрэнің арқасы мұздап сала берді. «Сосор секілділердің егіз болып шығуы қандай қасірет. Мұнысы тағы қандай пенде болып жүрер екен» деп өкінді. Осор бастық ресми қатынасқа көшті.

- Сіздердің бұйымтайларыңыз?

- Жедел түрде химикаттарға таспырыс бермекші едік.

- Құжаттарыңыз бен тапсырыстарыңыз бар ма?

- Бар, әрине! – деп олар әлгі бұрыштамасы бар қағаздарын ұсынды. Бастық көзілдірігін киіп алып мұқият түрде байыптап оқыды.

- Бұл не сонда? Жалғыз адамның мұрнына арнап осыншама химиялық зат алдырамыз ба? Сосын тағы бұларың валютамен есептесетін дүниелер екен. Валюта деген күзгі жапырақ емес қой, көшеден жинап алатын. Оның сыртында бұларыңыз жалғыз адамның бір ғана мұрнына арналған тапсырыс секілді ғой.

- Сосор директор ұйғарған. Бұрыштамасы бар, міне.

- Иә, оны оқыдым. Бірақ, тапсырыс мұнда тағы да бақыланады. Сақ адам бола тұра Сосор қалайша жеңіл қарады екен? Екі жастың біріне келгенде қылмысқа ұрынайын дегені ме? Валюталық заттарға тек төтенше жағдайда ғана тапсырыс беріледі. Егер бөгде біреу рұқсат берген болса, жауапкершілікті өзі мойындасын деп ұйғара салар едім. Сосор екеуіңді кейін өкінбесін деп отырмын. Кейін бақылаушылар бір мұрынға осыншама қаржы жұмсадыңдар деп айыппұл салып жүрер деп құжатты қайтарды.

- Бір мұрын, бір мұрын деп сіз не айтып отырсыз? Мен өз басым осы мұрынмен де жүре беремін. Мәселе қаржыны жаңа ғылыми жаңалық үшін жұмсауда болып тұр ғой – деп Дүрэрэ наразылық танытты.

- Барлық адам осылай ғылымды алға тарта береді. Шын мәнінде сіз бәрін мұрыныңызға жұмсайсыз ғой. Сіз ғылыми сынақ жасау барысында мұрныңызды күйдірген болсаңыз еңбек қорғау саласы бойынша мәселе көтерсеңіз жеңілдіктер болады және тез реттеледі. Біз ірі өндіріс, мекемелердің қажетті заттарын алдырамыз.

Екеуі шарасыз үнсіз шықты. Бұрыштама алып атап өткені бар болсын. Бастары салбырап Сосор директорге қайта келді.

- Сіздің бұрыштамаңызды қайтарды. Өзіңіз бір сөйлесіп көріңізші!

- Осордың айтқаны жөн. Мен неге қол қойғанымды түсінбей қалдым. Кейін өкініп, түстене алмай қалдым десем де болады, ас батпады.

- Менің ісім осылай кері кете береді – деді де Дүрэрэ үйіне қайтты.

Тэмүлэн бөлім меңгерушісінен «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кері келгенін біліп ол да қынжылды.

-Енді не істейміз?

- Соны білуден қалдым.

- Бұл Осор деген жоғарғы жақтағы басшылардың туфлиін жалауға дайын тұратын адам.

- Ендеше министрге шығайық!

Екеуі осылай келісті. Бірақ, Дүрэрэні текке үміттендірмеу үшін айтпайтын болды. Азанда Оюут министрлікке барғанымен министрге кіру деген аспандағы кемпірқосаққа қол созумен бірдей нәрсе екеніне көз жеткізді. Бір жаққа жиналысқа кетіп қалады. Келе сала ешкімді қабылдауға мұршасы болмай аппаратын жинап алып өзі жиналыс өткізеді. Күні бойы күтіп нәтиже шығара алмады. Келесі күні Тэмүлэн барды. Министрдің қолы босауын күні бойы күтті. Істерге шаруа жоқ күтіп отырып, министрдің көмекшісі жігітпен танысып алды. Ол жігіт Тэмүлэн секілді үріп ауызға салар сұлуды ертең кел деп қуа алмады. Қандай шаруамен келгенін сұрады.

- Қайдағы бір химикат үшін министрге кірудің не қажеті бар? Министр сол үшін Осор ғуайға телефон соқпайды.

Тэмүлэн жағдайды түсіндірді.

- Сіздер мәселені дұрыс қоймағансыздар! Олай емес былай – деді де тартпадан қағаз қалам шығарып былай деп жазды. «Жабдықтау басқармасының бастығына. Мемлекетіміз партияның кезекті сьездерінде ел тұрғындарының эстетикалық мәселесіне ерекше назар аударған еді. Сьез шешімдерінде міндет етілген партия мен үкімет нұсқауларын орындау мақсатымен біздің ғылыми орталық ел тұлғаларының мұрын құрылымдарын жетілдіруді, өркениетті социалистік елдердің деңгейіне жеткізуді көздеп отыр.

Аталмыш жоспарлы жұмыстың аясында мұрынның түрлі науқастарының алдын алу, көріктілігін арттыру, пұшақ мұрындардың өсіп жетілуіне қажет химиялық зат жасалмақшы. Нәтижесінде халқымыз соның ішінде басқарушы тұлғалар идеологиялық жағынан биік мұрынға қол жеткізіп, әлемдік деңгейдегі саммиттер мен салтанатты рәсімдерге еркін қатысатын болады. Сондықтан, химикатты жасауға арналған заттарды тізім бойынша жеткізілуін сұраймыз» - деп жазып берді. Оған Тэмүлэн күмәнданды.

- Мұның пайдасы бола ма?

- Мен үлкен басшылардың қасында біраз жыл болдым ғой. «Аттың сыры иесіне мәлім» деген бар. Егер рұқсат бермесе «Сіз партия мен үкіметтің шешіміне қарсы шығасыз ба?» деп міндетті түрде сұрау керек.

Көмекшінің кеңесі осы болды. Ал, министр әдетінше жиналыспен күнді өткізгендіктен оған кіру мүмкін болмады. Лажы жоқ, әлгі хатпен ғана оралды.

- Осындай хатпен барса тапсырыс беріледі дейді – деп онысын Оюутқа көрсетті.

- Эстетика дей ме, мұрын, идеология дегендей не жазып кеткен? Бір біріне сабақтаспайтын қайдағы бірдемелерді айтыпты, қажеті қанша? – деп бөлім меңгерушісі жаратпады.

- Министрлікте істейтін адам жазып отыр ғой. Сынап көрсек қайтеді?

- Жарайды, тонымызды шешіп алмас – деп Оюут та келісе кетті.

Мәтінді бастырып алып, қорқа-қорқа Сосор директорге кірген. Ол көз жүгірітіп оқыды да:

- Сьез шешімдерін орындау үшін екен ғой – деді де қол қойып бұрыштама жазып берді.

Сиқырлы күш әсер еткендей-ақ болды. «Енді әлгі егіздің сыңары қайтер екен» деп жабдықтау басқармасына жүгірді. Осор бастық суық қарсы алды. Бірақ, тапсырыс хатты оқып алды да:

- Біз партия мен үкіметтің шешімі мен сьез нұсқауларын орындау ісінен ештеңені аямаймыз! – деп қабылдай салды. Мұндай боларын кім білген. Оюут таңданыстан есі шығып, мәңгіріп қалды. Тэмүлэн қуанышын қойнына сыйғыза алмай Дүрэрэмен бөлісуге кетті. Таксимен зулатып отырып жетті де пәтерінің қоңырауын жанып кеткенше басты. Есік ашылғанда дауыстап енді:

- Іс бітті!

- Қандай іс?

- Сосор ғуай тапсырысқа қол қойды, ал, Осор бастық оны қабылдап қойды.

- Шын ба?

- Шын – деп, Тэмүлэн оның екі қолынан бас салып, өзіне қарайц тартып айналғанда әлгі электрондық қуат тағы сезілді. Осы сезімнен айырылмай тұра бергісі келді.

Сирек қоқыс

Қуанышты хабар жеткеннен кейінгі күндер бақытты да шат сезімдерге толы болды. «Өлмеген құлға өлі балық кезігеді» деген осы болса керек. Жұмысқа орналаспақ болып жүрген Дүрэрэ енді одан бас тартты. Кешікпей тапсырыс бойынша заттары келеді. Тағы да жұмысқа келмеді деген шу шығады. Сондықтан, тапсырыс келгенше тынығып алып сынаққа тың күшпен кірісуге бел байлады. Ертең бе, арғы күні ме әйтеуір бір күні телефон соғылып «сіздің тапсырыс түсті, келіп алыңыз» деп жабдықтау басқармадан хабар келеді деп күтті.

Күн кезегімен алмасып өтіп жатыр. Көктемнің боран шашыны басылып жайма шуақ жаз келіп жетті. Аспан көгінде алтын күн жібек шапанның омырауына тағылған орден іспетті жарқырайды. Қала көшелерінде сап түзеген ағаштар жасыл желек жамылып, көк майсада сан түрлі гүлдер көз жауын алады. Дүрэрэ өз өмірінің қырықыншы жазында ғана дүние әлемнің сұлулығын алғаш рет сезінгендей болды. Ол өзін тамаша бір демалыс орнында кейде тіпті жұмақта жүргендей елестетеді. Оның бәрі Тэмүлэнмен тікелей байланысты еді. Үйге ол кіргенде тар бөлмелері кеңейіп, емен жарқын әңгіме өрбіп, бұрынғы мүлгіген көңілсіздік пен сансыраған жалғыздық ізім-ғайым жоқ болады.

Анасының маңдайындағы терең әжімдердің өзі жазылып арылуға шақ қалған. Тамақ әзірлеуге асүйде құнжыңдап жүргенде Тэмүлэн келеді де ерекше бауырмал мейрін төгеді.

- Қанеки, сіз демалып отыра беріңіз, мен! – дейді де, бәрін ұршықша иіреді. Сонымен үшеуі бірге шүйіркелесе отырып тамақтанғанда ана мен баланың осыған дейін жеке бөлмелеріне тығылған тағы тірліктері әлдеқашан ұмтылып кетеді. Ол шығып кеткен соң тағы сол баяғы өлі тыныштық орнайды. Дүрэрэ әлдебір кітапты қолға алып итиіп жатады. Анасы таспих айналдырып дұға оқиды. Сондықтан екеуі Тэмүлэннің келуін күтеді. Бір күні әдеттегідей кешке дейін отырып кетуге ыңғайланды.

- Сен үйіңе бармай-ақ осында...

- Бәсе, иә...

- Болады ғой, неге болмасқа.

- Иә, болады. Сенің сынақ жұмыстарыңа кедергі жасамасам – деді де сөмкесін қайтадан орнына қойды.

- Әлгі химиялық заттар келгенше менде қайдағы сынақ болсын. Сенімен бірге болу мен үшін әрдайым 510-сынақтан кейінгі сәт секілді сондай тамаша.

Сол түні бұрын тек әйнек құтылар ғана сылдырлап, бір адамның бейнесі қыбырлап жүретін бөлмеде екі жанның қос қимылы көрініс тапты. Шам сөнген соң да сыбырлаған үндері естіліп жатты.

- Сен әлгі тапсырыс келген соң менің иегімдегі меңді жоғалтып берерсің.

- Қажеті қанша? Осы мең саған өте керемет жарасады.

- Солай ма? Онда жарайды. Сен адамды, соның ішінде мені жас ете аласың ба?

- Әзірше жоқ. Сен онсыз да жассың. Бұдан жасартып жіберсек, сен тұлымшағы желбіреген сәбиге айналасың. Сосын, сені бой жеткеніңше күтіп барып үйленетін шаруа шығады.

- Жарайды, онда әзірше осы қалпымда жүре берейін.

- Ал, қартайып кетсем ше?

- Оған дейін мына шаруаны аяқтаймын да кәрілікті тоқтатуды зерттеймін.

- Сөйте ғой жаным! Сенің алғашқы жаңалығыңның сынақ алаңы өзім болсам дегенім ғой.

- Жарайды, мен сені көрінбейтін етейін.

- Жоқ, екеуміз қатар көрінбейтін болайық. Содан кейін жетектесіп көшеде жүреміз. Сосор директордің кабинетіне кіріп алып заттарын жасырамыз, белгілеу дәптерін жұлып аламыз. Ол «мұның бәрі неге қозғала береді?» деп таңданады. Сонда айтамыз «Сіз көрінбейтін адамға сенбейтін едіңіз ғой. Ал, көріңіз, осылай болады» деп әбден аузын жабамыз ғой.

Қандай жағдайдың боларын елестеткендей екеуі біраз күліп алды. Таң ата бере көз шырымын алғандықтан екеуі түске таяу бірақ оянды. Тэмүлэн асығыс жұмысына кетті. Дүрэрэ шай ішіп алып кешікпей жасалатын сынаққа дайындалып, құрылғыларын сүртіп екінші мәрте тазалып шықты. Барлық дүниесі бабы келіскен жүйрік аттай болып сай тұр. Бірақ, тапсырыс берген заты әлі жоқ. Тэмүлэннің арқасында уақыт жылдам өтіп жатты. Дегенмен әр нәрсенің шегі бар ғой. Бүтін бір тоқсан артта қалғанда мазасыздана бастады. Жабдықтау басқармасына телефон шалып еді, Осор бастықтың көмекшісі көтерді.

- Қайдағы тапсырыс берген зат?

- Ана жолғы ше, адамды көрінбейтін ететін зат?

- Ондайды білмейді екенбіз – деді де тұтқаны лақтыра салды.

Тэмүлэн «Бұлар осылай түсінбей қалады, өз тілімен сөйлесейін» деп қайтадан телефон соғады.

- Сьез шешімдерін жүзеге асыруға арналған тапсырыс не болды?

- Ол мәселе қарастырылған. Бастықтың қолы қойылған хатты бір апта бұрын алдық. Тапсырыстар тізіміне енген.

Тапсырыс жазылған хаттың бір ай бойы қайда жатқанын құдай білсін. Бірақ, әйтеуір тізімге енгеніне шүкір деді. Он жыл шыдағанда бір екі айға төзуге болар.

- Естідің ғой. Алаңдамай заттың қашан келерін күтіп жата бер.

Тэмүлэн мен Дүрэрэ жиі тауға шығып, қыдырады. Гүл теріп, жас балаша табиғат аясында бірін бірі қуып ойнап жүретін болды. Дүрэрэ үтектелген таза да сәнді киімдер киетін болды. Сақалын қырып тастамақ болғанда «Тұра берсін, ұлы адамдар осылай болады» деп Тэмүлэн ара түсті. Ал, шашы мен сақалын түзеп ретке келтіргенде аттысы түсіп, жаяуы жатып қарайтындай әдемі жігіт шыға келді. Дегенмен, адам өмірі үнемі болып толып тұрмайды ғой. Ақша мәселесі Дүрэрэні қинай бастады. Тапсырыс келгенше жұмысты қоя тұру туралы жоспарын өзгертуіне тура келді. Анасының азғана зейнетақысы жетіспей келген кеткен адамға жөні түзу қонақасы беруге тырысатыны шығынды ұлғайта түсті.

Сондықтан, уақытша болса да істей тұратын жұмыс іздеді. Көңілге қолайлы жұмыс табудың өзі қиынға соқты. Кейде бірер жарым тәуірі кездескенімен асхана меңгерушісінің берген жайсыз мінездемесі кедергі болады. «Жұмыстан кешігеді, тіпті кейде келмей де қояды. Жұмысқа салақ қарайды, мінезі жайсыз, ашуланшақ» дегенді оқыған кадр бөлімінің меңгерушісі:

- Біздің жұмыс жауапкершілігі жоғары. Бізге келісім берген тағы бір адам бар дейді де қайтарады.

Жұмыс табылмағандықтан жалақы жоқ. Жалақы болмаған соң ішерге ас су да тапшы. Дүрэрэ бір күртесін сатпақ шешті. Жұрттың аяғы сиректеу жерде ұстап тұрған. Орта жастағы шұбар бет адам келіп сұрады:

- Сатасың ба? (Дүрэрэ үнсіз бас изеді)

- Бағасы қанша?

- Өз бағасына сатамын.

- Қане көрейін – деп әлгі кісі алды да аударып-төңкеріп қарап, сөмкесіне сала салды. Сосын ақша ұсынудың орнына «тексеруші» деген белгі көрсетіп:

- Милицияға жүріңіз.

Жеңіне тағатын дүниені қалтасына салып жүретін жымысқы арамзаға тап болыпты. Бұрын мұндаймен айналысып көрмегендіктен опық жесе де құтылуға тырысты.

- Мен жай ғана ұстап тұрғанмын.

- Сатасың ба дегенімде «сатамын» дегенсіз.

Қолынан сүйрелеп жүргенде «қырсыққанда қымыран іридінің» кері келді. Дүкенге келе жатқан Тэмүлэн олардың үстінен түсті. Бейтаныс адамның Дүрэрэні әлде бірдемеге мәжбүрлеп тұрғанын аңғарып қалды.

- Бұл кісі саған неғыл деп тұр?

- Жай әншейін – деп теріс қарады. Ал, әлгі тексеруші оны іліп әкетті.

- Сіз бұл кісіні танисыз ба? Бұл кім, өзі? Қайда жұмыс істейді?

- Танығанда қандай? Бұл кісі үлкен ғалым адам.

- Ғалым дейсіз бе?

Әлгі тексеруші сасқалақтап қалды. Адамның атағының алдында құлдық ұратын заман не шара. Тексерушінің өзі қоғамдық тәртіпті ұйымдастыру жайында диссертация жазып жатқан адам болып шықты. Қорғайтын кезде алдынан шығады деп ойлады ма, әлде, өзі ғалымдарға құрметпен қарайтын адам ба, әйтеуір, қайта-қайта кешірім сұрап, күртесін қайтарып, мекежайы жазылған қағазын ұсынып хабарласып тұруын өтініп шыға келді.

Дүрэрэ шындықты айта жаздап барып, мені басқа біреумен шатыстырған шығар дей салды. Екеуі бірге үйге қайтты. Шай ішіп отырған еді, есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді. Ашса аузы-мұрнын орамалмен бітеп алған пәтер бастығы тұр.

- Сіздер екі айдың пәтерақсын төлеген жоқсыздар. Үш күннің ішінде салмасаңыздар қуу туралы мәселе көтеріледі.

Ол тағы бірдеме иіскеп қойып пәлеге қаоармын дегендей тезірек шығып кетті. Дүрэрэнің күрте алып дүкеннің қасында болғанының себебін Тэмүлэн енді түсінді. Сөмкесінен үш жүз төгірік шығарды.

- Пәтерақыға өткіз.

- Жоға, қажет емес.

- Аласың, біз бір үйдің адамдарымыз. Алмасаң мен қайтып келмей қоямын – деп еріксіз алуға мәжбүрледі.

- Екеуміздің неке тойымыз қашан өтеді?

- Өзімізді көрінбейтін етіп алайық та жасайық. Той жұрт біздің даусымызды ғана естісін. Әлемде ондай той ешқашан болмаған шығар. Біз жасайық оны.

Осылайша бір күн өтті. Осор бастықтың көмекшісімен сөйлескен соң да бір ай өтті. Жаз өтіп, күз келді. Жыл құстары қайтуға бет ала қаңқылдап пішен шабу, орақ ору жұмыстары басталды. Студент жастардан құрылған жұмыс топтарын тасыған машиналар сап түзеп шаруашылықтарға бет алып жатты. Хабар күтіп отырудан төзім таусыла бастады. Жабдықтау басқармасына тағы да хабарласуға тура келді. Бөлім бастығының атынан ресми сипатқа еніп тұрып хабарласты.

- Сіздер енді ғана тапсырыс бере салып тақақтап қоймайтындарыңыз не, осы?

- Екі ай бұрын бердік қой.

- Енді сол мұнда ғана ғой.

- Бүкіл бір маусым өтті ғой, енді.

- Сіздер қастарыңыздағы дүкеннен нан ала салатындай әңгіме айтасыздар. Екі үш ел аралап барып жеткізілетін дүние ол дегеніңіз. Жұмыс белгілі сатылары бойынша жалғасып жатыр. Бұрнағы күні министрліктің кеңесінде бектіліп жатқан – деді де тұтқаны сарт еткізді.

Осыншама кешігетінін білгенде жұмысқа орналасып алуым керек еді деп өкінді. Дегенмен, тапсырыстары алынып тасталмай бекітілгеніне де шүкір. Бекітілген соң қалай да бір келеді. Күтумен болды. Тағы да екі ай өтті. Ешбір сыбыс болмады. Таудың басын қар шалып, суық маусым басталды. Көмекшінің ашуланатынын біле тұра телефон шалды. Тұтқаның ішіне арыстан кіріп кеткендей болды.

- Сендер өзі қайта-қайта қоңыраулатып жұмыс істетпейтін нығылған адамсыңдар?

- Сол тапсырысты жеделдетуге болмай ма?

- Республика көлеміндегі кешенді тапсырысқа енгені кеше ғана ғой. Мұнан артық қандай жеделдік керек? Өте қатты асығып тұрсаңыз тапсырысты қайтарып алыңыз да басқа жолмен кірісіңіз.

- Бізде басқа жол жоқ. Жарайды, келуін күтейік.

Одан кейін көмекшінің жынына тиюді қойды. Дүрэрэнің көңілі құлазып баяғыдағы кепіне ене бастады.

- Қамықпа, бір-ақ күнде тапсырыс берген заттар жетіп келеді – деп, Тэмүлэн басу айтады.

- Тым құрығанда неше ай, қанша күн күтетінімді алдын ала білгенде ғой – деп Дүрэрэ қынжылады.

Қар қалың жауып қыс жұтқа айналды. Үйден шықсаң болды, суық аяз бетті мұзша қарып, жайыңмен баяу да жүргізбей қақшаңдатып кетеді. Онымен қоймай қыс ұзаққа созылып, көктем кеш келді. Оқтын-оқтын борандатып қатты жел тұрады. Тапсырыс берген заттар бекітілгенімен одан кейін де бірнеше кезеңнен өтетіні туралы сыбыс шықты. Оны күтіп қол қусырып отыруға болмайтын болды. Дүрэрэ тағы да жұмыс іздеді. Оюуттың бір курстасының арқасында өндірістік қалдықтар таситын жұмысқа орналасты. Жұмыс істегеніне қарай жалақы берілетіндіктен айлығы көп. Тек дене еңбегіне соншалық бейімді болмағандықтан алғашқыда шаршап жүрді. Кейін үйреніп көндігіп кетті. Түнгі аусымнан шыққан қалдықтарды машинаға тиеп алады да қоқыс тастайтын алаңға жеткізеді.

Бірде таудың аузындағы толған қоқыстардың арасынан қалдық төгетін жер таба алмай іздеп жүріп бұрын келмеген бір шұңқыр жерге келді. Машинаның кузовын жайып қалдықтарды түсіріп біткен. Маңдайдың терін сыпырып тастап таяуда тұрған бір сары түсті ұнтақтан тұрғызылған үйіндіге көзі түсті. Бір таныс зат көзге түскен соң «Бұл не еді?» деп таңданды. Кузовтан секіріп түсіп барып көрсе, әлгі тапсырыс беріп айлап күткен заттары тау төбе болып жатыр. Әлде қашан қатып-сеніп жарамсыз болып қалған. Оның ар жағында өзге химиялық заттар да тасталыпты. Ол есі ауысқан адамша жалғыз өзі сөйлеп кетті:

- Осындай да болады екен-ау! Мұнда жатыр бәрі де. Мен мұны таба алмай қаншама жыл сандалдым. Мұны кім әкеліп төкті екен? Ақымақ басым-ай! Неге баяғыдан бері осында келіп көре салмадым екен. Қаншама жыл табанымнан таусылып іздедім.

Уыстап алып мұрнына тақап тұрып иіскейді. Қайран зат! Енді ешкімге қажеті болмай қалған. Өкініштен өзегі өртенгенде жүрек тұсынан біреу біз сұғып алғандай болды. Бір атым насыбайдайының өзін табу мұң болып жүргенде мұнда тау төбе болып үйіліп жатқанын көргенде байғұс жігіттің әлсіз жүрегі төзе алмады. Кеудесін қолымен басып мас адамша теңселіп тұрды да ұнтақ төбешіктің үстіне үнсіз ғана қисая кетті. Шофер жігіт Дүрэрэнің келуін күтіп біраз отырды. Келмеген соң сигналын бажылдатып көрді. Жым-жырт болған соң таңданып жүгіріп шыққан. Қасына барса әлде қашан соңғы демі үзіліп кеткен екен.

Дүрэрэсіз әлем

Тэмүлэн әдеттегісіндей жұмыста отырған. Кенет телефон шыр ете түскенде селк етіп шошып қалды. Неге олай шошынғанын өзі де біле алмады. Тұтқаны көтергенінде әлде бір адам:

- Сіз Дүрэрэнің үйіне тезірек жетіңізші! – деді де телефонды қоя салды.

Алғашында ол тапсырыс берген заттар келді деп ойлады. Сөйтті де егер олай болса неге өзі хабарласпады екен деген ой келді. Пәтер бастығы шу шығарды ма? Тағы да шағым түсті ме?

Көңілі алаң болды. Несі болса да абыржып тез жетті. Сөйтсе, азанда ғана сап-сау жүрген адам бұл дүниені әлде қашан тастап кетіпті. Тэмүлэн жыламады. Жарымес адамша аңырды да қалды. Ерекше ғылыми жаңалықтар бөлімінің меңгерушісіне хабар жетті. Баспасөзге қазанама берді де, жерлеу рәсімін ғылыми-зерттеу орталықтың қаражатымен өткізуге ұсыныс жасады. Сосор директор бас тартты.

- Бұл адам нағыз ғалым емес-тін. Дәреже алғаны туралы ресми құжаттан жұрдай. Сөйте тұра ғалымдар санатына жатқызылмақ. Сен жаңалық ашты дейсің. Оны немен дәлелдейсің? Жұртты дүрліктіріп қайтесің. Адами тұрғыдан қарапайым ғана жөнелтіңдер.

Айтып-айтпай не керек, барлық рәсім қарапайым ғана өтті. Әлде бір мекеме басшысы, өнер, мәдениет қайраткерлері секілді қазанама жарияланбады, қайғырып көңіл айтылмады. Ешбір шығын болмағандай, айнала сол баяғы қалпында. Адамды көрінбейтін етуге даяр білікті бір дарын осы қалада болғанын ешкім білмегені секілді оның дүниеден озғанын да өзгелер сезбеді. Қоқысқа төгілген химиялық заттарды кезінде Буджав тапсырыс беріп алдырған болатын. Болмашы ғана бөлігін Дүрэрэге беріп қалғанын сақтап отырған. Оны қайда қою керектігін қоймашы сұрап болмаған соң әңгіме шығып кетуі мүмкін деп сақтанып тасымалдау кезінде сапасынан айырылған деп акт жасаған да қоқыс алаңына жөнелткен.

Тэмүлэн Дүрэрэні жерлеу рәсімі өткеннен кейін бейне бір тас мүсінге айналды. Сәнденуді, боянуды мүлде қойған. Қолына не ілінсе соны киіп алып жүре береді. Бөлім меңгеушісімен де тілдесуді доғарған. Мүлде күлмейді. Бірде көшеде Буджавты кездестірді. Шет елден демалысқа келіпті.

- Амансың ба? Сен қалай өзгеріп кеткенсің-ей? – деді де Буджав іштей «Осындай болып кетерін білгендей кезінде үйленбегенім дұрыс болған екен» деп бетіне ұзақ қарады. Тэмүлэн әдейі қарқылдап тұрып күлді. Буджав қорыққанынан «Мынау әлгі жындысынан бір пәле жұқтырған екен» деп зым зия қашып жоқ болды. Тэмүлэн Дүрэрэнің анасына келді. Екеуі бірге отырып біраз жылады. Ауық-ауық осылай шер тарқатып тұратындары бар. Осы анаға келмеген кездерінде жұмысында түн жарымына дейін отырады. Істейтін пәлендей жұмысы болмаса да үйіне қайтпай отыра береді. Оюут оған алаңдайды.

- Сенің денсаулығың дұрыс па? Мен үйіңе жеткізіп салайын!

Тэмүлэн үнсіз ғана бас шайқайды. Иен кеңседе жалғыз өзін тастап кете алмай ес болып ол да кештетіп отыра береді. Кабинетінің телефоны үзіліссіз қоңыраулатады да тұрады. Тұтқаны көтермейді. Телефон жауап бермеген соң әйелі жетіп келеді.

- Неге үйге қайтпай, телефон алмай отырсың?

- Мен сәби емеспін ғой. Жайыма қалдыршы. Мұнда сәл болайын.

- Үйге жүрші. Тамағың суып қалды.

Ерлі-зайыпты екеуі сәл тәжікелесіп алады да, әйелі күйеуін ертіп алып кетеді. Оюуттың әйелі жол-жөнекей «мына хатшы қыз үйіне қайтуды білмейді, ылғи отырады да қояды, бір біріңді аңдисыңдар, бұл жайдан жай емес» деп жұлынады. Бұл жағдай күнделікті қайталанатын әдеттегі көрініске айналды.

Бірде Оюут хатшысынан сұрады:

- Сен неге жұмыста жалғыз отыра бересің? Үйге қайтпайсың ба?

- Мен бұрын жалғыз жүргенде ештеңе сезбейтін едім. Құрбымның үйіне барамын, әңгіме дүкен құрамыз, кино, пьеса көреміз, сонымен уақыт деген зымырап өте шығатын еді. Соңғы кезде мен Дүрэрэмен бірге болуға әбден үйреніп бауыр басып кетіппін. Енді кино көрейін десем жалғызсыраймын. Біреудің үйіне барайын десем әңгімем жараспайтын сияқты. Үйде қаңыраған иен қабырғаны күзеткенше жұмыста отыру көңілге медеу.

Бұл сөз ерекше жаңалықтар бөлімі меңгерушісінің жүрегін елжіретіп езіп жібергендей болды.

- Жалпы екеуміз үйленіп алсақ қайтеді.

- Оның не, әйеліңді не істейсің?

- Әйелімнен ажырасамын.

- Өмірден алшақ әңгіменің қажеті жоқ. Адам өмірі деген қиял ғажайып арманнан өзгеше дүние екен. Мен ертегіге сеніп жүріппін. Сөйтсем, өмір өзінің былығына батпаған адамдарды қаламайды екен ғой.

- Тэмүлэн жан! Өмірің өтіп кеткен жоқ қой.

Оюут неге екенін қайдам, бұрын әйелінен ажырасып хатшысымен үйлену жағын мүлде ойлап көрмегеніне таң қалды. Жеңілтектікке балады ма екен? Әйелінің бір қалыпты әлдиінен әбден мезі болған Оюут Тэмүлэнмен бас қосып оның қайғысын жеңілдетіп дүниенің кез келген қиыр шетіне кетіп қалғысы келді. Дүрэрэнің шала қалдырған ісін солай жалғастыруды қалады.

- Мен Туяадан ажырасамын.

Ол барынша сенімді айтты. Тэмүлэн езу тартты да қойды. Ерекше ғылыми жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі кабинетіне кірді. Үйіне телефон соғып, әйеліне ажырасатындығын айтты, отырып өтініш те жазып қойды. Әйелі еңіреп жетті. Біраз шу болды.

- Менің жазығым не? Неге ажырасамын дейсің? Орнықты тірлігіңнің шырқын бұзбасаңшы!

- Мен шешіп қойдым.

Тэмүлэн оларға «Енді қойсаңдаршы» деді де үйіне қайтты. Бөлім меңгерушісі айтқанынан қайтпады. Аудандық сотқа өтініш беріпті. Әйелі де қалыспай бірнеше жердің есігін тартқан. Сосор бөлім меңгеушісін шақырып алды.

- Сен жоғары білімдар, биік парасатты адамсың. Неге моралдық азғындыққа ұшырадың? Мұндай сұмдық болмауы керек.

- Мен шешіп қойғанмын.

Бөлім меңгерушінің жауабы осы. Оған таңданған Тэмүлэн сұрақ қояды.

- Менімен үйленетін болсаң осыған дейін нені күттің? Енді тым кеш. Мен кешікпей ана боламын.

- Онда тұрған не бар? Мен шешіп қойдым.

Оюутты партия ұйымы жиналысқа салды. Ат шаптырым залда ине шаншар жер жоқ. Оюут өзі туралы айтқан соң жарыссөз басталды. Ғылым кандидаты болуға ізденіп жүрген ұзын бойлы ақ жігіт ортаға шықты:

- Оюут ғуай терең білімді, рухани бай адам. Мінезі жайлы, кішіпейіл. Ондай адамды хатшы қыз ғана теріс жолға итермелесе керек. Бізде өзі болашағы зор білімді адамдарды шыр айналдырып алатын әйелдер баршылық. Сондықтан хатшы қызды жұмысынан алып, басқа жаққа жер аудару керек. Сонда ғана Оюут ағай кемшілігін түзеп отбасында тұрақтайтын шығар.

Осылай деген ол тындырып тастағандай Оюутқа қарап әлде бір қолдау күтіп отырды. Оның сөзін бәрі іліп әкетті. Тэмүлэннің сырттай ит терісін басына қаптап-ақ жатыр. «Партия мүшесі болмаса да оны осы жиынға қатыстыру керек еді. Осыдан былай бөлім меңгерушілеріне хатшы тағайындағанда міндетті түрде күйеуі бар келіншектерді ғана таңдау керек» деп даурығысты. Оюут оларға былай деп жауап қатты:

- Тэмүлэнді кінәлаудың еш жөні жоқ. Жалпы екі адам бірін бірі жақсы көрсе оны айыпқа бұйыруға бола ма? Егер кінәлі десеңіздер менде сондай қателік қана бар.

Тағы біреу сөз алды:

- Тэмүлэнде тұрған не бар? Алар атағын алған соң қатын-қалашын айырбастау деген моралдық жағынан азғындаудың белгісі. Сондықтан, жолдас Оюутты партия мүшелігінде қалдыру, қалдырмау мәселесі қарастырылу керек.

Жиналыс бақандай үш сағатқа созылды. Оған заңды некесін құрметтеу жүктелді. Егер таяу уақытта өзін жөнге салмаса партиядан қуылатынын ескертті. Көптеген шаралар ары қарай шынжырланған молекулалық құрылыс секілді жалғаса беретін түрі бар. Оқымысты адамның үлгілі тұлғалық қасиетін қашырып, моралдық азғындыққа ұшырағандықтан баспасөз арқылы халыққа жеткізіп, бұқара тарапынан айыптату мәселесі көтерілген соң бөлім меңгерушісі берілуге мәжбүр болды. Себебі, ондай әрекет Тэмүлэннің қайғысына қасірет жамайтын ауыр соққы болар еді.

- Мен партия мүшесі болып қалғым келеді.

- Ажырасу мәселесі ше?

- Мен қателігімді түсіндім, енді бұрынғымша қала беремін.

- Дұрыс. Міне, саналы азамат! Ал, ана Тэмүлэн жолдасты өзге жаққа ауыстыру керек.

- Тэмүлэнді ауыстыруға жол бермеймін. Егер бізді бірге істемесін десеңіздер онда мен ауысайын.

Оюуттың кешікпей үлкен бастық болатындығынан хабардар жұрт тыныштала қалды. Мәселе шешілді. Бөлім меңгерушісі уәдесі бойынша аудандық соттан арызын қайтарып алды. Отбасы орнында, Туяа да тынышталды. Енді бұрынғыдай телефон соқпайды. Жұмыс тарардан жарты сағат бұрын келіп аңдып тұрып ертіп әкетеді.

Екі жылдан кейін Сосор зейнеткерлікке шығып, орнына Оюут барды. Партия жиналысында болған кәрі тарландардың бірі:

- Бәсе, осындай бірдеме боларын сезіп едім деп жымиған екен.



Қабылдау бөлмесіндегі бикеш


Перзентхана төсегінде қабылдау бөлмесіндегі бикеш жайғасқан. Таңғы күн күлімдеп одан шашыраған алтын шуағы төртінші қабаттың терезесінен сығалаған сәтте оның толғағы басталды. Көп ұзамай дүниеге жаңа адам жар сала дауыстап келді. Онымен қатар және бұрын, кейін туғаны бар барлық сәби дауыс қосып:

- Мен дүниеге келдім. Менің қандай адам боларымды көрерсіңдер, әлі! – десіп бақырып жатты.

Өкінішке қарай олардың сол тілін білетін адам жоқ. Сондықтан, кім деген ұлы тұлғаның кейін қалай танылып шығарын ешкім дөп басып айта алмайды. Осы жөнінде ғылыми дәреже қорғауға ізденушілердің мұнда қарасы көрінбейтіні қызық. Кіндік шеше дәрігер:

- Сіз ұлды болдыңыз! – дегенде ол сәл ғана езу тартты да:

- Қандай бала екен?

- Кәдімгі әдеттегі бала. Үш кило біржүз грамм. Сүйкімді томпиған қызыл бала.

- Әдеттегі бала ма?

- Иә, дені сау, ширақ, қалыпты бала.

- Ана жер, міне жерінде көк дақтар жоқ па?

- Жоға, сап-сау бала. Ондай кемтар бала туған жоқ. Денсаулығы жақсы – деп, ақ матаға оралған шынашақтай ғана қызыл баланың түрін көрсетті. Кімге ұқсайтын білу тіпті де мүмкін емес еді. «Әкесіне ұқсаса екен» деп тіледі. Кешке сәбиді емізуге әкелгенде шешіп алып жақсылап қарады. Қолын ербеңдетіп қозғалақтап жатқан сол бір кішкентай нәрестені анаған, мынаған ұқсайды деудің өзі аса қиын еді. Қолына алып аударып, төңкеріп қарады. Көзіне ешқандай көк дақтар көрінбеді. Сосын «расында әдеттегі бала» екен деп емізді.

Ертеңінде тағы да ашып көрді. Айналдыра қарап жүріп құйрығы мен желке тұсынан көкшіл дақты көргенде сапа белгісін тапқандай мәз болды. Көктемнің алғашқы айларында туған бала ақылды болады деуші еді. Энциклопедия алдырып қарап еді, бұл ойы тіпті нақтыланды. Ұлы адамдардың дені сәуір айында дүниеге келген екен. Оның үстіне таңертең туғаны тіпті қуанарлықтай. Шыққан күнмен жарыса дүниеге келген бала өзі де топас болмасы анық. Сондықтан бұл қызыл шақаға әбден үміт артуға болады. Апта өткен соң перзентханадан шығатын болды. Сыртқы кіреберісте Оюут пен Дүрэрэнің анасы келіп тұр екен. Мәртебелі қонақтай өз үйіне жеткенде әріптестері түгел жиналып қалған екен.

Дастархан жайып, үстелдің үстін тәтті дәмдінің бәріне толтырып тастапты. Әртүрлі ойыншықтар, алуан түрлі гүлдер. Жаңа адамның дүние келген шілдехана тойы басталып кетті. Тэмүлэн осы үйде қаншама жыл тұрғанда осыншама көп адамның жиналып той жасаған кезі жоқ. Жаңа адам деген расында сыйлы, құдіретті екен. Дүрэрэнің анасы жас сәбиді бәрінен қызғанып өзі құшақтап мәз.

- Ұлымның аузынан түсе қалыпты ғой, дәл өзі аумаған.

- Сіз қайдан біліп қойдыңыз, ештеңесі білінбейтін кішкентай ғана шақалақ қой – деп бірі әзілдеп қояды. Кемпір де есе бермейді.

- Айнымайды ғой, айналайын, кішкентай кезінде Дүрэрэ дәл осындай бала болған. Даусының өзі дәл ғой – деп, маңдайынан сүйіп-сүйіп алады.

Шешенің бұл сөзін естіген жас ананың қуанышында шек жоқ. Адамның бала кезін тек соның анасы ғана біледі.

- Айнамаған өзі болса әкесіне тартқаны. Олай болса, үлкен ғалым болары айдан анық. Ал, қандай ат қоясыңдар?

Әркім әртүрлі ат айтты. Олардың ішінен Оюуттың айтқан Итгэл (үміт, сенім деген мағыналы сөз. Ауд.) есімі Тэмүлэнге ұнады. Оң құлағына «Итгэл» деп сыбырлады. Қонақтар түннің бір уағына дейін отырып тарқасты. Алайда, олар кеткен соң үйі бұрынғыдай қаңырап қалмады. Тэмүлэннің қасында ұлы бар. Үйдің ішін айнала жайылған жаялық желбіреген тудай құдіретті. Анасы Итгэлді қолына алып жоғары көтеріп:

- Менің қызыл ұлым, анаңның үмітін ақтарсың! – деп әндетіп, онымен сөйлесіп, сырласып жүргенде кештің батып, таңның атқанын да білмей қалады. Үш күннен кейін Оюут келді.

- Әлгі тапсырыс берген зат не болды?

- Енді оны қайтеміз? Қолдануды білетін адам да жоқ.

- Бірден тапсырыс берілген соң ала салайық. Сенімді жерге сақтап қоярмыз. Ұл өскен соң кәдеге жаратар.

Бір айдан кейін Дүрэрэнің анасы көшіп келді. Келіні мен немересімен бірге тұрып, оларға қолғабыс жасады. Үйдің сәні кіріп, шырайы енді. Тэмүлэн үш бөлмелі үйде тұрып келгендіктен бөлмеден мұқтаждық жоқ еді. Бір бөлмесіне Дүрэрэнің көзіндей болып артында қалған шағын зертханасы орналастырылды. Әзірше бесігінің үстіндегі түлкі бейнесіндегі ойыншыққа телміре қарап жатқан кішкентай Итгэл кейін зертханаға ие болады. Немересі әжесінің қарауына өткендіктен келіні жұмысқа кірісіп кетті. Жас бала мен жұмысы қарбалас болып жатса да сәнденуді ұмытпайды. Кабинетке келісімен тартпадан неше түрлі майлар мен сұйық, қою опадалап атаулыны шығарып келіп шашатынын шашып, жағатынын жағып отырады.

Жастық шақтың әрі тайып, кәрілік өкшелеп қуып келе жатқанын ол біледі. Сондықтан, шамасы келгенше онымен күресе бермек. Беттің әрін сол қалпында сақтайды делінген ең таңдаулы опадалаптарды бағасына қарамай сатып алып жаға береді. Алайда, нәтиже шамалы. Уақытты шегеріп немесе баяулатып қартаймай тұра тұрсам екен деп ойлағанымен бір жағынан тағы ұлының тез өскенін де қалайды. Жас сәбиді тез жетілдіретін құдіреті бар деп естісе болды ол бәрін сатып алып ұлына қолдануға бар. Балықтың майымен сылап, араның балын ішкізеді. Кейде оны тым шектен тыс қолданғаны үшін дәрігерлер ұрсады.

«Ұлым есейіп ұлы ғұлама ғалым болады. Адамзаттың бүгінге дейін армандаған жасартатын элексир жасайды. Онысын ең алдымен өз анасына береді» деп Тэмүлэн зор үмітпен баласын үкілеп отыр.

Сол күндерге жеткенше сырлы аяқтың сырын да, сынын да кетірмеу үшін әйел заты өзіне көңіл бөліп жүрсе оның несі айып.



Монғол тілінен аударған:

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар