Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қарапайымдылық маған қанмен берілген ...

26.02.2016 5369

Қарапайымдылық маған қанмен берілген

Қарапайымдылық маған қанмен берілген  - adebiportal.kz


Жанар Дұғалова.jpg


Жанар Дұғалова

жас әнші,

Türkvizyon 2014 Ән байқауының жеңімпазы





- «Адамның ұлылығы - қарапайымдылығында» дейді ғой, атағыңыз жер жарып тұрғанда қаншалықты қарапайымсыз? Қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

- Жалпы, адам бойындағы қайсарлықты, рухани құндылықтарды, жақсыға деген құштарлық адами қасиеттерді жоғары бағалаймын. Рухани байлықты өмірімдегі сарқылмайтын, таусылмайтын, алға қарай талпындыратын, сайып келгенде, қанат бітіретін ең асыл қазына деп білемін. Өнер жолын таңдауымның басты себебі де - осы. Материалдық байлық, ақша, атаққа кенелу секілді мақсаттарды көздеген емеспін, көздемеймін де. Талантың болса, түбінде бағаланбай қалмайсың. Жүз пайызға өзімді қарапайммын деп айта аламын. Қарапайымдылық маған қанмен берілген қасиет.


- «Жұлдызды дода» жобасынан ерекше дарын иесі екеніңізді байқадық. Шығармашылығыңызға кім серпін беріп отырады? Жалпы осыншама күш-қуатты қайдан аласыз?

- Менің ойымша, бойдағы Аллаһ берген дарынды тұсаулап ұстап, халыққа көрсетпеу, жарыққа шығармау, жұртқа жеткізбеу - күнә. Талант - кез-келген адамның пешенесіне жазыла бермейді дейді ғой даналар. Мүмкін рас та шығар. Жақсыға еліктеу, үйрену, ұмтылу барша адамға тән болуы керек деп санаймын. Менің де ұстанымым осындай. Мақтанғандық болмас, бала кезімнен бастап өлең жазамын, фортепианода ойнаймын, ән шығарамын. Нақтысын айтсам, болашаққа бағдарлаған биік мақсаттарым осы қырларымды дамытуға арналады. Әрине, барымды салып, күш-жігерімді аямай еңбектенуге даярмын. Маған серпін беретін ол - менің аяулы анам. Кезінде әнші, тележүргізуші болған. Одан кейін тұрмыс құрып өнерін жалғастырмаған. Өмірін отбасына арнап, бала тәрбиесімен айналысып, бар жақсы қасиетті бойымызға сіңіре білді.


- «Бала кезімнен бастап ән жазамын» деп қалдыңыз. Сазгерлігіңіз жайында айып өтсеңіз, Сіздің әндеріңізді кімдер орындап жүр?

- Егер менің кеудемде бір сәуле болса, ол – Жаратқанның сыйы. Одан соң ата-анамның тәрбиесі. Бала кезімнен өлең-жырға, халық әндеріне құмартып өстім. Менің әндерімді өзімнен, «Кешью» тобынан бөлек, Дильназ Ахмадиева, Аша Матай, Ерке Есмахан, Мақпал Исабекова сынды талантты әншілер орындап жүр. Ән сұрап жүрген әншілер көп. Қазір уақыттың тығыздығына байланысты сазгерлігім тоқтап тұрған жайы бар. Алдағы уақытта бұйырса бұрқыратып, көптеген ән жазармын. Әндерімнің ғұмыры ұзақ болса екен деп армандаймын.


- Сіз әншісіз, тележүргізушісіз, сазгерсіз. Жалпы жан-жақтылығыңызбен кеңінен танылып, халықтың ықыласына бөленіп жүрсіз. Осал тұсыңыз бар ма?

- ХХI ғасыр адамдарының жан-жақты болғаны дұрыс. Өмірдің өзі соны талап етіп жатыр ғой. Қазіргі заманда әншілерге ән айтып жүре беру аздық етеді. Дегенмен, кемшіліксіз адам болмайды. Мен тамақ дайындау жағын енді үйреніп жүрмін. Қазіргі талпынысым өте жақсы. Үйренуге деген талабым мен ынтам зор. Затым әйел болған соң тез меңгеріп алатыныма сенімім мол. Мұны осалдық деуге де болмас...


- Өмірлік ұстанымыңыз не? Сіздің ойыңызша, өнер иесі қандай болуы керек?

- Адамгершілік, мейірімділік пен адалдық - өмірімнің негізгі қағидалары. Өнер адамы қандай болуы керектігін әркім өз санасымен, таным-түйсігімен түрліше топшылай жатар. Алайда, менің бұл жайында ойым өзгеше. Ғашықтық - адамдардың бір-біріне деген кіршіксіз сезімі мен қалтқысыз сенімге негізделген махаббатының ең жоғарғы түрі. Оны махаббаттың синонимі деп қарауға болмайды. Осынау қасиетті ұғымның махаббатпен байланысын жеңіл-желпі түсінетіндер, оны орынсыз қолданатындар кездесіп қалатыны бар. Мен үшін, ол - адам жаратылысының ішкі мазмұны, нағыз таза рухани тіршіліктің көрінісі. Өнер адамының шабытын шалқытып, өмірге деген құштарлығын арттыратын осы ғашықтық деп білемін. Сондықтан, өнер иесінің бойында әрқашан ғашықтық сезімі болуы керектігін алға тартамын.


- Осалдық танытқандарды шаң қаптырар шоу-бизнесте өз қолтаңбаңызды қалдыра аламын деп ойлайсыз ба?

- Негізінде шоу-бизнесте қолтаңба қалдыру мақсат емес. Өнерді жан тәніммен сүйгендіктен осы салада еңбек етіп жүрмін. «Еңбек етсең емерсің» демей ме, Абай атамыз. Талғампаз халық өзі елеп, екшеп керегін алады. Түптеп келгенде уақыттың еншісіндегі дүние.


- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Шынымды айтсам менде бос уақыт деген жоқ. Алайда, қолым қалт етсе, кітап оқимын. Достарыммен кездесемін. Жақсы фильмдер көремін. Уақытты бекер жібермеуге барымды саламын.


- Өзге әріптестеріңіз секілді әлеуметтік желілерде жиі отырасыз ба?

- Әлеуметтік желілерде көп отырмаймын. Мен оған қызықпаймын да. Тек инстаграмда жеке парақшам бар. Оны да достарымның мәжбүрлеуімен аштым. Жалпы мұндайға қарсылығым жоқ. Елдің назарында жүрген соң жаңалықтар мен бөлісіп тұратын бірден-бір мүмкіндік.


- Риясыз әңгімеңіз үшін рахмет. Биік белестерді бағындыра беріңіз!



Сұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар