Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Туыспаған туыстың ұлы

25.01.2016 290

Кәдірбек Сегізбай: Туыспаған туыстың ұлы


469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


Іңір дастарқанына дөңгеленіп отыра бергендері сол еді, есіктің қоңырауы без ете қалды. Мұндай кезде есікті ашып, келген қонақты қарсы алу міндетін көптен өз мойнына алып жүрген осы шаңырақтың ортаншы ұлы үйден лып етіп шығып, өзімен бірге өндірдей жас жігітті ертіп кірген.


– Ассалаумағалаейкүм! – деді өндірдей жас жігіт босағадан аттаған соң сәлемін бір түтіннің төңірегіндегі әулеттің баршасына ортақ бағыштағандай.


– Сәлемші болсаң төйге шық! – Аузындағы ыстық тұшпараның кесірінен сақауланып сөйлеуге мәжбүр болған отағасы Бектұр бейтаныс балаң жігітке сұраулы көзбен үңіле қараған.


– Кел, айналайын, келе ғой, – деді Бектұрдың зайыбы Зейнеп те бос орындықты үстелге жақындатып.


– Танымадық қой, бауырым! – Бектұр қолын жуып, ыздиып үстел басына келген өндірдей жігітке әлі сол сұраулы көзбен қараған қалпы. Ас алып үлгірмей жатқан қонағына асығыс сауал тастағанын жуып-шайғандай: – Тамақ ала отыр, – дегенді қосып қойды.


– Оқуға келгенмін, – деді балаң қонақ қасықты еппен ғана қолына алып жатып. – Содан институтқа бүгін қабылданған соң сіздерге келгенім ғой... Мен – Саржанмын, аға! Танымадыңыз-ау деймін.


– Қай Саржан? – Бектұр таңданысын бұл жолы мүлде жасыра алмады. Табаққа таман кезекті сапарға аттанып бара жатқан қасығы жол ортада кідіріс жасады. Зайыбы да балаң жігіттің бетіне қараған. «Сенің қай Саржан болғаныңда не жұмысымыз бар?» дегендей бұл үйдің үш ұл, бір қызы ғана кешкі астарын уақытында қабылдау шаруасын кідіртпеген.


– Еркетаңның Саржанымын ғой, аға. Өзіңіздің туысыңыз. – «Өз туысыңызды Айдың-Күннің аманында ұмытып, сізге не болған, аға?» дегендей енді қонақ жігіт отағасына сұраулы жүзбен қарасын.


– Қай Еркетаң?

– Тұра тұршы, баланы сасқалақтатпай тамақ жесін де, тіпті сауалдың астына алдың ғой. Іше ғой, айналайын, шай ал. – Зейнеп отағасының өз туысын ұмытқан айыбын жуып-шайған болды. Дегенмен, Еркетаң деген есімнің еміс-еміс қана есінде бұлыңғыр орал­ғаны болмаса өзі де қайын жұрты жағынан ондай туысын таба алмай дал болып отыр.


Саржан, өзінің бұларға қалай, қай арнадан келіп қосылатын туыс екендігін дәлелдей алмағанына қиналғандай екеуіне кезек жалтақтасын.


– Айнакөлдегі ше? Баяғыда мен мектепке бармай тұрғанда екеулеріңіз біздің ауылға барып едіңіздер ғой. Үйде болғансыздар. Әлгі өздеріңіз Ғалияны, Серікті алып барған жылы ғой. Әкем сіздерге қой сойған... Сіз маған «Алматыдағы ағаңның көзіндей көріп жүр!» деп әдемі автоқалам бергенсіз... Онда Ғалия тіптті кішкентай болатын... – Өндірдей жас жігіт өзінің еш себепсіз іздеп келмегенін қалай да дәлелдейін дегендей есінде қалған барлық көнетоз болып кеткен дерек атаулыны үйіп-төкті.


– Е, енді білдім, о, айналайын... қалай үй іштерің, әке-шешең бәрі тегіс аман-есен, шауып жүр ме? Бәрекелді, институтқа қабылдандым дейсің бе?! Міне, жігіт! Оқуға түсіп алып, ағаңды бір-ақ іздедің, ә? Содан бері сен мектепке түсіп, оны бітіретіндей болып қалыпты-ау, өзі! Рас, рас мөлшері сол. Одан бері де он екі, он үш жыл болып қалды. – Бектұр енді зайыбына қараған. Миы­ғында жаяу күлкінің табы бар. – Есіңе түсті ме, Зейнеп? Баяғыда Айнакөлдегі нағашымыздың ауылына қонаққа барғанымыз қайда? Сонда нағашыларымыздың көршісі... е, әлгі туысымыз Ерекеңнің үйінде де болдық емес пе? Бұл туысқанымызды Айнакөлдің суына шомылып жүріп тауып алғанымыз қайда?!


* * *


Айнакөл десе, Айнакөл екен жарықтық. Көз жасындай мөп-мөлдір судың түбіндегі қиыршық тастарға дейін ап-анық болып көрініп жатыр. Күміс түсті ақ шабақтар істиіп, су бетіне шоршып шығып, шолп етіп қайта құлайды. Жағалаудың сусыма құмында бір қиыршық болса екен-ау, тар көз елеуіштен өткізіп алғандай, денеге мамықтай жұмсақ.


Бектұр көл жағасына келе шешініп, мөлдір суға күмп берген. Машина соғып, ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келген тұла бойы қолма-қол сергіп сала берді. Құлаштай малтып, біраз жер барып, қайта оралған.


– Шомылсаңшы, – деген суға аяғын малып отырған Зейнепке.


– Өңшең бала-шағадан басқа ешкім жоқ, ыңғайсыз ғой, – деді ол. Расында да ауылдың дәл іргесінде шалқып жатқан мынандай айдын көлдің қадір-қасиетін ел шіркін біле бермейтіндей. Жағаның таяз суын шалпылдата кешіп ойнап жүрген Ғалия мен Серікке басқа планетадан келген адамдарды көргендей таң-тамаша болып тұрған өңшең ұсақ балалардан басқа бұл маңда егделеу біреу болсашы. Балалардың бәрінің де кешке дейін судан шықпайтын қулар екендігі көрініп-ақ тұр, бұлардың күнге күйген жылтыр қара денелерін көргенде, Африканың бір түкпірінде тұр екенмін деп ойлап қалуға болардай.


– Ей, батыр, бері кел, әңгімелесейік, танысайық, – деді жағада рақаттанып күнге қыздырынып жатқан Бектұр өздеріне тым таяу келіп барлау жасап тұрған қара домалақтардың біріне.


– Мен бе? – деді қос танауын сылп еткізіп бір тартып, білегімен сүйкеп өткен қара домалақ.


– Иә, сен, – деді бұл. Бала көптен арнайы шақыру күтіп, өзі де бөгде-бөтен кісілермен қалай жұғысудың амалын таппай тұрса керек, домалап бірден жандарына жеткен. Күнге күйіп, тұла бойы қоқ болып күйіп, қарайып кеткенімен түлкінің күшігіндей сүйкімді бала екен.


– Асалау-малей-күм! – деп, ол келе шыт-шыт болып жарылып кеткен қолын ұсынды. Ерлі-зайыптылар кішкене таныстарының қолын аса бір түсініскен райда сүйсіне, сілкілей алғанмен, бұлардың қыздары аюдың қонжығын немесе қасқырдың бөлтірігін көргендей көмірдей қара балаға үркектей, шошына қараған. Қолын бергені сол, енді болмаса жылағалы тұр. Жаңа қаз тұра бастаған Серікке не жорық, екі қолын бірдей жайып, далп-далп етеді.


– Кел, батыр, танысып қоялық! – деді Бектұр баланың батыл қимылына разы болып.

– Сайжан.

– Сайжан? Мүмкін, Саржан болар.

– Иә, Сайжан.

– Қай Саржан? Әкеңнің аты кім?

– Ейкетан.

– Мүмкін Еркетаң шығар?

– Иә, Ейкетан.

– Қай Еркетаңды айтып тұрсың? Кәдімгі өзіміздің Еркетаңның ұлысың ба? – Баланы сөйлете түұсу үшін Еркетаңды танымаса да әдейі айта салған.

– Иә, өжіміждін Ейкетаннын. – Зейнеп баланың аңқау да тәтті тіліне қызығып, күлді.


– Бәрекел-е-еке-елд-е-е! Бауырым болдың ғой. Келші бері, ой, қаспақ-қаспақ болған танауыңнан айналайын сол. Азамат болып қалыпсың ғой, мүлдем! Құдай-ау, Ерекемнің баласы маған да бала емес пе?! – Ол баланы бауырына тартып, екі бетінен үздігіп қайта-қайта сүйген. Мүмкін, Зейнеп күлсін деді ме, әлде Ғалиясы қызғанар ма екен деді ме, әйтеуір ойда-жоқта беймәлім ағасын тап­қанына еш күмәнсіз сенген баланы айран-асыр ғып, ынтыға сүйген. Ойламаған жерден табылған ойынына Бектұрдың өзі де қуанып қалғандай.


– Әкең әлгі сол жұмысында жүр ме?

– Иә, шол жұмысында жүл.

– Сонда ол жұмысында не істейді?

– Тләктл айдайды да.

– Е, айтпақшы сөйтеді екен ғой. Баяғы ескі тракторымен әлі алысып жүрген болар. Бәлем, мен бастықтарға айтып, су жаңа трактор алдырып берейін. – Бектұр ауылдағы трактористер атаулының ортақ мұңы осылай болушы еді ғой деген ой-долбарды мөлшерге алып еді, қателеспепті. Саржан құптай жөнелді:


– Иә, сол ескі тіләктіл. Әкем биыл жаңа тіләктіл белмесе мынаның дөңгелегінен біл теуіп, біл отай қой алып кетем деген.

– Жоқ, енді береді. Бергіземіз. Егер бермесе бар ғой, ескі трактордың дөңгелегінен бір емес, екі рет тепсін де, сонан соң қойшы болып кетсін. Жарай ма?

– Жәләйт.

– Ту, сен де ерінбейді екенсің? Жас баланы сонша әурелеге­нің не? – деп бағанадан екеуінің әңгімесін жымия тыңдап отырған Зейнеп, екі баласын ертіп көл жағалап кеткен. Бектұрға Саржанмен әңгімелесу сонша қызық болып көрінген. Оң тізесіне шоқайтып отырғызып қойған әңгімешіл «бауырынан» ел жаңалығын ерінбей-жалықпай біле түскісі келген.

– Е, солай деші, бауырым.

– Шолай. – Сәкең аса маңызды әңгіме үстінде танаудың жиі-жиі осалдық танытып тұрғанын сездіргісі келмегендей онысын лып еткізіп, қос білекпен кезек-кезек сүйкеп тастап отырды. Осынау міндет көптен жүктелгенінің белгісіндей болып білегінің үстіне ұзынша жылтыр жолақ пайда болыпты. Дәл бір қағанақ пленка жапсырып қойғандай. Шыбын тайғанап, басын жарардай. «Енді не айтсам екен?» дегендей Бектұр сәл ойланып, аузына орал­ған сауалды қоя салды.


– Ерекең... әкеңді айтамын да, қыста ферма меңге­ру­ші­сімен неге ұрсысты осы? – Ауыл азаматтарының бір-бірімен бір күн тату, бір күн қату жүрерін, шаруаның жайымен оп-оңай шармаяқ­тасып, ертеңіне-ақ қалжыңдары жарасып, қатарласып бара жатар мінездерін еске алып қойған бұл сауалды.


– Ой, колхождың шөбін ұйладың деп емес пе? Әкем өжі­міждің мая шанаға толмай қалған соң үстіне аж ғана пішен қосып алыпты.


– Қап, бекер-ақ өйткен екен. Ұрлады деген аты жаман ғой, жаманды-жақсыны осы колхозға еңбегі көптен сіңіп жұр, сұраса да берер еді ғой. Жоқ жерден жаманатты болып, осы біздің Ерекең де бала сияқты. – Бектұр «ағасы» Ерекеңнің мынау жаман әдетіне әбден қапаланып болған соң сол ұрлықтың себебін іздеуге көшті. – Ылғи айтамын осы Ерекеңе, анау қарасан келгір сиырларды, ауыздары кішкене болғанмен қарындары үлкен қой-ешкіні азайт, қыста асырау оңай емес деп. Бір тыңдамайды. Әнеки, енді сол жалмауыздарды ашықтырмаймын деп жаман атты болып жүргені.


– Өжі де биыл екі-үшеуін етке өткіжем дейт. Ақшасын жи­нап, мәшине алам дейт. Боламбайдың мәшинесіндей қып-қыжылын алам дейт. Біж сонан соң «ужит» деп, қалаға балып тұламыж.

– Жөн, бауырым, мәшина алғандарың жақсы ғой. Қажет жерлеріңе «ужит» деп тартып отырасыңдар. «Әлгі бір қарасан келгір, сиырларың биыл да бұзауламады ма осы? – Бекең бұл сауалын бала не дер екен деп қоя салған.

– Қала сиылды айташыж ба?

– Иә, қара сиырды айтамын.

– Е, ол биыл бұжаулаған. Былти ғой, қыси боп қалғаны. Биыл тумаса әкем етке өткіжемін деген. Бәлем, қойыққанынан өжі сияқты қала бұжау тапқан.


Бекең ауылдың құйтақандай баласының қақатұяқтығына таң қалды. Өз үйлерінің ішкі-сыртқы жай-жапсарынан бұлар білмейтін кеп кемде-кем екен-ау. Ол сонан соң өзінің кешегі балалық шағын есіне алған. Байқап отырса, өзі де семьяның бар сырын, үйдегі шаруаның жайын біліп өскендей. «Әлде ауыл адамдарының ұл-қыздарын бала бақша демей, үнемі жандарынан шығармай, бірге болғаннан әлде кешкілік үнемі бір дастарқан басында отырып, ортақ әңгіме-дүкен құрғаннан ба екен... » Бектұр бір барлаушы сұрағын қойды.


– Сонда қазір үлкен үш сиырларың қалды емес пе?

– Жоқ, Майнамен төйтеу. Тағы екі тайынша бал. Үш бұжау бал.

– Е, айтпақшы, Майна бар екен ғой. Оны мен, қара басып, неғып ұмытып қалғанмын?!


– Әкең жылқы неге ұстамайды осы? Саған да ат керек дегендей. Биелерің болса ғой, құлыны дау жоқ, сенің болашақ атың болар еді. – Сиыр тұқымдастың ұзын саны он шақтыға жақындаған соң шамасы бұларда дөңгелек тұяқты жоқ шығар деген оймен долбарлап еді, қате басыпты.


– Той байталым бал. Биыл әкем құнан өгіжге айылбастап алған.

– Иә, иә, сол бар екен ғой. О, ол ерен жүйрік жылқы болады. Әлі бәйгенің алдын бермей жүргенін көреміз. – Ол қой-ешкіні сұрап, ұсақтамай-ақ қояйын, жалпы байлық мөлшерін аңғардым ғой дегендей әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.


– Әкең арақты әлі көп іше ме? – Ауылдың азаматтары жұмыс­тан қолдары босаған сәтте, әсіресе трактористер жер жырту, егін ору сияқты қызыл танау қауырт шаруаларды тамамдаған кезде бір-біріне қыдырып жүріп, қызара бөртіп, ішіп алатындарын жақсы білетін. Бұл жолы да дөп түсіпті. Күткен жауабын Саржан дәл берген.

– Көп ішеді. Тәтем ылғи ұлсады. «Неменеңе жетісесің?» дейді. Сонда да тыңдамайды.

– Тәтеңнің атын ұмыта қалғанымды қарашы, қара басып...

– Тәтті ғой.

– «Осы жаман әдетіңді қой» деп мен де Ерекеңді көрген сайын құдайдың зарын қыламын. Иә, бауырым, арақ – адамның ақылын жейді. Енді оған бұл жаман әдетін біржола қойдыру керек болды.

– Сөйтіңіжші, аға! Тәтем де қуанай еді. Тәтем айтады: «Өждігінен іжденіп ішпейді, – дейді. – Қайылбек маскүнемдел бұжады» дейді.

– Үндеме, мен ол Қайырбек маскүнемнің әкесін танытамын әлі. Ерекеңнің маңайын баспайтындай етемін. Тәтең екеуінің жиі жанжалдасатындары да сол арақтың кесірі ғой, солай емес пе?! – «Арақ еркін араласқан әулетте жанжалсыз күн болмас» деген оймен айтқан.

– Шолай.


Бектұр әлі ес тоқтатпаған жас баламен ойынының қыза-қыза тым тереңдеп кеткенін аңдап, бір есептен мұнысының опасыздыққа жуық шаруа екендігін, бұрын-соңды танып, білгенді қойып, аты-жөндерін де естіп көрмеген бейтаныс әулеттің ішкі құпиясына осынша бойлаудың – өзіндей оқыған, астанадағы жә деген бір мекеменің жә деген қызметкері үшін ағат әрекет екендігін біліп отырса да көңіл түкпірінде көмескі тарта бастаған ауыл өмірін осы әңгіме арқылы қайта жаңғыртып, бір рақаттанғысы келе бергені. Сондықтан оның тізесіне әбден орнығып алған «бауырына» жаңа сұрақты әзірледі.


– Анау әлгі кім еді?.. – Саржан «кімді айтасыз?» дегендей бір түрлі бейкүнә қалыпта бетіне қарады. – Көршілеріңді айтамын да, сонымен тәтең неге ренжісіп жұр?

– Е, Күнту апаймен ба?

– Иә, сол Күнту апаймен.

– Күнту апайдың магажиніне бір жақсы нәлсе түшіп, шол нәлсе тәтеме жетпей қалыпты. Тәтем: «Көйші отылып, алаладың. Магажин емес, құдайдың құлағын ұстап тұлсаң да көлелмін», деген.


– Қап, тәтең де қызық. Бір жолы жетпей қалған дүние үшін көршімен ұрсыса ма екен?! Оған да ақылымды айтып қояйыншы. – Осы кезде көлдің көркіне тоя алмай жүрген Зейнеп те бір баласын көтеріп, біреуін ертіп жандарына қайта келген.


– Ту-уһ! Екеуің әлі мылжындасып отырсыңдар ма? Қой, қайтайық. Балалардың басынан күн өтіп кетер, – деді ол Серіктің киімдерін кигізіп жатып. «Енді әңгімені доғарыңдар» деген емеурінді ағасының әйелінің қабағынан таныған бала да лып етіп, орнынан көтерілген.


– Әй, Саржан, бауырым, тоқташы!.. – Ол аңқау баланы алдап-сулап, біраз сырларын ақтартқан соң өзі сәбидің пәк көңілінде сол «аға», «туыс аға» болып қала бергісі келген. Қалтасынан төрт түсті сиямен жазатын автоқаламын алып ұсынды. – Мә, ала ғой. Алматыдағы ағаңның көзіндей көріп жүр!


Саржан астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне оқалы шапан жап­қандай қуансын.

– Лақмет, аға! – Жалтыраған автоқаламды айналдыра көріп мәз.

– Әкеңе айт, Алматыдан келген Бектұр деген ағайым сыйлады де! – Саржан ұзап кеткен достарына қарай құйынперен жүгіре жөнелді. Алматыдан ағасының келгенін, өзіне мынандай қымбат сыйлық әкелгенін айтып мақтанбақ...


Сол күні Бектұрдың нағашысының үйлеріне алыстан келген қонаққа сәлемдесуге кіргендердің ішіндегі бет-аузына қылтанақ шықпаған, кемпір бет шикіл сары, бірақ сүйек-сүйегі арбиған денелі жігіт ағасы өте жылы қауышқан. Әлдебір қиын шаруасы оңай тамамдалған немесе мол ақша тауып алған адам сияқты миығында бір жылы жымиысы бар.


– Мен Еркетаң деген тракториспін. Әлгі өзіңіз сыйлық әкеліп берген Саржан деген тентектің әкесі боламыз. Иә, іһі, – деп, ол миығындағы жымиысын жиып әкеліп, «іһі» деген күлкіге айналдыра салды. «Қандай парықсыз екенсің. Ыбылжып жүріп арақ ішкеніңмен қоймай, колхоздың шөбін ұрлап жүргенің де осы қылығың ғой. Көп ыржия берген кісіде сес болмайды, сесі жоқ кісіден есі жоқ кісі артық, мұндайлардың өз үнін есту қиын. Жылжып келген ынжық достан – жағаласып жеткен дұшпан артық. Әлгі «Жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз... » дейтін осы-ау. Сенімен шын туыс болмағаныма мың шүкірлік. Саржанды осының баласы деп кім айтар!» деген ой келген Бектұрға. Кісінің мінез-құлық, іс-әрекетіне баға беру мәселесін біздің қонағымыз асықпай шешетін адам еді, жаңа танысының отсыз, төменшік жанары, әлде «іһі» деген мағынасыз күлкісі ме, әйтеуір оған мінездемені тезірек беріп-ақ жібергені. Әрине, іштей. Ал сырттай бұл да бүгінгі кішкене «туысқаны» Саржанның есімін естіген соң миығы ғана емес екі езуіне, қос жанарына бір үйір күлкіні үйіріп отырып:


– Бәрекелді, Ерекең дейтін туыспаған туысым сен екенсің ғой, – деді. Ерекеңнің өзіне қарағанда егделеу екенін мойындаса да, ері мойнына кетіп, ыбылжып отырған «туысқанына» сіз деп сызылғысы келмей қалған.


Мұның «туыспаған туыс» дегенінің мәнін ұғыңқырамай қалғандарға – Саржан екеуінің қалай танысқандарын қысқаша былай түсіндірген:


– Әншейін ерігіп отырган соң еңірекейінен шапқынаған екі «ақ боз атына» ие бола алмай жүрген баланың есімін, әкесінің атын сұрап білген соң, қызық үшін «бауырым екенсің ғой» деп бетінен иіскеп едім, тентек неме сеніп қалыпты. Бала қалжыңымды сезбей-ақ қойсын деген оймен: «Мынау саған әкелгенім» деп автоқаламымды сыйлағанмын. Ерекеңнің айтып отырғаны сол ғой.


– Беке, бәрібір бөтен емессіз. Осы ауылға жиен екенсіз, иә, іһі. «Жиен – ел болмайды, желке – ас болмайды» деген қазақы қара мақалды бұл заманның пайдакүнем қулары «Жиен ел болады малды болса, желке ас болады майлы болса» деп өзгертіпті ғой, иә, іһі. Малың болмаса да үлкен шәһәрда жүрген кісісің ғой, иә, пайдаң болмаса зияның тимес, – деп Ерекең шешенсіп. – Ертең түсте біздің үйге келіп, иә, іһі, бір малдың басын мұжып дегендей. Иә, сөйтіңіздер.


Еркетаң, айыпты болған адамдай, төмен қарады. Сол кезде сыртқы есіктің саңылауынан әлдекімнің қос жанары жылт ете қалғандай болган. – Е, әне өзіңізбен таныскан балам да келіп тұр. Ол да шақырып... іһі, – деп Еркетаң ойын тиянақтаған.... 

Ертеңіне нағашысы әулетімен қонақтарын ертіп, Еркетаңның дастарқанының басына жиналған. Ерекеңнің келіншегі Тәтті де бір тәңірі бере салған адам екен, қолы-қолына жұқпай жүгіріп жүр. Отағасының өзі бар мәзірін қонақтарына тықпалап, бәйек болып отыр. «Ынжық болғанмен тым ақ көңілсің-ау. Мынау мінезбен біреудің сөзін жығудан да мынау кесек тұлғаңмен өзін жығу оңай шығар саған. «Ақ-көңілдің аты арып, тоны тоз­байты­нымен», бұл кезде көлденең өткен көк аттының тілін ала бергеннің ұтқанын көрсем қане. Тіпті әлгі маскүнемдік деген дертке де алдымен осы ақ көңілдер шалдығып жүр емес пе. Ақылдыларды айтпағанда, алаяқтар мен қулардың маскүнем болғанын көрсем көзім шықсын. Мұның бастығы жұмысқа жаңа қызметкерді қабылдағанда, үнемі: «Арақ ішесің бе?» деп төте сауал қоятын. «Ішпеуші едім» дегендерге «арақты ақылды адам, немесе ауру адам, немесе арам адам ішпейді, осы үшеуінің қайсысына жатасың?» деп қысатын. Сол сөздің бір жаны бар... Бұл Еркетаңның да қазір маскүнем атанбағанмен, түбі сол ауылдан табылуы қиын болмас».


Бектұр өзінің осы жолғы байламына риза болып қалды. Өз пікірін іс жүзінде тексеріп көрмек болды. «Осы ғой қазір, қонақ күтіп отырғанын ұмытып, мен өтінсем мөлшерден артық ішуге бар!»


Бектұр дембелшелеу қырлы стақанға қолмен сыпырғандай ғып арақты өзі құйып, үй иесіне ұсынған.


– Ереке, өз арағыммен өзімді сыйлады деп жүрме, аман жүрсек біздің үйдің де дәмін татарсың. Мынау екеуіміздің туыс­қандығымыздың белгісі болсын, алып қой. Бір тамшысы қалмасын! «Долбарым рас болса, бұл шынында бір тамшысын қалдырмайды!»


– Апыр-ай, Беке-ай, енді. Мас боламын ғой енді, іһі. Сіз үшін жарайды енді, іһі! – Жұтқыншағы өрлі-ғұрлы екі-үш жүгіріп өткенше дембелше стақан босап қалды. «Айтқаным айдай келді-ау! Бұл сабазды енді біраз қыспаққа алайын» деп ол мәймөңкелеп жатпай-ақ әңгімеге бірден көшкен.


– Жә, Ереке, қыстың күні колхоздың маясынан неге шөп ұрлап жүрсің? Ел-жұрттан, бала-шағадан ұят емес пе?!


Шабуылдың күтпеген уақытта, күтпеген тұстан тым оқыс басталғаны соншалық, Ерекең талмап отырған етін қылғынып, әрең жұтты. Әлде жаңағы дембелше стақандағы арақтың әсері, әлде сыйлы қонағының тарапынан тағылған мынау бұлтартпас айыптан састы ма, отағасының онсыз да күрең қызыл жүзі шала піскен помидордай қызарсын. Жалғыз Ерекең емес, осында отырған Бектұрдың нағашысы әйелімен, Зейнеп және Тәттіге дейін мына сөзден кейін аңырып қалған. «Байғұс-ау, ішпей-жемей, мас кісі сияқты бұл қай сөзің?» дегендей Зейнеп күйеуінің бетіне сұраулы жүзбен қарайды. Бұл «саспа» дегендей көзін оған бір қысып қалып, сөзін әрі қарай сабақтаған:


– Мінеки, енді туыспаған туыс болдық. Кемшілігіңді етіңе қарыған ыстық темірдей шыжылдатып отырып, бетіңе біз айтпасақ кім айтады? Өсіп келе жатқан өндірдей балаларға берер тәлім-тәрбиеңнің түрі ұрлық болғаны ма?!


– Жұрт қарап жүре ме? Соны енді Алматыға дейін жазып па? – Саржанның тәтесінің ренжігені сонша, қолы дірілдеп, сорпа сапырып отырған шөмішін тегенеге түсіріп алды.


– Іһі, жазады ғой, неге жазбасын? – деді Ерекең де судың астынан шыққан кісідей біртүрлі тұншыға сөйлеп.

– Әрине, қоғам мүлкін талан-таражға салушыларды Алматыны қойып, Мәскеуге дейін жазса да айып па?


– Енді былай, ет ала отырыңыздар, іһі, енді былай, колхозға азды-көпті еңбегіміз сіңіп жүрген соң бір-екі айыр шөп алғанымыз рас. Оны әлгі ферма меңгерушісі әйгілетіп-бәйгілетіп, жалпақ жұртқа жария еттіріп, «қылша мойынға талша» деп айыбымен қоса өндірттірмеп пе еді? Ол аздай, артымызға шала байлап, оларын қағазға хаттамап па еді? Иә, іһі.


– Енді өстіп жаман атты болып жүрген кісіге жаңа тракторды басшылар қайдан берсін?! Өкпесі сырылдаған жаман «ДТ-ыңды» сүйрегеніңе он жылдан асты. Өзіңе жақсы болса, жүр солай!


– Е, іһі, ол енді басқа әңгіме ғой. Бастық пен меңгерушінің ағайындары жаңа тракторларды алып болған соң бізге береді де, іһі... – Еркетаң өз дастарқанының басында емес, айыптаушының алдында отырғандай екі жанары мөлиіп, мойнынан суы кетіп қалыпты. Бектұр да оның еңсесін көтертпей одан әрмен ұра беруге бел буғандай.


– Шамаң жетпесе артық мал ұстап кайтесің?! Сол қарасан кел­гірлердің кеңірдегін тығындаймын деп жүріп, «ұры» деген атқа қал­дың. Майнамен есептегенде төрт үлкен сиыр, екі тайынша, үш бұ­зау, оған торы байталды қосқанда он ірі қара өреді екен қораңнан. Мал баға білсең – аузыңды май етер, баға білмесең өзіңді мал етер.


– Астафиралла, көршілер ғой жазып отырған! Қораға кіріп шыққандай атын атап, түсін түстеуін қарашы. Бұлар ма бұлар, оңбас! Бізді құртқанда орнымызға егін екпек пе екен? – Енді Саржанның тәтесін ашу қыса бастады. Қаймыжықтай жұп-жұқа ерні көгілдірленіп, жанарында жасын ойнады. Дәл осы түр-тұлғасын көріп тұрған кезде мұның есімін Тәтті десең ешкім нанбастай. Бұрын­ғы қазақтар түйені шайқап, ешкіні аспаннан іздететін құйынның құдіреттісін «долы» деп атаған екен, бұл келіншектің есімін де «Долы» десе келердей.


«Құдай-ау, мынаған бір бәле көрінген шығар?» дегендей Зейнеп Бектұрдың санынан аямай мытып алды. Сүйікті зайыбының бұлайша оңдырмай жазалағанын Бектұр түсініп-ақ отыр. «Аузыңды жабасың ба, жоқ па?» дегені. Бірақ Бекеңнің бала кезден бойына бұлжымастай болып сіңген әлде жаман, әлде жақсы бір қасиеті – бастаған ісін аяқтамай, жол ортаға тастап көрген пенде емес. Мұнысы іскерлік деуден гөрі қасарыспалық, былайша айтқанда, қатып қалар принципшілдік дегенге келіңкірейтін. Ол, не болса да, бастаған ісін аяқтап, ең соңынан барып үйдің ішін тугелдей бір күлкіге қарық қылмақ еді.


– Өзіңіз де тыныш жүрмейсіз, жеңгей, – деді ол ашудан пырс етіп жарылып кеткелі отырған, дәл осы сәтте әйелден гөрі «тірі бомбаға» көбірек ұқсайтын Саржанның тәтесі Тәттіге қарап. – Күнту сіздермен көрші болған екенмін деп халыққа келген магазиннің дүниесін алдымен таратып өздеріңізге беруге міндетті ме? Жоқ, өйтсе ол ақ-адал сауда қызметкері болып істей алмас еді.


– Бәсе, сол зымияннан келген зобалаң екенін қу ішім біліп-ақ еді-ау. Дәмім атқыр, сол! Егер ол аршылған жұмыртқадай аппақ, тап-таза сауда қызметкері болса магазинге келген бір тай ши барқытты неғып бастықтардың әйелдеріне бөліп беріпті?! Жоқ, әлде біздің иығымыздан сыпырылып түсіп қала ма екен?! Егер сүттен ақ, судан таза сауда қызметкері болса, магазинге өткен айда түскен екі жәшік үнді шайын жұртқа неге ашық сатпайды? Егер ол шайды біз ішсек, ішкірнеміз ұстай ма екен? О, несі-ей! Қойшы, екі жастың біріне келгенде арызқой деген жаман атты жамылып қайтемін дейсің? Әйтпесе, біз де қара танимыз! О, несі-ей, іргелес отырып, іргемді қазғаны?!


Ойынның аяғы ушығып бара жатты. Ет желінбей, табақта тоңазып, сорпа кеседе суыды. Тәтті ащы сөздерін ағытып отыр. Әп-әдемі жанарын ашу-ызаның жалыны жайлап алыпты. «Неге келдімге?» ұшыраған Зейнеп төмен қарайды. «Жиеннің оқимын деп жүріп миы іркіт болып ашып кеткен екен-ау!» деп таңданған Бектұрдың нағашысы бір байламға келді. «Бәсе, көл жағасында баспалап баламды төңіректегені мені тексергенінің басы екен-ау, тексерсін, екі-үш айыр шөп алдың деп Итжеккен айдаса, көріп алдым» деп Ерекең бекінген. Тек Бектұрдың миығында ғана бір жылылық жүргендей. Ерекең сол жылылықтан дәметіп, одан әрі төменшіктеді.


– Жә, оны қойшы, Бектұр, ел не демейді! Қораңа бір қозы артық бітсе, түн ұйқысы төрт бөлінген жұрт емес пе! Дәулетіміз асқан сайын пейіліміз қашатын, арғыны көрмейтін, бергіге сенбейтін, ішкенге – мәз, жегенге – тоқ жұмыр басты пенде емеспіз бе?! Оны дастарқан үстінде езіп қайтеміз. Онан да Алматыңда не жаңалық? Әнеки, мына шалғайдағы нағашыларыңа соларды айт, – деп, Бекеңнің нағашысы мәмілеге шақырған басалқылы сөз айтты. «Осы неме нағашысын іздеп келді ме деп мәз болып жүрсем, ауыл үй қатындарының пыш-пышын тексеріп жүрген қу болмасын!» деген күдік оралған оған да.


Жиенді сөзден жаңылдыру үшін, өзі шалғайда жүрсе де радио тыңдап-ақ от алып, қопаға түсіп жүретін футбол туралы сөз қаузамақ болды.

– Айтпақшы жиенжан-ау, «Қайратты» биыл не қара басып жүр?»

Бірақ жиені алаңдатпаңыз дегендей:

– «Қайрат» – өйтпесе «Қайрат» бола ма?! – деп келте жауап берді де, өз сорабын жаңылмай қайта тауып алды.

– Е, мен «туыстарыма» жала жауып, бәле салайын деп отыр дейсіз бе? Қайта елге келгенде ағайындық ақылымызды айтсақ несі айып?


– Ереке, «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Саркідір тартып, соңыңнан ерген жастарға ақыл толғайтын жасқа келгенде мынау шіркінді, – деп, ол сұқ саусағымен іші-сыртымен моп-момақан көрінер шөлмекті нұсқаған, – азайту керек. Рас, мен бала-шағаның нәпақасын аузынан жырып, арақ ішер маскүнем болып кетті дей алман, сенің иің жұмсақ, иінің бос. Кім көрінгеннің көңілін жықпаймын деп жүріп, діңкең құриды. Аз ішем деп мақтанба, аз бен көптің арасында белгі жоқ. Көп іштім деп мақтанба, көп ішкенді көбінде көр құтқарады. Адамзатқа қадір-қасиеті жоқ әдет – жұқпалы дерт сияқты, тез тарайды. «Ит қорыған жерге өш» дегендей біразымыздың бір осалдығымыз да сол қадір-қасиеті жоқ әдетке әуестігімізде. Есі бар ер ерте құтылар болар. Анау маскүнем Қайырбектерге еріп кеткенді доғар!


– Е, бәсе, айналып кетейін қайным-ай, осыныңды айтсаңшы, сөйтіп. Мақсатыңды жаңа таныдым ғой. – Саржанның жаңағы «тірі бомбадан» айнымай қалған тәтесі қайтадан ақтілеу әйелге айналды.


– Іһі, енді қой десеңдер қоямын ғой. Мынау да күнде миымды жейді. Іһі, бірақ сіздер кеткенше ішейін. Жаңа туысым емессіздер ме?! Аяқтарыңды үзеңгіге салғанда, мен де соңғы рет ауыз тиермін, іһі! – Еркетаң тұңғыш рет Бектұрдың бетіне тіктеп қараған. Бір түрлі берік байламға бекінген сенімді жанарды көрген-ді қонағы. Бұрыннан ішімдігін қояр сылтау таппай жүрді ме, әлде қонағының сөзі өтіп кетті ме, Еркетаң шын тәуекелге бел буған. Бекең де көңілдің адамы еді, ақ жүрек, момын жаңа танысының ағынан жарылғанына толқып кетіп: «Келші, бауырым» десіп, төске төс түйістірген.


– Ал, енді жеңгей, сіз түк кінәсі жоқ Күнту көршіңіздің сыртынан болса да біраз күнәсін көтердіңіз. Күні ертең шайға шақырып, артық сөз, ағат пікіріңіз үшін кешірім өтініңіз, әйтеуір татуласыңыз.

– Сонда Алматыға кім жазыпты біз туралы?

– Ешкім де! – Бәрі таңырқап, мұның аузына қараған. «Малымның түрі-түсі, санына дейін, қыста ұрлаған шөбіме дейін, ескі «ДТ-ыны» он жыл салдырлатып жүрсем де, жаңасына қолым жетпей жүрген, тіпті біздің қатынның Күнтумен біраздан бері қырбай екеніне дейін бұл алматылық қайдан білді? Сірә, ақ сайтаны бар шығар» деген ойға келген Ерекең бақшиып, мұның бетіне қараған. – «Әлде шпион ба екен?»


– Саржан бауырым, бері келші! – деп дауыстаған Бектұр, ауызғы бөлмеде кіші дәрежелі дастарқандарын талапайлап тастап, енді қонақ бөлмеден сыбаға дәметіп отырған балаларға қарап, басқаларындай емес Алматыдан келген ағасымен өзінің тілдесуге құқының молырақ екендігін бауырларына кең-молынан байқатып, Саржан бөлмеге енген. Бектұр баланы алдына алып отырып, екеуінің кеше Айнакөлдің жагасында қалай танысқандарын оған растатып алды да, етегін конфетке толтырып, ырғалтып-жырғалтып мекеніне шығарып салды. Сонан соң бір кепті қаз қалпында ақтарсын-ау. Жұрт күліп мәз. Ерекең «іһісін» қайталай берген. Саржанның тәтесі ғана бір бозарды, бір қызарды. Ақыры өзінің Күнтумен не үшін ұрсысқанын естіген кезде, шыдай алмай, көсеуді ала ауызғы үйге ұмтылған. Басы Бектұр болып, шабуылшыны жол ортадан әрең қайырды. Әйтпеген күнде Саржанның өз бауырларының алдындағы бар беделінен жұрдай болып айырылатынын айт­пағанда, бұл қақтығыстан біраз жапа шегіп шығатыны даусыз еді.


– Қайтесіз, сәби ғой. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген сол. Қайта, Алматыда бір ағамыз бар деп жүрсін. Кейін ес білгенде де, сұраса «туысымыз» дей саларсыздар, – деген Бектұр.


* * *


Өндірдей жігітіміз – сол «қос ақ бозына» ие бола алмай жүретін Сар­жан болып шықты. Әкесінен аусашы. Сонша ынжық та емес. Ын­жық болмағанда кеудемсоқ тасырлығы да байқалмайды. Қыздай сызылып отырысы, сөйлеген сөзі қара торы өңіне жарасып-ақ тұр.


Саржан бұл үйді сағындырмай келіп тұратын болды. Тіпті Бектұрдың уақ-түйек шаруасына қолғабысын да жасап жібереді. Өзінің үш ұлына қарағанда істеген ісі тиянақты-ақ. Әсіресе жаздың күндері сабақтан қолы қалт етсе Бектұрдың саяжайындағы ғұмыры бір таусылып бермейтін қыруар шаруаларға кісі дүниесі емес, өз дүниесіндей кірісіп, жапырып тастайтын. Онысынан бұрын Серік бастаған бұл шаңырақтың доп қуғыш ұлдарын, өзі де туған ағадай жұмсап, шаруаға тәрбиелейтініне қуанатын ғой Бекең. Өзінен бір-екі жас кіші, қазір ол да институттың студенті болып жүрген Ғалияны туған қарындасындай еркелететін жұғымды мінезіне риза болысқан ерлі-зайыптылар. Тағы да «Жаманнан жақсы туар... » деген мақалды еске алысатын.


– Әй, осы шынында да бізді өте жақын туысым деп ойлайды-ау, деймін?.. – Бір күні Бектұр Зейнепке осы пікірін білдірген. – Туған іні де мұндай болмас.

– Әке-шешесі солай үйреткен шығар. Ойласа ойлай берсін, енді келіп: «Біз саған туысқан емеспіз, әншейін алдағамыз, демексің бе? – дегенді айтар еді Зейнеп.


Саржан оқуын тәмамдауға таяған тұста ауылдан артынып-тартынып Еркетаң келсін. Қонақ үй, анау-мынау демей ат басын тұп-тура осы үйге келіп тіреген. Есіктен кірген бетте баяғыда бір күні танысып, сол күнде «туысқан» болып тарасқан Ерекең еш ойланбастан келіп, Бекеңді кең құшағына алған. Зейнептің де қолын сілкілеп, ұзақ амандасқан. Баяғы сол бет-аузы жаңа ғана өртенген өңірдей жып-жылмағай, бір қылтанақ жоқ қалпы, баяғы сол қызыл жирен жүз, тек кана аздап мосқал тартқаны байқалады. Шешініп төрге озып, сыйлы қонақ болып, тапжылмастан екі күн жатсын. «Неге келдің?» деп үй иелері сұраған жоқ. «Мұндай шаруаға келдім» деп қонақ тіс жармады. Ерекең сөйлесе ауыл елдің, бұлардың нағашыларының есен-саулығын айтады, баяғыдан соң екеуінің келмей-кеткендерінің себебін біле алмай, аң-таң болады.


Ерлі-зайыптылар сөйлесе – көңіл шіркінде бір қаяудың жоқтығын, Айнакөлді сағынатындарын, бірақ жүріп кетуге уақыты құрғырдың жете бермейтінін айтады, сонан соң өздерінің Саржан­ға әбден риза екендіктерін, оның жақсы жігіт болып өсіп келе жат­қанын мәлімдейді. Ондайда Ерекең «іһі» деп қойып, жымыңдар еді. «Қай әке баласын мақтағанда жымыңдамасын» деген оймен отағасы отырады.


– Беке, өзіңізге берген уәде бойынша, міне, талай жылдың жүзі болыпты, арақ атаулының дәмін ұмытқалы. Іһі, туысқанымды алдамайын дедім. Менің өзіңіздің арқаңызда адам болу қамына ертерек кіріскенім жөн болыпты. «Ауруын жасырған өледі» де­мекші, несін жасырамын, сол араққұмарлық талайдың түбіне жетті ғой. Баяғыдағы Қайырбек деген құрдасымды сол ішімдіктің кесірінен ат сүйретіп өлтірген... Мүмкін мен де ол мәселеден қазір біраз жерге жетер ме едім, кім білсін.


Әйтеуір абырой болғанда, ел шіркін қазір есін жинады ғой. Баяғыда қонаққа шөлмек шетін көрсете алмағанға ұялушы едік, енді дастарқанға сол пәлені қойғаны үшік ұялатын заманға жеттік...


Мұның бәрін, ойда-жоқта тапқан туысым – өзіңіздің маған жасаған әсеріңіздің молдығын айтып отырғаным ғой. Иә, іһі. Өзім де о бастан туысқа кенде жан емес едім. «Туысым, туысым» дегенім құдайдың құлағына шалынып, іһі, содан шын туыс болсақ деп... іһі. – Ерлі-зайыптылар әңгіме төркінінің өздері күтпеген арнаға бірден бұрылғанына естерінен танғандай, бір-біріне қарасқан қалыптары отырды да қалды. Қонақтары әр сөзін үзіп-жұлып, бірдеңесін әлі езіп отыр екен... – Іһі, содан халқымыздың жолы ғой деп, алдарыңыздан өтуге әдейілеп... Біз де Ғалияшты қызымыздан кем көреміз бе... Іһі.


– Оу, өзің қай малтаңды езіп отырсың? – Бектұрдың жан даусы шыққан. Оңай ма, өзі әлі құйттай ғана деп ойлайтын жалғыз қызын әлдекім «өз қызымдай» деп еншілеп отырса. Ол «сенің де бұдан хабарың жоқ па?» дегендей Зейнепке аңқиып қарап еді, зайы­бы, тіпті сабырлы кәрінді.


– Ол сұмырайды «жақсы бала, жақсы бала!» – деп бауырыңа тартып жүріп, бәрін де білесің ғой сен, – деп Зейнепке шүйлікті.


– Білсем, қай ана қызының бақытты болуын ойламайды. Ұшып-қонбай отыр. Күйеу бала Саржандай-ақ болсын! – Зейнеп Бектұр жазғанды майдан алаңына жалғыз тастап, айтарын айтып болып, төмен қарап «іһілеп», миығынан күліп отырған Еркетаңның жағына шықты да кетті. Отағасы ойбайлап жүріп, ұлдарын шақырып еді, ол иттер де міз бақпай: «Да, они давно дружат» деп білгішсінеді. Оларды да үйден түре айдап шықты. Бекең ер-тоқымын бауырына алып, олай тулады, былай тулады, ақыры ашуын ақылға жеңдіріп, қызын шақырып, шешесі үшеуі сөйлескен. Ғалия­ның бет бұрар түрі көрінбейді. Тіпті «соны да ұқпайсың ба, біздікі нағыз махаббат қой» деген әуенді сөзінен аңдау қиын емес еді. Ақыры, ертеңіне келесі айда бірлесіп той жасайтын болып, Еркетаңға келісімін берген. Ерекең жүрер алдында:


– Беке, өз қымызыммен өзімді сыйлады деп жүрме, енді мың жылдық құда болдық. Алла қаласа, енді үйдің де дәмін татпай тұра алмассыз. Мынау ағарған ас ажырамас құдалығымыздың ақ тілеушісі болып, балалардың бақыты жансын! Иә, іһі! Алып қойыңыз енді! – деп жібергені.


1984 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар